Жануарлардың ағза жүйелерінің қызметін зерттеу үшін әр түрлі тәсілдер қолданылады: жануарларды сыртынан бақылау, наркоз, ота жасау, сонымен қатар ерітінділер дайындау, құралдарды пайдалану.
Жануарлармен жұмыс жасағанда қоршаған ортаны және жануарлар әлемін қорғау туралы заңдарын басшылыққа алады. Осыған байланысты кейбір тәжірибелерді өткізу үшін жануарларға жергілікті анестезия немесе жалпы наркоз беріледі. Анестезия және қимылсыздандыру үшін жүйке жүйесінің жұмысын тежемей, тек қана бұлшық етті жансыздандыратын препараттарды қолдануға болмайды.
Зертханалық сабақтарда жануарларды бекіту үшін әр түрлі тәсілдерді қолданады.
Зертханалық сабақтар кезінде қышқылдар мен негіздерді қолданғанда, токпен жұмыс жасайтын құралдарды пайдаланғанда қауіпсіздік техникасын мұқият сақтауды талап етіледі.
Реактивтер, қышқылдар, негіздермен жұмыс жасауда мынадай ережелерді сақтау керек:
1) өлшегіш ыдыстар мен пробиркаларды пайдалану;
2) негіздерден және қышқылдардан жасалған ерітінділерді дайындау үшін оларды суға құю керек (керісінше жасауға болмайды);
3) тез буланғыш сұйықтарды тығыз жабылатын, шеті қырнаулы қақпақтары бар ыдыстарда сақтау;
4) зертханада тез тұтанғыш және улы заттарды аз мөлшерде ұстау;
5) күкірт және басқа да қышқылдар құйылған ыдыстарды жуып-тазалағанда резеңке қолғап пен қорғағыш алжапқыш кию.
Алғашқы көмек. Теріге қышқыл немесе негіз құйылып кетсе, оны бірінші сумен, сонан соң қышқыл күйдірген теріні ас содасы ерітіндісімен, негізі күйдірген жерді – 2 % бор қышқылы ертінідісімен жуу керек. Осыдан кейін қайтадан сумен шаяды. Қышқыл мен негіз көзге тиген жағдайда да дәл осылай жуады. Егер бұлар ауыз арқылы ішке еніп кетсе, кісіні құстырады да, көп мөлшерде сүт немесе су ішкізеді.
Электр тогы соғудан сақтану үшін электр жүйесін желіден ажыратады, сонан соң тексеріп, дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізеді.
Тәжірибе барысында эксперименттерде қолданылатын жануарлардың, тістеу, басымен соғу сияқты қимылдар әрекеті салдарынан студенттердің денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан әр жануарлардың өз түріне сай ерекшеліктерін де білу қажет. Эксперименттерде қолданылатын жануарларды міндетті түрде байлап-бекітеді.
Егер мал тістеп алса, зақымдалған жерді бор қышқылымен жуып, жарақаттың маңайына йод ерітіндісін жағып, стерилденген дәкемен байлап, дәрігерге жібереді. Қатты соғылған жерге суық басады. Кесілген жерді бор қышқылымен жуып, жарақаттың маңайына йод ерітіндісін жағады да, зарарсыздандырады.
Қан алу техникасы. Қоян, ит және теңіз шошқасынан аз мөлшерде қан алу үшін құлақ қалқанының жоғарғы жағындағы көк тамыры қолайлы болып келеді. Малды қысқа жіптің көмегімен байлайды да, қан алатын жердің жүнін қырқады, дезинфекциялау және майынан тазалау үшін теріні спиртпен және эфирмен сүртеді. Көк тамырына саусақты батырып қатты басады, сол кезде ісінген тамырды инемен тесіп, алғашқы шыққан қан тамшысын мақтамен сүртіп тастайды. Сонан соң шыққан қанды сараптама жасауға алады. Қан шығуын жылдамдату үшін құлақты аздап уқалауға болады.
Қанды тез тоқтату үшін қан алынған жерді спиртпен сүртіп, йод жағады. Көп мөлшердегі (бірнеше мл және одан көп) қанды қиғаштап кесу немесе тесу жолымен тікелей қан тамырларынан (артерия, көк тамыр) алады.
Бақалар мен теңіз шошқасынан қанды жүректен алады. Иттерден көп мөлшердегі қанды жамбас венасынан немесе ұйқы артериясынан (күре тамыр) алады. Құстардан қанды қанат асты венасынан алады, ол үшін қанатын көтеріп, венаны табу қажет. Қауырсыны мен мамығын жұлып, қан алынатын жерді тазалайды. Венаның орта бөлігіне саусақты батыра басып тұрып, шприцтің инесімен тесіп, қанды ыдысқа құйып алады. Қан алынатын аймақтың терісін қозғалмайтындай етіп, саусақтармен басып тұру керек, әйтпесе тері астына қан кетіп қалады. Құстарда қан ұю процесі тез жүретіндіктен олардан қанды жылдам алу қажет.
Физиологиялық тәжірибелер жүргізу кезінде жануарлардың қозғалысын шектеуді немесе толық қимылсыздандыруды қажет етеді. Осы мақсатта ұйықтататын, ауырсынуды төмендететін заттар, есірткі заттар пайдаланылады.
Зертханалық жануарларды қимылсыздандыруға арналған заттарды жануарға енгізуде негізінен мынадай тәсілдер қолданылады: тыныс жолы арқылы (ингаляция), вена арқылы, бұлшық еттің ішіне, тері астына жіберу. Ингаляциялық (тыныс жолы арқылы) наркоз ретінде эфир, хлороформ, немесе олардың қоспасын жануарға иіскетеді. Наркоз бергеннен кейін жануарды операция жасайтын үстелге бекітеді. Кейбір тәжірибелер жасағанда (асқазан, ішек, сілекей фистуласын қойғанда) жануарлар арнайы қондырғыларға бекітіледі.
Иттер. Оларды қарапайым тәжірибе жасау үшін әдетте, қондырғыға тұрғызып бекітеді. Итті мойынынан байлап, тұмсығына жіп тұзақ кигізеді де оны желкесіне қайырып байлайды.
Күрделі тәжірибе жасағанда итті операциялық немесе жылжымалы қондырғыға бекітеді (қоян тәрізді).
Итті қимылсыздандыру үшін көбінесе морфилі-хлороформды наркоз пайдаланылады, ал тиопенталды наркоз сирек қолданылады:
а) морфилі-хлороформды наркоз: иттің тірі салмағының 1 кг - на 1 мл–ден келетіндей есептеп, 10 % морфий ерітіндісін тері астына егеді. 15–20 минут уақыт өткен соң ит ұйықтап қалады, сол кезде оны қондырғыға байлап, эфир, хлороформ, спирт (3:2:1 есебімен) қосындыларымен тыныс алу жолына әсер етеді;
б) тиопенталды наркоз: иттің тірі салмағының 1 кг-на 20 мг-нан келетіндей есептеп, 2,5 % тиопентал ерітіндісін кеуде қуысына енгізеді.
Мысықтар. Мысық өте тынышсыз, қимылы шапшаң болатындықтан оларға алдымен наркоз береді, сонан соң ғана бекітеді:
а) эфирлі-хлороформды наркоз: мысықты шыны қалпақтың астына отырғызып, жанына эфирхлороформмен суланған (1:1) мақтаны қояды. Наркоздың әсерінен мысық ұйықтап қалған соң ғана оны қалпақтан алып шығып, қондырғыға бекітіп, мұрындық кигізеді;
б) тиопенталды наркоз: мысықтың тірі салмағының 1 кг 20 мг келетіндей есептеп, 2,5 % тиопентал ерітіндісін іш қуысына енгізеді.
Қояндар. Қоянның басын сақина тәрізді қысқышпен қысып, арнайы үстелге бекітеді. Қоянның әрбір аяғына дәке тұзақ кигізеді, сонан соң тұзақты темірден жасалған төрт топсаға байлайды.
Қояндар үшін уретанды, гексаналды, эфирлі наркоз қолданылады:
а) уретанды наркоз: қоянның тірі салмағының 1 кг-на 1,5 мл-ден келетіндей есептеп, 10 % уретан ерітіндісін сыртқы құлақ венасына егеді;
б) гексаналды наркоз: қоянның тірі салмағының 1 кг-на 1,5 мл-ден келетіндей есептеп, 10 % гексанал ерітіндісін сыртқы құлақ венасына егеді;
в) эфирлі наркоз: мақтаны эфирге батырып алады да, оны қоянның танауына иіскетеді. Мақтаны эфирге қайта-қайта малып тұру керек.
Құстар. Құстарға (көгершіндер, тауықтар) фистуламен тәжірибе жасау үшін ерекше қондырғы (4 аяғына бекітілген темір кергіш) пайдаланылады. Қондырғыға мата керіледі, матада құстың аяқтары мен фистулаға арналған тесіктер болады.
Қозғалтпау үшін құстардың аяқтарын қондырғыға байлайды (қатты қыспау керек). Қанаттарын жалпақ таспа дәкемен таңады, соңан соң дәкені кергішке бекітеді. Құстарға тәжірибе негізінде наркозсыз жасалады.
Бақалар. Бақаны тақтайшаға арқасымен жатқызып, басы мен аяқтарын түйреуішпен шаншып бекітеді. Қажет болған жағдайда бақаны шыны қалпақтың астына кіргізіп, жанына эфир немесе хлороформға шыланған мақтаны қою арқылы қимылсызандырады, көбінесе орталық жүйке жүйесін зонд арқылы жансыздандырады.
Физиологиялық тәжірибелер жасау үшін тұз ерітіндісі кең қолданылады. Жедел және ұзаққа созылатын тәжірибелерде қанды алмастырушы ретінде, бөліп алынған мүшелердің перфузиясы үшін, операция және тәжірибе жасау кезінде ұлпаларды кебуден сақтау үшін тұз ерітіндісін пайдаланады. Көбінесе эксперимент жасауда және клиникада изотоникалық ерітінділер (олардың осмотикалық қысымы қанның осмотикалық қысымымен бірдей) жиі пайдаланылады.
Оларды Рингер, Локк, Тироде жазбалары бойынша дайындайды (кесте).
Жануарларға жасалатын көптеген физиологиялық тәжірибелерде (артериялық және веналық қан қысымын өлшеу және жазу, қозғалыс қимылдарын жазу, тамырлардан көп мөлшерде қан алу, ас қорыту бездерінің сөлдерін жинау, т. б.) канюля деп аталатын арнайы әзірленген түтіктер қолданылады. Қазіргі кезде эксперименттік физиологияның көптеген әдістерінің түрі өзгерген, мысалы ангиостомияда (тамырларға канюля қою) – тамырларды тез және ұзақ уақытқа катетерлеу қолданылады, бұл сонымен қатар тереңде орналасқан лимфа тамырынан сөлді және қан тамырларынан қанды көп мөлшерде, әрі жиі-жиі алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы артерия, вена, лимфа тамырларын бір мезгілде катетерлеуге болады, мұның аралық зат алмасуды зерттеуде маңызы зор. Катетердің ұзындығы операцияның мақсаты мен жануардың дене тұрқына байланысты.
Физиология пәні бойынша тәжірибелік сабақтарды өткізу үшін түрлі құралдар мен жабдықтар қолданылады. Бұларды шартты түрде 3 топқа бөледі:
1) электр тогымен тітіркендіруге арналған құралдар;
2) жазатын құралдар;
3) жазу жүргізілетін құралдар.
Физиологиялық экспериментте мүшелер мен ұлпалардың қызметін зерттеу үшін электр тогын пайдаланады.
Электростимулятор. ИСЭ-01 – жүйке және бұлшық ет қозуын, бұлшық еттің тетаникалық жиырылуын және тағы басқа да мақсатта физиологиялық зерттеулер жүргізуге арналған.
Жазатын құралдар. Жануар ағзасындағы жүріп жатқан үрдісті кестеге тіркеу немесе жазу үшін қажет:
1) тіркейтін құралдар;
2) жазуға арналған жылжымалы беткей (кимограф);
3) тітіркендіру мезгілін және уақытты белгілегіш.
Марей капсуласы. Бұл құралдың көмегімен ауа жіберу тәсілі арқылы функцияны тіркеу жүргізіледі. Бұл тәсіл зерттелетін мүше мен тіркейтін құралдың арасында белгілі бір арақашықтық сақталған жағдайда іске асырылады. Ауа жіберу тәсілі арқылы тамырлардағы қан қысымының және мүше (асқазан, ішек-қарын, т. б.) көлемінің өзгеруін жазуға болады. Марей капсуласы және ауа толтырылған резеңке қапшық (Марей пневмограф деген атау берген) көмегімен тыныс алуды жазуға болады.
Жануарлардың қан қысымын қан шығаратын және қан шығармайтын тәсілдермен өлшеу үшін Людвигтің сынапты манометрі, тонометр, осциллограф қолданылады.
Тұтқарлар – физиологиялық тәжірибеде жекеленген мүшелердің (жүрек, ішек-қарын, жатыр, т. б.) қимылын тіркеу үшін қолданылады. Мысалы, Энгельман тұтқасы.
Миограф – бөлектенген бұлшық еттің қимылын жазуға мүмкіндік береді.
Электрмагнитті белгілеуші – тітіркену белгілерін жазуға қолданылады. Ол белгілі бір мерзім ішінде мүшенің қызметінің өзгеруін зерттеу қажет болғанда, уақытты белгілеу үшін де пайдаланылады.
Штативтер – тіркегіш құралдарды бекіту үшін пайдаланылады. Көбінесе әмбебап штатив қолданылады.
Жазу жүргізілетін құралдар – штативке бекітілген тұтқаның тербелісі жазғыштың көмегімен бірқалыпты жылжып тұрған кимографтың бетіне немесе арнаулы жазғыш арқылы ақ қағазға түсіріледі.
Кимограф – штативтің орталық теміріне кигізілетін алынбалы-салынбалы айналып тұратын барабаннан тұрады. Барабан, оны вертикальді жағдайға қоюға мүмкіндік беретін винт арқылы астынан және үстінен бекітіледі. Осьтің төменгі жағында темір диск орнатылған, оның айналып тұруын төменгі беткейінің дөңгелекпен үйкеліске түсуін қамтамасыз етеді. Дөңгелектің қозғалысын штативке бекітілген қорғаныш қабықшықтын ішіндегі сағат механизмі реттейді. Кимограф барабанының айналу жылдамдығын ось пен қозғалғыш дөңгелектің ара қашықтығын өзгерту арқылы реттеуге болады.
Препараттауға арналған құрал-жабдықтар. Зертханалық-тәжірибелік сабақтарда суреттелген құралдардан басқа хирургиялық құралдар да кеңінен қолданылады (сурет).