Ғылымды үйреніп, оны өмірге қолданбаған кісі – жерін өңдеп, дәнін сеппеген адамға ұқсайды.

Сағди Ширази

§32 Ғылыми-техникалық прогрестің тарихи кезеңдері


ЕСІҢЕ ТҮСІР!

БІЛУ ЖӘНЕ ДАҒДЫЛАНУ:

– Ежелгі Грекиядағы алғашқы мектепті кім ашты?

– Елімізде ашылған тұңғыш жоғары оқу орны?


– мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау үшін «өнеркәсіп революциясы», «ғылыми-техникалық революция» ұғымдарын қолдану;

– әртүрлі мемлекеттердегі өнеркәсіп революциясының ерекшеліктерін анықтап, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау;

– қазіргі кездегі өркениеттің дамуындағы ғылыми-техникалық революцияның маңыздылығын анықтау.

ТІРЕК СӨЗДЕР

Өнеркәсіп төңкерісі, ғылыми-техникалық революция, буржуазия, ереуіл.


«Өнеркәсіп төңкерісі» және «ғылыми техникалық революция» ұғымдары

Өнеркәсіп төңкерісі деп қол еңбегіне негізделген мануфактурадан ірі машиналы индустрияға өткен кезеңді айтамыз. Өнеркәсіп төңкерісі қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік саяси өзгерістердің жүйесі болып табылады. Еңбек құралдары мен өндірісті ұйымдастырудағы революциялық өзгерістер өндіріс төңкерісінің басты нәтижесі. XVIII–XIX ғасырларда әлемнің жетекші мемлекеттерінде өнеркәсіп төңкерісі болды. Бұл кезең алғаш жұмыс машиналарын жасағаннан бастап, машиналы өндірістің дамуына дейінгі аралықты қамтиды. Феодалдық қоғамға негізделген экономикалық әдістің орнын капиталистік өндіріс әдісі басты. Көптеген бытыраңқы өндіріс процестері бір қоғамдық өндірістік процеске біріктіріледі. Қазіргі заманғы тарихи-экономикалық ғылым адамзат тарихын үш төңкеріске бөлді. Неолит төңкерісі өндіруші экономиканы құрды; өнеркәсіп төңкерісі аграрлық қоғамнан өнеркәсіптік қоғамға көшуге алып келді; ғылыми техникалық төңкеріс -өнеркәсіптік қоғамнан сервистік қызметке көшуге алып келеді. Бұл үдерістердің барлығы әр елдер мен өңірлерде асинхронды болғанымен жаһандық сипатқа ие болды. Өнеркәсіп төңкерісі машиналарды жаппай қолданудың басталуымен ғана емес, сонымен қатар қоғамның барлық құрылымының өзгеруімен сәйкес келді. Бұл жағдай еңбек өнімділігі жоғарылауымен, қала халқының санының артуымен, жылдам экономикалық өсудің басталуымен және халықтың өмір сүру деңгейінің ұлғаюымен қатар жүрді.

Ғылыми-техникалық революция деп атаған бұл құбылыс, негізінде өндіргіштік күштердің түбегейлі, сапалы қайта құру болып табылады және де ғылымды қоғамдық өндірістің жетекші даму факторына айналдырды.

Әртүрлі мемлекеттердегі өнеркәсіп революциясының ерекшеліктері

Өнеркәсіп революциясы әр елде әртүрлі жағдайда өтті. Олардың сол елге ғана тән өзіндік ерекшеліктері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары болды. XIX ғасырдың басында капитализмнің дамуы бойынша басқа елдерден алда келе жатқан Ұлыбритания бірінші индустриалды билікке айналған ел болды. Елде жаңа цехтар, тоқыма және басқа да зауыттар, металлургия, машина жасау зауыттары, көмір шахталары салынды. Англияда XVIII ғасырда басталып, XIX ғасыр 30-жылдары аяқталған индустриалды революцияның нәтижесі елді «еуропалық халықтардың тәлімгері», «әлемнің шеберханасына» айналдырды. Ел еуропада шығарылған көмірдің 80%-ін, өндірген металдардың 50%-ін, машиналардың 100%-ін өндірді.Ұлыбританиядан кейін Америка Құрама Штаттары, Франция, Германия, Ресей және басқа да еуропалық елдер өнеркәсіптік революция кезеңіне өтті.

Тәуелсіздік соғыстың аяқталуымен АҚШ-тың солтүстік аймақтарында капиталистік қатынастар орнады. Феодалдық қатынастардың болмауы, қолөнершілердің қолөнер жүйесі болмауы, өндірістегі британдық индустрияның жетістіктерін енгізу және өздерінің техникалық жаңалықтарын пайдалану елде өнеркәсіптік революцияның дамуына қолайлы факторлар болды. Үндістерді жаулап алып, олардың өзіне тән экономикасын жойып, елге өз заңдары мен экономикалық басқаруын енгізді. Тігін машинасын, электр телеграфты, механикалық дестелегішті, металды соқаны, сауда-саттықта жарнаманы пайдалануды және бөлшек сауда арқылы сатуды, бөліп төлеуді пайдалану және т.б. бұл инновациялар батыс американдық жерлерді бір мезгілде басып алумен қатар жүзеге асырылған өнеркәсіптік төңкерісті жеделдетті. 50–60-жылдары өнеркәсіпке бу қозғалтқыштарын кеңінен енгізу және машина жасау саласы дамып келеді. Америка Құрама Штаттарының аумақтық экспансиясының күшеюі Америка континентіндегі капиталистік қатынастарды кеңейтуге мүмкіндік берді.

Францияда мақта талшықтарын иіруді механикаландыру XVIII ғасырдың 80-жылдарынан басталады. Алайда, өнеркәсіптің қол еңбегін өнеркәсіптің ең маңызды салаларын машинамен жаппай ауыстыру үдерісі 1830– 1848 жылдары шілде айындағы монархия кезеңінде кеңінен дамыды. Өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыру Англияда машинаны импорттаған кезде пайда болды. Өнеркәсіптік революцияның нәтижесі Францияны индустриалды-аграрлық елге айналды, онда халықтың 2/3 бөлігі ауылшаруашылығы өндірісімен айналысады. Германияда мануфактурадан өнеркәсіпке көшудің кеш басталуы елдегі феодалдық қалдықтар мен неміс жерінің бөлшектелуіне байланысты болды. Алайда индустриалды революцияның басында өндірістің салалық құрылымы Англияға қарағанда анағұрлым жетілді. Бұл өнеркәсіптік революцияның жоғары қарқынын қамтамасыз етті. Германиядағы өнеркәсіптік революцияның соңғы кезеңі өндірістік құрылымды одан әрі жетілдіру және әскери және ауыр индустрияның өсуімен сипатталды. Жапониядағы өнеркәсіптік төңкеріс еуропалық технологияны өндіріске енгізумен байланысты және қысылған сипатта болды. Ол өндірістің үш сатысын біріктірді – мануфактуралық, өнеркәсіптік, монополиялық. XIX ғасырдың 90-жылдары өнеркәсіптік төңкеріс аяқталды. Алайда, феодалдық қалдықтардың сақталуы, өнеркәсіптің әлсіз шикізат базасы, әділетсіз Ансей келісімшарттары қазіргі заманғы ірі кәсіпорындардың пайда болуына қиындық тудырды. 1868–1885 жылдары 1,3 мыңға жуық кәсіпорын құрылды, олар негізінен ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеумен айналысты. Осы шарттарда мемлекет ірі және тиімділігі аз салалардың – металлургиялық зауыттардың, әскери кеме жасау зауыттарының, арсеналдардың, темір жолдардың құрылысын өз қолына алып, кәсіпкер ретінде әрекет етті. 1880 жылы қабылданған заңға сәйкес мемлекеттік қорлармен жасалатын кәсіпорындар үкімет тарапынан Mitsubishi және Mitsui сияқты ірі, табысты коммерциялық және өндірістік компанияларға арзан бағаға сата алады. Сол себепті жапон мемлекеті тиімді емес кәсіпорындарды қаржыландыруды жалғастырып, жеке кәсіпкерлікті қолдауға және буржуазия мен мемлекеттік аппарат арасындағы байланыстарды нығайтты. Англия, Франция және Америка Құрама Штаттарында өнеркәсіп төңкеріс үшін қажетті алғышарттар XVII–XVIII ғасырлардағы буржуазиялық революциялардың ықпалымен жасалды. Бұл елде өндірістік төңкеріс буржуазиялық реформаларды жүзеге асқанға дейін басталды. XIX ғасырлардың 30–40 жылдары Ресейде өнеркәсіптік төңкеріс феодалдық қатынастар үстемдік еткен жағдайда басталды. Қолмен жұмыс күшінің машинаға көшуі еңбек пен өндірістің өнімділігін, сосын қант қызылшасын және қағаз өндіретін салаларды ұлғайтуды қамтамасыз ететін мақта саласын қамтыды. 1856 жылы Мәскеу облысында 152 бу қозғалтқышы болды. 1851 жылы Ресейде 19 машина жасау зауыты болса, 1860 жылы онда 99 зауыты жұмыс істеді. 1860 жылы барлық өңдеу өнеркәсібінің өнімдерінің 56,8%-і зауыттар мен фабрикалар өндірді. 1879 жылы металл өңдейтін кәсіпорындар өнімнің 86,3%-ін машинамен шығарды. Ескі пештерді пудлинг пештері ауыстырудың нәтижесінде металлдың шамамен 100% өндірді. Өнеркәсіптік революцияның маңызды бағыты теміржол құрылысы болды. XIX ғасырдың 60-70 жылдары 20 мың шақырым теміржол салынды. XIX ғасырдың 80–90-жылдары Ресейдегі өндірістік революция аяқталды.

Қазіргі кездегі өркениеттің дамуындағы ғылыми-техникалық революцияның маңыздылығын бағалау

Ағынды тасқын судай бірін-бірі алмастырып жатқан өзгерістер, ғылым мен техниканың, технология мен инновацияның жылдамдығы адамды таңғалдырмай қоймайды. Адамзат тарихында жасалған дүниелердің бәрі ойлаудың, жасаудың нәтижесімен дамыған. Ойлау мен жасау, енгізу арқылы жаңа технологияларды енгізу адамның ақыл-ойының жемісі. Бұл өнеркәсіптік революциялар бірінің орнын бірі басуына алып келді. Мәселен, ХІХ ғасырда пайда болған көмір мен будың қозғалтқыш күші – бірінші өнеркәсіптік революцияның тірегіне айналды. Алғашқы өнеркәсіптік революция 1760 жылдан 1840 жылға дейін болды.


Біліп жүріңіз!

«Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.

Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік»

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев

Ең алғаш рет отарбалардың нәтижесінде пайда болғаннан кейінгі бу машиналары экономика саласын алға жетеледі. Халықтың сұранысына байланысты қызмет көрсету, тауарлар шығару етек алды. Сауда, айырбас, алыс-беріс, барыс-келіс жандана түсті. XVII ғасырдан басталған төрт өнеркәсіптік революцияны адамзат өзінің даму тарихында басынан өткерді. Бу қозғалтқыштарының пайда болуынан басталған дамудағы секірістер ХХ ғасырда екінші өнеркәсіптік революцияның пайда болуына алып келді. Екінші өнеркәсіптік революция 1840 жылы басталып, 1914 жылға дейін жалғасты . Радио, телефон, теледидар сияқты байланыс құралдары өмірге келді. Жедел дамыған елдерде зауыттар, фабрикалар көптеп ашылып, онымен қоса өндіріс үдемелі сипат алып, мұнай мен газ өндіру жаппай етек алды. Мұнай өнімдерін пайдаланатын автокөлік құралдарынан басқа да тұрмыстық техникалар дамып, бүкіл адамзатқа қолжетімді болды. Техника, технологиялар дамуы арқасында байланыс пен ақпарат саласы алға шығып, цифрлық байланыс құралдары өмірге келудің соңы үшінші индустриялық революцияға алып келді. 1990 жылдары компьютерлер мен роботтехникалар дүниеге келді. Автоматтандыру мен кибер-физикалық жүйе әлемнің дамуын мүлдем өзгертті. Интернеттің жандануы, әлемдік сипат алуы үшінші индустриялық революцияны шарықтау шегіне жеткізді. Сансыз көп ақпараттар ағыны, қарқынды, көз ілеспес жылдам интернет жүйесі төртінші өнеркәсіптік революцияның пайда болуына алып келді.



Электронды қосымшамен жұмыс

Ғылыми-техникалық революция туралы оқыңыз.



Біліп жүріңіз!

Концепт – сындарлы мағынасы бар инновациялық идея. Осы идеяны көрсететін өнім концептуалды өнім деп аталады, яғни өндіруші шығарған, бір данамен шығарылған, көпшілікке көрсетуге арналған модель.

Жұмыссыздық – бұл жұмыс істегісі келетін еңбекке жарамды халықтың өндірісте жұмыспен қамтылмауы. Жұмыспен қамтылмау өндірістің тиімділігін арттыруы, сонымен бірге жұмысшы күшінің бір бөлігін жұмыстан босатуға мүмкіндік жасайтын немесе оның құрылымына, сапасына жаңа талаптар қоятын ғылыми-техникалық прогрестің салдары болуы мүмкін.

Луддашылдар – XIX ғасырдың алғашқы онжылдығындағы Англиядағы машина техникасының дамуына қарсы қозғалыс мүшелері.

Футурологтар – болашақты болжаушылар. Тарихи даму үрдісінің әр кезеңінде болашақты болжайтын адамдар болған. Алғашқы философ-ойшылдар, ғалым, астрологтар (Платон, Аристотель, Нострадамус, т.б) өздерінің ғылыми еңбектерінде болашақ туралы, дүниенің құрылысы туралы көзқарастарын жазған. Олардың кейбір болжамдары сәйкес келіп те жатты.



ХХІ ғасыр оқырманына

Клаус Шваб: «Төртінші индустриялық революция»: «Барлық жаңа жетістіктерге тән ортақ ерекшелік мынадай: олар қандай салаға болмасын тереңдей еніп жатқан цифрлық және ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланады. Бұл тарауда келтірілетін инновациялардың барлығы – компьютерленген есептеу қуатының арқасында қамтамасыз етіліп, жетілдірілген технологиялар.»

Томас Гриффини «Менеджмент»

Бұл кітаптың басқалардан артықшылығы – теориядан бөлек, шет мемлекеттегі орта, шағын, ірі кәсіпорындарындағы басқару тәсілдерінің нақты компанияларда қалай қолданылғаны, сол арқылы қандай жетістіктерге қол жеткізгені нақты кейстер түрінде келтірілген.



Сұрақтарға жауап берейік

1. Луддашылар не себептен техниканың дамуына қарсы болды?

2. Футурологтар технология мен ғылымның дамуы туралы дұрыс болжай алады ма?

3. Платон, Аристотель, Нострадамусты не байланыстырады?

4. Концепт сөзін XXII ғасырмен қалай байланыстырар едің ?

5. Ғылымның, техниканың дамуы қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі нашарлатып, жұмыссыздықтың пайда болуына әсер етті ме?

6. Apple компаниясының алғашқы логотипінде кімдер бейнеленген?

7. Әлемге әйгілі қай корпорацияның атауы орфографиялық қатеден туды?

8. Неліктен пингвин «Linux» операциялық жүйесінің тұмаршасына айналды?

9. Компьютершілер күні қай күн болып саналады?

10. Әлемдегі алғашқы бағдарламашы кім?

11. XVIII ғасырда шахмат компьютері қалай жұмыс істеді?



Ойланайық, талқылайық

1.Тақырыппен байланыстырып суреттің мазмұнын ашыңыз.




2. Суретке қарап, қажетті атауларды пайдалану арқылы өзгерістердің әлемдік дамуға қаншалықты жаңашылдық әкелгенін талдаңыз.



Талдап, салыстырайық

Өнеркәсіп төңкерісінің нәтижесінде пайда болған үш негізгі ғылыми мәселені және нәтижесін жазыңыз.



Дәптерге орындайық

1.Мысал келтіру арқылы ҒТР-ның қалыптасу жолдарын анықтаңыз.


Ғылыми-техникалық революцияның даму жолдары

Эволюциялық

1.

2.

3.

4.

5.

6.

7.

8.

мысал келтір

Революциялық

1.

2.

3.

4.

5.

6.

7.

8.


2. Өнеркәсіптік төңкерістің нәтижесінде ғылыми-техникалық революция жоғары дамыды деген критерийге қандай бағалау бересіз.

3 дәлел келтіріңіз:

1)

2)

3)



Қолданып көрейік

«Табиғаттағы барлық қатынастарды және біздің араласуымыздың салдарын ғылыми тұрғыдан зерделеу өзгерістер қарқынынан артта қалуда.

Өнеркәсіптік және гидротехникалық құрылыс. Тың жерлерді жырту, жырту.

У химикаттарды қолдану барлық жерде бақыланбайтын, стихиялық түрде жер бетін өзгертеді. Зиянды өндірістік және көлік қалдықтары, соның ішінде канцерогендер ауа мен суға тасталады.

Көмір жағу кезіндегі көмірқышқыл газы атмосфераның жылу шағылыстыратын қасиеттерін өзгертеді. Ерте ме, кеш пе қауіпті масштабқа ие болады. Бірақ біз қашан екенін білмейміз».

А.Д. Сахаров

«Прогресс, бейбіт қатар өмір сүру және интеллектуалды еркіндік туралы ойлар»

«... олар электр энергиясы сияқты, жақында қандай материалдық прогресс болатындығы туралы айта бастады.

Мен оларға аядым, мен күтіп, армандап жүргенімді және армандап қана қоймай, басқа маңызды нәрселермен айналысып жатқанымды айта бастадым.

Прогресс – электр және әуе арқылы ұшу емес, бауырластық, бірлік пен махаббаттың дамуы туралы».

Лев Толстой

Мәтінді оқып шығып төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Технологиялық прогресс әлеуметтік-экономикалық өмірге қандай әсер етті?

2. Осы мәтіндерде техникалық прогресс қалай сипатталады?

3. Көптеген технологиялық апаттарға адам факторы кінәлі деген тұжырыммен келісесіз бе?



Ой бөлісейік

1. Өнеркәсіп дамыған сайын әлеуметтік дағдарыстар шиеленісе түседі.

Карл Маркстің пікірі туралы өз көзқарасыңызды білдіріңіз: «Өнеркәсіп дамыған сайын өнімнің өзіндік құны барған сайын арзандап, есесіне – мыңдаған жұмысшы қайыршылыққа ұшырайды»

2. Цифрлану революция ма, әлде дамудың жаңа сатысы ғана ма?

3. Ғылыми-техникалық революцияның қоғамдық өмірдің барлық саласына тигізген әсерін бағалаңыз. Бағалау критерийлері:

1) ҒТР-ның күшті тұстарын талдау;

2) ҒТР-ның әлсіз тұстарын талдау;

3) ҒТР-ның мүмкіндіктерін талдау;

4) ҒТР-ның қауіп-қатерлерін талдау;

5) Тақырып бойынша қорытынды шығару .

6) Тақырыпты бүгінгі күнмен байланыстыру.