7 Ұйымдық мәдениет


7.1 Ұйымдық мәдениеттің мәні және түсінігі

Ұйымдық мәдениет – бұл ұйым мүшелері арасында қатынастарды реттейтін нормалар, ережелер мен моральдық құндылықтардың жүйесі.

Ұйымдық мәдениет ұйымдық тәртіппен тікелей байланысты. Ұйымдық тәртіпте басшы тәртібін, топтық тәртіпті, жеке тәптіпті (тұлға тәртібін) бөлуге болады.

Ұйымдық мәдениет фирманың заңдылыққа, тұлғаға, шығаратын өнімнің сапасына, қаржыға, өндірістік міндеттемелерге, іскерлік ақпараттың сенімділігіне қатысты көрсетеді. Бұл ережелер, дәстүрлер, салттар мен рәміздер кешенінде іске асырылады. Нарықтық жағдайда кәсіпорын қызметінің сәттілігі көбінесе іскерлік серіктес ретінде оның абыройына да байланысты болады. Компанияның абыройы, жақсы аты белгілі материалдық көрініске ие. Кәсіпорын абыройы серіктес ретінде оның сенімділігімен, оның өнімнің сапасымен және корпоративтік мәдениетті анықтайтын басқа факторлармен де анықталады. Ұйым өз бейнесін қалыптастырады. Оның негізінде өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызметтің сапа стратегиясы, қызметкерлердің адамгершілік қағидалары мен мінез-құлық ережелері жатыр. Фирма бейнесінің жалпылама көрсеткіші сапалық көрсеткіш болып табылады, ол ұйымның имиджі деп аталады. Имидж – бұл ұйымның мақсатқа бағытталып қалыптастырылған бейнесі. Имидж түсінігіне кіреді: адамдар арасында өзара қатынастар мәдениеті, серіктестермен және клиенттермен жұмыс істеу тәсілі, бөлімдердің ресімделу дизайны, қызметкерлердің киімі.

Фирмада ұйымдық мәдениет көрсеткіштерінің бірі персоналдың кәсіби жарамдылығы болып табылады. Ол кәсіби оқыту жүйесін енгізу жолымен сақталады және тұрады.

Ұйымның ұйымдық мәдениеті туралы ең алдымен басшының мәдени деңгейі бойынша пікір түйеді. Басшы саутты, мәдениетті, жоғары білімді болуы керек, жоғары біліктілік пен білімдарлыққа, жұмыстың үлкен тәжірибесіне ие болуы керек, бағыныштылар арасында абыройлы, қызметкерлерге адал және т.б. болуы керек.

Құндық бағдарлар мен моральдық нормалардың жиынтығы ұйымның фирмалық стилін қалыптастырады.

Компанияда ұйымдық мәдениетті қалыптастыру негізі ретінде келесі факторлар болып табылады:

- қызметкерлерді іріктеу – сәйкес жұмысты сәтті орындау дағдылары мен білімдері бар адамдарды анықтау және ұйымға қабылдау;

- жоғары басшылардың әрекеттері, олардың мінез-құлқы және олар жариялаған ұйым стратегиясы кейін барлық ұйым қабылдайтын кейбір нормаларды бекітеді;

- әлеуметтену – ұйымда жаңа мүшелердің бейімделу процесі, оның мәдениетін қабылдау процесі;

- ұйым мәдениетін беру – бұл ұйым тарихы, дәстүрлер, символика, салттар.

7.2 Ұйымдық мәдениеттің элементтері

Ұйымдық мәдениеттің элементтеріне оның келесі параметрлері мен қасиеттерін жатқызады:

- дербес автономдық – ұйымда ықыласты көрсету мүмкіндігінің, тәуекелдік пен жауапкершіліктің дәрежесі;

- құрылым – басқару органдары мен жеке тұлғалардың, әрекеттегі ережелердің, тікелей басқару мен бақылаудың өзара әрекеттесуі;

- бағыт – ұйым қызметінің мақсаттары мен болашағын қалыптастыру деңгейі;

- интеграция (бірігу) – үйлестірумен қызметті қамтамасыз ету мақсатында ұйымның жеке бөліктерін (субъектілерін) қолдау дәрежесі;

- басқарушылық қамтамасыз ету – ұйымда айқын коммуникациялық байланыстарды қамтамасыз ету дәрежесі;

- қолдау – басшы көрсететін бағыныштыларға көмек деңгейі;

- ынталандыру – еңбек нәтижелерінен марапаттаудың тәуелділік дәрежесі;

- жанжалдарды басқару – жанжалдардың шешілу дәрежесі;

- тәуекелдіктерді басқару – инновацияларды марапаттау дәрежесі және өзіне тәукелдікті алу;

- мотивациялар жүйесі – өз жеке мақсаттарына және ұйым мақсаттарына (еңбекақыны жоғарлату, материалдық сыйақыны, жеңілдікті медициналық қызметті, қосымша демалысты, әртүрлі жеңілдіктерді алу) жету үшін белсенді шығармашылық қызметке ұйым мүшелерін талаптандыру әдістерінің жиынтығы;

- адамның психологиялық икемделуі – сәттілікке, құрметтеуге, билікке, қарым-қатынасқа қажеттілік, яғни адамның шығармашылық белсенділігін қамтамасыз ететін моральдық ынталандыру.

7.3 Ұйымдық мәдениеттің типтері

Майк Бурке (Франция) ұйымдық мәдениеттің 8 типінен тұратын жіктелуді ұсынады:

- жылыжай (оранжерея) – ұйымдық мәдениет статикалық ұйымдар үшін тән, оның барлық күштері өзгерістерге жауап бермеуге бағытталған және бұрын қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға шоғырланған;

- жеке масақтар – қызметтері толық кездейсоқтыққа бағынатын орта және шағын ұйымдар үшін тән. Олардың құрылымы белгісіз сипатқа ие, олардың мінез-құлқы толығымен басшы еркіне тәуелді, персоналдың мотивацисы әлсіз, кадрлардың үздіксіз тұрақтамауы;

- бақша – ұйым пирамидалық құрылымға ие, дәстүрлі нарықта өз позициясын сақтауға, минималды өзгерістер енгізумен уақытпен тексерілген мінез-құлық модельдерін қолдануға ұмтылады. Персоналдың мотивациясы төменгі деңгейде;

- француз бағы – басқарудың айқын көрсетілген иерархиялық құрылымы, адамдардың қарым-қатынастары бюрократияланған;

- ірі плантация – басқарудың дамыған дивизиондық құрылыммен кәсіпорындарда қолданылады. Ерекшелігі – қоршаған орта өзгерістеріне бейімделуі, көлденең байланыстар, персоналдың икемділігі, мотивацияның марапатталатын жүйесі;

- лиана – минимумға дейін қысқартылған басқарушылық персоналмен, заманауи ақпараттық технологияларды қолданумен, жалпы мақсатқа жетуге ұжымның барлық мүшелерінің бағытталуымен, қызметкерлер жауапкершілігінің жоғары дамыған сезімімен және персонал мотивациясының жоғары дәрежесімен ерекшеленетін ұйымдық мәдениет;

- балықтар тобы нарықтық конъюнктураның өзгерістеріне байланысты мінез-құлқын өзгертетін және өз құрылымын үнемі түзететін, жоғары оңтайлықпен және икемділікпен ерекшеленетін кәсіпорындарға тән ұйымдық мәдениет. Мұндай ұйымдарда ерекше көңіл біліктілігі жоғары персоналды іріктеуге бөлінеді;

- көшпенді орхидея – бейресми ұйымдарға тән, олар бір нарықтың мүмкіндіктерін таусылып басқасына оперативті түрде ауысады. Ұйым құрылымы үнемі өзгеріп отырады, қызметкерлердің саны үлкен емес. Персоналдың мотивациясы дерлік жоқ.  

Бақылау сұрақтары

1. Қоғамдық мәнде мәдениет дегеніміз не?

2. Ұйымдық мәдениет дегеніміз не?

3. Ұйымдық тәртіпте ұйымдық мәдениет қандай орын алады?

4. Ұжымдағы ұйымдық қатынастар немен реттеледі?

5. Ұжымда қарым-қатынас мәдениетінің элементтерін атаңыз.

6. Іскерлік ұйымның ақпараттық ортасымен ұйымдық мәдениет қалай байланысты?

7. Ұйымдық мәдениеттің персоналдың кәсіби жарамдылығымен байланысын анықтаңыз.

8. Кәсіпорынның ұйымдық мәдениетінде орындаушылық тәртіпке қандай мән беріледі?

9. Кәсіпорында ұйымдық мәдениеттің қалыптасуына не мүмкіндік береді?

10. Ұйымның имиджі мен фирмалық стилі дегеніміз не?

11. Ұйымдық мәдениеттің негізгі түрлерін атаңыз.