Синтаксистік стилистика


53 - жаттығу. Берілген үзінділерден сөз тіркестерін түрлеріне ажыратып, олардың қолдану сипатын түсіндіріңдер.

Ол да әке жолын таңдады.Оның өмірі де кілең жеңілістерден тұрмай ма аға!?

-Шындық жоқ,Аяған.Ол бар болса сені ақиқатты айттың деп қудалай ма?!

-Әкесі калхозшы болса білер еді ол қар, - деп келіншек көз жасын сығып – сығып алды.-Оған бағана басқалар қойды.Соның соңына түсіп нең бар еді?!

Оларға жасаған жаманшылығы жоқ,ендеше қарап жүрген адамда не әкелерінің құны бар?!

Олардың жаныңда Аяған кім тәйірі!?

-Не дейсің?! - Әсем шошына дауыстады.Лез демнің арасында иегі кемсеңдеп,безгек ұрғандай денесі қалшылдап қоя берді. – Құдай – ау, тыныш жүрмей...Нең бар еді?!

-Қойшы тегі, ұят емес пе!? Үлкен адамдар келгенде екеуміздің бұлай отырғанымыз тым ерсі ғой,Аяған, - деп келіншек аузын бұртитты.

Тіпті сондай бір қиын жағдайға тап боламын – ау деген қаупін қаперіне кірді ме екен!?

Хадишаға көз тоқтатып қарағысы,жүрекке жайлы жылы – жылы сөздер айтқысы келетін тәрізді ме қалай?!

- Түрі жаман кәпірдің.Ой қорқамын одан.Ой,ой!- деді қыз екі қолын кеудесіне жинап,бас шайқап ,бүрісе түсті.Аяған оған тағы да қарады. Мына қылығына өзі де түсіне алмай,дал болып отыр.Неге қарай береді?Қыз сиқырлы күлкісімен көңілін арбап алған сияқты ма қалай?!

Мемлекет басшыларының қоғамда болып жатқан қайшылығы көп процесті өте жақсы білетіндігіне Аяғанның күмәні жоқ.Біле тұра олардың жайбарақат отыруы мүлде түсініксіз. Ауруды жасырудың орнына асқындырмай емдеу керек емес пе?! Халық бәрін біледі.  Жабық есіктің аржағында болып жатқан сан қилы оқиғаларды біліп қана қоймайды,сол жағдайлардың барлығына жан – жақты талдау жасап,әділ баға беріп отырады. Халық Брежнев туралы сан түрлі анекдот айтқаны үшін кінәлі ме?Бәлкім,халықты Ауғанстандағы соғысқа қарсы болғаны үшін жауаптау керек шығар?! Халық ешкімнен де ештемеден де қорықпайды. Шындық үшін отқа түскен,өмірін оққа байлаған азамат аз емес. Ол қылышынан қан тамған Сталин заманында,отыз жетінші жылдың зобалаңында да күштіден қаймықпаған,шыңдықты өтірікке жығып берген жоқ. Халықтың шындықтан асқан қадірлі несі бар?! Ұлы шындықсыз халық өмір сүре алмайды.

Әкенің жағдайын ойлап, қабағына қарайтын ұл қайда?!

Сыздықты білмейтін жан бұл қалада жоқ та шығар, ауладан аулаға ауысып,жемтік іздеп, жуынды аңдып тіміскіленіп жүретін бұралқы иттен айырмашылығы қайсысы?! (Баққожа Мұқай ).

54 - жаттығу. Бөлшектенген сөйлемдер мен қыстырынды құрылымдардың стильдік қызметін анықтаңыздар.

 Бұл үнсіз, тұншыққан жылауда толып жатқан шағым бар еді: әйелдің жоқтығы, Қайрақбай қарауылдың сиырың колхоздың жоңышқасына кетті деп, шешемді былапыт сөзбен балағаттағаны, қыстың ұзақ боранды түндерінде үрпек бас үш бала Айшаның бауырына тығылып, бір көрпенің астында боранның ұлыма даусын тыңдап қорқып жататынымыз; Жуанқұл бастықтың жұмыртқаны ұрлап жейді деп Ақжол дейтін күшігімізді атып өлтіргені; Салман дейтін шалдың мені көрсе дереу: о жетімек, о жетімек! – деп бас шайқай беретіні; тамыздың айсыз түнінде борандының элеваторынан қайтып келе жатқанда, есегі жүйріктер озып кетіп, мен елдің ең соңында жалғыз қалып, жол-жөнекей терең-терең сайлардан өткенде үрейден тынысым тарылған кезде, Евгеньевканың бұзық балалары жалғыз өзіңді ортаға алып сабағаны; сонда менің жүзім көрмей, сыртынан медеу тұтып жүретін Медет деген бауырымды іздегенім, - бәрі–бәрі мына шалдың алдында ақтарылған арыз еді (Ш.Мұртаза ).

55- жаттығу. Көркем мәтіннен күрделі синтаксистік тұтастықтың стильдік қызметін анықтаңыздар.

  1. Ақ есек мінген қара дәу жақындап келді. Әдетте ақ есекке ел қыдырған дуана мініп жүгіруші еді, дуана ма дейік десек, оған келіңкіремейді. Басында даңғардай дәу бөрік. Сенсең қозының терісі ескіріп қалыпты. Үстінде түгі түскен қара сукно шекпен. Стволын төмен қаратып, тақымының астына жалғыз ауыз мылтық басып алыпты. Алақандай алакөз. Шалғы мұрты салбырап тұр. Түсі суық екен. Мезгіл түс әлетіне таянды. Күн шақырайып, ыси түсті. Тіпті әлдеқашан иесіз қалған тасқораның дуалында көк қарға да аузын ашып, алқынан отыр. Судан өтіп, сайдың арғы қабағынан астық. Енді жол тау бөктерлеп, батысқа қарай қиялады. Алыстан қарауытып, шоқ-шоқ орман көрінеді. Мен  өліп тірілген шыршамын. Кішкентаймын. Тауда туыппын. Қалай туғанымды, қалай жаратылғанымды мен білмеймін.Мүмкін,мені бір игі жан шыбықтан шаншыған шығар. Мүмкін Алып Атаның жаңғағынан жаратылған шығармын. Үй ішін үнсіздік жайлады. Балалармен тіл табысуға ора шолақ адам едім, кішкентай Иманды немен алдандырарымды білмей дағдарып отырғанымда,қобдишадағы түрлі темір – терсек, значоктар есіме түсе кетті.. Жерден жеті қоян тапқандай,жүгіріп барып қобдишаны қолтықтап қайттым (Ш.Мұртаза).
  2. Бөлме жұпыны – еденде ескі киіз жатыр, оң жақта сыры көшіп, ескірген темір төсек, бір бұрышта үстел, оның жанында қолдан жасалған тайпақ орындық тұр, кіре берістегі қабырғаға перде тұтылған, шамасы киім ілетін жер болу керек. Бөлме тым тар. Енді бір төсек қойса айналатын жер қалмас, сірә (Б.Мұқай).

   3. Қораз бен Бекіш махаббат айының жемісі – он бір жұмыртқа. Әрқайсысының үлкендігі кішігірім тауықтың жұмыртқасынан жидеғабыл, тауықтікінен кішілеу, бөдененікінен үлкен. Көгілдір. Секпілі жоқ. Аяған күрсінді.  Орнынан тұрып, аядай бөлменің ішін шарлады.Ойы сан саққа жүгірді. Алдекеңнің хаты көп ой салды. «Бейшара тірі екен ғой» деді жүрегі жылып. Орнынан тұра алмай жатқан профессорды қамқорлығына алған Асылханға деген алғысында шек жоқ. Азаматым –ай! Арыстаным – ай! деп күбірлеп. Оған деген бар алғысы осы екі ауыз сөзге сиып кеткендей. Алмас үнсіз бас шұлғыды. Жақияның айтып отырғаны шындық. Ғылымды бір адамның жасамайтындығы дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ал Алдияр Ақпанұлы өзінен басқалардың еңбегін жоққа шығаруға тырысады екен. Шәкірттері ол кісінің пейіліне наразы. Естуімше, Алдияр Ақпанұлы бүкіл тарих ғылымын жеке өзінің монополиясына айналдырып алуды көздейтін көрінеді. Осындай себепке байланысты шәкірттері теріс айналған. Ол кісінің төңірегінде қалғандар - орташа ғана қабілеті бар бірен – саран адам. Бұл шындықты Алмас баяғыдан білетін (Б.Мұқай).

56 – жаттығу. Қарамен ерекшеленіп тұрған түсіндірмелі қыстырынды сөйлемдердің стильдік бояуын ажыратыңдар.

  1. Айдарбек қарағайға келіп отырды да, терең күрсінді. Темекі алып тұтатты. Жаман неменің темекшілігін. Темекі тартқаны - өзінше үлкен адам болдым дегендегісі ғой. Шалқамнан құлағанымен шалжиып жатып алмай жалма-жан орнымнан атып тұрдым. Өйткені Мәнсия қарап тұр ғой (Б.Мұқай ).
  2. Кейде Сатылған оқушыларына дәптер, қарындаш үлестіреді. Бір дәптер, жарым қарындаш маған да тиіп қалады. Қарындаштың аздығынан екі адамға біреуін бөліп беретін. Жүнісбай Бәзілден асып кетті. Ол ғажап зерек оқитын болды.Кластан класқа мезгілсіз аттап Ол кезде бұған жол берілетін, онжылдықты бізден бұрын бітірді. Бала кезімде мен, ой, ұйқышыл едім. (Сол әдетім әлі қалмаған.  Дүниеде екі рақат болса, ұйқыны соның біреуі деп қараймын). Елемес екі нәрседен қатты қорқатын еді. Бірі – даладағы қасқыр (қасқырдан кім қорықпайды!).  Ал екіншісі – мектептегі оқу. Қап-қап арпа, бидай, қыста жағатын отын (қурай, тезек), сонау көшпенділік заманда баспана еткен киіз үйдің уық, керегелері, киіздері. Қына түсті дөңгелек тақтай стол тағы да жұтынған тоғыз ауыздың (Зәуре мен Қағазбай жоқ болса, жеті ауыздың) қоршауында (Б.Соқпақбаев. ).
  3. Әйелдердің үйіне кірдім де, босаға жақтағы үлкен айнаның алдына барып, қара кәстөм- шалбар, ақжиде киіп, галстук байлаған сұңғақ бойлы, қаршыға көз, қара торы жігітке риза көңілмен қарадым.(Бір ған міні – мұрны тәмпіштеу. Мұрын сөз емес.) Редакциядағы өзін құралпы жігіттер осындау «жорықтарын» айтып, бөсіп отырғанда мен есіме еріксіз Ажарды алушы едім. (Өйткені одан кейін ешкімге ғашық болып та, ұғысып та көрген емеспін.) Қайғысы көп қылмысы мен қуанышын көріп тұрып, масаттанар пенде барып тұрған зұлым, опасыз, оңбаған. Сол оңбаған, сол зұлым мен болармын. Иә, мен, мен!...(Айқайлап жібере жаздадым). Манадан бері тымырайып үнсіз отырған бала шешесін көрісімен қуана дауыстап, тұра жүгірді. Жүрегім әлсіз ғана шым еті. (Бұл баланың қорқыныштан құтылғанына қуанғаным шығар). Есжан Мүсілім Магомаевтың концертіне екі билет алыпты (мен елең ете түстім. Сөзін бөлгелі отырғанымды аңғарды ма, суық жымиды) (Б.Мұқай.).

57 - жаттығу. Әңгімелер тіліндегі негізгі құрылымнан бөлшектеліп шығарылған парцеляттар құрамы жеке сөзді, сөз тіркесті, жай сөйлемді мысалдардың  стильдік қызметін  анықтаңдар.

 а) Жеке сөзді қосалқылы құрылымдардың қолдану сипатын түсіндіріңдер.

 Жуынып, тазалануды қанша азап санасам да, мен мектепке, мүмкін болғанынша, таза келуге тырысатын едім. Қолдың күсін тырналап күшпен кетірем.  Зорлықпен тазарған терінің түсі түте-түте болып қалады. Мейлі. Алақанымды төмен қаратып, алдына жайып ұстай қалғанда, бұл бәтшағар қолдарды менің қаншама азаптанып тазартқанымды Майра білсін қайта. Бағаласын.  Біреумен дос болуым да, араз болуым да теп-тез. Кекшілмін. Ұрмақ түгіл, етінен ет кесіп ал. Өлтір. Сұрап әкелінген бір қасық сүтке сол шамалы қайнаған су қосылады. Молайтылады (Б.Соқпақбаев ).

  Шал өзінен-өзі ыңылдап ән салғандай, екі көзін жұмып алған сияқты. Қолындағы қамшыны құр ұстағаны болмаса, өгіздерге әлі бір басқан жоқ. Өгізді ұр не, ұрма не, бәрібір осы жүрістен танбайды. Мимырт.  Енді «А?!» демесе екен деп тілеп келемін.  Қорқынышты.

- Ай, құлыным- ай, менде қайбір ес бар дейсің. Ақыл жоқ қой атаңда. Ұмытпа! Егер-кім, Сүлеймен сендей сау жүрсе, қазір өліп кетсем – армансыз болар едім мен бейбақ. Қайтейін... Қас- қағым сәтте шошаң етіп , бірін – бірі умаждайды да,  қып –қысқа қауырсындарын қобырата сілкіп – сілкіп қалып екеуі екі жаққа ұша жөнеледі. Бұлдырықтарша ұзақ аймаласып айналып толғанбайды. Тебіренбейді.  Бекіштің мамық төсінің астындағы он бір жұмыртқа түн салқын болса да тоңазыған жоқ.  Жып –жылы (Ш.Мұртаза ).

ә) Сөз тіркесі қосалқылы құрылымдарды анықтап, қолдану сипатын түсіндіріңдер.

       Таңға дейін жым-жылас етіп жайғап алмақ та түк көрмегендей болып тыныш отырмақ. Есік түрулі. Аузына тамызған суды жұтпай, езуінен шығарып тағы төгіп тастайды. Жұбанар болмайды. Темір пеште ерекше жомарттықпен маздап жанған от. Үй іші жылы. ....Бос класс.Балалар тарап кеткен. Мен ғана орнымда тапжылмастан отырмын. Жылап отырмын. Жексұрын плащқа қарағанда тәуір.  Киіп алдым (Б.Соқпақбаев ).

       Арбамыздың ауру тіс сияқты сол жақ артқы дөңгелегі енді шиқылдағаны былай тұрсын, ыңыранатынды шығарды. Жүк ауыр. Ғалым қазы жеп қымыз ішіп кекірік атқан адамдарға не жетпейді? Ермек керек. Қызық керек. Құдайдың бұйыртқаны болар. Өмірдің көбі кетіп азы қалды. Біздің бір – бірімізге қояр кінәміз жоқ. Мә,сал мына сақинаны саусағына. Бұл Алланың әмірі (Ш.Мұртаза ).

б) Жай сөйлемді қосалқылы құрылымдардың қолдану сипатын түсіндіріңдер.

          Қарсыдағы класқа құлақ түріп байқасақ, тым-тырыс. Ешбір сыбыс естілмейді. Туралған кеспені апам қазанға себездеп, талдап салып жатпайды. Ұмар-жұмар тастай салады. Рамазан екеуміз егіз қозы тәріздіміз. Күндіз де түнде де жұбымыз жазылмайды. Мектепке бірге барамыз. Белбеуімнің екі шашағы бірдей жоқ. Біреу пышақпен шорт кескен де алған. Шолтиып жұқанағы қалған.  Көзім ілініп кетсе, жаман түстер көрем. Түсімде Бәзілді көрем (Б.Соқпақбаев).

58 - жаттығу. Төмендегі мысалдардағы күрделі баяндауыштарды тауып, олардың стильдік бояуын ажыратыңыздар.

          Ақбас арыстан аузын ашқан күйінде қатып қалған тәрізді. Сай қабағындағы аз ауыл аулақтан үркердей үрпиіп көрінеді..Жарықтық, жатқан жерің жаннат болғыр, әлгі әпкеміз әуелі де жат жұртқа үйрене алмай қиналса керек. Мата тұрмақ, алтынға да азық айырбастап ала алмайсың. Бәрінен күдер үзіп, енді сайға қарай түсе берейін дегенімде, тау жақтан бір атты аулақта Аршагүл жаққа қиғаштай тартып бара жатқанын байқап қалып, айдаладағы адамға айқай салдым.Бір сәт атты адам атының басын кегжең еткізіп, шұғыл тоқтатып, біз жаққа қалт қарап қалғанда, арғысына шыдамым жетпей, құлай кетсем керек. Бала екі қолымен аузын тосып тұрып, үзеңгіге аяғын тіреп, айғырдың үстінде көтеріліңкіреп дауыстады. Бірақ не айтқанын ажырата алмадық. Соғыс келіншектерінің әдеті: әуелі бригадирмен айтысып, арындап алады да, артынан айтқанына көніп, жұмсаған жұмысына жүре береді. Ақсайдың аңғары алшайып жатыр. Бірақ,олардың аймаласуы адамдардыкінен артық.Алыстан ,Африкадан арып – ашып жеткен. Алдыңғы аяқтарын аспанға көтеріп,би билей бастайды. Ақиқат ажал алқымынан  алған кез ғой бұл. Еккен егіні еді, енді не болмақ?  Әдемі әнмен әлдилейді.

(Ш.Мұртаза).

59 - жаттығу. Берілген мәтіндерден инверсияланған сөйлем мүшелерін тауып, олардың қолданылу себептерін түсіндіріңіздер.

  1. Біз жұрт «Дүйсектің диірмені» дейтін диірменнің жанындағы аспалы көпір арқылы арғы жағаға өтуге тиіспіз. Өзімді құмырсқа құрлы құны жоқ міскіндей көремін, көңілім – көр, жігерім жер болып, өлердей күйінемін. Осындайда тіршіліктің анау-мынау ауыртпалығын елең қылмай қайғыдан қуаныш, күйзелістен күлкі жасай алатын тұрғыластарым есіме түседі. Кешігіп келген күтусіз қонақ мен ғана болармын. Бейшара бала-ай, бесіктен белің шықпай жатып қор болған екенсің-ау. Егер қара дәудің журналист екенін білмесем, қазіргідей қысылып, қымтырылмай қыздарға киліге кетер едім.

Тәңірі жарылқап, тамбурда тұрған тәмпіш мұрын бір қара қыз кемпірдің қолынан тартып, ішке ендіріп алды. Вагонның терезесінен иір-иір ақбас тау пойызбен жарысып жөңкіліп жатты. Сайлардың бетегелі бұлымдары бір жері тақыр, бір жері ашаң жасыл – тозған доқабадай. Ақсайдан салқын самал сезіледі. Орнымнан атып тұрып, бар даусыммен «даңқ деген дақпырт» деп айқай салсам деп желіктім.Жүрегім кеудемді жарым жібере жаздап тепкілейді.Мұң шақпағаны ұялғаны ғой. Ұялғаны – бөтендігімді бетіме басқаны. Екеуміздің арамыздағы сәбидің енді қайтіп бізді жарастыра алмасын ішім сезеді. Бала – баянсыз, бодаусыз боқ тіршіліктің аз күндік алданышы ғана.Түптеп келгенде қуаныш та, қызық та, бақ та, байлық та... бәрі де күлкісіз баянсыз. Ең бастысы - өмірдің өзі баянсыз.Өтеді де кетеді. Алдамшы, күлкісіз, қайғысыз, күйінішсіз, өткінші өмірдің сәні де жоқ шығар, сірә.Ол велосипедтен көз алмайды, сұқ саусағын сорып, состиып тұр.

Шымшықтар шықылықтап, құр құрқылдап қалыпты. Үні тарғыл-тарғыл шығып, қарға да қарқылдап қояды, шұбар көкек сұңқылдайды.Тіпті бір көктемде Бейсалы шалдың жоғалған тушасы әбден қар кеткен соң сай табанында жаңа туған лағымен жайылып жүрген жерінен табылған.Арзы апа , Медетхан неге бұ жаққа кетіп қалған? – деп көптен көңілімде көмулі жатқан жұмбақтың шешуін сұрадым. Жоғары қарасаң – төбеден тұнып тұрған құз, төмен қарасаң – басың айналатын шыңырау. Қайран қазақ, әмеңгер жолыңмен сенің әкең Мұратқа қосамыз деп көріп еді, осы жаман шешең шаң-шұң шығарып көнбеді. Бәріміз аурумыз, жанымыздың жұрттан жасырған жарақаты бар. 

Ожаудай жұдырығын алып жүгіріп келе жатқандай, жүрегім суылдады. Гүлбануға бұрылдым, маған жалбарына қарап, жанары жәудіреп жатыр екен (Б.Мұқай).

  1. Ел жұртының жыртысын жыртып, жоқшысы болсын деп ем. Жаздым, жаңылдым деп жалынып – жалбарынып, аяғына жығылудан басқа амалым қалмады. Жалынып, жаттың аяғына жығылып, жарымсақтанып жүріп нағыз шындыққа жете алмайсың, қарағым. Қара теңіздің  жәннаты жағалауына жолдама Жоламанға да тиген. Баланы бауырыма басарымды бассам да, біртүрлі себепсіз сезімнен қысылып барам. Қарттарым сақалдарына сүрініп жүріп, сайтанның сідігі сіңген сусынды атасының асындай сіміреді.

Ескі қыстаудың қанқаларын қашан құлап біткенше жабайы құстар мекендейді. Бір – біріне жабысып , бір – бірін жан – жалынымен жүрек жылуымен қаузап тұрған. Қызығып, көзі қылиланып, құлқын қағып қағынып тұрады. Есік ашыла бере кешегі көзбен көзім кездесті (Ш.Мұртаза ).

60 - жаттығу. Келтірілген мысалдардан түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолын, стилін түсіндіріңдер.

     Қандай күйге түскенім өзіме жұмбақ; білетінім- елеңдеп, елегізіп әлдекімді күтемін, бір сәт қарап отырып қалсам мазасызданып, көңілім жабырқай бастайды, аз уақыт алданыш болар ермек іздеймін.  Жүрегім алып-ұшады, үлкен шаруа бітірген адамдай желпініп, желігіп жүрмін; қимылым ылдым-жылдым, үйдің жұмысын айтқызбай-ақ істеп тастаймын, шаршағанымды сезбеймін. Ол кісіге жасқана қарайтын ұяң, мінезі де жұмсақ; қанша жүк артсаң да белі бүгілмейтін, өмірі болдырмайтын жуан сіңірлі ат сияқты, үйінің шаруасын бір өзі атқарады.  Қақ маңдайымнан ауыр соққы тигендей есеңгіреп қалдым, көңілім құлазып, кеудемді өксік құлдады, көзімнен бір тамшы жас атқып шықты. Мәнсия мен Қайдарбек топтың орта тұсында келеді; оларға қарамауға тырысқанмен, көзім түсе береді. Мен үйірінен адасқан балапандай беймаза күйге түстім, бір жерде тағат тауып тұра алмаймын; ұйқым келмейді – көз байланысым ұрлана басып, қызыл үйге беттеймін  (Б.Мұқай).

61 - жаттығу. Төмендегі үзінділерден толымды, толымсыз, жақты, жақсыз сөйлемдерді тауып, олардың стильдік ерекшеліктерін түсіндіріңіздер.

  • Сүйген қызым үш күннен соң көрші ауылдағы тракторист жігітке тұрмысқа шығып кетті. Бала-шағалы, үлкен үйелмен болған. Міне, сол уақыттан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де «махаббат» деген киелі дүниенің түбіне жете алмадым. Біреу «бар», біреу «жоқ», - дейді. Ал менің есімнен Қыздың «Махаббат дегеніміз – айырылысу» деген сөзі кетпей-ақ қойғаны. Кейде ойлаймын, рас-ау. Егер онымен қосылсақ қой бүйтіп өмірімнің бойтұмарымдай күндіз ойымнан, түнде түсімнен шығармай, ардақ тұтпас па едім. Үйленген соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ұрысып-керісіп, бір-бірімізді айнытып алар ма едік, бәлкім. Мәңгілік дегеніміз – махаббат шығар.

   Осының бәріне кім кінәлі? Неге? Мен емес, сен емес, ол да емес – ешкім де емес... ұшығы мен түйіншегі жоқ дөп-дөңгелек дүние: қай жерден кіруге болады, қай жерден үзуге болады, қай жерінен шығуға болады – мықты екеніңді білейін, тауып көрші. Айталық, мен алып бір самолеттің ішінде өмір сүріп келе жатқандаймын, бірақ мен мінген самолеттің моторы жоқ, ұшарын жел, қонарын сай біледі, бәлкім, қаңбақ-тірлік дегеніміз осы шығар-ау... Біз асқан ақылды дәуірді бастан кешудеміз, сондықтан да әлемнің ақылгөйсіген бетіне қарағым келмейді, жек көргендіктен бе, әсте олай ойламаңыз, тым-тым сұңғыла да сақ тірлікке шалдыққаным шығар. Мен ертерек туылғанымды сезе бастадым. Ал Ақбота өте кеш жаратылған. Ол он сегізінші ғасырға лайық адам.  Бүгінгі ғылыми-техникалық дамудың қолды-аяққа тұрмайтын асығыс ағысына ілесіп, иін тіресе итермелескен итіс-тартыс суетасына көндіге алмаған. Осыдан барып шулы қаланың, ластанған ауаның, самолеттің гүрілі жанына туа біткен он сегізінші ғасырлық психолгиясына қатты әсер еткен. Осыдан барып, қазіргі дәуірге лайық келмейтін бүкіл организмі уланған, демек биосфераны техносфера жеңген. Ол бетонға еккен гүл секілді... Мұнайдың ішіне қоя берген балық секілді...

Менің, жалқы ақиқатқа көзім жетті. Ғашық адамның бейнесі жалғанда да  жоғалмайды екен. Оның тек өзің үшін ғана жаратылған, тек өзі ғана ұғып, көре алатын көркем бейнесі жер шарының, әйтеуір, бір пұшпағында адаса жүргені рас. Сені оны түптің түбінде табасың. Бозбала түндегі бозбала шақтың іңкәрі болған Қыз махаббат құсына айналған да, пыр ұшып ктекен екен-ау. Содан бері осы Атырау жағалауын мекендеген, Ақбота сол! Жастығымның ақ құсы. Менің басқадан гөрі бақыттылығым – періштемді өлтірмей Ақботаның бейнесінде көруімде.

  • «Монданақтай жер шарын мәңгілік махаббат, оның өзінде бізге әзірше беймәлім тәңір қызының дара махаббаты ғана сақтай алады. Ал ол ғарыштың әйтеуір, бір түкпірінде самғап ұшып жүр» (О.Б).
  1. Жұманды сөзге тартып, үй –ішінің көңілін аулайын деп Байжан қалжыңдай сөйледі (Ғ.М). Олар бүгін... үлкендерді еріксіз қатты жүргізудің айласын тапқанына дән риза (М.Ә). Келгендердің ішінде осы Ақбұйраттағы мыс заводының да, кен шахтасының да жұмыскерлері бар екен (Ғ.М). Кірпіштен салған ұзыншалау қызыл үйдің шеткі бір бөлмесі –Мариямның бөлмесі екен (Б.М). Біздің үйдің қара құманы шыдап –ақ келе жатыр ғой, неше жыл бойы (Ғ.М). Инженер Рахметтің екі бөлмелі үйі бар (С.Е). Даладан дүбірлете жортқан бірнеше салт аттылардың дыбысы естілді (Ғ.М). Азық сарайының жанында бетін екі жаққа түзеп машина, көлігі аралас екі керуен тұр (Ғ.Мұст). Игіліктің шойындай күрең қошқыл бетінен еш нәрсенің елесі байқалмайды (Ғ.М). Ешкі атаулы үйді –үйлердің ығына жабысып, жауын жаққа арқасын беріп, үнсіз мүлгіп тұрып қалысыпты (М.Ә). Бұрын жер бетінде болатын шұқыр –шұқыр, жарқ –жұрқтың бәрі де тас сарайларға қамалып, қазір үлкен бір дүмпудің тұтасқан гуілін ғана естисің (Ғ.М). ...қазіргі заманда Абай айналасына жиылған жас өнерпаздар да жақсы бір топ боп құралып келе жатқан (М.Ә). Жері байдың елі бай (мақал). Үйде отырғандардың үшеуін де таныдым... (Ғ.М). Жолдасым – отыз –қырықтардың шамасындағы жер ортасы адам (Б.М). 

62 - жаттығу.  Берілген мәтіннен  күрделі синтаксистік тұтастық табиғаттының  стильдік ерекшелігін анықтаңыздар.

    Біздің  араның  аспанына  бұлт  үйірілудің  қызық  бір  бейнесі  бар: күндіз  айнадай  жырқараған ап-ашық  аспанға, ойда  жоқта, үлкендігі  тоқымдай ғана  әппақ  бұлт  пайда  болатын  да, біртіндеп қоңырлана  бастаған  ол, үрген  қуықтай  кеңи беретін; сол бір  шақта, сол  бұлттың  ұранына  үн  қосқандай, көкжиектің  әр  тұсына  қылтия қалған  кішкене  көлемді ақша  бұлттардың бәрі, әлгі  қоңыр  бұлтқа  беттей  көшіп, лезде  бәрі тұтасатын  да, аспанды тұтасымен  бүркейтін де  кететін; кейде  оның арты  не  сұрапыл дауылға, не  нөсер жауынға  айналып, кейбір  шақта, суық  түспен  екпіндей  көшіп  қана, әлдеқайда  ауып  кетіп  тиыш  болатын...

Елге  таратқан  борыштарын  әкемнің  есесімен  түгел  жинап  алуынан, әрі малдарымыздың  төлдеп  өсуінен, бұ жылы біздің  үйдегі  жылқының  басы  тағы да бес  жүзге  тақалып, қой  саны  да  екі  мыңға  жақындап, алысқа  көшпейтін  болған  соң түйені  азайтып, он  бес  шақтысын  ғана  ұстаған  әкем, «пайдалы  мал»  деп  сиыр  малын  көбірек жинап, жиырмадан  асатын  сауын  сиырдың  сүтінен  май  ағызуға «сеператор» деген  машина  алып, біздің  үй  тағы  да «бай  үй» аталып  кеткен.

Аңдардың да, құстардың  да, адамның да осылай қызығуын сезе ме, немене, көртышқан, ең  алдымен, інін шым-шытырық  қып  қазып, су  құйғанның  өзінде  де көбінесе  алдырмай, іннің  бір  қуысына  су  барса, екінші  қуысына тығылады; өзінен  күшті аңдар  оны інінен  еш  уақытта  қазып ала  алмайды; қазғанмен, бытықы-шытықы індердің қайсысынан  табады; аңдардың босқа  қазған індері адамға  пайдалы  боп, қазылған  жыралардан  көртышқанды тез  табады...

Қуғынға  көп  ұшырайтын  осы  көртышқанға, табиғат  аса естігіш  құлақ  берген: ғалымның  айтуынша, өзінен  өзгелердің  аяғынан  шыққан  дүсірді, қанаттан  естілген суылды  көртышқан  қиядан  естіп, жан  сақтаудың  қамын  тез  жасайды  екен, сондықтан  да орыс  халқында, саққұлақ  адамдарды  көртышқанға  теңеу  бар  екен (С.Мұқанов).

63 - жаттығу. Берілген үзінділердегі жай сөйлемдерді салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерге айналдырып, ондағы стильдік қолданылу айырмашылықтарын түсіндіріңіздер.

     Әсіресе ана  төбе үстіне жиналған  қарттардың  ішіндегі  қапсағай  денелі, қара сақалды, орта  жасқа келіп қалған тұлғалы кісі дегбірсіз отыр. Құбыла жаққа қадалып  қалған. Оның үстінде темір торлы шолақ сауыт. Басында  темір тор далбағай. Сауытының жеңі шынтағына  ғана  жетеді. Білегін ішіне  киген көк  барқыт  пешпентінің жеңі  жауып  тұр. Оюланған  көк  барқыт  кең  балақ  шалбар.       

Ақбөкен  десе  ақбөкендей  әдемі  екен! Ат жақтылау келген  ақшыл жүзінде  ай сәулесі ойнап, тостағандай  мөлдіреген бота  көздері түпсіз тұңғиық қара судай тұна  қалған. Көтеріңкі  қос  алмалы кеудесі сұңғақ келген, аппақ жұмыр мойнымен тұтаса көз тартады. Ақ маңдайына үкілі кәмшат бөркі, қыпша беліне мықынын оя тіккен қызыл барқыт оқалы бешпенті жарасып-ақ тұр. Әсіресе көзге түсері, белдігіне байлаған жібек жібі шешіліп кетіп, арқасының төмен қарай жерге төгілген қою қара шашы. Мұндай да  ұзын шаш болады екен-ау! Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр.

  Бегдербек алпысқа таяп қалған ат жақты, аққұба келген ұзын бойлы кісі. Қан-сөлсіз еріндері жұқалаң, қалың қабақтары тұтасып біткен, сақалының ағы басым. Сүзіле қарайтын сұрғылт көздері ысылдаған жылан іспеттес бір суықтық танытады. Беті күлсе де көзі күлмейді. Алпысты алқымдағанмен бетінде әжім жоқ, тіп-тік таяқ жұтқандай сұңғақ денелі. Қытай жібегіне малына киінген. Тек иығында өзбектің көк ала шәйі шапаны, басында ақ маржанмен кестеленген қара барқыт ала тақиясы. Ақ жібек көйлегінің ашық омырауынан кеудесінің көк бурыл түгі шығып тұр. Ұзын ақ саусақтары жыртқыш құстың тырнақтарындай  әлсін-әлсін бір бүрісе жұмылып, бір жазылып тұрады. Білектері де жүн - жүн... Қол әлуеті бір түрлі сұсты. Оң саусағына салған қызыл алтын сом жүзігінің үстіндегі жалпита орнатқан жылан басындай қызыл лағыл тасы ұйыған адам қанына ұқсайды. Бұл – орта бойлы, кең жауырын, арықтау  тарамыс  денелі, жатаған келген  ат  жақты сары  сұр кісі. Сәл  қызғылт тартқан  қыран көзді, жуан  балуан мойынды. Ашық  жүзіне  жараса біткен  сәл келтелеу  қыр мұрнының астында  шағын  ғана  мұрты  бар. Қою шоқша  сақалы  сүп-сүйір. Сақал-мұрты  күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған. Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген қоныш көк салмен өрнектелген саптама  етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық  қатар  аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы  көзі  қарағанда  адамның ту  сыртынан өткендей. Сараң  қимылы, жұмыла  біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп  тыңдайтын адамды  сездіреді. Егер  тұлғасына, көңіл  райына қарасаң ішінде  тұнып  жатқан үлкен  ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың. Бұл баяғы ешкінің асығындай кішкентай  Есіркеген емес. Булығып өскен денесі сұп-сұңғақ. Бозғылт беті сәл сопақтанып, ет женділеу мұрны шеміршектеніп, қырланып, жоғарғы ернінің үстінде азырақ ұлпа жүнді мұрт та көріне бастапты. Қалада оқып жүрсе де ауыл жігіттеріндей – жағасы көгілдір барқытпен көмкерілген, ақ ботаның түбітінен өрмектей тоқылған қысқа етекті шапан, шалбары осындай ақ бота түбітінің өрмегінен. Кең балағына екі елідей, бөркінің тысы мен шапанының жағасы тәрізді, көгілдір барқыт ұстаған. Белінде патсайыдан ызған шашақты белбеу, қисық жаға қара атлас көйлегінің азғантай ғана өңірі көрінеді. Аяғында шоңқайма қара былғары етік (І. Есенберлин).

 

  • Синтаксистік тұлға – бірліктердің грамматикалық қызметі мен стилистикалық қызметінің  арасында қандай айырмашылық бар?
  • Синтаксистік тұлға – бірліктердің функционалды стильдік ұйымдасуы барлық жағдайда бірдей ме?
  • Синтаксистік тұлға – бірліктердің (сөз тіркесі, сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық, абзац )стилистикалық қызметі мен жұмсалу ерекшелігі туралы өз ойыңызды тұжырымдаңыз.

Білімін жетілдіруге арналған тапсырмалар

 Баяндама, реферат тақырыптары:

  1. Перифраза және окказионал қолданыстар.
  2. Функционалды стильдердегі синтаксистік тәсілдер.
  3. Функционалды стильдердегі сөзжасамдық тәсілдер.
  4. Тіл құралдарының фоностилистикалық ұйымдасу   ерекшелігі.
  5. Өзге стиль элементтерінің стильдік мақсатта жұмсалуы.

Өз бетімен орындауға арналған практикалық тапсырмалар:

  1. Функционалды стиль түрлеріндегі синтаксистік қолданыстарға мысал теріп, оларды талдаңыз.
  2. Функционалды стиль түрлеріндегі сөзжасамдық тәсілдердің өзіндік ерекшелігіне мысал теріп, оларды талдаңыз.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар

  1. Берілген тапсырмалар арқылы грамматикалық мағына туралы не айтуға болады? Стилистикалық мағынаның қандай жасалу тәсілдері бар?
  2. Функционалды стильдердің синтаксистік құралдарының ұйымдасу ерекшеліктері туралы не білесіз? Мысал келтіріңіз.
  3. Перифраза және окказионал қолданыстар дегеніміз не?