3– жаттығу. Берілген сөз тіркестерін түрлеріне қарай ажыратып, оларды қандай мағыналарда жұмсалып тұрғанын сөйлемнен анықтаңыздар.
Қонақ болса, көңілді саяхат, көш соқпақ, лап беру, жан қалта, қалам ұшы, қол шоқпар, бұлбұл құс, алмас қылыш; жер қылу, тапшылық, жақсы лебіз, сиыр мүйіз, қол жаю, жаз кезі, әке дәулеті, қалмақ жылқышы; жақсы сөз, ел ағасы, мық жусан, сазан балық, қол соғу, ана мейірім, соғым кезі, аға сұлтан; көңіл бөлу, ата мұра, теке сақал, қазақы тұқым, қызба жігіт, топ адам, тұңғыш сәби, құмай тазы, уыз жас ; қаракөл елтірі, жылан із, күміс шашу, тау бүркіт, көңіл білдіру, игілік іс, ес жию, қыл арқан, ел кезу; көз моншақ, ем қону, еңбекші ел, дем салу, жөн адам, бой жазу, қой тұяқ, бет түзеу, қант сауыт, асқар бел.
4 – жаттығу. Мәтіндегі сөздерді мағыналық ерекшеліктеріне қарай ажыратыңыз (кітаби сөздер, бейтарап сөздер, әрлі, сезімге, эмоционалды – экспрессивтік бояуы бар қаныққан сөздер).
Сырым. Сырым – теріс біткен бір бұтақ. Қалай өсіп, қалай басып бара жатқанымды мен өзім де білмеймін. Алдымда мені не күтіп тұр! Қайда – қайда тартып бара жатқан тағдырым бар ? Бұл сәтте оны да білген, аңдағанмен емеспін. Сол Сырым сенің еліңе келгенде , қайта туам деп келген жоқ. Жат елдің адамы болғанда, Қарагөзді жолға салып, жөнін түзеймін деп, менен балуан шығатын орын жоқ. Бұл сөзді өздерің ақылдас. Қарагөз. Мені тұншықтырып, барады мынау ауыл (М.Ә).
5 – жаттығу. Берілген мәтіннен мағына ауысудың түрлерін анықтаңыздар.
1. Көп кеш ікпей көктем де келер енді,
Көгеретін тіршілік көгереді.
Қу бұтағы арса- арса кәрі еменге
Келар көктем, білмеймін, не береді? (М.М).
2. Ол суда ылай да бар, тұнық та бар,
Ылай суды тұнықтан кім айырар?»
Тәні сау, миы науқастар,
Ондайға дәрі қона ма? »
Біреу сені мақтаса, қунасың ,
Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім – онда ісің жоқ
Бәрібір сен де елірме дунасың » (Шәкәрім).
6– жаттығу.Берілген мәтіннен синонимдер мен контекстік синонимдерді ажыратып, олардың қолданыстарына талдау жасаңыздар.
1. Осы ауылдарын көшіріп, жөнелтіп болған соң, Құнанбай, дәл бүгіндей, Шыңғыс өңіріндегі әбігер мен қарбаласты тез пайдаланбақ болды. Бағана, таңертеңнен бері үсті - үстіне келіп жатқан аттылар қазір түс кезінде, қалың нөпір, үлкен қол болды. Тегіс сойыл, найза, айбалта, шоқпар ұстаған, шабуыл мен соғысқа әзірленген қол (М. Ә).
2. Үйлерінің көбі саманнан салынып, шатырлы қамыспен жабылған бұл үлкен поселкенің әр тұсында сорайып тұрған қарағай үйлердің біреуі Семен Сычнойдікі екен: Қожахмет қақпасын қаққанда, ар жағынан бойының биіктігіне орталау адамның созған қолы әрең жететін, екі иығына екі кісі мінгендей кең, жуан денелі, қаба сары сақалды, жирен өңді орыс шыға келді (С.М).
7 - жаттығу. Берілген мәтіннен синоним, антоним, омонимдерді тауып, қандай мақсатта қолданылғанын түсіндіріңіздер.
1. Сондай қалың қос-қос жылқы, табын-табын сиырлар да Албан жайлауларын оңды-солды шиырлап қаптаған. Аясы аз ғана Қарқара жазығы иін тірескен малдан беті-жүзін көрсетпейді. Қаптай басқан тұяқтан қабырғасы қайысып тұншыққандай. Ауыр күрсініп ыңыранғандай. Тоқтаусыз ағын ертелі-кеш қарлы таудың арасындағы қырғыздан, төскейдегі қазақтан, жәрмеңке қазанына төрт тараптың барлығынан шүмектеп құйғандай болып, мал баласын тізіп әкеліп жатыр. Ұлық ашумен «протокол» деп атап қойып, жазып жатты. Қисынсыз зорлықтың оң-теріске қарамай, еріксіз көндіргісі келіп тұрғанын сезген арызшылар ішінен қатты наразылық қарсылығын ойлап, көнгісі келмегендей еді. Бұлай болғанда қазақ баласына кім жала жапса, соның сөзі оң-терісіне қарамай мақұл болатын болғаны ғой. Арызымыз тыңдалмай, ақ-қарамыз тексерілмей өле беретін болған соң, біз де бір, белгілі мұттайым кісі де бір болғаны ғой. Саудагер жамандайды. Біздің сөзіміз тыңдалмайды...- дегенде, тілмаш... Біреуді қырына алып, кесір тигізіп, біреуді алқап қолтығына алып, құр жүрмес үшін астыртын партия сыбырын да жасасып, қазір жау, қазір дос тауып, маңайын бықсытып, бүлдіре жүретін.
Бүгінгі сурет пен дәл кешегі күнді ғана салыстырса да, қаншалық жер мен көктей, бақ пенен сор арасындай, айтып бітіргісіз айырмасы бар еді? Оны осы топтың ішінде болған жас-кәрі, тентек – момынның бәрі де ұқты. Ұсынса қол жеткісіз бәйтеректей болып тұрған зор кеуделі тәкаппар пішінді, жат сырлы ұлық бүгін жалпайып жерге түсіп, абыройы ақтарылып, жүні жығылып қалғандай болды. Өртеніп жатқан ел мынау, әлі де мал-дүниеге көзі тоймай, ойдан-қырдан сыпырып – сиырып жатқан Оспан анау. Сөйтпесе, бес жылда елдің алдына түскен бай бола ма? Сөйтпесе, Оспан тілмаш бола ма? – деп, Серікбай күрсініп қойды. Албан руларының барлығына да хабаршылар жүргізіп, мәлімдеп отыратын. Сондықтан ертеңді-кеш жаңалық хабарлар үзілмей, бірі артынан бірі шығып, ерсілі-қарсылы қыдырып тұрған.
– Қой, олай демегін... – деп, қарнын басып қойды. Бұл уақытта ұлық көзі қызарып, шарасынан шығып, тасырайып, мұрты жыбырлап, танауы желбіреп ашуланып... Көз алдында асау, тентек өмірде өзінің істеген қылықтары елестеді. Өзін талай күйдірген Тұңғатардың қылықтары да бірі артынан бірі тіркеліп, желіге тізілгендей сырғып өте бастады.
Соның қамын ойлаумен үйіндегі кемпірі мен екеуі жалғыз отырғанда жыласып, жүздесетін. Үйі, ауылы соңғы күндерде өзіне жат, бөтен сияқты болып құлазығандай, қайғы-уайым орнындай болып еді.
Ұлық басында болысты жер-жебір қып зіркілдеп, ұрсып қуып шықса да, көзін алартып, жер тепкілеп шабынса да, бірер старшынды киіз үйге қаматып, арест қылып қойса да. Аяғында болыс сөзіне еріксіз көніп...
Өз ішінде өз күшіне сене алмаған қауіп күдіктен басқа бұған айналадағы крестьян , қазақ – орыстың ұсақ қалашықтарынан жетім-жесір болып, босып келе жатқан қатын-қалаш, бала-шаға, кәрі-құртаңның үркіндісі де үлкен құбыжықтың белгісін көрсеткендей болатын.
Жастау, семіз, зор сары ұлық дәрежеге, тоқтыққа семірген асқақ, есіріңкі тәкаббар көрінеді.
Осындай іштей ширатылған күдік, қауіп үстінде еңбексіз, алданышсыз отырған топ әр кезде әр алуан сөз сөйлеп, бірде үмітке беттеп, амандыққа сенгендей сөз сөйлесе, бірде бірінен бірі жасырмай ашық айтып, үлкен қауіп-қатер барлығын да сөз қылысады. Бағанадан бұның бойын ұйытып, жеңіп, басып тұрған жайын қорқыныш, енді қайнаған ашу мен ызаның астына түсіп жоғалып кеткен сияқты.
- Бұлар шықпайды, отырады, - деді де, артынан ұлық тілмаштың күлімсіреп жорғалай қарап тұрған пішінін біраз оқығандай болып бағып тұрып, аяғында тым-тырыстан соң келіп, күліп жіберіп: - Жүз сом, білдің бе? – деп, тілмашты арқаға қақты.
Жиылған жұрттың аттары ауыл маңын қара тобыр қылып, жәрмеңкедей жыбыр-жыбыр басып кетті. Мынау ауыл отырған өлке - соңғы күндерінің куәсі. Балапан қанындай жазықсыз, күнәсіз қанының қара жерге тамған орны да осы өлкеде. Желкедегі қарағай кей жерінде қара қошқылданып бірігіп, иықтан баспалап қарап тұрған самаладай әскер сияқтанады. Қарқара жазығына қарай жіңішкеленіп созылып кеткен кішкене өзен де күн батысқа таман барғанда көкшіл мұңды сұр далада теңге-теңгедей болып тағы да қотырланып жарқырайды.
Дайынмын, ал мені... қалқамның алдына қара жүзді болып бармайтындай қылып, көп ниетінің құрбандығы қылып ал... (М. Әуезов).
8 - жаттығу. Берілген мәтіннен синоним, антоним, омонимдерді тауып, қандай мақсатта қолданылғанын түсіндіріңіздер.
Қыр! Жой! - деп барынша шошытып, зәрін шашып келеді. Енді, бөгет атаулы жапырылып болған соң барлық қолдары жан –жақтан қыстаға қарай лап берді. Жер – дүние азан –қазан. У да- шу. Айғаймен, тасыр – тұсыр әлекке толды. Нағыз шапқыншылықтың жат сарыны басты. Бөжей тобы әлі күнге қыстау алдында еді. Барлық бұл арадағы жиын сойыл, шоқпарын көтеріп, арқа жүнін үрпитіп, ер тағыдай тапжылмай тұрған –ды (М.Ә).
Адасқанның алды –жөн, арты- соқпақ,
Оларға жөн, арамның сөзін ұқпақ.
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша (А.Қ.).
9 – жаттығу. Берілген мәтіннен антонимдер мен контекстік антонимдерді ажыратып, олардың қолданылу мақсатын түсіндіріңіздер.
Кішкентайды әркім жасырады, үлкенді жасыра білу керек. Үлкейіп барып, сыпайы көрінгенше, кішірейіп барып, шынайы көрінгің келеді. Ыстық – суыққа, қуаныш қайғыға, ақылға ортақтаса білгенді айт (Ғ. Мұст).
10 - жаттығу. Берілген өлең жолдардан омонимдерді, оның түрлерін бір –бірінен ажыратып, стильдік қолданыстарына талдау жасаңыздар.
Жаманатын жат елге,
Жайды ойламай жайды ма? (Б.М)
Қапалы мөлдіреген көзде жасы
Көз салып елді байқар, сорлы басы.
Көзіне болар –болмас көрінеді,
Бүгжеңдеп ел аңдыған ауыл жасы (С.Т).
Диплом алып жұрттан бұрын
Елге қайтты Сырттан біздің.
Аты да Сырттан, емтиханы да сырттан
Айырмашылығы сол жұрттан (А.Т).
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз ( Бұхар жырау).
11 - жаттығу. Берілген мәтіндерден әрлі, сезімге қаныққан (экспрессивті, эмоционалды сөздер) сөздердің мағыналық айырмашылықтарын түсіндіріп, стильдік аясын анықтаңыздар.
Қазақ деген аңқау халық. Аудан орталығына жолы түскенде, Тұрсынғали біздің үйге соқпай кетпейді. Менің бір аңғарғаным, қазақ өкпешіл халық, тіпті «бір атым насыбайдан көңілі қалады» демекші, кішкентай нәрсеге де өкпелеп қалады, бірақ оның есесіне таудай өкпесін де тез ұмытады екен. Ел аузында «Жетес би айтыпты» деген небір өткір сөздер бар. Басқа халықты білмеймін, қазақтың қыз баласының сезімін оятатын тек жыр мен кітап қана емес, көбіне жеңгелері. Олар жай адамның қолы жетпейтін алыстағы ғашықтықты айтып әуре қылмайды, жас денедегі оянып келе жатқан сезімге жақын, ұрымтал тұстан дәл басып, нағыз қытықты жерден түртеді. Шығармадағы бұл жолдарда ұлттық дүниетаным көрініс тапқан. Дариға қазақтың салты бойынша менің атымды атамайды, бірақ меншіктеп ен салып, ат та қоймайды, жәй «қыз-ау» дейді. Ішіне сыймай бара жатқан жаңалығы, не өсегі болса қасыма жүгіріп келіп, шымыр білегімен мойнымнан құшақтап алып: «Қыз-ау, сен естідің бе?» деп, ыстық лебімен құлағымды шарпып сыбырлай жөнеледі. Байқап келем, бұл әйелдер бала арқалау дегенді білмейді екен, үш-төрт жасар балаларды қолақпандай етіп, бауырына қысып көтереді. Ондайға адам шыдай ма, тез шаршайды ғой, содан кейін мен оларға бала арқалауды үйреттім. Кейбіреулері бірден арқалай алмай әлек (Т. Ахтанов).
12 - жаттығу. Берілген фразеологизмдерді экспрессивті стильдік қызметіне қарай топтап көрсетіңіздер.
13-жаттығу. Фразеологизмдердің этнотанымдық стильдік қызметін анықтап, түсіндіріңіздер.
Ат басын тіреу, ат ізін салмау, бота тірсек, тай қазан, қой мінез, түйе үстінде сирақ үйіту, тойған қозыдай томпию, төрт түлігі сай, қойдан қоңыр, жылқыдан торы және т.б. бетегеден биік, жусаннан аласа, шөп басын сындырмау, аузын қу шөппен сүрту, бидай өңді, алма мойын, шөп желке, мүйізі қарағайдай алты аласы, бес бересі жоқ, жеті ата, жетпіс пұшты, қырқынан шығару, жетісін беру, он екіде бір гүлі ашылмаған, бағың ашылсын, ақ жол тілеймін, бір жаныңа мың жан қосылсын, періштелердің құлағына тисін! ата-баба аруағыңды қолдасын, бие сауым жер, сүт пісірім уақыт, таң құлан иектегенде, құнан (ат) шаптырым жер, тай шаптырым жер күн шыға, сәске түсе, ел жайлауға көшерде, ымырт жабыла, бір қора қой, бір жағым от, бір киер киім, және т.б.; ұзындық қалыңдық тереңдік: бармақ қазы, құлаш жіп, иек асты, көз көрім жер, аспан мен жердей ат құлағы көрінбейтін ақ боран, қызыл шұнақ, ақ түтек, ас беру, қыз ұзату, қонақ кәде, тұсау кесер, аузына түкіру, босаға майлау, итаяғына салу, көз тию, шөп сындыру және т.б.
14 - жаттығу. Берілген тұрақты сөзтіркестерін сөйлем ішінде келтіріп, сөйлем қандай мағыналық бояуларға ие болғанын түсіндіріңіздер.
15 - жаттығу. Берілген тұрақты тіркестер мен синонимдес келетіндерін тауып, олардың мағыналық қарым –қатынасын, стильдік реңін түсіндіріңіздер.
16 - жаттығу. Берілген тұрақты тіркестермен антонимдес тіркестерді тауып, олардың стильдік айырмашылығын түсіндіріңіздер.
17 - жаттығу. Берілген мәтіндерден фразеологизмдерді, мақал – мәтелдерді тауып, олардың жалпыхалықтық және авторлық өңдеуге түскен түрлері мен өзгерістерін түсіндіріңіздер.
Жаманың көңілі көкте, басы жерде,
Алыс қой аңғарғанға екі арасы...
Жақсының өзі, ойы биік,
Бірдей ме екеуінің мәртебесі
Біреулер қара сөзді қамшы қылып,
Қуды мініп, құланды құрықтап жүр (Ж.Ж).
Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда.
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы секілді тез суалар
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішінде қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап (А.Қ).
Қилы – қилы заманды,
Заманға сай адамды.
Салыстырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай,
Шыр көбелек айналам (Д.Б).
18 - жаттығу. Антонимдердің сөйлемдегі әрқилы позицияда кездесіп түрғандығын дәлелдеңіз.
19 - жаттығу. Берілген антонимдер қандай сөз табында жұмсалғандығын тауып, жігін ажыратыңдар.
20 - жаттығу. Берілген мәтіндерден синонимдерді тауып, олардың мағыналық реңктерін айырып, қолданылу мақсатын түсіндіріңіздер.
Заман қанша қаһарлы, қатыгез, тасбауыр болса да, сол кездегі адамдар, Жуанқұл сияқты бірлі-жарымы болмаса, мейірімді, бауырмал еді.
Әкем жарықтық, аңшы еді. Бір барысты торға салып, тірідей алып келгені есімде. Дүниеде мұндай сұлу, мұндай паң, тәкаппар аң болмас.
Күн батып, қас қарайғанда, жылқыны Қуанышбайға өткізіп, үйге қайттым. Қуанышбай менен гөрі ересектеу. Түнгі кезекке сол шығады.
Ал енді, кейбіреулер жақтырмаған топас адамын «баран» дейді. Қандай әділетсіздік, қандай қасиетсіздік?! Десе, дей берсін, оны мадақ ретінде қабылдап, Шопан Ата баласын кие тұтып, әлгі қойды қорлаушының өзін пүшәйман ету керек. Сондықтан, біреу саған: «баран» десе, сен оған: «спәсибә» де. Ақымақ болмаса, түсінеді. «Қойдың сүті – қорғасын, қойды сөккен – оңбасын!»
«Жер бетіндегі мынадай қорлық пен зорлыққа, қаныпезер қатыгездікке, әділетсіздікке биіктен көзін жұма қарайтын Айды, Ай арқылы Құдіретті түртіп оятпақшы болғандай.»
Төртеуі отырып алып, Қалатай апамның шәйін ішіп отырып, әңгімені менен тартып тарихқа кетті-ау деймін. Оның ішінде менің әкем Мұртаза жиі айтылады. Бөпетай атамның айтуынша, Мұртаза екеуі Әулиеатаның Балпық сарайына түсіп, атақты Керімбай болыстың қасында отырып, қымыз ішкен көрінеді. Әулиеатаны ояз билесе, Керімбай одан артық болмаса кем емес көрінеді. Содан, Керімбайдың ерлігі, пәрмені, айбынының асқақтығы айтылды.
Мен жауап қатпай, алыста қалған ауылға қарап отырмын. Біз Қаратаудың қырқасына көтерілсек те, Тәңіртау әлі биік. Бауырында жүргенде байқамайды екенмін, әйтпесе ұзыннан - ұзақ керіліп жатқан кербез, тым тәкаппар, тым асқақ екен.
Қарамадым. Салып ұрып, Жуанқұлдың үйіне келдім. Есеектей дәу, ала маңтөбет маңқ - маңқ етіп үріп еді, үйден Жуанқұлдың қатыны шықты. Сықпытына қарасаң, иті де тоқ, қатыны да қарынды.
Сәли атам бізді Тәңіртаудың бауырынан, Мыңбұлақтан көшіріп әкелуін әкелді. Қош. Қартайғанда тау асып, тас басып, есек арбамен жиен қызын үш баласымен көшіріп - қол ұшын берген мейірбандық, имандылық.
Бесінші класқа кіріп, ең соңғы партаға барып отырдым. Не кітап, не дәптер жоқ. Оқуға деген құмарлық, құштарлық сөніп қалған тәрізді. Әйтеуір кластан класқа көшіреді, бірақ білім жоқ (І.Есенберлин).
21-жаттығу. Алынған мысалдардағы фразеологизмдерді бейтарап, кітаби және ауызекі сөйлеу тіліндегі фразелогизмдерге ажыратып жазыңдар.
1. Зығырданы қайнау, тарпа бас салу , жүрегі төбесіне шығу, төбесі көкке жету, жанын қоярға жер таппау, үш қайнаса сорпасы қосылмау, отқа май құю, жайылып жастық, иіліп төсек болу,аштан өліп, көштен қалмау, сүйек араласу, жыртығына жамау болу, түтіні түзу шықпау, шаңырағын ортасына түсіру, ауызбен орақ ору, қамшы үйіру, жұп жазбау, алақандай шегір көзінің оғымен қарау, қызыл кеңірдек болу, індеріне су құйылу, асық жар, жанарынан от шашу, тіл ұстарту, жанарымен жер шұқу, бақиға аттану, шейіт болу, тәрк ету фәниден бақиға көшу, жалын ату, құйысқаны көтерілу, отымен кіріп, күлімен шығу, жұмыртқадан жүн қырқу , ауылнай басы, сауын айту, жол аяқ, көш жер, екі кештің арасы, қалыс қалу, ауыр күн, ақ бата, кісі киік, жолы болу, жан дәрмен, ел аман, жұрт тынышта, о заман да бұ заман, сүрідей сақтау, жүген ұстап жүрмеу, жұртта қалу, қамшы болу, қаймағы бұзылмау, қас қарайған уақыт, бесін ауған кез, бата беру, ымырт үйіріліп, көз байланған шақ, алдынан өту,шай қайнатым уақыт, ауыспалы қызыл ту, ат арты күн, атайман атану, құрсақ көтеру, қалың мал, отау тігу, тұсау кесу, шаңырақ көтеру, үкі тағу, қайтыс болу, қарғы бау,құда түсу, бұйымтай атау, жеті шелпек пісіру, жаназа шығару, қара шаңырақ, сүндетке отырғызу, сүйінші беру, байғазы беру, ат-шапан айып.
22-жаттығу. Көркем мәтіннен алынған фразелогизмдерді функционалды-стилистикалық саралануы жағынан ажыратып жазыңдар.
Жол үстінде ымырт жабылып, қас қарайған шақта жалғыз келе жатқан баланың ойында үлкен мұң, қабағында қалың қайғы бар (М. Әуезов).
Тұр едім менің бақытым.
Ұстай алмадым.
Өткізіп қойып уақытын ( М. Мақатаев).
Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ ( Абай).
Жалт бұрылып, жанарымнан шашқанда от,
Жатыр екен жүрген ізім дастан боп (М. Мақатаев).
Қоймады дертің күйдірмей
Не салсаң да тартамын (Абай).
Күн қырындай жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді- ай, жұлдыз к - н қысты (Абай).
23 –жаттығу.. Фразеологизмдердің түрін анықтап, стильдік мәнін түсініп, есте сақтаңыздар.
ЖҮРЕК - аузына тығылу, жүрегін қолына ұстау, жүрегі тас төбесіне шығу, жүрегі ұшу, жүрегі шайлығу, жүрегін қан жуу, жүрек жарды қуаныш т.б.
КӨЗ - көзге күйік болу, көзге ұрып көріну, көздері алақандай болу, көздің қырын салу, көз жасына қалу, көз жасын көл ету, көзінің қарашығындай қорғау, көзі шарасынан шығу, екі көзі тас төбесіне шығу, көзі шырадай жану, көзден таса қылмау, көз майын тамызу, оқты көздермен ату, өз көзіне өзі сенбеу т.б.
АУЫЗ - аузын ашса жүрегі көріну, аузын тығындау, ауызға қақпақ болу, аузы күю, аузының суы құру, аузы-басын майлап тастау, аузын алмау, аузынан жырып беру, аузына түкірту, аузы салымды болу, аузына іліну т.б.
БАС - басын тауға ұрып, тасқа соғу, басына қайғы салу, басына күн туу, бас құйқасына дейін шымырлау, басқа шауып, төске өрлеу, бас қатыру, шақшадай басы шарадай болу, басынан құс ұшырмау, басынан бағы таю т.б.
БЕТ - беті шыдамау, беті оңға бұрылу, бетін қақпай еркелетіп өсіру, бетін қайтару, бетінен оты шығу, бетінен қаны төгілу,бетінен қақпау т.б.
ҚОЛ - қол бұлғау, қолдан - қолға тигізбеу, қолды болу, қолды бір сілтеу, қол ұзарту, қолының суықтығы болу, бір қолы екеу болу, өз қолы өз аузына жету, қолы тимеу, екі қолын алдына сыйдыра алмау, біреудің қолымен от көсеу т.б.
АЯҚ - аяғының ұшымен жүру, бір аяғы көрде, бір аяғы жерде, аяғын тарту, аяғын аспанан келтіру, аяғынан тік тұрғызу, аяқ астынан т.б.
КӨЗ - Ескі көз, көз байланған мезгіл, көз жіберу,көз тию, көз алмау, көз көріп, құлақ естімес жер, көз жүгірту, көзі іліну, көз ұшында, көзі ашылу, көзі жету, көлденең көз.
24-жаттығу. Көркем мәтіннен алынған мысалдардағы кейіпкердің портретін, психологиялық күйін, қуаныш, шаттық күйін берудегі фразеологизмдерді тауып, ерекшеліктерін ажыратып, көшіріп жазыңыздар.
Жүрегі төбесіне шығып,қалш – қалш етіп дірілдеп, діңкесі құрып тұрған Қамар сорлыда ненің есі болсын, үш - төрт жігіт отырып:
- Жүр! Неге тұрсың? – деп ұмтыла берген кезде, апырым – ай, Қамар жанталасқандай терезе деп ойладыма немене, пәрменімен ұшып кеткендей үйдің бөренесіне басын соғып шалқасынан түсті.
Оған Оспанның да, естіген Нұрым күйеудің де төбесі көкке жеткендей болды (С.Т).
25-жаттығу. С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романынан алынған мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріп, олардың қандай мақсатта қолданғандығын көрсетіңіз.
«Соқыр тауыққа бәрі бидай»
«Ит үреді, керуен көшті»
«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүрер».
«Байтал тұрсын бас қайғы».
«Соқырдың қолына түспе, саңыраудың жолына түспе».
«Теңі келсе, тегін бер».
«Арсызға алты күн мейрам» .
«Өлімнен ұят күшті».
«Қасқырдан қайрат кетсе ешкіні апа қылады».
«Таң атайын десе де – күн қоймайды» .
«Суға кеткен тал қармайды»
«Шығасыға иесі басшы».
26-жаттығу. Төменде келтірілген авторлық афоризмдерді жалпыхалықтық тілдегі мағынасы жақын мақал-мәтелдерден мысал келтіріп түсіндіріп беріңдер.
«Туған жердің түтіні күйесіз», «Ел жаусыз болмас, жер таусыз болмас», «Адам жүрген жермен адам жүреді, біреу білмегенді біреу біледі», «Ақылды адам айтқызбай біледі, ақсұңқар қаққызбай іледі», «Адам көзі таразы», «Жалғыздың жағы жоғалса табылмайды, көптің оғы жоғалса табылады», «Жарақты күні жау жолықпайды, Жайлы күні қонақ келмейді», «Қонақты сөзбен тойғыза алмайсың», «Іздеген мұратына жетер, жалқаудың өмірі босқа өтер», «Қайталаған дерт жаман, қайта бұзылған серт жаман», «Үндемесең дау алар, жата берсең жау алар», «Дос болу оңай, сақтауы қиын, жау болу оңай, тоқтауы қиын», «Жігіттің сорлысын, жылқының жолдысы теңейді», «Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер», «Жердің бақыты тайса, су сайға құлайды», «Айды етегіңмен жаба алмайсың», «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын», «Өзіңді сөзіңнен кем көрсетпе», «Ақсаң селдей бол, ессең желдей бол», «Алты жыл аш болсаң да, ата салтын ұмытпа».
27-жаттығу. Берілген үзінділердегі антонимдерді қандай сипатта жұмсалғандығын ажыратып, стильдік қолданыстарына талдау жасаңдар.
Тартынбай тамылжытып сөйлегенде де өзіне үлкен - кішілердің аузынан суын ағызып, көңілдеріндегі уын шығара жаздаушы еді.
«Жақсыдан жаман туса емі болмас, жаманнан жақсы туса – теңі болмас» деген бабаларымыздың жарқыраған жолын надандығы көргізбеуші еді. Қамар:
- Ай молда түзушілік қайда қалды,
Жазып па құдай бізге сасық шалды?
Құдай тұрсын, ынсапты пендесі де
Қоса ма қу ағашқа өрім талды?
Ойласаң, таза менен сасық тең бе?
Ғалымға қара көңіл пасық тең бе?
Неге, неге көрмейсің, соқыр молда,
- Байқасаң, асыл менен жасық тең бе?
Әй, Қамар, бұлқынсаң да түстің торға,
Абайлап қарасайшы оң мен солға.
Бекерге тәтті аузыңның дәмі кетер,
Тілімді ал, осы күннен әуре болма
Көз тігіп қарадың деп күйе жақпа,
Жақсаң жақ, жөні келер жерін тап та.
Ақылмен алды-артыңды шолып алмай,
Қарны ашқан қасқырға ұқсап қойға шаппа!
(С.Торайғыров).
28-жаттығу. Берілген синонимдік қатарлардың мәндес фразеологиялық синонимдерін тауып, олардың мағыналық реңктерін ажыратыңдар.
29-жаттығу. Келтірілген үзінделерден омонимдерді, оның түрлерін (омофон, омограф, омоформа) бір-бірінен ажыратып, стильдік қолданыстарына талдау жасаңдар.
Міне, Ахмет бас болған жерде бас болып, жас болған жерде жас болып, тіпті мас болған жерде мас болып, тоғыз қырлы, тоқсан сырлы жігіт ағасы деуге лайық болып жүрді. Бір күні өзіне – өзі қайрат беріп: «Қой, бүйтіп күйік үстіне жалғап алмайын, өзімдікі қабырға бірге түсетін күйік қой, енді тағы Ахметті күйдіріп, кәрі әке – шешесінің обалына қалмайын; бірдеңеміз елге сезіліп қалса, Ахмет байғұстың талқанын шығарады ғой; сонда олардың көз жасы, қарғысы менің мойныда болмағанда кімге? Нұрлы жүз жан - жағына сәуле шашып,
Бойының мінсіздігі онан асып,
Өзгеден сып – сыпайы һәм сүйкімді,
Ең арты жүрсе - дағы аяқ басып. Оның ішінде кітап аштыратыны бар, қақтырып - соқтырып үшкіртіп түкіретіні бар, тәспі аламын, балалы боламын деп жүрген сопылар да бар, - не қылса да сол маңайдағы қазақтар : «Іздесең табылмайтын жарықтарды құдай қолға айдап кеп бергенде...» деп жүзі жүз түрлі мұқтаждықпен алды -ат, айғыр, қошқар, арты теңге - тебен садақаларын, тым - ақ құштар болып тұр еді, қолдарына тиді (С.Торайғыров).
30- жаттығу. І.Есенберлин еңбегінен берілген үзіндідегі мақал-мәтелдерді тауып, теріп жазып, мағынасын ашыңыздар.
- Атамекен Көкшетауын тастап, Қасым төре неге Қоқан хандығына қарай көшті? – деді ол сөзін алыстан қозғап. – Қазақта мақал бар емес пе «Бөтен елде сұлтан болғаныңша, өз еліңде ұлтан бол».
Сейтен атаның басын жедел тартып алды.
- Сен оны қайдан білесің?
Ожар екі ұшты жауап қайырды.
- Ел құлағы елу...
- «Қақпанды қоя білмеген қасасын қалдырар», әкеңнің аузын... Бағана күн батарда біреуің көзге түсіп, Сейтенге елең туғыздыңдар. Жаңа ғана жатты. Біз қазір оны байлаймыз.
- Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман боп кетті емес пе, - деді ақсақал уһілеп, - «жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты - қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. Біз бір мал баққан момын елміз.
- Адал өлу де – абырой.
– Қария тілмашқа алара бүркіттей сұстана көз тастады. – Шырағым, аяқ алысыңнан байқадым, сен өзің Әбілқайыр, не болмаса Уәли ханның ұрпақтарының біріне ұқсайсың... «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген, бір сұрайтын сөзім бар...
- Сен жас едің. Бірақ асыл тастан, ақыл жастан, жұрт білмегенді сен білетінсің. Бүкіл Қаржас елу күн ертегі етіп бітіре алмас жәйтті, сен бір түнде айтып бере алатынсың...
Жоламан әрі ойлап, бері ойлап бір шешімге келді. «Көп қорқытады, терең батырады». Бар қазақтың басының бірлігі бізге қорған бола алады.
Кезеген мылтық, жалаңаш қылыштың түсі қандай зәрлі, Жоламан тобындағы кейбіреулер сескенейін деді. Бірақ амал бар ма «қоянды қамыс, ерді намыс өлтірген», бұлар қарсы шығуға мәжбүр болды.
- Бүгінгі жақсылықтарыңды өмір бақи ұмытпаспын, - деді Жоламан қалың қабағын дүр көтеріп. – « Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі» келеді деген осы. Үш батыр тізе қосып едік, көк темірге оранған жау шегінді.
«Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі», осындай өжет ананың баулуында қанаттанған Ағыбай да батыр болып өсті. Он сегіз жасынан Қасым төре балаларының соңынан ерді. Отыз төртке келгенше басынан талай айқасты өткізді.
Әрине, Қоқан ханының бұған тікелей қатынасы жоқ. Бірақ болғалы тұрған қанды уақиғаны соның әмірі етіп көрсетсе қайтер еді? Сақтықта қорлық жоқ, егер бұл істің өзінен шыққан Абылайдың көкжал ұрпағы біліп қалса, әңгіменің аяғы неге барып соғарын кім біледі (І.Есенберлин)
31- жаттығу. Келтірілген мәтіндерден мақал-мәтелдерді тауып, олардың жалпыхалықтық және авторлық өңдеуге түскен түрлері мен өзгерістерін түсіндіріңдер.
Адам сыры – сандық ішіндегі қазына. Онда алтын жатыр ма, бақыр жатыр ма, бірден білу қиын. Кілтін іздеу керек».
Өлсек шәйітпіз, өлтірсек бәйітпіз»
Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды».
«Көп тебінсе – жер сілкінеді, қиянатты көзімен көрген жұртты басу қиын».
«Қазір жер қорғайтын заман емес, жан қорғайтын заман... Тағы құландай ру-ру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ, ту тігіп ел болудан қалған».
«Ата-ананы таңдауға болмайды, туған халқыңды да таңдай алмайсың! Оны әлжуаз де, тағы де, бірақ маңдайымызға жазылғаны сол халық, мен оны сен айтқан әлжуаз қалпында да жақсы көрем. Кімде-кім сол қазақ деген қыранды қанатын кесіп, жем-құсына айналдырғысы келсе, ол менің қас жауым, туған балам болса да аш тамағынан ала түсіп, өз қолыммен бауыздауға бармын».
Өмір деген теңіз де, адам желкен қайық тәрізді, тағдыр желі айдаса кездеспей тұрмайды».
Бақыт деген бір қоңыр қаз, ер жігіт оған тұзақ сала ма, тор құра ма, ұстай білуі керек».
«Темірді темірге сала берсең екеуінің де жүзі майыспай ма, сол тәрізді ажалға қарсы шабуылға шыға-шыға сарбаздардың да беттері қайтып қалғандай».
«Басын біріктіре алған дұшпаның қайралған қылышпен тең, абайлап ұстамасаң қолыңды алып түседі. Іштегі шұбар жыланды асыраудың қажеті жоқ, одан дер кезінде арылған жөн».
Елін сатқан адам, жылқы ішіндегі маңқамен тең».
«Халқыңның қамын ойлар болсаң, ең алдымен оның бірлігін ойла» (І.Есенберлин).
Білімін жетілдіруге арналған тапсырмалар
Баяндама, реферат тақырыптары:
Өз бетімен орындауға арналған практикалық тапсырмалар:
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар
Контекстік синонимдер мен антонимдер дегеніміз не, олардың стилистикалық мәні неде? Мысал келтіріңіздер