Морфологиялық стилистика


32 - жаттығу. Берілген мәтіндерден омонимдес қосымшаларды тауып, олардың мағыналық реңктерін сөз табына байланыстыра талдау жасаңыздар.

  1. - Күйеуім Қасымбек - әскери адам, аға лейтенант. Ал, әскер дегеннің заңы өзіне басқа болады екен, күн демейді,  түн демейді,  кез келген уақытта  жөнеле береді. Әрине, енді, жай уақытта мен  бұрынырақ оянушы едім,  бірақ соңғы кезде  Қасымбек менен  бұрын тұратын  әдет тауып алды. Мен оянып кетіп, түрегелейін  десем де: «Жоқ, сен жата  тұр, саған қазір күтіну керек», - деп, тұрғызбайды  (Т.Ахтанов).
  2. Машине жемісінің пісуі осыдан ұзақ боп па? Әйтпесе, жақсылық, тіпті, жақын көрінеді маған. «Ақыл ойдан артық емес», көре келе осы отырғанның бәрі машиненің құлағында ойнайды (Ғ. М).
  3. Таққа таластың ар жағында  аран  жатыр.  Аран  ашылады.  Қазақтың: «кедей  бай  болсам  дейді, бай  Құдай  болсам  дейді.» дегені  содан  қалған.  Араны  ашылған  патша  әлемді  алсам  дейді.  Әлемді  Құдайдан  басқа  ешкім  ала  алмайды.  Содан  барып соғыс шығады. Ал  соғыс  дегеніміз  қып-қызыл  қан, қаптаған  түпсіз-түмен  қасірет. Патшалар  жауласады, халық  қырылады  (Ш.М).

33 - жаттығу. Берілген мәтіндерден сын есімдердің қандай стильдік мақсаттарда қолданылғанын түсіндіріңіздер.

  1. Балалар бұрын осы маңда ертелі –кеш жайылымда жүретін арық, арқасы жалақ кер ат пен сұр дөненді танитын. Ал мына жалы төгілген, жоны тақтайдай, ұзын құйрық көк атты көрмеген – ді. Өзі семіз, өзі жарау атқа балалар таңдана қызыға қарады.

    - Шіркін, мына көк аттың ана құйрық – жалының ақ қылынан шиге тұзақ құрса,  іші де құр да көрмес еді. Әттең, ұстатпайды – ау, - деп көзі шегірейе бұзық Жақия қасындағы Дүйсен мен Мұқаметқалиды сүттей ұйытты.

- Онда ана жартасқа қамалап ұстайық, - дейді сойдақ тіс Дүйсен (С.Б).              2.    Бұл жақта жерден астық алу алтын алудан қиынырақ. Міне, дүниені күйдіріп бара жатқан күн астында, күңірткен көп адам қимылдап жүр. Бұдан екі жыл бұрын осы өзенің жағасында, жарық айдың астында, жанына балап алғаш сүйген жігіт елестеді. Сол шақтың минуты дүниенің бар қызығына тұрарлық, сол жігіттің бір сөзі жанға дауа боларлықтай еді. Бұл қазақ ағайынның салты ма, жоқ, қатыгез жердің шарты ма, ол арасын әзір айта алмаймын. Қайсысы болса да заман жарлығына бас июге тура келіп тұр. Василий Антонович жаман қысылды. Бас иуге мұршасы бар ма. Жыл тағдыры – көктем егісті көңілдегідей өткізуге шықты. Әр минут санаулы. Алыстан қарағанда жадағай дала, таяна келе құмнан құралған төбешік, белес кетеді. Екінші жылы осы араны қайта көрсек өсіп қалған, не өшіп қалған. Құбылымпаз бір дүние.

– Жамал да табылар. Қайғырма дос. Дүние деген шіркіннің тәттісіне түшіркеніп, ащысына ашырқанбаса, адам сорлы не көрдім деп кетеді... Ақыр заманның дәл өзі сияқты. Дүние астан-кестен. Тынық мұхит, Мұзды мұхит, Атлантика таудай толқынды аспанға атып, құтырып жатыр. Аспан шашып, темірден сел құйып тұр (Ғ.Мұстафин).

 34- жаттығу. Берілген мәтіндерден етістіктердің қай формада жасалып тұрғандығын түсіндіріңдер.

Алдыңғы арбадан аңырап Жаңыл түсті: - Сорладық қой, Зерен- ау, айырылдық қой! – Екеуміз ен даланы күңіренттік. Бірін сүйеп, біріне сүйенген көзі  жасты келіншектер жөн сұрасып, бір кезде жаяу әңгімеге көштік.

... Ат жетектеген Әтиімді анадайдан байқадым. – Жә, иен далада пыс- пыс етпей!- деп, иіліп сәлем жасағандарға жеки  келді. Жылағанымды  жақтырмағанын содан- ақ білдім. – Аспан жыласа, жер көгереді; адам жыласа, не көгереді? Осы кеткеннің бәрі сендерге ғана қымбат еді жаманнан қатты. Жылаған да жақсы көрген болып па?! Танитыны да, танымайтыны да тым- тырс болды. Айылын қатайтып беріп, мен мінгенше атымның басын Әтиім өзі ұстап тұрды.

Астындағы аты ақ сорпа Әтиім жетті. Мұртына сүңгі мұз тұрып, ат- матымен ақ қырау, жүрісі суыт. Алдынан шығып атын байладым. Көз алды қып- қызыл, қанталаған ба, жоқ жылағаннан   ба, қайтып  қарай алмайды. Әйтеуір, Әтиімнің жайдан- жай жылай  қоймайтынын жақсы білем, шала ұйықтаған шығар деп жорыдым. Іле үйге кірсем, Бекжанды бетінен иіскеген қалпы Әтиім ойлана қалыпты.

Келіп қалған көздің жасын зорлап тыиям. Қай жәбірге бола жылағым келгенін бір құдай білсін. Ат үстінен көзім түссе, қырат, жота қозғалақтап, бұлдыр- бұлдыр бұлаңдайтын сияқты.

... Қақап қыс, құбылып көктем өтті. Жақсы хабар да жоқ, жат хабар да жоқ. Жылай- жылай жас таусылды ма, күте- күте көндіктік пе, бұрынғыдай басты тауға да ұрып, тасқа да ұрып күңіренбейміз, іштен тынып ыңырануды үйрендік. Жұрттың көбі жарым көңіл, бірақ бұрынғы жылау да қалып барады. Көз жасын кейінге сақтаған сияқтымыз (Б.Н).

35 - жаттығу. Берілген үзіндіден сын есімдердің қандай стильдік мақсаттарда қоданылғандығын түсіндіріңіздер.

  Бұл – орта бойлы, кең жауырын, арықтау  тарамыс  денелі, жатаған келген  ат  жақты сары  сұр кісі. Сәл  қызғылт тартқан  қыран көзді, жуан  балуан мойынды. Ашық  жүзіне  жараса біткен  сәл келтелеу  қыр мұрнының астында  шағын  ғана  мұрты  бар. Қою шоқша  сақалы  сүп-сүйір. Сақал-мұрты  күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған. Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген қоныш көк салмен өрнектелген саптама  етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық  қатар  аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы  көзі  қарағанда  адамның ту  сыртынан өткендей. Сараң  қимылы, жұмыла  біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп  тыңдайтын адамды  сездіреді. Егер  тұлғасына, көңіл  райына қарасаң ішінде  тұнып  жатқан үлкен  ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.

 Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай Есіркеген емес. Булығып өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет женділеу мұрны шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттеріндей – жағасы көгілдір барқытпен көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектей тоқылған қысқа етекті шапан, шалбары осындай ақ бота түбітінің өрмегінен. Кең балағына екі елідей, бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай ғана өңірі көрінеді.Аяғында шоңқайма қара былғары етік (І. Е).

36 - жаттығу. Берілген мысалдардан омонимдес зат есімдердің қай тұлғада жасалғандығын анықтаңдар.

- Нұржан да өстуші еді, қарағымның қылығы- аумаған әкесі. Ойын мен тамақтан өзгеде ойы жоқ. Бекжанның ойынын көріп, ата- енем осылай дейді. Дейді де дүние ойды кешіп кетеді. Екеуіне Бекжан күлсе де- ой, жыласа да – ой. Ой, уайым- оларға бір өмір серік. Ұйқылары ылғи шала, ұзақ  түн күбірлесіп дөңбекшиді де жатады. Мен де ойлаймын. Өзгеше, өзімше ойлаймын. Кешегі бақытымды бүгінгі бақытсыздығымды- бәрін ойлаймын. Айттырып, алмай кеткен Нұржан қалыңдығының көз жасы – баршасы мені тауып, біреудің жалғыз ұлы менің күнәма бола күйіп кетті ме деп те қобалжимын. Өлдіге жүз ұйғарсам, тіріге мың ұйғарам. Таңым оймен  атады, күнім оймен батады. Дүниені ой тіреп тұрған уақыт. Ел ойлайды, бір біз емес, ел тілейді. Соғыс ит бітсе екен дейді (Б. Нұржекеұлы).

37 - жаттығу. Берілген үзінділерден сын есімдердің қандай стильдік мақсатта қолданылғанын түсіндіріңіздер.

  1. Біздің араның  аспанына  бұлт  үйірілудің  қызық  бір  бейнесі  бар: күндіз  айнадай  жарқыраған ап - ашық  аспанға, ойда  жоқта, үлкендігі  тоқымдай ғана  аппақ  бұлт  пайда  болатын  да, біртіндеп қоңырлана  бастаған  ол, үрген  қуықтай  кеңи беретін; сол бір  шақта, сол  бұлттың  ұранына  үн  қосқандай, көкжиектің  әр  тұсына  қылтия қалған  кішкене  көлемді ақша  бұлттардың бәрі, әлгі  қоңыр  бұлтқа  беттей  көшіп, лезде  бәрі тұтасатын  да, аспанды тұтасымен  бүркейтін де  кететін; кейде  оның арты  не  сұрапыл дауылға, не  нөсер жауынға  айналып, кейбір  шақта, суық  түспен  екпіндей  көшіп  қана, әлдеқайда  ауып  кетіп  тиыш  болатын... (С.М).
  2. «Таққа  таластың ар  жағында  аран  жатыр.  Аран  ашылады.  Қазақтың: «кедей  бай  болсам  дейді, бай  Құдай  болсам  дейді»,  дегені  содан  қалған.  Араны  ашылған  патша  әлемді  алсам  дейді.  Әлемді  Құдайдан  басқа  ешкім  ала  алмайды.  Содан  барып соғыс шығады. Ал  соғыс  дегеніміз  қып-қызыл  қан, қаптаған  түпсіз-түмен  қасірет. Патшалар  жауласады, халық  қырылады».  Айша  кейде  осындай. Мейірімі  түседі. Кейде  суға  салып  сабайды. Құдайым  Айшаның көңілін  көл  қылсын.  Қазір  көңілі  шалқар  сияқты. Мүмкін, Төскейдің  арша  сасыған  жұпар  ауасы, әуедегі  бозторғайдың  шырылы, бөдененің  бытпылдығы, сары  торғайдың  сарнауық әні – бәрі-бәрі  Айшаға  Алланың  рақым-шапағатын  мол  себелеген  шығар, бұ  жолы  ұрсыспады.  Мұндай  кәусар  ауаны үзіп-жұлқып жұтпай, сіміре  беру  керек  саумал  қымыз  сияқты. «Ақыл  деген  асылды  Құдай  адамдарға  тең  үлестірмеген. Өмірді де  теңдей  етіп  бермеген. Марқұм  болғандар  бәрі  бірдей  бір  тиянақты, айталық, бәрі  бірдей  жетпіске  жетіп  өлмейді  ғой. Біреу  ерте, біреу  кеш дегендей. Тіпті  дүниеге  келер-келмес  кетіп  қалатындар бар, жүзге  жетіп  жығылатын бар  (Ш.Мұртаза).

38-жаттығу. Берілген үзінділердегі тәуелдік жалғауларының стильдік қызметіне талдау жасаңыздар.

    Шыдадым кимек тұрсын өлсем-дағы,

    Жанымды қырық буынға бөлсем-дағы.

    Аһ дүние, іш жанды ғой, іш жанды ғой...

    Амалсыз айтқанына көнсем-дағы.

    Әрине, сөз сенікі келмей кетсең,

    Келер болсаң, иттей қып басқа тепсем,

    Ішкізіп итаяқтан сары суды

    Дүниеде арманым жоқ соған жетсем  (С.Торайғыров).

    - Қоршаудан шығысымен Наташа зырқырап  жүгіре жөнелді –екі етегі торғайдың қанатындай жалпылдап ұшып барады байғұс бала. Әне, бір үйдің қасындағы үйілген шөпке жақындап қалды. Осы кезде қоршаулы жағалап келе жатқан солдат көріп қалып автоматын көтеріп алып, енді тырылдатып ата берген кезде, тесіктен қалай шығып кеткенін білмеймін, Дуня апай қарына жармаса кетті   (Т.Ахтанов).

Осы әңгіменің артынан, ел жата, Олжабек отауын жыққан да көше жөнелген. Жаңағы сөзінен сол өткен түнді ашудың зардабы әлі көрініп тұрса да, Жамал өз ойын оның алдына петеп тарта берді.

  • Зады, колхозсыз ел естідің бе, Олжеке?
  • Бұлт ала, жер шола емес пе, неге болмасын?
  • Қай жерде екен?

Білсем әлдеқашан айтпайым ба? Кім біледі қайда екенін... (Ғ. М).

Ақ балта бөлімнің соңында аренаға соңғы рет шығады:

- Шылбыр Итбайдың мойнына іліккенде, атын тебініп, тарта жөнелген Темірбекке Бүркітбай қадала қарап еді, беліне қыстырған ақ балтаның жүзі жарк-жұрқ етті.

— Бауырым!..— деген ыңырсыған дауыспен, аяғынан тұруға шамасы келмей, тізесінең отырған Итбай қолын созғанда, Қожантайдың сүйегісі келіп, жанына барып қалып еді, Темірбектің балтасы жарқ ете түсті... (С.М).

39 - жаттығу.  Берілген үзінділердің грамматикалық ерекшеліктеріне талдау жасаңыз.

Ақсақалдың өшті- қасты кісілерін қылға тізіп, он, он беске апарып, біреу үйдеп, біреу бүйдеп жорығанмен байлаулы түйін шықпады. Өйткені біреу партиялықпен, біреу жекжаттықпен, біреу алым- салығы, біреу берімсегі, біреу ұрланған малы тимегені үшін, біреу қатыны кеткені үшін немесе қатынына, қызына барғаны үшін, ең болмаса тілі тигені үшін біреуді айыптап, біреуді қорғағаннан басқа, әркім өз есебін ойлап, бүйрегі бұрғаннан басқа, дәл жанашырлық қылып әділ қағушы, әділ тексеруші жоқ болды. Біреу іреді, біреу сойды.

Мені көргенде ауыл үйдің адамы үркіп тұрады- ау! Мен өзгердім ғой, қатын болдым ғой, қартайдым ғой. Көзімнің алды көк таңба шығар, етім былқылдап, денем бос қалған шығар, белім бүкірейіп, бөксем жалпиған шығар, аяғым талтаңдап, жүрісімнен жаңылған шығармын. Менде не сын  қалды дейсің? Ернім кезеріп, жағым суалған шығар. Орыстың айнасына қарағанда, ажарым тайған сықылды еді ғой. Жасыма жетпей кемпір қылдың- ау, жасаған! Мен енді әкеме құрт аурудан жаман бір масыл болдым ғой!

40 - жаттығу. Келесі мысалдардағы есімдіктердің стильдік бояуын анықтап, талдаңыздар.

— Мен неге қоямын? Қазақтан солдат алса, байлардың, болыстардың баласы барар дейсің бе? Мына біз сияқты сорлылар кетеді. Баяғыдан бері еңбегімізді байға жегізумен келіп, енді мал құсап айдалып кете алмаспыз!— дейді ол.

Ал Бүркітбай болса, өз тағдырының шешіліп қойғанын Итбай мен Горбуновтың жасырын әңгімесін естіп барып бір-ақ біледі.

Өзін Итбайға сондай қосақты тай көретін Бүркітібай осы бүгін таңда ноқтасының бауын Итбайдан біржола үзді...

Ел азаматтары патшаға, болысқа қарсы бас көтеріп атқа мінгеннен кейін, байдың балалары болмаса, іске татыр, сойыл соғар жігіттен үйінде тиыш отырған азамат жоқ еді Солардан бөлініп үй күшік боп ауылда қалуды ар көргенмен, Итбай үйіне байланған жіп жіңішкеріп келсе де, үзіле коймай, Бүрікітбай атқа міне алмаған еді. Сол жіп Итбай мен Горбуновтың жасырын даярлаған қастығын естігеннен кейін, үзіліп кеп кетті.

Ноқта бауының үзілуі», «жіптің үзілуі» — бұлар малшы өмірін бейнелейтін атрибуттар болса, соны жазушы Бүркітбайдың Итбайдан ажырасу сәтінің көркем образын жасау үшін сәтті пайдаланған.

Бөлімде Итбай өмірінің ақырғы сәттері де көркем тілмен жеткізіледі. Баяғы ер кеуде Итбай жоқ. Былшықтанған кез... Жанын қоярға жер таппай ескі кебежеге де кіреді...

Ішінен кәкүр-шүкір, көр-жерін алмаған кебеже, сыртқы көлемі қомақты көрінгенмен, Итбайдың семіз денесіне тарлық іс-теді. Анадан шырылдап туа, Итбайдың өмірінде бұл бірінші көрген қорлығы еді.

«...қабығы жарылған жұмыртқадан шыққан балапандай, Итбай шоқынып отырды да қалды».

...Бүркітбай Итбайды есік алдына өлімтік қойдай дырылдатып шықты. Жайшылықта бір кісідей қаруым бар деп ойлайтын Итбай Бүркітбайдың қолында жаулықтай желпілдеді (С.Мұқанов).

41 - жаттығу. Төмендегі үзінділердегі үстеу сөздердің стильдік қызметіне талдау жүргізіңіздер.

 Аңдардың да, құстардың  да, адамның да осылай қызығуын сезе ме, немене, көртышқан, ең  алдымен, інді  шым-шытырық  қып  қазып, су  құйғанның  өзінде  де көбінесе  алдырмай, іннің  бір  қуысына  су  барса, екінші  қуысына тығылады; өзінен  күшті аңдар  оны інінен  еш  уақытта  қазып ала  алмайды; қазғанмен, бытықы-шытықы індердің қайсысынан  табады; аңдардың босқа  қазған індері адамға  пайда  боп, қазылған  жыралардан  көртышқанды тез  табады...

  Қуғынға  көп  ұшырайтын  осы  көртышқанға, табиғат  аса естігіш  құлақ  берген: ғылымның  айтуынша, өзінен  өзгелердің  аяғынан  шыққан  дүсірді, қанаттан  естілген суылды  көртышқан  қиядан  естіп, жан  сақтаудың  қамын  тез  жасайды  екен, сондықтан  да орыс  халқында, саққұлақ  адамдарды  көртышқанға  теңеу  бар  екен.   (С.Мұқанов).

- Тәніммен бірге  барлық қорқыныш пен үрей,  дүрлігіс-дүрбелең  артта қалғанын,  үлкен қатерден  құтылғанын  сезген көңілім  де жайбарақат  тыныштыққа  беріліп, ұйқылы-ояу манаураған күйі, арадағы үрейді  аттап өтіп, алдыңғы күнгі тәтті елесті көз алдыма әкеле жатыр. 

-   Бұрын  ауылдан ұзап шығып көрмеген  мен мақрұмға  үлкен станция  басындағы  сапырылысқан ала-құла  тобыр бір түрлі  қызық,  бірақ  соншалықты  жат көрінген. Осы күнге дейін мен көрмеген киімдер мен кескіндер, танымайтын адамға бадырайып қарауға қанша  ұялсам да, көзімді еріксіз тарта берген. Өзімнің үйреншікті ортамнан, орнықты, сабырлы тіршілігімнен  шығып,  аумалы-төкпелі, белгісіз беймаза дүниенің  ішіне кіріп бара жатқанымды  сезіп,  бойымды үрей биледі (Т.Ахтанов).  

 42- жаттығу. Берілген үзінділерден көптік мағына білдіріп тұрған грамматикалық формаларды (сөз таптарына қарай) ажыратып, қолданылу мақсатын түсіндіріңіздер.

Қарсақ  деген: салбыраған бұғағы  кеудесіне  түскен, сақал-мұртын қырған  бет-бейнесі кішігірім  табақтай, сол  беттің  үстінде, үлкен  картопқа жабыса  өскен түймедей боп  қасқа  басы  шошая  қалған, жуандығына  анау-мынау кісінің  құшағы  жетпейтін, семіз  саусақтары  быртиған  қысқа, бір-бір балағы  бес  бұт бидай  сыятын  қаптай  кең  кенеп  шалбары мен  қазақша  кең  ғып тіккен  ақ  шұбар ситса  көйлегінің, оң  жақ  шекесіне жантайта  киген  өзбек тақиясының кірден  мөрі көрінбейтін, түйенің  табанындай жалпақ  аяғына әлдене  шәркені іле  салған, қолтығындағы  қолаңсасы  мен  аяғындағы  күсінің  сасық  иісі  бұрқыраған, мейлінше  денелі, мейлінше  салақ, нас  адам  екен (С.Мұқанов).

– Тыныштық іздеп барамыз, - деді әлден уақытта Олжабек, ақырын ғана күрсініп қойып. Әңгімені тыныштықтан бастағанымен, айтайын дегені әуелі тынышсыздық жайында еді, сөзі үзіліп қалды. Жамал күліп жіберді.

  • Ол қайда бар екен?
  • Дүние кең ғой, соның бір жерінде бар шығар әйтеуір...
  • «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас», - деген қайда?
  • Колхозға еріп солар-ақ қарық болсын, - деді Олжабек. Оның даусы сөзінің ақырында қатулана шықты. Өйткені, осы сапар ұзақ сапарға аттанар алдында өзінің немере інісі Кәмеш үш-төрт кісімен келіп, бірқатар әурелеген болатын. Жалынған, ақылын айтқан. Әбден болмаған соң: «мен сенен бездім, бірақ ұмытпа, «азды аяған көптен құр қалады», - деп тұра жөнелген-ді (Ғ. Мұстафин).

 43- жаттығу. Өлең жолдарындағы шартты райлы етістіктің стильдік бояуын анықтап, талдаңыздар.

Байлар да қызығын біле алмай жүр,

Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.

Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,

Ызаменен ыржиып, күле алмай жүр.

Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,

Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.

Ел аулақта күш айтқан, топта танған,

Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.

Естілер де ісіне қуанбай жүр,

Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.

Ала жылан, аш бақа күпілдіктер

Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.

Бектікке біреу бекіп тұра алмай жүр,

О дағы ұры- қарды тыя алмай жүр.

Қарсылық күнде қылған телі- тентек,

Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.

Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,

Бірінің сөзін  бірі құп алмай жүр.

Құда- тамыр, дос- жаран, қатын- балаң-

Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,

Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр.

Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Жетіліп жаз жайлауға қона алмай жүр,

Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай тұр.

Қыс  қыстауың- қып- қып қызыл ол бір пәле,

Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,

Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.

Сәлем- борыш, сөз- қулық болғаннан соң,

Қандай жан сырттан сөз боп, сына алмай жүр?  (А.Құнанбаев).

44-жаттығу. Есімдіктің стильдік қызметін анықтап, талдаңыздар.

  1. Қоғалы көлдер, қом сулар,

     Кімдерге қоныс болмаған,

     Саздауға қара ағаш,

     Кімдерге сайғақ болмаған.

     Жағына жалаң жібек байлаған

     Арулар кімнен қалмаған.

     Жағы түкті жылқы айуан

     Иесін қайда жаяу салмаған

     Жалп- жалп еткен жапалақ

     Жазы да кімге жолдас болмаған.

     Сар шыпшықтай шырлатып

     Ғазырейіл кімдерге құрық салмаған,

     Сақалына сары шіркей ұялап,

     Миығына қара шыбын балалап,

     Жазы да мал іздеген қазақтың

     Басы қайда қалмаған.

     Күлелік те ойналық,

     Киелік те ішелік,

     Мынау жалған дүние

     Кімдерден кейін қалмаған!  (Шалкиіз жырау).

 

  1. Ғылым таппай мақтанба,

    Орын таппай баптанба,

    Құмарланып шаттанба,

    Ойнап босқа күлуге.

    Бес нәрседен қашық бол,

    Бес нәрсеге асық бол,

    Адам болам десеңіз.

    Тілеуің, өмірің алдында,

    Оған қайғы жесеңіз.

    Өсек, өтірік, мақтаншақ,

    Еріншек, бекер мал шашпақ-

    Бес дұшпаның білсеңіз.

    Талап, еңбек, терең ой,

    Қанағат, рақым, ойлап қой-

    Бес асыл іс көнсеңіз.

   Жамандық көрсең нәфрәтлі,

   Суытып көңіл тыйсаңыз.

   Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

   Оны ойға жисаңыз.

   Ғалым болмай немене,

   Балалықты қисаңыз?

   Болмасаң да ұқсап бақ,

   Бір ғалымды көрсеңіз.

   Ондай болмақ қайда деп,

   Айтпа ғылым сүйсеңіз.

   Сізге ғылым кім берер,

   Жанбай жатып сөнсеңіз?

   Дүние де өзі, мал да өзі,

   Ғылымға көңіл берсеңіз.

   Білгендердің сөзіне

   Махаббатпен ерсеңіз.

   Ақыл сенбей сенбеңіз,

   Бір іске кез келсеңіз.

   Ақсақал айтты, бай айтты,

   Кім болса, мейлі, сол айтты-

   Ақылменен жеңсеңіз.

   Надандарға бой берме,

   Шын сөзбенен өлсеңіз  (А. Құнанбаев) .

45 – жаттығу.  Өлең жолдарындағы  морфологиялық  қосымшалардың қайталануын,  стильдік  мәнін  түсіндіріп  беріңдер.

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Ер ісі- ақылға ермек, бойды жеңбек,

Өнерсіздің қылығы өле көрмек.

Шыға ойламай, шығындап қылық қылмай,

Еріншек ездігінен көпке көнбек.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

Адамзат тірілікті дәулет білмек,

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек,

Екеуінің бірі жоқ ауыл кезіп.

Не қорлық құр қылжаңмен құр өткізбек?

Наданға арам- ақылды құлаққа ілмек,

Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.

Рас сөздің кім білер қасиетін,

Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.

Қызыл арай, ақ күміс, алтын бермек,

Қызықты ертегіге көтерілмек.

Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,

Сөзінен сырдан тартып, тез жиренбек.

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіңдей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойыңда,

Наданның сүйенгені- көппен дүрмек.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір- екі жолы болған кісі көрсе,

Құлай сүйіп жаратқан осы демек.

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.      (А. Құнанбаев )

46 – жаттығу.Қосымшалардың стилистикалық ерекшелігіне талдау жасаңыз.

  1. Елге таратқан  борыштарын  әкемнің  есесімен  түгел  жинап  алуынан, әрі малдарымыздың  төлдеп  өсуінен, бұ жылы біздің  үйдегі  жылқының  басы  тағы да бес  жүзге  тақалып, қой  саны  да  екі  мыңға  жақындап, алысқа  көшпейтін  болған  соң түйені  азайтып, он  бес  шақтысын  ғана  ұстаған  әкем, «пайдалы  мал»  деп  сиыр  малын  көбірек жинап, жиырмадан  асатын  сауын  сиырдың  сүтінен  май  ағызуға «сеператор» деген  машина  алып, біздің  үй  тағы  да «бай  үй» аталып  кеткен  (С.Мұқанов).
  2. Сұлтан Бегалының жақын  інісі  екен.  Тағдыр  шығар, «екі  жарты-бір  бүтін»  демекші, ағайын  болып  Ақтамақты  Сұлтанға  қосқан  екен.

Ай, тәлкек  тағдыр-ай, екінші  әйелінен  бала  сүйіп, қу  бассалықтан  енді  құтылдым  ба  дегенде…(Ш.Мұртаза).

  1. Тұрсынғали ұзын бойлы, жіңішке, кеуде жағы сұрақ белгісі сияқты ілгері қарай иіліңкіреп біткен имек қара. Оның есесіне емініп, иегін көтеріп ұстайды. Екі шекесі едірейген қалақ шеке, кішкене тайқы маңдайынан салбырап түскен  ұзын қоңқақ  мұрны бір түрлі  ерсі, құдды ешкінің текешегі сияқты,  өзі де текеше бақылдайды.

- О жақта да қарбалас. Тиелген бір шана кетіп те қалды, енді екінші шананы  тиеп жатыр. Осы айқай- шудың арасынан жас қозының маңырағанындай  бір дауыс естіледі,  масқара құдай-ау,  тіпті баламды ұмытып кетіппін ғой, Дулатым шырқырап  жылап жатыр (Т.Ахтанов).

47 - жаттығу. Төмендегі үзінділердегі септік жалғауларының стильдік бояуларын (басқа септіктермен ауыстыра) ажыратып, талдаңыздар.

  1. Өлік жатқан үйге кіруге жүрегім дауаламайтын. Мынау қираған, бүлінген, жартылай өртенген вокзал нағыз бір ажалдың ұясындай  көрінді. Поездардың арасында,  шпалдың үстінде  жатқан үш –төрт өлікті көріп, тұла бойым  тітіркеніп кеткен. Қарамайын десең де, көзі құрғыр бола ма, әсіресе етпетінен  құлаған,  бір шекесін бомбаның жарықшағы қопарып кеткен ер адамды көргенде...  (Т.Ахтанов). 

– Сүйсең осылай сүй! – деді әлдән уақытта. – Тауықша шапыр-шұпыр бола қалып, бетімен кете барса, сол тауықтан адамның несі артық. Шапыр-шұпырды айуан да біледі. Ыстық-суыққа, аш-тоққа, қуаныш-қайғыға, ақылға ортақтаса білгенді айт. Сүйген жүрек соның бәріне көнеді. Жалған жүрек қит етсе айни қалады  (Ғ. Мұстафин).

  1. Әңгімені алғашында зауықсыз тыңдап отырған Нұрланның құлағы елеңдей бастады. Керең адамдай меңірейіп біраз отырды да: - Қашан келді? – деді түйеден түскендей.
  • Түстен кейін, - деді ыдыс-аяқты жуып жүрген Сандуғаш.
  • Мен барып көріп қайтсам қайтеді?
  • Ат соғып, шаршап келдің, тұштаңдамай деміңді ал. Таң ата қайта тұрасың, әкеңнің атқа мініп, мал қайырар шамасы жоқ, - деді шешесі.
  • Барсын, - деді төсегін қамдап, жатуға ыңғайланған әкесі.

- Бармайды! – деп кесіп айтты шешесі. – ол қыз ешқайда қашпайды. Іргеңде, көрерсің. Қарағайдай мүйізі, сайтандікіндей құйрығы жоқ, Маруся  секілді ақ сары, көк көз қыз. Шашы әдемі екен, - деді шын сүйсінгендей, - аппақ  болып иығына төгіліп жатыр, көздің жауын алады, сенен әлдеқайда үлкен, жиырмадан асса керек.

  • Қазір-қазір, бәйбіше. Төсегіңді қамдай бер, мен сенен бір нәрсе сұрайын деп едім, ұлым, - деді Нұржанға, - анау жігіт неше жаста?
  • Қайсысы?
  • Анау, ұзын бойлы, сүйегі ірісі.
  • Ә-ә, Аманжан ба?... Менімен жасты, жалпы, осы үшеуміз де даңқұрдаспыз – жиырма үштен астық. Қартайып барамыз, ақсақал.
  • Қарттықтың аулы сендерді қойып, маған да алыс...Шешесі тірі ғой ана жігіттің?
  • Тірі. Бірақ аурушаң. Көп сөйлемейтін тұйық кісі.
  • Құдайдың құдіреті, сол жігітті алғаш көргенде, жасарып кеткен Қоңқай екен деп қалдым. Тура аузынан түсе қалғандай ( О.Бөкей).

48 – жаттығу.  Келесі мысалдардағы субстантивтенген сын есімдердің стильдік қызметіне талдау жасаңыздар.

  1. Ерінің ішінен шыққан ыстық леп, Жамалдың нәзік әнін су құйғандай басып тастады.
  • Олжеке, бір жерің ауырып келе ме?
  • Жоқ, әлгі антұрғанды айтамын-ау, әншейін.
  • Әлі де Молдажанмен болып келемісің? Комунес болған соң айтады да.

- Мен үшін болған ғой, сасық неме! «Құтырған ит иесін қабады», - деп маған тап бергені несі екен!.. Ал, орныма пияз ексін, енді (Ғ. Мұстафин).

  1. Енді мынау ағаларының ортасында ауылына келе жатқанына таң қалды, таң қалып қана қойған жоқ, өзін бейне бір арам сирақ ұрлық малындай, әкесіне арам жегізетіндей көрді. Енді бұрынғы нәрестедей уыз денесі былғанып, арамданып қалған тәрізді, бұрынғы кіршіксіз аппақ кеудесіне қара құзғын ұя салып кеткен тәрізді, күнә- сұмдықты білмейтін ақ жүрегі арамдықтың неше атасын біліп, бұрынғы қыз басы қатын болып қалған тәрізді, бұл былғанған дененің кірі, жанның күнәсі өмірі тазармайтын тәрізді. Өз ауылының тауына, жеріне жақындаған сайын таза жерді басуға өзінен - өзі ұялып, атылып өліп кетпей,  қара мұрттың  мылтығына бекер - ақ жармасқан екем деген өкініш пайда болды: ит жалап кеткен ыдыстай, өзінің денесін де, демін де арам деп білді...

Осы арам деміммен, арам аузыммен әкемнің иманды жүзіне қалай жақындармын, қайтіп оны да арамдармын?  Құдайдан қорықпай, оның құтты қадам мешіттей үйіне қалай кіремін? «Кәпір» сүйген, аймалаған аяғыммен жайнамаз салатын жерін қалай денем шімірікпей басармын? «Кәпірді» құшақтаған арам қолымды қайтіп әкемнің адал дастарқанына апарып, қайтіп бір табақтан ас ішермін? Мұны бұрын ойласамшы! Бұлар мен туралы не ойлады екен? Мені арамдалмай аман келе жатыр деп кім ойлады дейсің?        

       Соны ойлап келе жатқанда, бір дөңестің астынан ағараңдаған бір шошақ нәрсе қылт ете түсті. Ақбілек сасып қалды, бұғып отыра қойды. Отырып еді, көрінбей кетті. Түрегелуге орыс болар ма деп қорқып, отыруға тағы дәті шыдамай, не екенін білгісі кеп барады. «Орыс болса бәрібір құтыла алмайсың, жан- жағым жалтаң, не де болса көрейін» деп, әнтек отырған соң ептеп көтеріліп, сығалады.                                                                                 (Ж. Аймауытов).

  1. Үйге кірсек, төрде қартаңдау үш-төрт еркек  отыр, оң жаққа  салынған  бетін  оюлаған сүйекпен  әшекейленген  қазақша  ағаш  төсектің  алдында  төртке  бүктеген  тері  бөстектің  үстінде, екі шықшытына ұп-ұзын екі  уыс  қыл өскен, мұртының  сапарын  ғана  ұзартып жіберіп, былайғы  жағынан  иегімен  тегістеп  таңқита  қырыққан, дөңкес  үлкен  мұрынды, томпақ  үлкен көзді, ұзын қасы қою біткен  қалың  қабақты, кескіні  шынайы өзбекке ұқсаған, үлкен  мұрынды, кең  балақты, басында  өзбек  тақиясы  бар, түйенің  табанындай  жалпақ, жалаңаш  аяқты  біреу  отыр (С.Мұқанов).

49 - жаттығу. Берілген мәтіндердегі есімше тұлғаларының мағыналық реңктеріне талдау жүргізіңіздер.

  1. Елсіз тауда ерігіп жатқан өңшең еркек іші пысқан соң ермек, қызық керек қылмай тұра ма? Қашанғы өзді- өзіміз боқтасып, керісіп, төбелесе берейік. Біздің де қанымызда от бар: бізде де тілек, нәпсіқұмарлық бар. Біз де жаспыз. Әйел құшуды біз де аңсаймыз. Әйелсіз күн көре алмайтын, махаббаттың қадірін білетін, сезімі жетілген біз өнерлі, білімді шаруаның ұлдарымыз.Әйел кімде бар? Қазақта. Қазақ та адам баласы. Қазақтың қара көздерінің сиқырлы күші Европа әйелінен кем емес. Әнтек тәрбиеленіп, қылымсуды, еркекке жағынуды үйренбегені болмаса. Қазақ надан болған соң орысты жатырқайды, жиренеді, қазақ қызы орыс жігітін сүймейді. Бізге өз сүйгеніміз де жетеді. Бізге әйел керек. Әйелдің сүйгенін тілейтін біздің өз еліміз бар ма? Қазақ надандығынан жатырқайды, оқыған ел жатырқамас еді, қазақтың оқыған азаматы орыс қызын сүймей, орыстан қатын алмай жүр ме?

Той өтеді. Ел тарайды. Ақбілек ақ отауында... Ол - келіншек. Басына жаулық салындырыпты, сыртында - желегі. Төсекағаш алдында ақ саусағы майысып, күйеуіне ақ көйлек қиып отыр. Жанында домбыра шертіп, Бекболат жантайып жатыр. Ақбілек ол әдемі күй шерткенде, жаны сүйсініп, күйеуінің бетіне жымия, жылы қарайды, ішінен: «Жаным - ау!» дейді. Бекболат та жымиып, қолын созады. Ісін қойып, Ақбілек шынтақтап, күйеуіне таман жақындайды. Күйеуі мойнынан құшақтап, үлбіреген аузынан, мамық тамағынан тәтті сүйеді. Бірінің көзіне бірі қарайды. Қараса да тоймайды...

Үлкен үйдің самаурыны қайнағанша Ақбілек отауының түндігі ашылмайды, жібек шымылдық күлімдеп күн сәулесі жабықтан түскенде Ақбілек тұрайын десе де күйеуі қыпшасынан қысып, қытықтап, күліп, жібермейді. «Болар енді, сәулем!» деп Ақбілек тұрып киініп, жез құман алып, майысып, дөң астына түзге кетеді.

      Ілек- ілек болып жүгіріскен, ойнақтаған бота, желі басында құлын ұстаған, бие қуған бала - шаға, тезек терген, ән салған қыз - келіншек... Соларға қарап Ақбілек ақырын аяңдап келіп отауға кіреді. Өзі дәрет алып болған соң, күйеуінің қолына су құйып, шымылдықтың бауындағы кестелі орамалын әпереді... (Ж. Аймауытов).

  1. Қанша жатқанымды, күннің қай мезгілі екенін де анық біле алмаймын. Сірә, қараңғы түскен болар-алдымды бітеген  шөп арасынан сызаттап тұрған  саңылау көрінбей кетті.  Осындай оңаша қалып, қауіп-қатерді тосқан сағатымда, ойым өткенге жетелеп, ауылға қарай алып кетеді. Бұ да  бір жан сақтаудың тәслі болар, «қорқақты қуа берсе батыр болады» деуші еді, қашанғы сарайға қарай келе жатыр. Бірақ жүрегім шошымады, жиі басқан жұмсақ қадам -  әйел қадамының тықыры.  

(Т.Ахтанов).

  1. Қанша қатерінің  болғанын Абан  келіп сөйлегенде білем. Ол түнгі ұрыстан қызуы басылмай, самбырлап, тоқтаусыз сөйлеп, болған оқиғаны құйқылжытып түгел  айтып береді. Арасында қызып кетіп, дауыстап «ана жердегі әлгі» деп Қасымбекті де әңгімеге еріксіз араластырады. Мен әрі сүйсініп, әрі үрейленіп, жүрегім дірілдеп  тыңдаймын, ыстық, суық толқын денемді қатар қарып өтеді (Т.Ахтанов).

      Өз елінен, колхоздан сырғақтап, басқа бір елдің шетіне барып отырғанда көретіні көзіне елестеді... Күркетауықтың құйрығындай, одырайып тұрған тымағының құйрығы желп етіп түсіп кетіп еді, оны қайтадан қайыру да есіне келген жоқ...

Ақмет басын көтеріп алды. Ендігі сөзінде ширықан ыза жоқ, кейіспен қайрау бар тәрізді.

  • «Құм жиылып тас болмайды. Құл жиылып бас болмайды» дегенде, бірлікті айтқан екен ғой бұрынғылар. Әйтпесе, одан-бұдан құралып, өзімізді қуған колхоз да отыр. Тобымен шұбырып қанды ауыз қасқыр да жүр. Аңмен отаса алмайсыз. Елге барсақ, ерімізді тірідей сояды (Ғ. Мұстафин).

50 - жаттығу. Берілген мәтіндерден қайталама сөздердің қолданылу ерекшеліктерін түсіндіріңіздер.

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда,

Еңсесі биік боз орда

Еңеке кірер күн қайда,

Қара бұлан терісін

Етік қылар күн қайда,

Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер күн қайда,

Күмбір, күмбір кісінетіп

Күреңді мінер күн қайда,

Толғамалы ақ балта

Толғап ұстар күн қайда,

Алты құлаш ақ найза

Ұсынып шаншар күн қайда,

Садақ толған сайгез оқ

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп

Созып тартар күн қайда?

    ******************

Тоғай қондым, өкінбен,

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым, өкінбен,

Тобыршығы биік жай салып,

Дұспан аттым, өкінбен,

Тоғынды сарты нар жегіп

Көш түзедім өкінбен,

Ту құйрығы бір тұтам

Тұлпар міндім, өкінбен,

Туған айдай нұрланып

Дулыға кидім, өкінбен,

Зерлі орындық үстінде,

Ақ шымылдық ішінде

Тұлымшағын төгілтіп,

Ару сүйдім, өкінбен,

Бүгін, соңды өкінбен,

Өкінбестей болғанмын,

Ер Мамайдың алдында

Шаһид кештім, өкінбен!..   (Доспамбет жырау).

51 - жаттығу. Берілген мәтіндердегі есімше тұлғаларының мағыналық реңктеріне талдау жүргізіңіздер.

Жаздыкүн шілде болғанда,           Әзілдесіп сыңқылдап.

Көкорай шалғын бәйшешек          Мал ішінен айналып,

Ұзарып өсіп толғанда;                  Көңілі жақсы жайланып,

Күркіреп жатқан өзенге                Бай да келер ауылға,

Көшіп ауыл қонғанда;                   Аяңшылы жылпылдап

Шұрқырап жатқан жылқының       Сабадан қымыз құйдырып

Шалғыннан жоны қылтылдап,      Ортасына қойдырып,

Ат, айғырлар, биелер                    Жасы үлкендер бір бөлек

Бүйірі шығып, ыңқылдап,             Кеңесіп, күліп сылқылдап.

Суда тұрып шыбындап,                 Жалшы алдаған жас бала

Құйрығымен шылпылдап,             Жағалайды шешесін:

Арасында құлын-тай                     Ет әпер деп қыңқылдап.

Айнала шауып бұлтылдап.             Көлеңке қылып басына,

Жоғары- төмен үйрек, қаз              Кілем төсеп астына,

Ұшып тұрса сыипылдап.               Салтанатты байлардың

Қыз-келіншек үй тігер,                  Самаурыны бұрқылдап.

Бұрала басып былқылдап,              Білімділер сөз айтса,

Ақ білегін сыбанып                       Бәйгі атындай аңқылдап,

                                                  (А.Құнанбаев)

52 - жаттығу. Берілген мысалдардан етістік тұлғаларының мағыналық реңктеріне талдау жүргізіп, стильдік ерекшелігін анықтаңыздар.

  1. Сар далада сар уайым жамылып, Ақбілек келеді толарсағы бұлтылдап. Тышқан аулап күйкентай жүр қыранымсып шыңқылдап. Әне алыста безек қағып, бір бозторғай тұр шырылдап, бейне әуеге шегелеулі тұрғандай, бір орнынан тапжылмайды қанаттары дірілдеп. Көз айырмай қарап келеді Ақбілек. Әлгі торғай қалың шөпке түсті де, қалбалаңдап, далбалаңдап, шөпке таман айналаңдап, шыр- шыр етіп, безек қағып, олай- бұлай шоршиды.
  2. Енді жұмыстың түрі мұндай болды; -деп Бекболат бала жасынан бері қарай қозғап, балалықты, жастықты, ойын- күлкіні, жолдастық- достықты, елдің партиясын, әкесі бұған қыз айттырғанын, оны менсінбегенін, екеуі ақылдасып, Ақбілекті көріп келіп, ұнатқанын - бәрін жыр қылды. Аяғында келіп: «О болса ондай болды, бұл мұндай боп отыр . Маңдайымның соры бар ма? Қайдан білейін.Ендігі ойым: тағы қыз іздеп, тағы да әкейді ренжітіп жүргенде өмірдің бірталайы өтіп кетер. Одан да не де болса тәңірінің жазуы шығар, жұрт не десе о десін, тәуекел деп соның өзін алғым келеді»,- деп күрсініп тоқтады.
  3.   Бекболат сөйлеп келе жатқанда, Ақберген «айтқаныңның бәрі рас» деген кісіше: «Е,е »- деп басын изей берді. Бекболат тоқтаған соң, Ақберген де өзінің нашарлығын, жалғыздығын, достығын, тілеу бірлігін айтып шықты. Бекболаттай ұзартып сөйлеген жоқ, шағымды, тиімді жерлерін басып өтті  (Ж. Аймауытов).