Нейгауз былай деген екен: «Менің ойымша, оқушының талантын, дарынын нығайту мен дамыту міндеті, оны тек қана «жақсы ойнауға» ғана үйрету емес, яғни оны неғұрлым ақылды, неғұрлым ширақ, неғұрлым адал, неғұрлым әділетті, неғұрлым тұрақты ету шынайы болады, бұл толықтай жүзеге аспаса да, біздің заманымыздың заңымен және өнердің өзімен талап етілетін диалектикалық анықталған міндет».
Аккордеонда ойнау болашақ музыка пәнінің мұғалімінің музыкалық тәрбиелеу мен үйретуінің маңызды құралы болуы қажет.
Шығарманы таңдау барысында (күй, пьеса, өлең) тәрбие міндеттерін шешуге, түсініктерінің кеңеюіне, сезімдерінің тереңдеуіне оның қалай көмектесетіндігін еске алу қажет. Сонымен бірге оның орындаушылық дағдыларды меңгеруде қандай жаңалық әкелетіндігі, оны орындаудың қиындық деңгейінің қаншалықты екендігі, ол оқушының қажеттіліктері мен қызығушылықтарына сай келе ме деген мәселелер туады.
Студенттің музыкаға деген махаббатын әр түрлі жолдармен дамытуға болады. Олардың біреуі – оқытушының өзінің шығарманы аудиторияда да, концерттік эстрадада да орындауы. Білікті орындаушы студентті тәрбиелеу үшін онымен әр түрлі жанр мен стильдегі шығармаларды өтуі қажет.
Сабақты ұйымдастыру музыкантты жан-жақты тәрбиелеу және шығарманы үйрену арқылы жүзеге асады [12, 64-б].
Шығарма әбден тиянақты түрде (детальдап, нақтылап) талданып болғаннан соң, оны аспапта ойнап үйренуге көшеміз.
Шығарманы талдаған кезде, студентпен қандай да бір шығарманы, күйді жазған автордың шығармашылығы туралы (ол өмір сүрген кезең, шығарманың туу тарихы), шығарманың сипаты туралы әңгімелесу өте қажет және күрделі болып келетін жерлерін анықтап, оларды меңгеріп шығу тәсілдерін, амалдарын қарастыру қажет, сонымен қатар оқытушы студенттің тырысуын, оның талғамын, мүмкіндіктерін, жадын, есту қабілетін және әрине, жұмысқа қабілеттілігін мұқият есепке алып, бақылауы қажет. Сонымен қатар жаңа шығарманы талдаған кезде (күй, пьеса) ноталық мәтіннің кез-келген деталіне аса мұқият зер салу, ескеру қажет.
Шығарманың мазмұндық жағы мен оның орындалуы туралы нақты әңгіме жұмыстың барлық кезеңінде жүргізілуі қажет. Студентке Г. Нейгауз, Г. Коган, Ф. Липс, Е. Либерман, З. Смаковалардың еңбектерін оқыған пайдалы болады.
Шығарманың мәтінін алғашқы оқуда оқытушымен талдау қажет. Немесе анығырақ және оқушыларға неғұрлым түсініктірек болуы үшін оқытушы сол шығарманы көрнекті түрде орындап беруге міндетті [16, 12-б.].
Сонымен қатар сабақта оқытушы барлығын қарапайым әрі түсінікті сөзбен түсіндіруі керек, яғни оқушы түсіндіруді қандай деңгейде қабылдай алады, нақтырақ айтсақ, егер оқытушының айтқан сөздері оған түсініксіз болса, демек, оны тағы да қайталау қажет, бірақ енді басқа мысалдармен немесе басқа бір теңестірудің, теңеудің көмегі арқылы түсіндіру қажет.
Мысалы: мен әуезді желіні қалай жүргізіп отырмын, оның сүйемелдеуі қалай болуы қажет, акцент қалай орындалады және тағы басқаларын тыңдап көр деу қажет.
Алдымен шығарманы тұтастай орындап көруге болады, яғни ол туралы түсінік болуы қажет, содан соң шығарманы талдауға және оны баяу темпте бөлік-бөлікпен үйренуге көшеміз.
Бір оң қолмен бір-екі тактіні орындау керек (фраза, сөйлем бойынша да болады), осылайша ритмикалық мәнерлі, айқын ойнау қажет. Содан соң сәйкес тактіні сол қолмен орындаймыз.
Одан әрі екі қолдың партиясын бірге қосамыз, бұл жерде ойнау сапасын және музыкалық мәнерлілікті (штрихтар – legato, nonlegato, staccato, мехты жүргізу, метроритмнің ерекшеліктері, гармоникалық тіл, терминдерді түсіндіру, ұғындыру, аппликатура, фразировка, нюанстар, логикалық кульминациялар және т.б.) бақылауды жалғастыру қажет.
Студент-орындаушының жете, мұқият, әбден ойланып жасалған жұмысына оның қол жеткізетін нәтижесі байланысты болады. Студентті жұмыс жасау кезінде шығарманың жекелеген жерлерін әбден ойланып барып жасауға үйрету қажет.
Шығарманы қайталап ойнаған кезде қателіктерін, кемшіліктерін, жетіспеушіліктерін талдау өте пайдалы. Клавишадағы алғашқы қозғалысты он рет қайталағаннан гөрі саусақпен көрсеткенді жақсы есте сақтап қалады.
Саналы тәсіл жылдам үйреніп алу мен сауатты ойнауға ықпал етеді [3, 23-б.].
Шығарманы әр түрлі темпте ойнау қажет (темпті оқытушы белгілейді), алдымен студент орташа темпте соңына дейін түзетусіз ойнайды, содан соң одан жылдамырақ темпке ауысамыз және престиссимо темпіне ауысамыз.
Орындау барысында студент өзін еркін, ыңғайлы сезінуі қажет және сонымен қатар орындауы нақты, айқын болуы қажет, ритмикалық жағынан нақты, фразировкасы мен нюансировкасы жақсы, неғұрлым терең сезіммен орындалуы қажет. Әрбір орындаған кезде шығарма жаңадан туғандай болуы керек, себебі музыка үнемі жаңа амал-тәсілді талап етеді.
Атап өткіміз келетін нәрсе – шығарманы барлық күшімен тым жиі орындау (әсіресе жылдам темпте) ұсынылмайды, себебі оған деген қызығушылық осылайша жылдам нашарлайды, орындау қалай болса солай, көркемдік нақышы аз болады.
Шығарманы үйрену барысында клавиатураға қарау қате болып табылады және ол зиянды, себебі бұл кезде есту қабілетін бақылау жоғалады, клавиатураны сезіну болмайды және қозғалыс автоматизмі болмайды, аспаптың мақсатты құрылымы бұзылады (орындаушы оны өзіне қарай еңкейтеді).
Шығарманы баппен, ақырындап ойнаудың арқасында студенттің саусақтарында сенімділік пайда болады [15, 44-б.].
Күтілетін нәтижеге жету үшін қажет нәрсе – студенттің өзіндік жұмысының кестесі (үй жұмысы), оны оқытушы құрайды.
Табысты алға жылжу мен нәтижелер үшін өзіндік жұмыстың ұзақтығы үнемі өсіп отыруы керек. Егер де үйрену кезеңінің басында ол күніне 1–2 сағатты құраса, ал аккордеонист-кәсіби адамға күн сайын 3–5 сағат қажет. Әсіресе таңертеңгі кездегі уақыт табысты болады.
Әрбір шығарманы баяу темпте үйренген дұрыс, дегенмен үнемі баяу темпте ойнау да зиянды, өйткені саусақ техникасының дамуына ықпал ете алмайды. Сондықтан, әр түрлі темптерде үйренген аса пайдалы, ол арқылы қозғалыстың толық еркіндігі туады. Техникалық шығармаларды әр түрлі темпте үйрену барысында үнемі осы әуеннің динамикасы мен музыкалық қабылдауына көңіл бөліп отыру қажет, ол сабақ механикалық болып кетпеу үшін қажет. Осылайша, жылдам темпке біртіндеп көшу керек.
Шығарманы орындау барысында жұмыс табыссыз болса, ең алдымен ашулану, наразылық білдіру секілді сезімдерден арылу қажет, яғни тіпті ең жауапты кезеңде де себебін жайлап түсіндіру керек. Студент оқытушының достық, жақсы қатынасын сезіне білуі қажет, бұл оны нақты бір қиындықтарды жеңу жолына әкеледі [18, 83-б.].
Сонымен қатар мынаны да ұмытпау керек: кейбір студенттердің нақты бір пассажы психологиялық факторлармен байланысты орындалмауы жағдайы, яғни пассажды орындап алып, студент ойша өзі ойнаған жерінде ғана қалады, ал оған үнемі алда не болатындығын ойлау керек.
Оқушының психологиясы – ерекше көңіл бөлуді талап ететін аса нәзік аспап. Студенттер оқытушының өздерімен уақыт көлемі бойынша әр түрлі жұмыс жасауын қажет етеді.
Емтиханнан кейін немесе концерттен кейін оқытушы оқушылармен бірге міндетті түрде ойналған шығармаларды талдауы қажет.
Студент образы өзіне түсінікті және оның эмоциясына, сезіміне белсенді әсер ететін шығармаларды ғана жақсы көретін болады.
Оқытушының негізгі міндеті – студентті қызықтыру, біртіндеп, бір сабақтан келесі сабақтарда оның музыкаға деген махаббатын ояту, аспапта күн сайын ойнауға деген махаббатын ояту, көркем шығарманы түсінуге үйрету және оның мазмұнын эмоционалды түрде көрсету.
Қазақтың күйлері мен әндерін аккордеонда ойнау
Қазақстанның қазіргі кездегі сазгерлері халықтық өнердің дәстүрлі түрлері мен тәсілдерін белсенді түрде қолданып жүр. Олардың шығармаларында қазақтың домбырасының және әндердің музыкалық мәдениетінің керемет үлгілері үлгі болады немесе интонациялық жағынан жүзеге асырылады.
Қазақтың халықтық ән және аспаптық шығармашылығы барлығына негіз болды, соның негізінде Қазақстанның бүгінгі күнгі музыкалық өнері өсіп жетілді [25, 179-б.].
Қазақтың музыкалық мәдениетінің неғұрлым ашық та жарқын көрінісі әндік және аспаптық шығармашылықтан көрініс тапты.
Бәріміз білетіндей, домбырада ойналатын күйлер орындалу сипатына қарай, формажасаушылық, орындаушылық тәсілдеріне қарай екі мектепке бөлінеді: төкпе және шертпе.
Төкпе түрі – негізінен Батыс Қазақстанда кеңінен тараған. Домбыра әуенінің бұл дәстүрін кеңінен таратып, көркем жеткізе білген – Құрманғазы, Қазанғап, Абыл, Еспай, Есір, Дина, Сейтек және тағы да басқалары. Қазақстанның орталық, оңтүстік және шығыс облыстарында кездесетін күйлер шертпе деп аталады. Бұл күйлердің әуендері әуезді, сазды болып келеді, еркін, біркелкі темпте дамиды. Сипаты жағынан неғұрлым қиялға берілгіш, лирикалық және баяндаушы, хабарлаушы болады. Күйлердің мазмұны – табиғаттың сұлулығы, философиялық ойлар, жанның шаттық күйі.
Бұл дәстүрдің көрнекті өкілдері болған – Тәттімбет, Сүгір, Дайрабай және басқалары [2, 48-б.].
Домбыра күйлерін баянда және аккордеонда ойнау ХХ ғасырдың ортасынан басталады, баянистер мен аккордеонистердің ерен жүйріктер, саңлақтар тобы пайда болады, олар қазақтың халық әнлері мен күйлерін сол аспаптарға қарай ыңғайлап, өңдейді.
XIX ғасырдың ортасында, ұзақ мерзімді дамудың нәтижесінде домбырада орындау өнері барынша дамып, гүлденіп, жоғары кәсіби деңгейге жетеді.
Қазақтың музыкалық аспаптарын гармоника табысты түрде толықтырып тұрады, ал кейінірек аккордеон мен баянның сан түрлері қосылады, ол қазақ даласында сырнай, жел-сырнай, гармон деген атауларға ие болады.
Сырнай ақындардың, жыраулардың, әншілердің шығармашылығында кеңінен қолданылады, дала музыканттарының бірнеше аспапта, сонымен қатар гармонда ойнай білу шеберліктері олардың орындаушылық шеберліктерінің негізгі көрсеткіші болып табылады.
Сондықтан XIX және XX ғасырдың көптеген танымал ақындары мен әншілері сырнай тарту білетін. Әнші-гармоншылардың арасынан Майра Шамсутдинованы бөліп атауға болады, ақын-гармоншылардың арасынан – Шашубай Қошкарбайұлын, ал жырау-гармоншылардың арасынан – Нартай Бекежановты ерекше атап өтуге болады.
Ең алғаш рет баянда орындаудың бүкіл тарихы барысында Клингенталда өткен аккордеонист-баянисттердің халықаралық сайысында қазақ даласының ұлы перзенті Құрманғазының «Адай» күйі (баянға арналып А. М. Гайсиннің өңдеуінде) орындалды. Осы кезден бастап домбыра күйінің аранжировкасы жанрының дамуында жаңа кезең басталады.
ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында шыққан баянистердің арасында және баян мен аккордеонға арналған күйлердің аранжировкасын жасаған тұлғаларды атайтын болсақ, бұл жерде Алматы консерваториясының кафедра меңгерушісі Зауре Смақованың атын, Өнер университетінің оқытушылары Алексей Ефременко, Мұқадас Габдиев, оқытушы Николай Двизов, Марат Бердіғұловтардың есімдерін атауға болады.
«Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Алексей Ефременко Москвада және Клингентальда өткен халықаралық конкурстарда Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін орындаған.
Сондықтан, орындаушы осы шығарманы орындамастан бұрын, осы аспаптық шығарманың тарихы мен тақырыбы туралы аудиторияға түсіндіріп өтеді. Бірақ, уақыт өте келе ауызша шығармашылық аспаптық орындаушылықтан біржола алыстап, бөлініп кетті және тек аздаған орындаушылар ғана өзі орындағалы тұрған күйі туралы алдын-ала әңгімелеуді жалғастырып келеді.
Ансамбльдегі ұжымдық ойнау дағдылары
Ансамбль (франц. еnsemblе – бірге). Бұл терминнің музыкада үш мәні бар:
1) бірнеше музыкантпен шығарманы бірігіп орындау;
2) бірыңғай көркемдік ұжым ретінде шығатын орындаушылар тобы (ансамблистер);
3) орындаушылардың аздаған құрамына арналған музыкалық шығарма [8, 24-б.].
Ансамбльдік музыка тартудың өте ауқымды дамушы мүмкіндіктері бар, ол студенттің музыкалық көзқарасын, ой-пікірін кеңейтеді, серіктесін тыңдай білу секілді қасиеттерін дамытады, шығармашылық қиялын белсенді етеді, орындаушы шебердің қалыптасуы мен тәрбиеленуінде үлкен роль атқарады, музыкалық әдебиетпен жан-жақты және кең танысудың барлық мүмкіндіктеріне ие болады.
Ансамбльде ойнау серіктесін тыңдауға үйретеді, музыкалық ойлауға үйретеді, бұл серіктеспен әңгіме жүргізу өнері, яғни олардың бір-бірін түсіне білуі, уақытында тоқтауы, т.б. Егер де үйрену барысында студент осы өнерді меңгеріп алатын болса, онда ол аккордеонда ойнаудың барлық ерекшеліктерін табысты меңгереді деуге де болады [14, 19-б.].
Ансамбльдік ойнау, неғұрлым ритмикалық сезімді тәртіпке келтіреді, қағаздан оқи білуді жетілдіреді, оқушыға техникалық дағдыларды жасауға көмектеседі, сонымен қатар мол қуаныш пен ләззат, тамаша көңіл-күй сыйлайды.
Ансамбльмен жұмыс жасауға кіріскен кезде оқытушы ең алдымен орындалатын шығарма туралы айтып беруге, студенттерге әрбір партияның маңызы мен мәні, қызметі туралы, формасы, мазмұны, сипаты туралы жалпы түсінік беруге міндетті.
Шығарманы талдауға көшеміз: алдымен әрбір студентпен оның партиясын үйреніп алу керек. Ансамбльдік орындау жұмысы кезінде, оны өңдеу, фактура әуездік желіні өшіріп тастамауына көңіл бөлу қажет, ал бас (жуан) партиясы метроритмикалық негіз болуы қажет. Алғашқы партияны орындайтын студент жұмыс барысында қадағалауға тиісті темпті анықтап алған да маңызды [13, 72-б.].
Оқытушымен бірге ойнаған жақсы. Бірақ барынша мұқият болуға, көңіл бөлуге, жауапкершілікке, өзін және басқаларды тыңдай білу қабілетіне әрине, студенттер ансамбльде ойнау барысында бір-бірінен үйренеді.
Басынан бастап студенттерді мынаған үйреткен дұрыс, орындаушылардың біреуі басқа біреу тоқтап қалған кезде тоқтап қалмауға үйрету. Бұл басқа орындаушыны жылдам бағдарлауға және ойынға қайтадан кіруге үйретеді.
Ең алдымен, ансамбльдік ойнау кезінде біз олардың орындаушылық синхрондығына үйренеміз, яғни синхрондық дегеніміз ансамбльдің маңызды сапаларының нәтижесі болып табылады, ол сапалар – серіктестердің темп пен ритмикалық пульсті бірдей түсінуі мен сезіне білуі. Синхрондық бірігіп ойнаудың техникалық талаптарының бірі болып табылады. Барлығының бір мезгілде бастауы, кірісуі әдетте ансамбльдің қатысушыларының біреуінің байқаусыз, ақырын ым жасауымен басталады. Бұл ыммен бір мезгілде тыныс алуға, орындаушымен ақылдасуға пайдалы жағы бар. Бір мезгілде аяқтау да үлкен маңызға ие болады.
Ансамбльдік ойнаудағы дағдыларды қалыптастыру, бекіту үшін оқушыларға әр түрлі ансамбльде ойнауға мүмкіндік беру қажет.
Мысалы:
- дуэт – аккордеон және домбыра; аккордеон және баян; аккордеон және қобыз;
- трио – аккордеон, домбыра және қобыз; аккордеон, саксофон және соқпалы құрылғы;
- квартет – аккордеон, қобыз, домбыра және домбыра-контрабас (контрабас), немесе аккордеон, саксофон, соқпалы және контрабас т.с.с.
Ансамбльдік ойнау оқушыларға ұжымдық ойнауға деген қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік береді, бұл оқушылардың барлығына да сөзсіз ұнайтын болады.
Ансамбльдің жан-жақты музыкалық даму мен тәрбиелеудегі маңызы аса зор, сондықтан, менің ойымша, егер де оқу жоспарында «Негізгі музыкалық аспап» пәніне қосымша ретінде «Ансамбльдік музыка тарту» пәні енгізілетін болса, менімен барлығы келіседі деп ойлаймын.
Эстрадалық орындау. Фонограммамен ойнау техникасы (минус)
Аккордеон, эстрадалық аспаптарға неғұрлым жақынырақ, ал нақтырақ айтатын болсақ, эстрадалық шығармаларды онымен орындау жағымды әсер қалдырады, жақсы қабылданады.
Көріністік өнер жүйесінде, эстраданың бүгінгі күнде жекелеген өзіндік мықты орны бар, ол көркем мәдениеттің өзіндік құбылысын білдіреді.
Эстраданың танымалдығы ең көлемді және сан алуан көрермендік ортада әлеуметтік құрамына, жасына, білімі мен тіпті ұлттық құрамына қарай халықтың әр түрлі топтарындағы қарама-қайшы эстетикалық қажеттіліктерге назар аударуға да мүмкіндік береді.
Эстрадалық орындаушылардың көпшілігі үшін өзекті мәселелердің бірі фонограммамен (минуспен) жұмыс жасау қажеттілігі болып табылады. Мысалы, толығымен дайын жазбаны табу біршама қиын, бірақ оны біз тапсақ та (мысалы – караоке дискісінде немесе МIDI-форматта), ол аранжировкасы жағынан, кезектестігі жағынан, шумағының саны жағынан, жазбаның сапасы жағынан, т.б. жағынан сәйкес келмеуі де әбден мүмкін.
Көптеген эстрадалық орындаушылар өздерінің «минуспен» үнемі болатын мәселелерін жылдам әрі толығымен осылайша шешу мүмкіндігіне ие болуды армандайды.
Қазіргі күнде қымбат бағалы аппаратурасы жоқ және бағдарламалық қамтамасыз етілмеген қарапайым адамға фонограмманы тамаша етіп жазып шығуға мүмкіндік беретін мұндай технология жоқ.
Мысалға, «минусты» өзіне жазуға болады, бірақ бұл өте күрделі, ол ұзақ уақытты талап етеді және оған синтезатор да қажет болады.
Дегенмен, осы міндетті қалай да шеше алатын нақты бір арнайы бағдарламалар бар.
Эстрада аудиториясының бұқаралылығы өткен кезеңде және қазіргі кезде, оның әр түрлілігі, ойын-сауық және тәрбие қызметтерінің эстрадалық шығармашылықта үйлесу қажеттілігі эстрадалық өнер шығармаларын жасаушыларға ерекше талаптар қояды, оларға ерекше жауапкершілікті жүктейді.
Эстрада шығармаларын зерттеудің күрделілігі, сонымен қатар оларды жасаудағы әдіснамалық амалдардың шығарылымы тұтастай алғанда әр алуан өнер түрімен шарттастырылған. Онда актерлық шеберлік, аспаптық музыка, вокал, хореография, көркем сурет өнері шоғырланады.
Көркемдік құралдардың көпшілігі, олардың эстрададағы әр алуан синтетикалық формалардағы аяқ астынан болатын әрі әдеттен тыс, ерекше үйлесулері көп жағдайда басқа өнерлерге қарағанда әр түрлі, сан алуан болып келеді.
Мерекелік сауық өнері ретінде дами отыра, эстрада әрқашан да ерекше, әдеттен тыс және әр түрлі болуға тырысты. Мерекені сезіну де сыртқы көрініс, жарықтың ойнауы, сурет декорациясының ауысуы, сахналық орынның формасының өзгеруі секілді нәрселермен іске асырылатын.
Эстрадалық музыка өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, білімнің әр алуан салаларының зерттеушілерінің басты назарында болды. Отандық эстрада өнерінің барлық тарихы барысында оған деген қарым-қатынас бірнеше рет өзгерді.
Әрбір музыкалық жанрдың өзіндік өмір сүру формасы бар. Опералық театрда бұл спектакль – біртұтас, көркем аяқталған шығарма. Симфоникалық, үрмелі аспаптар оркестрі үшін, халық аспаптары оркестрі үшін, камералық ансамбльдер үшін және солистер үшін бұл форма концерт болып табылады, оған бір немесе бірнеше шығарманың орындалуы қосылады.
Музыкалық эстрада үшін – ол да концерт, бірақ ерекше түрдегі концерт. Оның негізі болып табылатын әр түрлі жанр мен стильдегі музыкалық номерлер. Мысалы, халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен ән салған кезде бұл – академиялық концерт, ал аспаптық және халық аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуінде – эстрадалық болады. Мұндай ерекшеліктер әрбір жанрға тән орындау ерекшеліктерімен анықталады. Музыкалық эстрадалық, вокалдық немесе аспаптық номердің басты ерекшеліктерінің бірі көрермендермен қарым-қатынас жасау ерекшеліктері болып табылады.
Эстрадалық орындаушы үнемі міндетті түрде көрермендерге, залға көңіл аударады. Музыкалық эстраданың бұл қырының түп тарихы тереңде жатыр.
Қазіргі уақытта көрермендермен тікелей қарым-қатынас жасау біршама күрделі және мағыналы бола бастады.
Эстрада өнеріне ашықтық, ықшамдылық, суырып салмалық, мерекелік, сонылық, көріністік секілді сапалар тән.
Мерекелік сауық өнері ретінде дами отыра, эстрада әрқашан да ерекше және әр түрлі болуға тырысты. Мерекені сезіну де сыртқы көрініс, жарықтың ойнауы, сурет декорациясының ауысуы, сахналық орынның формасының өзгеруі секілді нәрселермен іске асырылатын.
Эстрадаға форманың және жанрдың көп түрлілігі тән екендігіне қарамастан, оны үш топқа бөлуге болады:
- концерттік эстрада (бұрын «дивертисментті» деп аталатын); эстрадалық концерттегі барлық қойылымдарды біріктіреді;
- театр эстрадасы (миниатюра театрының камералық спектакльдері, театр-кабаре, кафе-театр немесе масштабты концерттік ревю, мюзик-холл, көптеген орындаушылық құрам мен бірінші класты сахналық техника);
- мерекелік эстрада (көпшілік серуені, стадиондардағы мереке, ондағы спорттық және концерттік нөмірлер, сонымен қатар балдар, карнавалдар, маскарадтар, фестивальдар және т.б.).
Эстрада – тыңдаушылардың көпшілігінің қабылдауына неғұрлым қол жетімді болатын жанр. Ол тек демалыс пен ойын-сауыққа ғана арналмаған.
Эстраданың тәрбиелік ықпалы да зор. Эстрадалық шығармалар формасы жағынан қарапайым. Олардың мазмұны күрделі емес, жеңіл есте қалады. Бұған кіретіндер – тұрмыстық әндер, романстар және аспаптық орындау. Эстрадалық типтегі жеңіл музыка ірі сазгерлердің де шығармашылығында бар (Моцарт, Шуберт, Штраус).
Сөзсіз, вокалды және аспаптық эстрада әр түрлі, бірақ та қазіргі эстрадада төмен сортты, нашар дүниелер өте көп.
Эстрада – сахналық өнердің бір түрі. Ол бір немесе бірнеше әртістердің жеке аяқталған ойындары болып табылатын нөмірлердегі сан алуан жанрларды көріністе (концертте) біріктіреді. Эстрадаға тән сипат – әртістердің көрермендерге тікелей назар аударуы.
Эстрада өнерінде әжуа, сатира және публицистика элементтері басым болады. Филармониялық залдар жартылай бос болады, ал поп-музыкаға стадионда мыңдаған желікпе жастар (тек олар ғана емес) жиналады.
Жастар орта жастағы адамдарға қарағанда эстрадаға көбірек көңіл бөледі. Эстрадалық топтар мен танымал шлягер орындаушылары осы жастарға назар аударады.
Фонограмманы қолдануда біршама елеулі кемшіліктер де бар, атап айтсақ: орындаудағы импровизация мүмкін болмайды, тыңдармандардың реакциясына нақты жауап беру мүмкіндігінен айырылады, т.б.
Студент үшін академиялық орындаушылық сөзсіз бірінші орында болды және болып қала береді. Эстрадалық жанр тек қана әр түрлілік үшін, өзі үшін ғана қажет.
Студент шығарманы фонограммамен (минуспен) орындау кезінде түрегеп тұрып орындауы қажет деп санаймын. Шығарманың соңына дейін бір қалыпта тұрып орындау да өте қиын.
Аккордеонист – шебер жұмыс жасауға міндетті, сонымен бірге бір мезгілде ол тұрып ойнау кезінде өзін еркін сезінуі керек, ал мүмкіндік болған кезде ым жасау мен қосыла, ілесе билеу де мүмкін. Орындаушылық шеберлік жылдармен және еңбектену арқылы келеді.
Студенттің еңбекке қабілеттілігі мен қызығушылығы үшін классикадан бастап эстрадалық орындаушылыққа дейін әр түрлі жанрлардың шығармаларын орындау қажет. Студент өнерде барлығына да қызығушылық танытуы қажет.
Фонограммамен (минус) орындауға ұсынылатын материалдар мыналар:
- Жиро «Под небом Парижа»;
- Абрэу «Тико-тико»;
- Фоссен «Флик-фляк»;
- Пьяцолла «Либертанго»;
- Сантенджини «Рио-Рита»;
- Брызги Шампанского;
- Пиццигони «Свет и тени»;
- Монти «Чардаш»;
- Моцарт «Түрік маршы»;
- Шуберт «Аве Мария»;
- Бах «Шутка».
Эстрадалық жанрда дуэтпен, триомен, квартетпен, квинтетпен және т.б. орындауға болады. Мысалы, дуэт – аккордеон және домбыра, аккордеон және қобыз; трио – аккордеон, саксофон, гитара; аккордеон, домбыра және қобыз; квартет – аккордеон, қобыз, домбыра және сазсырнай, квинтет – баян, аккордеон, ұрмалы құрылғы, домбыра-прима, контрабас. Бұлардың дыбыс шығаруы нәтижелі болады деп ойлаймын.