Б. Ысқақ, С. Ысқақ

  1. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1 том. – Павлодар, ЭКО, 2003. Б. 60-66, 74-81, 95-96, 102-105, 134-138, 154-158, 171-176, 180-185, 195-196, 211-219, 319-321
  2. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 9 том. – Павлодар, ЭКО, 2006. Б. 4-6, 320-337
  3. Қалижан У. М. Жүсіп: зерттеу. –Алматы:Атамұра, 1998. –30 б.
  4. Жүсіпова Г. Қ. Мәшһүр Жүсіп қиссаларындағы Мұхамед бейнесі: оқу құралы. – Павлодар, 2000.
  5. Негимов С. Мәшһүр Жүсіп шығармаларының бейнелілігі // Мәшһүр Жүсіп оқулары. – Павлодар: ПМУ, 2001. –Б. 5-10 (176 б.)
  6. Сүтжанов С. Мәшһүртану (дәрістер жинағы). –Павлодар, 2006.
  7. Жүсіпов Е. Мәшһүр Жүсіп және шығыс руханияты. –Павлодар, 2007
  8. Коран (перевод с арабского Г. С. Саблукова). – Казань, центральная типография, 1907.
  9. Авицинна. Книга знания: Сочинения. – М: ЗАО ЭКСМО Пресс, 1999. – 752 с.
  10. Гимнастика тибетских монахов
  11. Богословский В.А. Политика 13 Далай-Ламы в Тибете.
  12. Жүсіп Қ. Қазіргі қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. –Павлодар, 2001
  13. Жүсіпов Н. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің фольклоршылық еңбегі. – Павлодар, 2001
  14. Дәуітұлы С. Мәшһүр ақын // Қазақстан ZAMAN, 4 шілде, №27 (434), 2003. – Б. 13

2 МӘШҺҮР ЖҮСІП ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ДӘУІР ТЫНЫСЫ

Әдеби мәтінді талдау дағдыларын, әдеби кейіпкерді түсіндірудің дәріс-практикалық нысанын, көркем материалды құрылымдық талдауды пайдалана отырып, оны білім алу үрдісінде қолдана білуі үшін шығармашыл тұлғалардың туындыларының жеке-жеке талдауларын көрсетіп, одан кейін жалпы тапсырмалар арқылы жинақтап отыру біраз пайда келтіреді деп санаймыз.

Қазақ халқының мәдениеті тарихымен тығыз байланысты. Халық мәдениетінің жаңа сатыға аяқ басуының көрсеткіші жаңадан танылып жатқан ғылыми пайымдаулармен толығып жатыр.

Мәшһүр Жүсіп жалпы мәселелерді, оның ішінде экономика, мәдениет, әлеуметтік сала, т.б. түгел қамтып, жазып қалдырған. Онымен қоса әдебиет ғылымның тарихы қоғам тарихымен байланыстырыла оқытылатындықтан аталған мәселелер төмендегі туындыларды тапсырма бойынша қорытып саралауда ескерілуі керек. Мәшһүр ұрпақтарының және С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің құрамындағы Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының көмегімен жарыққа шыққан кітаптағы солар жинақтаған ақын шығармаларының түсініктемелерін пайдалана отырып, оның ішінде Мәшһүр Жүсіптің мол шығармашылығынан мыналарды іріктеп алып, талдама жасалынды. Қараңыз:

«Мәшһүрдің өзін таныстыруы» – өзі туралы айтқан өлеңі. Әрқайсысы төрт тармақты 7 шумақтан тұрады. 1903 жылы жазылған. Туынды Мәшһүр Жүсіптің мұрасын жинаушы Екібастұз қаласының тұрғындары Досмағамбет Сүлейменұлы, Жұқаш Кәрібайұлы көшірмелері бойынша алынған.

Ақын: «Қалам, сия, қағазды қолыма алсам, Келер қоршап бойыма ғайып пірім»,- деп сөз бастап, өзіне қонған қасиеттің дәулеті екеніне ден қойған. Оқуды талмай ізденуге, халық қазынасын жинауға күш берген денсаулығы – бағы деп бағаланған.

Ақынның өзі жыр еткендей: «Құдайға – құл, нәбиге болған үмбет»,– Шермұхаммед атасынан бастап, әкесі Көпейдің баланы оқытуға өте мұқият қарағаны баян етілген. Мәшһүр Жүсіптің бес жасынан бастап діни сауатының болуына ықпалы тиген әкесінің Әбілқасым ишанға қызмет еткені зор мақтанышпен айтылған. Өйткені сол заманның жоғары дәрежелі құрметті білім иесі «ишан» деп ұлағатталатын. Ишандардың тек Құран Кәрім ғана емес, түрлі ғылым салаларынан да мол хабары болғанын ескерсек, Мәшһүр Жүсіптің бабаларынан жұққан білімге деген құштарлықтың ояну көзін танығандаймыз.

Өлеңде лирикалық кейіпкер: «Орта бойлы, қой көзді, аққұба, бидай өңді, жарастықты, көрнекті сақал шашты»,– деп сипатталады. Көрікпен қатар жан сұлулығының тең келуінің амалы ізденуде, көп білуде, соны тоқып-түюде деп бекіткен. Қырық бес жастағы Жүсіп өзінің өткен өміріне үңіле қарап: «Жел қайықтай жел сөзге есуші едім»,– деп ақындығына, сырлы сөздің шеберіне бас иген. Себебі, ақындық Мәшһүр Жүсіп үшін: «Өз өнері өзіне – алтын тағы». Өлең Мәшһүр Жүсіп дүниетанымын толығырақ білуге, тәрбиелік сипаты жағынан қажет.

«Жалғыздық» – Мәшһүр Жүсіптің өзі туралы айтқан өлеңі. Әрқайсысы төрт тармақты 33 шумақтан тұрады. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.

«Зеректік көрдім сенің залалыңды!» деп басталатын өлең ақынның қатты бір торыққан уақытына тап келген сияқты. Мұнда Мәшһүр Жүсіптің әуелі Нажмидден қазіреттен, кейін Омбыдан келген Қамар қазіреттен оқуынан бастап білім жолына түсуі және ол жолдың «инемен құдық қазғандай» қиындығын көрсету мақсатында өзін «тірі жетімдей» болдым деген. Шығыс мәдениетін игерген сапарларының да материалдық жағдайынан хабар береді. 1888 жылы бірінші қазақ газеті «Дала уалаятының» жарияланымдары ақын ретінде толық қалыптастырса да, 1894 жылы өз білімін аздық етіп қайта ілім жолын бұлағынан қануды көздеген. Сол тұс 1888-1905 жылдар аралығы зерттеуші-мәшһүртанушылар пікірінше ақындық шығармашылығының жаңа кезеңі деп аталып жүр. 1905-1912 жылдар ақынның үш кітабының жарық көруіне дөп келсе, 1913-1931 жылдарға дейін ақын шығармашылығының төртінші кезеңі, әрі сирек жазғаны деп бөлінген. Сондықтан соңғысы ақынның көңіл-күйіне байланысты, жан-жағындағы дүрбелеңді санасына сыйдыра алмай, торығудан болуынан болуы да мүмкін. Зиялылардың қуғындалуы, сыйлас шығармашыл тұлғалардың қудалауға ұшырауы, елдің жайы алаңдатқан. Содан барып: «Ерте сый көргендігің түпке жетті!», «Керек қып кім алады бір тиынға, Атлас, ақ пұл ескіріп, тозған күнде?!», «Сөзіңді қылар жан жоқ енді тұмар!», «Сұраусыз қаңғып кеткен: мен – зерек құс»,- деп зарлана жырлаған. Бұл өлеңнен қазақ тарихына қатысты оқиғалардың көркем бейнелі сөзбен жеткізілген баяны деп те қабылдауға болады. Ақыны бақытсыз халықтың халқы да бақытсыз боларын тура оймен жеткізген. Ақын өзін, яғни лирикалық қаһарманды аямай сорлы етіп бейнелеген, сол арқылы құндының парқын білуге, тануға ұмтылдырған.

Ақын аталған өлеңде оқу-білім оңайға түспейтінін атап айтқан. Оның үстіне дарындылардың басына түсер қиындық екшеленген.

«Адам екі түрлі» – насихат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 30 шумақтан тұрады. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.

Ғалым, ақын мұрасының алғашқы зерттеушісі С.Дәуітұлы Мәшһүр Жүсіптің ақындығына тоқталған пікірінде «нәзік те ойлы өлеңдері халықтың өз ішінен қайнап шыққан талант» екенін көрсетеді. Мұнда ақынның тіршілік дүниесіне қанықтығынан адамның түрлілігін, оның асылдығы мен жасықтығын терең жырлап өрнектегені көрінеді. Ақын адам ғана екі түрлі емес, табиғат та жаратылысынан бірдей болмайды деп қараған. Мысалы, қу ағаш пен мәуелінің теңдеспейтіні сияқты, теректің биіктігі салыстырмалы түрде бұлттан аспайтыны айтылады.

Адам бойындағы асыл қасиет жайын ақын былайша толғайды: «Қалдырған су түбінде дүрдің тасын, түспейді көзге әр нәрсе, болса асыл». Сол асылдың жан-жағына мейірімі мол шашылатынын да «мәуесі басқа ағаштан көп болғаннан, көтермес үзім ағашы жерден басын» деп кестелеген. Мәшһүрдің «жақсыдан – жақсының да парқы бөлек» деуінен адамның жан тазалығын биік бағалағанын көреміз. Адамның бұрыстығын «зарарлы болсаң жұртқа, болдың тікен, қыларсың жазды жапан шөлді мекен» деген, ақынның әдемі жасыл желекті жаз сусыз, егінге қайырсыз шөлге айналғанын символдық астармен жырлағанын байқаймыз. Екі түрлі қасиет әрқашан жолы қосылмайтынын айтады: «жарасар киім, жаға-жеңіменен, жар құлар судың соққан сеңіменен». Жансыздың өз ішінен де бір сапада бола алмайтыны өрнектеледі: «жезге мыс, күміске алтын үйлеседі, іс болған әр не өзінің теңіменен». Жандыны да осылай бөлектейді: «Ақ марал жайылмайды қабанменен, бірге ұшпас бұлбұл- қарға тағанменен». Ақын осылай жыр кестесін төге келе: «Түлкі мен шер, мысық пен тышқан бір боп, барады әуре сарсаң заманменен»,–дейді. Бұнысы саф асылдың өз қадірін кетіруіне меңзелетін тұсы. Адамның жақсы ісі әрқашан елеулі: «Жақсылық әр орында түсер көзге, адамға еш пайда жоқ онан өзге»,– деп тұжырымдайды ақын. Себебі, Құдайға жасаған бір қайырың жеті жүзге өсетіні айтылады. Ақын «Әптиекті», «иманшартты», «Мұхтасарды» және қасиетті «Хадисті» үйренгені, Құран Кәримді меңгергенін осы туындысындағы он иманшарттан байқаймыз. Баршаға көрсетер имани құрмет адамды Мәшһүрше айтсақ: «Өзімнің артық пендем екеніне, Мінеки, мен Құдайлық бастым мөрім!»– дәрежесіне жеткізетініне кәміл сендіреді.

Өлең басылымы ақын таңдамалысының бірінші томында (Алматы, Ғылым, 1990, 83-84 б.) жарияланған және 10 томдықтың 1 томында (Павлодар, 2003, 148-151 б.) толықтырылған нұсқасы берілген. Алғашқы жарияланымында әулеттік мұрағатта сақталған бастапқы 21 шумақ, яғни 84 тармақ басылған.

«Дүниеге көңілі қалғандықтан, сөйлеген сөзі» – насихат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 16 шумақтан тұрады. Туынды әулеттік мұрағаттағы және Фазыл көшірмесінің соңғы төрт шумағының жазбасынан қосылып дайындалған.

Өлеңде ақын «ғылымдылар» деп атап, ақылды сөзді ұрпаққа қалдыратын ерекше адамдардың қасиетін айрықшалайды. Себебі: «Құдайдың бергенімен күніңді көр»,- деуінде осындай астар жатыр. Ақын өмір сүрген уақыттың шындық тынысы өлеңде ашық айтылады: «Бұзылып әсіресе біздің заман, Көлдей боп тоғытқан, ылайланды». Сапырылысып кеткен заман келбетін, ондағы парасаттылық құнын: «есек пенен ат та бірдей»,- деп көркемдеген. Халықтың бағы болатын зиялылары мен болашақ үмітін: «Далаға балапанды жорғалатып, Қапасқа қамап жатыр қанаттыны»,- уайым-қайғысымен көрсеткен. Өзге емес өзінің жанындағы жауы қауіпті екеніне «Ақыртып арыстандай шерді жығып, Үстінен ойнақтап жүр түлкі шығып»,- деп бейнелегенінен дәлелденеді. Сұры қашқан тіршілік былай суреттеледі: «Қабанға, қасқыр менен қалып тоғай, Жатақта арыстандар қалды бұғып». Түпкі алаңдаушылықтың түбі – Тәуелсіздіктің бұғауға түсуі болмасын деп тереңнен ойлаған: «Қадірлі ата-баба асыл тектен, Орыстың малайы озды қосын жеккен». Қоғамның іштен ірігені: :«Сенбеңіз жанның бәрі дос еді деп, жігіттің жарлы болса өсегі көп»,- деп жария жырланады. Ақын анығын айтады: «Бар болса, мал жабады мініңізді. Бұл күнде тіл сөйлемей, мал сөйлеген». Ең сорақысы: «Жүргеннің бәйтерексіз басы жекен, Төбеттер қойға жетпес, шалды бөкен». Насихат өлеңнің имансыздықтың зардаптарына үңілтетін тұсы көп, лирикалық қаһарманның қайғысы халықтың қайғысымен біртұтасқан. Ақын таңдаған тақырып символды берілген. Адалдық, достық, опа деген парасат пайымдары ақынның діни дүниетанымымен қатар өрілген.

Өлең басылымы ақын таңдамалысының бірінші томында (Алматы, Ғылым, 1990) кейінгі басылымнан екі есе қысқартылып жарияланған және 10 томдықтың 1 томында (Павлодар, 2003, 151-153 б.) толықтырылған нұсқасы берілген.

«Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге» – насихат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 31 шумақтан тұрады. Жолмұрат Жүсіпұлы мен Мұхамедфазыл көшірмелерінен алынған.

Туындыны негізінен үшке бөлуге болады. Біріншісі – ақын өмір сүрген заман жағдайы, екіншісі – замандастары бейнесінің көлеңкелі тұстары, үшіншісі – ер жігіттің басынан бағын тайдырар кесір әйел туралы, мұның бәрін жинақтап алсақ, пейіл дегенге келіп құралады. Ақынның: «Серік боп азаматтар тұрмаған соң, бек қиын өнер табу енді бізге»,– деуінде сол заманның тыныс-тіршілігі жатыр. Олай болу себебі: :«Егіндей ажал бізді орып жатыр» ,– делінген теңеулі бейнелеуде тұжырымдалған. Мәшһүр Жүсіптің: «Мешкей жоқ, көріп тұрсаң Күн мен Айдан»,- деп зымыраған уақыттың жылдамдығына налуы, оның өзгерген заманға көңілі толмауынан болар деп түйдік. Онысы: «Жүрген жан толып жатыр қарап босқа, Ала алмай жақсы сөзден үлгі нұсқа. Жарығы бұл дүниенің тайып кетсе, Қараңғы, бір қонарсың, шамсыз қосқа», - деген пайымдауына ұласқан.

Мәшһүрдегі: «Сопылық неге керек, болған аты, Тұрған соң қара болып арғы заты» және «Сенімді партияға басшы қажы, Секілді айтақтаған бір қу тазы. «Жарықтық» шарапаты көпке тиіп, Көбейді өшті-қасты ел аразы»,- деп жырланған тұсында ащы кекесін уыты бар.

«Өсек сөз жаңбырдай боп қабындайды»,- деп өлеңді ажарлап алады да, жігіттің сорына тап келген нашар әйелді бейнелегенде: «Бейшара өлтіре алмай, не сата алмай, Өткізер қоршылықпен өмір жасын»,- деп қаттылау соққы береді. Әйелдің кесірін: «Өз сөзін өзі – төре мақұлдайды»,- деп шенейді. Сондықтан: «Басыңды жанған отқа бос қалдырмай»,- мұндай істің алдын ал деген насихатын айтады. Ақынның бұл өлеңі туралы ф.ғ.к., шөбересі Ертай Қуандықұлы Жүсіповтің пікірінде: «тәрбиелік мәні зор нақылдар, әсіресе жалқау әйелдің кесапаттығын ашарлық детальдар бар»,- делінген.

«Соқыр, саңырау және жалаңаш» – тұспал өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 61 шумақтан тұрады. Туынды Мәшһүр Жүсіптің көзі тірісінде шығарылған кітапта жарық көрген.

Ақын адамның ниеті, ойы қандай дәрежеде болса сондай өмір сүрмек екендігін тұспалдап соқырға, саңырауға, жалаңашқа бейнелеуі өте тартымды көркемделген. Абай айтқан нақыл-өсиет Мәшһүр Жүсіпте үш кейіпкердің әрекеті арқылы ашылған. Дүниеге келгенде ешнәрседен хабарсыз, ешнәрседен қамсыз болатын қалпың – соқырлығың, саңыраулығың және жалаңаштығың. Ақын бейнелеуіндегі дүниеге қалай келсең солай кетерсің, бірақ өзің өлсең де есімің өлмейтін іс жасасаң ғана тіршілік еттім деп сана деуі бұрынғы ойшылдардың жалғастығын көрсеткенмен, оны поэзия тілінде, әсіресе тұспал арқылы өрнектеуі ақынның тағы бір дарынды қырын, шеберлік қайнарын дәлелдейді. Ақын осындай филолсофиялық ой айта отырып өмірде кездесетін нашар қылықтың адам баласына лайық емесін ескерткен, өлең сонысымен де құнды. Мысалы: «Өзіңде өшің болса, саңырауға ұрын, Ұрынбасаң, білмейсің оның сырын. Сыбырлап жасырып айтқан құпия сөзді, Естиді құлақтыдан әбден бұрын». Сол сияқты: «Суреті адамға ұқсаған, мінезі аңға»,- деп келетін портреттеуі ішкі психологияны меңгерген сөз зергерін танытады. Ақын үш кейіпкерінің өзінде жоққа қарамай өздерін дардай сезіну көңіл-күйлерін сипаттаған кезінде, соған ұқсас шынайы өмірдегі келеңсіздіктерді түйрей кетеді: «Ес көріп, осыларды қара тартқан, Ойласақ, шайнам ғақыл жоқ қой бізде». Мәшһүр Жүсіп Құранның қағидаларына сүйеніп: «Өлім жолы иненің жасуындай, Түйе болса, кетеді сыйып!»-деген»,- теңеулі бейнелеуімен кім-кімнің де барар жері жер қойыны болатынына, яғни Қорқыт айтқан өлім бар екеніне сендіреді. Сондықтан аз күнгі тіршілігіңді босқа өткізбе дегенді өсиет еткен: «Басты бір көтеру жоқ, ұйқы басып, Оятар еріксіз бір күн ұйқыңды ашып». Бұндай хал қазақтың жаңа оң-солын қарай бастаған 1905 жылға сәйкес келгендіктен, халықтың зиялыларына сергек болуды насихаттаған: «Дәнемені өз көзі көрмеген соң, Жұқтырар соқырлығын жолдасына». Әсіресе мұны: «Күн ашылды, көрінер енді бойың»,- деп жырлаған бейнелі ойынан байқаймыз. Тек өз тіршілігіне мәз болған бейшаралықты ақын: «Дүниеқордың болады екі бауыры, Саңырау, соқыр, жаңғырыққан күнде даулы»,- деп тұспалдаған. Ақын заманның «соқыр, саңыраулығынан» сескенген. Мұны келешек ұрпағына жеткізуді өз борышы санаған: «Қаламның жарып ішін, ұшын кесіп, Кигізген қара сөзге киім пішіп»,- деп өлеңмен замандастарының хал-жайынан сөз еткен. Тұспал өлең барынша тағлымды сыр бүккен рухани мұра болып саналады.

Өлең басылымы ақынның 1907 жылы Қазан қаласында басылған «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз» кітабында және «Қазақ әдебиеті» газетінің 1985 жылғы 7 маусымындағы нөмірінде жарияланған. Мәшһүр Жүсіп таңдамалысының бірінші томында (Алматы, Ғылым, 1990) тақырыпсыз және 10 томдықтың 2 томына (Павлодар, 2003, 12-19 б.) жанрлық тұрғыдан сәйкестігіне байланысты берілген. Өлеңнің кейінгі жарияланымдарын ұсынған ф.ғ.д., проф., ақын немересі Қуандық Жүсіп.

«Мына заман» – сын өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 45 шумақтан тұрады. 1923 жылы жазылған. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.

Ақын бұл өлеңінде қазақ тарихында төңкерістен кейінгі болған оқиғалардың сипатын, әсіресе 1921 жылдың бет-бейнесін толығырақ берген. Мәшһүрден ойды дәл айтудың шеберлігін, өзіндік салыстырулардың мысалдарын байқауға болады. Мысалы: «Төртінші жұртта тұрсың жағың талмай!»- деп шартты түрде берілген бейнелі ойды танисыз. Оны дамыта келе: «Орыс пенен болысқа иек сүйеп, Ешкім үйір болмады Құдайымен»,- деп қорытады. Сол заманның келбеті, пиғылы метанимия тәсілімен әдемі өрілген: «Сұмдық шықты әр жерден естілмеген, Мылтықсызға бермейтін қонағасы». Солақай саясаттың ұшқыны мен зардабын былай көрсетеді: «бар биесін саудырмай, кептірді ерін», міне, сондықтан бұрынғы салт-дәстүрдің тамырына балта шабыларынан қауіптенген: «Жалғыз атты қожалар қона алмаған». Лирикалық кейіпкердің: «Мен көндім: ұрып, сөгіп, боқтағанға»,- деуінің де эмоциональды-экспрессивті мәні зор, нақты өзін емес халықтың басқа түскен іске баспақшыл мінезін көрсетуі деп білеміз. Өзгерген әдет-сананың терістігі айтылады және тағы да метанимиялық жолмен жасалған:«Мылтық салған мойнына жетіп келсе, Жылпылдайсың, даярлап әртүрлі асты». Бірдің ғана емес қазақ халқына келген нәубетті бақылатады: «бір шаншуды қадалтып бүйіріңнен, быт-шыт қылып айырып үйіріңнен. Еріксіз Құдай бергізді қимасыңды, Тауып тұрсың, не тапсаң, пейіліңнен». 1921 жылдың оқиғаларынан, сол заманның тынысынан дейтін пікірімізді дәлелдейтін дәлел мынада: «Декрет сөзі: «Қалың мал,- дейді қалды!» Жарайды, қазақ оған қашан нанды?! Он бес қара, он пұт ұн, он қадақ қант,- Баянтауда бағалы қыздың алды». Халықтың аяулысына ауыз салынғаны көрініп тұр, әрі бие саудыртпаған, мал ұстауға шектеуден туған жетімсіздік соңы қыз құны ұн-қантқа ауысқанына куә боласыз. Мәшһүр Жүсіп өзі айтқан шындықтың басқаларға жақпасына көзі жетіп, әдейі натуралистік тәсілді де қолданған: «Жасында қожа кесіп, сүндеттеген, жақтырмаған қалғанын кесіп алсын!». Мәшһүр-Жүсіпте ұлы Абай шығармаларындағыдай натурализм де өте сәтті орын тауып, қолданысқа енген. Ақынның аталған өлеңінен басқа кейбір өлеңдерінен де мұндай мысалдарды табуға болады. Дөрекі көрінгенімен натурализм шындықты тура көрсете алған.

Кез келген ақын шарттылықты, әсірелеуді пайдаланып өз ойын суреттеген.

Нағыз шындықты сорғалаттым дегенді жаңаша бір тіркеспен жеткізген:«Таусылып өтірігім, қалды шыным, Қызыл тіл, сен барда жоқ маған тыным!». Ақын турашыл болу керектігі ертеден дәріптелетіні, сол үшін де халқы мұндай от ауызды, орақ тілділерді ұмытпайтынын білген: «Болғанда қалам – қобыз, қағаз – жауырын, Қозғадың ерікке қоймай, сөйле жыным!».

«Қазақты жамандаушыларға» – сын өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 24 шумақтан тұрады. Туынды Жолмұрат, Мұхаммедфазыл жазбаларынан салыстырыла алынған.

Мәшһүр Жүсіп Сырдария облысында бес жыл жүрген уақытында байқаған келеңсіз істерге жоғарыда аталған өлеңінде тікілей сын айтқан. Қазақтың жақсылығын түймедей, жамандығын түйедей еткендерге нақты түрде тойтарыс жыр жазған. Жан-жағында болып жатқан, бірақ еленбей қалған мәселелерді ашық көтерген. Мысалы: «Түркістан, Ташкент барсаң, сарттың наны, Біреуін тегін жесең, шығып жаны. Жәрмеңке, базарды қыздыратын,- Қой, сиыр, жылқы, түйе – қазақ малы». Мәшһүр Жүсіп бұл өлеңде қазақтың нанын жеп, суын ішіп жүрген делдалдардың айтқан жағымсыз сөздеріне намысы келіп, әрі шындығын айтып жыр төккен: «Қазақта қонағасы айт пен тойдай, Отырмас қонақ келсе, бір мал соймай. Кең жатқан әр нәрсесі, жер ұйық жұрт, Молшылық берекеде болып сондай». Сондай жомарттық қанына сіңген қазақ халқын жамандаушыларға кімнің кім екеніне көзін жеткізуге ұмтылған мақсаттың астарында ұлтжандылық тұнып жатыр. Аллегориялық тәсілмен епті қулар мен момындық салыстырыла беріледі: «Түлкі, қарсақ, жолбарыс, аю, бөрі, Ебін тапса, алады бірін-бірі. Бірі мықты, бірі епті болғанменен, Қойдан көп болған жоқ қой, сірә, жері». Ақын: «Асып кеткен қазақтан еш жері жоқ» немесе «Шетінен қырып сойып, ішіп жейді, Үйінде шалқасынан сұлап жатып»,- деп пысық ноғайдан, амалшыл сарттан қазақтың дәрежесі биіктігін көрсетеді және сөз түйінінде халықта бар мол байлықты басқаларға жем қылмай өзі игергеніне не жетсін деп күйзеледі. Өлеңнің негізгі мәні «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» ұлағатына келеді. Жат жұрттың қазақты пайдасына жаратам деген пиғылына тосқауылға жазылған өлеңде тіпті жалқаулығының өзін мін ретінде емес, ерекшелік ретінде мысалдауы осыны айғақтайды.

«Кәф пен нон» – ишарат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 53 шумақтан тұрады. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған, 1910 жылы жазылған.

Ақын аталған өлеңде Құран Кәримде, халық даналығында, Ұлы Абайда айтылатын сөз асылы туралы, оның қуатты күші жайында және адами келбет өлшемі бағасы тұрғысынан танығанын байқатады: «Кісінің кісілігі – тіл мен жүрек» «Сен – бір сурет: болғанмен: тіл, құлақ, көз» «тіл де – өлік, ауыз да – өлік, айтпаса сөз» «Жан – бұлбұл, дене – қапас, көңіл – ұя. Көз – қыран: көрінгенге аласұрған».

Адам мен адамды бауырластыратын да, ел мен елді жауластыратын да сөз құдіреті екендігіне ерекше мән береді: «Біреуді жақсы көріп, жылы тартсаң, Кіршіксіз болып көңілің ақ қағаздай» «Жек көрсең, ол біреуді суық тартып, болғаны онда көңілің қара сия».

Мәшһүр Жүсіп: «Парсы мен араб емес, қазақ тілі, Сенің өзің мына сөзге мойның бұршы!»- деп халықтың ұлттық тілі оның таусылмас қазынасы болатынына және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді аманат еткен ишаратын дәлелдейтін мысалдар мыналар: «Сөз-несие: сатып тұрмын алмастан пұл, Күнінде төлемесең, саған қарыз» «Алтын болмас сөйлемей, сақтаумен тіл. Сөзімнің – біреуі алтын, бірі – күміс» «Көңіл– кен, мол қазына, сөз – бір жауһар, Ауыз – садап, сөз онда – дүр гауһар. Құлақтың құрышы қанған жақсы сөзді, Не зәмзәм, не болмаса дерсің кәусар!» «Қызыл тіл неше түрлі сөйлер сөзді, Қанжардай тас кесетін екі жүзді. Інжу менен маржанды тіл жасады, Тізілтіп өлең оны жіпке тізді».

Құнды дүние әркімнің қолында жойылып кетпеуіне, халықтың өзі асыл сөзді ұлдарымен мәңгі жүректе сақталатынына меңзейді: «Дүниені қалтасына бүктеп басып, Ақтармас әбдіренің кілтін ашып. Қызғанумен дүниені ұстап қолға, Тұрады бір-бірінен үркіп қашып». Ишарат өлеңнің ғибраты мол.

Өлең басылымы ақын шығармаларының 10 томдығының 1 томында (Павлодар, 2003, 14-20 б.) жарияланған. Әулеттік мұрағаттағы және ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапхана қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасын, ақыннан жазып алған жиені Жолмұраттың, араласқан сыйлас кісісі Сұлтанмахмұт (Шолтым) Иманмәделінің көшірмелерімен салыстыра отырып толыққанды нұсқасын баспаға даярлаған шөбересі, ф.ғ.к. Ертай Жүсіпов.

«Әйелдер туралы» – насихат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 21 шумақтан тұрады. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.

Ақын бұл өлеңінде әйелдерді сегіз топқа бөліп, оның алғашқы төртеуіне жақсы мінездеме береді. Ақынға дейін Баласағұнда айтылатын жаман әйел мен жақсы әйелдің сипатының жалғастығын көреміз. Алайда Мәшһүр өлеңінде: «Ақыл – шам, керек оған май мен білте»,- деп әйел таңдаудың өзі таусылмас бақыт кілті екендігіне назар аудартады. Өз сөзімен дәлелдесек: «Түспесе осы айтылған төрттің бірі, Бозбаланың қор болып өлген жері. Көп өліктің есебі бірісің де, Құр көрініп жүргенмен көзге тірі». Бұл Абай айтқан ғапыл қалмайтын төрттік болса, ендігі төрттік қашық жүретін: «томыр, тұнжыр, жатырішер, көбік ауыз, көк айыл, сартылдаған сары аяз, тымырсық, бедірей-бетпақ». Соңғылардың қас жамандығын ақын әсірелей: «Иманыңды шошытар кейбір жауыз, Дәні жоқ, құр қабығы қалған қауыз. Досың түгіл, дұшпаның, кез болмасын, Ит сықылды қабатын ырсық ауыз»,- деп жеткізген. Өлеңнің мол тәрбиелік маңызы бар. Аталған өлеңнің мазмұнына Е.Жүсіпов: «Өмірде ойына алғанына жете алмаған адамдар туралы»,- деген пікір білдірген.

«Жақсы әйел» – насихат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 25 шумақтан тұрады. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.

Ұлы Абай ақын тәрізді: «өсекші, өлең шіркін, жұртқа жаяр»,- деп бастап Мәшһүр Жүсіп те әйелдің «кір жуытылмаған» таза болуын жырлаған. Тазалықтың мәні – имандылықта екеніне мән берген. Ақынның: «Кеудесі – көңілі зерек – айна болар»,- деуі бұған дәлел. Қандай әйел жақсы деп аталатына сын бағасы көркемделген: «Асылдың асыл затын тануменен, Өзінде жақсы құлық пайда болар». Әсіресе: «Баласын жаман сөзбен қарғамайды, жібекті жүнге алып келіп жалғамайды»,- деген бейнелеуінде ақылына көркі сай дейтіндей, ішкі жан дүниесінің нұрлы екеніне назар салған. Әйелдің жақсы болуы ошақты бүтіндейтінін ескерген: «Кемеңгер ақылы асқан, жақсы ұрғашы, Түзейді ықтиярсыз жаман байын». Психология, әлеуметтану ғылымында дәлелденген гендерлік ұғымның бір ұшығы жыр кестесіне жеткен. Жақсы әйелдің келбеті мен иманы ғана емес, сонымен қатар әдеті де, қылығы да ашық-шашық жариялылықтан гөрі сабырлы, өзіне ғана тән біртоғалықты қалайды. Ақында берілген: «Мысықтай жалтаң іздеп, жасырын боп»,- деген теңеулі сипат күнделікті тіршілікте көріп жүрген жай құбылыс емес. Мұнда жақсы әйелдің өзін сыйлата білуі ишараланған.

Ақын тән мен жанның түгел қырын сараптап болған соң, әйелдің жақсы әйел болуына сыңарлас ер азаматтың да өз орны бар екеніне назар салдыртады: :«Кей уақытта көп перизат, надан боп алған байы, қор болады».

Өлең тәрбиелік сипаты жағынан өте құнды. Ежелгі дәуірден басталған әдебиеттегі жақсы әйел бейнесінің XX ғасырдың басындағы жалғастық көркемдігі деп бағалаймыз.

«Жаман әйел туралы» – насихат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 12 шумақтан тұрады. Туынды Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан алынған.

Ақын бұл өлеңінде салыстырмалы түрде жақсы нәрсе арқылы жаманның қадірін қашырады: «Жұмағы бұл дүниенің – жақсы қатын», «Дүниенің ол тозағы – жаман қатын». Көптеген өлеңдерінде ақын жаман, жақсы деп бөліп ерекшелемейтіні туралы, оқырманның ойды көркемдік қалпында қабылдай алуына негіздейтіні проф. Қ. Жүсіп пікірінде кездеседі. Атап айтсақ:

Ісіне амал бар ма Тәңірім еткен,
Бір кезек нәубет еткен бізге жеткен!
Сыќылды даладағы болдыќ тікен,
Басынан ќызыл гүлі ұшып кеткен .

Аќын орнықты сөзді тауып айтып, орнымен сәтті де әдемі және ұтымды жұмсай білген. Адамдықтан кеткен, азғындыққа жеткен адам бейнесін «басынан гүлі, ќызыл гүлі ұшќан тікенге» баламалап, сөзбен сурет салған.

«Жаман әйел туралы» өлеңінде ақын «Гүл жүзді, шырын сөзді, нәзік болса», деп жаман әйелді түзетуге, әсемдікке ыңғайлауға, соған қарай бой түзетуге тырысады. Гүл символы Шығыс аќындарында, оның ішінде Ќожа Хафизде мол кездеседі. Шығыстық дәстүр, шыѓыстыќ наќыш М. Жүсіп шығармаларында бар. Мысалы:

Ќызыл гүл , жасарсайшы солып жатќан, Әр нәрсеге шағымызда болып жатќан. Үзіліп жерге түсті ќызыл гүлім, Мезгілсіз батып кетті-ау күндіз күнім?! Ќызыл гүл , үлпілдеген, үзіліп түсіп,

Гүл – әдемілік пен сұлулыќтың, нәзіктілік пен биязилыќтың, махаббаттың белгісі. Қызыл гүлдің көрінісі арайлы, бейбіт өмірді көрсетеді. Ендеше «гүл жүзді әйел» мен ақын қолданысындағы тура жермен-жексен ететін: «Белгілі науқас емес, ем істейтін, Сүйегімен кететін бұл бір мерез», «Жыланша заһарымен шағып алса, Жүрегіңнің басынан кетпес дағы»,- деген келісті бояулармен берілген. Мәшһүр жаман әйелдің сор екеніне ден қояды да: «Қоя бер тіпті қолыңнан келе алмаса, Бас алып кету керек онан-дағы»,- тура кесіп айтады. Өлең тәлімдік жағынан мағыналы ой түйген.

«Жаман пейіл» – сын өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 4 шумақтан тұрады. Туынды Мұхамедфазыл мен Жолмұрат көшірмелерінен алынған.

Ақын аталған өлеңде ауыл ішінде жұмысы жоқтықтан, босбелбеу еріншектіктен көзін сатып телміріп жүретін адамдардың бейнесін келтірген. Өлең шап-шағын болғанмен, айтар ойы шалқар. Мұнда нақты көріністер көркемделген. Қарны тою үшін тіпті қаралы үйдің қазасын пайдаланып қалуын, сол төңіректен жылы-жұмсақ тауып кетпей қоюын ащы сынға алған. Өлеңде ас ішудің өзі асқа тоюдан емес көңілдене, ықыластана, жылы қабақпен, жақсы ортада дастархан жайылғанынан, яғни көңілге тоюдан сіңімді болатыны жырланған. Дәулетің – балаларың, адамдар ұрпақ асырау міндетін арқалағанда ғана кең пейілдірек келетін адами психологияны жыр еткен. Мұнда қазақтың өзінде бар мақалдарын: «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар»,- деген тұрақты сөз тіркестерін пейілге байланыстырып сәтті жыр жолдарын жасаған.

Проф. Ќ.П.Жүсіп ақынның басқа өлеңдеріне талдау жасай келе, Мәшһүр Жүсіптің өлеңдерінде реалистік көрініс бар деген пікір айтқан. Жоғарыдағы өлеңде де тікілей сын айтылған. Аќын тура айтып, адамның мінін көзге шұқып көрсеткен. Адам бойындағы ұнамсыз ќасиеттің бірі – жалќаулыќ туралы Абайда, Мәшћүр Жүсіп өлеңдерінде біршама кездеседі.

Мәшһүр Жүсіптің лирикалыќ ќаћарманы сезімін ашық білдіреді: «Не болар жеген тамақ арын сатып, Тұрған жоқ еріп іші, сені ұнатып!». Осыдан келіп осы құбылыстың дастарханын айқара жаятын қазақы дәстүрдің салтанатына көлеңке түсіреріне болжау жасайды: «Осы күнде дағдарып, бұл жұрт сасқан, Кез болып бір пейілге асқан-тасқан». ¤лењніњ соңы пессимистік кµзќарас пен сезімталдыќқа толы. Сондықтан, Мәшһүрдің бейнелеуіндегі лирикалыќ ќаћарман пейілі єсіреленген, шарттылық қолданылған: «Тарының қауызындай болмай қалды, Астың – жер, болғанменен үстің аспан!»,- әсіресе, ақынның осы бейнелеу құралындағы тар мен кең ұғымының паралель келуі ақындық шеберлігін айқындап, өзінше бір өрнектей тоқылған. Өлең әлеуметтік, психологиялық, тәрбиелік мәні жағынан өте пайдалы.

«Жәдігөйдің жыры» – сын өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 16 шумақтан тұрады. Туынды Мұхаммедфазылдың көшірмесінен алынған.

Ақын бұл өлеңінде білімсіз молдалардың әрекетін аямай әшкерелеген. Қарапайым жұртқа бірнеше ауыз жаттап алған арабшасын және өз пайдасына лайықтаған қайыр-садақасын ала қағаз бен қара мөр арқылы бекітіп, алдап күн көретінін сынаған. Жұрт көзіне молданың сөзін айтқанмен, оңашада алаяқтың әрекетін жасайтыны айтылады. Мәшһүр Жүсіптің қулық-сұмдықты бейнелегенде молданың ішкі психологиясымен бергені сәтті шыққан: «Айналайын, жайнамаз – ұзын желім! Ақ тасымды көргенде шұлғыды елім. Бөтен-бастақ, несие сөз айтпаймын, Баладай: зорға шыққан, жаңа тілім». Дүмшелік, надандықтың белгісін келеке етіп: «Оразамыз таусылмайтын ұлан жазға» немесе «Қыс-жазы несие жинап жүрміз, Намаз бенен оразаны жұртқа сатып»,- деп ащы мысқылмен түйрейді. Әрекеті «Малсыз кісі шақырса, бір баспаймыз» болғандықтан, молданың қадірі де қашқаны мына жолдардан байқалады: «таспа сүйреп, жем жеген қотыр тайлақ, Ер-тоқымы жоқ бір атты, берер, жайдақ. Көбінің бергені қошқар болар»,- деп ол күніне де шүкір айтқан бейшара бейнені бейнелеген. Тағлымы – қуыс кеуде болсаң, күндердің күнінде бәрі аян болатыны баяндалған.

«Ғалының ниеті» – ишарат өлең. Әрқайсысы төрт тармақты 58 шумақтан тұрады. Туынды әулеттік мұрағаттан алынған.

«Ғалының ниеті» өлеңі ақынның ниет жайлы дүниетанымдық көзқарасын өрнектеген. Мұнда Пайғамбар-Құдайдың күшімен, дұға арқылы бәрі де келетіні айтылғанмен, түйін соңы әр адамның тілегені арқылы жүзеге асатыны бейнеленген. Оразаның жақсы бір күнінде Мәдинеде Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Ғалы достарының Хақ Расулына көрсеткен құрметіне қарай кейіпкер қабыл-ниеті өрнектелген. Алдымен: «Әр сөзі – мың ділдалық, балдай татыр» Ғұсман батыр қонақ етіп, жүз жетпіс қадамына сәйкес сонша құл азат болғанына назар салсаңыз әр жақсылықтың орны кім-кімге болмаса да көптік етпейтіні тәлімделген. «Көңілі ер Ғалының – алтын сарай!» болған жаны жомарт досы, дүниелігі жоғынан рамазан айында сауап іс жасай алмайтындай уайым шегеді. Ақында: «Көзінен жасы ағып, түгі шығып»,- делінетін тұс қолдың қысқалығына ренішімен қатар Ғалының ниетінің тазалығына мән бергізеді. Тығырықтан Фатиманың ақылы алып шығады. Түзу тілегің қабыл болады, тек ниеттене біл деуі батылдыққа жетелеп, Ғұсманның қонағынан үш есе артық шақыра бастайды. Жұрт мұны әртүрлі жориды, тіпті Жаратқаннан артық жаратылған Шаһимардан тұлпарын сойып қалады деген ойға тоқтай бастады. Мәшһүрде:«Нұрдан болған дүлділ етін жесек, Біздерге тозақ оты арам!»- деп Ғалының сауап ісіне адалдығын халықтың ниетімен қошталғанымен дәлелденген. Ақыры: «Дұғасы Фатиманың қабыл болып, Тағамы сегіз жұмақ көшкен екен»,- де ойлаған мақсат орындалған.

Абай: «Жүректе аты жоқ Адамда ми болмас»- десе, Мәшһүр Жүсіп те Алланың аты ниетіңде деп жырлаған.

Құраннан мәлім қағида:

– Алла біреу. Алла — әлемнің ұлысы. Ішпес, жемес, сарқылмас мол ырысы. Ешкімді де тумаған ол, туылмаған өзі де. Бар ғаламды табындырған өзіне! («Ықылас сүресі»).

Ақын мұндай ақ жүректің иелерін тереңнен толғай бастайды: жүз түйені құрбан еткен Ибраһим, оған місе тұтпай сын үшін баласы Смағұлдың құрбандыққа сұралуы, оған да көнген пейілдің ризалығына көк қошқар аспаннан түскен еді. Ендігілер ниеті мынадай: «Мал түгіл, пайғамбарлар жанын қиған, Қимайды ендігілер жалғыз қойды».

Ақында Ғалының ниеті дәрежелі шегіне барар баспалдақ деп түсіндіріледі: «Мойныңнан ада қылсаң біния ислам, Бейіштен нәсіп болса, жерсің жеміс». Қазіргі кездегі мұсылман дінінің беделі артуы, еуропалық ғалымдардың Исламды қабылдауы, елге құпия тараған ғарышкерлердің әңгімесі дүниетанымымызға көп жаңалық әкелді (Б. Майтанов пікірі).

Ишарат өлең жас ұрпақты жақсыға ұмтылуға шақырады, түптің түбінде өзің не ойлап, тілек етсең сол орындалады деген мән шығады.

Ғалымдар зерттеуінше фольклор мен жазба әдебиетінің аралығында метафоралық ойлауға жақын дүниелер, яғни қоғамдық сәулелену мен дүниетанымның түрі пайда болған. Мұнымен қатар көркемдік ойлаудың табиғаты мен мәні дүниені көркемдік тұрғыдан игерудегі рухани қабілет екендігімен анықталады.

Ғалым Ә. Қоңыратбаевтың Мәшһүр Жүсіп туралы: «Поэзияны ол интим сезім емес, үлкен саяси мазмұнның құралына айналдыра білді»,- деп айтқан пікірі негізінде ақын қолданған сөз образдарының сәуле ұшқындары зерделенді.

Өлең Мәшһүрдің суреткер ретінде танып-түйсінген адами болмыс туралы толғанысы. Мәшһүрдің сипаттауындағы образ халықтың тұрмыс-тіршілігімен, ырым-нанымымен, дүниетанымымен өзектес, ой-санаға, сезім дүниесіне әсер-ықпалға құрылған. Басты қаһарманы – адам ойы (ниеті). Үлгі алар қылықтарды түбінен зерделетеді.

Мәшһүрдің Ғалиы кейіпкері – қанағат, ой тазалығының бейнесі. Адам ниеті жігерлілікке жеткізетін құрал екендігін аңғартады. Адам болып туған соң адамшылықта болуға үндейді

«Мәшһүр Жүсіптің өлер шағындағы сөзі» – сыр өлең. 1931 жылы жазылған. Әрқайсысы төрт тармақты 37 шумақтан тұрады. Туындының толық нұсқасы әулеттік мұрағаттан алынған.

Бұл өлең ақынның өлер шағын сезініп, өсиет ретінде жазған шығармасы. Негізгі мазмұны мынадай: отаршылдық қасіретінің зұлматы табиғат арқылы бейнелену шеберлігіне жеткен: «ағызды қоймай ерікке толқын айдап. Су жұтты, қатты толқын тұншықтырды». Нәубеттің халыққа қатты соққы екеніне қынжылады:«Қалмады іске татыр ірі кісі» немесе «Құлақ бұрын шықса да құр салбырап, Соң шыққан мүйіз өсіп ер жетті ғой!». Аталған өлеңде ақын табиғаттың көмегімен айтар ойын көркемдей алған: «Жел тұрып, толқын қатты тулап соғып», «Ну орманды өрт алып, тып-типыл боп, Бұтақсыздан сопайып қалды терек». Бірақ мұның арты жақсылықтың жамандықты жеңуімен аяқталатынына ақынның шын сенгені танылады: «Өлмегенге – бір дәурен кезек тимек, Пенде асығып, аптығып, пісіп, күймек. Ұрған Құдай пендесін қан қақсатып, Құшырланып, құшақтап, аяп сүймек». Әрине, келген зұлмат зардапсыз кетпейтіні белгілі, ақынның соған жаны ауырған: «Адыра тұл, қалды қурап қара шаңырақ, Кетті ғой әлде қайда иесі аңырап!». Халқының сорына болған кер заманның адамына көңілі толмайды: «Шайтанмен – ел, Құдаймен жат болды ғой». Ең тұрақты байлығың да, барлығың да Тәуелсіздігің деп ұқтырған: «Көк пен жердің – не пайда – кеңдігінен, жақсылық, тыныштық деген қат болды ғой». Үміт сәулесі ақынға демеу болған: «Анық көңіл бекиді қарарланып, Құдайлық, таң қалғандай, көрсетсе істі!».

Мәшһүр Жүсіптің: «Жабысты он бесімде өлең маған»,- деп айтылатын аталған өлеңдегі өзі туралы баяны атақты ойшыл Кунфудзының шығармашылығымен ұқсас тұстары қызықтырады. Жазушы, ғалым М. Мағауиннің зерттеме дерегінде қытай философы Кунфудзы ескі дәстүр, ежелгі рухани тағлымдар негізінде өзіндік, жаңа бір таным қалыптастыра бастағанын айтады. Ұлы ойшыл Кунфудзының:

Он бесімде оқуға бейіл еттім,
Отызымда кәмелетке жеттім,
Қырықта күмән-тұманнан арылдым,
Елуде Аспанның әмірін таныдым
Алпыста құлағым ашылды,
Жетпісте жүрегімнің қалауын таптым
Бар ісім байыпқа түсті,- деуі

бізге жақын, аты баршаға мәлім М. Ж. Көпейұлын еске түсіреді. Ізденіс, таным жолындағы адамдардың ғұмырбаянында мына мәселеге назар салынуы керек: Кунфудзының ұлыстан ұлысқа өтуі, бір жола тұрақтамауы және кейінгі Мәшһүр Жүсіптің қазақтың бар даласын, Орта Азияны халықтың пайдасы үшін аралауы жағынан өте ұқсас. Әрі б. 2,5 мың жыл бұрын жасаған Кунфудзы рухани жағынан да, 73 жас жасап, оны ажалынан 7 күн бұрын ескертуі де Мәшһүрге сәйкес келуінің өзіндік бір кереметі болуы ғажап.

Өлең басылымы ақын таңдамалысының бірінші томында (Алматы, Ғылым, 1990) кейінгі жарияланымнан үш еседен аса қысқартылған және 10 томдықтың 2 томында (Павлодар, 2003, 78-83 б.) толықтырылған нұсқасы берілген. Алғашқы басылымда өлеңнің тақырыбы «Мәшһүр Жүсіптің жетпіс үш жасында сөйлеген сөзі» деп аталған. Екінші басылымда сәл өзгерген аталымы немересі Қуандық Жүсіптің қолымен 1962-1963 жылдары өз әкесі Мұхаммедфазылдың айтуы бойынша жазылғанынан басшылыққа алынған.

Тапсырма:

  1. Мәшһүр Жүсіптің білімге деген құштарлығының ояну көзін өлеңдері бойынша көрсет. Білім жолының қиындығы мен қажеттігінің қай тұстарына көңіл бөлгенін таразыла.
  2. Насихат өлеңдерінің тақырыптарын, символды бейнеліліктің мәнін аш.
  3. Тұспал өлеңдердегі замана шындығы (XX ғасыр басы) туралы пайымдама жаса.
  4. Сын өлеңдердегі натуралистік тәсілдің көрінісіне талдау жаса.
  5. Ишарат өлеңдер топтамасының маңыздылығын айқында.