Қасиетті Баянауыл өңірінде атақтары әлемге белгілі талай Ұлы тұлғалардың дүниеге келіп, Қазақ елінің ғылымын, әдебиеті мен өнерін дамыту мен қатар еліміздің өркендеуіне өмірін арнағандары баршамызға мәлім. Сондай кесек тұлғалардың бірі болып Жаяу Мұса Байжанұлы табылады.
Атақты ғалым, композитор, академик Ахмет Жұбанов өзінің “Жаяу Мұсаның өмірі мен творчествосы“ аталатын үлкен еңбегінде бұл кісіге келесідей сипаттама береді:
«ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген өнер иелері ішінде Жаяу Мұсаның алатын орны ерекше. Ақын. әнші, композитор, музыкант, прогрессіл ой иесі, қажырлы күрескер – осындай жан-жақты адам, осы салалардың бәрінде де айта қалғандай із қалдырып кетті. Ал оның өмірі мен музыкалық творчествосын бөліп қарауға келмейді».
Жаяу Мұса көптеген ақын, жазушы, тарихшылардың тілдеріне тиек болып, шығармашылық өнерлеріне бағыт бергені баршамызға мәлім. Бұл туралы көптеген ғылыми еңбектер бар, көркемдік туындылар мен бірге сахналық қойылымдар бар. Сонда да осы жұмыстардың ішінде ерекше атап өткіміз келетін бір азамат – ақын М. Майшекин. Жаяу Мұсаның көлемді, жетпіске жуық шығармаларын қамтыған жинағына жазылған М. Майшекиннің “Алғысөзі“ бір жағынан тарихи деректерге толы болса,екінші жағынан ақынға деген сезімге толы поэзиялық очерк. Бұл дегеніміз кез-келгеннің қолынан келе бермейтін дүние.
“Жаяу Мұса 1835 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Ақшоқы деген жерде туған“ - ақынға арналған шығармалардың көбі осылай басталады. Біз де артық ештеңе қоса алмаймыз. Жаяу Мұсаға арналған елеулі еңбектер де бар. Солардың ішінде ардақты атамыз, атақты ғалым және композитор, академик Ахмет Жұбановтың “Жаяу Мұсаның өмірі мен музыкалық творчествосы“ деп аталатын ғылыми және тарихи туындысы ерекше орын алады. Жаяу Мұсаға шығармашылық өнеріне назар аударған әр адамға бұл жұмыс жол көрсетіп, бағыт сілтеп отыратыны сөзсіз.
Осы жазылған еңбектерді талдап, қорытындылаудан аулақпыз. Сіздерге ұсынылып отырған кітабымызда біздің негізгі мақсатымыз Жаяу Мұсаның шығармашылық, композиторлық өнерін әлі де болса кеңірек насихаттау, халық арасында ұмытылып бара жатқан әндерін қайта жаңғыртып, қазіргі заман талаптарына сай өңдей отырып, мүмкіндігінше кеңінен тарату мен қатар музыкалық оқу орындарында тәлім-тәрбие алып жатқан, келешек қатарымызды толтыратын жастарымызға нақты оқу құралы есебінде ұсыну. Бұл жерде тағы бір айтқымыз келетіні Жаяу Мұса әндерінің қазіргі кезеңдегі насихаттау деңгейі. Жасыратыны жоқ, бұл кісінің белгілі бірнеше әндерінен басқа туындылары халық арасында халық әндері негізінде, дәстүрлі орындаушылық мәнерінде кеңінен таралып жүр. Бұл, әрине, өте орынды. Әннің түп нұсқасын бұзбай сақтау, насихаттау, оқу орындарында да атақты әншілеріміздің, орындаушыларымыздың жетекшілігімен жоғары деңгейде орын алып келеді. Біздің қойып отырған мақсатымыз осы әндерді қайта жаңғыртып, түп нұсқаларын сақтау мен қатар классикалық орындау мәнеріне жақындату. Осы оймен Жаяу Мұсаның белгілі әндерін жеке әншіге және фортепианоға арналған клавирлер және қазақ халық аспаптарына арналған партитураларға келтіре өңдедік. Жоғарыда айтылғандай бұл кісінің жетпіске жуық әндерінің арасынан келесі туындыларына тоқталдық:
Бүкіл қазақ даласына кеңінен тараған Жаяу Мұса әндерінің орындаушыларына байланысты әр түрлі нұсқалары бойынша халық арасына таралып кеткені бәрімізге мәлім. Сондықтан бұл әндерді өңдегенде де, ән ерекшеліктеріне байланысты нұсқаларын іздестіріп, іріктеуге тура келді. Мысалы, “Толғау“, “Қоңыр“, “Шолпан“, “Көгаршын“, “Баян ауыл“ әндері бұрын баспадан жарық көрген Қ. Бабақов, Ержанов, С. Кәрімбаев сияқты танымал орындаушылардың нұсқалары бойынша өңделіп, фортепианоға арналған клавир және оркестрге арналған партитуралар қалпында келтірілсе, “Гауһар қыз“ әні Ж. Елебековтің орындауы бойынша тікелей нотаға түсіріліп, өңделді. Ал, “Сұрша қыз“ әнін өңдеуде кеңінен таралған атақты композитор Б. Ерзаковичтің өңдеген нұсқасы негіз болып алынды. Тек басқаша өңделіп, басқаша клавир және партитуралар жасалынды.
Қазір елімізде қазақ халық аспаптар оркестрлерінің кеңінен тарап, халық арасында өз орындарын тауып отырғаны бәрімізді қуантады. Дегенмен оркестрге арналған партитуралардың әлі де болса тапшылығы және баспадан жарық көріп жатқандарының аздығы бәрімізге белгілі. Сондықтан бұл кітапқа Жаяу Мұса шығармаларының оркестрге арналған партитураларын да ұсынып отырмыз. Партитуралар кеңінен тараған орта аспаптар құрамындағы оркестрлерге бағытталған. Оркестр құрамы негізгі үш топтан тұрады. Олар: 1) Домбыралар тобы 2) Сырнайлар тобы 3) Қобыздар тобы. Шығармалар оркестр орындаушыларының әр деңгейдегі орындаушылық шеберліктеріне байланысты қарапайым, орта деңгейдегі құрылымдарға арналған. Егер оркестр жетекшілері өз жағдайларына байланысты басқа да бір аспаптар қосатын болса оған еш қарсылық жоқ. Тек ешқашан да естен шығаруға болмайтын негізгі қағида бар. Олар оркестр үндестігін құрайтын функциялар:
Оркестрдің толық атқаруында (tutti) осы функциялар өз орындарын толық сақтай білуі керек. Оркестр үндестігіндегі теңділікті сақтай білу, оркестр функцияларын анық қадағалай білу, әрине, оркестр жетекшілерінен көп жұмысты, біліктілікті, шыдамдылықты талап етеді. Бірақ,жұмыс нәтижесі де өз ойларыңыздан шығатынына сенімдіміз
Бұл кітапқа Жаяу Мұсаның “Қыз бала“ және “Құмжылан“ атты күйлері де еніп отыр. “Қыз бала“ күйі жеке домбыраның орындауы мен фортепиано аспабына арналған болса, “Құмжылан“ күйі оркестрге жазылып, жас орындаушыларға бағытталған.
Осы ұсынылып отырған еңбек Жаяу Мұса өнерінің жанашырларының көңілінен шығып, өз лайықты орнын табады деп ойдамыз.