1 Мемлекеттің экономикалық саясаты және оның мәні мен мақсаттары


1.1 Мемлекеттің экономикалық саясаты

Экономикалық саясат – бұл мемлекеттің экономикалық аумағында экономикалық субъектлердің тиімді әрі тұрақты өзара байланыстарына қажетті қолайлы жағдайларды қалыптастыруға, сондай-ақ, экономикалық дамудың келеңсіз факторларын және олардың салдарын жоюға һәм азайтуға бағытталған іс-шаралардың және құқықтық сипаттағы шектеулердің жиынтығын білдіретін зерттеудің айырықша объектісі.

Мемлекет қызметтерінің айырықша түрі ретінде, экономикалық саясат – нарықтық экономикалық жағдайлардың өрісін қалыптастыру және экономикалық үдерістер мен ұлттық экономиканың дамуына оң ықпал етуге мақсатты бағдарланған ұтымды іс-шараларды жүзеге асыру. М. Фридманның пікірінше бұл қызмет ғылымға емес, әлде қайда, әсіресе шешім қабылдауы бойынша, өнерге жатады. Өйткені, бұл ыңғай түрлі экономикалық ағымдар өкілдерінің түпкілікті мақсаттарының негізгі бірлігін анықтауға мүмкіндік береді және осылайша көзқарастық келіспеушіліктерді жеңуге жағдай жасайды. Ғылым ретінде, экономикалық саясат әлде қайда нормативтік сипатты болып келеді. Яғни, мемлекеттің не істеуі керектігін, іс-әрекеттік қылықтарының ережелерін қылыптастырады және негіздейді.

Нарықтық экономикадағы мемлекеттің міндеттері:

- Экономикалық саясат: экономикалық әрекеттердің жүзеге асырылуы өрісін (шекарасын) белгілеу: бір жағынан әрекет еркіндігін кепілдендіру, келесі жағынан экономикалық жауапкершілік. Экономикалық тәртіп саясатының өзегі – бәсекелестікті қолдау және меншікті ұтымды пайдалану;

- Білім беру саласындағы саясат: мемлекет барлық азаматтарын олар өздерінің шығармашылық әлуеттерін көрсете алуы үшін негізгі (базалық) білім деңгейімен қамтамасыз етуі тиіс;

- Меншік құқығы саласындағы саясат арқылы мемлекет материальдық активтерге меншікті (меншік құқықтарын) қорғайды, пайданың қайта инвестициялануын (реинвестициялануын) және жаңа капиталдың қалыптасуын қолдайды, табиғи байлықтың қоғамдық капитал ретінде қорғалуына қолайлы жағдайлар қалыптастырады ;

- Аллокациондық (ағыл. Allocation – мардымсыз ресурстарды мақсатқа сәйкес бөлу) саясат мемлекеттің өндірістік бастамаларында жүргізіледі: жекеменшік секторға (үйшаруашылығы және кәсіпкерлік секторлары) мемлекеттік тапсырыстар (сатып алулар), мемлекеттің өзінің өндірістік қызметтері, жария билікті жүргізу, түрлі жекеменшік секторлар арасында субсидиялар, трансферттер, салықтар мен алымдардың көмегімен ресурстарды тарату;

- Тұрақтандырушы саясат: бюджеттік-салықтық (фискальдық), ақша-несие (монетарлық) және валюталық саясаттар;

- Құрал-қаражаттарды, соның ішінде әлеуметтік құрал-қаражаттарды қайта бөлу саясаты.

 

1.2 Экономикалық саясаттың субъектілері

Мемлекеттің экономикалық саясатының субъектілері – мемлекеттің экономикалық саясатының қатысушылары. Оларды мемлекеттің экономикалық саясатына қатынастарымен байланысты  жалпылама топтауға болады. Мұндай жіктелінімде экономикалық саясатының субъектілері мемлекеттік, мемлекеттік емес және Supra-ұлттық субъектлерге ажыратылады. Мұнда ұлттық экономикалық шеңбердегі субъектлермен қатар, ұлттық мүдде қорғалатын сыртқы экономикалық өрістердегі экономикалық субъектлер де  қарастырылады.

Экономикалық саясаттың субъектлері болып шаруашылық мүдделерді алып жүрушілер, білдірушілер және орындаушылар табылады.

Шаруашылық мүдделерді алып жүрушілер – бұлар бір-бірінен бірқатар белгілері бойынша ерекшеленетін әлеуметтік топтар: мүлікке иелік етуі бойынша, табыстары бойынша, табыстары деңгейлес қызмет түрлері бойынша, кәсібі бойынша, салалық және аумақтық мүдделері бойынша. Бұлар – жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпорындар қожайындары, фермерлер мен жер иелері, ұсақ және ірі кәсіпкерлер, басқарушылар мен акционерлер, мемлекеттік қызметкерлер және т.т Бұл топ өкілдері өз мүдделерін әлеуметтік-экономикалық жауапкершілікті мемлекеттік органдарға БАҚ-та, митингтерде, шерулерде білдіреді. Бұл – шаруашылық мүдделердің шаруашылықты реттеуші мемлекеттік аппаратпен байланысының бірінші жолағы.

Шаруашылық мүдделерді білдірушілердің қуатты тобы – партияларға, одақтарға, бірлестіктерге, ассоциацияларға топтасқан кәсіподақтар, кәсіпкерлер бірлестіктері. Аталмыш топтардың әрқайсысының өздерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, қандай да бір аймаққа тиесілілігіне, қызметінің түріне байланысты өзіндік мүдделері бар.

Бұлар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатына жоғары деңгейде әсер ету үшін өздерінің әлеуметтік-экономикалық тұжырымдамаларын жүзеге асырады. Олардың өздерінің баспасөз құралдары, қаржы ресурстары, кадрлық орталықтары және қоғаммен тығыз байланыс желілері болады. Бұл – шаруашылық мүдделердің оны реттеуші мемлекеттік аппаратпен байланысының екінші жолағы.

Мемлекеттің экономикалық саясаты бағдарламасын шынайы өмірде жүзеге асыратын экономиканы мемлекеттік реттеудің субъектлері – шаруашылық мүдделерді орындаушылар. Бұл – мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі буыны, шаруашылық мүдделердің оны реттеуші мемлекеттік аппаратпен байланысының үшінші жолағы.

Шаруашылық мүдделерді орындаушылар болып иерархиялық ұстанымдары бойынша орналасқан биліктің үш тармағының органдары және елдің орталық банкі табылады. Соңғы уақыттарда экономиканы мемлекеттік реттеудің субъектлері арасында биліктің атқарушы органы әлде қайда дербес бола түсіп, орталық органының рөлінің артуы тенденциясы байқалуда.

Сондай-ақ, қазірде мемлекеттің экономикалық шешімдеріне кәсіпкерлік құрылымдардың ықпал етуі кең етек жаюда. Олар мемлекеттің экономикалық шешімдеріне ықпал ету үшін атқарушы органға қысымдар жасау арқылы өз мүдделерін лоббирлейді (ағыл. lobby – басқа тараптың атынан тиімді ресми шешім қабылдауға ықпал жасау ниетімен кез келген лауазымды адаммен байланыс жасау немесе қайсыбір мәселе бойынша ұстанымды тықпалау). Сондай-ақ, тағы да сондай заңсыз тәсілмен – қандай да бір шаруашылық шешімді қабылдауға өкілетті тұлғаны сатып алу (пәре беру) оңтайлы шешімдер қабылдату үрдісі кең жайылуда.

Шаруашылық тетіктерді жетілдіру және олардың ұтымды әрекет етуі үшін оның қадағалануына, ұстанылуына істің жемістілігі тәуелді болатын белгілі бір ұстанымдарды ұстану қажет. Экономикалық саясаттың негізгі ұстанымдары болып табылатындар:

- сәйкестілік (адекваттылық) ұстанымы;

- кешенділік ұстанымы;

- бейімділік ұстанымы;

- құзыреттілік ұстанымы.

Сәйкестілік ұстанымы шаруашылық тетіктерінің өндіргіш күштерінің қолжеткізілген дамуы деңгейіне, елдің осы кездегі дамуы кезеңіне және экономикалық саясатпен алға қойылған мақсаттарға сәйкестілігін қамтамасыз ету қажеттілігін білдіреді.

Кешенділік ұстанымы экономикада болып жатқан экономикалық және әлеуметтік үдерістерді жүйелі түрде талдауға негізделген. Кешенділік және бейімділік ұстанымдары шаруашылық тетіктердің қалай болуы керектігінің мазмұнын ашады.

Бейімділік ұстанымы әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға жету үшін сыртқы жағдайлардың өзгеруімен байланысты шаруашылық тетіктердің бейімделуінің және ретке келтірілуінің қалай жүрілуі қажеттігін көрсетеді.

Құзыреттілік ұстанымы шешімдер қабылдау кезіндегі экономикалық дамудың үдерістері мен беталыстарын терең зерттеу, тарихи жағдайлардың өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты ескеру, ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерін пайдалану секілді қажетті жағдаяттар (шарттар) болып табылады.

Макроэкономикалық саясат – бұл бүкіл экономикаға әсер ететін үкіметтің іс-әрекеті. Бағдарланған объектісі бойынша мемлекеттің макроэкономикалық саясаттарын:

- ақша-несие (монетарлық) саясат;

- салықтық-бюджеттік (фискалдық) саясат;

- әлеуметтік саясат;

- экологиялық саясат және т.т. ажыратуға болады.

Экономикалық саясатты жүргізгенде үкімет өзгертетін параметрлер (салық мөлшерлемесі, үкіметтік шығындар, үкіметтік субсидиялар және т.б.) – саяси өзгермелілер немесе саяси құралдар.

Саясат – мақсатты бағдарланған іс-әрекет болып табылады. Демек, мемлекет өзінің мақсаттарын айқындап алып, сонан кейін оларды экономикалық саясаттар арқылы жүзеге асырады. Мемлекеттің мүмкіндігінше кең бостандық және әлеуметтік әділдік шеңберінде өз мақсаттарын таңдауына және олар бойынша белгілі бір шараларды жүргізуіне толық еркіндігі бар.

Түрлі экономикалық, қаржы саясаты шараларын жүргізген кезде үкімет жалпы экономикалық теңдестікті сақтау қажеттігін есте ұстауы керек. Бұл басты мақсатқа, яғни, жалпы экономикалық теңдестікке жұмыспен толық қамтылу жағдайында және барлық нарықтардың (еңбек, ақша-несие, тауарлар мен қызметтер, бағалы қағаздар нарығы және т.б.) теңдестігі кезінде жетуге болады.

Ең басты мақсаттан – жалпы экономикалық теңдестік мақсатынан  келесі мақсаттар  туындайды (1.1-сурет):

Жұмыспен қамтылудың жоғары деңгейі;

- баға деңгейінің тұрақтылығы;

- сыртқы экономикалық тепе-теңдік;

- экономиканың тұрақты өсуі;

- табыс пен мүлікті әділ бөлу;

- қоршаған ортаны қорғау.

1

1.1-сурет – Экономикалық саясаттың негізгі мақсаттары

 

Макроэкономикалық мақсаттарды оларды орындауға қажетті уақыттың ұзақтығымен байланысты ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді мақсаттар деп бөлінеді. Мысалы, елдегі баға деңгейін тұрақтандыруға бағытталып, дұрыс жүргізілген антиинфляциялық саясат қысқа мерзімді кезеңде оң нәтиже бере алатын болса, табыс пен мүлікті әділ бөлуге бағытталған әлеуметтік саясат көптеген жылдар бойы ұтымды жүргізілген жағдай да ғана оң нәтиже береді.

Ал, мақсаттар қолданылатын көрсеткіштердің сипаттарына қарай сандық және сапалық мақсаттар деп ажыратылады. Мысалы, жұмыспен қамтылудың деңгейі нақты шамамен (санмен) анықталатын болса, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық саясаттың нәтижесін нақты шамалармен анықтау мүмкіндігі өте тары болады.

Жұмыспен қамтылудың жоғары деңгейі

Жұмыспен қамтылу ретінде біз халық шаруашылығы қуаттарының пайдаланылу дәрежесін түсінеміз. Халық шаруашылығы қуатын жұмыссыздар мен бос жұмыс орындарының саны арқылы бағалайды. Жұмыспен толық қамтылу жағдайы жұмыс күшінің құрамындағы жұмыссыздардың үлесі 6 %-ға жуықтағанда болады. Жұмыссыздардың үлесі 6 %-дан көп болған жағдайда жұмыспен толымсыз қамтылу жағдайы қалыптасады. Ал, бос жұмыс орындарының саны жұмыссыздар санынан көп болғанда шамадан тыс жұмыспен қамтылу болады.

Жұмыспен толымсыз қамтылудың басты кемшіліктері:

- жұмыссыздық неғұрлым жоғары болса, тауарлар мен қызметтерге сұраныс соғұрлым төмен болады;

- үкіметтің салық табысының азаюы салдарынан мемлекет өзінің міндеттерін толық көлемде орындай алмайды;

- жұмыссыздардың отбасы ауыр қаржы жағдайына тап болады, бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелерді туындатады;

- жұмыссыздық ұлғайған сайын қоғамда саяси, әлеуметтік қайшылықтар күшейе түседі.

Шамадан тыс жұмыспен қамтылудың басты кемшіліктері:

- кәсіпорындар бір-бірінен жұмысшыларды өздеріне тарта бастайды;

- жұмыс күшіне сұраныстың ұсыныстан асып кетуі еңбек ақының еңбек өнімділігіне қарағанда тез өсуіне алып келеді;

- кәсіпорындардың жалақыға шығындарының өсуі және халықтың табысының артуы игіліктер бағасының (баға деңгейінің) көтерілуі және мұның салдарынан, елдің экспорттық мүмкіндіктерінің төмендеуі мәселелерін туындатады;

- жоғары жалақы және жұмыссыз қалу қауіпінің жоқтығы еңбекке ынтаны және өнім сапасын төмендетеді, сонымен қатар, бұл кезде «жалған ауыратындар» саны ұлғаяды.

Баға деңгейінің тұрақтылығы

Ақша бағамының абсолютті тұрақтылығы тек баға деңгейінің мүлдем өзгермейтін жағдайында болады. Бұл жағдайда жекелеген тауарлар бағасының өзгеруі мүмкін. Бірақ, бір тауардың бағасының өсуі екінші бір тауардың бағасының төмендеуі есебінен өтеледі де, жалпы жағдай, яғни баға деңгейі өзгеріссіз қалады.

Экономикалық саясат өте сирек жағдайларда ғана баға деңгейінің тұрақтылығына қол жеткізе алады. Ал, іс жүзінде баға деңгейінің небары 2-3 %-дық ғана өсуіне қол жеткізудің өзі де үлкен жетістік болып саналады. Бұл мақсатқа инфляцияны қоздырушылар үлкен зиянын тигізеді. Егер, инфляция банктік пайыз мөлшерлемесінен жоғары болса, онда банкке ақшасын салғандардың ақшасының құны төмендейді, яғни олар зиян шегеді.

Керісінше, нақты меншік (жер телімдері, кәсіпорындар, жылжымайтын мүлік және т.б.) иелері және өтелмеген қарызы барлар ұтымды жағдайда болады. Ішкі баға деңгейінің өсуі шетелдердегі баға деңгейінен жоғары болса, онда елдің экспорты азаяды, ал бұл жұмыс орындары үшін қауіпті жағдайларды  туындатады.

 

 

Сыртқы экономикалық тепе-теңдік

Сыртқы экономикалық тепе-теңдік ретінде төлем балансының орташа мерзімдік теңдестігі ұғылады. Төлем балансының теңдестігі үшін экспорт пен импорттың арасалмағының маңызы өте зор. Егер, экспорт импорттан артық болса, онда мемлекеттің сыртқы саудада оң сальдосы, ал кері жағдайда теріс сальдосы болады. Экспорттың импорттан артып кетуі елде шетел валютасының артық (шамадан тыс) жиналуына алып келеді. Жұмыспен толық қамтылу жағдайында мемлекет ішіндегі айналымдағы ақшаның артуы, баға деңгейін көтереді, яғни елде импортталған инфляция бой көрсетеді.

Экспорттың импорттан аз болуы кезінде керісінше болады. Сырттан тауар әкелушілер импортты ұлттық немесе шетел валютасымен төлейді. Егер импортер ұлттық валютамен төлесе, онда оны шетелдік экспортер (әріптес) шетел валютасына айырбастайды. Ал, шетел валютасымен төлейтін болса, онда импортер импортты төлеу үшін елде шетел валютасын сатып алады. Екі жағдайда да елдегі шетел валютасының қоры азаяды. Ақша массасының азаюы баға деңгейінің өсуін тежегенімен, бұл жағдай жұмыс орындары үшін қауіп төндіреді. Ел экспортының  импорттан ағымдағы артық болуы ұлттық экономика үшін әлде қайда қолайлырақ болғанымен, халықаралық саудадағы әріптестіктің бір жақты басымдығы екінші жақта тапшылыққа алып келуі мүмкін. Егер, бір жақты басымдық тұрақты және ұзақ мерзімдік сипат алатын болса, онда екінші тарап өзінің мүдделерін қорғау үшін түрлі шаралар қолдана бастайды. Мұндай шаралар екі ел арасындағы «сауда соғысын» және саяси шинелісті ушықтыруы мүмкін. Сондықтан да, сыртқы сауда мүддесі үшін сыртқы экономикалық тепе-теңдікке ұмтылу абзал.

Экономикалық саясат бір мезгілде баға деңгейінің тұрақтылығына, жұмыспен қамтылудың жоғары деңгейіне және сыртқы экономикалық теңдестікке ұмтылады деп айту оңай болғанымен, іс жүзінде оны орындау өте күрделі. Яғни, нақты жағдайларға байланысты мақсаттық үйлесімділік немесе мақсаттық қарама-қайшылық қалыптасуы мүмкін. Мақсаттық үйлесімділікке, егер белгілі бір экономикалық шараларды қолданған кезде түрлі экономикалық мақсаттар оң орындалатын болса ғана жетуге болады.

Ал, мақсаттар қарама-қайшылығы жағдайында экономикада тек бір мақсатқа жетуге арналған шаралар жүргізіледі, алайда бұл кезде басқа мақсаттар қарастырылмайды. Бірақ, басқа мақсаттарға әсер етпеу сирек жағдай. Мысалы, жұмыспен толымсыз қамтылған экономикада жұмыссыздықты азайтуға ұмтылыс өнім бірлігіне келетін орташа шығынды өсіреді. Нәтижесінде өнім бағасының көтерілуі елдегі баға деңгейін жоғарлатады, яғни  баға деңгейінің тұрақтылығы мақсатына зиян келеді. Сонымен қатар, баға деңгейінің көтерілуі ел экспортының қысқаруына алып келеді, яғни сыртқы экономикалық тепе-теңдік бұзылады.

Бұл талданған экономикалық қысқа мерзімді мақсаттар экономикалық саясаттың сиқырлы үшбұрышын құрайды. «Сиқырлы» аталуының себебі қайсы бір мақсатты орындауға бағытталған шаралардың қалған басқа мақсаттарға да ықпал ететіндігімен байланысты.

Экономиканың тұрақты өсуі

Дәстүрлі, ұзақ мерзімді мақсаттардың бірі – экономиканың тұрақты өсуі. Экономикалық өсу – бұл ұлттық экономика ауқымының ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты артуы, яғни ұзақ мерзімді кезеңде қысқа мерзімді аралық кезеңдердегі ЖІӨ-нің немесе ҰТ-тың абсолютті және жан басына шаққандағы мөлшерінің сатылап арта беруі үрдісі. Экономиканың өсуі конъюктураның тербелуі жоқ екенін немесе өте әлсіз тербелістің ғана бар екендігін білдіреді.

Экономиканың өсуі бүкіл экономикалық құрылыстағы экономикалық саясаттың маңызды мақсаты болып табылады, себебі материалдық игіліктер өндірісінің өсуі халықтың санының өсуінен шапшаң болған жағдайда ғана халықтың жанбасына шаққандағы табысы өседі, яғни тұрмыс деңгейі жоғарлайды. Сонымен қатар, өспелі экономиканың жаңа қажеттіліктерді қанағаттандыру және елдегі, одан тыс экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкіндіктері де жоғары болады.

Экономикалық өсу интенсивті және экстенсивті негізде жүріледі. Егер, экономикалық өсу экономикалық ресурстардың (капитал, еңбек, табиғат, ақпарат ресурстары және кәсіпкерлік қабілет) қолданылу мөлшерін ұлғайту нәтижесінде болса экстенсивті, ал өндіріс факторларының сапалық жетілдірілуі нәтижесінде болса, онда интенсивті деп аталады.

Экономикалық өсуге өндіріс факторларының  және оларды қолданудың артуы, жетілдірілуі (еңбек ресурстарының сапасының және санының артуы, технологиялық ілгерлеушілік, шикізат қорлары мен энергия көздерінің жеткіліктілігі және тиімді бөлінуі және т.б. факторлар) оң ықпал етеді. Ал, өндіріс ресурстарының жеткіліксіздігі, экологиялық ахуалдың нашарлауы, жалпы (капитал, еңбек) өнімділіктің төмен деңгейі, дамыған елдердегі халық санының азаюы, үкіметтің тиімсіз экономикалық саясаты және т.б. факторлар экономикалық өсуді тежейді.

Сандық мақсаттар арасындағы өзара үйлесімділіктері мен қарама-қайшылықтарына байланысты олардың құрамдастығын экономикалық саясаттың сиқырлы шаршысы деп атайды. Яғни, мұнда да қайсы бір мақсатқа бағдарланған шара қалған мақсаттарға да өзінің ықпалын (оң немесе теріс) тигізеді.

Табыс пен мүлікті әділ бөлу

Бұл мақсат экономикалық, әрі саяси-әлеуметтік мақсат болып табылады. Табыс пен мүліктің бөлінуін тек экономикалық тұрғыдан алып қарастырар болсақ, бұл ешқандай әлеуметтік әділдікке әкелмейді. Себебі, адамдардың ақыл-ойлық, физикалық, мұрагерлік және т.б. мүмкіндіктері бірдей емес. Сонымен қатар, адамдардың қанағаттану психологиясы да әртүрлі, біреулер азға қанағат етсе, келесі біреулер басқалар үшін «көпті» азсынады. Осы тектес сан алуан факторларды ескерер болсақ, уақыт ағымында «мүмкіндігі көптер» мен «мүмкіндігі аздар» арасында табыс пен мүліктің бөлінуі арасалмағы алшақтай түседі. Нәтижесінде, әлеуметтік тұрақтылық бұзылады. Қоғамда мұндай жағдайдың орын алмауы үшін табыс пен мүліктің әлеуметтік топтар арасында әділ бөлінуі тиіс және оны тек мемлекеттік деңгейде ғана оңтайлы шешуге болады. Мемлекеттің осы мақсатқа, яғни қоғамның түрлі топтары мен мүшелері арасында табыс пен мүлікті бөлуге және қайта бөлуге бағытталған іс-шаралары мемлекеттік әлеуметтік саясат деп аталады.

Мемлекеттік әлеуметтік саясат – бұл қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және елдің барлық азаматтары үшін бірдей «бастапқы жағдайды» қалыптастыруға бағытталған макроэкономикалық реттеудің бір бағыты. Тарифтік автономия бойынша тарифтік әріптестер табысты (жалақыны) өздері реттеуге құқылы болғанымен, мұның ақыры табыстың әлеуметтік әділ бөлінуіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, мемлекет табысты қайта бөлудің құралдарын (прогрессивті салық, жалақының ең төменгі деңгейін белгілеу, трансферттік төлемдер) қолдана отырып, табыстың әділ бөлінуіне ықпал ете алады.

Қоршаған ортаны қорғау

Бүгінгі күні өмір сүретін және болашақ ұрпақтарды қоса алғанда жердің табиғи ресурстары бүкіл адамзаттың жалпы мұрасы болып табылады. Табиғаттағы тұрақты резервті қор бір ұрпақтан келесі ұрпаққа мейілінше аз бүлінген, жоғалтылған дәрежеде беріліп отыруы керек. Экологиялық  көзқарас тұрғысынан алғанда тұрақты даму биологиялық  және физикалық жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Алайда, өндіріс өсуіне байланысты қоршаған ортаның ластану дәрежесі де өседі. Нәтижесінде, адамдардың өмір сүру ұзақтығы қысқарады, демалыс аудандары бүлінеді, экологиялық  тепе-теңдік  бұзылады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, орман, балық шаруашылығы өнімдері азаяды. Егер экономика тоқырауға ұшыраса, бұл қоршаған орта үшін жақсы, бірақ, жұмыспен толық қамтылу және сыртқы экономикалық тепе-теңдік мақсаттары үшін қауіпті.

Сонымен, қоршаған ортаны қорғау және экономиканың тұрақты өсуі мақсаттары арасындағы қарама-қайшылықтар өте үлкен. Экономикалық саясаттың аталмыш және қалған мақсаттары арасындағы қарама-қайшылықтар экономикалық саясаттың сиқырлы алтыбұрышымен сипатталады.

Бір мезгілде барлық экономикалық мақсаттарға жету мүмкін болмағандықтан, көп жағдайларда саяси органдарға бірінші кезекте ненің үлкен зиян әкелетінін анықтап алулары қажет. Мысалы, егер жұмыссыздық үлкен болса, онда жұмыспен толық қамтылуға ұмтылу керек, бірақ бұл жағдайда басқа мақсаттарға келетін зиянды ескеру керек. Осылайша, үкімет басқа мақсаттарға мейілінше аз зиян келетіндей жағдайды ескере отырып, бірінші кезекті мақсатты анықтайды, яғни «экономикалық ымырға» келеді.   

 

Тақырыпты қайталауға арналған сұрақтар

 

  1. Экономикалық саясат түсінігі нені білдіреді?
  2. Нарықтық экономикадағы мемлекеттің негізгі міндеттерін қалай түсіндіресіз.
  3. Экономикалық саясат субъектілерінің рөлдерін талдаңыз.
  4. Экономикалық саясаттың негізгі ұстанымдарын атаңыз.
  5. Экономикалық саясаттың негізгі мақсаттарының құрылымын талдаңыз.
  6. Экономикалық саясаттың түпкілікті мақсаты нені білдіреді?
  7. Экономикалық саясаттың аралық мақсаттарының басты ерекшеліктерін атаңыз.
  8. Экономикалық саясаттың негізгі мақсаттарының үйлесімділігі дегенді қалай түсінесіз?
  9. Экономикалық саясаттың негізгі мақсаттарының қарама-қайшылығын қалай түсіндіресіз?