4 Ұйымдардың қызмет етуін реттейтін заңдар


4.1 Әлеуметтік заңдардың ерекшеліктері

Ұйымдардың қызмет ету процесінде әр алуан байланыстардың үлкен саны пайда болады. Бұл байланыстар әлеуметтік заңдар мен заңдылықтарға бағынады.

Заң – бұл орындалуға міндетті деп саналатын жалпыға қабылданған ереже. Әлемдегі тірі мен тірі еместің барлығы табиғат заңдарына бағынады.

Әлеуметтік ұйымдарға қатысты, заң – ұқсас жағдайларда сөзсіз қайталауға ие және ұйымдардың үлкен санына тән оқиғалар мен құбылыстардың тұрақты, объективті байланысы.

Әлеуметтік заңда адамдар және топтар арасындағы қатынастарды анықтайды және олардың қызметі процесінде анықталады. Әлеуметтік заңдардың көбі адамдардың үлкен топтарының әрекеттерін анықтайтын заңнама актілер немесе нормативтік құжаттар түрінде бекітіледі.

Әлеуметтік заңдардың ерекшелігі келесіде: олар тұрақты сипатқа немесе құбылыстардың тұрақты байланысына ие болмайды, жағдайды анықтылықтың белгілі дәрежесіне ие біршама тенденция ретінде көрсетеді. Сондықтан да әлеуметтік ұйымдарға қатысты заңдардың әсерінің көрінісі үнемі анықсыздық элементіне ие. Анықсыздық – бұл жобаның немесе шешімді іске асыру шарттары туралы, олармен байланысты шығындарды қоса отырып, ақпараттың толық еместігі немесе анық еместігі.

Анықсыздықтың үш негізгі типі бар:

- белгісіздік;

- кездейсоқтық;

- екіұштылық.

Белгісіздік жағдайында шешім қабылдау – жаңа құралған ұйымға тән ерекшелік.

Ұйымдастыру теориясында кездейсоқтық – бұл әлеуметтік заңдарға бағынатын және математикалық статистика мен ықтималдылық теория әдістерін қолданумен оларды іске асыру мүмкіндігін бағалауды ескеретін факторлар.

Екіұштылық – заңдарға және олардың әрекет шарттарын сипаттауда бірмағыналы емес түсінік беруді жіберетін тұжырымдардың болуынан пайда болатын анықсыздық.

Шешім қабылдауда анықсыздық тәуекелдіктің болуымен сипатталады. Тәуекелдік – бұл бір жағынан мүмкін қауіп, басқа жағынан – істің қолайлы нәтижесі үмітіндегі тәуекелді әрекет.

Келесі жағдайлармен байланысты тәуекелдіктің түрлері бар:

- экономикалық заңдылықтың және ағымдаға экономикалық жағдайдың тұрақсыздығымен;

- саяси жағдайдың тұрақсыздығымен және елде немесе аймақта әлеуметтік-саяси өзгерістердің мүмкіндігімен;

- кеден салығының жоғарлауымен, шекараны жабумен, сауда мен жеткізуге шектеулер енгізу мүмкіндігімен;

- нарықтық конъюнктураның, бағаның, валюта бағамының ауытқуларымен;

- жаңа техниканың техника-экономикалық көрсеткіштер мен параметрлері туралы ақпараттың анықсыздығымен немесе жеткіліксіздігімен;

- өндірістік-технологиялық себептермен (апаттар, өндірістік ақаулар және т.б.);

- серіктестердің мақсаты, мүдделері мен әрекеттерінің белгісіздігімен, сонымен қатар олардың қаржылық жағдайы мен іскерлік беделі туралы мәліметтердің жеткіліксіздігімен (төлемеу, банкроттық, келісімшарттың міндеттерді орындамау мүмкіндігі);

- табиғи-климаттық жағдайлардың тұрақсыздығымен.

Әлеуметтік заңдарды білу тәуекелдікті тиімді басқаруды жүзеге асыруға, қойылған мақсатқа жету үшін материалдық және уақыт шығындары жағынан оңтайлы нұсқаларды таңдауға мүмкіндік береді.

Ұйымдастыру теориясының негізгі заңдары болып табылады:

- синергия заңы;

- өзін-өзі сақтау заңы;

- даму заңы;

- композиция мен пропорционалдық заңы;

- ақпараттылық және тәртіптілік заңы;

- талдау мен синтездің тұтастық заңы.

 

4.2 Ұйымдардың қызмет етуін реттейтін заңдар

Синергия (грек тілінен ынтымақтастық, көмектесу) жүйе элементтерінің бірлескен және біртекті қызмет етуін білдіреді.

Синергия заңы энергияның өсімін анықтайды. Іскерлік ұйымның энергетикалық потенциалы қойылған мақсатқа жетуге оның мүмкіндігін, материалдық факторларды да (аумақ, техникалық жарақтану, ақша қаражаттары, айналым қорлары), әлеуметтік-психологиялық факторларды да (персоналдың кәсіби дайындығының деңгейі, ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық климат) тиімді қолдануды көрсетеді. Әлеуметтік ұйымдарға қатысты синергия заңы ұйым мүшелерінің жеке күш-жігерінің сомасынан басым болатын энергияның өсуінде көрініс табады.

Әлеуметтік ұйымдар шегінде синергия заңы әрекетінің аса маңызды ерекшелігі энергия өсімін басқару мүмкіндігі болып табылады.

Іскерлік ұйымдарда бұл энергетикалық және өндірістік потенциалды мақсатқа бағытталған реттеуде көрінеді. Синергетикалық әсер деп факторлар (элементтер) жиынтығының түйісуі және олардың сипаттамаларының оңтайлы үйлесуі нәтижесінде бірлескен қызметте нәтижелерді күшейту саналады.

Ұйымда жағымды синергетикалық әсерді қамтамасыз ету міндетін шешуге бағытталған әлеуметтік және экономикалық сипаттағы шаралар жүйесін әзірлеу қажет.

Ұйымның синергетикалық әсерін жоғарлатудың экономикалық шараларына жатады: жалпы пайданы бөлудегі жұмысшылардың қатысу мүмкіндігі, ұйым жұмысының қорытындысы бойынша сыйақының әртүрлі нысандары, акционерлеуге қатысу, тегін акциялармен марапаттау және т.б.

Әлеуметтік шараларға жатады: бос уақыт пен демалысты өткізу бойынша шаралар, тегін медициналық қызмет көрсету, жеке және отбасы проблемаларын шешу кезінде көмек көрсету.

Психологиялық шараларға жатады: басқарма өкілдерімен кездесулер, жұмысшылардың кәсіби оқуы.

Өзін-өзі сақтау заңының мәні: әлеуметтік-экономикалық жүйе ретінде әрбір ұйымға кадрлық және материалдық ресурстарды оңтайлы қолдану есебінен өзін-өзі сақтауға ұмтылу тән.

Ұйымның қызмет етуін қамтамасыз етуге және оның әрі қарай дамуына оның қызметіне қауіп төндіретін ішкі және сыртқы орта факторлары әсер етеді. Бұл факторлар екі топқа бөлінген: оң және теріс.

Оң факторлар – қызмет ету үшін күресте ұйымның мүмкіндіктерін арттыратын ресурстар.

Ұйым қызметіне әсер ететін ішкі факторлар бөлінеді: материалдық сипаттағы факторлар (ақша қаражаттарының болуы, материалдық-техникалық базаның жағдайы және т.б.); әлеуметтік-психологиялық факторлар (персоналға жүктелген міндеттерді орындауға оның кәсіби және психологиялық жарамдылығы, ұжымдағы жалпы психологиялық атмосферасының көрсеткіштері: басшылыққа қатынас, жиі өзгеретін немесе төтенше жағдайларда жұмыс істеу қабілеті және т.б.); менеджер тұлғасы, оның жігерлілігі, кәсіпқойлығы, жаопы мәдениеті, коммуникабельділік, ұйымдастырушылық қабілеттер және т.б.

Сыртқы орта факторлары: халықаралық факторлар; экономикалық факторлар; нарықтық факторлар; технологиялық факторлар; әлеуметтік факторлар; саяси факторлар.

Ұйымның өзін-өзі сақтау үшін негізгі күрес сыртқы ортаға бейімделу қабілеті, онда болып жатқан өзгерістерді өз мүдделеріне қолдана алуы болып табылады. Іскерлік ұйымның «біртектік қорын» бағалау үшін оң және теріс факторлар балансының тұрақты және тұрақсыз тепе-теңдігі түсінігін қолдану керек. Тұрақты тепе-теңдік жағдайының ерекшелігі: егер ұйымға теріс әсер ететін ықпалдар қандай да шекті мәннен басым болмаса, онда ұйым қоршаған ортаның жаңа жағдайларына тез бейімделеді және тұрақты жағдайға қайта оралады. Тұрақсыз тепе-теңдік жағдайындағы ұйым шамалы ықпалдар кезінде де өз тұрақтылығын жоғалтады.

Ұйымның тұрақты қызмет етуін қамтамасыз ету үшін келесі шараларды іске асыру қажет:

а) ұйымдық-экономикалық сипаттағы:

   1) резервтік ақша қорларын құру;

   2) өтімділігі жоғары материалдық қорлардың үлесін ұлғайту;

   3) қызметтің әртараптандыруын қолдану;

   4) тұрақты серіктестік қатынастарын бекіту;

   5) форвардтық типтегі шарттарды қолдану;

   6) басқару құрылымын жетілдіру;

   7) өндірісті автоматтандыру;

   8) жұмыстың жаңа технологияларын игеру және ноу-хауды қолдану;

   9) ұйымның жаңа мүмкіндіктерін анықтау мақсатымен маркетингтік зерттеулерді белсендендіру.

ә) әлеуметтік-психологиялық сипаттағы шаралар:

   1) персоналдың кәсіби жарамдылығын жоғарлату жүйесін әзірлеу;

   2) персоналдың кәсіби және психологиялық жарамдылығы деңгейін үнемі бағалау;

   3) әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту;

   4) экономикалық және әлеуметтік сипаттағы мотивациялар жүйесін әзірлеу;

   5) сыртқы ортадан және ұйым құрамына кіретін адамдардан кадрлық резервті құру;

   6) жанжалдық жағдайлармен күрес бойынша шараларды өткізу;

   7) ұйымның тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етуде қызметкерлерге олардың еңбегінің маңыздылығын түсіндіру.

Іскерлік ұйымдардың даму заңының мәні: ұйым қызметінің процесінде қойылған мақсаттарға жету үшін энергетикалық потенциалды максималды қолдануға бағытталған қайтымсыз және заңды өзгерістер болады, оның нәтижесінде ұйым жағдайының сапалы өзгерісі болады.

Көптеген басқа құбылыстар сияқты ұйым үшін өмірлік цикл түсінігі тән. Оның кезеңдері: құру, өсу, тұрақтылық, құлдырау, жою.

Ұйымды құрудың бастапқы нүктесі мақсатты анықтау болып табылады. Іскерлік ұйымның мақсаты тұтынушылар сұрауларына сәйкес болуы керек, қоғам алдында тұрған әлеуметтік-маңызды проблемаларды шешуі керек.

Мақсатты бекіткеннен кейін бұл мақсаттың іске асатынын анықтау қажет. Ол үшін келесі әрекеттер өткізіледі:

- ұйым мүмкіндіктерін талдау;

- сыртқы ортаны талдау;

- болжау жолымен қосалқы мақсаттардың жиынтығын анықтау;

- морфологиялық талдау;

- бастапқы позицияны талдау.

Ұйым мүмкіндіктерін талдау. Ұйымның энергетикалық потенциалының кешенді талдауы жүргізіледі, яғни мақсаттың ұйымның бар мүмкіндіктеріне және әрі қарай даму мүмкіндігіне сәйкестігін анықтау.

Сыртқы ортаны талдау. Сыртқы орта субъектілерінің, объектілерінің, факторлары мен құбылыстарының толық талдауы жүргізіледі.

Болжау жолымен қосалқы мақсаттардың жиынтығын анықтау. Ұйым қызметінің таңдаған бағытына сәйкес келетін баламалы мақсаттарды қарау, сыртқы ортадағы мүмкін әрекеттер есебінен келешекте ұйымның мүмкін әрекеттерінің сценарийлерін қарау.

Морфологиялық талдау. Талдаудың бұл түрі сыртқы ортаның да, ұйымның өзінің де даму тенденциялары өзгерісі жағдайында ұйым әрекеттерін болжауды қамтамасыз етеді.

Бастапқы позицияны талдау. Келесі сұрақтарға жауаптарды ескереді:

- мақсат ұйым мүмкіндіктеріне сәйкес келе ме;

- қойылған коммерциялық мақсаттар дұрыс па;

- жағдайлардың жағымсыз дамуы кезінде ұйымның қызметі үшін күрес қалай жүзеге асырылады (қауіпті бағалау).

Ұйым дамуының келесі кезеңі стратегияны таңдау болып табылады. Стратегия – бұл бәсекелес күресті жүргізудің жалпы жоспары. Дамудың базалық стратегияларының үш негізгі кезеңі бар:

- шектеулі өсу;

- өсу;

- қысқарту.

Шектеулі өсу. Бұл стратегия тұрақты технологиялары бар қалыптасқан салаларда қолданылады. Егер фирма жұмысының нәтижелері оның басшыларының көңілінен шықса, онда бұл стратегия тәуекелдігі төмен жол ретінде ұзақ уақыт сақталады.

Өсу. Бұл стратегия тез ауысатын технологиямен немесе нарықтың игерілмеген секторымен динамикалық өзгеріп отыратын салаларда қолданылады. Кәсіпорынның даму көрсеткіштерінің өсуі тән.

Қысқарту. Ұйымның жұмысы көрсеткіштерінің төмендеуіне тұрақты тенденция болғанда, бұл стратегия таңдалады. Бұрын қол жеткізілген нәтижелерден төмен мақсаттарды бекіту тән.

Қазіргі уақытта, елдің экономикалық дамуының өтпелі кезеңі жағдайында ұйым дамуының стратегиясын таңдау кезінде ұйым дамуының қосымша базалық стратегияларды ескеру керек. Оларға келесі стратегиялар жатады:

- шығындарды минимизациялау;

- тәуекелдерді қысқарту;

- ресурстарды жинақтау;

- нарықтарды кеңейту;

- ассортиментті таңдау;

- қызмет ететін ортасы;

- серіктестердің әрекеттерін үйлестіру.

Шығындарды минимизациялау стратегиясы. Арзан бағаға өндіру немесе сатып алу және персоналға, жүктерді тасымалдау мен қоймалауға минималды шығындар кезінде қымбаттырақ және тезірек сату.

Тәуекелдерді минимизациялау стратегиясы. Бұл стратегияны даму немесе өсу сатысындағы ұйымдарға таңдауға болмайды. Ұйым жұмысының басы, жаңа істі меңгеру сияқты да жоғары тәуекелдікпен байланысты.

Берілген стратегияны, әдетте, өз қызметін әртараптандыруға қабілетті ірі ұйымдар қолданады. Шағын және орта кәсіпорындар бұл стратегияны, егер олар өз жұмысында аса ірі компания қызметіне бағдарланса, қолдана алады.

Ресурстарды жинақтау стратегиясы. Егер тауарды нарыққа жылжыту инвестициялық ресурстарды жинақтауға мүмкіндік берсе, онда бұл стратегияны орындау мүмкін. Оны іске асыру үшін өтімді бағалы қағаздарға ақшаны салу қолданылады.

Нарықтарды кеңейту стратегиясы. Мәні: алынатын пайда өткізу жүйесін дамытуға шығындалады. Бұл стратегияны аса ірі іскерлік ұйымдар ғана қолданылады, себебі едәуір материалдық және еңбек шығындарын талап етеді.

Қызмет ететін ортасын құрылымдау стратегиясы. Өндірістен басқа ұйымның қызмет ету ортасы қаржы институттары, көлік компаниялары және нарыққа тауарларды жылжытумен айналысатын басқа қызметтер болып табылады. Стратегияны іске асыру көбіне қызмет ету ортасына, яғни банктер, ірі қаржылық компаниялардың қызметіне байланысты болады. Бұл стратегия келесі жағдайда іске асырылуы мүмкін: барлық серіктестер жалпы корпоративтік мүдделердің мағыздылығын толығымен мойындайды, бизнестің бірыңғай құрылымын жетілдіру жолымен өз қарым-қатынастарын нығайтуға тырысады.

Ассортиментті таңдау стратегиясы. Мәні: ұйым ол әрекет ететін нарықтың секторын анық түсінуі керек. Берілген стратегия «ассортимент неғұрлым кең болса, соғұрлым жақсы» деген қағидамен үйлеспейді. Ассортиментті оңтайландыру маңызды.

Серіктестердің әрекеттерін үйлестіру стратегиясы. Бұл стратегия ең күрделі, себебі қалыптасқан құрылымның міндетті түрде болуын ұйғарады және арнайы үйлестіретін органдармен іске асырылады. Серіктестердің әрекеттерін үйлестіру холдингтік компания немесе қаржы-өнеркәсіптік топтар типтегі серіктестердің бірігуі.

Композиция мен пропорционалдық заңы: бір мақсатқа жету шегінде ұйымдардың ұйқастық және пропорционалдық қағидаларын сақтаумен тұрақты бірлестіктерді құруға объективті тенденциясы бар деп ұйғарады.

Іскерлік ұйымдарға қатысты бұл заң адал және сенімді серіктестермен жұмыс істеуге ұмтылуда көрінеді. Өндірістік типтегі ұйымдар үшін сенімді серіктестер ретінде шикізатпен, материалдармен жабдықтаушылар; өнім өткізуін қамтамасыз ететін ұйымдар болуы керек. Мұнда біріккен ұйымдық жүйенің барлық құрама элементтерінің пропорционалдық немесе арақатынастылық қағидасы сақталуы керек.

Ақпараттылық және тәртіптілік заңы: кез келген әлеуметтік ұйым толық, сенімді және реттелген ақпаратпен қамтамасыз етілген жағдайда ғана қызмет етуге қабілетті дегенді білдіреді.

Ақпараттың толықтығы ұйым қызмет ететін ақпараттық кеңістіктің ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігімен, сонымен қатар ішкі және сыртқы коммуникациялық байланыстардың жағдайымен анықталады. Қазіргі жағдайда кез келген ұйымдарға ақпараттың өте үлкен көлемдері ашық, бұл қажетті ақпаратты іздеу, оны өңдеу мен іріктеу үшін уақыт пен қаражаттың үлкен көлемін талап етеді.

Ақпараттың ақиқаттылығы – кәсіпорын қызметінде алынған мәліметтерді қолданудың міндетті жағдайы. Ақпарат көзі сенімді болуы керек және күмән туғызбауы қажет.

Ақпараттың реттілігі – ұйымды басқару міндеттерін шешу үшін маңыздылық дәрежесі бойынша ақпаратты бөлу және құрылымдау.

Қазіргі қаныққан ақпараттық ортада ақпараттың ауқымды көлемі бар, бірақ оның барлығын ұйым қызметі үшін қолдануға болмайды. Жалпы ағыннан басқару жүйесі тек қойылған мақсаттарға сәйкес келетін және басқару процедурасында қолдануға болатын ақпаратты ғана іріктейді және қабылдайды. Сондықтан да ең алдымен барлық қол жетерлік ақпарат мақсаттың мәні бойынша реттелуі қажет.

Ақпарат көлемі сияқты фактор да маңызды, себебі ұйым сыртқы және ішкі орта туралы неғұрлым көп ақпаратқа ие болса, соғұрлым оның тұрақты дамуға жетуге мүмкіндігі көп.

Бизнесте ақпаратқа кім ие, сол жеңеді деген түсінік бар, сондықтан іскерлік ұйым үшін ақпараттың құндылығы да маңызды.

Ақпараттың құндылығы жеделдік, ақиқаттылық, сенімділік сияқты қасиеттермен анықталады.

Жеделдік – ақпаратты алу уақыттылығы. Ақпаратты алудың кешігуі ұйым қызметіне теріс әсер етеді.

Ақпараттың сенімділігі оның нақты жағдайға, ұйымның нақты мақсаттарына және басқару әдістеріне сәйкестік дәрежесімен анықталады.

Алынатын ақпараттың ақиқаттылығын үш ақпараттық категорияға бөлу жөн:

- сіз жинап отырған ақпарат көзінен алынатын ақпараттық хабарламалар;

- тәуелсіз көздерден алынатын ақпарат;

- бейресми көздерден алынатын ақпарат.

Бірінші категорияға кіретін ақпарат қызықтыратын кәсіпорынның қызметі туралы жарияланған материалдардан жиналады: каталогтар, жарнамалық хабарлар, қаржылық қызметі туралы мәліметтер; ресми шаралар мен жеке қарым-қатынастар кезінде кәсіпорын қызметкерлерінің айтқан сөздері.

Екінші категорияға жататын ақпаратты бізді қызықтыратын кәсіпорынмен қызмет ететін ұйымдардан; мемлекеттік басқару органдардан (сот, атқарушылық және салық инспекциялары) алуға болады.

Үшінші категорияға жататын ақпарат бейресми қарым-қатынастан алынады, сыбыстар (өсектер) деп аталады. Ол сенімсіз ақпарат деп саналады, бірақ бұл ақпаратты елемеуге болмайды, себебі ол басқа көздерден алынған ақпаратты тексеру үшін немесе қолдағы бар ресми ақпаратты нақтылау үшін қолданылуы мүмкін.

Іскерлік ұйым қолданатын ақпарат ағынында екі бағытты бөледі:

- сыртқы ортамен ақпараттық алмасу;

- ұйым ішіндегі коммуникациялар.

Сыртқы ортамен ақпараттық алмасу тұрады:

- кіретін ақпарат;

- шығатын ақпарат.

Кіретін ақпарат ақпараттың келесі түрлерінен тұрады:

- нарық құрылымы туралы ақпарат (маркетингтік ақпарат);

- ұйым қызметін реттейтін қаулы мен құжаттар туралы барлық қажетті ақпараттан тұратын мемлекеттік органдардың қызметі туралы ақпарат;

- қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпарат.

Шығатын ақпарат ұйымның тартымды имиджін құруды қамтамасыз ететін және нарыққа ұйымның кіруіне мүмкіндік беретін белсенді құрал болып табылады. Осы мақсатпен жарнама қолданылады. Ұйым қызметі туралы объективті және сенімді шығатын ақпараттың басқа көздері статистикалық, қаржылық және бухгалтерлік есептердің материалдары, құжаттары болып табылады.

Ұйым ішіндегі ақпараттық ағындар мен байланыстар жүйенің төменгі деңгейінен жоғары деңгейіне ақпараттық ағындар және керісінше болуы мүмкін.

Иерархиялық құрылымның бір деңгейінің жеке бөлімшелері арасында ақпаратпен алмасу көлденең коммуникациялардың типіне жатады.

Одан басқа бейресми топтар арасында ақпараттық алмасу және тұлғааралық коммуникациялық байланыстар бар.

Ұйымда ақпараттық ағындарды үйлестіру үшін арнайы ақпараттық қызметтер құрылады.

Талдау мен синтездің тұтастық заңы: ұйымды басқару процесінде талдау мен синтез процедураларын қолдану арқылы ұйымдық жүйенің қойылған мақсатқа жетудің оңтайлы нұсқасына келтіру қамтамасыз етіледі.

Талдау немесе декомпозиция – бұл бүтінді бөліктерге бөлу немесе күрделі объектіні қарапайым құраушылар түрінде көрсету.

Синтез – объектінің қарапайым құраушыларын бір бүтінге біріктіру.

Сонымен қатар ұйым қызметіне арнайы заңдар да әсер етеді. Оларға жатады:

- ерекшелік заңы;

- әлеуметтік үндестік заңы;

- әлеуметтік жүктеу заңы;

- ақпаратты тиімді қолдану мен сақтау заңы;

- тиімді ұғыну заңы;

- ақпараттың тұрақтылық заңы;

- ақпараттың қонымдылық заңы.

Ерекшелік заңы: әрбір ұйым үшін оған ғана тән және ең жақсы өндіріс және басқару құрылымы бар.

Әлеуметтік үндестік заңы: әрбір ұйымда әлеуметтік сфераның дамуы еңбек қызметін белсендендіру мен қызметкерлердің эмоционалдық деңгейін жоғарлату арқылы олардың еңбек өнімділігін жоғарлату.

Әлеуметтік жүктеу заңы: әрбір адам үшін оның қабілеттері мен мүмкіндіктері толық көлемде ашылатын жұмыспен жүктеудің оңтайлы көлемі бар.

Ақпаратты тиімді қолдану мен сақтау заңы: ақпаратты қабылдау мен есте сақтау процестері, егер олар ойлау процесіне жақындаса, аса тиімді жүзеге асырылады.

Тиімді ұғыну процестері: жаңаны тиімді ұғыну тек адамға берілген тақырып бойынша білімнің немесе ақпараттың үлкен көлемі болған кезде ғана мүмкін.

Ақпараттың тұрақтылық заңы: қандай да оқиға туралы алғашқы ақпарат осы оқиға туралы қайта алынған ақпаратқа қарағанда аса тұрақты болып табылады.

Ақпараттың қонымдылық заңы: хабардың қонымдылығы бірдей ақпаратты берудің бірнеше нысаның біруақытта қолдану кезінде жоғары.

Бақылау сұрақтары

1. Әлеуметтік заңдардың ерекшеліктері неде?

2. Әлеуметтік ұйымдардың қызмет етуін реттейтін негізін салушы заңдарды атаңыз.

3. Синергия заңын тұжырымдаңыз.

4. Синергия заңының әрекет етуінің нақты мысалдарын келтіріңіз.

5. Ұйымның аман қалуына қандай факторлар мүмкіндік береді?

6. Іскерлік ұйымдардың даму заңы қалай тұжырымдалады, ол қандай қағидаларға сүйенеді?

7. Заманауи жағдайларда композиция және пропорционалдылық заңы қалай көрінеді?

8. Ұйымның ақпараттық ресурсын қандай көрсеткіштер анықтайды?

9. Замануи ақпараттық технологиялар туралы не білесіздер?

10. Талдау мен синтездің бірлестік заңы туралы не білесіздер?

11. Электрондық коммерция дегеніміз не?

12. Ұйымда ақпараттық тәртіп немен анықталады?

13. Басқарушылық еңбектің тиімділігін жоғарлатуға қандай ерекше заңдар көмектеседі?