3.1 «Әлеуметтік ұйым» түсінігі
Ұйымдастыру теориясы ең алдымен белгілі мақсаттарға жетуге ұмтылатын адамдар бірлестіктерінен қалыптасқан әлеуметтік ұйымдарға бағытталған.
«Әлеуметтік ұйым» түсінігі «ұжым» түсінігімен тығыз байланысты. Ұжым құрамы және оның қызметінің бағыттары әкімшілік-басқарушылық аппаратпен, сонымен қатар берілген ұйымда және жалпы қоғамда қабылданған құқықтық және этикалық нормалармен реттелінеді.
Сонымен бірге ұйым қызметі көбіне ұжым мүшелерінің ресми түрде реттелмейтін мінез-құлықпен анықталады. Ұжымның ұйымшылдығы, оның тұрақтығы, біліктілік деңгейі, жұмысшылардың саналылығы, олардың іскерлік белсенділігі және көптеген басқа адами факторлар ұйым қызметіне әсер етеді.
«Әлеуметтік ұйым» және «ұжым» түсініктері өзара байланысты, бірақ бірдей емес. Ұжым – бұл бірлескен еңбек қызметін жүзеге асыратын ұйымның барлық жұмысшыларының бірлесуі. Ұжым ұйымның негізі болып табылады, ұжымсыз ұйым өмір сүре алмайды. Ұйым қызметі көбінесе ұжым құрамы мен көңіл-күйіне байланысты. Ұжымды ауыстыруға болады, бірақ ұйым өз қызметін жалғастыра береді. Сондықтан да ұйымның ұжыммен байланысын келесі тәуелділікпен сипаттауға болады:
Ұйым = ұжым U МТБ U Қ U Ө U АЖ U ...
мұндағы МТБ – ұйымның материалды-техникалық базасы;
Қ – қаржы;
Ө – өндіріс;
АЖ – ұйым қызметін қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі;
U – түсініктердің бірігу белгісі.
Басқа сөзбен айтқанда, ұйым ұжымнан басқа, ол қызмет ете алмайтын басқа да құраушы элементтерден тұрады.
Ұйымдастыру теориясында әлеуметтік ұйымдарға өндірістік және экономикалық қызметпен айналысатын ұйымдар жатады, оларды «іскерлік ұйымдар» деп айтады. Бұл нарықтық қатынастар жағдайында жұмыс істейтін кәсіпорындар, фирмалар, қаржылық және басқа мекемелер.
3.2 Ұйымды құру себептері
Адамдардың мақсатқа бағытталған бірлестіктері ретінде ұйымдарды құру негізі мотивация болып табылады.
Ұйымда адамдардың бірігу қажеттіліктері мен мотивация ретінде келесілерді бөліп көрсетуге болады:
- ішкі марапаттау – қалаған нәтижеге жету, жұмыстың мазмұны мен мәнділігі, қарым-қатынас, достық, өзара көмек және т.б.
- сыртқы марапаттау – еңбекақы, қосымша төлемдер, қызмет бойынша жоғарлау, марапат, мадақтау, тану және т.б.
Мотив (уәж) белгілі қажеттілікпен байланысты және бұл қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталған әрекетке түрткі болып табылады.
Қажеттілік – бұл бірдеңеге керек екендігімен анықталатын адамның жай-күйі.
Қажеттіліктер бірінші ретті (физиологиялық қажеттіліктер) және екінші ретті (психологиялық сипаттағы көріністер) болып бөлінеді.
Ұйымдарға адамдардың бірігу мотивтерін 2 топқа бөлуге болады.
Мотивацияның бірінші типі іскерлік типтегі ұйымдар үшін (фирмалар, кәсіпорындар, қаржылық мекемелер және т.б.) тән. Мысалы, ірі сауда кәсіпорынға, қызмет ету сферасындағы кәсіпорындарға жұмысқа тұратын адам өз жеке қажеттіліктерін (жалақы, қызмет бойынша жоғарлау, өз қабілеттерін әске асыру және т.б.) қанағаттандыру үшін еңбек етеді және оған бұл маңызды. Еңбекті дұрыс ұйымдастырған кезде ұйымның барлық қызметкерлерінің сомалық күш-жігері жалпы мақсатқа жетуге (табысты жоғарлату, халықтты қажетті тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз ету) алып келеді.
Мотивацияның екінші типі қоғамдық типтегі ұйымдар үшін (партиялар, одақтар және т.б.) тән. Пікірлестер партияларға бірігеді және белгілі қоғамдық маңызды проблемаларды шешеді.
Сонымен, нарықтық экономика жағдайында ұйым жалпы мақсаттарға жету біруақытта ұжымның барлық мүшелерінің жеке мақсаттарын қанағаттандырумен жүзеге асырылғанда және жеке мақсаттарға жету барлық ұйымның мүдделерін есепке алумен жүзеге асырылғанда сәтті дамиды.
3.3 Әлеуметтік ұйымдардың түрлері мен типтері
Әлеуметтік ұйымдардың алуан түрлері бар, олар әртүрлі міндеттерді шешеді: шаруашылық, мәдени, қоғамдық, діни.
Ұйымдарды келесі категорияларға бөлуге болады:
- үкіметтік және үкіметтік емес;
- коммерциялық және коммерциялық емес;
- бюджеттік және бюджеттен тыс;
- қоғамдық және шаруашылық;
- ресми және бейресми ұйымдар.
Ұйымдар салалық ерекшеліктері бойынша бөлінеді:
- көлік;
- өнеркәсіп;
- сауда;
- ауыл шаруашылық өнімдердің өндірісі мен өңдеуі.
Ұйымдар олар шешетін әлеуметтік міндеттер бойынша бөлінеді:
- экономикалық;
- қаржылық;
- саяси;
- медициналық;
- білім беру.
Әлеуметтік ұйымдардың 3 негізгі түрін бөліп көрсетуге болады:
- іскерлік;
- қоғамдық;
- ассоциативтік.
Іскерлік ұйымдар (кәсіпорындар, мекемелер және т.б.). Мұндай ұйымдардың мақсаты пайда табу. Олар жеке кәсіпкерлермен, ұжымдармен немесе әлеуметтік институттармен: мемлекетпен, жергілікті билікпен, акционерлік қоғаммен және т.б. құрылады.
Олар мемлекеттік, муниципалдық, жеке меншік болуы мүмкін. Мұндай ұйымның әрбір мүшесі жалақы және басқа төлемдер түрінде табыс алады. Ұйым қызметін реттеу әкімшілік-басқарушылық аппарат жүзеге асырады.
Функционалдық және мақсаттық мәнділігімен сәйкес барлық іскерлік ұйымдар 2 негізгі класқа бөлінеді: жеке және корпоративтік. Ұйымдастыру теориясы курсында басты назар жеке ұйымдарға беріледі, оларға шаруашылық ұйымдар мен мекемелер жатады.
Іскерлік ұйымдардың үш ерекшелігін бөліп көрсетуге болады:
- іскелік ұйымдардың мақсатының негізін коммерциялық идея құрайды. Өз қызметінде олар ақша немесе заттық эквивалентте көрінетін соңғы нәтижеге жетуге бағытталға;
- іскерлік ұйымдарды басқару жүйесінде қатаң иерархиялық құрылым жиі қолданылады;
- қызметті жүзеге асыру кезінде материалдық немесе ақпараттық ресурстарды өзгерту және әлеуметтік мәнді міндеттерді шешу кезінде пайда табу.
Қоғамдық ұйымдар қоғамдық мәнді мақсаттармен біріккен жеке қатысушылардың одағын көрсетеді. Олар қоғамның әлеуметтік проблемаларын және өз ұйымдарының мүшелерінің проблемаларын шешумен айналысады. Қызметті реттеу жарғыны қабылдаумен және басшылықты тандау қағидасын сақтаумен жүзеге асырылады.
Ассоциативтік ұйымдар жеке ұнатулар, өзара үйреншіктік, бірдей мүдделер негізінде құрылған, бұл отбасы, достар, таныстар тобы, студенттік компания, бейресми топтар мен бірлестіктер.
3.4 Ұйым жүйе ретінде
Жүйе – бұл бүтінді құрайтын, белгілі тәртіпте құрастырылған, өзара байланысқан және бір-біріне тәуелді бөліктердің жиынтығы. Жүйеде әралуан маманданған функциялар қолданылады. Жүйенің әрбір бөлігі өз функциясын орындайды.
Әлеуметтік ұйымға қатысты жүйе – бұл белгілі мақсаттарға жетуге арналған бір-бірімен өзара әрекеттесетін элементтер мен қосалқы жүйелердің жасанды түрде жасалған жиынтығы.
Ұйымға жүйенің барлық белгілері тән:
- элементтердің көптігі;
- барлық элементтер үшін басты мақсаттың бірлігі;
- элементтердің салыстырмалы дербестігі;
- құрылым элементтерінің бүтінігі мен тұтастығы;
- айқын көрінетін басқару.
Жүйелердің ашық және жабық түрлерін бөліп көрсетеді. Ашық жүйе сыртқы ортамен өзара әрекеттеседі. Ашық жүйе егер сыртқы ортамен байланыс уақыт өте келе қысқарса, жабық жүйеге айналуы мүмкін. Барлық жүйелерде кіру, өзгертетін процесс және шығу бар. Қоғамдық жүйенің дербес бірлігі ретінде ұйым сыртқы ортамен байланыстың белгілі жиынтығына ие.
Сыртқы ортаға ұйым өз қызметі процесінде өзара әрекеттесетін барлық адамдар мен ұйымдар жатады. Сыртқы орта объектілері мен субъектілеріне банктер, инвестициялық органдар, билік мекемелері, жұмысбастылық қызметтері, оқу орындары, қоғамдық және саяси ұйымдар, жабдықтаушылар, серіктестер, бәсекелестер, тұтынушылар, клиенттер және т.б. кіреді.
Ұйым қызметіне сыртқы ортаның келесі факторлары мен құбылыстары маңызды ықпал етеді:
- саяси факторлар (елдегі саяси жағдайдың тұрақтылығы);
- халықаралық факторлар (әлемдік нарықта ұйымның әрекеттерін анықтайды);
- әлеуметтік-экономикалық факторлар (елдің экономикасының құрылымын және нарықтың жеке секторларының даму деңгейін сипаттайды);
- құқықтық факторлар (ұйымдардың өзара әрекеттесудің заңнамалық жүйесін көрсетеді);
- ғылыми-техникалық факторлар (тауарлар өндірісі мен басқаруда жаңа технологияларды қолдануға ықпал етеді);
- табиғи факторалар (тауарлар мен қызметтердің әралуан түрлеріне сұраныстың тербелуін туғызады);
- мәдени факторлар;
- форс-мажорлық жағдайлар.
Әрбір ұйымның сыртқы ортадан басқа ішкі ортасы да болады.
Ішкі орта – ұйым ішінде болатының барлығы. Ішкі ортаға ресурстар, құрал-жабдықтар, қолданылатын технологиялар, кадрлар, ақпарат, әлеуметтік-психологиялық климат, ұйымдық мәдениет және ұйым имиджі жатады.
Ұйымның қызмет етуі үшін үлкен мәнге кері байланыс ие. Кері байланыс деп жаңа өнімді шығаруды реттеу немесе шығарылатын өнім өндірісін жаңарту үшін жүйеге ақпараттың немесе ақшаның ағынын алуға мүмкіндік беретін процесті айтады.
3.5 Статикалық және динамикалық ұйымдардың қызмет ету қағидалары
Әлеуметтік ұйымдарды сипаттау үшін статика мен динамика түсініктері кеңінен қолданылады. Статика (грек тілінен тепе-теңдік) – бұл сыртқы ортада болып жатқан өзгерістерге қарамастан ұйымдық жүйенің тепе-теңдік күйі. Ұйым қызметінің барлық көрсеткіштері ұзақ уақыт бойы ішінде өзгеріссіз қалады.
Динамика (грек тілінен – күш) – бұл ұйымдық жүйелердің дамуы мен оларға жұмсалған ықпалдар (күштер) әсерінен жаңа мақсаттарға алға үдемелі қозғалысы. Динамикалық дамитын ұйымдарға өз дамуының қарқындарын үнемі арттыруға, жаңа технологияларды игеруге, өнім шығаруды жоғарлатуға, шешетін міндеттердің қатарын кеңейтуге, қосымша пайда алу мақсатымен жаңа нарықтарды меңгеруге ұмтылу тән.
Динамика мен статиканы зерттеу кезінде негізгі міндеттерінің бірі сыртқы және ішкі орта жағынан әртүрлі әсерлер кезінде оның әрекетінің заңдылықтарын анықтау болып табылады.
Статика элементтері кез келген ұйымдық жүйеге тән. Олардың ішінде уақыттың бекітілген мезетінде кәсіпорын қызметінің қаржылық көрсеткіштерінің жағдайы, кәсіпорынның құрылымдық сызбасы, билік өкілеттіктерін бөлу, штаттық кесте мен лауазымдық нұсқаулықтар, шығарылатын өнімнің тұрақты ассортименті, тұрақты серіктестік байланыстар және басқа көрсеткіштер.
Статикалық ұйымның негізгі міндеті – жоғарыда көрсетілген барлық элементтерінің жұмыс тәртібінің тұрақтылығына қол жеткізу.
Статикалық типтегі ұйымдардың негізгі кемшіліктері олардың төмен рефлексиялық сипаттары болып табылады. Рефлекс – сыртқы және ішкі ортада нақты өзгерістерге ұйымның тұрақты реакциясы. Рефлекс – бұл (қоздыратын) ықпалдарға жүйенің реакциясы.
Статикалық ұйымдардың төмен рефлексиялық сипаттары жиі өзгеріп отыратын жағдайларға олардың бейімделуінің қабілетсіздігін анықтайды. Статикалық типтегі ұйымдар олардың жағдайының мүмкін өзгерісін шектеуге және минимизациялауға ұмтылады.
Жаңа нарықтық қатынастарға өту процесінде статикалық типтегі ұйымдардың орнына динамикалық даму қағидасы бойынша қызмет ететін ұйымдар келді.
Динамикалық ұйымдардың қызмет етуінің негізгі қағидалары болып табылады:
- сыртқы және ішкі ортадағы кез келген өзгерістерге тез бейімделу;
- сыртқы ортаны жүйелі талдау және өзінің ішкі жағдайын үнемі бақылау;
- болатын өзгерістерді алдын ала көруге тырысу және оларға алдын ала дайындалу;
- өзгерістер алдында ұйымның мүмкін әрекеттерінің әралуан баламаларын әзірлеу және аса тиімді нұсқаны таңдау.
Динамикалық ұйымдар жүйені қайта құруды айтарлықтай жеңіп жүзеге асырады және жұмыстың жаңа тәртібіне тез үйренеді.
Динамикалық қағидасы бойынша әрекет ететін ұйымдардың объективті белгілері келесідей:
- қоғамның объективті қажеттіліктеріне жауап беретін мақсат;
- икемді ұйымдық құрылым;
- баламалы шешімдерді таңдау қағидасы бойынша басқару жүйесінің жұмысы және қойылған мақсатқа жету жағынан басқарудың аса тиімді нұсқасын таңдау.
Динамикалық дамитын ұйым бағытталуға қажетті қасиеттер; көшбасшылық, ұйымның біртіндеп дамуы, тұтынушыға бағытталу, жаңа технологияны қолдану, ұйымды басқарудың орталықсыздандырылған құрылымының болуы.
Көшбасшылық – басшының қатаң бекітілген қызметі, оның міндетіне кіреді: міндетті тұжырымдау, міндеттерді шешу үшін қажетті ресурстарды бағыныштыларына беру, жағымды нәтижелерге жету үшін марапаттау және жеткілікті өнімділік үшін сөгу, жалпы мақсатты қалыптастыру мен жету процесіне бағынышты қызметкерлерін тарту, әрбір қызметкерге мақсатты түсіндіру.
Бақылау сұрақтары
1. Әлеуметтік ұйым дегеніміз не?
2. «Ұйым» терминіне анықтама беріңіз.
3. Ұйымды құру үшін бастапқы жағдай болып табылатын мотивтерді сипаттаңыз.
4. Ұйымның ашық және жабық жүйелері дегеніміз не?
5. Шаруашылық жүргізуші субъектілерін ұйымдастырудың қандай нысандары бар?
6. Іскерлік ұйымдардың төрт мәртебесін атаңыз.
7. Жүйе жұмысының статикалық және динамикалық тәртіптері немен сипатталады?