Ағзаның физиологиялық қызметтерінің реттелуі – нервтік іс әрекеттің функциональдық бірлігі – рефлекс арқылы іске асады. Рефлекс деп организмнің (орталық жүйке жүйесінің қатысуымен) тітіркендіруге жауап беру реакциясын айтады. Рефлекс кезіндегі қозудың жүріп өткен жолы рефлекторлық доға болып саналады.
Рефлекстің екі түрі болады: шартты және шартсыз. Табиғи жағдайларда ағзаның әр рефлекторлы акті шартты және шартсыз рефлекстердің комплексі болып табылады яғни күрделі рефлекторлы акт. Пайда болу, көріну механизміне байланысты рефлекстің екі түрі әр түрлі болып келеді. Шартты рефлекстер ағзаның жеке дара өмірінде міндетті түрде бас ми қыртысының қатысуымен түзіледі. Шартсыз рефлекстер ағзаның туа біткен реакциялары болып табылады және осы түрдің барлық өкілдерінде бірдей сипатқа ие. Бас ми қыртысы шартсыз рефлекстерге әсерін тигізсе де, бас миының үлкен жарты шарының жойылған кезде де олар жүзеге асырыла алады. Әр шартсыз рефлекстің өзінің рецептивті аймағы болады. Әр түрлі рефлекстердің рецептивті аймақтары әдетте бір бірін басады. Бүкіл денедегі теріде (беттен басқасы) шартсыз рефлекстердің ми жұлынды рецептивті аймақтар орналасқан, олардың орталықтары жұлында орналасқан.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Жүйке жүйесі қалай құралған?
2. Нейрон құрылысы және оның жіктелуі?
3. Рефлекс дегеніміз не?
4. Рефлекстің биологиялық маңызы?
5. Рефлекторлық доға дегеніміз не?
6. Рефлекторлық доғаның бөлімдері, олардың қызметі?
7. Рефлекстің рецептивтік аймағы дегеніміз не?
Сабақтың мақсаты: рефлекс уақытының байланыстылығын анықтау. Рефлекторлық доғаның бар екенін және оның бөлімдірінің бүтін болуын анықтау.
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: көлбақа, штатив қысқышы, су 0,1 – 0,5л, 1 % күкірт қышқылының ерітіндісі, электростимулятор, сүзгіш қағаз, секундомер, салфетка, 1 % новокаин, лигатуралар.
Жұлын рефлекстерінің орталығына жұлында орналасқан рефлекстер жатады (жұлын рефлекстері). Рецепторлардың орналасқан жеріне байланысты жұлын рефлекстері проприоцептивтік, экстероцептивтік, интероцептивтік рефлекстер деп бөлінеді.
Жұмыстың барысы: жұлын рефлекстері жұлыны бар бақада (бас миы алынып тасталынған) зерттеледі. Ол үшін бақаны жоғарғы жақ сүйегімен штативке іліп 5 минуттан соң 0,5 – күкірт қышқылы ерітіндісімен дымқылданған фильтрлі қағазды әрбір мүшесіне (алдыңғы аяқтарына, оң жақ санына) жапсырады немесе тигізеді.
Осының нәтижесінде тітіркендіруге ұшыраған аяқтарының санында бұлшық еттері жиырылып қорғаныш рефлекстерінің болғанын байқаймыз. Әрбір шартсыз рефлекстің өзіндік қызметтік мәні болады. Бақаның жақтарын сумен шайып, электростимулятормен, пинцетпен қысу арқылы тітіркендіріп тағы да байқайды. Сосын нәтижесін салыстырып, қорытынды жасалады (1-сурет, 2-сурет).
Бірінші жүмысқа – тәжірибе нәтижелерін кесте бойынша салыстыру.
Жұмыстың барысы: жұлындық бақаны штативке іліп, тізе буыны, артқы аяғын 0,1 % – күкірт қышқылы ерітіндісіне салады.
Тітіркендіргеннен бастап рефлекторлық реакцияға дейінгі уақытты анықтайды. Аяғын жуып 3–5 мин соң 0,5–1 % күкірт қышқылы ерітіндісімен қайталады. Нәтижесін кесте бойынша салыстырып қорытынды жасалады (кесте).
Рефлекс пайда болу үшін рефлекторлық доғаның бір бөлігін шығарып тастасақ, рефлекс жоғалады.
Жұмыстын барысы: бақаның сирағын 0,5 % – күкірт қышқылы бар стақанға саламыз, рефлекстің пайда болғанын байқаймыз:
1) сирақтың терісін алып тастап, қайта стақанға саламыз. Рефлекс байқалмайды;
2) екінші сирағының шонданай нервін тауып, лигатура өткізеді, 0,5 % – қышқылының ерітіндісімен тітіркендіреді;
3) жүйкенің астына дымқылданған мақта қойып тітіркендіреді;
4) бақаның жұлын рефлексін зақымдап, мақта қойып тітіркендіреді.
Нәтежелерін жазып қорытынды жасалынады.
Шығармашылық тапсырмалар:
1) тітіркендіргіштің күшімен және ұзақтық әсерінен рефлекс сипаттамасын талдау;
2) рефлекс уақытының тітіркендіргіш күшіне байланыстылығын түсіндіру;
3) рефлекторлық доғаның үш нейрондық (полисинапстық) схемасының суретін салу.
Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:
1) орталық жүйке жүйесінің эволюциясы;
2) жүйке талшықтары деген не;
3) глиальды торшалар, олардың маңызы.
Орталық жүйке жүйесі ағзада өте маңызды қызметтер атқарады. Біріншіден, ағзадағы ішкі құбылыстарды реттейді, соның арқасында барлық ағзалар, жүйелер біртұтас болып үйлесімді қызмет атқарады. Екіншіден, сыртқы ортаға бейімделуін қамтамасыз етеді. Жүйке орталығы деп жүйке жүйесіндегі нейрондар жиынтығын айтады.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Жүйке орталығы дегеніміз не?
2. Орталық жүйке жүйесінің қасиеттері?
3. Синапс жалғама деген не, оның құрылымы қандай?
4. Синапстар қалай жіктеледі?
Сабақтың мақсаты: жүйке орталықтарының кейбір қасиеттерін, иррадиациялық қозуды, біртіндеп қозу жиынтығын, қозудың кеңістік жиынтығын, ырғақты қозуды тасымалдауы, қозудың доминанттылығын анықтау.
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақалар, тақтайшалар, препоравальдық жиынтық, 0,5 % күкірт қышқылының ерітіндісі, фильтр қағазы, электр, электростимулятор, секундомер.
Жұмыстын барысы:
а) біртіндеп қозу жиынтықтығын анықтау. Көздің артынан бақаның басының үстіңгі жағын қиып алып, оның жұлынын бұзбай штативке іліп, аяғына екі инені сұғып қояды. Сонан соң электр қоздырғышы арқылы тітіркендіру күші өте аз токпен әсер етіледі, рефлекс болмайды. Ал осындай ток күшімен 5-6 рет қатарынан қайталанса, бақа аяғын жиырады немесе аяқ жиыру рефлексі пайда болады;
б) қозудың кеңістік жиынтығы. Бақаның аяғындағы жарғағына және сирақ бұлшық еттеріне электродтар енгізіледі. Осы электродтарға жеке-жеке әлсіз токпен әсер етсе, рефлекс пайда болады. Ал барлығына бірден әсер етсе, рефлекс байқалады;
в) ырғақты қозуды тасымалдау. Бақаның аяғына минутына 80 рет токпен әсер беріледі;
г) иррадиациялық қозу. Бақаның артқы аяғының ұшын пинцетпен әлсіз қысса, артқы аяқтың бұлшық еттері тек қана жиырылады, тітіркендіргіштің күшін көбейтсе, иррадиацияда қозу пайда болуынан бақаның аяқтары қатты бүгіледі, жиырылу құбылысына бұлшық еттің көп саны (мөлшері) қатынасады;
д) қозудың доминанттылығы (басымдылығы). Бақаның көкірегіне саусақты қойғанда ол құшақтайды, ал егер аяғын тітіркендірсек (пинцетпен), рефлекс пайда болуынан құшақтау күшейеді.
Шығармашылық тапсырмалар:
1) жүйке орталығындығы қозу жиынтығын және иррадиациялық қозу механизмін түсіндіру;
2) жұлыны түгел зақымданған, тұлғасы мен аяқ қолдары сал болған адам өмірін жалғастырып, ақыл-ой еңбегімен айналысатын жағдайлар болатындығы белгілі. Осы жағдайда неге адамда ой, ес, және басқа да психикалық процесстер сақталатындығын, түсіңдіріңіз.
Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ) тақырыптары:
1) жұлын миының физиологиясы;
2) сопақша ми және оның қызметтері;
3) вегетативтик жүйке жүйеснің құрылымдық ерекшеліктері;
4) вегетативтік жүйкелердің симпатикалық және парасимпатиқалық бөлімдерінің құрылымдық және функциональдық ерекшеліктері.
Тежелу бұл физиологиялық процесс, қозудың және жүйке ұлпаның өткізгіштігінің төмендеуімен айқындалады. Тежелу қозуды басады және оның пайда болуына бөгет болады. Тежелу күйінде болған қозу ұлпалары қозуды таратпайды және өздеріне тиесілі эфекттірлердің қозуына әсер етпейді яғни, жүйке ұлпасында қозу импульстері пайда болмайды, бұлшық еттер жиырылмайды, бездер секрет бөлмейді. Орталық жүйке жүйесіндегі тежелуді алғаш рет 1862 жылы И. М. Сеченов ашқан. Ол ас тұзы кристаллдарының әсерінен бақаның бас миы дөңестерінің қозуы жұлын рефлекстерінің айтарлықтай уақыттың ұлғаюын туындататындығын көрсетті. Осы тәжірибе Сеченовтік тежелу деп аталды. Осы тәжірибе негізінде И. М. Сеченов келесі қорытындыға келді, көру дөңестерінің аумағында жұлын рефлекстеріне тежелегіш әсер ететін жүйке түзілімдер болады. Осы тежелудің механизмі әлі толық айқындалмаған. Бірақ пессимальді тип бойынша жүзеге асырыла алады. Орталық жүйке жүйесіндегі тежелу процесінің ашылуы физиологияның дамуында үлкен рольді иемденді, өйткені ол ашылыс тежелу табиғатын және орталық жүйке жүйесінде қозу мен тежелу процестерінің арақатынасын зерттеуге негізгі тірек болды
Тежелу дегеніміз қандай да бір іс-әрекеттің бәсеңдеу немесе тоқтау құбылысы. Бірақ та тежелу де қозу тәрізді табиғаттағы белсенді құбылыс.Тежелу ағзадағы қалыптан тыс әсердің нәтижесінде тез өзгеріп отыратын тұрақсыз құбылыс.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Тежелу дегеніміз не?
2. ОЖЖ-де тежелудің қандай түрлері болады?
3. Тежелу құбылысын алғаш рет қай тәжірибеден және кім байқаған?
4. Тежелу механизмі қалай өтеді?
Сабақтың мақсаты:
1) орталық жүйке жүйесінде тежелу құбылысының болатындығын анықтау;
2) орталық жүйке жүйесіндегі екі рецептор аймағында бір мезгілде тітіркену әсерінен тежелу құбылысы пайда болатынын көрсету.
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақалар, тақтайшалар, препоравальдық жиынтық, 0,5 % күкірт қышқылының ерітіндісі, тұз түйіршігі, фильтр қағазы, электростимулятор, секундомер.
Жұмыстын барысы: бақаны шүберекке орап, бас терісін және бас сүйектерін алып тастап, миға зақым келтірмей көру төмпешіктерін ашады да, оның алдынан скальпельмен кесіп, үлкен ми сыңарларын алып тастайды (сурет).
Бақаны штативке іліп, 2–3 минуттан соң артқы аяғына 0,5 % күкірт қышқылы ерітіндісімен әсер етіп, рефлекс уақытын анықтайды.
Сонан соң аяғын шаяды да, көру төмпешігіне тұз түйіршігін салып, әрбір 2 минут сайын рефлекстің пайда болуын байқайды.
Тежелу байқалғаннан соң тұзды Рингер ерітіндісімен жуып, қайта рефлекс уақытын анықтайды.
Сосын жұлын мен сопақша мидың арасын кесіп, тағы рефлекс уақытын анықтаймыз.
Нәтежесін кесете бойынша салыстырып қорытынды жасалады (кесте).
Жұмыстын барысы: кеуде омыртқа тұсынан бақа денесін бөліп (спинальды бақа), штативке іледі. Бақаның аяғын 0,5 % күкірт қышқылының ерітіндісіне салып, рефлекс уақытын анықтайды. Сонан соң бір мезгілде бір аяғына күкірт қышқылымен, екінші аяғына пинцетпен әсер етіп, рефлекс уақытын анықтайды. Нәтижесі бойынша қорытынды жасалады.
Жұмыстын барысы: еркек бақаның алдыңғы миын алып тастап, көзінің ортасынан жоғары жақ сүйегін кесіп тастайды да, екі саусақпен бүйірінен көтереді. Қандай рефлекстің пайда болатынын байқайды. Сосын алдыңғы аяқты пинцетпен қысып қайталаймыз.
Шығармашылық тапсырмалар:
1) тәжірибе нәтижелерін кесте бойынша құрастыру;
2) Сеченовтың тежелуін схема арқылы суретін салу;
3) кейбір аурулар кезінде адамда қозудың жұлыннан бас миға өтуі бұзылады, кері бағытта қозудың таралуы қалыпты. Осы жағдайда тізе рефлексі сақтала ма, Қол терісіне қойылған шаншу сезіле ме, Аяқтардың өз еркімен қозғалысы мүмкін бе;
4) адам өт қабынсыз, бір өкпемен, бір бүйрекпен, жарты бауырмен өмір сүре алады, ал 0,5 г ғана салмағы бар гипофиз безін алып тастаса өліп қалады неге екенін түсіңдіріңіз.
Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ) тақырыптары:
1) орталық жүйке жүйесінің жеке бөлімдерінің физиологиясы;
2) артқы және ортаңғы мидың физиологиясы;
3) аралық мидың физиологиясы;
4) қозу мен тежелу процестерінің арасындағы ауқымдық ара байланыс қалай қалыптасады.
Дене қалпын ұстау үшін арнаулы жүріс-тұрыс рефлекстері болады. Бұл рефлекстердің пайда болуы үшін 3 – топ рецепторлары қозады:
1) бұлшық ет сіңірлердің проприорецепторлары;
2) терінің бейімделген экстререцепторлары;
3) ішкі құлақтың арнайы рецепторлары.
Барлық дене қалпын ұстау рефлекстері келесі 3 топқа бөлінеді:
1) статикалық рефлекстер. Бұл адамның қалыпты жағдайда тұрғанда, жатқанда және денені белгілі бір жағдайда еркін ұстаған кездерде болады;
2) қалпына келтіруші рефлекстер. Дене қалыпты жағдайда болмаған кездерде, оның табиғи күйіне, яғни теріс қараған дене күйіне оңға қарату рефлекстері.
3) статокинетикалық рефлекстер. Денені белгілі бір күйде ұстаушы шартсыз рефлекстерге, орта ми ядросының қызметіне жатады. Ағзаның күрделі қозғалыстарының координациясын реттейді. Мишық ол барлық жүйке орталықтарының бөліктерімен байланысты.
Дайындалуға арналған сұрақтар
1. Ортаңғы ми қандай құрылымдардан тұрады және олар қандай қызмет атқарады?
2. Қандай жүріс-тұрыс рефлекстері болады?
3. Бұл рефлекстердің орталықтары қайда орналасқан?
4. Рефлекстерде қызыл және Дейдерс ядроларының маңызы қандай?
5. Мишығы зақымдалған малдарда қандай өзгерістер болатынын байқаймыз?
Сабақтың мақсаты:
1) қоянның жүріс-тұрыс рефлекстерін зертеу;
2) мишықтың қызметін зерттеу.
Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: қоян, бақалар, препоравальдық жиынтық, мақта, суы бар ыдыс, тақтайша.
Жұмыстын барысы:
а) статикалық рефлекстер. Тыныштық жағдайда жануарлар (қоян, мысық) денені белгілі бір жағдайда еркін ұстайды. Бұл уақытта темешегі жоғары орналасқан және алдыңғы, артқы аяқтары бүгіліп тұруы керек. Малдың иегіне бармақты қойып, ақырын басу керек. Бұл уақытта мойын да бүгіледі. Ішкі құлақтың рецептивтік аппаратының, мойынның проприорецепторының тонустық рефлекстер пайда болады. Бұл алдыңғы аяқтарының бүгілгіш тонусын жоғарылатып, аяқтарды тік ұстауға әсер ететін рефлекс. Сосын малды арқасына жатқызып, бір қолмен жамбасын ұстап, басын оң жаққа бұру керек. Бұл уақытта оң жақ алдыңғы аяғы тік болып, ал сол жақ аяғы бүгіледі. Малдың басын сол жаққа аударғанда, керісінше жағдайларды байқаймыз. Бұл кезде оң және сол жақ бұлшық еттерінің тонусы реттеледі;
б) қалпына келтіруші рефлекстер. Ішкі құлақтың рецептивтік аспабынан пайда болатын қалпына келтіруші рефлекстер. Жауырынның маңайынан оң жақ қолмен тіреп, сол жақ қолмен белінен ұстап, арқасынан төмен қаратып 0,5 метр жерден көтереміз де, жерге тастап жібереміз. Бұл жағдайда бірнеше рефлекстер туып, мал құлап бара жатқан кезінде қалыпты күйін сақтап, төрт аяқтарынан тең түседі. Малдың денесінің қалыпты күйін өзгертсек, мал басын қалыпты күйде сақтауға тырысады. Малдың іш жағынан қолмен көтеріп оң жақ, сол жаққа шайқаймыз, бұл кезде басы қалыпты жағдайда сақталынады;
в) мойынның проприорецепторларының және дененің экстрорецепторларының пайда болуын қалпына келтіруші рефлекстер.
Бақаның қалыпты күйін байқайды. Бақаның артқы аяғын тітірікендіргенде басқа секіреді – бұл күрделі жұмыс локомоторлық құбылыс. Бақаны тақтайшаға отырғызып, оны ақырын еңкейтуден бастап қалыпты күйіне келтіреді. Бұл жағдайда бақа өзін сақтау үшін орнын өзгертеді. Бақаны 180-қа аударып, арқасымен жатқызады. Ол қалыпты күйін сақтауға тырысады. Бақа отырған тақтайшаны айналдырғанда, бақа басын және денесін керісінше бағытқа бұрады.
Статикалық рефлекстер. Бақа отырған тақтайшаны жылдам төмендеткенде, бақаның денесі тырысады, ал көтергенде – көтеріледі. Бұл – лифт реакциясы. Сосын бақаны жамбасынан ұстап ақырын көтеріп, жылдам түсіргенде, бақа аяқтарын созып, өз дене салмағын көтеруге дайындалады. Бақаның тік және статокинетикалық рефлекстерінің күрделі лакомоторлық құбылыстарды жасайтын қасиеттері бар екендігі қорытындысы шығады.
Жұмыстын барысы: бақаны суға салып, сосын айналдырғанда бақа кері бағытқа малтып кетеді.
Жұмыс барысы: бақаның құлақ тесігінен ине тығып, мишықты зақымдайды, 5 минуттан соң бақаның күйін байқайды. Бұл кезде бақаның басы түсіп және денесі бүгіліп тұрады. Секірген кезде денесі жөндеп қызмет атқармайды, мұндай бақа суда малти алмайды (сурет).
Шығармашылық тапсырмалар:
1) тонусты рефлекстің пайда болуына қатынасатын рецепторларды атап шығу;
2) бұлшық еттің тонусын және жүріс-тұрысын қозғалыстарының реттелуіне қатынасатын жүйке орталықтарын атау.
Студенттердің өздік жұмысы(СӨЖ) тақырыптары:
1) мишық миының құрылысы және қызметі;
2) статикалық және статокинетиқалық рефлекстерді атап шығу;
3) жануарлардың жүріс-тұрыс рефлекстерін зерттеу;
4) мишықтын қызметін зерттеу.
Жүйке жүйесі тарауы бойынша коллоквиум сұрақтары
1. Орталық жүйке жүйесі және оның қасиеттері;
2. ОЖЖ-ң структуралық және функциональдық бірлігі не болып саналады;
3. Рефлекстің классификациясы;
4. Рефлекторлық доға және оның бөлімдері;
5. Синапстар, оның құрылысы және қозуды өткізу механизмі;
6. Жүйке орталығы, оның қасиеттері;
7. ОЖЖ-ң тежелу түрлері;
8. Жүріс-тұрыс рефлекстері;
9. Сопақша, ортаңғы ми және мишық бұлшық еттердің құрылысы және үйлесімділік қозғалыстарының реттеудегі ролі.