Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге
Абай Құнанбайұлы

§30 Мектептегі білім беру: ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін


ЕСІҢЕ ТҮСІР!

БІЛУ ЖӘНЕ ДАҒДЫЛАНУ:

– Адамзат өркениетінің дамуындағы жазу мен кітап басып шығарудың маңыздылығы.


– адамзат тарихы контекстінде мектептегі білім берудің дамуындағы өзгерістер мен сабақтастықтарды сипаттау;

– мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы білім берудің рөлін талдау;

– мектептегі білім берудің заманауи үлгілерін, оның ерекшеліктері мен артықшылықтарын анықтай отырып салыстыру.

ТІРЕК СӨЗДЕР

Мектеп, гимназия, инклюзивті, лицей, колледж, лекция, студент, училище, университет


Білімді аға буыннан кіші ұрпаққа беру – ғылыми және техникалық прогрестің дамуына түрткі, себепші болған адамзаттық қоғамның негізгі сипаты.Адамзат баласы пайда болған уақыттан бері барлық елдердің мәдениеттерінде ересек ұрпақ өсіп келе жатқан жас ұрпақты үлкен өмірге қанаттандырмас бұрын, үлкен өмірге қажетті мәліметтер мен дағдылармен қамтамасыз ете отырып, дайындайды, дәстүрлі өмір салтына бейімделуге ықпал ететін әдеттерді бекітеді. Жас ұрпақ қоршаған орта мен қоғамдағы мінез-құлық туралы күнделікті хабарды ата-анасынан алады. Уақыт өте келе,заманның дамуы ағымына сәйкес, әлеуметтік қатынастардың күрделене түскендіктен,өмір сүрудің техникалық деңгейінің жоғарылағандықтан күрделірек дағдыларға деген қажеттілік артады. Орта ғасырларда адамзат қоғамы антикалық дәуірмен салыстырғанда күрделі құрылымға ие болды. Қоғам белгілі бір қызметпен айналысатын, әрқайсысының құқықтық мәртебелері мен ішкі дәстүрлерімен ерекшеленетін сословияларға бөлінді. Қоғамның бөлінуінен мектептерде мамандану бөлімі пайда болды. Белгілі бір сословияға жататын балалар әдетте өз сословиясына арналған мектепке баратын. Ортағасырлық әлемнің көптеген елдерінде мектептердің болуы сирек құбылыс болатын. Ауыл мектептерінде білім алушыларға ешқандай терең білім берілмеді: балаларға оқу, жазу, төрт таңбалы арифметикалық амалдарды қолдану ғана үйретілді. Орта ғасырдағы білім берудің ең перспективалық деңгейін діни мектептер берді. Еуропада бұлар шіркеулер мен монастырьлар, мұсылман елдерінде медреселер болды. Оларда сауаттылық, арифметика және терең діни біліммен қатар логика, риторика, философия, тарих, география сияқты пәндер ежелгі дәуірден келе жатқан дәстүрге сай оқытылды.

Біліп жүріңіз!

1730 жылы желтоқсанда 19 жасар Михаил Ломоносов Архангельск облысының Холмогор ауылынан жаяу шығып, 1731 жылы қаңтарда мыңдаған шақырым жолды артқа тастап Мәскеу қаласына білім алуға барған.

Мала́ла Юсуфза́й (12 шілде 1997, Пәкістан, Мингора) —Пәкістандық құқық қорғаушы. 2014 жылы бейбітшілік саласында Нобель сыйлығының лауреаты атағын алды. Малала Юсуфза́й 19 жасында БҰҰ-ның «ең жас бейбітшілік елшісі» атанды. БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен салтанатты шарада "Біз қыздарға білім берсек қоғамды өзгертеміз. Менің үмітім мол және қыздарды өздерін көрсетуге, өз күштеріне сенуге шақырамын" деді.


18-кесте. Ежелгі замандағы білім беру географиясы

Мысыр

Мектептерде математика, география, астрономия, медицина және тілдер оқытылды. Арналар мен храмдар, пирамидалар құрылысын есептеу, астықтан алынатын түсім мөлшерін анықтау, астрономиялық болжаулар, атап айтқанда Ніл су тасқынын болжау үшін қажет білімдер үйретілді.

Қосөзен (Тигр мен Ефрат)

Б.з.б. III ғасырдың өзінде ғибадатхана жанынан ашылған мектептердің саны едәуір болды. Шумерліктер мектепті «эдубба» (тақташалар үйі) деп атады. Олар дәптер ретінде қыш тақташаларды қолданды. Ондай мектептерде шамамен 20–30 тәлімгер дәріс алып, мұғалімнің жазып берген тақташасын көшіру арқылы, жазуды, санауды, сурет салуды үйренген. Оқу ақылы болған.

Ежелгі Грекия

Мектептер кішірек болды, 20-50 оқушыға бір мұғалім сабақ берді. Оқушылар мұғалімнің үйінде, көшедегі ашық ауадағы мектептерде дәптерлерін тізелеріне қойып жазатын. Жас ерекшеліктеріне қарамай, барлығы бір мезгілде оқыды. Бастауыш білім беруге 6–8 жыл жұмсалды, бастауыш мектептегі білім 14 жаста аяқталатын. Оқу, жазу және ән айтуды үйретті.

Ежелгі Рим

Алғашқы жалпы орта мектептер дін қызметкерлерін оқытуға арналды. Мектеп бағдарламасы христиан және ежелгі білім элементтерін біріктірді.

Ежелгі Үндістан

Б.з. II–VI ғғ. білім беру екі сатылы: бастауыш және орта мектеп болып бөлінді. Бастауыш мектепте оқуға, жазуға және санауға үйрететін болған. Орта мектепте математика, тілдер, дәрігерлік ісі, мүсін жасау, бейнелеу сияқты дәрістер оқытылды.

Ежелгі Қытай

Оқу орнын белгілеу үшін олар «сю» деген (оқыту, оқу) сөзін қолданған. Мектептерде дәулетті адамдардың балалары ғана оқыған. Оқыту мен тәрбиелеу бағдарламасына алты өнер кірді: адамгершілік, жазу, санау, музыка, садақ ату, ат спорты


Электронды қосымшамен жұмыс

Мектептегі білім берудің дамуын толығырақ оқыңыз.


Бұл қызық!

Әлемдегі ерекше мектептер

Бангладеште нөсерлі жауын өте жиі жауады, оқушылар сабақтан қалмас үшін, су үстінде білім беретін 23 қайықта орналасқан мектепте оқушылар білім алады.

Англиядағы Кентербери корольдік мектептің ең көне мектеп болып саналады. Мектеп заман талабына сай білім береді және сапалы құралдармен жабдықталған.

Колумбияның Лос Пинос ауылында мектепке арқан жолмен барады. Кішкентай балаларға ата-аналарымен немесе аға-апайларымен баруға рұқсат берілген

2014 жылы Италияның Турин қаласында бір жаппауға шешім қабылдады.

Үндістанның Лакхнау қаласындағы Монтессори мектебі әлемдегі ең үлкен мектеп. Күніне 32000 оқушы сабаққа барады, 1000-нан астам аудиториялар 3700-ден астам компьютермен жабдықталған.


Мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы білім берудің рөлі

Кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы сол елдегі азаматтардың біліміне, іскерлігіне, адами капиталдың сапасына байланысты. 50 жылдан астам білім берудің рөлін әлемнің көптеген дамыған елдері адами капиталды дамытудың негізін қалаушы факторы деп таныған. Ағымына көз ілеспей өте жылдам дамып жатқан ғылым мен техникадағы биотехнология, биоинженерия, нанотехнологияның қарыштап дамып жатқан жаһандану заманында тәжірибеге жарамды, заман талабына сай сапалы білім ғана елдің өркенін өсіретіні анық. Әр заманның талабы мен міндеті өзінің даму деңгейіне байланысты ауысып отыратыны анық. Әр елдің экономикалық өрлеуі, ғылым мен техникалық дамуы, әрине сол елдің білім саласына тікелей байланысты екені сөзсіз.

Еуро-Одаққа енетін елдерде микроэкономикалық деңгейдегі білім жеке өнімділікті, еңбекақыны және жұмыспен қамтуды арттырады, макроэкономикалық деңгейде экономиканың ұзақ мерзімді өсу қарқынымен байланысы бар. Бұл одаққа кіретін елдерде адами капиталға жұмсалатын салымдардың қайтарылымы жеке тұлғаның жасына және оқу мерзіміне тікелей байланысты. Балалардың білім алуларын қаржыландыру неғұрлым ерте басталса, ол соғұрлым тиімді әрі табысты болады. Өркениетті елдерде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеуге (МДОТ) қазір жұмсалған 1 доллар болашақта 8 доллар және одан да көп табыс әкеледі.

Табиғи фактормен салыстырғанда, адами фактор мәнінің өзгерісі ХІХ ғасырдың екінші жартысының басында-ақ байқалды. Адами капиталдарға жұмсалатын салымдардың арақатынасы 80/20 пайызды құрайды. Жетекші елдердің мемлекеттік саясаты адами капиталды дамыту болып табылады.


Біліп жүріңіз!

Білімнің экономикалық өсуге әсері

• 2007 жылы Дүниежүзілік банк экономикалық өсудің 64% -ы адами капиталмен, 16% -ы нақты капиталмен және 20% -ы табиғи капиталмен анықталады деген болжам жасады.

• 2015 жылы өткен Дүниежүзілік Экономикалық Форум дамыған елдердің мемлекеттік саясаты мен институционалдық реформалары адами капиталды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

•1999 жылы Голландиялық экономист, Амстердам Университетінің еңбек сіңірген экономика профессоры Йоп Хартог «адами капиталға жұмсалатын салымдардың шамамен 1/3-і табысы жоғары интеллектуалдық қабілеттерге және 2/3– сі танымдық және әлеуметтік қабілеттерге, сонымен қатар біліктілікке және жеке факторларға байланысты» деген болжам жасады.

• Йоп Хартог «1999 жылы білімді қаржыландыру, әлем бойынша орташа есеппен, әр оқу жылы үшін 5-15% қосымша табыс береді» деген.

• 2001 жылы Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы « ЭЫДҰ елдерінде қосымша оқу жылы орта және ұзақ мерзімді келешекте еңбек өнімділігінің 4-7% өсуіне әкеледі» деген.


Электронды қосымшамен жұмыс

1. Білім беру саласындағы халықаралық бағдарламалар мен ұйымдар туралы толығырақ оқыңыз.

2. ЮНИСЕФ және PISA туралы оқыңыз.


Өркениетті мемлекеттердің экономикасының әлемдік деңгейге көтерілуінің бірден – бір себебі, ғылым мен экономиканың, мәдениеттің дамуымен көштің басында келе жатуы да, білім беру жүйесін дамытуға тікелей байланысты болып отыр. Әлем елдерінің білім саласының дамуының өзіне тән ерекшеліктері бар. Жапонияда білім беру 12 жылға созылады, оның жартысынан көбінде оқушылар бастауыш мектепке барады, балалар бүкіл білім алу барысында тек өз тілдерін үйренумен қатар, көп уақыттарын туған елінің тарихын оқып үйренуге жұмсайды. Қытайдағы білім беру жүйесі мектепке дейінгі білім беруден басталады. Балабақшалар 3 жастан бастап балаларды қабылдайды. Қытайдағы бастауыш білім 6 жастан басталады және 6 жылды құрайды. Тарихи тұрғыдан алғанда Америкада бірыңғай ұлттық білім беру жүйесі жоқ. АҚШ-тың 50 штатының әрқайсысында штаттағы білім беру стандарттарын белгілейтін өзінің білім бөлімі бар. Білім беру жүйесі орталықсыздандырудың жоғары деңгейіне ие. Негізгі мектептегі білім беру ақысыз, мемлекет тарапынан толық бақыланады. 1970 жылдары Финляндияда білім саласындағы реформа қолға алынып, заманға сай жаңа мектептер салынып, оқулықтар жақсартылғанымен, ойлағандай ілгерілеу мен нәтиже байқалмаған. Сонда білім беру ісіне жауапты басшылар және мамандар мектепті жан-жақты зерттеп, саралағанда, бар мәселе мұғалімде болып шықты. Дереу мұғалімнің қоғамдағы орны мен мәртебесін көтеру ісі қолға алынып, олардың жалақысы күрт өсіріліп, кәсіби дамуына үлкен мән берілді. Финляндия мектептерінде тіл біліміне назар аудару тән. Ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап енгізіледі, төртінші сыныптан тағы басқа шет тілі (неміс, француз, орыс,), жетінші сыныптан бастап швед тілі міндетті тіл ретінде оқытылады. Нәтижесінде, барлық фин оқушылары үш шет тілдерін жетік меңгерген негізгі мектепті бітіреді.

Тарихи құжат

1. Білім беру саласындағы халықаралық бағдарламалар мен ұйымдар туралы толығырақ оқыңыз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 31 қаңтардағы кезекті «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауындағы төртінші басымдықта – адами капитал сапасын жақсарту, яғни, білім беруді, экономикалық өсудің жаңа моделінің ортақ буынына айналдыру керек екендігі айтылған.


Сұрақтарға жауап берейік

1. Орта ғасырларда білім берудің ерекшеліктері қандай болды?

2. Неліктен адами капиталды дамыту – экономикалық өркеңдеудің негізін қалаушы фактор?

3. Қарқынды дамып келе жатқан жаһандану жағдайында білім беру қалай өзгеріп жатыр?

4. Қазіргі уақытта әлемдік білім беру процесінде білім берудің қандай негізгі модельдері бар?

5. Қашықтықтан оқыту адамдар үшін қандай мүмкіндіктер береді?


Ойланайық, талқылайық

XX ғасыр ортасында атақты ғалым В.М.Глушков: «ЭЕМ желілері мен оларға терминал арқылы байланысу жүйелерінің дамуы келесі ғасыр басында техникалық жағынан жетілген елдерде ақпараттың басым бөлігі, бірінші кезекте, ғылыми-техникалық, экономикалық, саяси-әлеуметтік мәліметтер қағазсыз күйде – ЭЕМ жадында сақталады. Соның салдарынан XXI ғасыр басында осындай ақпаратты пайдалана алмайтын адам XX ғасыр басындағы оқи да жаза да алмайтын жанға ұқсас болады...», – деді.

В.М.Глушковтың сөзінің мағынасын ашыңыз.

Осы сөзбен қаншалықты келісесіз?

Өз жауабыңызды дәйектеңіз.



Мектептер

Маңызды ерекшеліктері

Шумерліктердің білім алуы

Ежелгі Үнді мектебі

Ежелгі Рим мектебі

Ацтектердің білім алуы

Ежелгі Грек мектебі

Ежелгі Қытай мектебі

Ежелгі Египет мектебі


Дәптерге орындайық

1. Нобель сыйлығының лауреаты, физик, сымсыз телеграф және сигнал компаниясын құрушы:

А) Стивен Хокинг

Ә) Константин Циолковский

Б) Альберт Эйнштейн

В) Мэри Кюри

Г) Гульельмо Маркони

2. Әлемдік білім беру процесіндегі білім берудің заманауи төрт негізгі моделінің ішінен қате жауапты анықтаңыз:

А) дәстүрлі

Ә) рационалистік

Б) гуманистік

В) институционалды емес

Г) фундаменталистік

3. Елімізде адами капитал сапасын жақсарту арқылы білім беруді, экономикалық өсудің жаңа моделінің негізгі буынына айналдыру туралы айтылды:

А) Ел дамуының «Қазақтан2030» жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы

Ә) «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы

Б) «Мәдени мұра» бағдарламасы

В) «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы

Г) «Қазақтан2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты

Қосымша дерек көздерін , интернет-ресурстарды пайдалана отырып интеллектсөзжұмбақты шешіңіздер

1. 1986 жылы екі күндік лекция оқыған және сол еңбегі үшін 3 млн доллар алған адам.

2. 5 ең төменгі және 1 ең жақсы баға деп есептелетін ел.

3. Балаларды этикаға үйрету үшін 77,5 мың стерлинг төлейтін мектеп:

4. Ең биік мектеп: .....

5. 2003 жылы австралиялық Ледам мектебінде биология пәнінен 54 сағаттық лекция өткізді.

6. Жоғары сынып оқушылары 5-7 жұмаға ауылшаруашылығына практикаға баратын ел.

7. Сабақты мұғалім және оның көмекшісі өткізетін ел.

8. Оқушыларға 8 сыныпқа дейін баға қоймайтын ел.

9. Оқушылардың саны ең көп Ментессори мектебі орналасқан қала



Қолданып көрейік

Мектептегі білім берудің заманауи үлгілерін, оның ерекшеліктері мен артықшылықтарын анықтай отырып салыстырыңыз.

Білім берудің заманауи үлгілері

дәстүрлі

гуманистік (феноменологиялық)

институционалды емес

ерекшеліктері

     

артықшылықтары

     

Ой бөлісейік

«Заманауи білім беру» туралы Саясат Нұрбектің дәрісін тыңдап көріп, мазмұнын сипаттау және кері байланыс жасау.