7.1 Орталық банктің пайыз саясатының бағыттары мен тағайындалулары
Әлемдік экономикалық тәжірибеде орталық банктің пайыздық саясаты ақша-несие саясатының негізгі құралдарының бірі болып табылады.
Ол екі бағытта жүзеге асырылады:
1) коммерциялық банктердің орталық банктен алатын қарыздарын реттеу;
2) орталық банктің депозиттік саясаты.
Коммерциялық банктерге несие беру арқылы орталық банк ақырғы сатылық несие беруші ретінде әрекет етеді және ол банкаралық нарықтың қатысушысы болады және ақшаны реттеу органдары ретінде өз функцияларын орындайды.
Пайыздық саясат – ақша-несие саясатын жүргізудің маңызды нарықтық құралдарының бірі. Бұл Орталық банктің ресми базалық мөлшерлемелерін, сондай-ақ оның негізгі операциялары бойынша мөлшерлемелерін белгілеу және кезеңді түрде қайта қарау кезінде көрінеді.
Орталық банктің ресми (базалық) мөлшерлемелерінің екі негізгі түрі болады:
1) Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі (банк мекемелеріне несие беру) – бұл Орталық банктің коммерциялық банктерге соңғы сатылық несие беруші ретінде беретін несиелері үшін төлем;
2) Редисконттау (бағалы қағаздарды қайта есептеу) мөлшерлемесі немесе дисконттау мөлшерлемесі – бұл коммерциялық банктерден бағалы қағаздарды олар бойынша төлеу мерзімі аяқталғанға дейін сатып алған кезде төлейтін комиссия.
Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі есептік мөлшерлемеден біршама жоғары болады (әлемдік тәжірибеде – 0,5–2 пайыздық тармаққа), өйткені банктік қарыз операциялары (ломбард және несиенің басқа да түрлері) сауда-комиссиялық несиелендіру мөлшерлемелеріне қарағанда (бағалы қағаздарды сатып алу) қымбатырақ келеді.
Орталық банктер мерзіміне, сенімділігіне және бағалы қағаздар сыныптарына байланысты бірнеше ресми есептік мөлшерлемелерді, сондай-ақ несиелеудің мерзімдеріне, несиелік қамтамасыз ету түрілеріне және т.б. байланысты бірнеше қайта қаржыландыру мөлшерлемелерін (әртүрлі несиелер үшін) белгілеуі мүмкін.
Есептік мөлшерлеме мен қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің деңгейлерін реттеу арқылы Орталық банк елдегі ақша массасына әсер етеді, коммерциялық банктердің несиеге деген сұранысының артуына немесе кемуіне ықпал етеді.
Пайыздық саясаттың көмегімен Орталық банк келесі мүмкіндіктерге қол жеткізеді:
- берілетен несиелер құнын өзгерту арқылы несие нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа ықпал ету;
- коммерциялық банктердің өтімділік деңгейін, олардың несиелік белсенділігін реттейді;
- елдегі ақша көлемін реттеу;
- несие мекемелеріне жедел қаржылық көмек көрсете алады.
Өздерінің несиелері мен депозиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту арқылы орталық банктер ақша нарығының жағдайына әсер етіп, ақша-несие саясатының бағытын, атап айтқанда арзан немесе қымбат ақша саясатын анықтай алады.
Арзан ақша саясатымен орталық банктер коммерциялық банктерге берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді. Өз кезегінде өндірушілер мен инвесторлар өндірісті дамыту үшін коммерциялық банктер арқылы арзан несие ала алады. Экспансионистік ақша-несие саясаты (арзан ақша саясаты) несиелеу көлемін кеңейтуді, айналыстағы ақша мөлшерінің ұлғаюына бақылауды әлсіретуді, пайыздық мөлшерлемелер деңгейін төмендетуді білдіреді. Бұл әдетте салық мөлшерлемелерінің төмендеуімен, мемлекеттік бюджеттің өндірістік емес шығыстарының өсуімен қатар жүреді.
Экспансионистік ақша-несие саясатының мақсаттары іскерлік белсенділік пен экономикалық өсуді ынталандыру және жұмыссыздықты азайту болып табылады.
Бірақ экономикалық жүйе әрдайым жеңілдікті қарыз қаражаттарын пайдалануға дайын бола бермейді. Арзан тартылған қаражат өндірісті дамытуға бағытталмауы да мүмкін, ал ақша массасының артуы тікелей бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда орталық банктер рестрикциондық ақша-несие саясатын (қосымша ақша шығаруды шектеу үшін) немесе қымбат ақша саясатын жүргізуі тиіс.
Ресми мөлшерлемелердің өсуі коммерциялық банктерге несие ресурстарын алуды қиындатады және клиенттермен несиелік операциялардың ауқымын кеңейтеді.
Пайыздық саясатты жүргізу тікелей немесе жанама әдістермен жүргізілуі мүмкін. Ресми есептік мөлшерлемені белгілеу жанама әдіс болып табылады, ал вексельдерді қайта есепке алу шарттарын өзгерту (олардың сапасына қойылатын талаптарды жоғарылату, қайта есептелетін бағалы қағаздар ауқымын шектеу, қайта есептеу лимиттерін енгізу) пайыздық саясатты жүргізудің тікелей әдісі болып табылады.
Сол сияқты, қайта қаржыландырудың базалық мөлшерлемесін белгілеу де жанама әдіс болып табылады, ал жекелеген банктер үшін несие берудің шарттарына, мөлшеріне және басқа да шарттарына қатысты тікелей шектеулер енгізу тікелей (әкімшілік) әдіс болып табылады.
Есептік мөлшерлемелерді реттеу өте нәзік реттеу құралы болып табылады, сәйкесінше орталық банк әрқашан көздеген мақсатына жете бермейді. Мәселен, егер ақша нарығында осы кезде олардың артық ұсынысының нәтижесінде несие құнының төмендеу тенденциясы байқалса, есептік мөлшерлемені жоғарылату тиімді болмайды, өйткені бұл жағдайда коммерциялық банктер қымбат орталық банктік несиелермен салыстырғанда банкаралық нарықтағы несиелерді арзан пайдалануды жөн көреді. Егер ресми есептік мөлшерлеме ол төмендетілгенге дейін нарықтық деңгейден әлдеқайда төмен болған болса, онда онсыз да арзан несиелердің арзандауы ақша нарығының тиісті реакциясын тудырады.
Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі – мемлекеттік қысқа мерзімді міндеттемелерді сатып алу және жеке коммерциялық вексельдерді қайта есептеу кезінде орталық банктің коммерциялық банктермен және басқа да несиелік ұйымдармен операцияларында қолданатын пайыздық мөлшерлемесі. Ақша-несие саясатының осы құралының көмегімен орталық банк банкаралық нарықтың мөлшерлемелеріне, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың депозиттері мөлшерлемесіне және несиелік ұйымдар берген несиелер бойынша мөлшерлемелерге ықпал етеді. Қайта қаржыландыру мөлшерлемесі қайта қаржыландыру арқылы банктерге несие беру кезінде орталық банк пайдаланатын пайыздық мөлшерлемелердің бірі болып табылады. Банктер банкаралық және ашық нарықтағы өтімділікті арттыру мүмкіндіктері таусылған кезде қайта қаржыландыруға жүгінуге мәжбүр болады, сол кезде орталық банк ақырғы сатылық несие берушіге айналады.
Ресми есептік мөлшерлеме – коммерциялық банктерден бағалы қағаздарды олар бойынша төлеу мерзімі аяқталғанға дейін сатып алу кезде орталық банкпен алынатын комиссия. Сонымен бірге, бұл мөлшерлеме орталық банктік заемдардың басқа түрлері бойынша да, нарықтық мөлшерлемелер үшін де бағдарлық болып табылады. Ресми есептік мөлшерлемесін белгілеу арқылы орталық банк коммерциялық банктердің тартылған несие ресурстарының құнын анықтайды. Есептік мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, орталық банктің қайта қаржыландыру несиелерінің құны да соғұрлым жоғары болады. Бұдан шығатын қорытынды, есептік мөлшерлемені өзгерту ақша нарығының сапалық параметрін – банктік қарыздардың құнын реттеуге мүмкіндік береді.
Ресми есептік мөлшерлемені өзгерту арқылы орталық банк ақша нарығының жағдайына ғана емес, қаржы нарығына да әсер етеді. Сонымен, есептік мөлшерлеменің өсуі ақша нарығындағы несиелер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне әкеледі, бұл өз кезегінде бағалы қағаздарға сұраныстың төмендеуіне және олардың ұсынысының ұлғаюына әкеледі. Бағалы қағаздарға сұраныс банктік емес ұйымдардан да, несиелік ұйымдардан да түседі, өйткені қымбат несиелермен тікелей қаржыландыру тиімдірек. Өз кезегінде бағалы қағаздардың ұсынысы өседі. Ресми есептік мөлшерлемені төмендету, керісінше, несиелер мен салымдардың құнын төмендетеді, бұл қарама-қарсы процестерге әкеледі: бағалы қағаздарға сұраныс артып, олардың ұсынысы төмендейді, нарықтық құны жоғарылайды.
Ресми есептік мөлшерлемені өзгеру ақша-несиелік реттеу құралы ретінде дамыған елдердің орталық банктері кеңінен қолданады, ал дамушы елдерде коммерциялық банктердің несиелері мен депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін тікелей реттеуді қалайды. Ресми есептік мөлшерлеме елдің бизнес-қауымдастығы үшін экономикалық жағдайдың өзіндік барометрі болып табылады. Осылайша, есептік мөлшерлеменің жоғарылауы банктерге орталық банктің іскерлік белсенділікті төмендету саясатын жүргізуге ынтасы туралы белгі береді. Егер банктер орталық банктің бұл ойына назар аудармаса және несиелік белсенділігін арттыруды жалғастырса, әрі қарай әлде қайда қатаң шаралар қолданылатын болады.
Пайыздық мөлшерлеме саясаты өсіп келе жатқан бағалық салдарға алып келеді. Экономика субъектілері өсіп жатқан есептік мөлшерлеме ықпалынан шығуға және өз шығындарын тұтынушыларға аударуға тырысады (сәйкесінше олардың тауарларының бағасы өседі). Инфляция мәселелеріне тап болған экономикаға мұндай жанама әсер өте ауыр тиеді. Жеке сектор реттеуші шаралардың нәтижесінде өзіне жүктелген барлық қосымша жүктемені сатып алушыға жүктеуге тырысады. Дамушы елдерде және өтпелі экономикасы бар елдерде мұндай қаржылық қитұрқылықтардың мүмкіндігі жоғары болады, өйткені онда нарықтың қанығу және бәсекелестік деңгейі Батыстың дамыған елдеріне қарағанда әлсіз. Сонымен қатар, мөлшерлемені реттеу белгілі бір дәрежеде нарықтық жүйеге қайшы келеді. Банктер арасындағы бәсекелестіктің рөлі шектеледі. Есептік мөлшерлеменің ауытқуы борышкер-салалар үшін теріс салдарлы.
Дамыған елдердің орталық банктерінің пайыздық саясаты ұзақ тарихы бар және өздерінің белсенділігімен ерекшеленеді.
АҚШ-ның Федералдық резервтер жүйесі есептік мөлшерлеме құралын белсенді қолданады. ФРЖ банктері банктер мен басқа депозиттік мекемелер үшін, әсіресе, әдетте, қажетті резервтерін толтыру үшін Федерациядан жиі қарыз алатын ірі банктер үшін қысқа мерзімді құралдардың маңызды қайнар көзі болып табылады.
ФРЖ-мен белгіленетін есептік мөлшерлеме әр резервтік банктің директорлар кеңесімен белгіленеді (дегенмен, базалық мөлшерлемеге енгізілетін кез-келген өзгертулерді ФРЖ-нің Басқарушылар кеңесі де мақұлдауы керек). «Есеп терезелері» арқылы берілетін барлық дерлік несиелер қысқа мерзімді түзету немесе резервтердің уақытша жетіспеушілігін жою қажеттілігін қанағаттандыратын және әдетте бірнеше күнге ғана алынатын маусымдық несиелер ретінде жіктеледі. Салыстырмалы түрде ұзақ мерзімді несиелер бір айға дейін немесе одан да көп мерзімге қиыншылықтарға тап болған немесе ұзақ ақша тапшылығына тап болған банктерге көмек көрсетуге арналған. Бұл жағдайда есептік мөлшерлеме жоғары болады.
Федералды резервтер жүйесі «есеп терезесін» пайдаланып ұсынылатын несиелерді әлде қайда қымбатырақ етуді мақсат етсе, пайыздық мөлшерлемені көтеру әдісін қолданады. Бұл кейбір банктерді несиелік резервтерді қарызға алудан тияды, бұл өз кезегінде банк несиелерінің өсуін бәсеңдетуі мүмкін.
Егер ФРЖ банктердің қарыз алуын ынталандыруды өзіне мақсат етсе, есептік мөлшерлемені төмендетеді. Бұл жағдайда банктер өз клиенттеріне несие беруде анағұрлым либералды саясат жүргізе бастауы мүмкін.
Егер ФРЖ-нің мақсаты экономиканы несиелеу мүмкіндіктерін азайту болса, онда ФРЖ бірмезетте міндетті резервтік талаптарды өзгерту сияқты құралды қолданады. Міндетті резервтік талаптардың артуы әдетте пайыздық мөлшерлеменің өсуіне әкеледі. Резервтік талаптардың төмендеуі, керісінше, қосымша несиелеу үшін қаражаттарды босатады. Пайыздық мөлшерлемелер де төмендейді, өйткені банктерде несие беруге қаражат көп пайда болады.
Еуропалық Одаққа мүше елдерде негізгі қайта қаржыландыру операциялары бойынша мөлшерлеме ЕОБ-нің есеп саясатының негізгі элементі болып табылады, ол бір күндік өтімділікті реттеу, «овернайт» нарықтық мөлшерлемелерін шектеу және ақша-несие саясатының бағыты мен сипаты туралы нарыққа сигнал жіберу үшін қолданылады. Еуропаның бірқатар елдерінде кең таралған тәжірибеде, EОБ-нің есептік мөлшерлемесі орталық банктің бір күндік несиелер және депозиттік операциялар бойынша мөлшерлемелер шектелген дәлізде белгіленеді.
Ұлттық орталық банктер рұқсат етілген активтерді қамтамасыз ете отырып, қаржы институттарына берген несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі бір күндік несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің жоғарғы шегі болып табылады. Қаржы институттарына ұлттық орталық банктерге қаражат салуға мүмкіндік беретін депозиттік операциялар бойынша мөлшерлемелер бір күндік несие нарығында пайыздық мөлшерлемелер бойынша төменгі шекті белгілейді.
Пайыздық мөлшерлеме саясатының жалпы қағидаттары елдегі айырмашылықтарды ескере отырып жүзеге асырылады.
Англияда инфляциялық мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін пайыздық мөлшерлемелерді анықтау Англия Банкі мен Қазынашылыққа жүктелген (Англия банкінің басқа банктерден айырмашылығы ол үкіметтен тәуелсіз әрекет ете алмайды). 1946 жылы қабылданған Англия Банкі туралы заң Қазынашылыққа Англия Банкіне нұсқаулар дайындау құқығын береді. Бірақ ол бұл құқығын ешқашан пайдаланбаған. Олардың арасындағы қатынастар пайыздық мөлшерлемелер туралы түпкілікті шешімді Қаржы министрі қабылдайтындығында. Алайда, Англия Банкі шешім қабылдауда өте маңызды рөл атқарады. Ол тоқсан сайынғы инфляция туралы ақпараттың егжей-тегжейлі талдауы келтірілген есепті жариялайды, сондай-ақ Министр мен Басқарманың кездесуінің хаттамаларын жүргізеді. Олар пайыздық мөлшерлемелер туралы кездесуден кейін 6 апта өткенде жарияланады.
Англия Банкі инфляция және пайыздық мөлшерлемелер туралы есепті дайындауда келесі екі жылдағы инфляциямен байланысты болатын ішкі және сыртқы экономикалық және монетарлық факторларды ескереді. Банктің пайыздық мөлшерлемелер жөніндегі кеңесінде Англия Банкінің агенттері ұсынған елдің әртүрлі аймақтарындағы өнеркәсіп пен саудаға әсер ететін өзгерістер туралы ақпарат бар.
Англия Банкі ішкі ақша нарығындағы өз рөлін орындай отырып, қысқа мерзімде пайыздық мөлшерлемелерге әсер етеді. Англия банкі үкіметтік банк және банктер банкі бола отырып, үкіметтік шоттардан коммерциялық банктердің шоттарына және керісінше төлемдер ағынының сипатын дәл болжай алады және жағдайға байланысты әрекет етеді. Банктік шоттардан мемлекеттік шоттарға төлемдер ағындары кері ағыннан асып кеткен кезде, банктік өтімді активтердің резервтері азайып, ақша нарығында қаражат тапшылығы жағдайы туындайды. Олай болмаған жағдайда, қолма-қол ақшаның асып кетуі болады, бірақ әлді қайда қарапайым жағдай болып Англия Банкімен жойылатын дефициттердің пайда болуы табылады. Бұл үшін ол күн сайын қаражаттармен қамтамасыз етілетін пайыздық мөлшерлемені белгілейді.
Әрбір банкпен жеке жұмыс жасамау үшін Англия банкі есеп үйлерін делдал ретінде пайдаланады. Бұл сауда вексельдерінің қоры бар және негізгі банктер артық ақшаларды салатын мамандандырылған дилерлер. Есеп үйлері Англия Банкінің қарыз алушы қызметтерін пайдаланады, олар есеп үйлерінің бағалы қағаздарын сатып алу арқылы немесе оларға несие беру арқылы қолма-қол ақша бере алады. Осы операциялар жүргізілетін мөлшерлемелер тұтастай экономика үшін пайыздық мөлшерлемелерге әсер етеді. Англия банкі бұл мөлшерлемені өзгерткен кезде, коммерциялық банктер, әдетте, бірден депозиттер бойынша мөлшерлемелер мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені анықтайтын базалық мөлшерлемені өзгертеді.
Неміс Федералды Банкінің есеп немесе дисконт саясаты есеп (дисконт) үрдістерін басқара отырып, ақша нарығын реттеуге негізделген, яғни Бундесбанк елдегі несиелік мекемелерден вексельдерді қайта тіркеу немесе сатып алу кезінде ұстайтын пайыздар. Федералды банк туралы заңға сәйкес, ол банктен коммерциялық вексельдерді сатып алуға және банктерге сатуға, сондай-ақ Федерацияның қазынашылық вексельдерін, Федерацияның жерлерін және Федерацияның арнайы қорларын, егер олар заңда көрсетілген талаптарды толығымен қанағаттандырса, өзі белгілеген есептік мөлшерлеме бойынша алады.
Федералды банк туралы заң есептік пайыз бойынша төменгі және жоғарғы шектерді белгілемейді. Осылайша, ол құрылған кезде Федералды банк толығымен автономды және қазіргі жағдайды басшылыққа ала алады. Нақты есептік пайыз мөлшерлемесі Заң күшіне енген кезден бастап аймақта 2,5-тен 8,75 %-ға дейін өзгереді. Есептік пайыз мөлшерлемесі Федералды банктегі банктік операцияларды дисконттауға қатысатын барлық жеңілдіктер үшін бірдей. Есеп саясатыныңа қосымша болып ломбардтық саясат табылады, ол несиелік мекемелерге вексельдер, бағалы қағаздар және үкіметтің қарыз міндеттемелері бойынша несие беруге негізделген. Тəуекелділіктің жоғары деңгейде болуына байланысты ломбардтық несие үшін вексельдерді санауға қарағанда жоғары пайыздық мөлшерлеме, əдетте 1–2 % белгіленеді.
Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде 1993–1994 жылдардан несиелерді қайта қаржыландыру нарықтық аукциондық негізге аударылған. Бұл қайта қаржыландыру несиелерінің бағасын нарықтық пайыздық мөлшерлеме деңгейіне дейін жеткізуге және пайыздық мөлшерлемелерді ырықтандыруға мүмкіндік береді және бұл оларды ақша-несие саясатының нақты құралы етеді.
Тақырыпты қайталауға арналған сұрақтар