8 ҚАН АЙНАЛЫМ ФИЗИОЛОГИЯСЫ


Жүрек – ағзадағы қанның қозғалысын қамтамасыз ететін ең негізгі мүше, оның қызметі жүрек бұлшық етінің кезек-кезек жиырылуы арқылы жүзеге асады. Жүрек жұмысы кезінде қан айналым жүйесінің әр бөлігінде әртүрлі қысым пайда болады, бұл қысымның әсерінен қан тамырларда үзіліссіз айналып отырады. Қан үнемі айналыста болғандықтан ол ағзаның барлық ұлпаларына үнемі қоректік заттарды жеткізіп отырады (оттегі, тұздар, гормондар және тағы да басқа қосылыстар).

8.1 Бақа жүрегінің қызметін байқау

Бақаның жүрегі мен жылы қанды жануарлардың жүрегінің арасында құрылысы мен қызметі жағынан көптеген айырмашылықтар бар. Бақаның жүрегі үш камерадан тұрады – екі жүрекше және бір қарынша. Сонымен қатар, қуыс венаның оң жүрекшеге кірер жерінде веналық синус түзіледі. Бақа жүрегінің жұмысы веналық синустың (систола), жүрекше мен қарыншаның ырғақты жиырылуы арқылы жүзеге асады, сонан соң жалпы диастола пайда болады. Систола мен диастола бірігіп жүрек циклын құрайды.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Қан айналу шеңбері және қан айналу жүйесінің маңызы?

2. Жүректің құрылысы?

3. Жүрек циклы және оның фазалары?

4. Жүрек қызметін тексеру әдістері (кардиография, электрокардиография, рентгенография, фонокардиография т. б.)?

5. Жүректің систолдық және минуттық көлемі деген не?

Сабақтың мақсаты: жүрек жұмысын жазу әдісімен танысу және алынған қисықтыққа талдау жасау.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақалар, қайшы, пинцет, физиологиялық ерітінді, мақта, дәке, серфин, қалам, кимограф.

1 зертханалық жұмыс. Бақа жүрегінің жиырылуын жазу (кардиография)

Жұмыстын барысы: бақаны қимылсызандырады (жоғарғы жақ сүйегін кесіп алып тастайды), жұлынын ұзын инемен зақымдандырып, аяқтарын түйреуішпен тақтайшаға бекітеді (сурет).

Жүрек аймағында кеуде- құрсақ бөлімін ашып, жүректі перикардтан босатып, жүректің ұшын жіп арқылы жазғыш тұтқаға бекітілген қысқышпен қысып, перикардпен (үлпершек) байланысқан ұлпаны қияды.

Кимографтың барабанын іске қосып, жүрек жиырылуын жазады. Жүрек жұмысын бақылай отырып, оның жүрекше мен қарыншасының кезекпен жиырылуына назар аудару керек.

Бақа жүрегінің жиырылуын кестелік тіркеуге арналған құралдың сызбасы

Тәжірибе барысында жүректі физиологиялық ерітіндімен сулап тұру қажет. Жүрек жұмысын жазып болғаннан соң кардиограманның сипатын талдап, жүректің әр түрлі бөліктерінің жиырылуына байланысты жүрек қисығының өзгерістеріне мән беру керек.

Шығармашылық тапсырмалар:

1) адам және жануарлар өлігі бір тәуліктен кейін ыдырай бастайды, ал тірі ағзада осы құбылыс байқалмайды, неге екендігін түсіңдіріңіз.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:

1) жүрек жиырылуының ырғағына жылыту және суыту қалай әсер етеді;

2) жұмысшы және ерекше жүрек бұлшықетінің ерекшелігі мен қызметі.

8.2 Бақа жүрегінің автоматиясын және оған түрлі факторлардың әсерін зерттеу

Жүректің жиырылуы жүрек бұлшық етінде өздігінен пайда болатын қозу импульстерінің әсерінен болады. Жүрек бұлшық етінің осы қасиеті жүрек автоматиясы деген атау алды. Осы қасиетке байланысты бақа ағзасынан кесілген жүрек әлі бірқатар уақыт ырғақты жиырылуын жалғастырады. Автоматия ырғағы (қозу импульстерінің пайда болу жиіліктері) қоршаған орта жағдайларына байланысты (температура, эликтролитті құрам, гормондардың бар болуы және т. б.).

Жоғары сатыдағы омыртқалыларда жүректің өткізгіштігін жүйке-бұлшық ет туындылары – артқы және алдыңғы қуыс веналардың оң жүрекшеге құятын жерінде орналасқан Кис-Флэк түйіні, және жүрекше мен қарыншалардың пердесінің оң жағында орналасқан Ашоф-Тавар түйіні қамтамасыз етеді. Бұл түйіннен Гис шоғыры тарайды. Жүрек қарыншаларының маңында ол екі аяқшаға бөлінеді, олар қарыншалардың қабырғасында Пуркиньенің ұсақ талшықтарына тарамдалады (сурет).

Бақа жүрегінің анатомиялық жобасы

Жүрек осы жүректің өзінде туындайтын импульстердің әсерінен жиырылады. Бақаның өткізгіш жүйесі 3 түйіннен тұрады: Ремак, Биддер, Людвик, бұл түйіндерге жоғары дәрежелі автоматия тән және олар ырғақты басқару қызметін атқарады. Осы жүйенің көмегімен жүрек бұлшық етінің қозуы жоғарыдан төменгі бөлімдерге беріледі, ол өз кезегінде алдымен жүрекшенің, сонан соң қарыншалардың кезектескен ырғақты жиырылуын қамтамасыз етеді.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Жүрек автоматиясы туралы түсінік?

2. Жылы қанды жануарлар жүрегінің өткізгіш жүйесінің құрылысы қандай?

3. Автоматизмнің шығу тегін түсіндіретін қандай теориялар бар?

4. Синустық түйіннің жетекші ролін қандай тәжірибелер дәлелдейді?

5. Автоматияның “азаю” градиенті деген не?

Сабақтың мақсаты: жүрек бұлшық етінің автоматиясын, оның жүректің өткізгіш жүйесімен байланысын және жүректегі “азаю” жиырылу градиентін зерттеу.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақаны бекітетін тақтайша, іреуге (препаровка) арналған жиынтық, лигатура, физиологиялық ерітінді, серфин мен Энгельман тұтқасы ( рычажок).

1 зертханалық жұмыс. Бақа жүрегінің автоматиясы және оның температураның әсеріне тәуелділігі

Жұмыстын барысы: бақаны қимылсыздандырып, жүрек маңындағы кеуде-құрсақ қуысын тіліп, жүрегін жалаңаштайды. Жүрек ұшын Энгельман тұтқасымен байланысқан серфинмен қысып ұстайды (кесте).

Бақа жүрегінің әр түрлі температурада жиырылу уақыты

Алдымен жүректің бір минуттағы жиырылуын санайды, сонан соң венозды синусына суық су құйылған пробирканы тигізіп тұрып жүректің 1 минутта жиырылуын 2–3 минут бойы санайды. Жүрек жиырылуы қалпына келген соң дәл осы тәжірибені жылы су құйылған пробиркамен қайталайды.

Нәтижесін жазып, қорытынды жасайды.

2 зертханалық жұмыс. Жүректің өткізгіш жүйесіне талдау жасау (Станниус тәжірибесі)

Жұмыстын барысы: бақаны қимылсыздандырып, кәдімгі әдіспен жүрегін жалаңаштайды. Пинцеттің көмегімен жүректің астынан жіп өткізіп, түйіншектейді де, түйіншектен төменгі жағынан жіпті қиып тастайды. Жүректің ұшын Энгельман тұтқасымен байланысқан серфинмен қысып ұстап тұрып, жүректің жиырылу жиілігін санайды. Станниустың бірінші лигатурасын веноздық синус пен жүрекшенің арасында байлайды, ол үшін ұзындығы 12–15 см жіпті пинцетпен аортаның тармақтарының төменгі тұсынан байлайды.

Станниус бойынша лигатуралардың салынуы

Лигатураны басында ақырындап, сонан соң тез синус пен жүрекшені бөліп тұрған ақ жолақтың бойымен қатты тартып байлайды. Бұл жағдайда жүрек тоқтап қалады, ал синус жиырылуын жалғастырады. Осы кезде веноздық синустың жиырылуын санайды

Екінші лигатураны қарынша мен жүрекше арасында байлайды, қарыншаның немесе жүрекшенің, немесе екеуінің де жиырылуын қалпына келтіреді, Бұл лигатураның Биддер түйінінен қалай қарай орналасқанына байланысты (сурет).

Қайтадан жұмыс істей бастаған жүректің бөлімдерінің жиырылу жиілігін санайды (кесте).

Кесте

Шығармашылық тапсырмалар:

1) кестеге тәжірибенің нәтижесін жазып, қорытынды жасайды.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:

1) бірінші Станниус лигатурасын таңған кезде тоқтап қалған жүрек неге екінші лигатураны таңған кезде жұмыс істей бастайды;

2) станниустың екінші лигатурасын таңған кездегі жүректің бөлек бөлімдерінде жиырылудың қандай варианттары мүмкін;

3) жүректің фибриляциясы мен блокадасы дегеніміз не.

8.3 Жүрек бұлшық етінің өткізгіштігі және қозғыштығын зерттеу

Жүрек бұлшық етінде, басқа бұлшық еттердегідей, әрбір қозудың өршуінен кейін толық қозбаушылық байқалады (абсолютті рефракттілік). Жүрек жиырылуының барлық кезеңінде ешқандай қоздырғыштарға жауап бермейді. Жүрек бұлшық етінің босаңсуы кезінде жүрек бұлшық етінің қозғыштығы пайда болып бірте-бірте өсе бастайды. Бірақта босаңсудың алғашқы сатысында қозғыштық төмен болады, сондықтан осы күйді салыстырмалы рефракттілік деп атауға болады. Салыстырмалы рефракттілік стадиясында қозу импульстері әдетте өткізбелі жүйеде пайда болмайды. Ал егер синус түйіні аумағында қатты қоздырғыш түсірсе (мысалы инемен шаншу) , онда жүрек бұлшық етінде қозу пайда болады да жүрек жиырылады. Кезектен тыс жүректің жиырылуы экстросистола деп аталады. Экстросистоладан кейін компенсаторлы деп аталатын ұзақталған пауза ілеседі.

Жүрек бұлшық етінің қозғыштығы жүрек диастола периодында кенет жоғарылайды (экзальтация фазасы).

Жүрек бұлшық етінің қозуы оның қызметтік жағдайына тәуелді. Мысалы, систола (жиырылу) кезінде бұлшық еттің тітіркендіргішке жауап бермеуі – абсолютті рефрактерлік. Егер жүрекке тітіркендіргішпен диастола (босаңсу) кезінде әсер етсе, онда бұлшық ет тағы да жиырылады – салыстырмалы рефрактерлік. Мұндай кезектен тыс жиырылу экстрасистола деп аталады, осыдан соң жүректе ұзағырақ компенсаторлық үзіліс туындайды.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Жүрек бұлшық етінің қандай қасиеттері бар?

2. Абсолютті және салыстырмалы рефрактерлік деген не?

3. Жүрек циклы кезеңінде жүрек бұлшық етінің қозуы қалай өзгереді?

4. Қарынша және жүрекше бұлшық еттері үшін абсолютті, рефрактерлі кезеңнің ұзақтығы қандай?

5. Экстрасистола және компенсаторлық үзіліс деген не және оның пайда болу себептері?

Сабақтың мақсаты: жүрек бұлшық етінің қозуын оның жұмысының әр түрлі фазаларында зерттеу, жүрек бұлшық етінде электр құбылысының пайда болу механизмін зерттеу.

1 зертханалық жұмыс. Жүрек бұлшық еті қозуының өзгеріс динамикасы және экстрасистоланы алу

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: кимограф, әмбебап штатив, кардиографиялық пинцет, бақаны бекітуге арналған тақтайша, Энгельман тұтқасы, электростимулятор, Рингер ерітіндісі, союға арналған хирургиялық жиынтық, лигатуралар.

Жұмыстын барысы: бақаны қимылсызандырып, тақтайшаға бекітеді де кәдімгі әдіспен жүрегін жалаңаштап, тақтайшаны штативке орнықтырады. Жүрек қарыншасын кардиографиялық пинцетке орналастырады. Кардиографиялық пинцеттің жазғышын (писчик) кимографтың беткейіне жанастырып тұрып, жүректің қалыпты жағдайдағы жиырылу қисықтығын жазады.

Жүректі систола және диастоланың бас кезінде тітіркендіріп, кимограф барабанында жүректің жиырылуын жазады, жүрекке электростимулятормен әсер еткенде жүрек айналымының қандай фазасында экстрасистола пайда болатынын бақылайды. Тәжірибенің соңында экстрасистоланың биіктігі мен компенсаторлық үзілістің ұзақтығын анықтап, қисықтықтың суретін салады. Неліктен систола кезінде қосымша жиырылу пайда болмайтындығын түсіндіру қажет (сурет).

Экстрасистола жазылған кардиограмма
2 зертханалық жұмыс. Жүрек биопотенциалын бақылау (Келликер тәжірибесі)

Жүрек биотоктары жүрек жұмысының көресткіштерінің бірі болып табылады. Жүрек биотогын биологиялық әдіспен де табуға болады.

Жұмыстын барысы: егеуқұйрықтың көкірек жасушасын ашып, жүрегін жалаңаштайды. Жүрек-бұлшық ет препаратын төсеніш шыныға қояды, ал шонданай жүйке шыны күршек арқылы жиырылып тұрған жүректің үстіне тасталады. Осы кезде балтыр бұлшық еттің жүрекпен бір ырғақта жиырылуын байқаймыз, бірақ табандарының жиырылуы алдымен жүреді, ол қаңқа бұлшық етінің латентті кезеңінің ұзақтығы (0,01 сек) жүрек бұлшық етіне (0,5 сек) қарағанда қысқалығымен түсіндіріледі.

Тәжірибе кестесінің сызбасын салып, нәтижесін жазып, қорытынды жасау керек.

Шығармашылық тапсырмалар:

1) электро кардиография (ЭКГ )қандай өзгерістер өтеді егер де Гис шоғыры арқылы өтетін қозуды толығымен оқшауланған болса, ЭКГ суретке салыңыз.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:

1) салыстырмалы рефракттілік периоды және жүрек экзальтация фазасы кезінде қозуды түсіргенде пайда болған экстросистолық жиырылу сипатында айырмашылықтар бола ма;

2) экстроситола оның алдында болатын кезектегі жүрек систоласына қабатталына ала ма;

3) компенсаторлы үзіліс экстрасистоладан кейін әрқашан бола ма.

8.4 Электро- және фонокардиография

Электро- және фонокардиография жүрек қызметін зерттеудің обьективті әдісі болып табылады. Электрокардиография жүрек қызметінің бұзылу себептерін және қозудың пайда болуы мен таралуының табиғатын анықтау үшін қолданылады. Бұл әдістің жүрек қозуынан пайда болатын электр тогын электрокардиограф көмегімен жазуға негізделген, ол үшін мал денесінің белгілі бір бөліктеріне электродтар бекітіледі.

Әдетте тісшелерді өлшеу ІІ бағытта жүргізіледі, өйткені берілетін токтар жүректен болғандықтан қисықтың (электрокадиограмманың) ең биік тісшелері осы ІІ бағытта байқалады.

Электрокардиография – жүректің жұмыс істеуімен байланысты туатын қимылдарды, биоэлектрлік құбылыстарды тіркеуге арналған құрал. Осы арқылы жүректің әртүрлі жағдайдағы жұмысын (мысалы, спорттық физиология) бақылауға болады. Сонымен қатар бұл медициналық тәжірибеде де өте қажет.

Арнайы осциллографтың (электрокардиограф) көмегімен жүрек бұлшық етінің жекелеген бөліктерінің арасындағы шама түрлерінің жүрек айналымына байланысты кезектескен өзгерісін жазуға болады. Дене – жақсы өткізгіш. Сондықтан жұмыс істеп тұрған жүректің қызметін жазу үшін электродтарды тек жүрекке ғана емес, сонымен қатар дене беткейіне орналастыруға болады. Бұл электрокардиографияны жазу адам өміріне қауіп туғызбайтынын және күрделі жұмысты қажет етпейтінін көрсетеді. Электродтар бекітілетін тері бөліктері әртүрлі. Кеуде бағыты – электродтардың біреуі жүрек маңына орналастырылады. Төменгі үш бағыт кеңінен қолданылады: І – сол жақ және оң жақ қол; ІІ – оң қол, сол аяқ; ІІІ – сол қол және сол аяқ. Тітіркендіру жүрекке әртүрлі және ауыспалы бағытта беріледі, сондықтан әр бағыттан жазылған электрокардиограмма бірдей болмайды. Әрбір жүрек циклының электрокардиограммасы бес негізгі тісшелерден тұрады. Кәдімгі жазбада жоғары бағытталған тісшелер жүрек негізінің электроқарсылығын, ал төмен бағытталған тісшелер – жүрек ұшының электроқарсылығын көрсетеді. Тісшелер латын алфавитінің әріптерімен белгіленеді.

Р-тісшесі жүрекшенің систоласын, QRST – қарыншалар систоласын көрсетеді, ол «қарыншалар комплексі» деп аталады.

Фонокрадиография (ФКГ) жүректің механикалық қызметін көрсетеді, сондықтан ол адам және жануарлар жүрегін қалыпты жағдаймен қатар патологиялық жағдайында зерттеу үшін қолданылады.

ФКГ жүрек жұмысы кезінде пайда болатын тонның кестелік жазуы жүргізіледі. Бұл үшін арнайы құрал – фонокардиограф қолданылады, ол электрокардиографқа қосымша құрал. Құралдың жұмыс жасау принципі мынада: микрофонға естілген жүрек тоны өңделіп, электр тогының тербелісіне айналады да электрокадиограф арқылы күшейіп, өзін-өзі жазу жүйесіне түседі.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Жүрек биотоктары қашан пайда болады және оларды қалай байқауға болады?

2. Электрокардиограмма қандай қасиеттерді көрсетеді?

3. Электрокардиография әдісінің принципі, ЭКГ-ны жазу техникасы?

4. Электрокардиографияның маңызы?

Сабақтың мақсаты: электро – және фонокардиография әдісімен танысу.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: электрокардиограф, 10 % хлорлы натрий ерітіндісі, дәке сулықтар, төсек.

1 зертханалық жұмыс. Электрокардиография

Жұмыстын барысы: зерттеу жүргізуге кез-келген маркалы электрокардиограф немесе осциллограф пайдаланылады. Қазір клиникаларда сиямен жазатын ЭЛКАР-3 электрокардиографы қолданылады. Электрокардиографты жұмысқа дайындау үшін: құралды жерге тұйықтау керек сезгіштікті реттегішті және бағыттарды ауыстырғышты «О» белгісіне қоямыз; күштің бағыттағышын «үлкен синусоидтар» белгісіне қоямыз; лентатартқыш механизм тұтқасын «К» белгісіне қоямыз; құралды жүйеге қосып, тумблерді «ВКЛ» белгісіне қоямыз. Қосылғаннан соң 10–15 мин өткеннен кейін калибратор түймесін басқанда жазғыш 1 см-ге ауытқитындай (бұл 1 мв амплитудасына сәйкес келеді) қылып күшті реттейміз.

ЭКГ– ға түсіру үшін адамды толық тыныштандыру керек. Алдын ала арнайы бағытпен (көбінесе 2 – бағытта) жүнін қырқады, 10 %-тік ас тұзы ерітіндісімен суланған дәкенің үстінен электродтарды бекітеді. «Пациент өткізгіштері» аталатын штепсельдерді қосу тәртібі аппаратқа салынған суреттерде көрсетілген. Электродтарды қосқан соң тыныштандыру түймесін басады, содан соң коммутатор тұтқасын пайдалана отырып электрокардиограмманы жазады, алдын ала аппаратты қосып қою керек.

Электрокардиография

Алынған электрокардиограмманың интервалы мен тісшелерін сәйкес әріптермен белгілеп, хаттамаға тіркеп қою керек (сурет).

Шығармашылық тапсырмалар:

1) электрокардиограммаға талдау жасаңыздар. Қорытынды шығару керек.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:

1) электро- және фонокардиография;

2) жүрек қызметін зерттеудегі фонокардиограмманың маңызы қандай.

8.5 Жүрек рефлекстері

Жүрекке тигізетін рефлекторлы әсер әр түрлі болады. Сыртқы әсерлер, олар күшею мен әлсіреуде көрінуі мүмкін, ал кейде жүрек әрекетінің уақытылы тоқтау кезінде көрінуі мүмкін. Ішкі мүшелердің жүйке аяқтауларының қозуы кезінде жүрек рефлекстердің көп саны белгілі. Мысал ретінде жүрек әрекетін кезеген жүйке тонусының жоғарылауы тоқтатататын (Гольц рефлексі) көк еттің жүйке аяқтауларының қозуымен тәжірибе бола алады,

Жүрек қызметіне әр түрлі ішкі және сыртқы тітіркендіргіштер өз әсерін тигізеді. Экстеро немесе интерорецепторлардың жүрек жұмысына әсері рефлекторлы түрде (вегетативтік орталықтың тонусының өзгеруі арқылы) жүзеге асады (сурет).

Жүректің иннервациясы

Жүрек жұмысына ішкі мүшелердің рефлекторлық әсерін Гольц, Ашнер-Данини тәжірибелерінен және Герингтің қан тамырлардағы тәжірибесінен байқауға болады.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Қандай жүрек рефлекстерін білесіз?

2. Гольц тәжірибесінде жүрек қызметінің өзгеру механизмі қалай түсіндіріледі?

3. Ашнера-Данини тәжірибесінде жүрек қызметінің өзгеру механизмі қалай түсіндіріледі?

Сабақтың мақсаты: жүрек қызметі мен қан қысымына рефлекторлық әсер етуді зерттеу.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: союға арналған хирургиялық жинақ, бақаны бекітуге арналған тақтайша, мақта, бақа.

1 зертханалық жұмыс. Гольц тәжірибесі

Жұмыстын барысы: бақаның жақ сүйегін көз үсті маңынан кесіп тастау арқылы бас миын алып тастайды, онда тек сопақша ми бөлігі қалады. Бақаның ішін жоғары қаратып тақтайшаға бекітеді, кеудесін аздап тіліп, жүрегін жалаңаштайды. Қанды мақта тампонмен тоқтатады да, жүректің бір минуттағы жиырылуын санайды. Сонан соң пинцетпен құрсақ қабырғасын ақырындап соғып, жүрек жиырылуының жиілігін санайды.

Тәжірибенің соңында нәтижесін жазып, рефлекторлық доғаның тұйықталу орыны арқылы қорытынды шығару.

2 Зертханалық жүмыс. Ашнер-Данини рефлексі

Жұмыстын барысы: тексерілетін студенттің білек артериясынан тамыр соғуын тауып, 1 минуттағы соғуын санайды. Соңан соң эксперимент жүргізуші тексерілушінің басын екі жақ шетінен қолымен ұстап, одан көзін жұмуын сұрайды да, оның көз алмасын бас бармақтарымен 5-8 секунд батыра басып тұрып, басуды жылдам тоқтата қояды. Соңан соң тамыр соғуын санап, алдыңдағы санмен салыстырады.

Шығармашылық тапсырмалар:

Тәжірибенің нәтижесін жазып, Ашнер-Данини рефлексінің рефлекторлық доғасы туралы қорытынды жасау керек.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары

1) жұлыны бұзылған бақада Гольц тәжірибесін қоюға бола ма;

2) көк еттің қозуы кезіндегі жиырылу ырғағының тежелуі тіпті жүрек әрекетінің тоқталуы, кезеген жүйке тонусының жоғарылауымен шартталғандығын қалай дәлелдеуге болады;

3) Гольц рефлексінің рефлекторлы доғасның жолы қандай.

8.6 Жүрек қызметінің жүйкелік реттелуі

Жүрек қызметі вегетативті жүйке жүйесімен (кезеген және симпатикалық жүйкелер) реттеледі, оларды тітіркендіргенде әр түрлі 5 әсерді байқауға болады:

1) жүрек жиырылуының жиілігінің өзгеруі (хронотропты);

2) жүрек жиырылуының күшінің өзгеруі (инотропты);

3) жүрек бұлшық етінің тонусының өзгеруі (тонотропты);

4) қозудың өзгеруі (батмотропты);

5) жүрек өткізгіштігінің өзгеруі (дромотропты).

Осы жүйкелердің жүйке орталығын тітіркендіргенде де осындай нәтиже алуға болады.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Қай жүйке жүрек жұмысын реттейді?

2. Жүрек иннервациясының орталығы қайда орналасқан?

3. Жүрек жұмысы және жүрек бұлшық етінің қасиеттері симпатикалық және кезеген жүйкені тітіркендіргенде қалайша өзгереді?

Сабақтың мақсаты: симпатикалық және кезеген жүйкенің жүрек жұмысына тигізетін әсерін зерттеу.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақаны бекітуге арналған тақтайша, союға арналған хирургиялық жинақ, лигатуралар, тітіркендіруге арналған электр тізбегі, тұз түйіршіктері.

1 зертханалық жұмыс. Кезеген жүйкенің орталығын тітіркендіру

Жұмыстын барысы: бақаны дәкеге орап (қимылсыздандырмай) бас миын ашады, пинцет пен қайшыны пайдаланып шеміршекті жоғары қарай (көз алмасының артынан) көтереді. Ромб тәрізді шұңқырды тауып, оны Рингер ерітіндісінде суланған мақта тампонмен жабады. Сонан соң бақаның ішін жоғары қаратып тақтайшаға бекітеді, жүрегін жалаңаштап, оның 1 минуттағы жиырылуын санайды.

Сонан соң ас тұзының түйіршігін сопақша мидың үстіне салып, жүрек тоқтағанша әрбір 2 минут сайын жүрек жиырылуының ырғағын санайды. Соңан соң тұз түйіршігін алып тастап, сопақша ми маңын физиологиялық ерітіндімен тазалап жуады да, ырғақ бастапқы қалпына келгенге дейін әрбір 2 минут сайын жүрек жиырылуын санайды.

Тәжірибеден соң нәтижесін жазып, қорытынды жасау қажет.

2 зертханалық жұмыс. Симпатикалық жүйкенің жүрек қызметіне әсері

Жұмыстын барысы: симпатикалық жүйкені табу үшін алдымен омыртқалардың екі жағында орналасқан кеуде қолқасын табу керек (сол және оң). Осы қолқаларға сұр түсті, жіңішке симпатикалық талшықтар жабыса орналасқан. Бұл тізбек (ішкі құрсақ тамырдың қасында) лигатурамен алынады да кесіледі. Ұлғайтқышпен қарап отырып симпатикалық тізбектің иық шоғырымен қиылысатын жеріне дейін кеседі. Симпатикалық жүйкенің бұл кесіндісін жіңішке электродтарға қояды. Соңан соң симпатикалық жүйкені тітіркендіргенге дейін және тітіркенген кездегі жүрек соғу жиілігін санайды.

Шығармашылық тапсырмалар:

1) тәжірибе аяқталған соң нәтижесін жазып, қорытынды жасайды;

2) неге депресорлық жүйкелердің қиылуы артериальды қысымның тұрақты жоғарылуына әкеледі, бірақ қимаған кезде артериалды қысымның көрсеткіші қалыпты жағдайда болды.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары

1) жүрек әрекетінде мидың әр түрлі бөліктерінің ролі;

2) интеркардиональді рефлекстер және олардың мағынасы;

3) жүрек жұмысының жүйкелік реттелуі ағзада қандай мағынаға ие.

8.7 Гуморальдық факторлардың жүрек жұмысына әсері

Гормондардың, электролиттер мен медиаторлардың жекеленген жүрек қызметіне әсері. Жүрек қызметі әр түрлі химиялық заттардың – гормондар, тұздар және қан арқылы тасымалданатын басқа да гуморальды факторлар әсерінен өзгеруі мүмкін.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Жүректің гуморальды реттелуі деген не?

2. Медиаторлар деген не, олар қай жерде бөлінеді және олар жүрек жұмысына қалай әсер етеді?

3. К және Са иондары жүрек жұмысына қалай әсер етеді?

4. Мүшелерді қоректендіру үшін физиологияда қандай ерітінділер қолданылады, олардың құрамы қандай?

Сабақтың мақсаты: К және Са электролиттерінің, кейбір гормондар мен медиаторлардың жүрек қызметіне әсерін зерттеу.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақалар, кимограф, Энгельман тұтқасы, серфиндер, бақаны союға арналған жинақ, лигатуралар, Штраубе канюлясы, К және Са ерітінділері, резеңке груша, тамызғыштар, Рингер ерітіндісі, адреналин және ацетилхолин ерітінділері.

1 зертханалық жұмыс. Гормондар мен медиаторлардың жекеленген жүрек қызметіне әсері

Жұмыстын барысы: бақаны қимылсыздандырып тақтайшаға бекітеді де, кәдімгі әдіспен жүрегін жалаңаштайды. Сонан соң Шраубе әдісімен жүрегін жеке бөліп алады. Ол үшін екі артерияның және қолқа пиязшығының астынан лигатура өткізеді. Алғашқы екі лигатураны байлайды. Сол жақ артерияда қиғаш тілік жасап, оған алдын ала Рингер ерітіндісімен суланған Штраубе канюлясын енгізеді. Канюляны қарыншаға дейін енгізу керек. Сонан соң веноздық синусқа зақым келтірмей, жүректі ептеп ағзадан кесіп алады. Жүректен сұйықтықты сықап толтыру арнайы грушаның көмегімен қанды сорып шығарады да, қан ұю пайда болмау үшін Рингер ерітіндісімен жуады. Бөліп алған жүректі штативке орнатып, жүректің ұшын серфинмен қысып, оны Энгельман тұтқасымен жалғастырады. Жүрек жұмысына әр түрлі ерітінділермен әсер ете отырып, кимограф бетіне мына ретпен жазады:

1) жеке бөліп алынған жүректі Рингер ерітіндісімен қоректендіргендегі жүрек соғу жиілігін санап, кимограмманы жазады;

2) Рингер ерітіндісін грушамен сорып алып, оған көп мөлшерде Са қосады да, осы ертіндіні қайтадан канюляға құяды. Жүректің соғу жиілігін санап, кимограмманы жазады;

3) көп мөлшерде Са қосылған Рингер ерітіндісін сорып алып тастайды да, жүректі кәдімгі Рингер ерітіндісімен жуып, жүрек жұмысын бастапқы қалпына келтіреді. Сонан соң Рингер ерітіндісіне көп мөлшерде К ионын қосып, жүрекке құяды да, жүрек соғу жиілігін санап, кимограмманы жазады;

4) көп мөлшерде К қосылған Рингер ерітіндісін сорып алып тастайды да, жүректі кәдімгі Рингер ерітіндісімен жуып, жүрек жұмысын бастапқы қалпына келтіреді. Сонан соң жүрекке бірнеше тамшы адреналин (1:1000) қосылған Рингер ерітіндісін құйып, жүрек соғу жиілігін санап, кимограмманы жазады;

5) адреналин қосылған Рингер ерітіндісін сорып алып тастайды да, жүректі кәдімгі Рингер ерітіндісімен жуып, жүрек жұмысын бастапқы қалпына келтіреді. Сонан соң канюляға бірнеше тамшы ацетилхолин қосылған Рингер ерітіндісін құйып, жүрек соғу жиілігін санап, кимограмманы жазады.

Оқшауланған жүрек жұмысына гуморальды агенттердің әсері

Шығармашылық тапсырмалар:

1) тәжірибе кезінде алынған сандарды жазып, кимограмманы сызады. Қорытынды жасау керек (8.7- сурет).

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары

1) жүрек әрекетінің реттелуінің гуморальді факторлары;

2) ауторегуляторлық механизмдер. Жүрек жиырылуының өзіндік реттелу күші;

3) О.Франк және Е. Старлинг заңы;

4) жүрек әрекетінің жас ерекшеліктері. Жүрек жұмысына гиподинамика және физикалық белсенділіктің әсері.

8.8 Қысым және қан тамырларында қанның ағуы

Қан тамыр жүйесінің әр түрлі учаскілерінде қан қозғалысының сипаты бірдей болмайды. Қан жүректен аортаға порциялармен лақтырылады. Кейін аорта мен артерия бойымен үздіксіз ток арқылы қозғалады. Осында оның жылдамдығы баяулайды. Егер аортадағы қан қозғалысының жылдамдығы 500–600 мм/сек жетсе, сонда артериялардағы ол 150–200 мм/сек дейін төмендейді, ал артериолаларда 5 мм/сек дейін түседі. Артерия мен артериолаларда қан екі қабатқа бөлінген: орталық (осьтік) негізінен эритроциттер қозғалады және перифериялық (плазматикалық) лейкоциттер мен қан плазмасынан құралған. Қан тогының осындай бөлінуі қозғалыстың үлкен жылдамдығымен, формаларының әртүрлілігімен және эритроциттер мен лейкоциттердің салмақтарының бірдей еместігімен шартталған. Артериолалардағы қан тогы қалыпты емес, ол қысымның пульстік толқындарымен шартталған. Капиллярлардағы қан жылдамдығы 0,5 мм/сек дейін төмендейді, ол өз кезегінде қан мен ұлпа арасындағы алмасу процесстерінің жүзеге асырылуына қолайлы жағдай жасайды. Капиллярлардағы қан тогы үздіксіз қалыпты. Капиллярлардың диаметрі үлкен емес болғандықтан (8 мк жуық), олардың бойымен эритроциттер «қаз жүрісімен» бір бірінің соңынан қозғалады (эритроциттер диаметрі 75 мк дейін). Кейбір капиллярларда әсіресе олардың тармақталу орындарында эритроциттер қозғалыс кезінде деформацияға ұшырайды. Венула және веналарда қанның ағуы 60-140 мм/сек дейін өседі, ал қуыс тамырларында – 200 мм/сек жетеді. Венулалардағы қан тогы қалыпты, осьтік және плазматикалық бөлімдерге бөлінбейді.

Қанның тамыр бойымен ағу жылдамдығы тамырдың диаметріне байланысты, сондықтан қанның қолқа арқылы ағу жылдамдығы жоғары – 400–500 мм/сек; артерия арқылы төменірек – 150–200 мм/сек; төмен –капиллярларда – 0,5 мм/сек, мұның зат алмасуы үшін үлкен маңызы бар. Жүрек диастоласы кезінде қанның артериядағы ағу жылдамдығы баяулайды.

Капиллярдағы қан айналымы мен оның реттелуін бақаның тілі мен жүзу жарғақтарында зерттеуге болады.

Сфимография – артерияның пульсін жазу, оны сфимограф арқылы жазады. Мүшелердің көлемінің өзгеруін тіркеу плетизмография деп аталады. Плетизмограмманы арнайы құрал плетизмограф арқылы алуға болады, оның жұмысы қысымды пневматикалық берілу қағидасына негізделген.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Артериялардағы, веналардағы және капиллярлардағы қан ағу жылдамдығы қандай?

2. Қан ағудың сызықтық және көлемдік жылдамдығы дегенді қалай түсінуге болады?

3. Қан тамырларының саңылаулары- көлемі қалай реттеледі?

4. Қан тамырларының саңылауларын-көлемі реттеуге қандай жүйкелер қатысады?

5. Қандай заттар қан тамырларын кеңейтеді және тарылтады?

6. Пульс деген не, оның түрлері? Катакрота? Анакрота?

7. Дикротикалық тісшелер қалай пайда болады?

8. Қан ағысының үздіксіздігінің себептері?

9. Қанның капилляр бойымен ағуына сипаттама беріңіз?

Сабақтың мақсаты: капиллярдағы қанның ағуын және тамыр рефлекстерінің пайда болуын, бақа жүрегінің лимфатикалық соғуын бақылау.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: бақа, микроскоп, адреналин, 10 %-тік спирт, электростимулятор.

1 зертханалық жұмыс. Капилляроскопия

Жұмыстың барысы: бақаны 10 минутқа 10 %-тік спирт ерітіндісіне салып, қимылсыздандырады, сонан соң тақтайшаға бекітеді. Артқы аяғының жүзу жарғағын немесе тілін тақтайшадағы тесіктің үстіне келтіріп созады да, тақтайшаны микроскоп столына қояды.

Тіл немесе жүзу жарғағы орналасқан тесікті обьективтің астына дәл келтіру керек, содан соң оны микроскоппен қарайды (сурет).

Бақаның тіліндегі қан айналуын бақылау

Келесі бақылауларды жүргізеді:

1) микроскоптың кіші ұлғайтқышымен артерияларды, капиллярлар мен веналарды тауып, суретін салады. Микроскоп арқылы артерия мен венаның бір-бірінен айырмашылықтарын табады, артерия қанның жолымен тарамдалады, ал вена тамырлары жиналады. Капиллярлардың диаметрі эритроциттер диаметріне тең, сондықтан эритроциттер тізбектеле жылжиды да капиллярлардың иілетін жерлерінен өткенде эритроциттер деформацияланады (көлемін өзгертеді);

2) қан жүйесінің әр түрлі бөлімдеріндегі қанның ағу жылдамдығын белгілеу (жылдамдығы, бірқалыптылығы;

3) орталық (осьтік) және қабырғалық қан ағу жылдамдығының әр түрлі болатынын бақылау;

4) 1 мл адреналинді (0,01 % ертінді) арқа маңында тері астына енгізіп, қан ағудың жылдамдығын бақылайды;

5) шонданай жүйкесін электростимулятормен 10–15 сек тітіркендіреді.

Жұмыстың соңында артериялардың, капиллярлардың, веналардың суретін салып, нәтижесін жазып, қорытынды жасау керек.

Қан тамырлары

Шығармашылық тапсырмалар:

1) оқушылар жиі тұжырымдайды, артерияларда артериалды (оттегімен қаныққан) қан ағады, ал вена бойымен веноздық қан (көмірқышқыл газымен қаныққан) ағады деп. Неге осы тұжырым толығымен дұрыс емес және нақты жауабы қандай болады;

2) неге адам және жануарлар өлігі бір тәуліктен кейін ыдырай бастайды ал тірі организімде ондай құбылыстар болмайды.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ ) тақырыптары:

1) қан тамырларының қызметтік топтары;

2) ағзаның жекелеген мүшелерінде қан айналымының ерекшеліктері;

3) лимфа және лимфа айналымы.

8.9 Артериялық және веналық қысымның өзгеруі

Қан қысымы – тамыр қабырғаларындағы қанның және қан бөліктерінің өзара қысымы. Олар артериялық, веналық және капиллярлық қысым деп бөлінеді. Қалыпты физиологиялық жағдайда қан қысымының көлемі көп өзгермейді.

Қан қысымын өлшеудің екі әдісі бар. Артериялық қан қысымының екі көлемін өлшейді:

1) систолды;

2) диастолдық.

Қан қысымың анықтаудың әдісі бар: Рива-Роччи және Коротков әдістері. Рива-Роччи әдісі (пальпаторлық) – артерияны саусақпен басып тұрғандағы дыбыстарды тыңдауға негізделген. Коротков әдісімен ауылшаруашылық малдарының құйрық түбіне манжетка кигізу арқылы артериялық қан қысымын анықтайды.

Қан қысымын тек өлшеп қана қоймай, оны артериялық осциллограф арқылы осциллограммасын жазуға да болады.

Осциллограмма – манжеткамен түрлі дәрежеде қысқанда артерия қабырғаларында пайда болатын дыбыс көлемін және дыбыс түрлерін, сонымен бірге манжеткадағы қысым мөлшерін автоматты түрде тіркеу сызығы көрінеді. Осциллограммаға қарап ең жоғарғы, ең төмен және орташа динамикалық қысымды анықтауға болады. Орташа динамикалық қысым – қан қысымының ең жоғарғы және ең төменгі тербелісінің қосындыларының ортасы. Бұл үзіліссіз қан айналымын қамтамасыз ететін қысым.

Дайындалуға арналған сұрақтар

1. Қан қысымын тудыратын факторлар. Әр түрлі тамырлардағы қанның көлемі?

2. Ең жоғарғы, ең төменгі, пульстік, орташа динамикалық қысым деген не және олардың қалыпты көлемі қандай?

3. Адамның қан қысымын өлшеу және жазу үшін қандай тәсілдер қолданылады?

4. Қан мен лимфаның қан және лимфа тамырлары арқылы жүруін қамтамасыз ететін факторлар?

5. Рефлексогенді тамырлы зоналар және олардың қан қысымын реттеудегі рөлі?

Сабақтың мақсаты: артериялық қысымды анықтау әдістермен танысу.

Жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар: сфигмоманометр, тонометр, фонендоскоп.

1 зертханалық жұмыс. Артериялық қысымды анықтау

Рива-Роччи тәсілі. Зерттелуші үстелге бір қырымен отырып, қолын үстелге қояды. Қолдың шынтақтан жоғарғы бөлігіне манжетканы кигізіп, өте қатты қыспайтындай қылып бекітеді.

Шынтақтың бүгілетін жерінен шынтақ артериясын табу керек. Манометрдің 150–160 белгісіне жетіп, артерия дыбысы естілмей қалғанша манжеткаға ауа жібереді. Соңан соң бұранданы ақырын ашады, сол кезде манжеттегі қысым біртіндеп төмендейді. Пульс пайда болған кездегі манометрдің көрсеткіші максимальды қан қысымына сәйкес келеді. Коротков тәсілі (сурет).

Жоғарыда көрсетілгендей манжет кигізіледі. Манжеткадан төменірек иық артериясына фонендоскоп мембранасын қояды. Бұл кезде ешқандай дыбыс естілмейді. Манжеткаға ауа жіберіп, 150–160 мм/рт.ст. жеткенде клапанды ақырын ашып, ауаны біртіндеп шығара бастайды. Белгілі қысымға жеткенде кенеттен анық дүрсіл естіледі, сол кезде манометрдің көрсеткішін белгілеу керек.

Алынған көрсеткіштерді жазып алу керек.

Коротков тәсілі бойынша адамның артериялық қан қысымын өлшеу

Дүрсіл пайда болғандағы қысым қан қысымының жоғарғы көрсеткішін көрсетеді. Сонан соң дыбыс қаттырақ естіліп тұрады да, жоғалып кетеді. Дыбыстың жоғалу кезіндегі манометр көрсеткіші төменгі қысымға сәйкес келеді. Пульстік қысымның көлемін анықтау үшін жоғарғы қысым көрсеткішінен төменгі қысым көрсеткішін алып тастайды да жалпы қорытынды шығарылады.

Шығармашылық тапсырмалар:

1) иттің ұйқы артериясында жасанды түрде қан қысымы 180 мм рт. ст. дейін көтеріледі, осыған орай жүрек жұмысы қалай және неге өзгереді, рефлекторлы доғаны салыңыз.

Студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ) тақырыптары:

1) қан қысымының шамасын анықтайтын физиологиялық механимздер;

2) манжеткамен тамырды басқанда артериялардағы тондардың пайда болуы мен жоғалуында қандай себептер жатыр;

3) әр түрлі жастағы адамдардың қан қысымы қандай;

4) гипотония мен гипертония дегеніміз не.