Кіріспе


Стилистика – стиль туралы ғылым. Стиль деген сөздің ұғымы өте кең.  Ал тілге қатысты стильді тіл білімінің салалары – фонетика, лексика, грамматика (морфология, синтаксис) қарастыратын тіл заңдылықтарымен, оларды қолданысқа түсіру принциптерімен байланыста түсінеміз. Себебі тілдік заңдылықтарды дұрыс, ережеге сай етіп жұмсай  білу бар да, бегілі бір көңілдегі көрікті ойды көркем етіп жеткізу мақсатында тілдің дұрыс қолданылудың әр қилы техникаларының сөйлеу, жазу барысында үстіне жамалатын ерекшеліктер бар. Ол ерекшеліктер – тіл заңдылығын толық танып білмеуден, тілге ұқыпсыз қараудан не сөйлеушінің, не жазушының тілді әдейі көріктеу үшін қолданған тіл ерекшеліктері. Алдыңғысы стильдік (стилистикалық) қателерге жатады да, кейінгісі тілді көркем жұмсаудың әр қилы жолдарына жатады. Олай  болса, стилистика стиль туралы ғылым болғандықтан, тілдің  әр түрлі  көріктеу құралдарын, қайткен күнде тілдегі әрлі де сезімге қаныққан (эмоциональды - экспрессивті) бейнелі сөздерді, сөз тіркестерін табу, сөйлемдегі белгілі бір мақсатқа сай етіп, сөз бен сөз  тіркестері орындарын дұрыс қиюластырып, жатық құрудың амал – тәсілдерін үйретеді. Сондықтан стилистика тілдік талғамдылықты, мағыналық дәлдікті, тіл икемділігін, тілді көріктеудің амал – тәсілдерін үйрететін ғылым. Оны тіл өнері туралы ғылым деп атауға болады. Өйткені бұл талғамдылықтың, тілді көріктеудің, бейнелеу құралдарын дұрыс жұмсай білу шеберлігінің тасасында адам ұғымы тұрады.

Сөйлеу тілі мен жазба тіл жөнінде де осыны айтпақпыз. Бұнда, сөз жоқ, адамның ойлау қабілеті мен ой өрісі, психолингвистикалық өрісі, әлеуметтік орта ерекше роль атқарады.

Стилистикада тіл мен әдебиет заңдылықтары түйіседі, сондықтан лингвистикалық заңдылықтар мен әдебиеттану теориясын жіті білу стилистика үшін өте қажет. Олай болса, стилистика бар жерде стиль деген ұғым бар. Бұлардың қарастыратын мәселелері – тіл мен әдебиет танудағы тіл көркемділігі, тіл икемділігі, оны қолдана білу шеберлігі.    

        Қазақ тіл білімінде тілші ғалымдар  А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев,  М. Балақаев, Р.Сыздық тағы да басқа зерттеушілеріміз, сыншыларымыз  ғылыми-зерттеу еңбектерінде, мерзімді баспасөз бетіндегі мақалаларында қаламгер тілін тану арқылы   әдеби тілдің өсу сапасын, көркемдік дәрежесін анықтауға болатындығын атап   көрсетті. Сонымен қатар белгілі ғалымдарымыз Х.Кәрімов, Т.Қоңыров, Б.Хасанов, М.Серғалиев, Б.Шалабай Е.Жанпейісов зерттеулері қазақ көркем әдебиет стилистикасының  ғылым саласы ретінде қалыптасуына өзіндік үлес қосқан еңбектер болып табылады.