Музыкант-орындаушының концерттік шығуға психологиялық дайындығы мәселесі – музыкалық-орындаушылық өнердегі маңызды тақырыптардың бірі.
Концерттік практиканы әрбір аккордеонист үйренудің кез-келген деңгейінде өтуі қажет.
Орындаушылық ерікті тәрбиелеуде көп нәрсе алдын-ала жасалған жұмысқа да байланысты болады. Сондықтан, оқушының үй жұмысын бақылап отыру керек. Студент өз уақытын үнемдеп, сақтауы қажет, сонымен қатар тапсырманы бөліктеп, мақсатты түрде дайындалуы қажет. Музыкалық шығармалардағы күрделі жерлерімен өзі алдын-ала мұқият жұмыс жасап алуы қажет.
Оқытушы студенттермен шығарманы талдайды, олардың барлық қабілеттерін тәрбиелейді, орындаушылық шеберліктен басқа ол орындаушылық еріктерін де тәрбиелейді.
Оқытушы мыналарды білуі керек: студент неге қабілетті, оның нағыз шығармашылық шыңы қандай, т.б., яғни студент өзінің оқытушысының жолдастық қолдауын білуі керек, сезінуі керек, ол өзінің өмірлік орындаушылық тәжірибесімен бөліседі, дұрыс жолды көрсетеді, бағыт береді.
Ойын алдында толық беріліп ойнай отыра, студент өзінің эмоциялық мүмкіндіктерін есепке ала алмай қалады және қайталап орындау (неғұрлым жауаптырақ) босаң, солғын және сендірмейтіндей болады.
Бұл жерде дұрыс болатыны – шығарманы баяу темппен, терең оймен орындау. Бұлшықеттерді ширату, шынықтыру үшін сабақтың алдында немесе сахнаға шығар алдында гамманы, этюдты ойнау немесе ескі репертуарды қайталау өте пайдалы.
Көрерменнің алдында өнер көрсетуге қалай дайындалу керек деген мәселе сөзсіз көптеген оқытушылар мен студенттерді қызықтырады. Бұл жерде есепке алу қажет деген мәселе – мінез-құлықтың, сипаттың, дарындылықтың, қабілеттің және студенттің өмірлік жағдайларының әр түрлілігі [22, 222-б.].
Студентпен жұмыс барысын былайша жасау қажет: оның халық алдында шығуға дайындығының ең жоғары шегін анықтау үшін және студентпен өзінің жұмысын жасау үшін оқытушы орындаушылық формасының нағыз нүктесі, «шегі» қажетті уақытта және қажетті жерде қол жеткізілгенін қадағалауы қажет.
Студенттің психикалық (жеке-тұлғалық) және кәсіби қасиеттерін өзара байланыста және өзара қарым-қатынаста білу концерттік қойылымдардардағы мінез-құлқының оптималды жолдары мен тәсілдерін жасауда оқытушыға өте қажет, ал нақтырақ айтатын болсақ, аудиториядағы ойнау алдында немесе концерттік эстрадада орындаушының психологиялық икемделуін, яғни күйге келуін ескеру аса қажет.
Сахна өнері әртістің назарын аз да болса басқа нәрсеге алаңдатуды қаламайды. Орындаушы сол шығармаға толығымен берілген болуы керек, тек сонда ғана ол өмір сүретін болады. Сахна өнері толығымен өзгеруді, жаңа түрді талап етеді.
Жұмыстың табысты болуы оның күн сайынғы, күнделікті болуында. Әйтпесе мұның барлығы да дәрігердің араласуымен аяқталуы мүмкін. Бұл мынамен тең болады, яғни алты күн тамақ ішпей, ал жетінші күні бүкіл асты немесе артық мөлшерде ішіп қоюмен бірдей.
Ағза көп нәрсеге шыдамды келеді, бірақ кенеттен болатын шамадан тыс артық жүкті көтере алмайды. Қатты шаршау, қалжырау, зорығу концерттік көрсетілімнің сәтсіз болуына әкеліп соғады, ал ол өз кезегінде, студенттің әртістік қабілеттерінің дамуына нашар, кері әсер етеді.
Оқытушы шәкіртімен шығарманы дайындау, орындау барысында жұмыс жасай отыра, барлығын есінде сақтауы қажет [18, 34-б.].
Жалпы айтсақ, қай кезеңде болсын, ойын үрдісіне толығымен, тұтастай берілу қажет, яғни тіпті сол шығарманы соңына дейін жатталмаса да, концерттік орындау сезімі болуы қажет.
Аудиториялық класс қандай да бір шамада студент үшін өнерін көрсететін сахна болады, ал оқытушы – тыңдарманы болады, сонымен қатар ең қатал, ең білікті, бәрін де түсіне білетін тыңдарман болады.
Барлық жұмыстардағы ең бірінші ереже ол – мақсатына тура қарау, ой жүгірту, бұл ондағы табысының алғашқы шарты. Өзің орындауды жоспарлаған музыканы ойша тыңдап көру қажет, солайша өзің қалай шығаратын әуенді ойша елестетіп көр [10, 31-б.].
Осыдан ең алдымен көретініміз, орындаушылардың кейбір бөліктері, өз мақсаттарына қарайды, ой жүгіртеді, бірақ қарайтын жаққа емес, басқа жаққа көз салады.
Мысалға алатын болсақ, кейбір өз-өзіне сенген студент халық алдына шығар алдында барлығын көз алдына анық елестетеді, яғни, ол шығарманы қалай аяқтайды, соңғы аккордтарын қалай алады, қалай ду қол шапалақпен эстрададан кетеді, содан соң дайындық бөлмесіне профессорлар келіп, қалай таң қалып, көптен бері мұндай орындауды естімеп едік дейді, т.б.
Егер, керісінше, студент жасқанып, жүрексініп, қатты толқитын болса, сол сурет оған басқаша елестейді: ду қол шапалақтаудың орнына – үнсіздік, тыныштық; ал қуанып, шаттанып айтылған мақтаулардың орнына – көңілсіз жұбатулар, т.б.
Екі жағдайда да студенттің қиялы өте айқын әрі ашық болады: ол бәрін де ажырата алады, әртістер бөлмесінде кім қай жерде тұрады, қалай ымдап, ишаралайды, қандай сөздер айтылады, т.б. Бірақ екі жағдайда да мұндай студент ойнап болғаннан кейін не болатындығын ойша көреді; ал енді ойнау кезінде не болатындығы – мұны ол біршама нашар елестетеді, тыңдауы да көмескі, күңгірт болады. Тіпті өзінің ойнап шығуы туралы ойлай отыра, ол өзінің қалай ойнап шығатындығынан, шығарманы интерпретациялауынан, бір тактыдан келесі тактіге бағыттауынан, қай жері қалай орындалатынынан гөрі өзінің көңіл-күйінен, жайынан көбірек үміттенеді, жүздеген адамдардың көзқарастарынан өз сезімін көргісі келеді.
Концерт болатын күні өзінің эмоциялық күшін сақтау аса қажет, ұйқысын қандырып тұрған да дұрыс, шығарманы жылдам темппен ойнау қажет емес, сонымен қатар әр түрлі жаттығуларды, гаммаларды, этюдтерді ойнаған да біршама пайдалы болады, ескі репертуардан бір шығармаларды қайталау қажет, ал көп ойнаудың тіпті де қажеті жоқ [24, 230-б.].
Студенттің халықтың алдына шығып өнер көрсету кезіндегі аса маңызды сәт, шығарманы ойнау барысында, мысалға, концертте мәтінін ұмытып кетсе, сасып, абдырап қалмауы қажет, ешқашан да тоқтап қалмауы қажет, керісінше, сол кезде тапқырлық, ерік танытып, сол тығырықтан жол тауып кетуі керек және одан әрі қарай ойнай беруі қажет.
Барлық концертант осы қасиетке ие болуы керек. Орындау барысында мұқият, зейінді болуы керек және ішкі сабырлықты сақтауы керек [18, 74-б.].
Көптеген аккордеонист орындаушылар үшін халықтың алдында орындау жай ғана іс емес. Тіпті эстрададан қорқып, әдетте халықтың алдында өзінің нағыз бар деңгейінен біршама төмен орындайтын да асқан шеберлердің бар болғандығы да бізге белгілі.
Алғашқы сабақтан бастап-ақ, музыкалық шығармамен жұмыс жасаудың ең басынан-ақ орындаудың концерттігін сезіне білуге тырысу қажет.
Концерттік бұл – ең алдымен ішкі қобалжулар, жан жігері, көңіл сергектігі, сол кезеңнің мерекелігін сезіну, орындаушыны тыңдап отырғандығынан қуаныш сезіну.
Сахнаға деген махаббат ол орындаушының сол сахнада болып, содан алатын, еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ләззат, рахат сезімі және ол эстрадалық қобалжулардың барлық қиратушы күштерін жеңе білуге көмектеседі, сонымен бірге оның әртіс-орындаушыға беруге қабілетті барлық жақсы жағын алуға көмектеседі.
Халық алдына шығуға деген махаббат, эстрадалық көңіл-күй жас музыканттарды барлық жағынан да өсіреді.
Осылармен қатар, репертуарды таңдай білу де аса маңызды роль атқарады. Орындаушы, сөзсіз, бағдарламаны өз талғамына орай құруға құқылы.
Бағдарламаны жасау әр түрлі сипатты, әр алуан болуы қажет.
Концертте сол концертті бастауға немесе аяқтауға болатын, соған қажетті шығармалар бар. Бағдарламаны жасаған кезде әрине, кереғарлық принципін де есепке алу қажет.
Студенттер, ереже бойынша, алғашқы рет оқытушыға шығарманы әкеліп тұрып, аудиторияда қобалжиды.
Сахна да толқу тудырады. Тіпті кей кезде толқу тамаша орындауға да әсер етеді, белгілі болғандай талантты, дарынды студенттер әдетте аудиториядан гөрі халық алдына шыққанда жақсырақ ойнайды. Дегенмен, көптеген жағдайларда сол толқу кері әсерін де тигізеді. Кейбіреулер үйдегі орындауынан гөрі сахнада еркін емес, әлсіз, нашар, қалай болса солай, немқұрайлы ойнайды. Ал біреулер, керісінше, асырылған үнмен шығады, содан соң оның ойыны тамаша, көтеріңкі сипатта болады.
Толқу бұл – өзінің барлық дене және психикалық күштерін жинақтап, шоғырландырып алуға қажетті шарт; ал енжар, селқос адам еш толқымастан ойнауды жалғастыра береді, соңынан ол концерттік эстрадада қызықты да маңызды ештеңе жарытып жасамайды.
Сахналық толқу барысында маңызды құраушы болатын ол әрине орындаушының өз орындауына жауапкершілікпен қарау сезімі. Ол арнайы бақылаулар көрсеткендей, орындаушының жоғарылау сатысында көтерілуі бойынша жылдар өткен сайын өсе береді.
Толқу артық, шамадан тыс формада болған кезде ол орындаушы үшін тек жағымсыз ғана болып қоймайды, сонымен қатар ол үшін эстрадада белгілі бір жоғалтулар болып, қолайсыздыққа ұшыратады.
Халық алдына шығып жүргеніне көп болған, тәжірибесі өте көп музыкант-орындаушылар сахналық толқулардың негізгі себептерінің бірі – музыканттың мәтінді ұмытып қалу қорқынышы екендігін біледі. Ұмытып қаламын деп қорқады, сондықтан халық алдына шығып шығарманы орындау кезінде толқиды, ал ұмытатыны, белгілі болғандай, ол тым қатты толқитындығынан болады.
Толқу көп жағдайда орындаушының техникалық жағына кері әсер етеді, ал кейде мүдіріп қалуға, тоқтап қалуға және тұтас эпизодты тастап кетуге әкеледі.
Бұл құбылыстардың психологиялық түп-тамыры жеткілікті түрде айқын, анық және жоғары білікті оқытушы-музыканттар үшін оның еш құпиясы жоқ. Бұл жерде қарама-қайшылық, оғаштық болатын – сахнадағы осындай есеңгіреп қалу, сәтсіздік әрқашан да мәтінді жеткіліксіз түрде жаттап алудың (жаттаудың) нәтижесі бола бермейді.
Студентті сол кезеңде билеп алған осы толқудың, істің мәні бойынша, сахналық толқумен бірдей психологиялық мазмұны, психологиялық табиғаты болады.
Музыкант іштей ойын үрдісіне ойын жинақтаған кезде, өзінің бар ойын, назарын орындап отырған шығармаға аударған кезде толқу өздігінен кетеді, жоғалады.
Оқытушы олармен жүйелі және қажырлы күрес жүргізуі қажет, әрбір студенттің даралығын, жекелігін қолданып, оның әрбір кемшілігінің, сәтсіздігінің себептерін мұқият әрі зейін салып талдауы қажет. Орындау еңбекті көп керек ететін және тыңғылықты жұмыспен; ал эмоциялық қалықтау кезеңдері өзіндік барлық әрекеттердің мұқият және кәсіби талдауымен үйлесуі қажет. Бірақ бұл жағдайда қай жағына болмасын үйлесімсіздік болмайды, тек осындай жағдайда ғана орындаушы тыңдармандармен (емтихан қабылдаушы, әділ қазылар мүшелері, т.б.) кездесуге эмоциялық жағынан да, кәсіби-техникалық жағынан да дайын болады.
Дегенмен, шығарма әбден, мұқият жаттап алынған болуы керек, яғни орындаушы ойын алдында немесе сахнаға шығар алдында өзін сенімді сезіне білуі қажет, нақтырақ айтсақ, сол немесе басқа бір шығарманы концерттік эстрадада немесе емтиханда, сайыста және т.б. ойнап шығуға деген үлкен тілегі, ықыласы болуы керек.
Сөзсіз, сахналық толқу әркімге әр түрлі әсер етеді. Мысалы:
- көктеректің жапырағындай қалтырайды;
- прострацияға ұшырайды;
- шамадан тыс қозуды басқара алмайды;
- қолдары терлейді немесе керісінше мұздай болады.
Студент концерттік орындау алдында сабырлы болып, ойын жүйелеп, өзі-өзіне келуі керек.
Мысалы, шығармамен жұмыс жасау кезінде В. В. Листова концерт алдындағы соңғы сабақтардағы туатын атмосфераның қарбаластығын ерекше бағалаған.
Бұл кезеңде Валерия Владимировна көркемдік ассоциацияларды тудыратын өмірлік тағылымды, үлгіні батыл қолданды, таңғы тыныштықты тыңдай білуге үйретті («Өтіп бара жатқан адамның аяғының дыбысы естілген кезде»), таң рауанының сұлулығын сезіне білуге үйретті. Ол өмірдің ең алғашқы көріністерін бақылай білу керек дегенді көп қайталайтын: «Не в том ли еще одна невыразимая прелесть ландыша, что в его соцветии мы как бы ощущаем процесс раскрытия цветка: внизу цветы, а наверху еще совсем закрытые бутоны. Ведь ландыш, когда он весь распустился, это не тот ландыш, в котором раскрылись первые цветы» [18, 32-б.].
Нағыз көркемдігі жоғары орындау бүкіл аудиторияға бірден қабылданбайтындығы жиі кездеседі. Ең алдымен неғұрлым сезгіш, түсінетін бөлікте жоғары зейін, назар пайда болады. Бірақ одан кейін осы неғұрлым сезгіш, қабылдағыш адамдардың назары міндетті түрде аудиторияның қалған бөлігіне беріледі.
Нәтижесінде, орындаушының аудиториямен толық шығармашылық бірігу кезеңі туады, яғни сахна мен залдың арасында қатынас орнату да маңызды роль атқарады.
Студенттің мінез-құлқының, оның ішкі жағдайының диагностикасы, оның қандай да бір жағдайларға жеке реакциясы оқытушының тактикасы мен психологиялық стратегиясын дұрыс таңдауға ықпал етеді. Мұндай жұмыстардың барлығы да мектептерде де, училищелерде де, ЖОО-да да, бір сөзбен айтар болсақ, болашақ орындаушының кәсіби биографиясының барлық кезеңдерінде де жүргізілуі тиіс екендігін айтып өтсек, артық болмас еді.
Балалар мен үлкендердің сахнаны әр түрлі сезінетіндігін, эстрадалық толқуды әр түрлі деңгейде басынан өткізуін бекітілген нәрсе деп санауға болады, бірақ ол екеулеріне де тән нәрсе.
Халықпен оңаша қалған кезде көптеген орындаушылардан олардың сахнаны сүйетіндігін, музыкант-орындаушыда туатын ерекше ішкі жағдайды сүйетіндігін естіп жатамыз.
Сахналық толқудың мәселелерін талдай отыра, педагог-музыканттар көп нәрсенің орындаушының психологиялық-физиологиялық конституциясына, оның жүйке жүйесінің типіне байланысты болатындығына көңіл аударады.
Мысалға алар болсақ, аудиториялық класта жақсы ойнап, концерттік эстрадада босаңсып қалатын да студенттер болады.
Керісінше де болады: эстрадада сіз үлкен үміт күте қоймайтын студент сіз күткеннен де гөрі жақсы, тамаша ойнап береді. Менің ойымша, бұл жерде көп нәрсе жүйке жүйесінің құрылымы мен адамның мінез-құлқына байланысты болады.
Тағы да бір айта кететініміз – сахналық толқудың табиғатын сараптау емес, шешуші кезеңде жас орындаушыға өз-өзіне ие болуға көмектесу маңызды мәселе болып табылады.
Ең басты маңызды нәрсе ол студенттерді концерттерге неғұрлым жақсырақ дайындау және оларды «шикі», аяқталмаған шығармамен шығармау. Халықтың алдында өнер көрсету кезіндегі олқылықтар эстраданың алдындағы қорқынытың, үрейдің пайда болуына әкелетіндігін есте сақтау қажет.
Ең соңғы маңызды нәрсе – оқытушының студентпен сахнаға шығар алдындағы қарым-қатынас үрдісінің өзі. «Студенттерді өз күшіне деген сенімділікке, оның тамаша көңіл-күйіне, соны халықпен бөлісу қажеттілігіне сендіру, иландыру керек. Студенттерді осылайша иландыру қажет, бұл тоқумен күресудің әдістерінің бірі».
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының орындаушылық кластарындағы жұмыс жасайтын музыканттардың тәжірибесі мынаған куәлік етеді: халық алдында өнер көрсету шарттарына, талаптарына үйрену, әдеттену, дағдылану әдістері және қажетті жағдай мен дағдыларды жасау бұрынғысынша ең өзекті және іс жүзіндегі мәселелердің санында қала бермек.
Өздігінен жүйелену дағдысының қалыптасуы сахналық күйзелуге қарсы тұрудың тиімді де нәтижелі механизмі ретінде болады. Шамадан тыс артық толқуды жою үшін жиі сахнаға шығудың үлкен маңызы бар.
Тіпті ең тәжірибелі орындаушылар да жүйелі түрде сахнаға шығып жүрген кезеңге қарағанда концерттік жұмыстағы ұзақ үзілістен кейін қағида бойынша, көбірек толқиды, қобалжиды. Сонымен қатар, ең жасқаншақ, именшек студенттер де егер жиі орындап жүрсе, эстрадада өзін біршама сенімді сезіне бастайды. Осылайша, ең алдымен студентке жиірек халық алдына шығып өнер көрсетуге мүмкіндік беруге байланысты, нақтырақ айтсақ, концерттік қойылымдар оқу үрдісінің бүкіл кезеңінде міндетті түрде болуы қажет.
Сахналық шеберлік уақытымен пайда болады, ал ол үшін тәжірибелі жетекшілердің бақылауымен актерлік техниканың негізгі заңдарын және практикалық сабақтарды теориялық жағынан меңгеру қажет.
Сахналық дағдыларды игеру орындаушылықты жетілдіру жұмыстарымен бір мезгілде жүруі керек екендігін бүгінде тәжірибе көрсетіп отыр.
Орындаушының саусақтары қалай да техникалық жылдам қозғалғыш болса да, егер де ол әуезділікпен, жалпы интеллектуалдық дамумен және сахналық шеберлікпен үйлеспейтін болса, музыкант ешқашан да жетістікке жете алмайды.
Сахнада өз-өзін ұстай білу, сахналық жарқындылықты, әсемділікті көрсете білу, көрермендердің көңілінен шығу да үлкен маңызды роль атқарады. Сахнаға қалай шығу, қалай қозғалу, қалай тұру, қандай қимылдар жасау, оны қалай жасау, әдемі ойнауға қалай қол жеткізу (яғни, көрерменнің сахнадағы «жасандылықты» көрмеуін қамтамасыз ету) – жаңа бастаған орындаушы үнемі осыларды ойлауы қажет, үздік үлгілерді үйреніп, олардың барлығын бірінші сабақтан бастап тәжірибелік жағынан меңгеруі қажет. Оқу, танымал әртістердің ойынын бақылау, оны сахнада тәжірибелік түрде жүзеге асыру, оқу кезінде меңгерген барлық білімдері арқылы сахналық шеберлікке қол жеткізуге болады.
Ең басынан бастап дұрыс отыра және тұра білу қажет және орындаудың эстетикалық, табиғи тәсілдерін жасай алу да қажет. Бұл – орындаушының сахнадағы болашақ мінез-құлқының негізі болып табылады. Концерттік қойылым бұл - төзім, төзе білу, шыдамдылық және зор еңбек.
Жоғары және жан-жақты актерлік техникаға ие нағыз орындаушы-шебер (үлкен дайындық жұмысын жасаған) қашан да тыңдармандарға әсер етудің керемет күшіне ие бола алады, сонымен қатар аудиторияға өзінің дыбысымен, ым-ишарасымен (эмоция) және ең соңында ерекше, арнайы әсер етудің көркем тәртіптерімен әсер ете алады, мұның бәрі актерлік сүйкімділік деп аталады [24, 533-б.].