5 - Дәріс. Топырақ жамылғысының табиғи ортаның құрылымындағы рөлі. Жер ресурстары. Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері


Топырақ жамылғысы. Климаттың, өсімдік жамылғысының, жануарлар әлемінің, топырақ құраушы жыныстардың, жер бедерімен және топырақ құраушы жыныстармен байланысты ыза сулық және жер беті суларының ерекшеліктері, геологиялық үрдістердің топырақ қалыптасуына әсері (эрозия, дефляция, т.б.), уақыт өте топырақтың табиғи өзгеруі, адамның шаруашылық әрекетінен өзгеруі –бұның барлығы әртүрлі сипатта Павлодар облысының аумағында топырақ қалыптасу үрдісіне және топырақ жамылғысының алуантүрлілігіне жағдай жасайды. Негізінен облыстың солтүстігінде табиғат зоналарында (негізінен 53°20' с.е. солтүстікке қарай ) оңтүстік қара топырақ таралған. Орта бөлігінде қара қоңыр топырақ басым. Және де, облыстың қиыр оңтүстігінде (50°40'с.е. оңтүстікке қарай) ақшыл қоңыр топырақ басым. Сол жақ жағалауда, таулы жер бедерінің таралуы шегінде таулы топырақтардың топтары ажыратылады – таулы- орманды, таулы қара топырақ, таулы қара қоңыр топырақ. Жоғарыда аталған барлық топырақ түрлері зоналық және автоморфты топырақ тізбегін құрайды, өйткені олар атмосфералық жауын –шашынның есебінен терең бойлаған жер асты суларының (әдетте 8-10 м терең) әсерінен жер бетінің жоғарғы ылғалдану аймағында және сәйкесінше дала, шөлді дала, орманды өсімдіктер шегінде қалыптасады.

Табиғат жағдайларының алуан түрлілігіне байланысты облыстың топырақ жамылғысы төрт аймаққа бөлінеді. Қиыр солтүстікті негізінен механикалық құрамы саздақты келетін, шіріндісі біршама аз карбонатты және құмайтты оңтүстік қара топырақ зонасы (І) алып жатыр. Оңтүстікке қарай қарашіріндісі аз қалыпты және әлсіз құмайтты, негізінен орта және жеңіл саздақты қара қоңыр топырақ (ІІ) зонасы орналасқан. Оңтүстікке қарай қоңыр топырақты зона (ІІІ) орналасқан. Баянауыл ауданының оңтүстік – батысында таулы және шіріндісі аз тасты қара қоңыр топырақ таралған. Төртінші зона (ІV) облыстың оңтүстік бөлігін алып жатыр, мұнда ақшыл қоңыр топырақ (Сурет 3 – те көрсетілген).

Оңтүстік қара топырақ зонасы Ертіс, Железин аудандарының басым бөлігін және Қашыр ауданының солтүстігін қамтиды. Бұл зона жеткіліксіз ылғалданады, жыртылатын жерлер бидайдың тауарлық егіншілігі үшін пайдаланылады. Құрғақшылықтың қайталануы 25 жылға дейін, гидротермиялық көрсеткіш - 0,7-0,9.

Далалық аймақтың кең таралған топырақтарына терең бойлаған, қалыпты, карбонатты және құмайтты оңтүстік қара топырақ, шалғынды- қара топырақ, құмайтты – саздақты кешендер жатады. Топырақ жамылғысында үш үлкен аудан ажыратылады. Сол жақ жағалауда, солтүстік және орталық бөлігінде механикалық құрамы бойынша сазды және ауыр саздақты карбонатты шіріндісі аз оңтүстік қара топырақтар таралған.

Далалық аймақтың шығыс бөлігін саздақты – құмайтты кешендерімен оңтүстік қара топырақты екінші кешендік аудан алып жатыр. Механикалық құрамы жөнінен топырақ негізінен саздақты болып келеді.

Үшінші топырақты аудан – қалыпты және терең бойлаған оңтүстік қара топырақ, ол Ертіс өзенінің оң жағалауы бойымен ені 10-15 км жететін жолақ ретінде орналасқан. Топырақ жамылғысы біркелкі құрылымымен ерекшеленеді. Механикалық құрамы бойынша топырақтар жеңіл саздақты, құмайтты, құмды топыраққа жатады. Механикалық құрамның күрделенуі батыстан шығысқа қарай байқалады.

Topyraq

Сурет 3 – Павлодар облысының топырақтар картасы

Терең бойлайтын оңтүстік қара топырақ механикалық құрамы жөнінен жеңіл топырақ құраушы жыныстардан қалыптасқан. Топырақ карбонатты қабаттың терең бойлауымен сипатталады. Топырақ құрылымы агрономиялық жағынан төмен. Қара шірінді қабаты созылыңқы, бұл жеңіл механикалық құрамымен тығыз байланысты. Ыза сулар терең бойлап, топырақ құраушы үрдістерге ешқандай септігін тигізбейді.

Осы топырақтардың басым бөлігі 3-4% қара шіріндіден тұрады, жаңа жыртылған, ескірген жыртылған жерлерде - 2% және одан да кем. Қара шіріндінің аз болуы және жеңіл механикалық құрамына топырақта өсімдіктер үшін қажетті қоректену элементтерінің – фосфор және азот жеткіліксіз болуына да байланысты болады. Жыртылған жерлерде, әсіресе күшті жел соғатын беткейлерде, жалдар мен адырлар шыңдарында топырақтар дефляцияға ұшырайды [5, б.31 - 42; 6, б.12 – 16].

Оңтүстік қалыпты қара топырақтар 4,5-5 мтереңдікте жер асты сулары орналасқан жер бедерінің көтеріңкі бөлігінде орналасқан. Топырақ құраушы жыныстар ретінде көлді – аллювиальді жеңіл және орташа саздақтар саналады. Топырақтар әртүрлі – қызыл селеулі өсімдік жамылғысының астында қалыптасқан.

Механикалық құрамы бойынша бұл топырақтар, негізінен, жеңіл және орташа саздақты келеді; жаңа жыртылған және тың жерлердегі қарашірінді – 3-4 %, ескі жыртылатын жерлерде - 2,5% дейін. Топырақ құрамында фосфор аз, азот – орташа, калий – жеткілікті мөлшерде. Топырақ реакциясы орташа көрсеткіште. Топырақтар эрозияға қарсы шараларды жүргізуді қажет етеді.

Карбонатты оңтүстік қара топырақ Ертіс ауданының солтүстік және орталық бөлігінде біркелкі құрылым ретінде қалыптасады. Ыза сулары 5-8 м- ден терең орналасқан. Топырақтар әртүрлі- қызыл селеулі өсімдік жамылғысы астында қалыптасқан, механикалық құрамы анағұрлым күрделі топырақтар солтүстікте, жеңіл – ауданның оңтүстік бөлігінде шоғырланған. Солтүстік бөлікте карбонатты қара топырақтарда қарашірінді 5-6%, жекеленген аймақтарда - 3-4%. Қозғалмалы пішінді фосфор аз, азот – орташа мөлшерде. Күрделі механикалық құрамына қарамастан, топырақ агротехниканың бұзылуы салдарынан дефляцияға ұшырайды. Сондықтан оларды егіншілікте пайдаланған кезде эрозияға қарсы агротехникалық шаралар жүргізуді қажет етеді.

Құмайтты оңтүстік қара топырақтар қара топырақты аймақта сол жақ жағалаумен қатар оң жағалауда да кездеседі. Олардың басты ерекшелігі морфологиялық және химиялық тұрғыдан құмайтты болуы саналады. Механикалық құрамы бойынша саздақты алуантүрлілікке жатады(оң жағалауда жеңіл және орташа саздақты, сол жақ жағалауда күрделі және орташа саздақты).

Топырақ құрамында негізінен қарашірінді аз мөлшерде болады. Қозғалмалы пішіндегі азотпен орташа, фосформен – аз, калий – жоғары мөлшерде қамтамасыз етілген. Топырақ эрозияға қарсы төтеп бере алады.

Шалғынды – қара топырақты жерлер Ертістің оң жақ жағалау бөлігінде таралған. Бұл топырақтың шалғынды- далалық сорлар кешенінде біртізбекті құрылымдары көлемі жөнінен аз мөлшерде кездеседі. Жер бедері бойынша жазықтардың ойпаңды жерлерге орналасуы байқалады. Ыза сулары 3,5-4,5 м тереңдікте орналасқан және топырақ құраушы үрдісіне ықпал етеді. Көктемде бұл жердегі өсімдіктер, қара топыраққа қарағанда, кеш өнеді, бұл егін жұмыстарының мерзіміне және көктемгі өңдеу жұмыстарының сапасына әсер етеді. Зонаның сол жақ жағалауында топырақ құраушы жыныстарға карбонатты және тұзды саздар мен саздақтар, оң жақ жағалауда жеңіл және орташа құмдар жатады. Топырақтардың қарашіріндісі орташа (6-8%), калийге, азот және фосфорға бай. Жиі бұл топырақтарда тез еритін тұздардың тайыз (1-1,5 м) орналасуы байқалады, яғни оларды шабындық ретінде пайдалану тиімділігін көрсетеді. Топырақ қабаты эрозияға төзімді және дефляцияға қарсы жүргізілетін шараларды қажет етпейді.

Қара топырақты аймақтың оң жақ жағалау бөлігінде тұзданған топырақтар кең таралған. Олар жер бедерінің ойпаң жерлерінде жиі кездеседі. Саздар мен саздақтар топырақ құраушы жыныс рөлін атқарады. Ыза сулары тайыз орналасады (2,5м- ге дейін). Көктемде еріген сулар ойпаң жерлерде ұзақ тұрып қалады, соның салдарынан су түбінде осындай топырақтардың қалыптасуы жүреді. Тұзды жерлерді шымды, орманды, батпақты деп ажыратады. Қоректік заттары мол жерлерді ағаш отырғызуға қолданған жақсы, соған қоса қайыңды және қайыңды – теректі ағаштардың таралуы дәл осы топырақпен байланысты.Бұл топырақты аймақта орманды кеңістіктің жолақаралық ені 350 м-ден 400 м-ге дейін болғаны жөн. Кей жағдайда олар жаңартылған шабындық ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Қара топырақты аймақтың территориясында өте көп тұзданған жерлер басым тараған (бірқалыпты құрылым ретінде, сонымен бірге басқа топырақтармен қоса). Олардың ерекшелігі болып жаңғақты, призмалық және баған құрылымды, айқын көрінетін морфологиялық және химиялық тұзды қабат (В) болып табылады. Облыс аумағында негізінен орташа және көп натрийлі тұзды жерлер таралған, мұнда 0- 30см тереңдікте тез еритін тұздар кездеседі. Тұзданудың жоғарғы деңгейінде мелиорацияға мол шығын кететіндіктен сортаңдылыққа қарсы шаралар жүргізу тиімсіз.

Қатпарлы, ұсақ және орташа далалық сортаңдар өнімділігі төмен жайылымдар болып табылады. Фермерлер мен шаруа қожалықтары үшін ең алдымен сортаңдылыққа төзімді көпжылдық шөптесін өсімдіктерді егу тиімді.

Қара - қоңыр топырақты далалық аймақ Ертіс және Қашыр аудандарының оңтүстігін, Успен, Шарбақты ауданының көп (солтүстік және орталық), Павлодар ауданының солтүстігі, Ақтоғай ауданының басым бөлігін және Ақсу селолық зонасының солтүстігін, сонымен қатар Баянауыл ауданының оңтүстік – батыс бөлігін алып жатыр. Бұл зона мал және тұрақсыз егін шарушылығының аймағы саналады. Топырақтарда қуаңшылықтың қайталануы 35%- ға дейін. ГТК 0,5-0,7 тең. Топырақтың 0-20,0-50 және 0-100 см қабатында өнімді ылғалдың қоры: сәйкесінше жеңіл саздақты топырақта - 25-35 мм, 60-80 мм и 140-150 мм; құмайтты топырақта - 15-25,20-30 және 90-125 мм.

Топырақ, қара топырақты зонаға қарағанда, эрозияға қарсы төтеп бере алады. Дефляция көбінесе механикалық құрамы құмды, құмайтты, жеңіл саздақты қалыпты және терең бойлағыш қара- қоңыр топырақтарда байқалады.

Бұл зонада 5 топырақтық аудан ажыратылады.

1. Қара- қоңыр сортаң топырақ ауданы сол жақ жағалаудың шығыс бөлігін алып жатыр. Механикалық құрамы бойынша олар негізінен жеңіл және орташа сазды. Жел эрозиясы жекелеген ошақтармен, әлсіз жүреді.

2. Қалыпты қара- қоңыр және қара- қоңыр сортаңды топырақ зонасы аймақтың оң жақ жағалауының солтүстік және оңтүстік- шығыс бөлігін қамтиды.Механикалық құрамы бойынша олар орташа және жеңіл саздақты келеді. Жел эрозиясы әлсіз.

3. Орташа эрозияға ұшыраған қара- қоңыр терең бойлағыш топырақ ауданы осы зонаның оң жақ жағалауының орталық және оңтүстік бөліктерінде орналасқан. Механикалық құрамы бойынша құмайтты топырақтар басым келеді. Бұл аудан эрозия үрдісін арттыратын тізбекті- дөңесті жер бедерімен сипатталады.

4. Қатты эрозияға ұшырайтын қалыпты қара- қоңыр және терең бойлағыш қоңыр топырақ Ертіс өзенінің оң жағасы бойымен таралады. Механикалық құрамы бойынша топырақ құмды және құмайтты. Бұл аудан аудара жыртылатын жерлер үшін эрозияның қауіпті ошағы болуы мүмкін.

Баянауыл әкімшілік ауданының оңтүстік- батысында таулы жарықшақталған қара- қоңыр топырақты аудан ажыратылады. Механикалық құрамы бойынша топырақ негізінен орташа және жеңіл саздақты болып келеді. Егер қорғау шаралары жүргізілмесе, топырақ қимасының аз қабаттылығы оның эрозия салдарынан толықтай жоғалып кетуіне соқтырады.

Қара- қоңыр терең бойлағыш топырақтар Ертістің оң жағалауы бойымен осы зонаның батыс бөлігінде, Ажболат, Жалаулы көлдерінің аумағында, зоналықтың оңтүстігінде және жекелеген бөліктерде жалдар мен адырлар бойымен таралған.

Жер бедері бойынша аталған топырақтар әлсіз- жарықшақталған көтеріңкі жазықтарға қарай таралады. Ыза сулары 8-10 м тереңдікте орналасқан. Топырақ құраушы жыныстар болып құм мен құмайттардың қалың қабаттары саналады. Механикалық құрамы бойынша құмайтты топырақтар басым. Қаршірінді қабаты созылыңқы, құрылымсыз. Оның мөлшері аз - 2%-ға дейін. Топырақ құрамында фосфор және азот аз. Жеңіл механикалық құрамына, қарашіріндінің аздығына, құрылымсыздығына сәйкес олар дефляция әсеріне тез ұшырайды, әсіресе адырлар мен таулар шыңдарында, тау беткейлерінде.

Сортаң қара-қоңыр топырақтар Ақтоғай, Успен және Шарбақты аудандарының солтүстік-шығыс бөлігінде жазықтың төмендейтін бөліктеріне қарай кең таралған. Олардың механикалық құрамы әртүрлі – құмайттыдан орташа саздыға дейін. Топырақтың қарашіріндісі аз, жоғарғы қабатында 2 - 3% қарашірінді болады.

Құрамындағы азоттың мөлшеріне сәйкес топырақ орташа қамтамасыз етілген топырақтар қатарына жатады: 100 г топырақта 4-9 мг азот.Қол жетімді фосфор қышқылы жоғары және орташа мөлшерде – 100 г топырақта 12 мг-ден 30 мг-ге дейін. Калий – 100 г топырақта 40- тан 60 мг- ға дейін.

Қоңыр- топырақты далалық аймақ – көлемі жөнінен облыстағы ең үлкен далалық аймақ (-50%). Павлодар, Аққу, Шарбақты және Ақтоғай аудандарының оңтүстігін, Ақсу, Май және Баянауыл аудандарының басым бөлігін алып жатыр. Егістік ылғалмен аз қамтамасыз етілгендіктен мал шаруашылығына арналған. Топырақта қуаңшылықтың қайталануы жылына 50%- ды құрайды. ГТК 0,3 - 0,5.

Жел эрозиясы барлық егістік жеріне әсер етеді, ол арнайы топырақ қорғаушы жер телімдері мен құрылғыларды пайдаланудың кең таралғанынан көрініс табады.

Далалық аймақта ірі топырақтық аудандар кездеседі. Зоналықтың сол жақ жағалауының солтүстік- шығыс бөлігін қоңыр, сортаң, құмайтты және жеңіл сазды топырақ аудандары алып жатыр. Жалпы алғанда аудан топырақ жамылғысының біркелкі құрылымымен сипатталады. Жел эрозиясы барлық аумақта байқалуы мүмкін.

Оң жағалаудың солтүстік және орталық бөліктерінде сортаң құмайтты қоңыр топырақ ауданы орналасқан.

Далалық аймақтың сол жақ жағалауының солтүстік бөлігін сортаң қоңыр және жеңіл саздақты, құмайтты қоңыр топырақтар ауданы алып жатыр. Аудан бойынша ұсақталған тастар мен тығыз жыныстардың қабаты таралған, зоналық топырақтарда ұсақталған тастардың жақын шоғырлануы байқалады.

Далалық аймақтың оңтүстік- шығыс бөлігін қалыпты қоңыр және терең бойлағыш құмды және құмайтты, дөңесті қоңыр топырақтар ауданы алып жатыр.Аудан біршама бірқалыпты құрылымымен және жел эрозиясының күшті болуымен сипатталады.

Далалық аймақтың оңтүстік бөлігін аз дамыған жарықшақталған қоңыр топырақтар ауданы басып жатыр. Олардың жамылғысы бірқалыпсыз: көптеген шоқыаралық ойпаттар бойымен сортаңды кешендер, тығыз жыныстардың қабаттары үлкен аумақты қамтиды. Механикалық құрамы бойынша жеңіл және орташа сазды топырақтар басым болып келеді.

Қоңыр терең бойлағыш топырақтар, әдетте, биігірек келетін жер бедерлерінде (жалдар, адырлар) таралады. Құмдар мен құмайттар топырақ құраушы жыныстар болып саналады. Ыза сулары терең орналасқан. Қарашірінді қабаты созылыңқы, әлсіз боялған. Механикалық құрамы бойынша далалық аймақтың оңтүстік- шығыс бөлігінде борпылдақ және құмды, солтүстік – шығыс бөлігінде – құмайтты және құмды. Жоғарғы қабатта қарашірінді мөлшері 0,5 - 1,5%.

Топырақтар эрозияға қарсы тұра алмайды, әсіресе жел қатты соғатын беткейлерде эрозия өте күшті қарқынмен жүреді.

Қалыпты және әлсіз сортаңды қоңыр топырақтар далалық аймақтың шаруашылық құндылығын айқындайды. Жазықтардың ойпаңды жерлерін, ежелгі қазаншұңқырлардың, көлдердің беткейлерін, ежелгі өзен аңғарларын қамтып, олар жақсы су- ауа қасиеттеріне ие. Құмдар, құмайттар және саздақтар топырақ құраушы жыныстар рөлін атқарады. Қарашіріндінің мөлшері 1,5 - дан 2, 2,5%- ға дейін ауытқиды. Топырақ құрамында фосфор, калий және азот мол. Бұл топырақтар далалық аймақтың басқа топырақтарымен салыстырғанда эрозияға анағұрлым төзімді.

Қоңыр және аз дамыған топырақтар далалық аймақтың сол жақ жағалауында кең таралған. Бұл топырақтардың ерекшелігі – ұсатылған тастардың басым болуы, байырғы жыныстардың шөгуі. Климаттың құрғақтығы және тығыз тау жыныстарының жақын шоғырлануы олардың қимасының дамымауына әкеп соқтырды. Қарашірінді қабаты біршама төмен.

Қоңыр топырақты далалық аймақта сортаң, ақ сортаң, шалғынды тұздалған топырақтар кешені кеңінен таралған.Бұл қатынаста сол жақ жағалауда, ең алдымен Ертіс өзені және Шідерті, Өлеңті, Ащысу, Түндік және басқа көлдерінің ежелгі аңғарларында таралған. Ертіс өзенінің оң жағалауы бойымен дөңесті-адырлы құмдар таралған.

Ашық - қоңыр топырақты далалық аймақ облыстың оңтүстігін алып жатыр. Далалық аймақтың ерекшелігі топырақ бетінің жылдам кебуі болып табылады. Мұны ГТК көрсеткіші бойынша білуге болады, оның мөлшері 0,3 және одан да кем. Бұл далалық аймақ мал шаруашылығының жайылымы ретінде пайдаланылады. Егін шаруашылығы тұрақсыз және толықтай дерлік мал азықтық жем- шөп өндірісіне арналған. Қуаңшылықтың қайталануы жылына 75%- ға дейін. Бұл далалық аймақта орналасқан көпшілік шаруашылық субъектілерінің негізгі саласы мал шаруашылығы, соның ішінде қой шаруашылығы болуы тиіс. Сондықтан оның одан әрі дамуы үшін жақын болашақта көпжылдық шөптер егіп және мал азықтық өнімдерді арттыру қажет.

Ертіс аңғарының аллювиальді топырақтар ауданы өзіндік ерекшелікке ие. Топырақ құнарлылығын арттыру үшін мұнда жайылманы көктемгі су басу маңызды рөл атқарады. Олардың ішінде шалғынды аллювиальды топырақтар аса бағалы. Олар, әдетте, жайылманың орталық бөлігінде таралған, қатпарлы – дәнді құрылымға ие, қарашіріні мол (4-8%), негізінен жоғары өнімді шабындық ретінде пайдаланылады. Ертіс жайылмасында аллювиальді тобының топырақтары басым -орманды шалғынды, шалғынды, шалғынды-батпақты және батпақты. Аталған топырақтар көктемгі тасқын сулармен басу әсерінен және олардың атауына сәйкес өсімдік жамылғысының астында қалыптасады. Топырақтың қалыптасуы мұнда топырақ жамылғысының беті сумен шайылып кету құбылыстарынан (эрозия, лайлы суларда аллювиальді материалдардың аккумуляциясы) қиындай түседі.

Ірі көлемді топырақ және топырақты - эрозиялық зерттеулердің көпжылдық тәжірибесі облыстың барлық топырақтарын олардың бұзылу (эрозияға ұшырау) деңгейіне сәйкес бөлуге мүмкіндік берді: эрозияға ұшыраған және эрозияға ұшырамаған.

Ұйымдастырушылық – шаруашылық шаралар кешеніне жатқызуға болады: территорияның эрозияға қарсы шараларын (егін айналымы және жайылым- шабындық айналымы ұзын жақтар көлденең бағытталған эрозиялық қауіпті желдерді, қалыптымал жайлау және оны жайылымдарда орналастыру, егін айналымының топырақ қорғаушы жолақты көпжылдық шөптер егуді енгізу және басқалары).

Облыстың топырақтарына қажетті жүргізілетін агротехникалық шаралар: топырақ бетінде орылған жерлерді сақтау арқылы топырақты өңдеу, на күрделі эдирленген топырақтарда көпжылдық шөптер егістіктерінде кулис егу; қорғаушы қабатты қалыптастыру, топырақтың эрозияға қарсы төтеп беру қасиетін арттырытын арнайыкешендік машина және құрылғылар қолдану; қуаңшылыққа төзімді мәдениеттерді таңдау, эродирленген және эрозиялық қауіпті механикалық құрамы күрделі топырақтарда жолақты парларды орналастыру және т.б.

Топырақты эрозиядан қорғау бойынша Павлодар тәжірибелік станциясының ғалымдарымен Ленин премиясының лауреаты Г.Г.Берестовскийдің жетекшілігімен құрастырылған және топырақ қорғаушы дәнді дақылдар, аңыздық және көпжылдық шөптерді жолақты орналастыру егін айналымын өндіріске кеңінен енгізу қоңыр топырақты жел эрозиясынан қорғауда маңызды рөл атқарды және белгілі мөлшерде топырақ құрамын органикалық заттармен байытып қарашіріндінің азаюын төмендетті. Топырақ қорғаушы егін айналымында 10 ц/га дәнді дақылдар мен пішеннің өнімділігі кезінде органикалық тыңайтқыштар енгізілмеген жағдайда топырақта қарашіріндінің теріс балансы 2,66 т/га- ға дейін, соның ішінде астықты- аңыздық звенода - 3,14, астықты- көпжылдық шөптесін звеносында оң баланс 0,48 т/га жетеді [5]. Сөйтіп, топырақ қорғаушы егін айналымдарында қосымша тыңайтқыштар енгізбей, көпжылдық шөптесін- астық өсімдіктермен 50%- ға дейін байытса да топырақта қарашірінді мөлшерін кең байыту мүмкін емес.

Қорыта келгенде, Павлодар облысында алғашқы орында қара- қоңыр топырақ (топырақтың бар аумағының 45,1%), екінші орында сортаң (20,0%), одан әрі шалғынды-қоңыр топырақ (9,7%), оңтүстік қара топырақ (6,1%), шалғынды топырақ (5,2%), жайылмалық топырақтар тобы (2,6%), ақ сортаң (2,6%), шалғынды- қара топырақ (1,9%), құмдар (1,5%), шөлді- далалық зонаның топырақтар тобы (4,1%) және қалған топырақтар (1,2%) таралған.

Жалпы облыстың солтүстік аудандары ежелден бері дәнді дақылдар егуде қарқынды қолданылып келеді, сондықтан олар одан әрі бидайдың тауарлық өндірісімен айналысулары керек деп ойлаймын. Алайда, жиі соғатын аңызақ желдердің әсерінен бұл аудандарда вегетациялық кезеңінде топырақ жел эрозиясына жиі ұшырайды. Сондықтан мұнда агротехникалық шаралар ең алдымен бұл құбылыстың қайталанбауына, оның алдын алуына бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, оңтүстік қара топырақ қарашіріндінің аз мөлшерімен және минералды заттардың төмен құрамымен ерекшеленеді. Осының барлығы, мүмкіндігінше, топырақ құнарлылығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізуді қажет етеді.

Бұл аудандардың келесі жағдайы – бұл сортаң, ақ сортаң топырақтар мен олардың кешендерінің кең таралуы, олар өңделетін егістердің ала- құлалығын қалыптастырып, дақылдардың өнімділігін төмендетеді. Бұл топырақтың сортаңды болуына қарсы шаралар жүргізу керектігін қажет етеді. Осы себептен облыстың солтүстік аудандарында мал шаруашылығының дамуына қолайлы әсер ететін жайылым қоры молшылық.

Орталық аудандар жел эрозиясына қатты ұшырайды, сондықтан бұл аймақтарда дәнді дақылдар өңдеумен бірге мал азықтық егін айналымы болған жөн. Топырақтарды дефляциядан қорғау үшін топрыақ эрозиясының алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізу міндетті түрде қажет. Сонымен қатар, бұл аудандар егін шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығының дамуы үшін де қолайлы. Әсіресе қала маңы шаруа қожалықтарына ірі қара және қой шаруашылығымен айналысқандары дұрыс.

Облыстың оңтүстік аудандары ауқымды жайылымдар есебінен мал шаруашылығына қарай бағыт алулары тиіс. Баянауыл, Май аудандары қой, етті ірі қара, жылқы өсіруге бейімделген. Бұл аймақта жылқы өсіру мен оның санын арттыру үлкен болашаққа ие.

Аққу ауданының жалпы орман шаруашылық маңызы зор, сонымен қатар егіншілік (негізінен арпа), табиғи және себілген көпжылдық шөптерді шабу мүмкіндігі зор [15, б.46 - 48; 16, б. 19 – 21].

Жоғары өнімді жайылмалық шалғындықтарды негізінен шабындық ретінде пайдаланған дұрыс деп есептейміз.