Кіріспе


Аккордеонның шығу тарихынан

Біздің Республикамызда қазіргі уақытта жастардың эстетикалық тәрбиесіне, ұйымдастырушылық дағдылары мен олардың шығармашылықтарын дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді [21, 46-б.]. Мәдени интеграцияның маңызды факторы және сабақтастықтың таптырмас құралы бола отырып, өнер нағыз эстетикалық және адамгершілік құндылықтарды жасап келді және болашақта да жасай бермек. Аккордеонда ойнайтын мамандарды даярлаудың басты мақсаты – студентті жан-жақты дамыған, білімі, өнер принциптері мен тәжірибелік дағдылары бар етіп тәрбиелеу мен үйрету. Аккордеонда ойнау техникасы жұмысының қазіргі заманғы әдісі ұзақ уақыттағы тарихи дамудың нәтижесінде қалыптасты. Болашақ маманды үйрету мен тәрбиелеу үрдісі барысында оқытушы студенттің оқу-әдістемелік және қоғамдық өмірінің барлық жақтарына көңіл бөлуі қажет, сонымен қатар саналы тәртіпке тәрбиелеп, қиындықты жеңе білу еріктерін тәрбиелеуі қажет. Бұл ретте көп нәрсе, мысалы қандай да бір шығарманы болашақ орындаушыға немесе музыка пәнінің мұғаліміне қалай жеткізетіндігі оқытушының жеке тұлғасына, оның тәжірибесіне, білімі мен табиғи дарындылығына байланысты болады. Аккордеонда ойнауды үйренудің алғашқы кезеңінде орындаушы ең алғашқы сабақтан бастап өзінің аспабымен тікелей, жанды қатынаста жұмыс жасауы қажет. Музыкалық-эстетикалық тәрбиелеу студенттердің мына қабілеттерін дамытуға бағытталады: әсемдікті, көркемдікті қабылдай білу, сезіне білу және түсіне білу, жақсы мен жаманды аңғару, шығармашылық жақтан өзіндік әрекет ету, осы арқылы көркемдік қызметтің әр алуан түрлеріне араласу, т.б. Музыка – өнердің бір түрі, ол оның қоршаған ортасы мен оның әр түрлі қуаныш, реніш сезімдерін білдіретін дыбыстық образдардың көмегі арқылы адамға әсер етеді. Музыканың басты ерекшеліктерінің бірі мынада – ол орындауда, тірі дыбыс шығаруда, үн шығаруда шынайы бар болады [8, 52-б.]. Музыкалық мәдениет саласында оқитын немесе жұмыс жасайтын әр адам тек қана өзінің негізгі мамандығын меңгеріп қана қоймай, сонымен қоса гармонияны, полифонияны, сольфеджионы, педагогиканы, психологияны, музыканың теориясы мен оның тарихын да жақсы білуі керек, яғни білімі мол адам болуы керек [28, 235-б.].

Нағыз маман орындаған кезде – тіпті біз жақсы таныс шығарманы тыңдап отырсақ та – еріксіз бір әсер аламыз, ол біздің көз алдымызда, біздің қатысуымызбен сол тындап отырған туындыны қайта тудырған сияқты болады. Егер де әртіс-түсінік беруші өзіндік жарқын шығармашылық даралығын жоғалтқан болса, ол шығарманың нақты және түпнұсқа трактовкасын құруға қабілетсіз болады, оның тек қана өнері ғана емес, ол орындап отырған шығарма немесе пьеса да жүдеулеу болып көрінеді [7, 38-б.]. Орындаушының жетістігі ерекше дарындылығымен, арнайы дайындығымен және шығармашылық энтузиазммен ғана емес, сонымен қатар оның жоғары интеллектуалдық дамуымен, жан-жақты дарындылығымен, білімділігімен, еңбекті сүю қабілетімен де шарттасылған. Орындаушылық жұмыстың қалаулы нәтижесі – мақсатын анық, айқын білу, соған бар назарын аудару, соған қол жеткізуге деген сенімді және табанды ерік-жігер болу [11, 167-б.]. Тек қана қайралған кәсіби шеберлік қана өнердің нағыз туындысын бере алады. Егер де суретші-орындаушының шығармашылық ой-санасы, ойлауы оның рухани күші болып табылса, ал орындаушылық техникасы оған қажетті құрал бола алады және оның орындаушылық жетістіктерінің шынайы, нақты базасын құрайды. Біздер білетіндей, аккордеон гармонның кеңінен таралған алуан түрлерінің бірі болып табылады [19, 3-б.]. Гармонды қазақ халқы ежелгі үрмелі аспап – сырнайдың жетілдірілген моделі, ұқсас түрі ретінде қабылдады, ол халықтық вокалды-аспаптық орындаушылықтың құралы болды. Тұрмыстық музыка ойнаудағы гармонның (сырнайдың) кең танымалдығынан басқа, ол ақындардың, жыраулардың, әншілердің шығармашылығында да кеңінен қызмет атқарады. Атақты әнші-гармоншылардың арасынан Майра Шамсутдинованы атап өтуге болады, ақын-гармоншылардың арасынан – Шашубай Қошқарбайұлын, ал жырау-гармоншылардың арасында – Нартай Бекежановты ерекше атап өтуге болады. Дала музыканттарының бірнеше аспапта ойнай алу қабілеті, сонымен қатар гармонда ойнауы олардың орындаушылық шеберлігінің жоғары көрсеткіші болып табылады. Сондықтан XIX және XX ғасырдың көптеген атақты ақындары мен әншілері сырнайды шерте алған. Қазақстан композиторларының шығармаларын және қазақтың халық әндері мен күйлерін баян мен аккордеонға алғашқы рет ыңғайлаған және өңдегендер К. Ошлаков, Ф. Легкунец, В. Басаргин және олардың ізбасарлары болды, олар қазіргі кезде Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында оқытушылық қызмет атқарады, атап айтсақ – З. Н. Смақова, А. М. Гайсин, Д. Х. Тұяқбаев және т.б. [2, 14-б.]. Аккордеонның құрылысының қалыптасуындағы негізгі кезең болған – 1821 жылы неміс шебері Фридрих Бушманның (1775–1832) қол гармонын [22, 5-б.] ойлап табуы еді. 1829 жылы Вена қаласында орган шебері Кирилл Демиан (1772–1847) сол жағынан аккордтық сүйемелдейтін гармон жасап шығарды, ол «аккордеон» деген атауға ие болды. Аккордеон Скандинавия, Батыс Еуропа, Балтық жағасы және Қырғызстан елдерінде ерекше танымалдыққа ие болды, Англияда – концертина, ал Латын Америкасында – бандонеон деп танымал. Аккордеонның елдің көркемдік өмірінде маңызды роль алған кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдары болды.

1948 жылдан бастап, жыл сайынғы «Әлем кубогы» сайыстары өткізіліп тұрды, сонымен қатар аса беделді халықаралық сайыстар болып табылатын – Клингенталдағы сайыстар (Германия), Кастельфидардодағы сайыстар (Италия) еді. Итальяндық аккордеон өнеркәсібінің орталығы болып табылатын Кастельфидардо қаласында аккордеонға жеті метрлік қола ескерткіш қойылған (мүсінші Ф. Кампанари), онда әйгілі музыкант-аккордеонистер Г. Крамер, В. Белтрами, О. Бураттини, А. Пьяццола, Д. Маркосиньора, В. Лоренцетти, П. Принчипе, Р. Гальяно, А. Ван Дам, Ю. Казаков есімдері мәңгі есте сақтау үшін жазылған. Гармонның әр алуан түрлері бар, олардың әрқайсысы өзінің сыртқы түрі, дыбысталуы мен құрылғысы жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Аккордеонның құрылысының ерекшелігі болып табылатын – бірнеше регистрінің бар болуы, ол аспаптың үндестілігін және дыбыс шығаруын өзгертуге мүмкіндік береді. Регистрлер музыкантқа октаваларды өз жанынан шығаруға, араластырып қосуға немесе толықтай өзгертуге мүмкіндік береді, яғни аспаптың дыбыс шығаруына да ықпал етеді. Кейде аккордеон өзінің дыбыс шығаруына қарай басқа да аспаптарға өте ұқсас болып келеді, ал кейде оларды ауыстырып та жатады. Бұл оқу құралы кіріспеден, аспаптың пайда болу тарихынан басталады. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделеді, аспаптың пайда болу тарихы талданады. Бірінші бөлімде аккордеонда ойнаудың қойылымдық дағдылары, яғни студент аккордеонды қалай ұстауы қажет, отырысы, аяқты сүйеуі, қолды қоюы қарастырылады және талданады. Екінші бөлім аккордеондағы дыбысты шығару қызметінің деңгейіне арналған (мехтың (теріден жасалған созылмалы жері) қозғалысы, динамикалық ерекшеліктері, жаттығулармен, ерекшеліктермен жұмыс жасау және т.б.). Үшінші бөлімде, музыкалық есту қабілетін дамыту, яғни есту қабілеті бойынша кез-келген әуенді таңдап алу қабілеті мен сол қолмен ыңғайлы гармон шерту (сүйемелдеу) қарастырылады. Келесі бөлім аккордеондағы нотаны оқу қажеттілігімен байланысты. Сонымен қатар мұнда нотаны оқудың маңызды аспектілері рет-ретімен және нақтырақ қарастырылады. Жұмыстың «Шығармамен жұмыс жасау» атты неғұрлым көлемді бөлімінде қазақ халқының шығармаларын, күйлерін және әндерін аккордеонда ойнауға, ансамбльде орындауға, эстрадалық жанрда орындауға мұқият көңіл бөлінген. Алтыншы бөлім концерттік дайындық пен көрермен алдына шығуға дайындыққа арналған. Бұл соңғы бөлім, онда атақты да танымал орындаушылардың ойнауы және шығарманы орындау кезіндегі туындайтын қиындықтар мен кедергілер, емін-еркін болу әдістері сияқты мәселелер қарастырылады және талданады. Дегенмен, бұл кедергілердің бәрін жеңіп, биікке қол жеткізу үшін бұл кешеннің бүкіл құрамын толық біліп, ойнау дағдыларының нәзіктігін, шеберлігін тәжірибе жүзінде үйреніп, бекіту қажет. Сонымен қатар, қосымшада студеннтерге маңызды глоссарий, Р. Шуманның музыканттарға арналған өмірлік қағидаларымен, аккордеонның әр алуан түрлерінің сипаттамасымен, танымал аккордеонистермен және музыкант-орындаушылар мен музыка мұғалімдерінің кәсіби өмірі немен байланысты екендігімен таныса аласыздар.