Кіріспе


Ақша-несие саясаты – мемлекеттің монетарлық органдарының макроэкономикалық саясаты, бағалардың тұрақтылығын, тұрақты айырбастау бағамын сақтауды, қаржылық тұрақтылықты және теңгерімді экономикалық өсуді қамтамасыз етуге жағдайлар жасау секілді мақсаттарды қамтитын түпкілікті мақсаттардың үйлесуіне қол жеткізу үшін ақша нарығының жағдайлары арқылы жиынтық сұранысты басқаруға бағытталған шаралар кешені.

Ақша-несиелік реттеудің ерекшелігі мынада: орталық банк өндіріс көлеміне, жұмыспен қамту деңгейіне тікелей ықпал ете алмайды, бірақ экономиканың нақты секторымен тікелей байланысты ақша-несие саласының белгілі бір параметрлеріне әсер ете отырып, түпкілікті мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ете алады. Бұлар ақша-несие саясатының аралық мақсаттары болып табылады. Орталық банк параметрлердің нақты мәндерін анықтайды және ақша-несие саясатын жүзеге асыру барысында оларды бақылайды.

Оқу құралының мақсаты болып білім алушыларға қазіргі заманғы ақша нарықтарының әрекет етуі және мемлекеттің монетарлық саясаты туралы толыққанды түсінік беру табылады. Оқу құралы өзіне мемлекеттің ақша-несие саясатының мәнін аша отырып, құрылымын теоретикалық жан-жақты негіздеуге, оны әзірлеу және жүзеге асырыудың негізгі ұстанымдарын белгілеуге, күтілетін нәтижелерін болжауға қажетті негізгі түсініктер мен ережелерді, пайымдауларды беретін материалдарды қамтыған.

Аталмыш оқу құралы пәнге қатысты теоретикалық материалдардың, әсіресе мемлекеттік тілдегі тапшылығы кезінде білім алушыларға теориялық ережелерді игеріп, тәжірибелік мәселелерді талдауға қажетті көмекші құрал ретінде ұсынылған. Ол теорияны тәжірибемен байланыстыра отырып, мемлекеттің ақша-несие саясатын, халықаралық, ұлттық экономикада қалыптасқан қаржылық ахуалдармен байланысты мемлекеттің монетарлық саясатын дер кезінде әзірлеуге, бағдарлауға және түсінуге үйретеді.