Қазақ әдебиетінің жанрлық нысандары әрбір шығарманың мазмұндылығынан, оның әдебиеттану және эстетикалық мәселелерінің теориялық тұрғысынан жіктелінеді. Сондықтан Мәшһүр Жүсіптің дін тақырыбы аясында көркемдікпен өрнектелген туындыларының жанры синкретті болып келетіні қаралды.
Мәшһүр Жүсіп шығармашылығындағы жаңа стильді және баяндау түрлері мен құрылымдарды, сол арқылы қазақ әдебиетінің жалпы мәдени кеңістіктегі әлемдік әдебиетпен өзара эстетикалық байланысын қарастыру үшін төмендегі шығармалары алынды:
«Ғалының тағлымы» – аңыз хикаят. Әрқайсысы төрт тармақты 32 шумақтан тұрады. «Ғалының тағлымы» әулеттік мұрағаттан алынған.
Мәшһүр Жүсіп өзі өмір сүрген кездің тіршілігінен айтқан ғибраттық көркем ойы қазаққа таныс Ғалының кейіпкерге айналуымен тамаша дүниеге айналған. Ақын өмір сүрген ортада бірін-бірі түсініп болмайтын жат қылықтар өрбіген еді. Ол «халық жауы» аталған қолдан жасалған дінсіздік жайлаған, ертеңінен қорықпаған, «судың сұрауы боларына» мән бермеген парықсыздарға ескертпе болатын. Қараңыз:«Ойласаң, менменшілік – Тәңірім қасы: Кез-келсе маған,- дедің – жер тұтқасы, Төңкеріп дүниені жіберер ем, Қаңбақтай болар маған бар нұсқасы!». Бүгін қандай билік қолыңда болса да, ол дүниенің барлығы емес дегенді ишаралап: «Ол талыс – дүниенің төрттен бірі»,- деген байлам түйген. Кейіпкері ер Ғалының түгі қалың жүрегін шошытқан бес оқиғаны баяндайды. Басқа халықпен араласқанда жақсысын емес жаманына еліктесең мынадай күйге ұшырайсың деп өз бақылауын асыл сөзге жүгіндіртеді: «Ішіп-жемей, өзінен қызғаныш қып, Ұрлыққа қиянат пен ұста болар». Ақынның ислам дінінен тайса ғана ұрпақ азарына көзі жеткенін: «Ақырғы үмбетімнің балалары, Ананың құрсағынан туа шулар!»- деп бейнеленуінен дәлелдеуге болады және де «ақырғы ұрпаққа» жете қоймасына аңыз хикаяттың кейінгі соңғы шумақтарында үміт еткені байқалады. Дінді-салтты құрметтемесе, тіпті ардақты ана есімі былғанатыны айтылады: «Болмайды беттерінде титтей ары». Мұның кескін-келбеті суреттей жырланған: « Жыландай тиген сайын, қарсы өрлеп, Түнерген бұлтты түндей ашулары»,- теңеулері арқылы дәл жеткен. Заманның мың құбылуы адамның пиғылынан: «Күнәһлы жалғыз Алла қылмас болса»,- деуінде адамның шалыс баспас кезі болмас, оны әрдайым түсіне білу керек деген көзқарасы байқалады. Сондықтан не нәрсенің де қайтып оралар түпкі қазығын айқындайды: «Құдай – бір, Құран – шын, пайғамбар – ақ». Ғалының тағлымын айта отырып қазақтың ұстанар тура жолын көрсетеді: «Дінді тап, білімді тап, дүниені тап». Бұл ақынның өзін де, өзгелерді де сақтандырып, аңыз хикаяттық көркемдікпен жеткізген заман шындығы еді. XX ғасырдың зұлматтарын болжай алған, сезінгенін тілмен өрнектей алған шеберлігі десек жөн болады. «Ғалының тағлымы» оқылуға жеңіл, ғибраты мол, аңыздық элементтерден, өнегелік диалогтардан құралған сәтті туынды. Аңыз хикаят мағынасы терең философиялық шығарма болып табылады.
Өлең басылымы ақын шығармаларының 10 томдығының 4 томында (Павлодар, 2003, 311-315 б.) жарияланған, мұнда Сұлтанмахмұт (Шолтым) Иманмәделі, Әшім Қарақызұлы, Төлепберген Алдабергенов жазбаларымен салыстырылған нұсқасы берілген.
«Ғылым және дін» – философиялық шығарма. 1914 жылдың 30 наурызында жазылғаны туралы мәлімет «қазақ философы Көпеевтің тахрирінен» деген өз жазбасынан алынды.
Философ Мәшһүр Жүсіп 61 жасында діннің арабша жазылғанынан да, қазақша ұғымен де, орысша түсінікпен де салыстыра отырып пайымдаған және не мақсатпен өз пайымын қағазға түсіргені жөнінде: «Менің сөзім ғақылыңа сыймаса: «Осы менікін қылсаң да қыласың, қылмасаң да, қыласың!- деп, мен бұйрық иесі емес, аңғартушымын»,- деген. Көп оқығаны, өмірден көріп тоқып, көңілмен саралағаны бар Мәшһүрге дін мәселесін ғылым тұрғысынан талдап-жіктеген өзекті ойлары Абай дәстүрімен бала оқытушы молдалар, сол сияқты молданың сөзін хақ деп танитын қарапайым халықтың бәріне түсінікті болсын деп жазғаны шығарма тілінен байқалады. Құран Кәримнің аяттарының ішінде садақа жөніндегі түсініктерді таратып айтып, дұрыс бағасын ғылым бағытымен жетелейді. Мәшһүр садақа, зекет дегеннің не екенін Құранның аятымен, әрі оның жүзеге асуы білген-түсінгеннің қорытқан қабілетімен болатынына тоқталған. Садақаны қолдан дайын бере салудың пайдасыздығын, ең болмағанда отын әкелуге жарап тұрса, соған жұмсап, ақысын төлеуді аяттан мысал етеді. Бәрін жинап, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келетін болсақ садақа берудің өзі білімдарлықты, парасаттылықты талап ететін шаруаның бірі екеніне көзің жете түседі. Қараңыз, ойшылдың пайымдауларынан мысал алайық: «Дәуріш сол: берсе, тастамайды; бермесе, қақсамайды; көбейту жаһытында болып, дүние жинамайды. «Дәуірішке бер!- деген болса, тәліп ғылымнан- дәуріш кім бар: міскін, үйсіз-күйсіз, баспанасыз?! Шаһардан-шаһарға, қырдан-сырға, ойдан-қырға ғылым үшін қаңғып жүрген тәліп ғалымнан артық: үйсіз-күйсіз, құнсыз, пұлсыз кім болады?!» және де «бір күн, бір түндік ішіп-жерлігі болған жанның тіленшілік қылуы харам»,- деген. Жалпы осы философиялық шығармасының мәні түпкілікті зерттеулерді күтіп тұрған мәселе. Өйткені құлаққа сіңісті болып көнеден келе жатқан салтқа бір қарағанда қиғаштау тұрған секілді болады. Нақтырақ айтсақ: «Жеті түрлі кісіге бер,- деген емес. – Бір өзінің қарақан басынан жеті сипат табылғанға бер!»- деген»,- пікірімен дәлелдейміз. Ондай ойға қалай келгеніне бойлан енсек мынадай уәж айтқан: «Ғылым үшін ішер ас, киер киім, тұрар орын таба алмай, кітап, қағаз, қарындашқа, қалам алуға мұқтаж болып жүрген тәліп-ғалымнан борышқор кім өтеді?!». Осылай себебіне назар салдырып алып, оның өмірдегі қолданысына ықпал етуді де қаперінде ұстаған: «Құдайдың сыбағасын ... ынталы көңілі, шын жүрегі Құдайдың өзінде жүргенге бер! Құдайдың не екенін білмейтін бір наданға, иә дүниеқор қуға, иә не орынмен жүргенін жан білмейтін айдалада біреуге бергенің құр босқа далаға кетеді!». Садақаның жай ғана дін салты болып қалмай қоғам өміріндегі роліне ерекше көңіл бөлгені байқалады: «Жол баласы үшін үй әзірлеу шәкірттер үшін- мектеп, медреселер салу»,- деп оны қадистен дәйектейді: «ғылымды өсіру хақында ашылған игілік орындарға зекетіңіз не һәм беруіңіз!»- деп, Құдайым өзі айтып тұр». Мемлекеттік тұрғыда экономикалық, саяси, әлеуметтік тақырыптарды қозғаған: «Құдайға жуықтасу, жақын болу ниетінде болса: бай-малыңды; жоқ, жарлы- жаныңды ғылым, білім жолына жұмса». Сол заманда да, қазіргі кезде де өткір тәрбиелік мән былай тағлымданады: «саф жауһардай сәби балаларды хурез пікірлі, таза жүректі тағылым, тәрбие алған, үлгілі, өнегелі, жаңа медреседен шыққан инабатты, ажар, тілі жас мұғалімдерге тапсырыңдар!». Мәшһүр Жүсіп Дінді ғылым деп танып, Ғылымды дін арқылы таратуды жөн санаған және ғылым түрін анықтаған да, екі түрді дінді түсіндіруге жұмсау керек деген мақсаты болған: «Пендеден пенде сабақ алып, көзбен көріп, тілмен оқылатұғын оқуды: «Ғылымқал»- дейді. Көңілден көңіл сабақ алатұғын бір жол бар: оны «Ғылымхал»,- дейді». Садақа ұғымына түсініктеме берудегі ойдың өзін кең тұрғыда жинақтап, тұжырым жасаған: «Құдайдың өзін тану, білу қандай қиын болса, сөзін тану, білу сондай қиын. Бұрынғы аят жұмбақ есепті, соңғы аят- оның шешуі».
«Жан ғалым» – Мәшһүр Жүсіптің ғалымдықтың үш түрінің белгісін көрсеткен көзқарасы, соның үшіншісі. Жазба Мәшһүр Жүсіптің әулеттік мұрағатынан алынған.
Ақын ғалымды үш түрлі дей келе, былай бөледі: нан ғалым, тән ғалым, жан ғалым. Әрқайсысына анықтама берілген. Нан ғалымның оқыған оқуы, өмір бойы білгені қарынның қамына жұмсалады. Тән ғалымның білімі қара сөзбен құр мас қылуға ғана жарайды, онысымен қоймай екі кісінің басын қоспайтын араздықты сүйеді, мақтаншақтыққа рәсуә етіледі. «Жан ғалым» – Мәшһүрде «Алла тағаланың фазыл уа кәррәміне алынған пендесі» делінген. Мұндай ғылым иесі атақпен, пайдамен, өзін-өзі дәріптеумен жұмысы жоқ. Халыққа тигізер сауабы бар «Каламмалланы» мағынасына сәйкес терең меңгеруге ынталы болады. Басты ұраны – «Он сегіз мың ғаламды жаратушы Құдай». Мәшһүр «Жан ғалымда» ғылым, білім мәні осындай кісіден табылатынына назар аудартқан. Қазақ балаларын осы үлгіде болуға шақырады. Ойлаған мақсатқа тез жеткізетін алдымен сауат ашу болса, одан кейінгісі жан ғалымның жолына түсу деп атап айтады. Оқу дегеннің негізі құр ынтадан тұрмайтыны, оның жөні ғылымды түсінуі деген пайым айтқан. Ақынның өзі 1887 жылы 29 жасында тоғыз ай болған алғашқы сапарында Ташкент, Бұқараға барып шығыс мәдениетімен танысып, діни білімін көтерген. 1894 жылы екінші рет 36 жасында Орта Азияға барған. Ә.Тәжібаев пікірінше: «он төрт жасынан он төрт жыл бойы Бұқара қаласындағы Көкілташ медресесінде оқыған Көпеев Орта Азиядағы араб, парсы тіліне жетік білімдарлардың бірі боп шыққан»,- дегенін ескерсек жан ғалымдықтың еңбекпен келетіні байқалады. Ақын өзі басынан өткерген білім жолын, ғылым мұхитын сараптаудан өткізіп барып, Шығыстың жеті ақынын, орыстың В. Белинский, Л.Толстой, М. Салтыковын т.б. туған халқының жауһарларымен қоса сіңіріп қорытқаны танылады. Өзі насихат еткен «Жан ғалымына» тән белгілер ғұламаға да қатысты екеніне қазіргі кезге дейінгі ел құрметі мен мұралары дәлелдейді.
Алғашқы басылымы ақын таңдамалысының екінші томында (Алматы, Ғылым, 1990, 160-191 б.) және 10 томдықтың 8 томында (Павлодар, 2003, 274-275 б.) 73 мәтін Сарыарқа тарихы (1 үлгі) ҚПЖӘМ деп берілген. Бұл үлгі ф.ғ.д. Н. Жүсіповтің даярлауымен (Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1994 жылғы № 4, 111-124 б.) жарияланған.
«Қажыларға» – тұлғалар жыры. Әрқайсысы төрт тармақты 68 шумақтан тұрады. Туынды Мұхаммедфазыл көшірмесінен алынған.
Ақынның: «Жас аққан көзімізден біз бір мұңлы»,- тармағындағы бейнелеуде «жас аққан көзімізден» тіркесі – діни ұғым, «жылау» сөзінің мағынасы. Құранда, сопылық әдебиетте бар «жылау» мәні Абайда және одан кейінгі ақындарымызда кеңейіп дамытыла түскен. Абай «көз майын ағызайын» дегенді қолданған, жылаудың сарқыла-сарқыла, шаршауға ұласуы сомдалған. Құранда түсірілген аятта Алла алдына барғанда мұсылман баласының төгілген көз жасы жиналып, періштелердің тозақ отына шашу құралына, сол арқылы жәннат төріне көпір жасайтыны баяндалады. Діни түсінігі мол, шариғаттан сауатты ақындардың қолданысындағы «жұмаққа апарар судың» мәнісінің орны ерекше.
Мысалы, Мәшһүр Жүсіптің:
Арман жоқ көрсем барып тамашасын,
Басында әр мазардың оқып Ясин.
Насихат мадақлардың сөзін естіп,
Ағызсам екі көздің қанды жасын!- деген келесі бір өлең өрнегінде де жанға
дауа болсам деген арман жатыр.
«Қажыларға» атты өлеңде мұсылманның бес парызын орындау уақытында дүние салып, Аллаға жақындауын Мәшһүр Жүсіп зор мархаббат санаған. Сол жолда дүниеден өткен қажылардың атын атап, түсін түстеп, мінез-құлық портреттер галериясына мінездеме жасаған: «Мал-жаннан түгел безіп шейіт болған, Қадірлі өңшең қабылан, жолбарысым! Ұнатып өзге өнерден молдалықты. Сарып қып дүние шашып барған қажы, Билік пен керек қылмай болыстықты», тағы сол сияқты: «Ерлерді айт қажы барған дүние шашып, Балықтан Нами шыққан жұрттан асып. Жаралған шын – ақ темір, болат екен, Өліпті байлығына құп жарасып», тіпті әсірелей түскені мынадан байқалады: «Таппаса керек қылып іздеп біреу, Бармайды көшкен жұртқа ит те қайтып». Сондай-ақ асыл ерлердің бұл дүниеде жоқ екендігіне өзегі күйеді: «Өртеніп өз-өзімнен от боп күйдім, Қалған соң есіл ғылым текке кетіп». Өлеңде ақынның өзі теңдес замандастарынан айрылуы: «Бұлбұл құс Гүлстаннан айрылған соң, Бағасы болмайды екен торғай құрлы»,- деп бейнелеген. Жалғыз қалған ғұламалық сусыз шөл даламен бірдей екендігін, дананы дана танитындықтың бағасын тамаша өрнектелген: «Қадірлі түп ағашы ұжмақта да, Апарса басқа жайға болар отын».
Тұлғалық жырдың нақты қажы адамдар туралы азды-көпті мәліметі болғандықтан шежірелік те сипаты бар. Туындының ерекше бір маңыздылығы ақын заманында жабық тақырып санатында болғандығы. Қажылардың қудалауға ұшыраған кер заманында ақынның бұл жырды мейлінше сүйіспеншілікпен ашық дәріптеп мадақтағанына, асылға бағалағанына қарап ыстық жүректі азаматтығы танылады. Тарихи мұра, тұлғалық көркем шежіре ретінде құндылығы бар.
«Қыз жұмбағының шешуі» – еркін үлгідегі шығарма. Проза тілімен 1905 жылы жазылған. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.
Қазақтың тума таланттық дәстүрінде жұмбақ қоюшы мен оны шешушілердің өзіндік тарихы бар. Олар түрліше жағдайда дүниеге келіп, түрліше жанрда дамып отырған. Сондай шығармалардың бірі – «Қыз жұмбағының шешуі». Ерекшелігі – халық қазынасын қастерлеген, зерттеп-жинаған автордың жұмбақтың шешуін көркем мұра түрінде қалуы. Әруақытта жұмбақты құрастыру да, оны одан жоғары деңгейде шешу таланттылықтың бір белгісі. Мұндағы Батпаның жұмбағы да, оны философиялық түйінмен шешкен Мәшһүр Жүсіптің қиялы да ғажап өнерді паш еткен. Екі бөлім, бірі – жұмбақ үш жаңа ой қазығын байлау ете жұмбақталған. Шешуінде – үш бала, үш көл, үш балық, үш қазан, үш пышақтың жұмбақталуынан ғана сыр іздемей, оған қоса жұмбақта берілген әрбір сөздің астарына үңіле, дүниетанымдық мән берілген. Негізгі тоқтаған мәселесі мынадай: Абай жырлаған «дүниеге жылап келіп, жылап кету». Дүниеге келеріңдегі жалаңаш күйіңнің, өмірден озарыңда да қайталанарына көңілдің еш сенбеуі айтылған. Жұмбақта қазақы санаға тән, ұлттық өрнекті сөз қиюластырылған: «Суы жоқ көлден жаны жоқ балықты алып, шиі жоқ үйдің ішінде отырып, түбі жоқ қазанға асып жедім, сабы жоқ пышақпен кесіп жедім. Қарыным қабақтай, бұтым таяқтай болды. Сөйтіп отырып, отырған үйімнің жапсарынан шығып кеттім. Есігі ойда да жоқ»,- делінде, Мәшһүрдің шешуінде: «Құдай жолына басын құрбандық қылып, өлімді ойлап, жақсылық жолға шығып, сол жолда жүріп өлгендер. Әнеки, үйдің есігінен шыққан солар. Үйде жатып өлгендер есік ойында жоқ, жапсардан шығып кеткен есепті»,- деп қазақы ойлаудың тамаша жан-жақты танымдығын көрсеткен.
Ақынның бұл шығармасы туралы Е. Жүсіпов: «астарлау, сөз қолдану ерекшелігі оны проза ауқымында ғана қалдырмай, поэзияға тән ерекшеліктерге ұмсындыруымен де ерекше әсер қалдырады»,- деген пікір білдірген.
«Нұх кемесінен кейінгі әңгіме» – прозалық шығарма. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.
Мәшһүр Жүсіп естіген, оқыған аңыздардың желілерін електен өткізіп, жылдың басы, саналуы, атаулары, оның мәнісі деген тақырыптарды көркем ойлы сөзбен жиектеген, құр баян етпеген. Естіп-білген, тоқығанынан бір тұжырым жасаған. Қазақ арасында осы мәселенің төңірегенде қандай қатыстықты дәрежесін зерделеген. Сол түйінін көркемдеп жеткізген. Бұрынғы қазақ жылдың өтуін астрономиялық атаулармен таразылаған. Малмен байланыстырған. Бұл туралы көптеген ақындар жазып қалдырған. Ал, Мәшһүрде оның солай болуына назар салған. Ақын: «Қазақ айдың, күннің өткен, кеткенімен жұмысы жоқ. Көріп тұрған күнің не күн екенін мыңнан біреу-ақ біледі. Қазақша айдар қойылып, ат тағылған ай аты жоқ»,- деген. Санаудың қазаққа тән түріне нақтырақ дәлелді тоқталған: «Біздің қазақ Айды да білмейді, жұлдызды да білмейді, жылды тоқсан болғанда: «Жер мұз»- дейді»,- деп жақсы белгілеген. Әсіресе, дауыл, бұлт, желдің санау ұғымына сіңісе кіріккенін бақылаған. Оның негізі бар деуге болады, өйткені қазақ ақындарының сөз қолданыстарынан көптеп табылады. Абайды алып қарасақ, «желтоқсан мен сол бір екі ай» деп тоқсан шамасымен, яғни қазақтың өзіне тән күн санауымен сөз безендірген. Осы бақылауларын Құранмен, сонымен қатар көбіне орыспен араласқандықтан Библиядан қараған және: «число есебін солар айтып жүреді»,- деп тіршілік сипатымен де қосақтаған.
Сөз басын Нұх кемесінің судан шыққанынан кейінгі жыл санаудың аңызы бойынша бастап алып, «Наурызға» тоқталуының аңыздық белгісі сақталған. Алайда толық аңыздық құрылым емес. Бұл шығарма томдықта алғаш жарияланып отырғандығынан зерттеушілер көзіне кеңінен түспегендіктен хикаяттан гөрі, таласты болғасын баяннама жанрына жатқызылды. Жанрлық бөлінісі синкретті.
Шығарманы әзірлеп, томдықтағы ғылыми түсініктемесін жасаған т.ғ.к., шөбересі Л. Жүсіпова аталған шығарманың аңыз, болмаса ақиқат екенін болашақ зерттеулердің үлесіне қалдырады.
«Өтеміс абыз» – тұлғалар жыры. Әрқайсысы төрт тармақты 11 шумақтан тұрады. Туынды Жолмұрат, Мұхаммедфазыл көшірмелерінен алынған.
Бұл өлеңді оқығандағы қызықтылығы сонша, ақын реализмді романтизмге ұштастырған. Романтизм қазақ әдебиетінде Мәшһүрмен байланысты көп айтыла бермейді. Мәшһүр Жүсіп В. Белинский, Л.Толстой, М. Е. Салтыковтар туралы оқып, пікір білдірген. Байрон жөнінде Белинский: «Байрон шығармашылығы көптеген ұлттық әдебиеттердің дамуына қозғау болды»,- деген пікірі негізінде айтарымыз, Белинский арқылы романтик ақынның шығармашылық тәсілдеріне қанық болған. Өйткені, Ш. Сәтбаеваның пікірі бойынша қазақ оқырмандары Байронмен 1930 жылы ғана таныс бола бастаған. Десек те, Мәшһүрге таныс шығарманың бірі М. Абайұлының «Медғат-Қасымымен» Байронның шығыстық сарында жазылған поэмаларының үндестігі бар екендігін ескерсек, романтизм элементі қазақ әдебиетіне XIX ғасырдың соңына қарай ішінара болса да жат болмағандығы дәлелденіп тұр. Байронмен қатар, реакциялық романтизмнің өкілдері – Гюго, Шелли, Жорж, Санд, Мицкевичтер аталады. Қазақ әдебиетінде романтизм үлгісі – Мағжан Жұмабаев туындылары. М. Жұмабаевтың орыс, батыс ақындарының романтикалық ізденістерін дамытып, оған ұлттық нақыш сіңіре өрнектегені ақындар үшін үлкен мектеп болды. Мәшһүр Жүсіптің өз қолымен жазылған (8 папка, 18-19 б.) Мағжан Жұмабаевтың «Дін үйреткенге» өлеңінің 7-ші шумағынан басқа мәтіні сақталған. Мағжанның шығармасымен салыстырғанда бірнеше айырмашылықтар бары көрсетіліп, түсініктеме жасалып осы өлең Мәшһүр шығармаларының жинаушы еңбегі ретінде 7 томында басылған. Мәшһүрдің де, Мағжанның да аталған өлеңдеріндегі имандылықтың қазақ халқының бағы, ары, тіпті еркіндігі деп бағалағаны жағынан үндестігі мол. Мағжан: «Үйретіп, «Дін!»- деп,- құлдық, қорқақтықты, Қандай құл бізге молда бола қалды?!»- деп астарлы түрде «жаңаша дін үйретушілерге» қарсылық қаруын жасаған. «Дін үйреткенде» ақынның жан айқайы бар: «Кешегі арыстандай айбыны зор, Жүректі жолбарысты қайраты мол,- Айырып ар-намыстан, күштен, естен, Кім қылды шала-жансар бір қорқақ құл?!». Екі ақында көркем бояу айшықтары түрліше болғанмен, идеялық жақындықтары байланысты деуге болады.
Мәшһүр өлеңіне қайта оралсақ кейіпкер Өтемістің абыз атануының жырдағы өрнегінен тамаша бір жарқын сәуле төгіледі. Екі қойын пұл қылып сатуға жолға шыққанда намаздыгер уақыты болады. Намаз кезінде қойларын қасқыр қуып кетеді. Сондағы Өтемісті: «Бойында шарапаты бар адам екен, Намазын оқи берген тіпті бұзбай»,- деп бейнелепті. Жұрт бұл қылыққа күлсе де «намаздың шарапатынан»: «Оралып, екі қойға, қосақталған, Қалыпты қасқыр өліп, есті кепті!»- деп болған іс сәтті аяқталған. Міне, реализмнің романтизммен ұштасуы немесе ұшқыны бар деген түйін осыдан пайымдалды.
«Өтеміс абыз» – адалдық, парасаттылыққа деген құштарлықты оята алған. Өтеміс абыз үйіне жентке түскен ұрыға да жаны ашып: «– Оянса, қатын саған азап салар, Шырағым, кім болсаң да, епте!-деген»,- шын тілеумен ниеттенген.
«Пайғамбардың соңғы тілегі» – аңыз өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 60 шумақтан тұрады. Туынды Иманғали жазбасы бойынша алынған.
Ақынның аңыз рауаятында қазақтың халық даналығында, ғұламалардың өсиетінде, ақын-жырауларының мұраларында қалдырғандай «Ұлық болсаң, кішік бол» тәлімі сөз етілген. Мәшһүр Жүсіптің аталған аңыз өлеңінде осы тақырып діни көзқараспен көмкерілген, әсіресе автор диалогтық бейнелеу құралына негіздеген. Өлең бірден кейіпкер пайғамбарымыз Расулдың сенімді досы Біләлға өзінің халқына ақырғы өсиетін тыңдауға жиналуына бұйрық етуінен басталғаннан алпысыншы шумағына дейін диалогтық сипат ерекшеленген. Аңыз элементі Мәшһүрдің айтайын деген ойының негізгі қазығы ретінде пайдаланылған. Түйіні: ақын адами қасиеттердің ең тамашасы – сабырлылықты өлеңге арқау еткен. Мәшһүр Жүсіптің: «Менен соң залымдардан хакім болып, Әр түрлі жәбір істі қылғай саңа, Алланың тағдырына мойынсұнып,Залымына тұрыңыздар сабыр қылып»,- деген көркемдеуінің астарынан ақынды қоршаған аласапыранды дүниенің келешегінен берілген хабар пайымдалды. Не нәрсенің де соңын күтіп, сабыр сақтасаң: «Дүниеден дін иманын аман етіп»,- деп өзі жырлағандай жақсылық сәулесі төгілеріне сенгені байқалады. Ақынның аңыз өлеңі мазмұндық құрылымы жағынан үш бөлікке бөлінген. Біріншісі – өсиет айтып, арылуы және қарызы барын сұрауы бойынша болса, екіншісі – қысас еттің деген нақақ әрекеттің нәтижесінде пайғамбардың жалаңаш арқасы ашылып, қамшыға бойұсынуында болатын диалогтар қатарымен өрбіген. Мұнда ақын «Мұхаммед Расул Алланың» құдіретіне қарамастан сынға салады, өйткені: «жақсы мінезді асхапларың, баршасы үйренділер сізден көріп»,- деп, оның жанындағылардың сын сағаттағы әрекетіне мән берген. Үшіншісі – Расул пайғамбардың тілек дұғасымен жаман қасиеттерге (еріншектік, өтірікшілік, ұрылық т.б.) жоламауға өсиет етуі. Міне, бұл туындының діни білімді, діни көзқарасты білдірген аңыз өлеңі деп қарағанымызбен, көркемдеу құралында алар үлгі мол деп танылады. Тәрбиелік күші мағыналы.
«Әй, жігіттер, естеріңде болсын, шайтан…» туындысының жанры жіктелмеген. Нақтырақ айтсақ:«Көпеевтен қалған мол мұра ішінде әлеумет мәселесіне арналған неше алуан шағын көлемді шығармалар, ұзақ оқиғалы хиқаялар, айтыстар, шежірелер, тарихи материалдар, фольклор үлгілері бар»,- деп жазады ғалым М. Бөжеев.
Ақынның өзі:
Жеткізер құдай, пенде, қылса талап,
Дүниені кім өткізер қолдан санап.
Үлгі жол жақсылардың әрбір ісі,
Кітаптан қалмайды екен жанасалап,- деп рухани дүние сабақтастығының үзілмесіне сенеді.
Жазушы М. О. Әуезов Мәшһүр Жүсіптің артқы ұрпаққа қалдырған «Мес», «Қара кітап» дейтін қолжазбаларында өз шығармалары мен жинағаны арасы жіктелмегенін ескерткен.
Шәкәрімнің «Бәйшешек бақшасы» топтамасы, оның ішінде «Шын бақтың айнасы» мен «Мен 72 жасқа келгенде» шығармалары туралы ғалым Б.Әбдіғазиұлы толғау-эссе деген пікірі бар. Көп қырлы шығармашылымыз М. Жүсіп (Адамжүсіп) Көпейұлының бір туындысы «Әй, жігіттер, естеріңде болсын, шайтан…» деп басталатын жазбасы, түр сипатына қарай қысқа да шебер жазылған ақыл-кеңес толғанысына сәйкес келеді. Мұнда діни аңыз формасын пайдаланған. «Періште, шайтан» бұл жерде поэтикалық мәнде адамның ар-ұяты мағынасында алынған. «Шайтан» мен «періште» ұғымдары автор замандастарына, жалпы жұртшылыққа «жамандық» пен «жақсылық» түсінігі арқылы әдеби характер тұрғысында жеңіл ұғындырылатындай етіп бейнеленген. Ғалым Құлбек Ергөбековтің С.Дөнентаевтің «Ұры мен баласы» баллада типтес сюжетті өлеңінің аңыздық сарынына: «Құдай» сөзі адамның ар-ұяты мағынасында алынған»,- деген пікірі де сабақтастаса түскендей. Мәшһүр Жүсіп те Абай үлгісімен шариғат қағидаларынан адалдық, имандылық іздеуі, құдай жолын оймен тануды «Оймен білген нәрсенің бәрі дәһрі» таным жалғастығына ие болғанына көз жеткіземіз. Айта кетсек, Мәшһүр Жүсіптанушы ғалым С. Сүтжан да бұл шығарма жайында «... Ол ескілікті, наным-сенім жайында да топшылауларын ортаға салып, шайтанға қожа-молдалардай емес, басқаша түсінік береді … шайтанды ақын дербес малғұн, көзге көрінбейтін азғырушы емес, адам денесінде, қанда бар нәрсе деп ұғынып, өзінің Абаймен пікірлес екендігін білдірді»,- деп пікір айтады.
Туындының бүгінгі ХХІ ғасыр адамзаты үшін жан-жақты мәні жойылмаған, екінші себебі – болашақта қазақ әңгімешілерінің үйрену мектебінің (А. Кемелбаеваның «Қоңырқаз» әңгімесіндегі ақ қанатты періште аққу кейіпкері) қатарын толықтыратын арна болатындығы дер едік. М. Әуезовтің: «Әрбір даму үстіндегі әдебиет шеберлігі ілгерілеп, үдей түседі де, өзінен бұрынғы дәстүрдің бар жақсысын пайдалана отырып, соған тың жаңалықтар, игі үлгілер қосып, үдете өсіре береді»,- деуі де осыдан. Мәшһүр Шығыстан, қазақтың бай фольклорынан (аңыз, әпсана) бастау ала отырып, архаикалық жанрды өзінше дамытқан, әдеби толғаныс деп атау жөн. Мәшһүр шеберлігі қазақи психологияны ескеруімен (ішіп-жеу, жатыпішерлік), астарлы кейіпкер жасауымен ерекшеленеді. Жалпы жазбагер дін тақырыбына келгенде жаңа сыр ашуға, астарын тереңдетуге тырысқан. Мәшһүрдің өзімен-өзі сырласып адам мен қоғам өмірінің сауалына жауап қатуы, эсседегі образдылық, ауызекі сөйлеу тілі лексикасын, мәнерін сақтау сыпатына жақындаңқырайды. Кіші жанр табиғатына тән белгі Мәшһүрдің авторлық дара дүниетанымына, жеке көзқарасына сүйенген, жетеленген. Жазбагер «Әй, жігіттер…» ақыл –кеңес толғанысы мен ішкі монологы Абай және жыраулардан басталған адресатқа арнау тәсілі арқылы көркемдеген. Көркем туындыға айналған авторлық дүниетаным, көркемдік көзқарас көлемінің шағындығына қарамастан адамзат қоғамына лайық ірі ой, мұрат көтере білген.
Тапсырма: