Музыканттарға арналған өмірлік қағида


01. Есту қабілетін дамыту бұл – ең басты нәрсе. Жас кезіңнен бастап үндестілік пен жеке дыбыстарды танып-білуге тырыс. Қоңырау, әйнектің шынысы, көкек – осылардың қандай дыбыс шығаратынына құлақ түр.

02. Гаммаларды және саусақтарға арналған басқа жаттығуларды бар ықылас-ынтаңмен ойна. Бірақ осымен аяқтадым, жетістікке жеттім деп ойлайтын адамдар өте көп, олар қартайғанға дейін күн сайын механикалық жаттығулар жасаумен көп уақытын өткізеді. Бұл шамамен әліппені күн сайын неғұрлым барынша жылдам оқуға тырысуға ұқсайды. Өз уақытыңды пайдалы іске жұмса.

03. Бір қалыпта, ырғақпен ойна! Кейбір виртуоздардың ойыны мас адамның жүрісіне ұқсайды. Олардан үлгі алма.

04. Гармонияның негізгі заңдарын неғұрлым ертерек жатта.

05. Мына сөздерден қорықпа: теория, генерал-бас, контрапункт т.с.с, егер сен оларға жайдары ілтипатпен жылы қабақ танытып, жақсылық жасасаң, олар да саған солай жасайды.

06. Ешқашан да аспапты құр бос даңғырлатпа! Қашан да нәзік сезіммен шығарманы соңына дейін орында, ешқашан жарты жолдан тастап кетпе.

07. Созу және асығу екеуі – бірдей үлкен кемшілік.

08. Жеңіл нәрселерді дұрыстап және жақсы ойнауға тырыс; бұл күрделі нәрселерді орташа орындағаннан гөрі жақсы.

09. Әрқашан да өзіңнің аспабыңның жақсылап күйге келтірілуіне көңіл бөліп отыр.

10. Пьесаны тек қана саусақтар ғана орындамауы қажет, сен оны аспапсыз да әуендетіп ыңылдап айта алуың қажет.

11. Тіпті дауысың зор болмаса да, аспаптың көмегінсіз қағаздан қарап айтуға тырыс; бұдан сенің есту қабілетіңнің шеберлігі өсе беретін болады. Егер де сенің дауысың жақсы болатын болса, бір минутыңды да босқа өткізбей, оны дамыта түс; мұны саған табиғат сыйлаған тамаша талант деп біл.

12. Музыканы көзіңмен оқи отырып, оны түсінетіндей шамада өзіңді дамытуға тиіссің.

13. Аспапта ойнап отырған кезде мені кімдер тыңдап отыр деген оймен өзіңді алаңдатпа.

14. Әрқашан да өзіңді шебер тыңдап отырғандай сезімде ойна.

15. Егер де сенен таныс емес шығарманы орындап беруіңді өтінсе, онда ең алдымен оған бір көз жүгіртіп өт.

16. Егер де сен өзіңнің күн сайынғы музыкалық жұмысыңды орындап болсаң және шаршағаныңды сезінсең, өзіңді одан әрі босқа зорлап, шаршатпа. Амалсыздан және қалай болса солай орындағаннан гөрі, дем алған дұрыс.

17. Жасың ұлғайған кезде, сәнді ештеңе орындама. Себебі уақыт өте қымбат. Әлемдегі бар тек қана жақсылықпен танысу үшін жүз адам өмірі қажет болады.

18. Тәттілерді, тоқаштар мен кәмпиттерді жеп ешқандай да бала дені сау адам болып өспейді. Рухани азық та, тән азығы секілді қарапайым әрі сау болуы керек. Ұлы шеберлер мұндай азықтар туралы көп қамқорлық жасаған; соны қолдана біл.

19. Сен нашар шығармалардың таралуына ықпал етпеуің қажет; керісінше, сен бұған барлық күш-жігеріңмен қарсы тұруға тиіссің.

20. Қатты қажеттілік жағдай болмаса, нашар туындыларды тыңдауға да, орындауға да тиісті емессің.

21. Ешқашан жылтырақтарға әуестенбе. Музыканың автор қалағандай әсер қалдыруына тырыс; одан артықтың қажеті жоқ; бұдан артық нәрсенің бәрі – қателік, бұрмалану.

22. Жақсы сазгерлердің шығармаларында бір нәрсені өзгертуді, оны шығаруды немесе тіпті ең сорақысы, оған жаңа сәнді әшекейлерді қосуды қателік деп сана. Бұл сенің өнерге тигізетін ең үлкен кемсітуің болып табылады.

23. Жұмысыңа қажетті нәрселерді таңдаған кезде үлкендермен ақылдас: осылайша сен көп уақытыңды сақтап қаласың.

24. Барлық танымал сазгерлердің мәнді, мағыналы шығармаларымен біртіндеп танысып отыр.

25. Табыстан басың айналып, есіріп кетпе, музыка ойынын орындау техникасына әбден машықтанған асқан шебер әртістердің көпшілігі осыған ұшырайды. Шебердің сені қолдауы, мойындауы жиын топтың қолдауынан, мойындауынан артық болсын.

26. Барлық сәнді нәрсе уақыт өте келе сәнді емес бола бастайды, егер де сен қартайғанша сән қуатын болсаң, онда ешкім де сыйламайтын желекке айналасың.

27. Ешқашан да бірлесіп ойнауға – дуэтте, триода және т.б. қатысу мүмкіндігін жіберіп алма. Бұл еркіндік, жандылық береді. Әншілерді жиі сүйемелде.

28. Егер де бәрі бірінші скрипканы ойнағысы келетін болса, оркестрді құру мүмкін болмас еді. Міне, сондықтан әрбір музыкантты өз орнында құрметтей біл.

29. Өзіңнің аспабыңды жақсы көре біл, бірақ атаққұмар, мансапқұмарлығыңда оны ең жақсы жалғыз осы аспап деп санама. Есіңде сақта, бұдан да тамаша, керемет аспаптар бар. Әншілердің бар екендігін де есіңнен шығарма: музыкадағы ең жоғары қабілет өз көрінісін оркестр мен хордан табатындығын есте сақта.

30. Есейген кезде асқан шеберлермен емес, партитурамен көбірек аралас.

31. Үлкен шеберлердің фугаларын (музыкалық шығарманың бір түрі) үлкен ынтамен орында, әсіресе, И. Бахты. «Жақсы шапшаңдыққа негізделген клавир» сенің күн көріс ырзығың болуы керек. Сол кезде сен сөзсіз негізді музыкант бола аласың.

32. Өз жолдастарыңның арасынан сенен де көбірек білетін жолдасты ізде.

33. Музыкалық сабақтарыңнан соң ақындардың шығармаларын оқу арқылы дем ал. Табиғат аясында көбірек бол!

34. Әншілерден көп нәрсені үйренуге болады, бірақ оларға барлық істе сене берме.

35. Әлем өте кең. Кішіпейіл, қарапайым бол! Сен әлі саған дейін белгісіз болған еш нәрсені ойлап тауып, ашқан жоқсың. Ал егер ашқан болсаң да, мұны жоғарыдан берілген талант, дарын деп бағала, оны басқалармен бөліс.

36. Әр дәуірдің, әр кезеңнің үлгілі шығармаларын тыңдаумен нығая түскен музыка тарихын үйрену, сені атаққұмарлық пен менменсуден тез айықтырады.

37. Орган музыкалық аспабында жаттығу мүмкіндігін жіберіп алма; шығарма мен орындаудағы олақтық пен салақтық үшін жылдам есе қайтаратын орган секілді бір де бір аспап жоқ.

38. Хорда бар жігеріңмен, ынтаңмен ән сал, әсіресе, орта дауыспен. Бұл сенің бойыңдағы музыкалық қабілетіңді ашады.

39. Музыкалық қабілеті ерекше болу деген не? Егер де сен нотаға қорқа қалада қарасаң, өз шығармаңды соңына дейін күшпен әзер ойнап шықсаң, онда музыкалық қабілетің жоқ. Егер біреу байқамастан бірден екі бетті аударып жіберсе, сен тоқтап қалып, одан ары қарай жалғастыра алмай қалсаң, сол жағдайда сен музыкаға қабілетсізсің. Бірақ, егер де жаңа шығарманы бастарда одан ары қарай қалай болуы керектігін шамамен сезіп отырсаң, ал таныс шығарманы ойнаған кезде мұны жатқа білсең, бір сөзбен айтқанда, музыка сенің саусағыңда ғана емес, басыңда және жүрегіңде болатын болса, бұл жағдайда сен музыкаға қабілеттісің.

40. Бірақ қалай музыкаға қабілетті болуға болады? Ең бастысы – сақ құлақ болуың қажет, есту қабілетің жақсы болу керек, бұдан басқа жылдам қабылдау, түсіну дарының болуы керек. Бірақ қабілеттерді дамытуға және жетілдіруге де болады. Егер де адамдармен қатынаспай, аулақтанып, күні бойы механикалық жаттығулар ғана ойнайтын болсаң, бұған қол жеткізе алмайсың, бұл жерде жанды, жан-жақты музыкалық қарым-қатынас қажет: әсіресе, хормен және оркестрмен жұмыс жасау қажет.

41. Адамның дауысының өлшемін, шамасын оның басты төрт түрінде анықтап ал; дауыстарды тыңдауға тырыс, әсіресе хордағы дауысты; олардың қай жерде үлкен күшке ие екендігін, ал қай жерде жұмсақ әрі нәзік болуы керек екендігін зертте.

42. Барлық халық әндерін мұқият тыңда, оған барынша құлақ сал; бұл тамаша, керемет әуендердің асыл қазынасы; олар әр түрлі халықтардың сипатына деген ойыңды кеңітеді, көзіңді ашады.

43. Ерте кезіңнен бастап ескі белгілерді оқудан тәжірибе ал, әйтпесе, өткен кезеңнің көптеген асыл қазыналары сен үшін қол жетімсіз болып қалады.

44. Әр түрлі аспаптардың дыбысы мен сипатына назар аударуды ерте кезден баста; хорды өзіңнің есту қабілетіңде, жадыңда сақтап қалуға тырыс.

45. Ешқашан да операны тыңдау мүмкіндігін жіберіп алма.

46. Көнені құрметте, жоғары ұста, бірақ та, жаңаға да жарық жол аш, өзіңе таныс емес есімдерге қате түсінікпен, теріс пікірмен қарама.

47. Шығарма туралы алғашқы алған әсерің бойынша пікір айтудан аулақ бол, алғашқы кезеңде саған ұнаған шығарма ылғи да ең үздік бола бермейді. Шебер адамдар қашан да әбден зерттеуді талап етеді. Көп нәрсеге тек есейген кезде ғана көзің жетеді.

48. Музыка туралы ой-пікіріңде, пайымдауыңда мынаны ажыратып ал: бұл шығарма өнер саласына жата ма немесе жай ғана әуесқойлық көңіл көтеру мақсатына ғана қызмет ете ме, алғашқысын қорғап, сақта, ал басқасы жағынан ашуланбауға тырыс.

Р. Шуман