«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаматтығымыздың алдаспаны»

Нұрсұлтан Назарбаев

§31 Жоғары білім беру жүйесі: өткені мен бүгіні


ЕСІҢЕ ТҮСІР!

БІЛУ ЖӘНЕ ДАҒДЫЛАНУ:

– Орта ғасырларда білім берудің ерекшеліктері қандай?


– жоғары оқу орындарының пайда болу тарихын, олардың ортақ даму тенденцияларын анықтай отырып зерттеу;

– ағартушылық пен ғылымды өрістетудегі алғашқы университеттердің рөлін талдау;

– тарихи даму контекстінде жоғары білім беру жүйесінің дамуындағы өзгерістер мен сабақтастықтарды анықтау;

– заманауи жоғары білім беру үлгілерін салыстырып, артықшылықтар мен ерекшеліктерін анықтау.

ТІРЕК СӨЗДЕР

Доктор, академия, университет, студент, лекция, семинар, диплом, ректор, куратор, магистр, бакалавр.



Жоғары оқу орындарының қалыптасу және даму тарихы

Университет сөзінің латын тілінен аударғандағы мағынасы – «жинақтық», «ортақтық» дегенді білдіреді. Алғашқы университеттер мұғалімдер мен олардың шәкірттерінің өз құқықтарын қорғау мақсатында құрылған бірлестіктер болды. Университеттердің өз ғимараттары болған жоқ, сол себепті ғимараттарды жалға алып жұмыс істеді. Кейіннен университеттер үшін арнайы ғимараттар салынды, олар өз құқықтары мен жарғыларын бекітті.

Өз дәуірі үшін жоғары оқу орындары болып саналған «университет» деп аталған философиялық мектептер б.з. 425 жылы Константинопольде ашылды. Осы оқу орындарында білім алған студенттер сол заманның талаптарына сай ғылым мен білімнің дамуына өте зор үлес қосты. Араб елдерінің ірі мәдени жетістіктері Африка мен Пиреней түбегінегі иеліктерінде де тарады. Еуропалық Испанияда арабтардың ең жоғары мәдениетінің үлгісі Кордова университеті ашылды. XI–XIII ғасырларда Бағдатта жаңа оқу орындары – медреселер пайда болды. Медреселердің ең танымалы – 1067 жылы Бағдатта ашылған Низамейн Медресесі. Мұнда діни де, ағартушылық та білім беріледі. Шығыс елдерінде бай кітапханаларымен, лекция залдарымен, ғылыми мектебімен, басқару жүйесімен ерекшеленген университетке ұқсас мектептердің ашылуы ортағасырлық Еуропада университеттерінің дамуына негіз болды. Ислам әлемінің білім беру жүйесі әсіресе,арабтардың Европадағы білім беру үрдісінің дамуына маңызды әсер етті. Бүгінгі таңда ең ескі рухани-мұсылмандық академия болып табылатын Каирдегі әл-Асқар мешітінде Фатимидтер 988 жылы әл-Асқар университетін құрды. Ортағасырларда құдайдың бар екенін негіздеп, дін уағыздалып, жоғары білім схоластикаға бағындырылды. Леонардо да Винчи, Н.Коперник, И.Кеплер, Г.Галилей, Р.Декарт, И.Ньютон, Г.Лейбниц сияқты қайта өрлеу дәуіріндегі математика, астрономия, механика және медицина саласында ғылыми жаңалықтар ашқан ғалымдар жоғары білімнің шіркеу ықпалынан, схоластикадан бостандық алуына ықпал етті. Ағылшын философы Ф.Бэкон тарапынан схоластика мектебі қатаң сынға ұшырады.

Католик шіркеуінің тәрбие мен білімді монополизациялауына, схоластикалық білім беруге Э.Роттердамский, Л.Вивес, Ф.Рабле сияқты педагогтар, гуманист-жазушылар қарсы болып, жастардың бойында өзіндік ойлау, есте сақтау қабілетін, табиғат заңдарын саналы түрде оқуды дамыту принциптеріне негізделген білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін ұсынды. Математикада – арифметика, алгебра, тригонометрия; физикада – оптика, механика, магнетизм жөніндегі оқулар; биологияда – зоология мен ботаника ерекшеленіп, ғылымның дифференциациясы да қатар дамыды.

Университеттер мен академияларда педагогикалық процесс дамып, тәжірибе, эксперимент кеңінен қолданыла бастады.

XI–XII ғасырларда алғашқы ашылған зайырлы жоғары мектептер орта ғасырларда қалыптасқан жоғары білімнің негізі болды. Ол мектептерде оқу және ғылыми жұмыс бірыңғай оқу процесіне бірікті және оқу тек теорияға ғана емес, қолданбалы зерттеулерге, түрлі бақылауларға негізделді. Алғашқы зайырлы медициналық мектеп XI ғасырда Италияның Салерно қаласында ашылды. XIІ–XIІІ ғасырларда Еуропаны әртүрлі елдерінде (Италия, Испания, Франция,Англия) алғашқы университеттер ашыла бастады. Ағылшын тілдес әлемнің ең ескі және Ұлыбританияның ең бірінші университеті – Оксфорд университеті1117 жылы қасиетті отанын қорғаушыларға білім беру мақсатында құрылды. ІІ Генрих кезінде Оксфорд таза университеттік қалаға айналды, уақыт өте келе университеттік білім жағдайы жақсы адамдар үшін міндетті білімге айналды.

Біліп жүріңіз!

Заманауи ғылым көптеген зертханаларда өмір сүріп, дамиды. Бірақ әрбір зерттеу институтында және жоғары оқу орындарындағы бірінші зертхана – ол кітапхана.

XVII–XVIII ғасырларда университтердің және маманданған жоғары мектептердің ашылуына ықпал еткен өнеркәсіп пен мәдениеттің зор қарқынмен дамуы болып табылады.1725 жылы Санкт-Петербургте ғылым академиясының жанынан тұңғыш орыс университеті Академиялық университет ашылды. 1755 жылы М.В.Ломоносовтың ұсынысымен Мәскеу университетінің негізі қаланды.

1804 жылы Қазан (Казань) университеті құрылды. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде машина өндірісінің дамуына байланысты көптеген елдерде университеттермен қатар инженерлік және басқа да жоғары оқу орындары ашылды.

ХVІІ ғасырда зертханалар құрыла бастады, ғылыми-зерттеу мен білім берудің бостандығы жарияланып ғалымдар схоластикадан кете алды. Англияда, Францияда, Германияда алғашқы мемлекеттік ғылыми академиялар ұйымдастырылып, жүйелі түрде ғылыми журналдар шығатын болды. Астрономия, физика, физиология т.б ғылымның өзге де салаларында ашылған жаңалықтар жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылықтың артуына себепші болды.

Орта ғасырларда университет пен академиялардағы жоғары білім тек байларға ғана қолжетімді болса, ХХ ғасырдың басынан бастап жоғары білім көпшілік қауымға қолжетімді болып, жоғары білім алушылардың саны күн санап өсті. 1966 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі Халықаралық пактісінде жоғары білім алуға деген құқыққа кепілдеме берді. ХХ ғасырдың 60-жылдары интернет желісінің пайда болуы жоғары білімнің дамуына жаңа серпін берді, жаһандық білім әртүрлі елдердегі студенттердің еркін байланысуына, шексіз ақпарат ағымына ие болусияқты сансыз мүмкіндіктерге жол ашты. Интернет жаһандану мен интеграциялану процесін сан мыңдаған есе жиілетті. Интернетің арқасында қашықтықтан оқу барынша сапалы және қолжетімді білім алу түріне көшті. Қазақстандағы жоғары білімнің пайда болуын Кеңес билігімен тікелей байланысты, себебі оған дейін еліміздің білім жүйесі медресе және училищелерден тұрды. Кеңес режимінің сөзсіз жетістіктерінің бірі – білім жүйесін дамыту және сауатсыздықпен күрес болып табылады.

Ағартушылық пен ғылымды өрістетудегі алғашқы университеттердің рөлі

Еуропаның мәдени дамуына ағартушылық дәуірі үлкен ықпалын тигізді. Ағартушылық идеялары шенеуніктер мен буржуазияның санасында және ойында, әрекетінде берік сақталып қалды. Ағартушылық идеялары Батыс Еуропаның университеттерінің өміріндегі белсенділіктің артуына, елдер мәдениетінің жоғары өрлеуіне ықпалын тигізді.


Бұл қызық!

Жақында польшалық археологтар Египетте қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, 13 дәріс залы бар ғимараттың орнын тапты.

Зерттеу қорытындысы – жер бетіндегі ең тұңғыш университеттің қалдығы деген шешімге келді.

Табылған дәрісханалардың көлемі бірдей және дөңгелек

орындықтар амфитеатр іспеттес етіп орналастырылған. Бұдан өзге лекторға арналған арнайы орындар да болған көрінеді.

Аталған олжа – Александрия университетінің шын мәнінде бар болғандығын дәлелдейтін айғақ.

Cебебі, Александрия жайындағы деректер осыған дейін тек тарихи жазбалар түрінде ғана көрсетіліп келген.

Ғалымдар жасаған осы тұжырымға бойынша, бұл оқу ғимараты б.з. V ғасырда ұйымдастырылып, VІІ ғасырларға дейін жұмыстарын жалғастырған.

Табылған 13 дәріс залына бір мезгілде 5 мың студенттің сыйып кету мүмкіндігі болған көрінеді.

Табылған ғимарат – үлкен тарихи, рухани, мәдени құнды жәдігер болып есептеледі.


Ағартушылық өкілдері ізгілік, әділеттілік идеялары мен ғылыми таным-білім негіздерін тарату арқылы қоғамның кемшіліктерін түзетуге, оның талғам-талаптарын, саясатын, тұрмысын өзгертуге күш салды. Ағартушыларға Вольтер, Руссо, Монтескье, Гёрдер, Лессинг, Шиллер, Гёте, Десницкий, Козельский және т.б. атауға болады. Өз уағыздарын қоғамның барлық топтары мен жіктеріне, соның ішінде билік иелеріне бағыштау арқылы қоғамдағы орын алып отырған кертартпа көріністердің бәрі адамдардың надандығынан, олардың өз табиғатын өзі түсінбеуінен деп білді.

Ағартушылық шіркеулік идеология ықпалына, діни догматтарға, схоластикалық ағымдарға қарсы болды. Ағартушылар білімсіздікті, наным, ырымшылдықты адамзат апаты мен қоғамдық зұлымдықтардың басты себебі, білімді философиялық және ғылыми қызметті, ойлау еркіндігін мәдени және әлеуметтік прогресс жолы деп білді. Ғылымның пайда болуы мен дамуы, дамып келе жатқан капиталистік өндірістің қажеттілігі ортағасырлық білім беру жүйесінің толықтай өзгеруін талап етті. Алайда жоғары оқу орындарында эксперименталды ғылымға теріс көзқарастар сақталды.

Университеттердің қала мәдениетін дамытуда рөлі зор болды. Мәдениетті таратушылар көбінесе нашар кезбе оқушылар –ваганттар болды. Университеттер орта ғасырларда өмірдің барлық экономикалық және саяси жүйесімен қиындатылған халықаралық мәдени қарым-қатынасты дамытты. Өкінішке орай,XV–XVI ғасырларда университеттің оқу бағдарламасы және теологияға қатаң бағынған білім беру жүйесі мәдени және ғылыми дамуға кедергі келтірді.

Әлемдегі ең көне 8 жоғары оқу орыны

Болонья университеті. 1088 жылы әлемдегі алғашқы университет – Италиядағы Болонья университеті ашылды. Ол «Университеттердің анасы» деп аталады. Еуропадағы танымал, әрі әлемдегі ең көне университет болып табылады. Ортағасырлық заманда бұл оқу орыны Еуропадағы маңызды академиялық білім беретін орталық мекеме болды. Бүгінгі күнде 100 мыңнан астам студент білім алады.

Оксфорд университеті. Дүниежүзіндегі ағылшын тіліндегі ең көне университет, сонымен қатар,Ұлыбританиядағы ең алғашқы университет болып табылады. Оксфорд университетінің пайда болу уақыты дәл көрсетілген емес. Ол Мертон колледжі, Жаңа колледж, Патша колледжі және басқа да колледждерден құралады. Әр колледждің өз тарихы мен тамаша сәулет ескерткіштері бар. Қазір университетте білім алатын студенттердің төртен бір бөлігі шетелдіктер. Ең үлкен Крайст Черч университетінде «Гарри Поттер» фильмі түсірілді.

Коимбра университеті. 1290 жылы ашылған ежелгі Еуропа оқу орындарының бірі. Португалияның ежелгі астанасы– кіші Коимбра қаласында орналасқан. Университетте Португалиядағы ең үлкен кітапхана және әлемнің барлық бұрыштарынан өсімдіктер өсетін ботаникалық бақ орналасқан.

Саламанка университеті – Испанияндағы алғашқы университет. Ол 1218 жылы Мадридтен 200 км қашықтықта орналасқан Саламанка қаласында ашылған. XVI ғасырдың аяғында ол Еуропадағы ең ірі оқу орталықтарының біріне айналды. QS World University Rankings рейтингі бойынша 2015 жылы университет әлемнің 600 үздік оқу орындарының қатарына енді. Университетте театр және өнер галереясы бар. Университет 50 жастан асқан студенттер де оқиды. Мұнда жыл сайын 30 мыңға жуық студент білім алады.

Сорбонна ретінде танымал Париждегі университет Франциядағы алғашқы ірі жоғары оқу орны болып табылады. XII ғасырда бірнеше шіркеу мектептерінің негізінде пайда болып, 1970 жылға дейін өмір сүрген. Бастапқыда университет НотрДам Академиясына тәуелді болды. XIII ғасырдың ортасында университет құрамында аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған колледж пайда болды. Университет 1968 жылы Францияда болған мамыр оқиғаларының нәтижесінде таратылған. Қазіргі таңда Париждің әртүрлі аудандарында орналасқан 13 автономды университеттерден тұрады.

Гейдельбергтің Рупрехт-Карл университет.1386 жылы құрылған Германиядағы ең көне университет. Рим Папасы VI Урбанның бұйрығымен католик әлеміндегі алауыздық кезінде шіркеулер мен билікке адал мемлекет қайраткерлерін босату, сондай-ақ Еуропаның озық ойларын Германияға тарту мақсатында құрылған. 16 ғасырдың екінші жартысында Гейдельберг университеті еуропалық ғылым мен мәдениеттің орталығына айналды. ХХ ғасырда университет ұлттық социализмнің ошағына айналды. Университеттің әлемге әйгілі түлектерінің қатарында Гельмут Коль, Эрих Фромм, Софья Ковалевская, Николай Миклухо-Маклай, Роберт Шуман, Осип Мандельштам, Дмитрий Менделеев, Гегель және басқалар бар.

Гарвард университеті. 1636 жылы Америка Құрама Штаттарындағы ашылған алғашқы университет. Университет аспиранттар мен ғылыми-зерттеу негізінде жан-жақты оқытуға көшкен ерте американдық жеке жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Массачусетс штатындағы Кембрид қаласында орналасқан. Гарвард АҚШ-тағы жоғары оқу орындарының ішіндегі ең көнесі, ең беделді университет болып табылады

Токио университеті. 1877 жылы Жапонияда ашылған бірінші ұлттық университет. Жапонияда ең жоғары институт ретінде танылған Азиядағы ең көне университеттің бірі. Бастапқыда бірнеше империялық медициналық мектептер мен батыс мәдениетін зерттеу факультеттерінен құрылған. Бүгінде оның құрамына 11 факультет кіреді. Зерттеу институтының қызметі жаратылыстану және инженерлік ғылымдарға бағытталған: химия, астрономия, сәулет, химиялық инженерия.

Еліміздегі жоғары оқу орындарының тарихы XX ғасырмен байланысты. 1928 жылы 1 қыркүйекте елімізде тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Педагогикалық Инситуты ашылды. Қазақтың алғашқы зиялы қауымының басым бөлігі осы оқу орнында білім алды. Бүгінгі таңда оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Университет 11 халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға мүше. Әлемнің 23 мемлекетіндегі шетелдік университеттермен бірлескен жұмыстар бойынша 130 келісімшарт, меморандум жасалды. 2014 жылғы қыркүйекте Францияның 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна-Париж сити университетінің филиалы «Сорбонна-Қазақстан» институты ашылғаны университет өміріндегі маңызды оқиға болды. Бұл – Париж Сорбоннасының әлемдегі екінші, ал Орталық Азиядағы бірінші филиалы болып табылады. 

1934 жылы 15 қаңтарда Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін қалады. Бүгінгі күні оқу орны Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар оқу орны болып табылады. Университет 180 сала бойынша мамандар дайындайды. QS World University Rankings Results және Top Universities сайтының келтірген деректері бойынша 2012 жылы әлемдік үздік 390 университетінің қатарына енді. 72 ірі компания жетекшілері мен кадр бөлімі мамандары арасында жүргізген сауалнама негізінде жасалған «Рейтинг.kz» зерттеу орталығы жүргізген зерттеудің қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 41,7 пайыз жинап, 5-орында тұр.

2009 жылы Астана қаласында Назарбаев Университеті ашылды. Университеттің ұстанымы жаңа дәуір кеңістігіндегі ел ертеңін анықтау. Әлемнің озық елдерімен тереземізді теңестіру үшін білім сапасын көтеру, жаһандық экономика мен саяси факторлардың себепсалдарын бағамдай отырып, бәсекелестік аясында стратегиялық шешімдер қабылдау, шикізат ресурстарына қарап қалмайтын экономика құру, әлеуметтік міндеттемелерді шешу.



Электронды қосымшамен жұмыс

1. Жоғары білім беру жүйесінің дамуы жайлы оқыңыз.

2. Жоғарғы білім берудің заманауи модельдерімен танысыңыз.



QS Әлем Университеттерінің рейтингі. QS World University Ranking әлемдегі ең үздік ЖОО рейтингісін құрастырушылар университеттердің рейтингісін алты индикатор бойынша бағалайды: зерттеушілік, білім сапасы, жұмыс берушінің пікірлері, мансаптық әлеуеті, шетелдік студенттер саны, оқытушылардың саны. Рейтингке қатысу үшін университетте бакалавриат пен аспирантуралық бағдарламасы, екі кең ауқымды пәндер (мысалы, өнер және әлеуметтік пәндер, инженерлік іс пен технологиялық, заң және бизнес) ұсынылуы тиіс.

QS рейтингі академиялық ортадағы жоғары оқу орындарының беделіне назар аударады. QS рейтингісінің көшбасшылары көптеген жылдар бойы АҚШ пен Ұлыбританияның жоғары оқу орындары болды.


ХХІ ғасыр оқырманына

Философияның таңдаулы 25 кітабы, Реми Хесс

Белгілі француз ғалымы Реми Хесстің бұл кітабы жас оқырманды Батыстың аса көрнекті ойшылдары және олардың шығармаларымен таныстырады. Осы күрделі міндетті жеңілдету мақсатында, ол Батыс философиясы дамуының елеулі кезеңдерін көрсетеді деген 25 шығарманы іріктеп ұсынған. Бұл шығармалар әлемдік ақыл-ой дамуының белесті кезеңдері мен бай қазынасын танытады. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі философия тарихын қамтыған жинақ адамзат ақыл-ойының құнарлы нәрі мен көркем табиғатына енді ден қоя бастаған жас қауымға даналық мәйегін түсінікті де тартымды тілмен баяндайды. Жинақта әр философиялық шығармадағы түйінді идеялар талданып, түсіндірме берілген.


Болон процесі – жоғары кәсіби білім саласындағы жаһандану үрдісінің еуропалық біртұтас жалпы-еуропалық білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған жүйе. Алғашқы еуропалық университеттің отаны – Италиядағы Болонья қаласының құрметіне аталып, 1999 жылы Болондық декларациямен бекітілген. 2004 жылға дейін Болондық процеске 40 ел мүше болды. Мақсаты: демократиялық жоғары технологиялық ақпараттық нарықтық қоғам талаптарына сай келетін және жеке бағыттылықты, таңдау еркіндігін және өзіндік білім жолын игерумен, білім жинаудың ақпараттық-ізденімпаздық сипатын қалыптастыру.


Электронды қосымшамен жұмыс

Қазақстан Республикасының Болон процесiне қатысудағы мақсаты.



Сұрақтарға жауап берейік

1. Ежелгі Грекиядағы алғашқы мектепті кім ашты?

2. Жердің күнді айналатындығын алғаш рет болжаған кім?

3. Кембридж университеті қалай пайда болды?

4. QS World University Ranking әлемдегі ең үздік ЖОО рейтингісін құрастырушылар университеттердің рейтингісін қандай индекатор бойынша анықтайды?

5. Қазақстан Республикасының Болон процесiне қатысудағы мақсаты қандай?



Ойланайық, талқылайық

Университет атаулары мен логотиптерін сәйкендестіріңіз.



1. Орегон университеті

2. Огайо университеті

3. Нотр-Дам университеті

4. Солтүстік Каролина университеті

5. Техас университеті

6. Майами университеті


Талдап, салыстырайық

1. Көрсетілген сызба бойынша әр модельдің артықшылықтары мен кемшіліктерін талдаңыз. Оларды маңыздылық дәрежесі бойынша орналастырыңыз.



ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ЗАМАНАУИ МОДЕЛЬДЕРІ

2. Ағартушылық пен ғылымды өрістетудегі алғашқы университеттердің рөлін талдаңыз.

Университет Сипаттамасы Ағартушылықты өрістетудегі рөлі Ғылымды өрістетудегі рөлі
       


Дәптерге орындайық

Өз біліміңізге сүйеніп, университеттер ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосқанына үш себеп жазыңыз.



Қолданып көрейік

Университет кеше/ бүгін/ ертең тақырыбы бойынша сызба дайындаңыз:

1) университеттердің дамуындағы өзгерістер;

2) университеттердің дамуындағы сабақтастықтар;

3) осы тақырыпқа менің қатысым және менің пікірім;

4) осы тақырыптың менің тұратын мекенім үшін және маған әсері;

5) әлем деңгейінде бұл тақырыптың маңыздылығы, мәселелері және оларды шешу жолдары.



Ой бөлісейік

1. Табысты болу үшін, жетістікке жету үшін диплом алу немесе білім алу міндетті ме?

2. Болон жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы ізденіп көріңіз.

3. Төменде келтірілген цитаталармен қаншалықты келісесіз:

1) «Университет – әмбебап білім берудің орны» (Дж.Ньюмен).

2) «Университеттің бастапқы және орталық функциясы негізгі мәдениеті маңызды пәндерді оқыту болып табылады» (Хосе Ортега-и -Гассет).

3) «Мектептер мен университеттерде оқығанымыз – бұл білім емес, білім алудың тәсілі ғана» (Ральф Уолдо Эмерсон).