Павлодар облысы – Қазақстанның басты индустриалдық өңірлерінің бірі. Мұнда дәстүрлі күрделі өндірістер мен минералдық және көмірсутекті шикізатты игерумен айналысатын кәсіпорындардың оңтайлы үйлесімділігі бар ТМД-нің экономикалық кеңістігіндегі аса ірі аумақтық-өндірістік кешен тарихи қалыптасқан. Облыстың орасан зор табиғи-ресурстық әлеуеті, дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымының бар болуы, жоғары ғылыми-техникалық әлеуеті, оның Орталық Азия мен Сібір арасындағы байланыстырушы рөлі түрлі елдер мен континенттердің өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің мұқият назарын аударуда. Сонымен қатар, экономикалық деңгейдің осы көрсеткіштеріне өңірдің өзге де тартымды сипаттарын: дамыған банк саласын, шағын және орта бизнестің серпінді дамуын, біліктілігі жоғары мамандардың болуын, қазіргі заманғы көліктік-коммуникациялық инфрақұрылымды, шетелдік инвесторлардың, мемлекеттік даму бағдарламаларының бар болуын да қосуға болады Павлодар облысының аумағында көп салалы индустриалдық кешен қалыптасты. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті ірі экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік компаниялармен айқындалады. Олар көмірді, электр және жылу энергиясын, алюминий тотығын, ферроқорытпаларды өндіреді. Облыс үлесіне республиканың өнеркәсіптік өндірісінің 7%-ы, республикалық көмір өндірісінің 70%-ы, ферроқорытпалар өндірісінің 3/4, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің 40%-ы тиесілі. Облыстың әлеуеті химия, машинажасау және металл өңдеу салалары кәсіпорындарының дамуына жеткілікті. Облыста түрлі меншік нысанындағы 5 мыңға жуық кәсіпорын белсенді қызмет етеді. Бұдан басқа, өңірде ауылшаруашылық өнімдерінің шикізат базасы мен оларды өңдеуге арналған өндірістік қуаттылықтар бар. Қазақстанның энергетикалық жүрегі – аса ірі Екібастұз электр станциялары, Ақсу ГРЭС, сондай-ақ Павлодар өнеркәсіп кешенінің энергияны қажетсінетін кәсіпорындарына қызмет ететін бірқатар ірі жылу станциялары болып табылады. Осы электр станцияларының даусыз артықшылығы көмір көздеріне және электр мен жылу энергиясын тұтынушыларға жақын орналасқандығы болып табылады
Облыс экономикасы Қазан революциясына дейін жергілікті шикізатты өңдеуге негізделген шағын 242 диірмен (оның ішінде 4 су, 47 ат күшімен істейтін және 191 жел диірмені) мен тоң май, сабын және кірпіш зауыттарынан, Қалқаман мен Тобылжан көлдеріндегі тұз өндіру кәсіпшілігінен тұрды (1908). Облыс қойнауының кен байлықтарына мол екенін білген шетелдік кәсіпкерлер 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында тау-кен өнеркәсібіне инвестиция берді. Орыс кәсіпкері Попов 1839 ж. Благодатно-Стефанов зауытын салды. Онда қорғасын, күміс және мыс балқытылды. Павлодар көпесі Деров София, Надежда және Царицын-Александровский кеніштерінде мыс өндірді 1893 ж. Деров Екібастұз тас көмір кенін иеленіп, 9 шахта ашты. 1913 ж. оны ағылшын концессионері Л.Уркварт иеленіп, "Қырғыз тау-кен өнеркәсібі акцион. қоғамы" деп атады. Ондағы 24 кокс пеші жылына 7 мың тонн кокс беріп тұрды. Көмірмен бірге қорғасын және мыс өндіру дами түсті. 1916 ж. бұл жерде 25 мың тонн мырыш, 13 мың т. қорғасын, 1 мың т. мыс, 210 т күміс және 18 т алтын өндірілді. 1917 ж. Павлодар уезінде бумен істейтін 40 диірмен болды. Ол жылына 3,5 млн. пұт ұн өндіретін. Одан басқа уезд аумағында су көлігінің механикалық шеберханасы, Мочалиннің механика зауыты, электрикалық станция, темекі фабрикасы, сабын қайнататын, тері илейтін зауыттар жұмыс істеген. 1938 ж. П. о. құрылып, оның құрамына Павлодар, Каганович, Цюрупин, Ертіс, Куйбышев, Өрлітөбе,
М.Горький, Бесқарағай, Лозов аудандары және Қарағанды облысынан бөлініп шыққан Баянауыл ауданы кірді. Облыс жаңа құрылған кезде шағын кәсіпорындардың ең ірілері – полиметалл кентастарын өндіретін "Майқайыңалтын" комбинат, "Павлодар-тұз" тресі және Екібастұз кірпіш зауыты болды. А. ш. құрайтын 95,6% шаруа қожалықтарының 465-і шаруашылық болған. 1940 ж. облыс аумағында жүргізілген геологиялық барлау нәтижесінде Екібастұз көмір алабының жалпы қоры (1 млрд. т-дан астам) анықталды. Облыс орталығы – Павлодарда хром, балық зауыттары, нан комбинат, т.б. салынды. 2-дүниежүз. соғыс кезінде КСРО-ның батыс аймағынан көшіріліп келген зауыт, фабрика, т.б. кәсіпорындар облыс экономикасының жедел дамуына ықпалын тигізді. 1942 ж. облыста 41 цех және 4 өнеркәсіп орны пайда болды. 1954 ж. тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты 1 млн. га-дан астам жер жыртылды. Жаңадан 32 астық өсіретін кеңшар, 8 МТС пайда болды. Амал шамамен бірге облыстың өнеркәсібі де жедел дамыды. Екібастұз көмірін және Майкөбеннің қоңыр көмірін өндіру ұлғая түсті. Павлодар, Екібастұз және Өрлітөбе ағаш өңдеу кәсіпорындары жұмыс істей бастады. 1950 – 70 ж. облыс индустриясының өркендеу кезеңі болды. 1960 ж. Ертіс жағалауында МАЭС (ГРЭС), темір қорытпалары, құрылыс материалдары зауыттары, т.б. ірі кәсіпорындар салына бастады. 1965 ж. машина жасау зауыты және ЖЭС-2 іске қосылды. Бұрынғы машина жасау зауыты 1966 ж. трактор зауыты болып қайта құрылды.
Нәтижесінде 60-жылдардың ортасынан бастап облыста Павлодар – Екібастұз энергетик. өнеркәсіп торабы өсіп қалыптасты. 1971 ж. Ертіс – Қарағанды каналы іске қосылды. Канал суы 100 мың га-дан астам жерді суғарды және суландырды. 1974 ж. картон-рубероид зауыты жұмыс істей бастады. 80-жылдары 100-ге жуық кәсіпорындар мен цехтар іске қосылды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 28,8%-ға өсті. 1990 – 94 ж. осыған дейін болған өндірістік және оны мат.-тех. қамтамасыз ету жүйесінің "бұзылуы" салдарынан өнеркәсіп өнімдерінің барлық саласы өз өнімдерін азайтты. 90-жылдардың ортасында мемлекетсіздендіру және жекешелендіру процесі басталды. Нәтижесінде 2001 жылдың басында жекеменшік формадағы кәсіпорындар жалпы кәсіпорындардың 78,9%-н, мемлекетке қарасты кәсіпорындар 20,8%-ды, шетелдік кәсіпорындар 0,3%-ды иеленді. 2002 – 03 ж. облыстың әлеумет-экономикалық негізгі көрсеткіштері жақсарды. Сыртқы сауда балансының сальдосы 2001 жылға қарағанда 30,2%-ға өсіп, 143,9 млн. АҚШ долларын құрады.
Мұндай өсу негізінен металлургия кәсіпорындардағы қуат көздерін қайта құру және техника қайта жабдықтау нәтижесінде іске асырылды. Облыстың өнеркәсіптік өнім құрылымында кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 18,3%-ды құраса, өңдеу өнеркәсібі саласында 52,1%, электр энергиясы, газ және су ш-ның үлес салмағы 29,6% болды (2003).
Павлодар облысы—Қазақстанның ірі индустриалды орталығы, ол электрэнергия, балшық, мұнай қайта өндеу өнімдері, машиноқұрылысы, тағам өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған көпсалалы өнеркәсіп кешенін құрайды. Аймақтағы жетекші сала өндірістің 70% қамтамасыз ететін металлургия өнеркісібі мен металдарды өндеу болып табылады.
Қара металлургия
Сала облыста Ақсу қаласындағы зауыты арқылы әйгілі. Ферроқорыту Ақсу зауыты –ТНК "Казхром" АҚ филиалы болып табылады, феррохром, ферросилиций, ферросиликомарганец, ферросиликохром секілді әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары сапалы өнімдерді өндіреді. Ақсу қаласындағы ферроқорыту зауыты – әлемдегі ең ірілердің бірі – пайдалануға 1968 жылы берілген. Жылына 1 млн. тонна өнім өндіреді. Дайын өнімді зауыт Теміртауға, ТМД (Ресей, Украина, Белоруссия, Грузия, Өзбекстан) мен қиыр шетелдердің (Люксембург, Жапония, Германия, Австрия, Швеция, Болгария, Румыния және т.б.) металлургиялық зауыттары мен комбинаттарына жібереді
Түсті металлургия
Өнеркәсіптің жас саласы. Бұл глиноземді өндіру, Майқайыннан алынған полиметаллдық кендер мен Бозшакөлден алынған мыс кендерін байыту. Қазақстанның алюминий өндірісінің алғашқысы – Павлодар қаласындағы "Қазақстан Алюминийі" , қуаттылығы жылына 1,5 млн тонна, 1964 жылы қазан айында салынған және пайдалануға берілген. Кәсіпорын алюминий, сонымен қатар керамика, отқа берік материалдар мен электр өнеркәсібі материалдарын өндіру үшін қажет шикізат болып табылатын глинозем өндіреді. Жолай бокситтардан галлий мен пятиокись ванадия шығарылады.
Галлий – шетелдерде үлкен сұранысқа ие сирек металл. Ол Жапонияға, Германия мен АҚШ-қа экспортталады. Республикада түсті металлургия кластерін құру мен дамыту мақсатында облыста бастапқы алюминийді өндіру үшін "Қазақстан электролизді зауыты" АҚ салынып, іске қосылды. 2009 жылы Павлодар алюминийі ресми түрде Лондон металл биржасында тіркелді, ол Қазақстандық электролизді зауыты өнімдерінің халықаралық стандартта екендігін дәлелдеді және бастапқы алюминийді биржалық бағада жеткізуге жол ашты. "Кастинг" ЖШС Павлодар филиалы. Кәсіпорында болат дайындау мен прокат, қайыс шарларын, өзектер мен арматураларды өндіру игерілген. Мұнайгаз саласы үшін болат жапсарсыз құбырларды үздіксіз-құю өндірісін кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда. "Кастинг" ЖШС-нің дамуының негізгі бағыты сорттық прокат, құрылыс арматуралары, құбыр мен сымдар, сонымен қатар мұнайгаз саласы үшін болат жапсарсыз құбырларын өндіру болып табылады. Болатты үздіксіз құю мен пластикалық деформациялау жаңа технологиясы негізінде тау-металлургия кешені үшін қайыс өнімдерін өндіру жалғастырылуда Облыста алтын, күміс, мыс, цинк полиметаллдық кен орындары бар. Бұл кен орындары "Майқайын алтын" АҚ – мен өнделеді. Майқайын комбинатында кен ошақтары мен байыту фабрикасы бар. "Майқайналтын" АҚ мысты мыс концентратында, цинкті цинк концентратында, алтыны бар концентраттарды шығарады "Майкаин"кен орны – кешенді алтын-барит-колчеданды-полиметалды кен орны, Қазақстан Республикасында Астана қ. 400 км жерде орналасқан, 1924 ж. ашылған. "Майқайыналтын" БАҚ РМК-ні 2005 жылы алған. Қазіргі кезде кәсіпорында "Майқайын В" жер асты кеніші қызмет етеді. 2006 жылдың сәуірінен бастап "Алпыс" кен орнында жер асты кенішінің құрылысы жүргізіліп, өнімділікті 500 мың тонна кенге дейін артумен байыту фабрикасы қайта құрылуда.
Машинажасау және металлөндеу
Павлодар Ертіс өңірінің алғашқы ауылшаруашылық машинажасау кәсіпорны — "Октябрь" зауыты (1942). Бұл техникалық құрал-жабдық шығаруға: жинау жұмыстары құралдарын механизациялау мен автоматизациялау (автомат-станоктар мен жартылай автоматтар, жинау конвейерлері, сынақ стендтері) мамандандырылған тәжірибелі-эксперименталды кәсіпорын болды. Бүгінде зауыт стандартты емес диірмен құрал-жабдығын, сауда құрал-жабдығын (стеллаждар), металлосайдингтер мен металлжабынғыштар, қол және электрлі стеллаждар шығарады. Перспективті мұнайгаз машинажасауды дамыту мақсатында "Құрал-жабдық зауыты" ЖШС-нда саңылауларды жөндеу мен апаттардың алдын-алу үшін қажет құрал-саймандар, бұрғы кілттеріне арналған қосалқы бөлшектер, жағалай бағандарға арналған жабдықтар, бұрғы сорғыштарына арналған қосалқы бөлшектер дайындалады. Мұнайгаз секторына жіберілетін өнімдердің номенклатурасы 60 атаудан тұрады. Зауытта сонымен қатар локомотив пен жүк вагондарын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектерді өндіру де игерілген. "Павлодар машина жасау зауыты" АҚ-да көпірлі және айналма жүк көтергіштерін өндіру ұлғайып келеді. Кәсіпорында 55 тоннаға дейін жүк көтеретін жүк көтергіштерді жасау игерілген.
Химиялық өнеркәсіп
Облыстың кәсіпорны мұнайды қайта өндеу кәсіпорнының қалдықтары негізінде жұмыс істейді, шикізат ТМД елдерінен, ең алдымен Ресейден әкелінеді. Шығарылатын өнімнің сұрыпталымы көп: полимер негізіндегі сыр мен лактар, майлау материалдары, антифриздар, пластмасса мен полиэтилен бұйымдары, хлор, каустикалық сода. "Реагент-Восток" ЖШС "Павлодар химиялық зауыты" АҚ –ның өндіріс қуаттылығының бөлігін бөлу жолымен 2002 жылдың маусым айында құрылған. Өндіріс қуаттылығы – жылына 3,5 мың тонна химимялық өнім. Өнімнің негізгі түрлері: натри-бутилды флотореагент, ДФБ присадкасы, "Дезостерил" дезинфекциялық құралы. Өнім Қазақстан мен Ресейдің тау-байыту комбинаттарына жіберіледі. Республикадағы негізгі пайдаланушылар – "Казцинк" АҚ, " "Казахмыс Корпорациясы" АҚ, "Техснаб "Майқайыналтын" ЖШС, шетелде – "Норильск-Никель" БРҰ.. "Каустик" АҚ Павлодар химиялық зауытының негізінде 2002 жылы тамыз айында құрылған. Қызметінің негізгі түрі – сұйық хлорды шағын ыдыста сақтау мен құю. Жолай келесі өнімдерді өндіреді: техникалық натрийдің гипохлориті, "Белизна" ағартқыш құралдары, газ тәрізді азот, оттегі, полиэтиленді ыдыс.
Мұнайды қайта өңдеу өнеркәсібі
Облыста Республикадағы мұнай өнімін өңдеу бойынша ірі кәсіпорындардың бірі – "Павлодар мұнайхимиялық зауыты" АҚ қызмет етеді, ол Омбы арқылы Батыс Сібірден әкелінетін мұнаймен жұмыс істейді. Зауыт қуаттылығы – 7,5 млн тонна. Зауыт өнімі Павлодар облысы мен Қазақстанның өзге облыстарына таралады, Ресей мен Орта Азия елдеріне шығарылады. Облыста шығарылатын мұнай өнімдерінің құрылымында жетекші орында моторлы отын (бензин) мен газойлдар тұр.
Отын-энергетикалық кешен
1954 жылы Екібастұзда қуатты көмір өнеркәсібі бастама алды. Геологиялық бағалаулар бойынша тас көмірінің жалпы қоры – 12,8 млрд тоннаны құрайды. 2005 жылы 56,9 млн тонна көмір шығарылды, бұл Қазақстандағы көмір шығарудың 65% құрайды. Шығарылатын көмірдің көп бөлігі Оралға, Батыс Сібірге экспортталады және Қазақстан өзге облыстарына жөнелтіледі. Павлодар облысында 8 көмір орындары бар.
Олардың ішіндегі ең ірілері Екібастұз және Майкөбе бассейндері. Осы орындардың қорлары шағын аумақта жерден тереңде емес қабатта орналасқан, бұл көмірді ашық тәсілмен алуға мүмкіндік береді. Бұл - көмір шығарудың өнімді әрі арзан тәсілі. Екібастұз бассейні аумағында бірнеше разрездер бар, оның ішінде ең ірісі – "Богатырь". Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ірі разрез. "Богатырь Аксес Комир" ЖШС көмірді "Богатырь" және "Северный" разрездерінен шығарады. Көмірді шығару бойынша өндіріс қуаттылығы – 40 млн тонна. "БАК" ЖШС шығаратын көмір үлесі Қазақстанның көмір шығаратын компанияларының арасында 44% құрайды. "Еуроазиаттық энергетикалық корпорация" АҚ ("Восточный" разрезі). Көмір шығаратын разрездің өндірістік қуаттылығы – жылына 20 млн тонна тас көмір. Қоңыр көмір - лигнитті шығару Майкөбелік көмір орнында іске асырылады ( "Майкубен-Вест" ЖШС).
Құрылыс материалдарының өнеркәсібі
Таралған пайдалы қазбалардың белсенді игерілуі (күйдіргіш отқа төзімді балшықтар, сәндік қаптағыш тастар, габбро, гранит, мрамор және әк) құрылыс индустриясының өндірісін ұйымдастыруға мүмкіншілік береді. Қазіргі кезде облыста құрылыс материалдары мен заттарының құрамы ретінде пайдалануға болатын өнеркәсіптің (қосалқы өнімдері мен қалдықтары (қасиеті, агрегаттық жағдайы және жойылу перспективасы жағынан әр түрлі) көп. "Құрылыс материалдары зауыттарының бірлестігі" ЖШС. 2003 жылдың қыркүйек айында бұрынғы ЖБИ-4 негізінде силикатты кірпіш өндіретін цех қалпына келтіріліп, іске қосылды.Зауыттың жоспарлы қуаттылығы – жылына 20 млн дана кірпіш.Силикатты кірпішті өндіруге арналған шикізат әк пен кварцті құм болып табылады. "Траст-Элстром" ЖШС.
Зауыт импортты алмастыру бағдарламасы шеңберінде 2003 жылдың қараша айында іске қосылды және қазіргі кезде Қазақстан Республикасының жиһаз индустриясы ағаш жоңқалы материалды импорттауға бағытталған, сондықтан да зауыт нарықты өз материалымен қамтамасыз ету сұранысына ие. Кәсіпорын Польша технологиясы бойынша көпқабатты, жазық түрде сығымдалған ағаш жоңқалы плиталарды шығарады. Аз уақыт қызмет еткенінен қарамастан, "Траст-Элстром" ЖШС "Қазақстанның үздік тауарлары" конкурсына, "Промстройиндустрия-Астана-2004" V Қазақстандық Халықаралық көрмесіне қатысып, "Жыл жаңалығы" дипломының иегері атанды, сонымен қатар ИСО 9000 халықаралық стандарт бойынша сапа менеджменті жүйесін енгізу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізеді. Қазақстандық жиһазшыларға тиімді экономикалық жағдайларда өз өндірушісінен қажет материалды алуға мүмкіндік беретін ағаш жоңқалы плиталарды қаптау бойынша желі өз жұмысын сәтті атқаруда. "Павлодар картонды-рубероидті зауыт" АҚ 1975 жылы іске қосылды. 1994 жылы кәсіпорын акционерлік қоғам болып өзгертілді.
Жиһаз өнеркәсібі
Жиһаз өнеркәсібін Павлодар жиһаз фабрикасы, "Азимут" ЖШС фирмасы, "Heaven House" АҚ ЖШС Павлодар филиалы мен заманауи және сапалы материал пайдалана отырып ас үй, офистік, жұмсақ жиһаз шығаратын шағын бизнес субъектілері айқындайды. "Heaven House" АҚ. 1966 жылдан кәсіпорын "Арай" жиһаз фабрикасы ретінде қызмет етті, 1999 жылдан - "Павлодар-Пинскдрев", 2002 жылдан – "Асыл-Агаш-Павлодар" ЖШС. 2005 жылдың инаурызынан - "Heaven House" АҚ болды. 2005 жылы "Қазақстанның инвестициялық қоры" қаржыландыруымен офистік және тұрмыс жиһазын өндіруді дамыту бойынша жоба іске аса бастады. Инвестициялық қордың қатысу үлесі 650 млн теңгені (49 %) құрайды
Павлодар облысының экономикалық байланыстары
Павлодар облысының табиғи аудандастырылуының негізіне, біріншіден, ірі аумақтарды - зоналар мен аймақтарды анықтау үшін қолданылатын географиялық белдеуліктің жалпы принциптері, екіншіден, табиғат зоналарын аса кіші ландшафт бірліктеріне – табиғи аудандарға бөлу үшін қолданылатын жер бедері, топырақ құраушы жыныстар, жер беті және жер асты сулары, өсімдік және топырақ жамылғыларын қоса табиғи жағдайлардың жалпы принциптері алынды.
Жоғарыда айтылған табиғат Егер табиғи жағдайлары кешендері бойынша бірдей болған жағдайда табиғат аудандары территориялық жағынан біріктіріледі, олар аудан іші ретінде көрінеді және оларды жеке аудандар ретінде қарастыру керек.
Облыс көлемінде төрт табиғи – экономикалық зоналар бар, төменде оларға жалпы сипаттама беріледі.
1. Егін шаруашылығы және дамыған сүтті қара мал шаруашылығының орташа шөлейтті зонасы қазіргі кезде Железин және Ертіс әкімшілік аудандарын қамтиды. Зонаның жалпы ауданы - 1718,5 мың га немесе облыс аумағының 15,6% - ы. Ауыл шаруашылық жерлер -1575,6 мың га.
Зонаның егістік егін айналымында жыртуға жарамды жерлер аумағы 640 мың га құрайды, қалғаны шалғынды- жайылымдық айналым ретінде қолданылады.
Аймақ тауарлық егіншіліктің, соның ішінде бидайдың негізгі өндіруші аймағы болып табылады.
Аймақтың жыртылатын жерлерінде қысқа ауысымды егін айналымдары басым.
1. Жолақты топырақ қорғаушы егін айналымдары бірқалыпсыз таралған, өйткені бұл зона эрозияға анағұрлым төзімді. Олар негізінен жеңіл механикалық құрамды оңтүстік қара топырақтарда болады. Құмайтты қара топырақтың қатты эродирленген жерлері көпжылдық шөптесін өсімдіктердің шалғындығына берілуі тиіс. Эрозияға ұшыраған карбонатты қара топырақтарда қарапайым егін айналымдары енгізіледі, алайда парлар 50-100 м- лік жер телімдерінде орналастырылады (жер бедеріне, эрозияға ұшырау деңгейіне және т.б. байланысты).
Топырақ құнарлылығын арттырудың негізгі шаралары: орылған жерлерді қалдыру, қар тоқтату, органикалық және минералдық тыңайтқыштар енгізу, көктемгі еріген суларды тоқтату, өсімдікті орып топырақ бетіне шашу, егістік қорғаушы ағаш жолақтарын отырғызу.
Аймақтың негізгі көлік магистральдары: Ертіс-Ақтоғай, Ертіс- Русская Поляна (Ресей), Ертіс-Бестөбе, Ертіс- Ертіс станциясы (Ресей), Шарлақ (Ресей) - Железин, Железин-Озерное, Михайловка–Қашыр автомобиль жолдары, Карасук - Русская Поляна (Ресей).
2. Сүтті мал шаруашылығы және дамыған егін шаруашылығының құрғақшыл зонасы Қашыр, Ақтоғай, Успен және Шарбақты әкімшілік аудандарының шаруашылықтарын қамтиды. Аймақтың жалпы ауданы - 2711,4 мың га, немесе облыстың 24,5%. Ауыл шаруашылық жерлер - 2526,0 мың га.
Жолақты топырақ қорғаушы егін айналымдары қара- қоңыр құмайтты және жеңіл сазды топырақты аудандарда орналасқан. Қатты эрозияға ұшыраған саздақты топырақтар көпжылдық шөптердің жер оты ретінде пайдаланылады. Эрозияға ұшыраған орташа саздақты топырақтарда егін айналымдарында аңыздық ені 50-100 м болатындай орналастырылады, жолақтар ені топырақтың эродирлену деңгейіне және жер бедерінің көтерілуіне байланысты ауытқып отырады. Қатты эродирленген орташа саздақты топырақтар кейде уақытша себілген көпжылдық шөптердің (4-5 жыл) өнімі ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар аңыздықтар мен мәдениетті өсімдіктерді жолақтық орналастырумен бірге егіс жүйесі пайдаланылады.
Қар тоқтату, органикалық – минералдық тыңайтқыштар енгізу, көктемгі еріген қар суын тиімді пайдалану, егін қорғаушы орман жолақтарын отырғызу шаралары далалық аймақ жерлерінің топырақ құнарлылығын арттырудың негізгі шарттары болып табылады.
Зонаның басты шаруашылық салалары етті- сүтті мал шаруашылығы және егін шаруашылығы.
Негізгі көлік магистральдары: Павлодар - Қашыр - Железин, Қашыр - Михайловка, Қашыр - Карасук (Ресей), Павлодар-Славгород (Ресей), Павлодар - Құлынды (Ресей), Ақтоғай - Бестөбе, Ақтоғай - Павлодар және Ақтоғай – Екібастұз автомобиль жолдары, Павлодар - Құлынды темір жолы.
Жалпы екінші табиғи- экономикалық аудан болашақта Қазақтың ақбас сиырын өсіруге, сүт пен бидай өнімдері, май алу үшін күнбағыс өсіруге мамандануы мүмкін.
3. Табиғат зонасы Ақсу селолық аймағы мен Павлодар әкімшілік ауданының территориясын алып жатыр. Жалпы ауданы - 1388,2 мың га (облыс аумағының 12,6%- ы). Ауыл шаруашылық жерлер - 1297,7 мың га.
Егер 1990 жылға дейін бұл зонада облыстың суармалы жерлерінің төрттен үш бөлігі орналасса, қазіргі кезде Чернорецк және Парамоновка суармалы кешендерінде даму үстінде. Бұл зонаның суармалы егістігінің даму перспективасы жылдам қарқынмен жүретініне сенуге болады, бұған облыстың өндірісі өзінің септігін тигізуде.
Негізгі көлік жүйесі: Қалқаман-Павлодар- Шарбақты, Павлодар-Ақсу-Алматы темір жолы, Аққу - Павлодар - Қашыр, Көктөбе - Ақсу -Ақтоғай, Қалқаман - Павлодар- Шарбақты, Павлодар - Успен, Павлодар – Чигириновка автомобиль жолдары.
Зонаның топырақ жамылғысында қалыпты қоңыр және терең бойлағыш құмайтты және құмды топырақтар басым, әдетте, орташа және қатты эродирленген. Тек зонаның қиыр солтүстігі бойымен құрамы құмайтты және сазды болып келетін қалыпты қара -қоңыр әлсіз және орташа эродирленген топырақтар таралған.
Қала халқын көкөніспен қамтамасыз ету үшін өнімділікті арттыруға мол мүмкіншілігі бар зона қазіргі кезде тек 40-50% пайдалануда.
4. Қой және табынды жылқы шаруашылығының шөлейтті зонасы Баянауыл, Май, Аққу аудандарының және Екібастұз селолық зонасының шаруашылықтарын біріктіреді. Зонаның жалы ауданы - 5231,9 мың га немесе облыс территориясының 47,3%-ы. Ауыл шаруашылық жерлер - 5029,4 мың га.
Зона тұщы су қорына өте кедей, осыған байланысты халықтың басым көпшілігі Ертіс өзенінің және Түндік, Ащысу, Қарасу, Еспе, Бала Шідерті аңғарлары бойымен қоныстанған, Ертіс – Қарағанды каналы бойында аз қоныстанған аудандар көп.
Негізгі көлік жүйесі: Қалқаман - Екібастұз - Ерейментау – Астана темір жолы, Екібастұз - Қалқаман, Екібастұз - Майқайың - Баянауыл, Екібастұз - Қарағанды, Павлодар - Аққу - Семей, Ақсу – Көктөбе автомобиль жолдары.
Табиғи қатынаста–бұл қатты эрозияға ұшыраған, тасты және тұздалған топырақ кең тараған ең құрғақ аймақ. Жыртылған жерлер жалпы ауданының егін айналымы құрамында 545,8 мың га жыртуға жарамды топырақ бар. Қалғаны шалғынды - жайылымдық егіс айналымдары.
Кез келген шаруашылық субъектілер үшін егістік егін айналымы құрылымында жолақты топырақ қорғаушы 50% - дық көпжылдық өсімдіктер басым болуы тиіс, буферлі жолақтарда – егістік егін айналымында жыртылған жерлердің ауданының шамамен 70% -ы болуы керек.
Өсімдіктердің қарқынды вегетациясы кезеңінде ылғалдың жетіспеушілігі желдер мен қуаңшылықтардың жиі болуына, қатты жарықшақталған және құмды топырақтардың таралуы 30-45% - дық өсімдік жамылғысының түрлерінің жұтаң болуына әкеледі.
Қазіргі кезде Шідерті лимандарын пайдалану реті өте нашар. Алайда үлкен аумақтарды суару үшін, жылу ресурстары, электр станцияларының жақын болуы лиман жүйесін қалпына келтіруге, сонымен қатар қосымша суару жүйесін құруға зор мүмкіндік береді. Бұл болашақта көкөніс, жидек,балық және басқа да өнімдердің өсіп- өнуін жеделдете түседі.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығының дамуына басты кедергілердің бірі халық және мал суару үшін тұщы су қорының жетіспеушілігі болып табылады, бұл мәселе "Ауыз су" бағдарламасының жүзеге асырылуымен шешілуі тиіс.
Бұл зонаның басты перспективасы – бұл етті ірі қара мал (қазақтың ақ бас сиыры), қой (қатты жүнді) және табынды қазақи жылқы өсіру