3. Тақырып


Қоғамдық өмір қурылымындағы саясат

Саясат ұғымына тоқталатын болсақ, «саясат» дегеніміз – қоғамдағы үлкен әлеуметтік топтар мен таптар, ұлттар мен ұлыстар, олар мен мемлекет арасындағы, қарым-қатынас барысындағы олардың өз мүдделерін қорғауға, іске асыруға, саяси билікті жеңіп алуға, сақтап қалуға бағытталған және оны қолдау тәсілдері жайлы әрекеттер жүйесі. Басқа сөзбен айтқанда, саясат ұғымы қоғамның саяси саласындағы барлық құбылыстар мен үрдістерді, тенденцияларды бейнелейді. Осы тұрғыдан алғанда саясатты белгілі таптың, партияның, мемлекеттің мүдделері, мақсат-міндеттерінің мазмұны мен ауқымы көрсетілген құжаттарының жиынтығы деп айтуға болады.

Саясаттың қоғамдағы рөлі мен маңызы, оның атқаратын қызметінен келіп шығады:

- қоғамның жалпы мақсатын анықтау

- қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау

- қоғамдағы қатынастарды реттеу мен бөлу

- шешімдер қабылдау

Саясаттың ерекшелігі оның мемлекеттік билік мәселесіне байланысты болуында. Саясат биліктің түрін, мақсатын, мазмұнын анықтауға және билікті қолдану әдісіне ықпал етіп отырады. Саясаттың өзекті мәселесі – белгілі идеология негізінде құрылған мемлекеттік билік жүйесі.

Саясат қоғамның әр түрлі салаларына байланысты мынадай бағыттарға бөлінеді: экономикалық, әлеуметтік, ұлттық, мәдени, ғылыми-техникалық, әскери, финанс, инвистициялық, кадр және т.б. саясаттар.