Стилистикалық қайталамалар


94 - жаттығу. Өлең жолдарындағы стилистикалық айшықтар түрлерінің экспрессивті – эмоционалды реңктік қызметін анықтап, қайталаманың қай түріне жататындығын ажыратыңдар.

1. Мен саған қарыздармын

Жүрегімде шаттық бар. Бар ызғар, мұң.

Біз екеуміз кешкен күй ұқсас керім.

Сезімге ғажайып аңыздардың.

Мен саған қарыздармын.

Сен де маған

Басқа қызық-шыжықтар ем бе маған!

(Бір-біріне қарыздар екендігін

неге біле бермейді жердегі адам? (Ф.О).

 

2. Қайда сол бір сен теретін,

Мен шашатын қызғалдақ,

Қайда сол бір дала әуені

Айтылатын бізге арнап.

Қайда сол бір жарқын кездер

Ақ сағымдай жалт еткен,

Қайран күндер көзден таса

Е, дегенше бізді алдап ( М.А).

 

3. Мені ұмыту -

Таңның нұрын, күн сәулесін сезінбеу.

Мені ұмыту -

Ойға шому, қапалану, қайғыру.

Мені ұмыту -

Бұл өмірде бар қызықтан айрылу.

Мені ұмыту -

Тұсау салу шат күлкіге, сезімге.

Мені ұмыту -

Аямастан қанжар қадау өзіңе. ( А.Б).

Бұл өмірде

Қия алмайтын сәттерім -

жүрегімнен күй арнайтын сәттерім,

Таң атқанша достарыммен ән салып,

Жанымды орап нәзік сезім, бал шабыт

қиялдайтын сәттерім.

Бұл өмірде

Рахатқа батқаным -

өзіңді іздеп тапқаным;

жүргендерге жағалай

қауіптеніп, күдіктеніп қарамай -

күлім қағып пәк көңілді баладай

сеніп жүрген шақтарым ( К.А).

95 - жаттығу. Әр шумақтағы қайталаманың қандай тәсілмен жасалғанын, өлеңдегі экспрессивті – эмоционалды реңкін түсіндіріңдер.

  1. Сен арқылы сүйемін бұлақ, күнді,

Сен арқылы қысым - жаз, қырат - нұрлы.

Сен арқылы жұмбақтар шешім тауып,

Сен арқылы самсаған сұрақ тұрды.

Жаным жүдеп, қалқам-ай, жүр-ау сенің,

біраз жерге сен бұрын шыдаушы едің:

Мүмкін өмір - толқын леп жұқардың ба,

Мүмкін сені алдаған шығар сенім? (Ф.О).

  1. Сол жерде сауық-сайран,

Сән құрды ма,

Сол жерге Құлагерді шалдырды ма,

Сол жерде бір сұлудың ақ дидары,

Ақынды таң тамаша, қалдырды ма. (М.А).

  1. Білмеймін жалқымысың, дарамысың,

Білмеймін біз көрмеген Сарамысың.

Әйтеуір көз ашқалы шыңда тұрған

Қазақтың қыздарының жалауысың. (А.Б).

  1. Жер беті күрделі ғой осы күнде

Біреудің жау болады досы бірде.

Біреудің жан жүрегі айқара ашық,

Біреудің аша алмайсың есігін де. (К.А).

Өртеніп кетерміз, аға.

Өртеніп кетсек арман не... Кеңірдектен жалған қардың ортасынан өрт шықса, әлемге әйгілі жаңалық болмас па еді... Сонымен...

Сонымен, аға...

Кеттік! – деді жанына жайғасқан Бақытжанға.

- Кеттік! – деді ол да (О.Б. «Қар қызы» )

- Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағада, - деді.

- Үшкірсе, мына балаң молда боп келді ғой. Үшкірт балаңа,- деп, Айғыз күлді.

- Үшкірсін, баласы үшкіріп берсін. (М.Ә.)

96 - жаттығу. Көріктеу тәсілдерінің бірі қайталамалардың түрін, стильдік мәнін анықтаңыз.

  1. Біздің жұрт «Дүйсектің диірмені» дейтін диірменнің жанындағы аспалы көпір арқылы арғы жағаға өтуге тиіспіз. Өзімді құмырсқа құрлы құны жоқ міскіндей көремін, көңілім – көр, жігерім жер болып, өлердей күйінемін. Осындайда тіршіліктің анау-мынау ауыртпалығын елең қылмай қайғыдан қуаныш, күйзелістен күлкі жасай алатын тұрғыластарым есіме түседі. Кешігіп келген күтусіз қонақ мен ғана болармын. Бейшара бала-ай, бесіктен белің шықпай жатып қор болған екенсің-ау. Егер қара дәудің журналист екенін білмесем, қазіргідей қысылып, қымтырылмай қыздарға киліге кетер едім. Орнымнан атып тұрып, бар даусыммен «даңқ деген дақпырт» деп айқай салсам ба деп желіктім. Жүрегім кеудемді жарып жібере жаздап тепкілейді. Мұң шақпағаны ұялғаны ғой. Ұялғаны – бөтендігімді бетіме басқаны. Екеуміздің арамыздағы сәбидің енді қайтіп бізді жарастыра алмасын ішім сезеді. Бала – баянсыз, бодаусыз боқ тіршіліктің аз күндік алданышы ғана. Түптеп келгенде қуаныш та, қызық та, бақ та, байлық та... бәрі де - күлкісіз баянсыз. Ең бастысы - өмірдің өзі баянсыз. Өтеді де кетеді. Алдамшы, күлкісіз, қайғысыз, күйінішсіз, өткінші өмірдің сәні де жоқ шығар, сірә. Бәріміз аурумыз, жанымыздың жұрттан жасырған жарақаты бар. Ожаудай жұдырығын алып жүгіріп келе жатқандай, жүрегім суылдады. Гүлбануға бұрылдым, маған жалбарына қарап, жанары жаудырап жатыр екен. Ол велосипедтен көз алмайды, сұқ саусағын сорып, состиып тұр (Б.Мұқай).
  2. Тәңірі жарылқап, тамбурда тұрған тәмпіш мұрын бір қара қыз кемпірдің қолынан тартып, ішке ендіріп алды. Вагонның терезесінен иір-иір ақбас тау пойызбен жарысып жөңкіліп жатты. Сайлардың бетегелі бұлымдары бір жері тақыр, бір жері ашаң жасыл – тозған доқабадай. Ақсайдан салқын самал сезіледі. Шымшықтар шықылықтап, құмыр құрқылдап қалыпты. Үні тарғыл-тарғыл шығып, қарға да қарқылдап қояды, шұбар көкек сұңқылдайды. Тіпті бір көктемде Бейсалы шалдың жоғалған тушасы әбден қар кеткен соң сай табанында жаңа туған лағымен жайылып жүрген жерінен табылған. Арзы апа, Медетхан неге бұ жаққа кетіп қалған? – деп көптен көңілімде көмулі жатқан жұмбақтың шешуін сұрадым. Жоғары қарасаң – төбеден тұнып тұрған құз, төмен қарасаң – басың айналатын шыңырау. Қайран қазақ, әмеңгер жолыңмен сенің әкең Мұратқа қосамыз деп көріп еді, осы жаман шешең шаң-шұң шығарып көнбеді жаздым, жаңылдым деп жалынып – жалбарынып, аяғына жығылудан басқа амалым қалмады.
  3. Қара теңіздің жәннаты жағалауына жолдама Жоламанға да тиген. Баланы бауырыма басарымды бассам да , біртүрлі себепсіз сезімнен қысылып барам. Қарттарым сақалдарына сүрініп жүріп, сайтанның сідігі сіңген сусынды атасының асындай сіміреді. Ескі қыстаудың қанқаларын қашан құлап біткенше жабайы құстар мекендейді. Бір – біріне жабысып бір – бірін жан – жалынымен жүрек жылуымен қаузап тұрған. Қызығып,көзі қылиланып , құлқын қағып қағынып тұрады. Есік ашыла бере кешегі көзбен көзім кездесті. (Ш.Мұртаза).
  4. Бақыт деген біреулердің ұғымынша – байлық. Ал қалтасы қалыңдардың түсінігінше бақыт – даңқ. Жо-жоқ! Бақыт өзіңді-өзің алдау үшін ойлап тапқан ұғым. Бақыт деген – қанағатсыздық. Еш қиналыссыз жақсы тұрмыс құру, өзгеге үстемдік жүргізу, сол арқылы ләззат табу бақытттылық емес. Бақыт деген – тіршілік ету, осынау түбі көрінбес тұңғиық дариядай дүниенің сан қат сырына, жұмбағына үңілу. Иә, иә бақыт деген жоқшылықты да, тоқшылықты да көре жүріп алдағы күңгірт күндердің ащы қызығы үшін тырбанып тіршілік ету. Жо-жоқ! Ол – адамның ешқашан қолы жетпейтін бір заңғар. сезімшіл...Тез шамданады, тез елігеді, тез беріледі, тез жериді... (Б.Мұқай).
  5. Ғашық болу білу де бақыт. Басына қонған бақты ешкім теппейді. Ондай бақыттың адамды екінші рет іздеп келмеуі мүмкін. Кейбір адамдар басына қонған бақыт құсын үркітіп алады да, өз ағаттығын есі кіргенде түсініп, өмір бойы опық жейді. Ажар ондай ақылсыз емес. Бақытсыздық дегеннің не екенін ол жақсы біледі. Иә, ол ең алдымен бақытсыз болып көрді (Б.Мұқай).
  6. - Ол атпайды. Пыстаны су болса керек. Түнде далада шық тиіп, су болған. Жаңа ана бұлымның ар жағында тобылғының түбінде бір ұрғашы елік күнге маужырап ұйықтап жатыр екен. Көздеп тұрып басып қалсам, шырт етіп от алмайды. Затвор қайта қайырып, қайта салып, тағы басып қалсам, тағы от алмайды. Патронды ауыстырып, тағы атам – тағы болмайды. Ыза болғаным сонша, елікке жақындап келіп мылтықтың өзімен жіберіп кеп ұрып едім – ата кеп жөнелді, түбі тимеді. Сөйтіп ауызға түсіп тұрған бір еліктен қағылып, қапа боп келе жатқанда, сендер кез болдыңдар. Бұ да болса, құдайдың несібесі. Әй балақай, мылтықпен ойнама. Ол бәрібір атпайды. Әйтсе де мылтықпен ойнамас болар (Ш.Мұртаза).
  7. Қазіргі балалар Тұлықтасты біле қоймайды. Бұл ұзындығы бір метрдей жұмыр сүйретпе тас. Постремка арқылы аттың артына жегіледі де, астық сонымен бастырылады. Қырманда үш тұлық жұмыс істейді. Әр тұлықтың атының үстінде тепеңдеген бір-бір бала. Қырманның қақ ортасына мая етіп шоқитып үйген бау. Тұлықтас жегілген аттар сол маяны айналып желеді де отырады.(Б.Соқпақбаев).

97 - жаттығу. Баспа беттерінде жарияланған мақалалардан стильдік қателерді тауып, оларға стилистикалық талдау жасаңыздар.

  1. Тұзды су шашты сірестіріп, шаштың өңін ашпай тастайды.. Суды жұмсартатын заттар шампунның құрамында да бар. Бас жуатын сабынды немесе шампуньды пайдаланғанда шашты ұйпалақтап, шатыстырмай, біркелкі жууды ескерген жөн.

Бұл жолы Валерия өзін алдына үлкен мақсаттар қоя отырып, ән әлеміне өзіндік жаңашылдығымен келгендей сезінеді. Құмаш атаның бүгінгі ұрпақтары- біз атамыздың ерлігіне бас ие отырып, кезінде өзі айтып кеткен өсиеті - еліміздің гүлденуіне барынша үлес қосамыз деген үміттеміз.

Мәжіліс депутаты жетімдер саудасы басталғаннан бері оны қаузаумен келеді. Мәселен, бұрындар қайтып келген қыз ел бетін көре алмаушы еді. Аттары айдай әлемге дабыра болатындар, әдетте, саясаткерлер, елбасылар, президенттер, корольдер. Ал енді ата-бабаларының жақсы қасиеттері мен кемшін тұстарын бойына дарыта туған ұрпақ өзінің өмір жолында жанын жақсартып, мәңгі ізгілікке қарай ұмытылуы да, иә болмаса дүние есігін ашқан кездегі ізгілікке дәрежесін төмендетіп алуы да мүмкін.

  1. Сабақтан алдын-ала балаларды орманға , экологиялық мұражайға саяхатқа, бақылаулар мен тәжірибе жасап, өлеңдер мен тақпақтар жаттатылады. Соңында балалар шеңбер жасап, бүгінгі атқарылған жұмыстарына ой пікірін ортаға салып, сабақ аяқталады. Балаларға мен айтып тұрамын, қақпақпен жоқ сандарды атап, көрсетіп тұрыңдар. Балалар қыс мезгіліндегі табиғат өзгерістерін, ормандағы аңдарды көрсету арқылы олардың, ой-қиялдарын арттыра келіп дамыту. Өз ісінде ізденгіштікті ғана қолданған, біздің ұжым білім мен білікті жетілдіруді, сөйтіп болашақ ұрпаққа өмірдің талабына сай білім беруді басты мақсатына айналдырды. Сөзден сөз бастау, өлеңнен шырқамасақ, қандай көңіл көтеру? Балалар сендерге көп-көп рахмет, өнерлерің биік болсын демекпін, айтарым осы сау болыңдар. Шынында солай, қажырлы еңбекті дәміл-дәміл тыныс алумен алмастыра жүргізгенде ғана адам денесі шаршап, қажымайды, әрі жұмыс та өнімді, берекелі болады. Тәрбиешілер балалардан математикалық ұғымдарды бекіту мақсатымен қанша күлше, қанша сықпа құрт жасалғанын, әрқайсысы қанша құрттарды жасалғанын сұрайды. Тартылыс күштері белдеуінің өзгеруі тарелкалардың тарытылыс-кері тебу күштерін өзгертіп қана қоймай, ең алдымен кеңістіктің қисайып, бағытын өзгертуіне мүмкіндік туғызады (№ 5-2005 Қазақстан әйелдері).

98 - жаттығу. Газет - журналдардан алынған мысалдарға сүйене отырып публицистикалық стильдің мақала жанры туралы пікірлеріңізді қорытындылаңыз. Мақалалардағы стильдік қателерді тексеріңіздер.

  1. Қыстың сықырлаған аязында міндетті түрде баран түсті жылы киім кию керек еме. Қоғамымызда толғағы жеткен мәселені шешуге деген ұмтылыс бар. Біз шекарамыздың аржағында не болып жатқандарын да анық көріп, түрлі-түсті реформалар негізінде халықтың тұрмыс деңгейіне және биліктің сапасына көңілі толмайтындығы, қандай да бір сыртқы әсерлердің күшейе түсуі жатқандығын да жақсы түсінеміз. Қазақстанда тұрақтылыққа нұқсан келтірмейміз, жастарды теріс ықпалдардың жетегінен аман алып қаламыз десек, елімізді мекендейтін халықтардың ықылым уақыттан бергі мәдени, материалдық және рухани құндылықтарын сақтап, одан әрі дамыта түсу мәселелеріне айрықша мән беруіміз керектігіне делегаттар назар аударды (№5, 2006, № 6, 2007, №1, 2008 Қазақстан әйелдері).
  2. «Гүлдерден» соң мен «Ауылым», «Анашым» деген екі өлең жаздым. Бұлар аудандық газетке жарияланды да «Ауылым». Газет қызметкері өзгертіп, түзеп жібергенмен, (соңында менің аты-жөнім, оқитын класым көрсетілгеннен соң және өзім осы тақырыпта өлең жазып, үшбу хатпен аудандық газетке жолдағаннан кейін танып, менің өлеңім деп отырмын), жырға өзек болған ой-сезім - шын менікі. Дүкенге апарып, өзіме лайық зат болса - алғызу.

- Бір ұрттатшы, - деп сұрайтын ол. Інісі, әрине, бермейді.

Бұның бәрі бәрібір миыма сіңбейді, келесі күні тағы да Роза құрбыма тартамын тұра салып. Кейде көшеде кетіп бара жатқан әлдекімнің сұлбасын соған ұқсатып, елеңдеп қаламын.

Қайын әпкем Сәуленің күбірі шалынды құлағыма.

Қыста ауылда күйбең тірлік басым, бықсыған көмір иісі, суық. Ауылдың аптап ыстығы. Мұрныңнан қан ағызатын, есіңнен таңдыратын сондай бір таза аптап. Бірақ оған уақыт тар.Сіркем оған су көтермей тұрған. Күйеуім негізі мінезі жұмсақ адам. Аяғының астында, бұратылып жатқан маскүнемге «Өтіп кейін рұқсат етіңізші» деуі мүмкін қиылып. Ал, мен ала дорбамды асынып, жолсерікке қалтамдағы бар пұлды беріп салып ұрып келемін. Үрпиісіп отырмыз. Жеме-жемге келгенде ешкім дайын болмай шықты әңгімеге.

Менің пайымымша, қарғыс-дәрменсіздің, әлсіздің құралы. Мұратты бұрыннан танитын болса керек, немісше әлденені тақылдап, қонақ күтетін бөлмеге енгізіп үлгерді. Өкінішке орай ма, бақытына қарай ма, Мәриям апасын жоқтатпаған Руфь ханым былтырғы жазда ұшақ апатынан бақилық басыпты.

- Ата, тұрыңыз, жеттік, - деді Бату толқи («Жұлдыз» журналы, №5, 2007).

  1. Ол жүйе сол мемлекеттің ішкі құрылымы өзгермей - ақ жетілдіріле беруі мүмкін. Тұжырымдама – ғылыми-теориялық, әдіснамалық құжат. Бұл анықталғандар отандық және әлемдік даму қағидаларының кіріктендірілуі негізінде жүргізілген. Білім беру жүйесінің жай-күйі, ... педагогикалық тұрғыдан өте дәлелді негізделген. Тұжырымдаманың көпдеңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін анықтау... мақсаты орынды анықталған деп есептеймін. Білім берудің деңгейлері мен мазмұны жайлы тұжырымдама ұстамын сөз етсек. Кәсіптік даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған жоғарғы білім беруді толығынан құптаймын. Халықтың дәстүрлі төл өнері арқылы жеткіншек ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруді қалыптастыратын жолдардың бірі - қазақ қолданбалы өнеріндегі кеңістік пен уақыт ұғымдарын оқу-тәрбие барысын тиімді пайдалану. Мынадай талаптар қойылады:

Ғылыми, философиялық, діни, әлеуметтік, құқықтың әлем бейнесі жөнінде, адам өмірінің мәні, міндеті мен мағынасы жөнінде ұғымы болуы;

Қоршаған ортаны қорғаудың көкейкесті мәселелерін пәндердің әдістану негіздерін, қоршаған болмысты тану әдістемесінің ерекшеліктерін, іс-әрекет тәсілдерін білуі керек;

Мысалы, «Қазақ қолданбалы өнеріндегі дүниетанымдық түсініктер», «Қолданбалы өнеріндегі бояу түстері», «Қазақ қолданбалы өнердегі кеңістік-жер-тіршілік тынысының көріністері», т.б. тақырыптарда мән жазба мен курстық жұмыстар орындалды.

Біздің түлектеріміздің 90%-і бөлінген жеріне жұмысқа уақытында барады. Біздің тәжірбие мен білімнің жетіспеушілігі салдарынан балалар барлық кезде өздері қатынасын жасайтын істердің маңыздылығын өз беттерінше бағалай алмайды («Бастауыш мектеп», №5 2004).

99 - жаттығу. Қазіргі публистистикадан үздік мақала үлгісін таңдап, оның стильдік, жанрлық ерекшелігіне талдау жасаңыз.

100 - жаттығу. Мақала жазу шеберлігі туралы топшылауларыңызға сүйене отырып, белгілі бір тақырыпта мақала жазыңыз.

101 – жаттығу. Төменде көркем шығармалардан, газеттер алынған сөйлемдердің құрылысында қандай стильдік қателер бар, логикалық және стильдік қатенің түрлерін ажыратып, олардың себебін түсіндіріңіздер.

Сылқ-сылқ күледі. Құдай енді байды көрсетпесін дейді зәрезап-зәтте болғандай.

Зәрезап-зәтте болу - ығыр болу, запысы шығу. Оның бұзау тірлігін. Дәу апаның шайпау мінезін жақсы білетін балалар көп жоламайды Тошанға. Сыптығыр қара батылданып, орнынан тұрды.Бұның жасындағы шалдардың көпшілігі әлдеқашан тәубесіне келіп, кейбіреуі сәждеге жығылып, тып-тыныш беймарал өмір сүріп жатыр (Т.Әбдірайым). Көрдіңіз бе, тіпті отынды да жатып алып жарамыз. Олар екі жағымызды орап бара жатыр (С.Мұқанов). Қайда баратқанын тек Мұхаммедия ғана біледі (Ғ.Мұстафин).

Әйел адам білімді, ақылды болғанда ғана отбасын шайқалтпай, тербетіп отыра алады, ақылмен ғана жұмысын дөңгелете алып кете алады. Түйдек - түйдек бұлттана тұнжыраған далада анда-санда көтеріліп – басылып тұрған дауыл базардың астаң-кестеңін шығарды. Мәселен, «Жастар» бағдарламасы бойынша жасы отыздағы жас отбасы жеңілдікпен пәтер алуға мүмкіндіктері бар. Танысып сөйлескен бойда жақынырақ білісе түскеннің орнына Арманға жұмбақтана түскендей болды.

Бейне бір қайығынан айырылып, жападан жалғыз, белгісіз аралда қалғандай. Ауылдағы бір кездегі суретті үйлер мен бала бақша, клубтар бұл күнде тек қаңқалары мен үйіндіге айналған орындары ғана қалған.

Мен оларға өз білгенімді үйретіп айтқан сайын Алла маған солғұрлым көп білдіртеді. Осынау сахнаның жас шеберлерін көріп, бірге жұмыс істеп, олардың үлгісін, тәжірибесін алған мен өзімді бақытты адаммын деп мақтанамын. Егер режиссердің назарына ілікпей байқалмаса, ал адам тасада, яғни талай көзі ашылмай қала берсе оған таңқалуға болмас. Мен кейде шәкірттеріме: «Жүректеріңді тазартыңдар. Жаман ойға берілмеңдер», дегенімде түсінбей жатады. Ел жұрт нарықтың азулы қоспағына іліге бастағанда Жұмашевтар тастанды балаларды қалай асырайды екен деп жерлестері перзентхана тіршілігіне елеңдеп жүрді. Құлындаған дауысы құраққа ұшқан тастанды баланы жерден көтеріп алып бауырға басу, өмірін жауапкершілікке алу үшін қаншама ақыл ой мейірім төзім күйініш үміт сенім адам бойынан табылуы керек. Ең үлкен олжамыз елге келгеніміз дегенінде көңілі толқып,риза болғанынан: Онда ертеңнен бастап кіріс, деп шығарып салған Алтыншаш апасы оны көп ұзамай агенттіктің өзіне ұйымдастыру және қаржы бөлімінің бастығы қызметіне қабылдаған ( Қазақстан әйелдері).

102 – жаттығу. Берілген әңгімелердегі алынған сөйлемдерде қандай стильдік қателер бар, оларды тауып, стильдік талдау жасаңыздар .

Ай, қатын көкейіңді тескен жалғыз нәрсе екенін баяғыдан білем. Мегежінге ұқсап еркекке еш тоймайсың. Жоталанып, бұйраланып, арқа төсіне жаңадан салынып жатқан ақшаңқаң қалаға ұқсап көк аспанды жайлап бұрқырап шыға келген бұлт селіне қарайды да ғажайыпқа қайран қалады. Бәз-баяғы мәрт мінезін, табиғи қалпын, сахаралық сақалығын алға тартты. Қазақ жерінде өсіп-өнген арыс ешқашан таза арыс болып қала алмайды, көз жұмғанша қазақ даласының бір бөлшегімін деп, жусан иісін емексіп, өксіп сағынып өтер дала перзентімін деп өтері хақ. Мына қазақтар барынша даңғой, бөспебай халық, қарадүрсін жандар. Уағында ескеріле бермейтін, күнделікті көріп жүрген, мезі еткен тіршіліктің бір пұшпағы секілденіп өте шығады. «Германия, Германия, аш құшақты, Бір сенімен жетеміз ұшпаққа! Ой, пәлі-ай. Қалай-қалай дестелейді десеңші. Берг, мына бір туа қалған шығармамды орысшаға қарап берші. Салты, ғұрпы бөлекше жаңа ортаға сия алмай өзімді біртүрлі қораштадым. Жүрісіміз қораштау. Жолбарыс мінезді жылы ағыс Антиль ағысымен ұмар - жұмар қосылды. Ендеше қазақ ұлты жер бетіндегі мыңдаған ұлыстың ұйытқысы, жылы ағысы болмағанда қалды несі. Құдай үшін жан баласына тіс жармаңыз, құдай үшін, құдай үшін құдайға қараған адамсыз. Байқаңыз. Ересектер бір пәс үйіне бас сұқпай ма? Кеден өткізе қояр ма екен, мемлекет мұрасы деп. Шекелмен шекең шылқып өмір сүре алмайсың. Асыл ақша, бағалы қағаз түрлерін өмір бойына жинаған Макаров Еврей қыркүйектің ішінде өзіме телефон шалып, үні қарлығыңқы шықты іріп. Қазақ ұлты мың сан халықтың бойына барақатты гольфстримі күш ұйып тұрған. Сіздерге айтарым, Марат Мәжитов - ізденімпаз жазушы деп айтпақпын. Осымен еврей досым Макаровтың естелігі тәмам (Д. Досжан).

103 – жаттығу. Төменде газет - журнал материалынан алынған сөйлемдердің логикалық және стильдік қатенің түрін ажыратып, олардың себебін түсіндіріңіздер

Баламнан сұраймын: неғылмайсың деп кейіп жатқаным. Осы қолдау кейбір сәтсіздіктерге қарамастан Саржанның күресті өрістете беруіне өріс ашты. Бірақ Қоқан күшбегінен уәде еткен көшек атымен болмады (№9 2005 «Айқап» журналы).

Емтиханда шама-шарқынша тыраштанып дайындаламын деп, соңғы уақытта діңкелеп шаршасам керек. Дәл сол үшін қан жұтып қайғыратындай дәнеңе жоқ, бүлінген тағы ештеңе жоқ. «Соңымнан сөз қалмасын» деп, төсек – орнымды төмендегі кәстеләнша келіншекке қол қойғызып тапсырып қайттым. «Бұл жерден отыз екі жүруші ме еді?» - деп бірнеше кісіден сұрадым. Бәрі де шыбындаған жылқыдай басын изеседі. Келесі күннен бастап сабаққа дайындықтар, соңынан емтихандар кезектесіп киіп кетті де, қолым босамай қалған. Содан, сенің ұзақ жылдар бойы ақ тер, көк тер боп жинаған «қазынаңның» оншақты бетін немкетті көңілмен парақтайды да, былай қарай ысыра салысатын. Түрмен кететінін, жастық дәуренінің нәубетке күйіп бара жатқанын, бұдан былайғы өмірнің мүлдем басқа арнаға бұрылып кететініне қиналады. Жас сержанттың обалына қалмайын деп мен алтыда емес, таңғы бесте, яғни тура бір сағат бұрын ротаға оралғам. Баспалап келсем - ротада қалғып-шұлғып есік көзінде тұрған дневальныйдан басқа тірі жан жоқ. Кезекші сержант қорыққан кезде мүлдем быдық болып кете ме, бірдеңені әзер түсіндірген болды. Ойнап жүрген баласын бағып бір жас келіншек отыр көлеңкелеп. Даяшы - іркілдеген мол денелі қараторы кексе апай екен. Мейрамхананың ат шаптырымдай кеңдігі қайта анау дарақының айғай-шуының жарымын жұтып қойып жатыр. Өзіммен-өзім болып мейрамханада бір адамша дем алайын деп, үстіме мынау екеуін әкелгені менің көңілімді нілдей бұзып жіберді. Ал өзі бөлек жүретін, жоғары білімді, әсіресе нұры бетінде шалқыған уыздай сүйкімді сұлулықты қыз-келіншектер қайтып кешірсін! Бұл не шуыл деп қарасам, орталарында ағайшыл еркегі бар арғы үстелдегілерге милицияның наряды келіпті.

Бірақ қаншалықты мықтымсып, «дед» атанғаныңмен казармалық тар тірлік, гарнизонның қоршауынан шыға алмаған қысастың өмір түрмеге ұқсап кетеді екен. Төртіншісі ұзын мойнын дуадақ тың айғырындай созып қойып, әңгімеге араласқан жоқ. Бұрнағы жылдары көктем шығысымен-ақ Алматы ұзатылатын қыздай құлпырып кетуші еді . Қолға іліккенді талғажау ғып, өзек жалғап жүрміз («Жұлдыз»)

Білімін жетілдіруге арналған тапсырмалар

Стилистикалық қайталамалардың түрлерін атаңыз.

  • Қайталама – тілдік құбылыс.
  • Поэзиялық шығамалардағы дыбыстар жүйесінің орналасуы мен сөз мағынасының көркемдік қызметі арасындағы байланысты анықтаныз.
  • Стилистикалық қайталамалардың бірнеше түрге бөлінетін лингвистикалық категория екендігі туралы өз пікіріңізді тұжырымданыз.

Баяндама, реферат тақырыптары:

  1. Стилистикалық қайталамалардың стилдік ерекшелігі.
  2. Мәтіндегі стилистикалық қайталамалардың берілу жолдары.
  3. Сөйлемнің әр түрлі конструкцияларының стилдік мәні.
  4. Қайталамалардың тіл білімі саласында қызметі мен табиғаты.

Өз бетімен орындауға арналған практикалық тапсырмалар:

  1. Көркем шығармадан лексикалық қайталамаладың ерекшелін танытатын мысалдар жинап, оларға талдау жасаңыз.
  2. Қазіргі көркем әдебиеттегі қайталамалардың грамматикалық ерекшелігін мысалдар арқылы талдап, түсіндіріңдер.
  3. Көркем мәтіндегі қайталамалардың тілдің және сөзқолданыстық ерекшеліктерін, парадигмалық сипатын түсіндіріңіздер.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар

  1. Берілген тапсырмалар арқылы стилистикалық қайталамалардың жасалу тәсілдері туралы не айтуға болады?
  2. Стилистикалық қайталама дегеніміз не? Олардың қандай түрлері бар, қандай қызмет атқарады?
  3. 3.Дыбыстық қайталамалардың түрлері және олардың стилистикалық қызметі неде?