Отырысты таңдаудағы негізгі кезең – аккордеонистің ыңғайлы отыруы, яғни аспапты дұрыс орнату және қолды дұрыс қою. Аккордеонды жақсы меңгеру, дұрыс отыру мәселелері, аспапты дұрыс орналастыру мен қолды дұрыс қоя білу – оның кәсіби эстрададағы одан арғы жолы барлығы да осыларға байланысты болады.
Оң жақтағы клавиатураның грифі оң жақ санға таянып тірелуі керек, ал оң жақ корпустың бөлігі мен теріден жасалған созылмалы жері сол аяқтың санында тұрады (1-сурет).
Жақсы ретке келтірілген белдіктер аспаптың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Оң жақ иықтың белдігі сол жақтың белдігіне қарағанда ұзынырақ болуы керек. Оң жақ қолдың білегі артық бүгілмеуі керек екендігін есте сақтау қажет.
Студент бүкірейіп, еңкіштеніп отырмауы керек, ол еркін және тік отыруы керек, яғни аккордеонда тұрып немесе отырып ойнаған кезде, орындаушының денесі түзу болуы керек (2-сурет). Аспапта ойнауға ыңғайлы отырыс, ең алдымен орнықты болуы керек. Отырған кезде біршама терең отыру керек, мысалы, орындықтың жартысына отыру керек (2-сурет).
Тәжірибелік сабақ үшін ыңғайлы орындық таңдап алу керек, оның үстіңгі беті біршама қатты болуы қажет және онда орындықтың арқасына шынтақтауға болмайды (3, 4-сурет).
Табанда толық тұрған аяқтар біршама алшайып тұрады және сәл алға қарай қойылады. Дененің салмағы аспаптың салмағымен бірге тірек нүктелеріне, яғни орындықтың тақтайына және аяқтың табанына келуі керек.
Алғашқы жұмыс күнінен бастап, оқытушы студенттің аккордеонның клавиатурасын сезіне білуге тырысуын ескеруі керек, яғни оқушы клавиатураға үнемі жай қарап отырмауы тиіс, себебі аспап қисық, еңіс күйде болады. Сонымен қатар аспапты иекпен сүйеп отырмау керек.
Аспапта ойнау кезінде саусақтар мен білектің қалпы еркін әрі орынды болуы керек, мысалы, тыныш отырған кезде, қолдарымыз барынша босаңсыған болуы керек.
Оң қолдың білегі мен саусақтары сол кезде жұмырланған формада болады, сонымен бірге клавишаны басатын саусақ иілген, жинақы болуы керек және клавишаны сонымен басу қажет. Саусақтардың клавишада жатып алуын еш жағдайда болдырмау қажет. Оң жақ клавиатурада ойнаған кезде біз барлық бес саусақты да қолданамыз.
Аккордеонистің сол қолы созылмалы жерін жүргізеді және өзінің бас партиясын орындайды (сүйемелдеу). Сол жақ клавиатурада төрт саусақ қолданылады. Үлкен саусақ ауа жіберетін клапанның кнопкаларын басуға жұмсалады, ол шығарма, гамма немесе жаттығу аяқталған кезде созылмалы жерін жинап алады [16, 3-б.].
Аккордеонның сол жақ клавиатурасында 6 қатар болады және олар мына әріптермен белгіленеді:
- 1 қатар – көмекші;
- 2 қатар – негізгі бас;
- 3 қатар – «Б» мажорлы (әуезді) аккордтары (үлкен үшендыбыстылық);
- 4 қатар – «М» минорлы аккордтары (кіші үшендыбыстылық);
- 5 қатар – «7» доминантсептаккордтар;
- 6 қатар – азайтылған (кішірейтілген) септаккордтар (У).
Тағы да бір ескеретін жайт – студент аспапта ойнаған кезде әр саусағымен әр клавишаны басуын қадағалау керек, яғни бір саусағымен бір клавишадан екінші клавишаға ауыса бермеуі керек.
Аспапта ойнау кезіндегі басқа бір қиындық – түрегеп тұрып ойнау (5, 6-сурет). Кейбір аккордеонистер бұл жағдайда қосымша белдікті қолданады, ол белдік екі иық белдіктерін біріктіріп тұрады.
Атап өтетін жайт, аккордеонда отырып немесе түрегеп тұрып ойнаған кезде студент өзін біршама еркін және ыңғайлы, жайлы сезінуі қажет. Қуаныш сезімі мен аккордеонда ойнауға деген қызығушылық орындаушылық қызметтің үрдісі кезінде де сақталуы қажет.