Б. Ысқақ, С. Ысқақ

  1. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1 том. – Павлодар, ЭКО, 2003. Б. 60-66, 74-81, 95-96, 102-105, 134-138, 154-158, 171-176, 180-185, 195-196, 211-219, 319-321
  2. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 9 том. – Павлодар, ЭКО, 2006. Б. 4-6, 320-337
  3. Қалижан У. М. Жүсіп: зерттеу. –Алматы:Атамұра, 1998. –30 б.
  4. Жүсіпова Г. Қ. Мәшһүр Жүсіп қиссаларындағы Мұхамед бейнесі: оқу құралы. – Павлодар, 2000.
  5. Негимов С. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының бейнелілігі // Мәшһүр Жүсіп оқулары. – Павлодар: ПМУ, 2001. –Б. 5-10 (176 б.)
  6. Сүтжанов С. Мәшһүртану (дәрістер жинағы). –Павлодар, 2006.
  7. Жүсіпов Е. Мәшһүр Жүсіп және шығыс руханияты. –Павлодар, 2007
  8. Коран (перевод с арабского Г. С. Саблукова). – Казань, центральная типография, 1907.
  9. Авицинна. Книга знания: Сочинения. – М: ЗАО ЭКСМО Пресс, 1999. – 752 с.
  10. Гимнастика тибетских монахов
  11. Богословский В.А. Политика 13 Далай-Ламы в Тибете.
  12. Жүсіп Қ. Қазіргі қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. –Павлодар, 2001
  13. Жүсіпов Н. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің фольклоршылық еңбегі. – Павлодар, 2001
  14. Дәуітұлы С. Мәшһүр ақын // Қазақстан ZAMAN, 4 шілде, №27 (434), 2003. – Б. 13

1 М. Ж. КӨПЕЙҰЛЫ – ҰЛТЖАНДЫ, ДІНИ, ГУМАНИСТ АҚЫН

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ әдебиеті шарықтай дамып, ренессанстық дәуірді басынан өткерді. Көшпелі өмір мәдениетіне ғана тән жыраулық, ақындық дәстүр жазба әдебиетпен жалғасар тұста қазақ поэзиясының заңғар биігіне айналған ұлы Абайды өмірге әкелді; ғасырлар бойы адам бойындағы ең бір асыл сезім ретінде жырланған отаншылдық, сүйіспеншілік сезімдері Мағжан поэзиясының құдірет күшіне айналды; сайын сахарада сайран құрған қазақ халқының азаттық аңсарлары, басқыншыларға, отаршыларға қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресі А. Байтұрсынов бастаған ұлтшылдар әдебиетін туғызды.

Әдебиет – халықтың құлағы, көзі, сезімі. Халыққа батқан ауыртпалықты алдымен оның сезімтал ақындары сезінеді; ұлы Абайдың күңіреніп өткені де сондықтан. Халық басына төніп келе жатқан қауіп-қатерді алдымен сезінетін де, одан шығар жолды іздейтін де ақынның сезімтал жүрегі. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ақындарының барлығы дерлік бодандықта мүлгіген, түрлі ішкі араздықтардан іріп-шіріп бара жатқан қазақ елінің мұндай ауыр жағдайдан шығар бірден-бір жолы – халықты сауаттандырып көзін ашу, сана-сезімін ояту, білім, ғылым, өнер арқылы теңдікке жету деген ағартушы-демократтық бағытта болды. Абай поэзиясының негізгі тақырыбы білім, өнер болуы да сондықтан. Бұл ретте Абайлар орыстық, Еуропалық мәдениет жолын ұстанса, енді бірсыпырасы отаршыл орыстың, Еуропаның мәдениетіне сескене қарап, ұлттық, шығыстық дәстүрді жөн көрді. Адамзат өміріндегі діннің алатын айрықша орнына ерекше мән берген діни ағартушылық бағыт та XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында өзінің өміршеңдігін танытты. Міне, осы бағыттың аса көрнекті өкілдерінің бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болатын.

Мәшһүр Жүсіптің есімі кезінде елге танымал болғанымен де кеңестік дәуірде кейінгі ұрпаққа мүлдем белгісіз болып келді. Оған себеп оның шығармашылығындағы отансүйгіштік, озбырлық, әділетсіздік атауға қарсылық, діншілдік сарындар болатын. Неоколониализмнің бір түрі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының саясатына (Қазақстан КСРО-ның құрамдас бір республикасы болды ғой), коммунистер басшылыққа алған түбінде социализм жеңбей қоймайды, коммунизм салтанат құрады дегенге саятын марксизм-ленинизм идеологиясының бағдарламасына Мәшһүр Жүсіптердің шығармашылық болмысы сай келе бермейтін. Сондықтан да Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы кеңестік кезеңде өзіне лайықты бағасын алмақ түгілі, қуғын көрді. Егеменді ел болған соң барып ақынның артына қалдырған әдеби мұрасымен толық танысуға мүмкіндіктер туды; халқының рухани байлығына айтулы үлес қосқан тарихи тұлғалардың бірі екендігіне көзіміз жетті.

Орыс отаршылдығының өтінде қалған Қазақстанның солтүстік қиырында (Баянауыл) өмірге келген Көпейдің баласы Жүсіп ерекше қабілетті, алғыр болып өседі. Жастайынан өлең-жырға үйір болып, ауыз әдебиетінің небір үлгілерін жатқа толғайды. Осылайша елге аты шыққан Жүсіп сегіз жасынан «Мәшһүр» атанады; он бес жастан бастап өзі өлең шығара бастайды. Сөйтіп ақындық жолға біржола түседі. Жасынан ескіше хат таныған Жүсіп ислам әлеміне үңіледі; Шығыстың классикалық қисса-дастандарынан мол сусындайды; орыс әдебиетінен де хабардар болады. Сөйтіп әлемдік руханият теңізінен өзіне керектісін ала білген Жүсіп шығысшыл да, орысшыл да, батысшыл да, діншіл де болып кетпейді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қайшылығы мол қазақ қоғамының елдің ертеңін ойлаған халық ақыны болып қала береді. Жүсіптің шығармашылығында шығыстың да, орыстың да, исламның да іздері сайрап жататындығы сол себептерден болса керек.

Абайдан мүшел жастай кіші Жүсіптің өлеңдерінен ұлы ақынның поэзиясымен сарындас екендігі айқын көрінеді. «Ғибратнама» өлеңіндегі:

«... Өткіздім қасірет пенен қаншалықты
Қызықты, ойнап-күлер мезгілімді».
«Ішім от, сыртым жалын қайнағаным,
Бұйырған жұтқан күмән, шайнағаным» –
деген жолдар Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын»,
ал:
«Сөйлеуден тыйылмаған қызыл тілім?
Өттің бе зарланумен, қайран күнім?!.»
«Тілі жоқ көп мылқаулар тыныш жатыр ғой,
Қызыл тіл сен басымды салдың дауға» - дегені «Сегізаяқты» еске түсіреді.
Ақын халқы үшін қайғырады:

«Зарлаймын ұзақ түні көрермін деп,
Көре алмай ашылғанын қасіретім көп.»
«Зарығып бұл қайғыдан қандар жұтып,
Тарқамай бұл жалғаннан кеткен шерім».
Жүсіпті де халқының жағымсыз қылықтары күйіндіреді:
«Бір ұрттам қан ішесің, бір құс алсақ,
Сен ақымақ тамақ үшін болған сарсаң».

Абайдың «Мәз болады, болысың» іспеттес.

«Басшымыз ел пайдасын сөйлемейді»,
«Данышпан өтпей сөзі шаһбаздардың,
Барады босқа кетіп қысы-жазы».
«Теңдікті бір көре алмай ұлықтардан,
Халайық қор болдың аяқ асты».
«Тыңдайтын мұның сөзін құлақ қайда,
Шұлғытып тұрғанымен қанша басты».
«Жақсыны өзі көре алмаған,
Біреуді күндемесе жүре алмаған».
«Көп болды көз жасына қалған жандар,
Зерлі шекпен, медалға жұртын сатып».
«Қылады әркім мазақ ғылымы жоқтан,
Надандар адасуда білімі жоқтан» -

сияқты өлең жолдарынан да Абай дәстүрінің халықтық, ағартушылық сарыны айқын көрінеді. Халқына шын жаны ашыған ұлтжанды азамат қана ащы шындықты тайсалмай айта алады. Бетін жыртып шындықты жырлау қашанда оңай болмаған. Шындыққа тайсалмай тура қарап әділеттіліктің ақ туын көтеріп ақ сөйлеу ақынның ақынының ғана қолынан келген. Қазақтың өткен тарихындағы белгілі ақын-жыраулардың дені дерлік осы биіктен көріне алған. Абайды биіктетіп тұрған да осы қасиет. Мәшһүр де осы деңгейден көріне білді. Ел ішіндегі келеңсіз құбылыстарды бет-жүзің бар демей сын тезіне алған Жүсіп кей кездерде:

«Бұл сөзімнің балы бар уы аралас,
Ойлаймысың бір іске деп жарамас» -

деп те күйінеді. Халқының бойындағы жағымсыз мінездерді сынау, адамгершіліктің асыл қасиеттерін әспеттеу, халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру, елдікке үндеу – ақын поэзиясының негізгі сарындары.

М. Ж. Көпейұлы поэзиясындағы негізгі тақырыптың бірі – қазақ халқының ұлт азаттығы. Ақынның «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабының негізгі сарыны да осы.

Ақын:
«Есіктен кіре алмайтын қарашекпен,
Орынды қақ жарып кеп алды төрден.
Тұтқында сорлы қазақ қалмап па едің,
Қол қойып ақ қағазға басқан мөрден» -

деп өкініш білдіреді. Жерінен айрылған қазақ елдігінен де айрыла бастады.

«Адасып осы күнде қазақ қалды,
Бұрынғы ата-баба рәсімінен.
Жылқыға керек жерге егін салып,
Жер жыртып, мұжық қалмас кәсібінен» -

деген күйінішті жолдар көп жағдайды аңғартса керек.

«Айрылған біздің қазақ Есілінен,
Өзінің болған емес кесірінен».
«Айрылған біздің қазақ Нұрасынан,
Атаның мекен салған мұрасынан».
«Ертіс, Нұра, Есіл мен Еділ, Жайық,
Мұсылман бұл бес өзен бойындағы» –

деген тармақтар патша өкіметінің отарлық саясатын ашық айыптаған зар заман әдебиетінің аса көрнекті өкілінің бірі Мұрат Мөңкеұлының отаршылар тартып алған қазақ жерлерін жоқтаған өлеңдерімен үндес жатыр. Ақын:

«Бұрынғы ықтиярсыз қолдан кеткен?
Жер мен су қайтса екен өзімізге» –
деп тілейді. Оның ойы –

«Тірідей тықпаса екен бізді көрге,
Бас азат, сүрсең дәурен жұртпен бірге.
Өзіміз ие болып отырсақ деп,
Күнелтіп үй орнымен тұрған жерге».

Мәшһүр Жүсіп патша өкіметінің ислам дінін қуғынға салуын күйзеле жырлайды:

«Даярлап күнде алдыңнан қақпан-торын,
Шыңырау ғып сексен құлаш қазған орын.
Құранды қор, моланы бордай қылып,
Тырысты сөндіруге ислам нұрын».

Ақынның түсінігінше, елдің елдігін сақтайтын, қандай қиындық болса да алып шығатын – дін. Сондықтан да:

«Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,
Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне.
Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,
Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне».
«Азаттық бәріне бар, дінде болса» –

деп білген ақын:

«Шариғат низамменен қатарласып,
Бірдей боп келсе екен деп теңбе-теңге».
«Шариғат ортамызда тұрса екен деп,
Бір дүкен дін ислам боп құрса екен деп.
Мешіт пен медресенің тексеруі,
Құран кітап жөнімен болса екен деп» –

жырлайды. Дін – халықтың рухани сенімі. Сенімнен айрылған халықтың болашағы жоқ. Сондықтан да отаршылдар өзге ұлттарды бағындыру үшін оның болашаққа деген сенімінен айырады. Бұл мақсатқа жетудің басты құралы – дінінен айыру. Патша өкіметінің де қазақтарды шоқындыру саясатын жүргізгені белгілі. Көпеев осындай арам пиғылдарға қарсы шығып, елдің елдігін сақтап қалу үшін діннен айрылмау қажеттігін әрдәйім еске салып отырған. Дініңді қорлағаны халқыңды қорлағаны, өзіңді қорлағаны деп білген ақын:

«Дініңді кім қорласа – сол өш қасың,
Қорлықтан ақпап па еді көзден жасың» –
деп, ашына айтады. Дініңді де, өзіңді де қорлатпа өзгеге деп, адамдық, ұлттық, діни намысты қорғауға шақырады.

Ақын сыртқы дінбұзарларға да қарсы солай аяусыз күреседі. Әсіресе өсек пен дүние аңдыған дүмше діндарлардың жағымсыз іс-әрекеттерін ел алдында әшкере етеді:

«Өсекті қожа менен молда айтады,
Басқадан олар тіпті оңды айтады.
Арасын ағайынның балдай тәтті,
Дау-жанжал ұрыспенен молайтады» –

деп, дінді күнкөрістің кәсібіне айналдырғандарды халық алдында масқара қылады. Сөйтіп діннің адам өміріндегі аса маңызды қызметін жоғары бағалаған Мәшһүр Жүсіп оның тазалығы үшін күресе де білді. Ол жырларында халықты өз дінін қастерлеуге шақырды; қазақ халқын өз дінінен айырғысы келген миссионерлерге қарсы күресті; дінді жеке бастың қамына пайдаланып жүрген пысықайлардың дін бұзарлық қылықтарын аяусыз әшкереледі.

М. Ж. Көпейұлы поэзиясындағы басты сарын – қазақ халқының басына түскен ауыр халге ашыну, күйіну. Мәшһүр Жүсіп те Абай сияқты халықты іштей жегі құрттай жеп бара жатқан ел ішіндегі жағымсыз құбылыстарды, адамдардың жаман қылықтарын аяусыз сынайды, қиындықтан шығар жолды іздейді. Абай да, Жүсіп те ол жолды білген. Ол – білім, ғылым, өнер арқылы теңдікке жету. Мәшһүр Жүсіп те халқын білім алуға, өнер үйренуге шақырады:

«Білімге жабысайық, көңіл қойып...»
«Өнерге ғылым-білім болсаң жерік,
Берілер ақыр бір күн басыңа ерік.»
«Қылады әркім мазақ ғылымы жоқтан,
Надандар адасуда білімі жоқтан».
«Ғылым біл? Жұмыс істе оған серік,
Жарлыға мал – бұл, істе оған серік,
Жарлыға мал – бұл, ғылым – болар көрік.
Ғылым, білім өнерсіз, қадірсізді,
Өлік біл, оны жан деп білме тірік»
«Балалар жалқау болмай оқы сабақ,
Ашылмас оқымасаң көз бен қабақ».

Мұндай мысалдардың ақын өлеңінен көптеп келтіре беруге болады. Ал «Қалмады ойлай-ойлай басымда ми» атты өлең Мәшһүрдің туған халқын ел болуға үндеп, айтып кеткен өсиеті іспеттес. Ақын ертеңге үміт арту үшін адамдарды өнер-білімге, ғылымға, адал еңбекке, ынтымақ-бірлікке, халық қамын ойлауға, ел ертеңі үшін күреске шақырады. Бұл ретте халқының намысын жаниды.

«Қанатың бола тұрып құл болғанша,
Онан да жақсы емес пе өліп қалсаң».
«Халық жұртыңның қамы үшін қайрат қылып,
Айдалып атылсаң да арман бар ма?!»

деген жолдардан халықтың бақыты үшін күресті бәрінен жоғары санаған, осы жолға ерлерді күреске шақырған халқы шын сүйген отаншыл ақынның өр тұлғасын көреміз.

Кезінде Абай жырлаған толық адам, кемел адам қандай болуы керек деген сауал төңірегінде Мәшһүр Жүсіп те көп толғанып, жауап беруге тырысқан. Ақынның өлеңдерінде адамзаттық бойындағы ең асыл қасиеттер барынша әспеттеледі. Ақынның ұғымынша, нағыз адам – өз тағдырын халқының тағдырымен ұштастырған, халқына қызмет қылған, өмірін соған арнаған адам.

«Шын жақсы ішкі өнерін жасырмаса,
Халқынан бойын биік асырмаса.
Бәріне мұсылманның бауыр болып,
Аулаққа бойын тартып қашырмаса» –

деп жырлайтыны да сондықтан.

«Түгел адам болуға, талап қылсаң»,– нәпсіңді тый, өзіңді ғана емес, халқыңды да ойла, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен, білім-ғылым, өнер ізде деп өсиет айтады кейінгі ұрпаққа.

Қазақта «Шайтан азғырды» деген сөз бар. Осыған Мәшһүрдің берген түсіндірмесі назар аударарлық.

«Әй, жігіттер! Естеріңде болсын, шайтан... ол бір кесек нәрсе емес, бит пен бүрге сықылды бір жеріңнен денеге кіріп кететұғын. Өзіңнің денеңдегі арам қанның жүрегіңе барып құбылып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзатұғын шайтан да сол… Қан бұзылса, кісі бұзылады. Шайтан деген нәрсе өзіңнің ойың. Ой иесі шайтан жүрегіне неше түрлі ой салады. Бәрін өзіңнің бұзылған қаныңның күші салады. Олай болса, көп ішіп көп жеумен екі арам көбейеді. Бірі қарын кебежесінде, бірі қап… бірі күллі денеңді аралайтұғын қан. Бұл екеуі бойыңда толық болып тұрғанда басқан-тұрған жұмысыңның бәрі өзіңе у болғаннан басқа пайдасы жоқ. Құнанбаев Ыбырай марқұм айтты ғой:

«Өмір дүние дегенің ағып жатқан су екен,
Жүрген-тұрған жұмысың ойлап тұрсаң у екен», -

деп. Және бір сөзі:

– Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Өлсең сасық боласың боқтан тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі ол баяғы,-

дейді екен. Соңғы әулиелер адамды адам санына кіргізбей жүрген қарындағы бір қап… екенін білді де ішпек-жемекті аз қылды. Ол екеуі азайған соң, ұйқы бөлінді, сергек болды. Сонан соң күлкі кем болды. Денеде арам қан азайды. Арам қан азайған соң жүректі барып ұйытқытып бұзатын дәнеме табылмады… күш, құт алып, періште сипатта болды…»

Мәшһүр Жүсіп бұл жерде тіршілікте адамды бұзатын негізгі әрекеттерді барынша бейнелі түрде қолға ұстатқандай, айтып отыр. Діншіл Мәшһүр Жүсіп идеалистік тұрғыдан дейсіз бе, әлде жан-жақты білімдар Көпейұлы материалистік тұрғыдан дейсіз бе, қалай ойласаңыз да өз еркіңіз, бір нәрсе анық, ғұлама ақын адам бұзылуының қайнар көзін, негізгі себептерін дәл тауып айтып отыр. Әйтпесе, Жүсіп ақын Мәшһүр Жүсіп атанар ма еді. Не көп, қазақта ақын көп. Олардың ішінде Мәшһүр Жүсіптің атын аспандатып тұрған ақын шығармашылығының осындай ойға кемел терең ағысты тұстары болса керек. Бұл ақынның сопылық әдебиеттің негізін салған Қожа Ахмет Иассауидің әдеби дәстүрін ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі жалғастырушылардың бірі болғандығын да айта кеткен лазым.

Ақын осы мәселеге дүркін-дүркін соғып отырған. «Адам қалай қылғанда адам болады?»– деген сұрақ қойып, оған төмендегіше жауап береді: «Ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың мінезімен мінезденбесе, аш арыстан жүректі болып келсе, досы көп болып, дұспаны жоқ адамнан осы екеуінің жүрегі, білегі табылады» – деп бастап, одан әрі: «Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын. Зеректігі байғұздай болсын. Жүрісі маймылдай болсын. Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын… орнына қарай мінез қылсын. Сонда адам болып, адам қатарына кіреді» деген ой түйіндерін жасайды. Төрт түлік мал күнкөрісі болған қазаққа сол өзі күнде көріп жүрген нәрселерінің өзінен ғибрат алуға шақырады. Қарға мен сұңқардың, мысық пен құмырсқаның, түйе мен қойдың, жапалақ пен байғұздың тіршіліктеріне ой жіберіп қарап, солардан ғибрат алуға үндейді. «Ұшқан құсты торға түсіретұғын, жүгірген аңды орға түсіретұғын тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді»,– деп тұжырады өз ойларын.

М. Ж. Көпейұлы сөз өнерін аса қадірлеген. Бірнеше өлеңдерінде сөз құдіретін жырға қосқан. Сөзден өткір нәрсе жоқ:

«Тіл деген болат метін өткір келген,
Дал-дал қып қызыл қия тасты тілген»

Сөзден жұмсақ, одан нәзік тағы да еш нәрсе жоқ:

«Назым сөз бақшада өскен бау ағаштай,
Жасарып жапырақтары сүмбіл шаштай.
Аузынан кей шанбаздың шыққан сөздер,
Тойғызар ішпей-жемей ләззатты астай».

Ақынның ойынша, «адамның жай жүргенде бәрі бірдей». Айырмасы тек сөзінде ғана. Кей ақылды адамға қыдыр дарып, оның аузынан шыққан сөз гауһарға айналады. Сөз – «ұшсыз ұзын, түпсіз терең, таусылмас қанша шашсаң» да. Зерек адамдар ғана сөзден сөздің парқын айыра алады. Сен де сол гауһар сөзден өзіңе керегін алып, өмірлік қажетіңе жарата біл дейді ақын.

Ақын тағы бірде сөз өнеріне арнайы анықтама жазған:
«– Сөз өзі не нәрсе?

Сөз – адамның өнері. Өнер алды – қызыл тіл деген. Адамның ғазизлігі… сөзбен болады. Хайуан сөз өнері болмағаннан хайуан болды. Көңіл бір жатқан кеннің дариясы. Содан шыққан сөз жауһар. Ауыздан шыққан сөз – көмір. Тіл – бір болаттан жасалған өткір қанжар. Оның майдалап, уақтап жасап шығарып жатқанының бәрі – інжу. Көп адамның бір жерге бас қосқаны – бау-бақша жасалған сияқты. Соның ішінде сөз жеміс сықылды. Бұ дүние бір қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын ақиқат сөз. Сөз өліп қалған көңілді тірілтеді. Сөздің ізетінен адамның жаны рахат алар. Сөз жүгінің самалы хазірет жәбірәйіл ғалайса-лам болды. Сөз осал жүк екен. Тіс тізіліп орнында тұрғанда қандай? Жерге шашылса не құн қалады? Назымнан келген сөз орнында тұрған тіс сықылды. Қара сөз соның шашылып жерде жатқаны сықылды. Назым – әртүрлі жеміс шығып тұрған бау ағашы. Қара сөз көңілдің бау-бақшасында үлпілдеп тұрады. Жерге шашылды – қара сөз болды. Меруерт, маржан, інжу әбдіреде жатты – кім көрді. Тізілсе, жұрт көзіне түсетұғын болды. Қара сөз солардың әбдіреде жатқаны». Асыл сөздің керемет – қасиеттері барынша қарапайым, түсінікті бейнелі түсіндірілген.

Мәшһүр Жүсіп жалпы сөздің адам өміріндегі аса маңызды қызметін жоғары бағалаған. Адам тілінің адам өміріндегі негізгі мәселе екендігін төмендегіше түсіндіреді: «Жан бір асыранды құс. Дүние бір қапас. От, су бермесе, қапаста тұрып аштан өліп қалады. Оған қорек беру керек. Адам баласы қайдан тамақтан семіреді, адам құлақтан семіреді. Мұнан мағлұм болды, жақсы сөзге жан семіреді екен. Жанның керегі құлақ сүйсінерлік сөз екен. Адам тіршілігінде, денсаулығында құлақ сүйсінерлік сөз естуге талап қылып, тырмысу керек». Адамның хайуаннан басты айырмашылығы осы сөзде, яғни ойлаудың, сөйлеудің нәтижесінде пайда болған екінші сигнал жүйесінде. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп осы ғылыми мәселені нақтылы да ұғынықты түрде қарапайым тілмен түсіндіре алған.

Мәшһүр Жүсіптің мұндай жазбалары Абайдың қара сөздері іспеттес. Адам өмірінде кездескен түрлі құбылыстарды түсіндіргенде оның ғылыми негіздерге сүйеніп, қалың оқырманға жақын қарапайым фактілерді келтіре отырып жазатындығы байқалады. Осындай қасиеттер оның өлеңдерінен де көрінеді. Көптеген өлеңдер, поэмалар жазған ақынның поэзиясы көпшіліктің ұғынуына оңай қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Ақын өлеңнің сыртқы формасынан гөрі ішкі мағынасына, айтар ойына көбірек көңіл бөлген сияқты. Ұлы Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» десе, Мәшһүр Жүсіп «Жалғанда мен өлеңді қылдым ермек» дейді. Абай өлеңді өнер деп қараса, Жүсіп оған қатынас құралы, ойды, идеяны көпшілікке ұғындыру жолы деп қарап, сауаты төмендеу халқының түсінігіне ыңғайлай берген сияқты. Халқының қаріп халін жүрегімен сезініп, одан шығар жолды діни-ағартушылық бағыттан көрген ақын шығармашылығының жалпы дидактикалық сипатта болғанын да айта кеткен жөн.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ халқының өткен кездерде жасаған рухани қазынасын жинақтап, келер ұрпаққа жеткізуде тарихи еңбек жасады. Ол ел ауыз әдебиеті үлгілерін, билер сөздерін, түрлі аңыздарды, ақын-жыраулардың өлең-жырларын тарихи деректерді жазып алып, баға жетпес асыл қазына қалдырды. Оны іштей жіктейтін болсақ, төрт түлік туралы жырлар, тұрмыс-салт өлеңдері, жоқтау, аманат, бата, қара өлең, өтірік өлең, тақпақ, билер сөзі, аңыздар, ертегілер, айтыстар, батырлар жыры, ақын-жыраулар мұрасы, т.б. деп түрлерге бөлуге болады. Біздің бүгінгі ауыз әдебиетінің үлгілері деп мектеп, жоғары оқу орындарының оқулықтарына енгізіп жүргендеріміздің дені осы Көпейұлының «Месінен» алынғандығын біразымыз біліп, енді біреулеріміз білмеуіміз де мүмкін. Ал ауыз әдебиетін, әдеби мұраны зерттеушілеріміздің бір де бірі Мәшһүр Жүсіп жинаған әдеби-фольклорлық мұраға соқпай өте алмайды десек артық болмас.

Мәшһүр әдеби мұраларды жазып алғанда аса мұқияттылық танытқан. Ол «сияның құрамына мышьякты қосып, зауытпен жазамын. Сонда менің қолтаңбамнан ешбір жазу көрінбей қалмайды және өшпейді»,– дейді. Жазып алған дүниелеріне түсініктер беріп отырған. Мысалы «Ұлбике мен Күдері қожа айтысына» «Қайымдасу кімнен басталды» деген алғысөз берілген. Онан «Қайым деп екі ақынның айтысқан өлеңін айтады екен. Сонда қайым өлеңінің ілкі басы Күдері қожа мен Ұлбике қыз айтысқан» деген мәтінді оқимыз. Сол сияқты «Ұлбике мен Жанкелдінің айтысқаны», «Қыз бен жігіт», «Ақбала мен Боздақ», «Шөже мен Балта» айтыстарына да түсініктер беріп отырған.

Ал жинаушының ертегі деп ұсынған «Алтынбас-Күмісаяқ ғашық болған» өлеңмен жазылған кішігірім дастан іспеттес. «Еңсегей бойлы ер Есім ертегісін» тарихи аңыз деген дұрыс. Ақынның «Сайын батыр» атты көлемді батырлық жырын Мәшһүрдің өзі жырлаған нұсқасы деп қараған жөн.

Ақынның екі томдығының соңғысына Жанкелді, Мәделі қожа, Шернияз, Бұхар жырау өлеңдері кіріпті. Әр ақынға, өлеңдерге қысқаша анықтамалар беріліп отырған. Бұхар жырау туралы «Орта жүз арғындағы төртуыл Қаржас Алтын торыдан шыққан Қалқаман батырдың баласы Бұхар жырау атанған қария 93 жасында Абылай ханның алдында жыр толғаған. Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Бір сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен. Бұл Бұхарекең Абылай ханға айтқан екен: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым. Сен оның түстігіне де жарамайсың» деп. Абылай хан жорыққа атанбақшы болса, Бұхарекеңді алдырып, жұлдызың оң ба деп, айдың, күннің сәтін сұрайды екен. Сәде көріп беріңіз дейді екен. Сары бура келіп, сенің туыңның түбінде тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды десек, сол айтқан жағыңа бет алып аттанса, шауып жаншып алып келеді екен. Жоқ Сары бура келгеннен туыңның түбінде шөгіп мойнын жерге жабыстырып, жатып алды десе аттанбайды екен»,– деген жолдарды оқимыз. Қысқа ғана мәтінде Абылайхан туралы қаншама деректер берілген.

М. Ж. Көпейұлының өлеңдері алғаш рет 1907 жылы Қазан қаласында Құсайыновтар баспаханасынан «Хал- ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» деген аттармен үш кітабы бірдей жарық көрді. Бірақ та кітап патша үкіметі тарапынан халыққа зиянды деп табылып, елге таратылмайды. Авторы қуғынға ұшырайды. Кітапты басып шығарғаны үшін Құсайыновтардың баспаханасына 12 мың сом айып салынады. Сол қудалау кешегі кеңестік кезеңнің өнбойында жалғасты. Кеңес өкіметі жылдарында Мәшһүр Жүсіптің өлеңдері кітап болып басылмақ түгілі, оның атының өзі аталмайтын, атала қалғанның өзінде халыққа зиянды адам ретінде көрсетілді.

Соғысқа дейінгі дәуірде М. Ж. Көпейұлының есімі мүлдем аталмайтын. Соғыстан кейін де осы кебінді киді. 1940-50 жылдарда Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті «буржуазияшыл ұлтшылдықты» әшкерелеуге бағытталған бірнеше қаулы қабылдағаны белгілі. Солардың денінде дерлік М. Ж. Көпейұлының есімі кертартпа, ескішіл, діншіл ақын ретінде сыналып отырды. Мәшһүр Жүсіптің реакцияшылдығын «әшкерелеуге» сол кездегі баспасөз айтарлықтай «үлес қосты». Солардың бірі «Социалистік Қазақстан» газетінде «Көпеев – ұлтшыл, діншіл ақын» деген мақала да жарияланды.

Мына қызықты қараңыз: осы мақалаға арнап Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті 1952 жылдың 10 желтоқсанында үш пункттен тұратын арнайы қаулы қабылдапты. Оның біріншісінде Мәшһүр Жүсіптің әдеби шығармашылығы буржуазиялық ұлтшылдық, діни мистицизм рухында болғанына қарамастан әлі күнге дейін жөнді сыналмай келе жатқандығын ескере отырып, Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті Қонаев жолдасқа Академия ғылыми қызметкерлерінің күшімен Жүсіп Көпеевтің әдеби қызметінің реакцияшыл бағытын әшкерелейтін материалдар дайындап, оны республикалық баспасөз бетінде жариялау тапсырылсын делінген.

Екінші пунктінде Павлодар облыстық партия комитетіне дінге қарсы насихатты күшейту, оның ішінде Мәшһүр Жүсіптің әдеби көзқарасының реакцияшыл, діни болғандығын, ал Көпеевтің моласын оның баласы Фазыл мен жергілікті молдалар діни мақсатқа пайдаланып жүргендігін жергілікті халық арасына кеңінен түсіндіру міндеттелген.

Соңғы үшінші пунктте Павлодар облыстық партия комитетінің Фазыл Жүсіповтің мұғалімдік қызметтен босатылғаны жайлы хабарламасы ескерілсін деген.

Бұл, фактілерден Мәшһүр Жүсіптің патша өкіметі кезінде де, коммунизмді орната жаздаған социализм тұсында да қуғын көріп, бағы ашылмағандығы көрінеді. Қазақ халқы егеменді ел болған соң барып Мәшһүр Жүсіптің жұлдызы жарқырай жанды. Елім деп еңіреп өткен есіл ерді туған халқы қастерлеп, аспанға көтеруде. Өйткені әр адамның өмірдегі орны халқына еткен қызметімен өлшенеді. Халқы үшін қасірет шегіп, қайғы жұта жүріп, ұлттың рухани азығы сөз маржанын тізіп, інжу-гауһарын теріп, болашақ ұрпақтарға мұра етіп қалдырған Мәшһүр Жүсіптің есімі қазақ деген халық өмір сүріп тұрған кезде өшпейді. Артына мол асыл қазына қалдырған әулие ақынның әдеби мұрасын зерттеп, оны күтіп отырған оқырмандарға жеткізу бүгінгі Мәшһүр Жүсіптанушылардың абыройлы да, ардақты міндеттерінің негізгісі болып қала бермек.

Осыдан жарты ғасыр бұрын отаршылардың арам ойы жүзеге асып тұрған кезде ресми биліктің «көзі мен құлағы» болған «Социалистік Қазақстан» газетінде «Көпеев – ұлтшыл, діншіл ақын» деген мақала жарияланып, Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығын еңбекші халыққа жат деп танып, күшпен қудалау басталды. Ұлтын, халқын сүйгендерді ұлтшыл, имандыларды басы апиынмен айналғандар деп білген космополиттер, дінсіздер билеген заманда «ұлтшылдықтан», «діншілдіктен» артық айыптау болмайтын.

Расында да олардың М.Ж.Көпейұлын «ұлтшыл», «діншіл» деп отырғаны рас- тұғын. Империялық саясат жүргізіп отырған елде әрбір ұлт өкілінің өз ұлтын, дінін сүйе білуі сияқты асыл қасиеттері олардың өктемшіл саясатына сыя бермейтін. Қазір басқа заман. Тәуелсіздігімізді алған тұстарда адамзаттық құндылықтарды бағалаушылық мүлдем басқаша сипат алып отыр. Ұлтын, халқын сүюшілік, соған қызмет етушілік, өмірін арнаушылық адам баласы саналылығының ең жоғары сатысы, ең асыл қасиеті саналады. Ал діншілдік болса, адамзаттың бойындағы адамгершіл қасиеттерді, өмірдің не бір қиын өтпелі соқтықпалы жолдарында жоғалтып алмай, адамды адам қалпында сақтап қалып отыратын бірден-бір қасиет. Ұлтын сүйген, адамгершілігі жоғары иманды адамдар ғана халқына адал қызмет етіп, гуманистік идеяларды жүзеге асыра алады.

М. Ж. Көпейұлы – осындай биіктерден көрінген ұлы гуманист.

Тапсырма:

  1. Діни ағартушылық бағыттағы ақынның негізгі тақырыбын атап, әлемдік руханиятқа, әдебиетке қосқан үлесін, жалғастығын, сабақтастығын сарала.
  2. Мәшһүр Жүсіп жырлаған кемел адам бейнесінің жаңаша, өзі өмір сүрген уақыт қалпымен таразыла. Бұған дейінгі (Баласағұн, әл Фараби, жыраулар т.б.) және кейінгі шығармашылықтағы ақын кейіпкерінің жалғастығына мән бер (мысалы, М. Шахановтың «Жарты адамы» т.б.)
  3. Қазақ әдебиетінде Иассауи дәстүрін, яғни XX ғасырдың басында ақын Мәшһүр Жүсіптің сопылық әдебиетті жалғастырушы болғанына шығармаларымен дәлелдеме жаса.
  4. М. Жүсіптің сөз құдіретін танытқан жазбаларының жанрын жіктеп, әдебиеттану, әдебиет теориясынан алған білім негізінде практикалық дәлелдеме талдауын жүргіз.
  5. «Мес» жинағындағы әдеби мұралардың ішінен ақынның стилі айқын тұрған шығармаларға топтама жасап, Мәшһүр Жүсіптің ойөрнегін танытатын сөз кестесін айқында.