Стилистикалық фигуралардың қолданысы


64 - жаттығу. Берілген мысалдарда қолданылған көркемдік тәсілге талдау жасаңыз.

         Мұз әне түседі, міне түседі, деп жұрт күтініп тұрған. Дәл күн бата уілдей жөнелген қара желге  қарлы-жаңбырлы боран қосылып, жер-көк әлем тапырық болып, бұрқырай жөнелді. Біржан жасында азғана оқыған да, жақын қаладағы бастауыш мектепті бітірем деп жүргенде, шолақ шаруа оралымға келмей оқудан шығып кеткен. Қартайған әке-шеше, өлген ағасының шиеттей  жетім балалары аяғын тұсаған.  Қазақ жасының салтына кірмеген «бұзақылық» қыз-жігіттің екеуін де қинап отыр еді. Ауыр қыстың ортасы ауды. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілуге айналды. Бұл аш-арықтың екі бүктетіліп кетер шағы, одан Қалиша қайдан аман қалсын. Ит ашыққан, бит тойынған шаққа  ол байғұс  елден бұрын кездесті. Төрелердің отырыс-тұрысынан ең үлкені қайсы, одан соңғысы, оған таянғаны, одан кішірегі, ең кішісі айтпай-ақ білініп тұр. Мұны ауыл адамдары да байқамай қалған жоқ (Ғ.Мүсірепов).

65 - жаттығу.  Берілген мыслдардан метафора, метонимия, кейіптеулерді тауып, олардың түрлерін стильдік қызметін айқындаңыздар.

       Қыдырған көз дәл алдындағы бір үйге тоқтады. Жаңада салынған, қобдидай кірпіш үй, сырты шағаладай аппақ.  Бұл жерде жазушының қыдырған көз деп айтпақ ойы – жан-жақты барлап, қарап, өзіне қолайлы жерді таңдап келе жатқан адамның бейнесі. Қыдырған көзді адам сөзінің орнына қолданып, шығарма тілін байытқан. Яғни құбылыстың өз мағыналары емес, екінші мағыналары жақындығымен бірінің орнына екіншісі алмастырып қолданылып тұр. Жүзімді айтсам, жаңа атқан таңдай. Сымбатымда мін жоқ, бір – туған нардай. Мінезім керек болса, түнергенде түнмін, күлгенде күнмін. Ел намысына, ер намысына бәрін бердім. Жалғыз ғана жүегімді алып қалам.

     Қуғыншыдан шошынған жүрек тығылуға жер таппай, әр тесікке бір еніп, далаға бір жасырынады. Бірі де берік мекен бола алған жоқ. Қазанның астына мол қылып тезек қалай бастағанда:

  • Әдейі келген соң, отағасының балығын жеп аттанатын шығармыз, -деп Ермағанбет аттан түсті. Сембі қысылса да оған Шығанақ қысылмады:
  • Бұйырса жерсіздер.

Қазан піскенше бәрі машина көруге кетті.

 – «Жүйрік атқа қамшы ауыр» деген де осы қазақ емес пе! Биыл жүгіретін жыл. Жүгім ауыр демеңіздер соңыра.

Сеуіп барады. Сеуіп бара жатқаны – бүркіп бара жатқан сияқты. Сары топырақтың бетінде шыпырлаған ақ тары, меруерттей жайнап жатыр. Қызыққан дариясы ыстық күнде, қақ алдында тұрғанда Қабыш қалай шешінгенін байқамай да қалды:

  • Төкен, сен көпті көрген тарлансың ғой, бір ақыл сұрағалы отырмын, - деді.
  • Сұра, - деді Төкен іркілместен.

Сергейде де, басқаларында да үн жоқ. Ауыз тарс жабылып қалғанда, Төкен ыңырана бастады:

  • Ей, Шығанақ! Сен қыңқ етпес қара нар емес пе ең. Бақырғаның қалай? Жаз жаңа шықты. Жұмыс жаңа басталды. Еге білсең уақыт та, жер де, су да жетеді.

-  Мен де әскерге кетем.

  • Кетпе сен.
  • Кетем, Шықа. Бұрынғыдай найза емес, оқ, жүрек, айла екен ғой соғыс деген.
  • Бәрің кеткенде елді кім асырайды? Әскерді кім асырайды?

Көп сөйлеп қашаннан бергі мұңын шақса, мылжың дер ме? Аз сөйлеп түйінін айтса, жетпей қала ма? Үлкен  қазанға түскелі тұрғаны осы. Қалай  қайнары белгісіз. Жүрек құр дүрсілдейді, ой тек күбірлейді. Әділ төрешінің алдында, ойын  ешқайсысы айтып бере алған жоқ. Бірғана тәуекелмен үйге енді Шығанақ.

– Әй, тентек, рас па осы сөзің? – деді Жанбота. Айға шағылысып көзінен от жарқ етті. Міне көктем. Кепкен жердің көні бір  жібіді, сары дала барын жайып салып, сағым құшып күлімдеп тұр. Ауыл тегіс жатқан. Күн қабағы салбырап тыныш тұр. Алыста, жол бойында кетіп бара жатқан жүріншілердің дыбысы еміс-еміс естіледі. Аспанда алақандай бұлт жоқ, күн нұрымен көкшіл түсі жасыл тартып, ол күлімдеп тұр ( Ғ. Мұстафин).

66 - жаттығу. Келтірілген мысалдардан сөзге өң беру амал-тәсілдерінің бірі-көркемдеуді (эпитет) тауып, оның түрлерін ажыратыңыздар.

Толыққан денесін  одан да семіз  көрсеткісі келгендей, киімді де қазақша және мол піштіріп «барын киіп, байлауышын салып» дегендей бір жаққа  шыға қалса, тәуір киімдерін  бойына түгел артып, қобырайып кететін. Мырзалықтың  сәні киімде  тұрғандай,  салқын уақыттар  былай тұрсын, қайнаған жаздың өзінде үстіне күзен, түлкі сияқты  аңдардың терісінен  істеген қамзолша ішігін киіп, аяғына байпақты саптама етік киіп,  басына ақ бұйрадан істеген жекей тымақ киіп, терден быршыса да,  оларын үстінен тастамайтын.

Жаралғанның  жалпақ  дүниесінде  ақыннан  бақытты  адам  бар  ма  екен? Жансызға  жан  бітіріп, жандымен  тілдестіре білетін, адамды, адам емес-ау, ақынды адамның бұлбұлы десең болмас  па! 

Жаныма  әжемдікіне  баратын  жолды  жақсы  білетін  бірер  жігіт ерткен  әкем, жолшыбайғы сирек  елдің  біріне  соқпастан, суыт  жүріспен  тартып отырып, аз күнде, Жайық бойын жайлаған нағашысынан  бір-ақ шығады (С.Мұқанов).

 

67 – жаттығу.   Шығарма  тілінің  стиліне  талдау жасаңыз, авторлық шеберлігін анықтаңыз.

 Қарға  тамырлы  қазақ, Байқоңырда да біздің бір ілік – шатыс  табылып, барған күні  бізге  сойып  берген  жалғыз  лағы, бұл ауылға бие  сойғандай оқиға  боп, сорпа – суанын  көрші үйлердің қатын-қалаштары аузынан  бөліп  ішті

Қалай  танисың: басын, кеуде  тұсын, екі  қолын  ақ  шүберекпен  шандып  байлап  тастатыпты. Оның  әр  жерінен  қара  күреңденген  қанның  жұғыны  сезіліп  тұр!.. соғыс қорқынышынан ба, қансыраудан  ба, бұрын  қаны ойнайтын әкемнің нұрлы  беті, қазір сақарға салған  сүйектей сұп-сұр!..

Оны таңсық көрген балалар, жақындап барып қарасақ, бәрі  де  қазақ... бірі  де еркек... ішінде жастары  да, егделері  де, кәрілері  де  бар.. бәрінің  де киім-кешектері далба-дұлба... үсті-бастары аққан қаны тарамдана қатқан жара... кескін-келбеттері әлем-тапырық... сүлделері құрып, аяқтарын зорға сүйретеді...

- Байқа, бала, - деді ол содан кейін,- маған  турасын айт, Еркежанға  ғашық боп қалған  сияқтысың сен.  Осындай  жаста да ғашық болушылар бола береді дейтін. Бірақ, сен  дүние  көрген  бала болғаныңмен, ол әлі бесік табы арқасынан, емшек  табы аузынан  кетпеген сәбисің. Құмартқаның  рас болса асықпа. «сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген. «Он үште отау иесі» деген.  Оған да кеп  қалған жоқ. Содан кейін, қашан ұзатылып кеткенше ойнап-күліп жүруінің ретін өзім келтірем...

Мектеп пен ауыл арасындағы жол, қалың  қаыстың арасымен   жүретіндіктен,  көлдің беті тымық.  Қимылсыз қалпында  үстіне қалыңдай  үйелеген қыраудан,  әрбір қамыстың  жуандығы  сырғауыл боларлық қайыңдай  көрініп, ауыр салмақтан  белдері  бүкірейіп, бастары  төмен иіліп  кеткен. Соңғы жұмада  боран  болмағандықтан,  қары мен мұзы араласқан көк ала  жол майлаған қайыстай жып - жылтыр

68 - жаттығу  Ш. Мұртаза шығармаларынан меңзеудің бір түрі теңеуді тауып, түрлерінің стильдік айырмасын  айқындаңыздар.

Дүниенің  дидары  сан  қилы. Түгел  біліп  болған  ешкім  жоқ.  Әлде  сағым, әлде  сынап. Аспараның  мұздақ  тауынан  сырғанағандай, қайда  барып  құлайтының  беймәлім. 

Сонда  барып, қара  ешкінің  қайғысы  ақыр  замандай  ауыр  екенін  сезіп, жүрегім  суылдап  қоя  берді.

Ақпанның  ақ  бура  бораны  болдырып, жынынан  айырылған  бақсыдай  басылған  соң, аспан  ашылып, пердесіз  терезеден  Ай  сәулесі  себезгілеп  тұратын  болды.

Түнде  үй  төбесіндегі  боғаттың  қамысын  ызыңдатқан  Алтын  Күрек  желі  екен.  Желдің  аты – Алтын  Күрек.  Адамдарды  қан  қақсатқан, ызғарлы  суықпен  сүйегін  сырқыратқан  дүлей  дию  сияқты  сиықсыз  қысты  бір  түнде  жайратып  салатын  Алтын  Күрек. Қарды  ғана  ысырмай, адамдардың  еңсесін  езген  қайғы-мұңды  да  аршығысы  кеп, уайымыңды  жеңілдететін Алтын  Күрек.

Сөйтсем, төрде  қаз-қатар болып, тізіліп  көп  бала  жатыр: Қорғанбай, Боранбай, Қуанышбай, Аманбай, Өсер, Тілепалды, Сүлеймен... Сүйек  қажаған  сиырдай, ауыздарына  құрт  салып, малжаңдасып  жатыр.

Мыңбұлақтың  ішіндегі  ең  сұлуы, ең  мөлдірі – біздің  Жалбызбұлақ.  Оның  суы  кәусар. Айналасына  жалбыз  иісі  аңқып, әлі  күнге  дейін  бүлдірген  өседі.  Жазда  бұлбұл  сайрайды.

Борандының  ар  жағындағы  Құлан  тауы  да  ақ  теңізге  ақ  желкен  көтерген  кемедей  боп  көрінеді.  Мүмкін, Батыр  сол  кемемен  жүзіп  келе  жатқан  шығар.

Оң қол жаққа  қарасам –жал-жал  болып  жатқан жалаңаш  құм. Өліп  қалған  түйелер  сияқты. Бірақ  ауыл  көрінбейді. Ел жоқ!

Сол Аса  қазір  жынын алдырған  бақсыдай  басылып, мына  теміржолдың сол жағын бойлап, жарысып келе  жатыр. Теміржол тіп-тік, тұп-тура, ал Аса болса ирелеңдейді. Бүлкілдеп жатқан боз-ботана сұр айдаһар сияқты.

О, қасиетті сары  алтындай сағыныш... Сен болмасаң, адамдар, тіпті туған ана, туған бала, бір-бірінің қадірін білер ме еді, білмес пе еді?

Айшаның  ашуын  сіздер  білмейсіздер.  Арланынан  айырылған  қасқыр-құртқа  да  бір, Айша  да  бір.

Енді  арқалап жиған  отын таусылады. Қыс ұзап кетті. От жағылмаған пештің уыры ішін тартып, уілдейді. Сыртта  боран ұлыса, іштен оған пештің уілі қосылып, ақыр заман азан шақырғандай болады.

69 - жаттығу.  Жазушы кейіпкер  портретін жасауда, табиғат құбылысын танытуда, белгілі  бір  кезеңді айқындауда  қандай көркемдегіш-бейнелегіш тәсілді қолданған.

Тәкаппар  таулар  біздің  әбден  қалжырап, үйге  қайтқымыз  келгенін  сезбейді.

Батыста  Жабағылы  тұсында  қан қызыл  Күн  ұясына  батып  бара  жатқанда, Шығыстан  құп-қу  болып, өңі  қашып  қуарған  Ай  көрінді.

 Тарғыл-тарғыл, тарпаң  даусында  кекесін бар. Оны  сезіп қойдым. Қай-қайдағы қойқаптағы жындарым  қозыңқырап, жабайылау  жаман  сөзбен жауап  бергім  кеп, тілім қышып, уын төккім кеп біраз  тұрдым  да, Зиба  әпкемнің  айтқаны  есіме  түсіп, жақ  ашпадым.

Тарғыл сөзіне «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» шұбар ала теңбіл түс деген мағына берсе, тарпаң сөзіне жабайыланып кеткен  жылқы  деп  анықтама  береді. Ал автордың сезімдік суреттеуімен қартайып, даусы әбден қарлыққан, жасы ұлғайған кемпір бейнесін көрсетіп тұр.

Сол сабақты мына  Сайд-Акбар  қожа  айдалаға, қарабауыр Қаратауға, тозаң  жұтқан боз жусанға, қураған  сасырдың сояуына, тас  мия мен  ащы кекірге қайтып келе  жатыр.

Ол  туған  отыз  жетінші  жылдың  сарша  тамызы  еміс-еміс  есімде.  Мен  бес  жасқа  толар-толмас  кезім  еді.  Мыңбұлақ  сайларының  басын  ала  киіз  үйлерін  тігіп, ел  егін  орағына  кіріскен  шақ  қой  деймін.

О, сіздер  біздің  Жуалының  боранын  білмейсіздер  ғой.  Дүниені  бір  тарының  қауызына  сыйдырып  жіберетін  боран – сол.1943  жылды  ақпанында  сол  сұрапыл, әсіресе  қатты  қаһарланды.

Неге  ақырасың  бізге?! Көріктей  сөнген  көңілімізді  көтере  ме  десек, сонау  соғыста  жүрген  боздақтарымыздың  хабарын  айтып  қуанта  ма  десек...

Кілең  қара  мақпал, жабайы  жылқыларды  көремін.  Төле  би  заманынан  қалған, содан  жабайы  боп  өсіп-өнген  тарпаң тағылар.  Қаз  мойын, қамыс  құлақ, қара  айғыр  маған  оқыранып  келіп, жұп-жұмсақ ернімен  алақанымды  жыбырлатады.

Таулар балқып  жатса  да, жылуы  жоқ. Алаулаған  бетіңді сүйер  шымыр  аяз, тек  біздің  Жуалыда, Мыңбұлақта  ғана  болады  деседі  (Шерхан Мұртаза).

 70 - жаттығу. І.Есенберлин шығармасынан алынған үзінділердегі теңеулерді тауып, оның түрлерін анықтап, стильдік бояуын ажыратыңдар.

Ожар аңқау  елдің  бетіне  қарауға  жүзі  шыдамай, аяғын  шалыс  басып өте  берді... Таланған, шабылған көш, жүнін жұлған тырнадай боп бар сәнінен айырылды.

- Адал өлу де – абырой. – Қария  тілмашқа  алар  бүркіттей  сұстана  көз  тастады. – Шырағым, аяқ алысыңнан  байқадым, сен  өзің Әбілқайыр, не  болмаса  Уәлиханның  ұрпақтарының  біріне ұқсайсың... Бас  кеспек  болса  да  тіл  кеспек  жоқ деген, бір  сұрайтын  сөзім  бар...  Бозторғайдай кішкентай болғанмен биік ұшар халқым  бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жылы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы  жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің... Үш батыр осылай серттесіп айырылды. Бірақ әр руы өзіне бір тайпы ел саналған, жерге төгілген бидайдай шашылған қалың қазақ, бір тудың асытан жинала ма, жиналмай ма, бұған үшеуі де күпті еді. Ақ жібек көйлегінің ашық омырауынан кеудесінің көк бурыл түгі шығып тұр. Ұзын ақ саусақтары жыртқыш құстың тырнақтарындай  әлсін-әлсін бір бүрісе жұмылып, бір жазылып тұрады. Білектері де жүн-жүн... Қол әлуеті бір түрлі сұсты. Оң саусағына салған қызыл алтын сом жүзігінің үстіндегі жалпита орнатқан жылан басындай қызыл лағыл тасы ұйыған адам қанына ұқсайды. Басықара батыр Кенесарының ризалығын аласымен өзінің мың әскерінен таңдап жүз сарбазды алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. Алдыңғы қатары орға жетпей кейін шегінгенде, көкжиектен лықылдап көрінген артқы жағындағы бытырай шауып келе жатқан қалың қол ұшы-қиыры жоқ құмырсқаның илеуі тәрізді. Мұның  тағы бір кереметі, қамалдағылар қол бастаған батырларды жекелеп нысанаға алайын десе, төгілген тарыдай жер қайысқан жанның қайсысының басшы, қайсысының қосшы екенін ажырату қиын. Жеңіске мастанған қатыгез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы ойран салды. Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.

-  Қатын аулын  батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең, өзің шап!

  • Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.
  • Жөн.
  • Тапқан ақыл.
  • Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқан ерсі.

 Есіркеген ұялғанынан жалтара жауап береді. Он жетіге келіп қалды деген аты болмаса, ол әлі де қауызын жарып шашылмаған гүл тәрізді, қалжыңдаған боп көңіліне шоқ сала сөйлеген нағашы апасына  кейде ренжіп қалғандай өкпелей қарап, әзіліне көз жасындай таза мөлдір бұлақ сезімімен жауап береді.

71 - жаттығу.  Төмендегі келтірілген үзінділердің өзіндік  стильдік  ерекшелігіне  талдау  жасаңыз.

 Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кер бестінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді.

 Жуан қос бұрымы жерге шұбатылған, аппақ бетінің ұшы сәл қызара үлбіреген, танадай көзі қарасудай қап-қара боп тұна мөлдіреген Алтыншаш есік алдында сәл тұрды да бұлт астына қайта кірген күміс айдай жоқ болып кетті.

  Кенесары жасырмаған.

- Қалың әскер жүздік, мыңдық саппен кәдімгі жарды ұруға келе жатқан толқындай лек-лек боп, барынша айқайлап ұран сап, бірінің соңынан бірі қамалға шабады, - деген ол.

 Кенесары жауар бұлттай түнеріп кеткен.

- Жетеді, - деді ол ашуын әзер басып, ал біз қандай қайрат көрсеттік? – Сидақ мырза, соны айтыңыз.

  Бұл жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәр ізді көпшілігі ордың арғы қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес.

Қара  су секілді  тұнжыраған ауыл үстіне төнген ауыр қайғыны тек анда-санда сылдырлаған қыз шолпысының үні мен көк аспанда тізбектеле ұшқан қаз-үйректің сұңқылы ғана бұзады.

Бастарына  кигендері  кеуделеріне  дейін жабатын  түйе жүн далбағай, етек  жағы  айбалтаның жүзіндей  қайқиып келген  әшекейлене кестеленген оқшима қалпақ...

...Кенесары Ақмола бекінісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таң сәріден бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Сүмбідей  сұлу бедеуінің үстінде  қорғасын құйған құлжа асығындай берік  отырған  осынау жас  жігіттің сымбатына сүйсінгендей көзінде бір сәуле жалт етті  де, кенет  үрлеп сөндірілген білте шам жарығындай жоқ болды.

 Оң жағында Қараүлек – Кенесарының бас жендеті. Бұл әр саусағы жаңа туған баланың білегіндей, сала құлаш кеудесінің жүні көдедей, салпы ерін, кірпік қақпайтын мысық көз, аяушылық дегенді білмейтін қатыгез, алпамсадай қара кісі (І. Есенберлин).

72 - жаттығу. Төмендегі  мәтіннен эпитеттердің қандай сөз табынан болғандығын анықтап, олардың жасалу жолдарын түсіндіріңдер.

      Япырмау, мынау дауыс кімдікі? Ожар ғой! Сорлы жүрек, бекер сес бермеген екенсің?

Басар  жерің көк  мұзға  айналып, қатын біткен Баян тауының өрлеуіне киіз төсеген. Сол жылы екі жүздей шаңырақты қорғап қалдыңдар... Әттең, дүние-ай, қияңқы қыс қаһарлы келіп, баспанасыз жалаң-жұрт сол жұт жылы  ажал тапты...

  Наурызбай мен Байтабын:

- Қош болыңдар, - деді кетіп бара жатқан әйелдердің соңынан дауыстай. Бірақ ана екеуі жауап қайырмады. Шашақты найзаларын желкілдете, ауылдан өздерінің жасақтарына қарай құйындата шаба жөнелді.

Тілмаштың ақшыл жүзі күп-күрең боп кетті. Аталарың қазақ халқының қанішер қара ниет жендеті деп тұрған осынау тіл тартпас шалды ат бауырына алуға  да  дайын.

– Қоңырқұлжа мен Қарапұшықтың қарамағындағы бес жүз қарабін мылтықты солдат пен төрт зеңбірек бізге құр қарап тұрады дейсің бе, Науанжан?олардың да аңдығаны осы екі жіңішке жол мен ордың жағасы болар.

 Адамы оққа ұшқан кейбір ер жүректі жігіттер Арыстаннан кек алатын күн болар ма екен деп кіжінетін.

  «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», жиырмадан аспай жатып атағы алты алашқа жайылған, әрі әнші, әрі сал, өзі төре Наурызбайды Ақбөкен жақын көруге құштар еді. Оны Байтабынды жыққан жеңіс үстінде көрді және Наурызбайдың өзінің  шеттен келген жас балуанды жығуын «айып» санаған кең пейіл мінезі, ерлікті, адамгершілікті дәстүр етіп өскен қазақ қызына үлкен ой салды (І.Есенберлин).

73 - жаттығу. Берілген мысалдарда қолданылған көркемдік тәсілдерге талдау жасаңыз, экспрессивті - эмоционалды мағынасын түсіндіріңіздер.

       Әлде  менің  көп  ұзамай  әкесіз  қалатынымды  сезді  ме  екен? Әкесіз  қалғанда  бос  болмасын, болбырақ  болмасын. Өз бетінше  жол  тауып  көрсін, ащының  дәмін  осы  бастан  татып, мына  мейірімі  аз, қаталдығы  мол  дүниеге  осы  бастан  көндіге  берсін  деді  ме  екен? Кім  біледі,  олар  бізден  гөрі,  бақыттырақ шығар.  Мұндай  сұм  заман,  қураған  қу  заман  о  дүниеде  жоқ  шығар...     Тұқымдарыңа  біткен  мінез  бе, білмеймін, сол  заманда  күміс  ер-тоқым  тұрмақ, адам  қынадай  қырылып  жатқан  заманда, күштіменен  күреспей-ақ  қою  керек  пе  еді...  Сөйтіп  Айша  орнына  бүкір  кемпір  Оразкүл  қалды.  Енді  ойласам, сол кезде  айналамызда  екі-үш  күн  бізге  қарайласа  тұратын, ағайын-туған  қалмаған  екен  ғой.  Тұрымтай  тұсымен, балапан  басымен  кеткен  заман.   Түсі  суық  сұр  бұлт  қаптаған  кез  еді. Мен  жылқыны  еңіске  айдап, арпаның  аңызына  жайып, өзім  бурыл  тайдың  үстіне  шоқиып, ылдидан, станса  жақтан  келетін  сүрлеу жолдың бойына, мына  сұрқия  дүниеге  сүлесоқ  қарап  отырмын.  Мен  ес  білгелі, Айша  алты  батпан  ауыртпалық  астында  қалып, ән-думан  әдіра  кеткен  екен.  Ай, тәлкек  тағдыр-ай, екінші  әйелінен  бала  сүйіп, қу  бассалықтан  енді  құтылдым  ба  дегенде… Мадақтасаң  да, қарғасаң  да  Жарық  Дүние  деген – осы. Жарық  Дүниеге  ешкім  өз  еркімен  келмейді.  Тағдыр  айдап  келе  қалса, оған  ата-анасы, жанашыр, жақындары  қуанады. Шамасы  келсе, тойхана  жасайды.  Бесік  тойы, тұсау кесер тойы, тағы, тағылар  өмір  бойы жалғасып  барып, Жаназамен тәмам-тауыс болады. Исаны  біздің  адамдар  әдейі  өлтірді. Былғаныш  дүниені басқа  әлем  алдында  әшкерелемесін  деп. Әшкерелесе - әлекке  қаласың. Апыр-ай, мына  созалаң  соғыста, адамнан  бастап  бәрі құрдымға кеткендей құрыған  заманда, тым  болмаса, кәдімгі  күкірт, кім  не  десе, о десін, сол  күкірттің  зар  қылғанын  айтсаңшы. О,тоба!

 - Бай  баласы – байға  ұқсайды, байланбаған  тайға ұқсайды деп  тұрмысың? Сендей кезінде шолжаңдаса - әкең Мұртаза  шолжаңдаған  шығар. Өйткені ол – бай  баласы. Ал саған  не  жоқ?! Сен  қай  байдың  баласы? Мына  жалмауыз заманда ту  деген  мен  емес  саған. Бол, жылдам  (Ш.Мұртаза).

 74 – жаттығу.  Берілген үзіндідегі портреттің стильдік қызметін, сөйлемнің әсерін анықтаңыз.

      Бұл – орта бойлы, кең жауырын, арықтау  тарамыс  денелі, жатаған келген  ат  жақты сары  сұр кісі. Сәл  қызғылт тартқан  қыран көзді, жуан  балуан мойынды. Ашық  жүзіне  жараса біткен  сәл келтелеу  қыр мұрнының астында  шағын  ғана  мұрты  бар. Қою шоқша  сақалы  сүп-сүйір. Сақал-мұрты  күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған. Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген қоныш көк салмен өрнектелген саптама  етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық  қатар  аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы  көзі  қарағанда  адамның ту  сыртынан өткендей. Сараң  қимылы, жұмыла  біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп  тыңдайтын адамды  сездіреді. Егер  тұлғасына, көңіл  райына қарасаң ішінде  тұнып  жатқан үлкен  ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.

Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай Есіркеген емес. Булығып өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет женділеу мұрны шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттеріндей – жағасы көгілдір барқытпен көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектей тоқылған қысқа етекті шапан, шалбары осындай ақ бота түбітінің өрмегінен. Кең балағына екі елідей, бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай ғана өңірі көрінеді. Аяғында шоңқайма қара былғары етік (І .Есенберлин).

75 – жаттығу.  Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша»  романынан алынған үзіндіден метафора, теңеу, эпитеттерді тауып, оған стильдік талдау жасаңыз.

  Ай, айналайын-ай, жаның жаннатта ғана  жай тапқан шығар. Бұл опасыз дүниеде бәтуасыз басшылардан азаптан басқа алғыс алып көрмедің ғой.

    Өз мекені, өз Отанын мал  екеш  мал  қимай  бара  жатқанда, адам  жыламай  қайтсін. Небір  боздақтар  Отанына  аман-сау орала  алмай, армандар ағысы  мұхитқа  айналған  заман.

    Ай, ит тағдыр-ай, дүңгіршекті ұрғанша, сол күрзімен өзімді жон арқамнан ұрғаны жақсы еді ғой. Дүңгіршекті ұрарын білсем, тастай қатып, қатты ұстар едім ғой. Сонда әрқайсысы іштерінен: «Әй, әттесі-ай, балапан басымен, тұрымтай тұсымен, әр өз күнін күйттеп кеткен қу заман. Бірақ  сөзін біліп керегі  де  жоқ. Сары  алтынның саумалындай сарнаған сарын айтады: бұл жалған дүние, өткінші, бір күндік қу тамақ үшін алысып-жұлысып, ағайын мен ағайын ренжісіп, ұрсысып жүргендері құр далбаса...  Сонда  мендегі  қалың  шаштың  сиреуіне «сұм  заманның»  қанша  қатысы  бар  екенін  түсіне  қоймадым. Сөйтсем, адам  өзі  тозбайын  десе  де,  жазмыштан  озбайды  екен  ғой.  Тарпаң  тағдыр  табанына  адамды  бір  салмасын.  Бір  салса,  тас  керек  боп, айқайласаң  да  арызыңды  есітпейді. Осы  мына  жер  бетіндегі  сұрқия  сұмдықтың, сойқан  соғыстың, күштілердің  әлсіздерге  әкіреңдеуінің, бәрі осы  таулардың үнсіздігінен  Мелшиеді  де  тұрады. Әлде, Ұлыларда  тіл  жоқ па? Ұлыларға  тіл бітсе – алапестер  аластатылып, заман  түзелер  еді.

    Өзен  бірте-бірте кеңейіп, теңізге  айналып бара  жатады. Теңіз  кешіп  қайда  барамын? Беймәлім, бұлдыр  дүние. Жағадан  әлдекім қол бұлғап, айқайлайды. «Кетпе, кетпе, қайт!» - дейді.

    Айналайын Тәңіртау! Ая мені. Кетіп  қалды  деп  қарғама. Дүние  осылай боз боран  бола  бермес. Түзелер. Жуанқұл мен  Тасбеттер  мәңгілік  емес  қой. Олар  да тұғырынан  таяр. Ақжарылқап  заман туып, азап қарыған арқамыз жылынар  да  жадырар.

- Зорақы заман түзелмейді! – деді  Айша зілді  үнмен. – Оның  үстіне Зибаның  тілегін  өзің  айтып  келдің. Туған  бауырым  қан  түкіріп  жатқанда, қасында  болмаса, бізге емшегімен  сүт  берген  анамыз  Құлыханның  аруағы  атпай ма?

    Атаңа лағнет, Тасбе-е-ет! Әруақ, Құдай  бар болса, осы көрсеткен қорлығың алдыңнан шықсын. Бұл сасық дүниеде болмаса, о дүниеде!  ( Ш.Мұртаза).

     76 - жаттығу. Берілген мәтіндерде қолданылған көркемдік тәсілдерді анықтап, қызметіне талдау жасаңыз.

  1. Қызға тән қылығына, мінезіне  қарап  мен  оны  жаңа  ғана  бүршік түйген бәйшешекке ұқсатам. Қауызынан әлі  ашылмаған бәшешектей, бұл да ішіне  қарай бұға  бүрілген байғұс!..  Бұл  да  әлі бүршігінде бұғып  күн көрмеген бәшешектің жапырақтары  сияқты  тым  жұқа, тым нәзік, тым  қалтырауық. Ертең  іштегі  дәні  толығып шешек  атқан  шақта  қандай көрікпен  жарқырар  екен  бұл?.. Қаланың  қолдан  суарып  өсірген, жапырағы  кең тармақтанған, бірақ бұрқыраған иісі жоқ гүліндей құлпырар ма екен, әлде, кең далада әлденеге  қысыла  өскен, көлемі  киттей, бірақ, тамаша  иісі  аңқыған  гүліндей құлпырар  ма  екен?.. Қайсысы болса  да, бұл әзірге гүлі  ашылмаған, тек, бүршігін жаңа  ғана  түйген  бәйшешек!.. (С.Мұқанов).  
  2. Кілең  қара  мақпал, жабайы  жылқыларды  көремін.  Төле  би  заманынан  қалған, содан  жабайы  боп  өсіп-өнген  тарпаң тағылар.  Қаз  мойын, қамыс  құлақ, қара  айғыр  маған  оқыранып  келіп, жұп-жұмсақ ернімен  алақанымды  жыбырлатады. Айша  кейде  осындай. Мейірімі  түседі. Кейде  суға  салып  сабайды. Құдайым  Айшаның көңілін  көл  қылсын.   Қазір  көңілі  шалқар  сияқты.  Мүмкін, Төскейдің  арша  сасыған  жұпар  ауасы, әуедегі  бозторғайдың  шырылы, бөдененің  бытпылдығы, сары  торғайдың  сарнауық әні – бәрі-бәрі  Айшаға  Алланың  рақым-шапағатын  мол  себелеген  шығар, бұ  жолы  ұрыспады.  Мұндай  кәусар  ауаны үзіп-жұлқып жұтпай, сіміре  беру  керек  саумал  қымыз  сияқты. Таулар балқып  жатса  да, жылуы  жоқ. Алаулаған  бетіңді сүйер  шымыр  аяз, тек  біздің  Жуалыда, Мыңбұлақта  ғана  болады  деседі (Ш. Мұртаза).

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән- көлеңкесі сол көңілдің,

Тактысына билесін ол құлаққа.

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжыйды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззаті бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар.

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң,дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар.

Адам аз мұны біліп ән саларлық,

Тыңдаушы да аз ол әнннен бәһра аларлық.

Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге

Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?

Көбінесе ән басы келеді ащы,

«Кел тыңда!» деп өзгеге болар басшы.

Керім толғап, тауысар қоңыр-күңгір.

Сол жеріне ойыңмен араласшы.

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар.

Білімдіден аяман сөздің майын,

Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын,

Ездің басы қаңғырсын, ердің көңлі

Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.

Көкірегінде оты бар ойлы адамға

Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.

Өмірдің алды - ыстық, арты - суық,

Алды - ойын, ар жағы мұңға жуық.

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

өмір сәуле көрсетер судай тұнық.

Жаманға «жар» деген- ақ ән көрінер,

Жақсы ән білсе айтуға кім ерінер?

Жарамды ән тыңдасаң, жаның еріп,

Жабырқаған көңілің көтерілер.(А.Құнанбаев)

77 - жаттығу. Т.Ахтанов шығармасы үзіндісінен берілген сөйлемдердегі теңеу мен эпитеттің стильдік қызметін, сөйлемге әсерін анықтаңыз.

- Сейілхан ағам ақ жарқын, әзіл-қалжыңға да бай. Оның әсіресе  көп ойнайтыны өзінің құрдасы Әлмұқан, Әлмұқан да Сейілхан   сияқты ірі денелі кісі, бірақ бір-біріне ұқсамайтын екі адам болса,  осы екеуіндей-ақ  болар. Сейілханның  денесі тарамыс,  иығы кең,  мықын жағы қысыңқы  келсе, Әлмұқанның  денесі болбыр,  толық, иығы қушық та,  қарны мен бөксе жағы жуан. Сейілханның  жүзі қара  торы,  сүйегі кең бет бедері қоладан құйғандай шымыр да,  Әлмұқан  ақ сары, екі беті семіз малдың қоң етінен кесіп алып жапсыра салғандай бедерсіз, салпы ұрт. Сейілханның үні ашық,  даусы кейде шаңқылдап шығады, ал Әлмұқанның үні күңгірт, май басып кеткен ұртынан мес ішінде шайқалған қойыртпақтай болпылдап шыққан  сөзіне әрең түсінесің.

- Николай Топорков Қасымбектің ротасында взвод командирі, шынашақтай ғана жігіт,  кішкене гимнастеркасының  жағасында қызыл эмаль жалатқан төрт  бұрышты жалғыз кубигі бар – кіші лейтенант. Кішкентай адамдардың көбісі-ақ шелеңдеген пысық болады ғой- бұ да сондай. Шекесі жұмырықтай,  сопақ бет,  аласа шот маңдай, су ішуге мойнын созған аттың басы сияқты иегі ілгері ұмсынып біткен. Өзінің кескіні – ақ қызық – қит етсе төбелесе  кетейін деп тұрған  тентек бала сияқты.

- Елизавета Сергеевнаның сол жағына әйелдер советінің  хатшысы, инеліктей қатқан арық, сұңғақ бойлы Маруш Аршаковна келіп отырды. Мұның тұлғасы  мен келбеті Алевтина Павловнаға қарама –қарсы жаратылған, бірі күн болса, бірі түн сияқты.

 - Келесі күні Қасымбекке еріп мен танымайтын  бір адам келді, киім киісі әскери адам сияқты емес, бірақ әскерге қатынасы жоқ жай адамға және ұқсамайды. Белбеумен қынаған  шолақ тон, басында құлақшын, аяғында пима, жинақы киінген: аласалау келген төртпақ кісі - еменнің түбіріндей.

- Елден шыққаныма төрт айдан асып кетті. Содан бері үйірінен адасып қалған құлындай - жалқымын. Рас, жанымда Қасымбек болды,  сүйенішім, қармаған жалғыз талым сол, бірақ ол жан-жағымды  түгелдей қоршай алмады ма қалай,  бір бүйірімді жылытса, бір бүйірім қорғансыз ашық қалғандай  азынап тұрады.   Бұрын өзге елге барып, басқа дүние көрмегенге ме, білмеймін, әйтеуір, елден шыққалы елегізумен болам.

78 - жаттығу. Жазушы Дулат Исабековтің шығармаларынан алынған үзіндінің өзіндік ерекшелігіне талдау жасаңыз.

       Мен оның тау бөктеріне шашырай шыққан ажырық сияқты мойнына дейін қаптап кеткен қырылмаған шаштарынан көз алмай, айтқанын үнсіз құптап келемін. Жол-жөнекей Қарекең Молдабайды еске алды. Сол сәтте оның еті қашқанын әжімді жүзі бүлк-бүлк етіп, үшкір сақалы шошаңдап кетті.  Сәлден соң ұстындай ұзын, тұтқыштай қара, апиыншыдай арық, көзі шөлдің құдығындай терең, екі құлағы сыпырадай қалқиған, жылқы тісті Ботбай кіріп келді.  Аузын апандай ғып ауданға оны қалай жібереміз? Сөйлеген сөзін кім түсінеді оның?  Жылама, неменесіне жылайсың. Қой-қой деп араға түсіп, соларды бетімен жіберген өзіңнен көр. «Келін жүмсәим, аягімді жілі суға мале – ееп отиямын» деуші  ең, отыр енді қарық боп!  Тілің бар ма, айтсайшы! – деп директор столды бір қойғанда барып Ережеп  шошып оянғандай селт етіп:

 Дзақсы, - деді.   Ережеп басын шайқады.

    - Неге ұқпайсың? Не, барғың келмей ме?

    - Теміл тістің келегі жоқ, - деді ол ысылдап. – Алтыннан  салдылам.           

 79 - жаттығу. Берілген мәтіндерден меңзеудің түрі – метафора мен метонимияны тауып, оның  түрлерінің стильдік қызметін айқындаңыз.

Әділеттіктен  аттап  өтетін,  беттің  арынан  таспа  тіліп, түйіндеп  тастайтын  саясат  дейтін  сайқал  бар.  Саясат – көбінесе  тақ  үшін  талас.  Тақ  дегеніміз – күш.  Күшті  болу  үшін  таққа  таласқандар  туған  әке-шеше, құрсақтас  бауырын  да  аямайтынын  тарих  талмай  көрсетті, көрсетіп  те  жатыр,  көрсете  де  береді.

Дүниенің  дидары  сан  қилы. Түгел  біліп  болған  ешкім  жоқ.  Әлде  сағым, әлде  сынап. Аспараның  мұздақ  тауынан  сырғанағандай, қайда  барып  құлайтының  беймәлім. Сөйтсем, бұл дүние өне  бойы тұны тұрған  осындай оспадарсыз ойын екен  ғой. Адамды  адам  қинап, содан  рахат кешу, ау бастан-ақ бар екен, әлі де  бар, әлі  де  бола  береді. Кейбіреулер  өтірік күледі. Өтірік күлкі – жаны кіршең, пейілі пәс адамдарға Құдай  өзі басып қойған қара  таңба.

 -Үйде  жата  бергенше, адамдардың  арасында  жүргенім жақсы, - дейді. Оған  не  дерсің? Досқа  тиген  оқ – қойныңа  түскен  шоқ.

Сонда  да  сол  үйден  шықпаймыз.  Арзыкүл  апамның  кеңдігінен  шығар, кет  демейтін.  Қыстың  тұнжыр  күндерінде, көбінесе сол үй бізге  жылы  ұя  сияқты  болатын. Бүкіл  ауылда  газет  жаздырып  алатын, бірен-саран  қисса  кітаптары  да  бар, тек  осы  үй еді. Газетін  оқып  түсінбесек  те, үлкендер  дауыстап  оқыған  қиссалар – біздің  мектебіміз  еді.

 - Сағат  таққан  қолдың неге  ұқсайтынын  білесіңдер  ме? – деп  балаларға  қарайды. Ешкім жауап  бермейді. – Білмесеңдер, сағат  таққан  қол – қарғы  бау таққан ит. Қарашаның соңы  еді. Түнімен  түнеріп тұрған  бұлт толғағы  жетіп, таңертең  қар  жауды. Жаңа  жауған  қар – о да перзент. Күнәдан пәк. Аппақ. Алдымда  не  күтіп  тұрғаны  тағы  беймәлім. Екі аяғым – ат, екі қолым – қамшы, жетекшім – үміт. Күн  еңкейген  сәтте, алыстағы Қошқарата, Боралдай, Құлан  тауларының  үстіне  қонақтаған  бұлттар  ғажайып  қызғылтым, қызыл  күлгін  бояуға  малынды.  Артыма  бұрылып, Тәңіртауға  қарап  едім: дүние - әлем  жанартаудан  жаңа  жаратылғандай  алып  айдаһар жалындап  жатыр  екен.  Жанартаудың  жалыны  бізді  де  шарпып, өртеп  жіберердей  бір  түрлі  үрейлі  екен (Ш.Мұртаза).

  1. Жұлған тауықтай  жапырағы мен бұтасынан айрылған орманның панасы да аз, сойдиған, қадау-қадау ағаштың арасымен  жүгіріп келем. Әйелдер балапанын қорыған тауықтай  балаларын бауырларына тартып алған, жақын адамдар бір-біріне тығылып, көңлі босағандарына жұбаныш айтып, аз да болса медет болып жатыр (229-бет). Ираида Ивановна балапан басқан тауықтай,  тар вагонның ішінде төрт баласын  бауырына тығып келе жатыр. Кенжесін ауық-ауық емізіп қояды. Оның балалары да өзі сияқты тыныш; шешелеріне тартқан қайқы мұрын сары балалар  бір-бірінен бөлініп, жұбын жазбайды. «Вовка командирдің» ойынына да араласпай, монтиып отыр. Құрал –жабдық атауларына байланысты теңеулер. Света мен Николайды татуластырғым келіп талай ойландым да, бірақ соның жолын таба алмай –ақ қойдым. Николай деген, бұрын адам сияқты елгезек, кейде бір ақ жарқын  мінезі болушы еді, енді суға салып, шиелеп байлап тастаған қайыстай  түйілді де қалды (Т. Ахтанов).

Қара қарға болса да барқылы «ем» зар –зар!

Бірің – күн де, бірің түн, бір кемеге салса да,

Сыйысу жоқ зар –зар.

Әрине, сен қу қазық, сен қу қазық

Қалмапсың ол жерінде жолдан жазып.

Балауыз балбыраған бала бұлбұл

Қалайша жапалаққа болады азық     ( С.Торайғыров ).

80 – жаттығу.  Төмендегі  мәтіннен кейіптеуді тауып,  оған талдау жасаңыз. 

Көкшенің кеудесінде

          1.Азат  тауын айналып, күнгей бетіне шыға келіп ем, мөлдір көк гауһар тастан жасаған күмбездей Көкше аспанға асқақтаған кербез бойымен көзімді тартып жүре берді. Сібірдің салқын самалды көктемінде көктен күндіз де, түнде де айырылмайтын кілегей қоңыр бұлт сол күні аспанның жерді жиектеген жағалауына шөгіп, жерден өзеннің жар қабағындай ғана жоғары тұр екен. Көктің кең, биік сарайында одан басқа көзге ілігер шөкім бұлт жоқ. Сондай ашық, көгілдір аспанның айында көрінген Көкше- аспан астынан өскен кішірек бір аспан секілді. Бірақ Көкше көктен гөрі көгірек!

          Көгілдір Көкшенің көркін көркемірек көрсетіп тұраған - басына оралған кілегей ақ ұлпа бұлт пен етегін көмкере тоқыған бұйра сағым.

          Бұдан аттай он жыл бұрын, дәл осы жерде, осы арадан нақ осындай бейнемен көзіме шалынған Көкшеге мен ара қонып, атпен зорға жеткен едім. Бұл жолы астымда желден жүйрік автомобиль. Жол үсті- кең даламның көгорай шалғын бәйшешегімен тұтасқан салалы, қалың селеу. Селеуге сүңги жүйткіген автомобильдің  астына жер жиырылып кіріп, көз ұшындағы Көкше толқыған биік бетегенің үстінде теңіздегі кемедей бізге қарай өзі зымырап жүзіп келе жатқан сияқты.

          Көкшенің көк гауһардай күмбез кеудесі аспанмен астасып, көркін нұрымен бояп тұр екен.

          - Кел! Кеудемде жат! Күмбезіне шық!- дегендей болды Көкше.                                   (С.Мұқанов)

  1. Енді, кеше, Еркіннен сөз естігеннен  кейін, қабағын  қарс  жауып, қанын  ішіне тарта  сұрланып  алған  әкеме  Қайрақбай  түгіл, оның  әкесіндей  кісінің  де жолай  алар  түрі  жоқ. Сондай  қалпын көрген  Қайрақбай, күжірейіп  тұрған  үлкен бұқаға жанасып баруға бата  алмай, мұрнын  шүйіре, құйрығын  шипақтата  алыстан  қараған  тайынша  бұқадай  мүсәпірсіп қана жанасады.

 Тамырынан  жұлған көктей, кіп-кішкене  күнімде  қайлардан  қайларға  қуып  әкеткен тағдыр, өскен топырағыма  қайтадан  көктегелі  келе  жатқанда, мені  ол  топырақтан жұла  алмас  енді... Туған  жеріме  деген  мөлдір  махаббатымды ешкім  енді  сөндіре  алмас!.. Мен, енді, оның  жаңа  ұшқынына  қосыла, бірге  жалындармын!..

  - Он үште отау иесі» деген. Оған  да  кеп  қалған  жоқ. Содан  кейін, қашан ұзатылып  кеткенше ойнап-күліп жүруіңнің ретін  өзім келтірем...

 Ұзатылу?! – дедім мен  шошынғандай, - қалың бергені бар  ма?

 Жәрдем малынан дәмесі барлар атқа қонған шақта біздің де аттануымыз жиілеп кетті. Аралап жүрген қалың топтың сөз түрінен байқасақ, келісімге келместей екіге жарылып жүр. Аттылар тоңдылардың, беттерінде тоқтылық белгісі ойнағандардың сөзіне қарасаң, қанжығаларына байлай келген ноқта-жүгендеріне, жіп-шуларына жәрдемнің олжа малдарын тізе тіркеп қайтпақ, ал аш-арық екендігі көлігінен де, киімінен де, кескінінен де байқалатындардың сөзін тыңдасаң, «әлі бар» дегендерге тышқақ лақ бергізетін түрлері жоқ (С.Мұқанов).

81 - жаттығу. С.Мұқановтың шығармасынан алынған мысалдардан сөйлемдердің құрылымдық ерекшеліктеріне талдау жасаңыз, стильдік қызметін көрсетіңіз.

Ал сөздері расында да қасқырдың сөздері. Ол сөздердің ұзын-ырғасын ғана айтқанда, халықтың арасында Совет үкіметіне қарсы наразылықты қоздыру.

Бұған тапқан айлалары – келген малды болыстарға бөліп айдатады, ондағы Ревком бастықтары байлар, немесе, солардың құйыршықтары, кімге үлестіретін олар жақсы біледі.

Қайрақбайлар қайтқанша, Торғайдағы қаратаяқтар мен атқа мінерлер оңаша үйде бас қосып, мал айдап келгендерді қарсы алудың, малды қалай үлестірудің тәртібін келісіп алды

Боран мен аяз кезектесіп бірінің орнын бірі басатын, Сібірдің қаһарлы суық қысында «май тоңғысыз» атанатын кейбір күндер болады. Ол күндерде жел құлаққа ұраған танадай тынады. Аспан айнадай жарқырап ашылады. Төбеде төңкерілген аспанның көктігі шымқай көк барқыттай құлпырып, көзіңді өзіне тура қаратпайды. Үрлеген желден бетіне ирек түскен даланы жапқан тұтас қар, ол күні жерді бауырына басып жатқан аққудың қанатына ұқсайды...

 82 - жаттығу. Оралхан Бөкей шығармаларынан алынған төмендегі мәтіндердегі монологтың түрлерін ажыратып, оның стильдік ерекшелігін түсіндіріңдер.

 Сүйген қызым үш күннен соң көрші ауылдағы тракторист жігітке тұрмысқа шығып кетті. Бала - шағалы, үлкен үйелмен болған. Міне, сол уақыттан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де «махаббат» деген киелі дүниенің  түбіне жете алмадым. Біреу «бар», біреу «жоқ», - дейді. Ал менің есімнен Қыздың «Махаббат дегеніміз – айырылысу» деген сөзі кетпей-ақ қойғаны. Кейде ойлаймын, рас-ау. Егер онымен қосылсақ қой бүйтіп өмірімнің бойтұмарымдай күндіз ойымнан, түнде түсімнен шығармай, ардақ тұтпас па едім. Үйленген соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ұрысып-керісіп, бір-бірімізді айнытып алар ма едік, бәлкім. Мәңгілік дегеніміз – махаббат шығар

83 - жаттығу. Көркем шығармалардан алынған төмендегі мәтіндердегі портреттің түрлерін ажыратып, оның стильдік ерекшелігін түсіндіріңдер.

  1. Жіңішке сымға тартқан әні қандай,

     Балауса балбыраған тәні қандай

    Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келіп,

    Толықсып, толып тұрған сәні қандай.

    Еріткен іші – бауырыңды көзі қандай,

    Бал тамған майда бұлбұл  сөзі қандай.

    Жұп –жұмсақ, біп – биязы ішке кіріп,

    Жайнаңдап, жан күйдірген көзі қандай...

    Толған ай шілдедегі жалт –жұлт еткен.

    Мұбада көрген кісі қиыр шеттен,

    Көлеңкесі күйдіріп күндіз – түні

    Есіңнен екі –үш айда әрең кеткен...

  1. Бұл өзі жеті атасынан бері уызы арылмаған, бағы таймаған, қолынан ұры кетпеген, бір жақсылық етпеген, басы сәждеге тимеген, бірді – бірге атастырып, елін қан жылатумен, шынжыр балақ, шұбар төс, қанды ауыз атанған бір жауыз еді. Нұрымның зұлымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп деп білмейтін надан, пішіні де жаман, аузы толған боғауыз бен былш – былш насыбай, іштей мас, әрі нас елу шамасында жасы  бар, қой сақтардың басындай басы бар, жай формының өзі сұп – суық бүйі секілді түксиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, бұйра сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді (С.Торайғыров).

84 - жаттығу.  Төмендегі мәтіндердегі  диалог пен монологтың кейіпкерді суреттеудегі  стильдік мағынасын ашып беріңіздер.

  1. Асқар жолаушылап пішеншілер қосына келсе, Темірбек біреуді алып ұрып тепкілеп жатыр екен. Өзгелер арашаламағасын Асқар арашаласа, Байсақалдың Елік-байы. Бет – аузы көк ала қойдай, мұрнынан қан дірдектеп тұр.

- Мына Асқар болып жаның қалды, - деді Темірбек жұдырығын безеп, - әке бабаның аузын... құныңды бір ақ беретін!... Жұмысыңды істейміз... Аштан қыратын әкеңді өлтірдік пе?» - деп қанын ішіне тартып, қатты ашуланып тұр екен.

  1. «- Ойпыр-ау, мынау жатқан шайан сары кім еді?- деді Балтабек Сарыбасқа төніп.
  • Итбайдың баласы Сарыбас,- деді Ботагөз.
  • Итбай түгел Шошқабайдың баласы болсаң да жоқтауынды бір-ақ асырайын!» - деп Балтабек тұра ұмтылады.

        - Кетрампорының өзі жердің түбі дейді ғой, деп сұрады?- деп сұрады біреу.

  • Мырзаның баратын жері Кетрампор емес. Орымбор деп естідім бе, қалай?- деп оның сөзін түзеп жатқан бір қартаңдау ауылнайдың сөзіне Асқар күліп жіберді.
  • Неге күлесің, шырағым?
  • Кетрампорға да, Орынборға да бармайды, мырза, бұл кісі Петербургке барады.
  • Кетрампор-сеирампорыңның қайсысын біліп жатырмыз, елдегі қара қазақ! Орыс қаласының санына құдай болмаса, адам жете ме,-деп ауылнай кейіп қалды.
  • Өзі осы арадан неше шақырым екен?- деді біреу.
  • Осы тұрғанда қай жағымызда өзі?-деп сұрады екіншісі.
  • Қызылжардағы Ганшинның астылы-үстілі дүкені сықылды, үйлері керемет шығар оның?
  • Онда шымқай алтыннан салған үйлер де бар шығар?
  • Шам шағарының төбесі күндіз ашылып, түнде жабылып қалады дейтін. Бұл да сондай емес деймісің?
  • Тек, шамға теңгермеші, өңгеге теңгерсең де! Жарықтық Шамға не жетсін, алланың береке берген жеріне!» (150бет).
  1. «- Аяғым жеңіл болса, - деп өкінеді ол оңашада, я біреумен сырласқанда, - не болса да көппен бірге көрем ғой. Жаумен арпалыста көптің бірі боп оққа ұшсаң арманың бар ма? Мен қазір тұсаулы аттаймын. Заман аумалы – төкпелі боп кетсе, не өзгеге панам жоқ, не өзіме панам жоқ, «қасқыр болсаң, жеуіңе мен даяр» деп жаутаңдаймын да тұрам. Кім біледі, ондай екі талай заман болса, өзім өлгеніммен қоймай, Асқардың аяғына да тұсау болам ба?» (С. Мұқанов).

85 - жаттығу. Мәтіннің сөйлеу тіліне талдау жасаңыз. Оған тән сөйлеудің композициялық формаларын анықтаңыздар (әңгімелеу, суреттеу, ойталқы т.б.);

           Ашық күн. Айнала тып-тыныш. Күлгін түсті ұсақ жапырақ жамылған қалың талдар қимылдайды. Ұзарып пісіп, сабағы енді қата бастаған үкі бас қурайлар мен жалбыздың иісі шығып, аптап ыстық леппен ауық-ауық қуалап кетер қалың тоғай. Одан әрі көгерген көк алсынды жалпақ шабындық ойпаңда талмен өріп бастырып тастаған маялар- жер бетінің меңдері секілді.

          Біз өзен арнасының оқыс ойысып, кең қолтық жасап өтер биік жер қабағында отырмыз. Алдымызда есіл жатыр. Жай көзге өзен беті сондай алдамшы, тып-тыныш. Биіктеп шыққан күн сәулесі айнадан көрінгендей, қалтылдап қаймақшымайды. Су бетінде тірлік күресінің жорығымен әлсін-әлсін шоршып шығып, қайта сүңгіп жатқан су мекендеушілерінің ғана ізі бар. Әуелі ноқаттан басталар сақиналар сан буын құрап барып, жағаға жетіп жоғалады. Мұның бәрі алдамшы тыныштық. Ағынның қатты екенін бейсуат қалқып, батып шығып қылтыңдап, зырлап бара жатқан ағаш түбірі, томарлардан байқайсың. Суға тапшы кең сахара- Сары–Арқаның сан мыңдаған жыра-сайларынан жылап шығып, барған сайын кеңейіп, барған сайын молайып кең арнаға айналар өзен бұлықсып, дыбыссыз ағады. Бір сәт тоқтау жоқ, бір сәт үзіліс жоқ. Өйткені алдында құшағын кең жайып, асыға күтіп жатқан қиырсыз ұлы мұхит бар. Соған асығады. Табиғат әманда ұлылыққа құштар. Мен де шалқыған теңізді- махаббат теңізін аңсаймын. Қасымда жымиып күліп, үнсіз отырған Қарғашқа ұмтыламын. Бірақ өзен маған: «Сабыр, батырекесі, сабыр!» Шын құштарлық, терең сезімде  «ал кеттім» жоқ та, сабырлық қана бар»- дегендей болады (С.Шаймерденов).

86 - жаттығу. Мәтіндегі автор бейнесіне талдау жасаңыз, оның мақала мазмұнының берілуіне әсерін көрсетіңіз.       

       Күз аспаны күңгір, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқын қазір күздің суық желіне айналған, маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлыңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңада атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып шашасына шейін суландырған.

        Ауыл сырты тозған, сары жұрт болса да бай ауыл, қарашаның қатты суық қара желіне жонын төсеп, күзекті тықырлап жеп бітіргенше де ауыл маңында жоқ. Алыс қырқа, ұзақ қалың шұбарларда, өрісте жүр. Маңының оты тозған шаруа ауылы, қазір жақын тұсқа бірде-бір қара-құра қалдырмай, алысқа айдап салған. Ойда жоқ қонақ келсе, «мал алыста, өрісте еді» деп, өлі ет асып беруге сылтауы әзір. Тіпті, жүдеу күздің күнінде тышқан аулап, қаңғып кеткен.

       Осындай сырт ажарына дағдылы тірлік белгісі жоқ, суық қабақ жабырқау ауылға үш салт атты келді. Бұлар: Абай, Ербол, Дәрмен. Ойда жоқ көңілсіз бір жұмыстар еріксіз атқа міндіріп, осы Тәкежан ауылына келтірген. Абай аттан түскенде, қабақ шытынып, амалсыздық ажарын көрсетті (М.Әуезов).

  1. Жел тынған. Теңіз де тыныш, ашық, айдын ақырын тыныс алып, солықтап қана жатыр. Жаңада кірген жылы күздің сары шуағында кісі көңілін әлдилеп, ақырын тербеткендей, рақат тыныштық бар. Оқта-текте аңғар жақтан көңіл ашқандай қоңыр самал соғып, қимылсыз тұрған құрақ басы сілкініп, сыбдырлап қалады. Ұлы теңіз аппақ. Қиғаш түскен күн астынан қарағанда көз ұялады. Көк жүзінен қызғыш шапақты күміс сәуле төгіліп, тынымсыз жыбырлап жатады да, ара-арасында ұшқын тұтап, жылт-жылт ете қалады. Айғанша, әсіресе, сол кезде күн шалған теңіз бетіне көз тоқтатып қарай алмай, кірпігі жыпылықтап кетеді. Көңілінде құрттай да реніш қалмапты. Бүтін дүние осы бір сәтте өз жүрегімен жалғасып, бір тілдің үстін басып жатқандай сезіп, су шайып жатқан қыл жиекпен ақырын жүріп келеді (Ә.Нүрпейісов).

87 - жаттығу. Мәтіннің лексикалың, фразеологиялық және грамматикалық тілдік қабаттарына талдау жасап, олардың стильдік қызметін анықтаңыз.

1. Көрші отаудың өрмек құрып, киіз қарпып, ши тоқып, талдырғы ойып жатқанын көрсе, абысын-ажынның арапшы көргендей апшып қалатыны сондықтан-ды. 2. Бұл жолы қазақтардың әлгі арапшының айтқанына едәуір ығып қалған түрлері байқалды. 3. Әбілқайыр осы бей-берекет кезіндегі әбеқоңыр дастарханның басындағы мөлтек мәжілістен тоғайып тұрды. 4.Бойы аласа болғанымен, мейлінше тұғжым жігіт (Ә.Кекілбаев). 5. Осы бүгін бір ығытын тауып, софының ақ тоқалымен ауыл сыртындағы күркіреуікке кездеспек болып уәделесіп еді. 6.Қонақ, шіркін, тек қонып кете ме? Мұсалдат боп мойныңа міндетін арта келеді, өзіне ет керек, атына шөп керек. 7.Күн кештете күндізгі ыстықтың пәті қайтайын деді. Мөңке  мен Дос су ағатын лақсалау жаман қайықтың қасына тоқтады (Ә.Нүрпейісов). 8.Ине жұтқан күшіктей іштен іріп, жұтқаны бойына жұқпай, сүмие берді (М.Әуезов). 9.- Расында, бізді шәрдегі үлкен апайдың қасына жібергеніңіз мақұл болар толайым, тегі,-деді. 10….Әйтеуір, сайдың қыл табанымен құлдилай берсем, күндегідей ел қарасына ілінем деп іштей тоғайған. Иланшы Қадірхан ақын жігіттің марайма мінезін танып қалды. Әйтсе де бас дәрігер емнің перезісін сақтап уақытылы төсегіне жатып демалуға қосқан. 12. Диқан шәукиеп жүдеп кетіпті. Сүлесоқ, салқын. Үні дірілдеп жыламшы шығады. ...Айнала мидай жазық, асып ойнаса болатындай айтақыр, жып-жылмағай жады жер еді. (Д.Досжанов)

88 - жаттығу. Мәтіннің тақырыптық, идеялық мазмұнының берілуіне талдау жасаңыз. Авторының өзіндік қолтаңбасына тән ерекшеліктерін айқындаңыз.

       Кейін сана сарабына сала келе маған мынадай ой келді: махаббат абстрактылы, сондықтан да теориялық жағы дами береді де, нақтылы мәнін жоғалта бермек. Негізінде, сезім дегеніміз, адамға ғана тән қасиет, бірақ ол айнығыш. Айнығыш болатын себебі, адамзат өзінің жаратылысынан еш нәрсені қанағат тұтқан емес, арман мен қиял, үміт пен мақсат – осының қай-қайсысы да тек бір ғана ұмтылыс ұғымымен шектелмейді, тапқан дүниеңнің, шыққан биігіңнің аздығы мен аласалығын айғақтап, үнемі бір тың, басқа, жаңа да жақсы белгісіз бірдеңелерді көксеумен күн кешеді. Әдемілік пен сүйкімділіктің өзі салыстырмалы да шартты, өйткені қандай да бір керемет көркемдік сіздің көзіңізге теңдесіз көрінгенімен, басқаға әншейін жай ғана нәрсе болуы мүмкін. Әдетте, біз бір адамды құлай ұнатқанда, оның бойындағы сандаған кемшілікті елеп-ескермейміз, яғни сезім алауына түсеміз. Сөйтіп, үйленеміз. Күн өткен сайын, оған жақындаған сайын біртіндеп сіздің жандүниеңізге сай келмейтін қайшы қылықтар ашыла бастайды, осыдан айну сезімі пайда бола бастайды немесе өмірде одан да жақсы кісілер барын мойындайсың, жарыңыздың болмысында аз, тіпті жоқ қадір-қасиеттер мен өзгеше ерекшеліктерді өзгенің жарынан байқайсыз, осылайша асылдан да озған асыл, сұлудан да артық сұлу бар екенін түсінесіз. Көңіліміздің көк дөнені бұған дейін шапқылап жүрген шеңберін тастайды да, анау топқа қосылғысы келеді. Жалғанда ғаламат деп ойлаған аяулыңыздың кемшілігін көріп қалудан азапты не бар?! Жақсыға жақындаудан қауіпті не бар?! Асылыңды жоғалтқаннан артық не бар?! «Шіркін-ай», дегізер оның өкініші өміріңіздің өзегіне айналады. Осы «әттең-ай» мен «шіркін-ай» - нағыз махаббат. Арманда қалу, көксеген затыңа қол жетпеу де – махаббат. Махаббат дегеніміз – қосылмау десек, оған мынадай дәлел келтірелік. Айталық, әлем әдебиетінің арғы-бергісін ақтарып отырсақ, сүйген жастардың бірде-біреуін үйлендірмеген екен. неге? Неге Рамео Джульеттаға, Фархад Шырынға, Қозы Баянға, Қыз Жібек Төлегенге, Абай Тоғжанға қосылмады?! Неге біздер аһ ұрып қосыламыз, арпылдап айырылысамыз? «Азапсыз махаббат – арзан махаббат», «Шын ғашық бұл дүниеде қосылмайды» - деген атамыз қазақ нені меңзеді?! Бүгінде біз сыйластық, үйренісуді, үлгілі семья құруды махаббат атты ұлы ұғыммен шатастырып алып жүрміз, сондықтан да алғашқы, ортаншы, ақырғы махаббат деп топқа бөлеміз. Шын ғашықтық – бірегей ұғым, Даралық пен Мәңгілік дегеніміз де осы. Үйлі - баранды, балалы - шағалы болу – табиғаттың бұйрығы, ол жан-жануардың барлығына тән, ақыл-ойдың емес, шартты рефлекстің жемісі, саналылықтың арқасында өмірді жалғау формасын өзгерттік, адамзаттың айырмашылығы – үй салуында, жиһаз жинауында; сәулетті тұрмыс құруға үнемі ұмтылуында. Ал алғаш адам пайда болғанда осының бірде-біреуі жоқ еді ғой. От оттап, су ішіп жүріп-ақ бізді осы дәрежеге жеткізді. Алтын дегеніміз – ырыстың күні түскенде пайда болар. Нанның көлеңкесі десек, махаббат дегеніңіз – жалғыз-ақ жан үшін жанған сезіміміздің жарқ етіп сөнуі. Семья құрудың міндеттілік, қажеттілі сипаты басым. Ғылым мен техника бар жерде цивилизацияның  масқара дамуы тұсында адамның табиғи сезімі әлсіреп, стеоротипті сезімі үстемдік алады , ендеше махаббат әсте де зор саналылықтың, білгір-білімділіктің, асқан ақыл ойдың жемісі болмақ емес,  ол – тек жерде ғана өмір сүретін, бірте-бірте архаизмге айналатын, тауы бар, өсіп-өнуі жоқ, көзге көрінбей мәңгі жасайтын бейнесі белгісіз Дара ұғым.

«Махаббат дегеніміз – қосылмау», - деп  бірер рет көрген бөтен жігітке тұрмысқа шығып, арқарлы-шақарлы семья құрып, немере сүйейін деп отырған сол бір Қызға мың да бір рақметімді айтамын. Боз ала түндегі бозбала дәурен менің бұған дейін тірі жүруіме себепші болмағанына кім кепіл. Ол дұрыс-ақ делік. Теңіздің қызы – бота жетелеген қызды кім дейміз?! Бәлкім, бозала түндегі сол бір Қыздың жастыққа айналып, қайта жасауы ма, мәңгі өлмейтін, оралуы ма?! Не сонда?! Мына жүрісті немен ақтауға болар?! Өзім де түсінбейтін елес, бейуақыттың елесі (Оралхан Бөкей) ?! 

89 - жаттығу Шерхан Мұртаза еңбегінен алынған келесі мысалдағы авторлық аэпитеттер мен теңеулерді пайдаланып шағын әңгіме құрастырып, олардың стильдік  мағынасын түсіндіріп , ерекшеліктеріне талдау жасаңыздар.

Мейірімі  аз, қаталдығы  мол  дүние; сұм  заман,  қураған  қу  заман; адам  қынадай  қырылып  жатқан  заман; тұрымтай  тұсымен, балапан  басымен  кеткен  заман; сұрқия  дүние; алты  батпан  ауыртпалық; тәлкек  тағдыр; жарық  дүние; былғаныш  дүние; созалаң  соғыс, құрдымға кеткендей құрыған  заман; жалмауыз заман; опасыз дүние; ит тағдыр; балапан басымен, тұрымтай тұсымен, әр өз күнін күйттеп кеткен қу заман; жалған дүние; тарпаң  тағдыр; сұрқия  сұмдық, сойқан  соғыс; беймәлім, бұлдыр  дүние; армандар ағысы  мұхитқа  айналған  заман; боз боран дүние; ақжарылқап  заман; зорақы заман; сасық дүние; жайдарман  дүние; бейкүнә  тіршілік; жаңа  дүние; кең  дүние; аппақ  дүние.

Аспараның  мұздақ  тауынан  сырғанағандай; ақыр  замандай  ауыр; жынынан  айырылған  бақсыдай; адамдарды  қан  қақсатқан, ызғарлы  суықпен  сүйегін  сырқыратқан  дүлей  дию  сияқты; сүйек  қажаған  сиырдай; ақ  теңізге  ақ  желкен  көтерген  кемедей; боз-ботана сұр айдаһар сияқты; арланынан  айырылған  қасқыр-құртқа; ақыр заман азан шақырғандай; ерте  көктемде  туып, күзге  қарай  шыбыш  жасына  жетпей, қарны  қампиып  қалатын  ұрғашы  лақтар  болушы  еді; аждаһа  көрген  көжектей; тақуа  тақілеттес; аршыған  ақ  пияздың  қабатындай.

90 – жаттығу. Төмендегі Сәбит Мұқановтың шығармасынан келтірілген үзіндіден  сөзге өң беру амал-тәсілдерінің бірі-көркемдеуді (эпитет, теңеу, кейіптеуді ) тауып, сөйлемге әсерін анықтаңыздар.

Содан  соң көзге  көрінбей  кеткен, таса  болған бірақ, көкірегінде  сайрап тұрған күлімкөз елес те  бірте-бірте солғын  мұнар  ортасына  шегіне  түскендей.

Оны мақтаушылары  да: «соғысқа  қойып кететін батыр екен, алысқан жауына аяуы жоқ батыл екен, сілтегені теріске кетпейтін мерген  екен, алысқанның қапысын табатын тәсілқой екен, өз денесіне қару дарытпайтын епті  екен!» деп көтермелеседі.

Бір күні, оқудан қолым  бос шақта  үйіне барып отырсам,  былай да қылжақтаса, әзілдесе  беретін ол, қытығыма  тиетін әлденелерді  көңірсітеді: - Аңқылдаған ақ көңіл бала ма десем,  тегі түлкінің  күшігіндей  жылтыңдаған  қу баласың ба деймін, ә? - деп  бастайды  ол әзілін (С.Мұқанов).

91 – жаттығу. Т.Ахтанов шығармасынан келтірілген төмендегі үзіндіден синекдоханы табыңыз, стильдік қызметіне талдау жасаңыз.

-  Мен орнымда сілейіп тұрып қалыппын, Дуня апай барып есік ашып жатыр. Светаның уысымды сәл нұқып жіберген алақанының суық қимылы  жүрегіме барып тық ете қалды – ыстық сеземіме салқын бір тамшыны шым еткізіп  тамызып жібергендей.

- Прошка  бұ жағынан маған  таптырмайтын ақылшы  болып алды,  мәз болып етегімді  толтырып әкелген саңырауқұлағымнан көп болса қос уысын қалдырады.   Әсіресе сұрғылт сисаға  ақ бұршақ сепкендей, әдемі саңырауқұлақты лақтырып тастап жатқанда, ішім удай ашиды.

- Сол көктемде өкпек желдің  өтіне шығып, суға салған қанттай солып қалған  қарды  күтірлете  басып, асыр салып жылдағыдай  ойнай алмадық. Көбіне бүрсиіп үйде отырамыз.

- Жаз жайлайтын жалпақ адырлардың арасында жатқан Қыналы мен Жосалы көлдері (екеуінің де жағалауын қалың қамыс пен қоға көмкерген, мал суаратын арнаулы  жері болмаса – су жиегіне жете алмайсың), қырдағы ұзындығы екі шақырым  сырт суреті картадағы Каспий  теңізінен аумайтын қара сор (бетіне қап-қалың боп тұз қатқан сордың дәл жиегінде тұп-тұщы, мөлдір бұлақ бар), бір кездегі  менің жазғы  мекенім еді.

 - Мана да сол құрбандыққа апара жатқан тоқтыдай  айдаған жақтарына жүре беріп едім, енді бас жібім босап кеткенде... қалай жан сақтауымды білмей сасып тұрмын.

- Одан Светамен  тағы да айға жуық бірге жүрдім. Қасымда серігім  болды, серік емес-ау, басшым болды. Жетекке ерген тайыншадай  соңынан еріп,  тағдырымды соның  мойнына артып жетелеген жағына  жүре бердім. Енді аяқ астынан Свеатадан айрылып, қалың орманның ішінде жалғыз қалғанда.

- Светаның  ойына кәріліктің қайдан келгенін  білмеймін,  өз басым  осы аз жасымда  кәрілікті  ойлап көрген  емеспін,  ол әзірге  менің қолым жетпейтін алыс дүние. 

 Аяқ-қолымыздың  домбығып ісіп кеткенін, өзіміздің жаурап қалғанымызды  елемей,  осы бір жұмсақ дүниенің ішіне асыр салып,  жүгіре бергің келеді. 

 Енді, мінекей, қайтып келем. Осыдан елге аман-есен жетсем. Алғаш ашатын таныс есігім сол-Хайбри абзидың  есігі болмақ.  Ар жағы – ел-жұрт, кең дүние.

Содан кейін еш нәрсені анық сезбеймін,  ұйқы мен ояудың арасы ма, өлі мен тірінің арасы ма, бір бұлдыр,  буалдыр дүниеге кіріп бара жатам.

 Бұл тіршілік көшпенді қазаққа пәлендей тосын  көрінбейді, көшіп бара жатып, жолшыбай кәдімгі қос тігіп аялдаған сияқты, тек бір айырмасы қазір жаз  емес, қыс, соған орай  қостың орнына уақытша жеркепе қазып алған.Ал мен жатқан  жеркепені, «уақытша» деу де қиын,  тек есіктің орнына қалың кенеп ілгені болмаса,  төбесін сірестіріп тұрып қарағай бөренелермен жапқан мығым дүние, дәл төбеге тақау іргеде кішкене  екі терезесі бар, күндіз кәдімгідей жарық  (Т.Ахтанов).

92 - жаттығу. Жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларынан алынған диалогтардың стильдік ерекшелігіне талдау жасаңыз.

  1. Нұрланға қарап бір нәрсе айтты. Ал, Анна оған жауап берді.
  • Луиза айтады, - деді Анна, - атқа мінуді үйретсін, - деп. Күнбағыс егілген даланы аралап көрейіг десем, атқа мініп жүре алмаймын дейді.

Нұрлан ес-ақылдан айырыла басын изеді. Көп изектепті, өйткені қыз бен кемпір рақаттана күлді. Сосын бүйтіп мазақ болғанша кетіп қалайын деп ойлады, еріксіз күш екі иығынан басып тастаған, қозғалуға шама жоқ.

  • Сенің шашыңды мақтайды, мына қыз, - деді кіндік шешесі. – қап қара, әрі бұйра, әрі қалың, екен дейді. Мен айттым: бұл Шыңғыстайда менің кіндік баламнан сұлу ешкім жоқ деп. Рас, Қожақ әдемі-ақ, бірақ ұр да жық, ішкіш әулекі жігіт, - деді. Нұрлан бүгінге дейін шәй десіп көрмеген, өзінен бес-алты жас үлкен жігітке өлердей өшікті. «жұрттың бәрі сұлу дейді, қай жері жетісіп жүр. Үнемі арақ сасып, жуынбай жүреді».

Көзінің астымен Луизаға қарады. Екі жанары жанып, жайбарақат картоп жеп отыр. «Беті қандай аппақ, - деп ойлады, - бор жағып қойғандай. Ал шашы... тек қана түске кіретін шығар». Қайдан ғана сап ете түскені белгісіз оның есіне Қожақ барқырап айта берер ән оралды: «Анаңнан айналайын сені тапқан».

93 - жаттығу. Фразеологиялық тіркестерді, мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді диалог арқылы беруде қандай стильдік мақсат көзделген,  ашып  түсіндіріңіздер.

  1. Шарап аздап бойға тарады ма, екеуі де балқып, жайлары жарасты. Келесі биге бірге шықты.
  • Сіз осы замандық бидің шебері екенсіз. Соған қарағанда, мұндай жерде көп боласыз-ау деймін.
  • Енді, қартайсақ та, уақыттан қалмау керек қой.
  • Айып етпеңіз, жасыңыз нешеде?
  • Қырыққа жеттік, тіпті асыңқырадық.
  • Өңіңіз өте жас, отыздан жаңа асқан секілдісіз.
  • Рақмет комплиментіңізге. «Кішкентай ит қартайғанша күшік» - деген мәтел бар емес пе орыс халқында.

Қалжыңдайсыз... Қырық – ер жігіттің ақыл тоқтатқан нағыз іскер шағы (О.Б. «Жетім бота»).

  1. - Аға, сіздің үйден оразаңызды ашып шықпаймыз ба? – деді Бақытжан.

      - Қауіпті тапсырмамен аттанып барамыз, мүмкін, бұл ақырғы дәміміз шығар...

      - Қайдағыны оттама!- деді Упрай.

       Ер үстіндегі еркек таралғы бауға аяғын шірене тіреп:

  • Упрайды көрдіңдер ме? – деді.
  • Осы жаңа ғана үйіне кетті, - деді Нұржан. – Асығыссыз ғой.
  • Әкеңнің аузын... Асықпағанда қайтем ... Мал қырылып жатыр, - деді түтігіп.
  • Кімнің әкесін ауызға ұрасыз? – деп қырсықтана сұрады Аманжан.
  • Барлығының да...

     -  Былжырамай жатыңдар, - деді Аманжан ырс-ырс етіп.

      – Жалаңаш денелеріңе ыстық су шашып жіберемін.

     - Сенен ондай ерлікті күтуге болады, - деді Нұржан бетін суық сумен шайып. –Ал қышуың қанса, есікті ашайын.

  • Тфу, атаңа нәлет! – деп ызадан жарылардай болып отырған Аманжан тоқылдап қата бастаған пимасымен Бақытжанды теуіп қалды. – Мынандай қақаған аязда қысып бара жатқан қандай ұйқы екен. Тұр – ей, оян! – Бақытжан қор етіп барып былдырлап сөйледі, бірақ сергіп кете алмады.
  • Саппас, - деді Нұржан. – Қандай көп жасар екенсің. – Қойыңдаршы, әкри, мен біліп отырмын, - деді Бақытжан керіліп.
  • Атаңның басы біліп отырсың... (О.Б. «Қар қызы»).
  1. - Қойыңызшы. Қайдағын айтады екенсіз. – Осы кезде қонақ үйден кезекші милиционер шықты. Оны көрген келіншек одан әрі озаңдады.
  • Мына сүмелек мені зорлап, ақшамды тартып алды. Ішкізіп, мас қылған да осы. – Әлгіндегідей емес, қолын босатып, мүләйімси қалған.
  • Өтірік, - деді ширыққан Тас. – Жалған айтады. Бар жазығым...
  • Қарашы бұлталаққа салуын, - деген әйел жігітке қайта ұмтылды.
  • Мұншама жасып, намыс отына өртеніп көрмеген Тас жасқана шегіне бергенде, оны енді милиционер қапсыра құшақтай алған- ды.
  • Екеуің де миллиция бөлмесіне жүріңдер. – Жігіттің кінәсі жоқ, -деді шал қалам қағазын сайлап, жауап алып отырған аға сержантқа. – Мен бәрін көрдім, жалғыз куәң, - мына мен. Пайғамбар жасына келгенде сақалды басыммен жалған айта алмаймын.
  • Ей, қақбас, сақал текеде де бар, жоқтан өзгеге саудаламай-ақ қой.

Албасты-ау, үйдің астында қыңсылап жатқаныңда қол ұшын берейін деп барған жігітті нақақ неге күйдіресіңдер?(О.Б. «Жетім бота»).

Білімін жетілдіруге арналған тапсырмалар

лексикалық мағынасы мен стилистикалық мағынасының арасында қандай айырмашылық бар?

  • Берілген мәтінде тіл қандай қызметте жұмсалған?
  • Ол мәтін мазмұнына қаншалықты әсер еткен?
  • Тілдік құралдарының
  • Тілдің стилистикалық жүйесі, оның маңызы мен зерттеу нысаны туралы өз пікіріңді тұжырымдаңыз

Баяндама, реферат тақырыптары:

  1. Ауызекі сөйлеу мен кітаби жазба стильдің ерекшеліктері.
  2. Лексикалық және синаксистик синонимия
  3. Метафоралық мағынаның жасалуы және стилистикалық қызметі
  4. Стилистикалық фигуралар және олардың стилистикалық өызметі.
  5. Көркем сөз табиғатының ерекшеліктері.
  6. Функционалды стильдердегі нормадан ауытқу.
  7. Өзге стиль ээлементтерінің стильдік мақсатта жұмсалуы.

Өз бетімен орындауға арналған практикалық тапсырмалар:

  1. Қазіргі  қазақ газеттерінің лексикалық ерекшелін  танытатын мысалдар жинап, оларға талдау жасаңыз.
  2. Қазіргі көркем әдебиеттегі троптың және фигураның түрлеріне мысал теріп, олардың ерекшелігін түсіндіріңдер.
  3. Қазіргі көркем әдебиеттегі окказионал қолданыстарға мысал теріп, олардың ерекшелігін түсіндіріңіздер.
  4. Функционалды стиль мәтіндеріндегі жиі кездесетін стилистикалық қате  түрлеріне мысал келтіріңіздер, қатемен жұмыс жасаңыз.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар

  1. Берілген тапсырмалар арқылы стилистикалық мағына туралы не айтуға болады? Стилистикалық мағынаның жасалу тәсілдері бар?
  2. Стилистьикалық фигура дегеніміз не? Олардың қандай түрлері бар, қандай қызмет атқарады?
  3. Троптың түрлеріне не жатады? Олардың стилистикалық қызметі неде?
  4. Сөздің стилистикалық мағынасының  функционалды стильдердегі ерекшелігі неде? Мысал келтір.