3.3 Компьютерлік технологияны пайдаланудың мүмкіндіктері мен тиімділігі


Жоғары оқу орындарында қазіргі заман талабына орай оқытудың интербелсенді әдістерін қолдану білім сапасын жоғарылатып, білімгерлердің танымдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

Педагогикалық тәжірибе көрсетіп отырғандай, білім беру процесіндегі кез келген жаңашылдық оқу үрдісін жоспарлауда елеулі өзгерістер енгізеді. Сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру үшін оқытудың белгілі бір жекелеген әдісі немесе тәсілі емес, алға қойылған дидактикалық мақсаттарға жетуді қамтамасыз ететін әдіс-тәсілдердің жиынтығы болып табылатын тұтас педагогикалық технология қажет.

Компьютерлік технологиялар адам қызметінің барлық салаларына – ғылымға, өндіріске, тұрмыс пен білім беру салаларына енген қазіргі кезеңде қоғам дамуының жаңа, компьютерлік дәуірі туғаны айтуға болады. Қазіргі кезде құралдарды пайдалана білу екінші сауаттылық деп қабылдана бастағаны да белгілі. Білім беру саласын компьютерлендіру тек компьютерлік сауаттылық немесе информатика негіздерін үйреніп қою ғана емес. Бұл – ең алдымен, оқытушылардың, оқушылар мен білімгерлердің еңбек өнімділігін жоғарылату құралы, оқыту мен өз бетінше білім алудың қарқындылығы мен тиімділігін арттыратын тәсілдер.

Компьютерлік технологияларды пайдаланбай, дәстүрлі әдістермен сабақ өткізу барысында оқытушы үйреншікті кекстелер мен сызбалар жиынтығын ғана пайдаланумен шектеледі, өз бетінше түрлі-түсті плакат, суреттерді, сызбаларды дайындау көп еңбек пен уақытты қажет етеді. Сабақты қызықты ұйымдастырып өткізу іс жүзінде эксперимент жүргізу бірқатар себептерге байланысты мүмкін бола бермейді.

Қазіргі заманғы компьютерлік технологиялар қажетті мәтінді экраннан көрсетуге ғана емес, кез келген графикалық сызбаларды, жоғары сапалы фотосуреттерді, слайдтарды көрсетіп, анимацияларды дыбысты және бейнефильмдерді пайдалануға мол мүмкіндіктер береді.

Көптеген елдердің ғылыми орталықтары мен оқу орындарында нақ осы білім қажеттілігі үшін мамандандырылған компьютерлік жүйелер саны дайындалды, олар оқу-тәрбие үрдісінде әр түрлі жағынан қолдауға бағытталды. Бұл – жүйелердің негізгі түрлері болып табылады.

Компьютерлік бағдарламаланған оқыту – бұл сәйкесінше,компьютерлік бағдарламалардың көмегімен бағдарламалық оқыту механизмдерін жүзеге асыратын технология;

Материалды компьютердің көмегімен оқу – оқушының жаңа материалды әр түрлі құралдардың, оның ішінде компьютердің көмегімен өз бетінше оқуын болжайды. Бұл жерде оқу іс-әрекетінің сипаты айтылмайды, оқу нұсқауларының жиынымен іске асырылуы мүмкін. Мұның өзі бағдарламалық оқыту әдісінің мәнін ашады;

Материалды компьютер қоры негізінде оқу – алдыңғы технологиялар, технологиялық құралдардың алуан түрін (оның ішінде дәстүрлі оқулықтар, аудио және видеожазбалар және т.б.) қолданумен айрықшаланатын болса, мұнда бағдарлама құралдарын, оқушылардың өз бетінше тиімді оқуын арттыратын бағдарламаларды басымырақ қолдану жүргізіледі;

Компьютер қорымен оқыту – білім берудің барлық мүмкін боларлық формаларын қолдану (мұғалімнің қатысуымен), шын мәнінде, жоғарыда айтылғандармен сәйкес келеді;

Компьютердің көмегімен бағалау – өз бетінше оқыту технологиясы деп қарастырылады, дегенмен ол практикада басқаларға құрамдас элемент болып кіріп жүр. Мұндай жүйе оқылатын пәннің мазмұны мен дәстүрлі оқытуда қолданылатын немесе оқыту бағдарламаларында жүзеге асырылатын әдістерге тәуелсіз;

Компьютерлік коммуникация – білім беру және оны жеткізумен қамтамасыз ете отырып, жоғарыда аталған технологиялардың барлығының ажырамас құрамы болып табылады. Жергілікті, аймақтық және басқа компьютерлік желілерді қолдану үшін жұмсалады. Компьютерлік коммуникация жекелеген оқу орындарының, қаланың, аймақтың, елдің ақпараттық білім жүйесінің мүмкіндіктерін көрсетеді. Оқытудың ақпараттық технологиялары осы ақпараттық білім жүйесінің шегінде жүзеге асырылатын болғандықтан, осы білім технологиясына ақпараттық және бағдарламалық қолдаумен көрсететін құралдар бір ғана компьютермен, оған енгізілген бағдарламамен шектеліп қалмауы керек. Шын мәнінде бәрі керісінше, оқытудың ақпараттық технологияларының бағдарламалық құралдары және білім технологияларының өздері ақпараттық білім ортасына – ақпараттық білім жүйесінен бөлінген жүйешелер түрінде қосылады [2, 26 б.].

Компьютерлік технологияларды теориялық, практикалық және лабораториялық сабақ түрлерінде қолданудың мүмкіндіктері мен қажеттілігінің шарттары төмендегідей:

  • білім беру барысында қолданып жүрген дидактикалық принциптерге сәйкес нақты мақсаттарды белгілеу;
  • тыңдаушылар контингентін, олардың жас ерекшеліктерін, дайындық деңгейін және оқу топтарының құрамын ескеру қажет;
  • оқу сабақтарында көру арқылы элементтерді, есте сақтауға арналған терминдер мен формулаларды, ережелерді ұсынудың қажеттілігі;
  • сабақ барысында динамикалық жүйелілік пен бейнеүзінділерді қолданудың қажеттілігі;
  • оқытушының компьютерлік бағдарламаларды пайдалана білу сауаттылығы;
  • оқу аудиториялары мен дәрісханаларының қажетті құрал-жабдықтармен және бағдарламалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі;
  • бұрын дайындалған немесе оқытушының өзі дайындаған электрондық қралдарды қолдану;
  • дайындық деңгейі әр түрлі топтарда мазмұны жағынан біртектес, қарастыру және талдау деңгейі әр түрлі ақпараттық материалдарды пайдалану.

Компьютерлік технология ХХ ғасырдың соңында, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы кезеңінде кең өріс ала бастады. В.М.Глушковтың пайымдауынша, компьютерлік технология кешенді ғылым жүйелерінен және арнайы пәндерден тұрады. Шығармашылықты, жобалауды, ойлап табуды, баға беруді іске асырады.

Компьютерлік оқыту технологиясы – жаңа ақпараттар мен мәліметтер кешенін компьютер арқылы дайындап, үйренушіге жеткізу.

Компьютерді оқыту құралы ретінде қолдану идеясы XX ғасырдың 50 - жылдары батыста пайда болды. Бағдарламалап оқыту теориясын енгізғен американдық ғалым Б.Скиннердің тұжырымдары оқу үрдісін қалайда тиімді сатыға көтеруді мақсат етеді. Бұл тұжырымдардың негізінде оқыту студенттің білім мен іскерлікті өз бетімен алуын қамтамасыз ететін дидактикалық материалдарға негізделеді. Осы идеялардың нақты жүзеге асуы білім беруде компьютерді қолданумен байланыстырылады. Сондықтан да оқу процесінде компьютерді қолдануда «компьютерлік технология» ұғымы туындайды.

Компьютердің білім беру құралы ретінде кең таралуының негізгі алғышарттарын ғалымдар төмендегідей саралайды:

  1. Компьютер шексіз ақпарат әлеміне енуге және ақпаратты жүйелі түрде талдап, сараптауға мүмкіндік береді. Ақпаратты алудағы жоғары жылдамдық адамның ақпараттық мәдениетінің үнемі өсуіне жағдай жасайды.
  2. Компьютер адамның зерттеу-танымдық әрекетінің әмбебап құралы ретінде ерекшеленеді.
  3. Өзге құралдардан компьютердің ерекшелігі – оның қатысымдық құрал бола білуі. Яғни, білімгер ол арқылы қатысымның барлық түрлерін жүзеге асыра алады. Бұл мәтіндерді оқу, сұқбат жасау, жазу, тыңдау әрекеттері. Тіл үйренуде бұл мүмкіншіліктер ең маңызды болмақ.
  4. Құрал білімгерлерге өз әрекеттерінің нәтежиесін айқын көрсете алады. Білім алуда дұрыс шешім жасай білуге деғен студенттің өзіндік тәсілін, стратегиясын қалыптастырады.
  5. Компьютердің көмегімен жаттығулардың кешенді түрлерін аз уақытта орындау мүмкіншілігі туындайды.