Кіріспе


Қазіргі таңдағы экологиялық білім мен тәрбие білім алушылардың  практикалық бағыттаушы іс-әрекеттерінің алуан түрлілігімен сипатталады. Бұл бағытта зертханалық экологиялық практикум жұмыстарында биология, экология, химия және физика пәндерімен тығыз байланысты жүргізілетін тәжірибелер ерекше орынды алады. Бұл оқу құралында қоршаған ортаның өзекті күйін, ахуалын көрсететін практикалық жұмыстар мен тәжірибелер келтірілген.

Тапсырмаларды орындау білім алушылардың қаншалықты терең экологиялық білімді және дағдыны меңгергенін, яғни қаншалықты ғылым деректерін құбылыс, фактілерді практикада пайдалана алу мүмкіншілігін тексеруге мүмкіндік береді. Келтірілген тапсырмалар белгілі бір дәрежеде білім алушылардың ақпараттарды қолдану дағдысын тексеруге, яғни экологиялық білімді нақтылы жағдайларда қолдануға жағдай жасайды.

Практикум ғылымилық, әдістемелік толықтылық, бағаланатын көрсеткіштердің ауқымдылық, тәжірибелер мен жұмыстардың тақырыптарының өзектілігімен, жұмыс барысының ақпаратты және дидактикалық қанығушылық принциптері басшылыққа алынып құрылған, яғни оқу құралына таңдалынып, енгізілген жұмыстарға қойылған негізгі талап жұмыс деңгейлерінің оқу бағдарламасына сай келуі, тәжірибелерді орындаудың қарапайымдылығы. Жұмыстар арнаулы жабдықталуды қажет етпейді және олар биология, химия және физика кабинеттерінде кездесетін құрал-жабдықтармен орындалуы мүмкін. Бұл жұмыстарды орындаудағы есептеулер салыстырмалы қарапайым және оқушыларда бұндай есептеулер қиындық тудырмайды. Зертханалық және практикалық сабақтарды жүргізуде білім алушылардың  жұмысын ұйымдастыруды топқа бөліп өткізу ұсынылады. Бұл білім алушылардың танымдылық іс-әрекетін белсендіруге және жұмыстар, бақылаулар ұзақ және нәтижелерді статистикалық өңдеуде уақытты тиімді пайдалануға жағдай жасайды.

Әрбір жұмыстан кейін білім алушылар орындаған практикалық жұмыстардың нәтижелері мен қорытындыларын талдауды жүргізу міндетті. Тәжірибе қорытындыларын экологиялық жағдайды жақсарту мүмкіншілігіне бағытталған нақтылы мәселелермен байланыстыра білу дағдыларын қалыптастыруда оқу құралында келтірілген жұмыстардың орны ерекше. Басылымда сонымен қатар әрбір тарауға қатысты оқушыларға арналған экологиялық тапсырмалар мен жаттығулар, қосымша материалдар мен ақпараттар; қоршаған ортаның ластануының рұқсат етілген деңгейдегі көрсеткіштер бойынша экологиялық жағдайды сипаттауға қажет нормативті деректер мен ақпаратты анықтаушы қосымша мәліметтер бар. Жақсы орындалған жұмыстар (рефераттар, экологиялық тәжірибелер, мониторингті зерттеулер және т.б.) экологиялық сайыстарға, әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға, ғылыми жобаларды қорғауға ұсынылуы мүмкін.

Зертханадағы жұмыс ережелері

Қауіпсіздік техникасы

Зертханадағы жұмыс жасаудың жалпы ережелері

  1. Зертханада жұмыс жасау барысында тазалық, тыныштық және тәртіп сақтау қажет. Тәртіпсіздік, асығыстық және салақтық келеңсіз жағдайларға әкеліп соғады.
  2. Зертханада су, тамақ ішуге және темекі шегуге болмайды.
  3. Газды, токты және реактивтерді үнемдеу қажет; реактивтерді белгіленген мөлшерден артық алмау керек. Қажет болмаса жанып тұрған спирт шамын өшіріп, қосылған электр аспаптарын токтан ажырату керек.
  4. Раковиналарға қышқыл, сілті, отқа қауіпті және қатты иіс шығаратын сұйықтықтарды құймаңдар, оларды арнайы ыдыстарға құю керек.
  5. Раковинаға қағаз, құм және басқа да қатты заттарды тастамаңдар.
  6. Ыдыстар мен аспаптарға ұқыптылық және үнеммен қарау керек.
  7. Жұмысты оқытушы рұқсатымен бастаңыздар. Жұмыс жоспары жұмыс журналында жазылып, оқытушы қолымен бекітілген болуы керек.
  8. Жұмыс барысындағы кездесуі мүмкін барлық операцияларды мұқият талдап, содан соң ғана тәжірибені бастау керек.
  9. Сұйық немесе қатты заттарды пробиркаларда қыздырғанда, ыдыстың аузын өзіңізге немесе көрші студентке бағыттауға болмайды, пробиркаға жоғары жағынан үңіліп қарамаңыз, себебі қызған зат сыртқа қарай шашырап, сізді бақытсыздыққа душар етуі мүмкін.
  10. Жұмыс орнын таза, ұқыпты ұстау керек.
  11. Органикалық препараттарды синтездеу барысындағы сәл ғана абайсыздық, ауыр зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін. Сақтық шараларын сақтау тек қана жеке басыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету емес, сонымен қатар қызметтес достарыңыздың алдындағы сіздің парызыңыз.
  12. Көгерткіш қышқыл, калий немесе натрий цианиді, фосген, жай қышқылдардың хлорангидридтері, хлор, бром, көмір тотығы, азот оксидтері, фосфордың галоген туындылары сияқты заттармен жұмыс жасағанда ерекше абай болған дұрыс. Оларды көп мөлшерде қолданған жағдайда жақсы соратын шкафтар астында жұмыс жасаған абзал. Ал жалпы зертхана жағдайында жақсы соратын шкафтар астында олардың аз ғана мөлшерімен тәжірибені жүргізуге болады.
  13. Май қатарының галогентуындылары – бромды этил, хлороформ, бромоформ және басқалары ерітіндіде болмаса, натрий немесе калиймен жанастырмау керек, нәтижесінде өте қатты қопарылыс болуы мүмкін.

Қопарылысқа қауіпті заттармен жұмыс жасау

Натрий және калий, концентрлі аммиак ерітіндісі, күйдіргіш сілті, қышқылдар, қопарылғыш заттармен төмен қысымда (вакуумды айдауда, эвакуирленген эксикаторда), жоғары қысымда (мысалы дәнекерленіп жабылған шыны түтіктерде, жабылған бөтелкелерде, автоклавта) жұмыс жасағанда, күйдіргіш натр, күйдіргіш калийді езіп ұнтақтағанда, сонымен қатар көзге қауіп туғызатын жұмыс түрлерін орындағанда көзге триплекс шынысынан жасалған көзілдірік кию қажет.

Натрий және калиймен тәжірибе жасағанда ерекше абай болған дұрыс. Олардың сумен үйкелісін болдырмау керек, себебі нәтижесінде қатты қопарылыс, өрт және бақытсыз жағдай болуы мүмкін. Оларды сусыз керосин немесе ксилол құйылған ағаш сүрегінен жасалған (корковый) тығынмен тығындалған шыны құтыда сақтау керек. Оларды қолмен алмай, пинцет немесе қысқыш көмегімен алады.

Жанғыш заттармен жұмыс

Этил эфирі, спирт, ацетон, бензол, этилацетат, күкіртті көміртек, петролейн эфирі, сол сияқты басқа да жанғыш немесе оңай тұтанатын сұйықтықтармен жұмыс жасағанда ашық отта, ашық жалын маңында, ашық ыдыстарда қыздырмаған дұрыс.

Күйгенде және уланғанда көрсетілетін алғашқы жәрдем

Калий перманганаты немесе этанолмен ұзақ уақыт бойы сүртіп, күйікке арнайы жақпа майын, мысалы сульфидинді эмульсияны жағады. Егер денеге теріні зақымдайтын зат түссе, сумен шаю көп жағдайда көмегін тигізбейді. Сәйкесінше еріткішпен (спирт не бензол) жылдам және көп мөлшерде жиі шайып отыру қажет. Егер теріні бром күйдірсе, оны спирттің көп мөлшерімен жуып, зақымданған жерге күйікке қарсы жақпа майын жағу керек. Егер хлор немесе бром буымен тыныс алған болса, ұзақ уақыт бойы спирт буымен тыныс алып, содан соң таза ауаға шығу керек. Қатты жараланғанда, күйгенде және уланғанда алғашқы жәрдемнен соң, жарақаттанушыны емханаға апару керек.

Туындаған өртті және жанған киімдегі өртті өшіру

Егер өрт туындаса, зертханадағы газды тезірек өшіріп, жанғыш заттарды ашық оттан алыстатып, өрт аймағын құммен немесе асбест жамылғысымен жабу керек. Егер өрт ауқымы жоғары болса, көмірқышқылды өрт сөндіргіштер көмегімен өшіру қажет.

Практикалық жұмыстарды орындауға қажетті әдістемелік нұсқау:

  1. Практикалық жұмыстың мәтінін мұқият оқып шығыңыз. Оқығаннан соң практикалық жұмыстың мақсатын анықтаңыз, яғни сіз бұл жұмысты не үшін жүргізесіз? Жұмыс барысында нені анықтайсыз? Жұмысты орындауда қандай іскерлік пен дағдыны қалыптастырасыз? деген сияқты сұрақтарға жауап бересіз. Содан соң өзіңіздің жасаған мақсатыңыздың нұсқасын кітапта келтірілген мақсатпен салыстырыңыз.
  2. Сіздің лабораториялық столыңызда қажетті құрал-саймандар мен материалдардың түгел барлығын тексеріңіз.
  3. Практикалық жұмысты жүргізудің негізгі кезеңдерімен танысыңыз. Эксперименттің әрбір операцияларын жасайтын тәсілдер сізге түсінікті ме? Ойланыңыз! Егер сізде күмән туса, оқытушыдан немесе лаборанттан кеңес алыңыз. Егер сұрақтарыңыз болмаса, бәрі түсінікті болса, жұмысқа кірісіңіз.
  4. Жұмыс барысында барлық байқалған өзгерістер мен бақылауларды жұмыс дәптеріне жазу ұсынылады. Эксперименталды жұмыста майда-шүйде болмайды, алғашқыда назар аударылмайтын өзгерістер қорытынды жасауда қажетті, маңызды көрсеткіш болуы мүмкін. Жұмыс басталар алдында арнаулы жұмыс дәптерінде жұмысты жүргізу уақытын, оның номерін және тақырып атын, жұмыс жоспарын жазу қажет. Содан соң эксперименттің барысын қысқа, сызба-нұсқа түрінде жазыңыз.
  5. Практикалық жұмыс орындалып болғаннан кейін, оның нәтижелерін мұқият жазыңыз (олар сөзбен сипатталуы, кесте, сызба-нұсқа, диаграммалар түрінде болуы мүмкін). Егер қажетті жағдайда тәжірибе барысында алынған сандық мәліметтерді статистикалық өңдеуден өткізу қажет.
  6. Жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелерінің негізінде эксперимент соңында ұсыныстар мен қорытынды жасаңыз.