5 Орталық банктің ақша-несие саясаты және оның бағыттары


5.1 Орталық банктің монетарлық реттеу тәсілдері

Орталық банк – үкіметтің экономикалық саясатының ажырамас бөлігі болып табылатын экономиканы ақша-несиелік реттеудің негізгі өткізгіші болып табылады, оның негізгі мақсаттары болып тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, жұмыссыздық пен инфляцияны азайту және төлем балансының теңдестігін сақтау табылады.

Кез-келген мемлекеттің орталық банкі ақша айналымын тікелей емес, ақша-несие жүйелері арқылы реттейді. Несиелік институттарға (банктерге) ықпал ете отырып, олардың жұмысына белгілі бір дәрежеде қолайлы жағдайлар қалыптастырады.

Коммерциялық банктер мен басқа да қаржы институттарының қызметтерінің бағыты белгілі бір дәрежеде елдің экономикалық даму барысына әсер ететін осы жағдайларға байланысты болады. Сондықтан несие жүйесінің ұлттық ерекшеліктері орталық банктің әсер ету дәрежесін анықтайды. Ұлттық банктік жүйенің ерекшеліктері негізінен орталық банктің ақша-несиелік реттеудегі мақсаттарымен, стратегиясымен және әдістерімен анықталады.

Ақша-несие саясаты ішкі саяси және экономикалық қатынастармен, әсіресе инфляция қарқынымен және экономикалық өсумен тығыз байланыста болады. Сонымен қатар, ол экономикалық реттеулердің жекелеген элементі ретінде емес, қаржы саясаты, кіріс саясаты және т.б. секілді құралдармен бір жиынтықта қолданылатын болады.

Көптеген елдерде орталық банктің құқықтары арнайы заңнамалармен қатаң реттеледі. Заң бойынша, орталық банк үкіметтің экономикалық саясатын қолдауға міндетті немесе үкіметтің қызметіне тәуелсіз болуы тиіс. Кейбір жағдайларда заң ақша-несие саясатының мәселелерін басқа өкілетті субъектіге беруге рұқсат береді.

Әдетте, Орталық банк дәйекті түрде ақша-несиелік реттеудің алуан түрлі стратегияларын кезек-кезегімен жүзеге асырып отырады. Бұлар ұлттық экономикадағы ақша массасының өзгеруі қарқынын реттеуге немесе қандай да бір тұрақты шетел валютасына қатысты ұлттық валютаның айырбастау бағамын реттеуге бағытталған стратегиялар болуы мүмкін.

Орталық банк қаржы делдалдарының қызметін бақылау және экономиканың бүкіл қаржы жүйесінің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірнеше әдістерді қолданады.

 

1) Банктік қызметтерсаласына кіруге шектеулер қою

Кез-келген субъектге банк ашу немесе басқа да қаржылық қызмет көрсетулермен (сақтандыру, айырбастау бизнесі, несиелер) айналысу үшін Орталық банктен лицензия алу қажет. Орталық банк өтініш берушілерге өте қатаң талаптар қояды. Мұндайда банктің капиталы мөлшері, қаржылық қызмет түрлері, басшылықтарының құзіреттілігі, олардың бұрынғы қызметі және қаржы саласындағы тәжірибесі ескеріледі. Мысалы, егер банктің жарғылық капиталы рұқсат етілген минимумнан аз болса, банк ашылмайды. Сондай-ақ, лицензия тек белгілі бір мерзімге ғана беріледі, соңынан қаржы делдалы өз міндеттерін нашар орындаса қайта жаңғыртылмауы мүмкін.

2) Ақпараттық бақылау

Әрбір қаржы институты орталық банкке өзінің қызметі туралы барлық маңызды ақпараттарды ұсынуға міндетті. Орталық банк банктер ұсынған материалдардың нақты жағдайға қаншалықты сәйкес келетінін анықтау үшін тұрақты негізде ағымдағы тексерулер жүргізіп отырады. Халық үшін әлде қайда өзекті ақпараттар жалпыға қол жетімді болуы керек. Орталық банк оларды мерзімді басылымдарда жариялауды (мысалы, коммерциялық банктердің қызметі туралы бухгалтерлік баланс міндетті түрде орталық газеттерде жарияланады) немесе қаржы компанияларының ақпараттық сайттарында орналастыруды талап етеді.

3) Қаржылық қызмет түрлеріне шектеулер қою

Қаржы саласы - адам қызметінің ең бір қауіпті салаларының бірі. Әрине, мұнда адамдар ауыр физикалық сынақтарға ұшырамайды, ауыр жүктер көтермейді және жүз метрге жүгірмейді. Алайда тыныштық кезеңдері көбінесе қаржылық дауылдармен алмасып жатады, ақша ағындары бірде арнасына толып, бірде кенеттен солып қалады. Өздерінің иелігінде қомақты соманы алған банктер әрқашан байсалды бола алмайды. Перспективалы, бірақ құр-бос жобаларда үлкен қаражаттардың жоғалуын болдырмау үшін орталық банк шығындардың түрлі деңгейдегі тәуекелімен қаржылық қызмет түрлеріне салуға болатын ақша мөлшеріне шектеулер қояды. Мысалы, биржалық алыпсатарлық, ең қауіпті қызмет ретінде, қаржы делдалының капиталының 5-тен 10%-ына дейін ғана қамтуы мүмкін. Егер банк биржалық қызметке 10 %-дан астам қаражат салса, оны орталық банктің санкциялары күтеді. Салымдар (инвестиция) неғұрлым қауіпті болса, соғұрлым аз ақша салған жөн.

4) Міндетті резервтеулер

Орталық банк халықтың депозиттерімен айналысатын қаржылық делдалдардан, ең алдымен коммерциялық банктерден, сондай-ақ басқа да қаржылық компаниялардан депозиттер құнының белгілі бір мөлшерін міндетті резервтер (қолма-қол ақша) түрінде сақтауды және оны басқа мақсаттарға пайдаланбауды талап етеді.

5) Орталық банктің дисконттық саясаты

Коммерциялық банктер халықтың салымдарын қайтарып беру кезінде уақытша қолма-қол ақша қиыншылықтарына тап болған жағдайда немесе меншікті несиелік ресурстарын көбейткісі келген жағдайда орталық банктің несиелерін пайдалана алады. Әлбетте, Орталық банк коммерциялық ұйым емес, сондықтан да оның қызметтері өз операцияларынан пайда алуға бағытталмайды. Орталық банк нарықтық мөлшерлемеден төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша банктерге жеңілдетілген несиелер береді. Яғни, Орталық банк несиелерді дисконтпен (арнайы жеңілдіктермен) береді. Осыдан барып, Орталық банктің аталмыш саясатының атауы – дисконттық саясат болады. Әрине, кез-келген банк және кез-келген мақсат үшін орталық банктен несие ала алмайды. Тек сенімді ірі банктер ғана Орталық банктің ерекше жағдайларын пайдалану мүмкіндіктеріне ие болады. Егер банк Орталық банктің қызметіне үнемі (жиі) жүгініп, Орталық банктің сенімін теріс пиғылда пайдаланса, онда банктің құзыреттілігіне күмән туындайды, ал жеңілдік несие беруден бас тартуы мүмкін. Экономистер айтпақшы, ол үшін Орталық банктің жеңілдік терезесі жабылады.

6) Қаржы секторындағы бәсекелестікті бақылау

Орталық банктің функцияларына қаржылық қызметтер нарығындағы бәсекелестік дәрежесі мен барлық делдалдардың бәсекелестік қылығын бақылау кіреді. Банк секторындағы бәсекелестіктің тым жоғары болуы банктердің (сондай-ақ басқа қаржы компанияларының) клиенттерге әлде қайда тартымды шарттар (жағдайларды) ұсына отырып, халықтың қолындағы ақша қаражаттарына таласулары қаржы жүйесін артық тәуекелге (қатерге) апарады. Мысалы, банктер депозиттер үшін банктік шот ашқан кезде төленетін пайыздық мөлшерлемені көбейтеді. Бірақ банк салымшыларға жоғары мөлшерлемені қалай өтейді? Банктің кірісі несие сыйақы (банк алатын) мен салым сыйақы (банк беретін) пайызы арасындағы айырмашылықтан құралады.

Егер банк ұтымды дамып келе жатқан салаларда әрекет ететін жақсы жұмыс істейтін қарыз алушы фирмаларға несие берсе, мұндай несие бойынша мөлшерлеме өте жоғары емес және экономика бойынша орташадан аспайды. Депозиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлемеден жоғары сыйақыларды төлеу үшін банк жоғары кірістер әкелетін жобаларды табуы керек. Мұндай жобалар, әдетте, өте жоғары тәуекелмен байланысты – бұл жалпы экономика бойынша орташа деңгейден жоғары қауіп. Тәуекел жоғары инвестициялық салымдар (жобалар) көбінесе жанып кетеді.Көп нәрсені уәде ете отырып, банк үлкен тәуекелдерге барады. Мұндай банктердің тез арада сәтсіздікке ұшырайтыны таңқаларлық жағдай емес.

Егер бәсекелестік әлсіз болса және нарықта банктердің аз саны қалса, әр қаржылық делдал нарықтық күшке ие болады және өз жағдайларын сай нарықта өктемдіктерін жүргізе алады. Фирмалар мен адамдар толығымен осындай қаржылық агенттерге тәуелді. Нәтижесінде, депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері тым төмен, несиелер бойынша мөлшерлемелер тым жоғары болады. Халықтың банкке ақша әкелуге ынтасы жоғалады, ал фирмалар несиені төлей алмайды. Экономикаға инвестициялар азаяды, тауарлар өндірілмейді және ел экономикалық құлдырауды күтуі мүмкін.

Сонымен қатар, бәсекелестік мінез-құлық адал және жосықсыз болып табылады. Банк өзінің жақсы қызметі, сапалы қызмет көрсетуі және клиенттерге ыңғайлы сағаттардағы қосымша банктік жұмыс уақытының арқасында бәсекелік артықшылықтарға қол жеткізе алады. Мұның бәрі адал бәсекелестіктің мысалдары. Бірақ, келесі қаржылық делдал өз қызметтерін басқа қаржы компанияларына зиян келтіре отырып жарнамалауы мүмкін, кейбір тұтынушылармен, жеткізушілермен басқалар есебінен жасырын келіссөздер жасауы, «көнбіс емес» клиенттерге шектеулер қоюы, несие беруден заңсыз түрде бастартуы не мерзімінен бұрын несиені өтеуді талап етуі мүмкін. Мұндай әрекеттер, банктің, қаржы компаниясының позициясын нығайтуға белгілі бір дәрежеде көмектескенімен, халықты тікелей алдап-арбауға немесе нарықтың басқа агенттерінің құқығын бұзуға әкеп соғады. Сондықтан олар жосықсыз бәсекелестік санатына жатады және заңмен тыйым салынған.

7) Коммерциялық қызметтер секторындағы пайыздық мөлшерлемелерді мониторинглеу

Банктік бәсекелестіктің негізгі құралы – пайыздық мөлшерлеме. Депозиттер бойынша мөлшерлеме неғұрлым жоғары және несиелер бойынша мөлшерлеме соғұрлым төмен болса, коммерциялық банк соғұрлым бәсекеге қабілетті болады, оның клиенттері неғұрлым көп болса, ол соғұрлым халықтан қаражат тарта алады.

Алайда, тауар нарықтарынан айырмашылығы, қаржы секторындағы бағалық бәсекелестік әрдайым қалаулы бола бермейді. Депозиттер бойынша мөлшерлемені жоғарылата және несиелер бойынша мөлшерлемені төмендете отырып банк оны орындай алмайтын тым қауіпті міндеттемелерді өзіне қабылдауы мүмкін.

Егер сатушы өз өнімін өте төмен бағамен ұсынса, ерте ме, кеш пе ол құрдымға аттанады. Бірақ, тек ол ғана банкроттыққа ұшырайды. Басқа сатушылар өз бизнестерін бұрынғысынша жалғастыра беретін болады.

Алайда, банк секторында, біз бірнеше рет көргеніміздей, жағдай түбегейлі өзгеше. Түбегейлі құрдымға ұшырау немесе жай ғана құрдымға ұшырау қаупі, банктің өз міндеттемелерін орындай алмауы қаупі ақшаның қоғамдық сипатына байланысты бүкіл банк жүйесін құлдырауға, толық ауқымды дүрбелеңге және банк дағдарысына әкеледі.

Оқиғалардың қолайсыз дамуына жол бермеу үшін орталық банк коммерциялық банктердің депозиттік мөлшерлемелерінің жоғарғы шектеріне шектеулер қоюы мүмкін. Ең жоғарғы максималды мөлшердің болуы банктердің баға бәсекелестігін шектейді және, сәйкесінше, бұл олардың операцияларының жалпы қауіптілігін төмендетеді. Қаржы секторындағы алаяқтық азая түсіп, қаржылық пирамидаларды ұйымдастыруға ынта мейілінше жойылады.

8) Пруденциальдық реттеу

Пайыздық мөлшерлемелер мониторингі және банктік бәсекелестік мониторингі банк секторын пруденциалдық (парасатты) реттеудің бір бөлігі болып табылады. Пруденциалдық реттеу қажет, өйткені банктердің құлдырауының қоғамдық шығындары банктің сәтсіздікке ұшырауының жеке шығындарынан асып түседі, ал банк басшылығының өзі банкті сақтап қалудың әлеуметтік шығындарын есептеуге мүдделі емес; жекеменшік банктер, әдетте, өздерінің жеке пайдасы мен жеке шығындары үшін ғана қам жейді және олардың жалпы экономикаға әсеріне назар аудармайды.

Пруденциалдық реттеу сонымен қатар банктердің аудитін, коммерциялық банктердің активті және пассивті операцияларын реттеу мен бақылауды да қамтиды. Пруденциалдық реттеу өзіне банк тәуекелдерін бақылауды, меншікті капиталдың жеткіліктілік нормативтерін, несиелік және депозиттік нормативтерді белгілеуді қамтиды.

Пруденциалдық реттеуге іргелес мемлекеттік қауіпсіздік органдарының бақылауы жүреді. Мұндай мемлекеттік арнайы бақылаулар банктер арқылы «лас ақшалардың» – заңсыз жолмен табылған ақшалай қаражаттардың ізін жасыруды, банктердің террористік ұйымдарды және басқа да заңсыз қаржылық операцияларды қаржыландыруын болдырмас үшін жүргізіледі.

 

 

5.2 Орталық банктің мақсаттары және қызметтері

Орталық банктер банк жүйесіндегі реттеуші буын болып табылады, сондықтан олардың қызметі ақша айналымын нығайтумен, ұлттық валюта мен оның шетел валюталарына қатысты бағамының тұрақтылығын қорғаумен және қамтамасыз етумен, елдің банк жүйесін дамытумен және нығайтумен, тиімді және үздіксіз есеп айырысуларды қамтамасыз етумен әркез байланысты болады.

Алайда мұнда айта кету керек, Орталық банк тек ақша факторларына әсер етуі мүмкін: ақша массасына, ақша базасына, ішкі несиелерге. Экономикадағы ақша мөлшерін реттеу арқылы Орталық банк елдегі тұтыну бағасының қалыптасуына жанама әсер етеді.

Инфляциялық қысым күшейген жағдайда Орталық банк ақша нарығындағы өтімділікті алып тастау операцияларын жүргізеді. Атап айтқанда, қысқа мерзімді ноталар шығару және банктерден депозиттер тарту бойынша операциялар көлемін арттырады. Орталық банктің мөлшерлемелері атап айтқанда, ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, депозиттер бойынша мөлшерлемелер жоғарылатылады. Осы шаралардың нәтижесінде экономикадағы ақша ұсынысының көлемі азаяды және бұл белгілі бір уақыттық кешеуілдеулердің (лагтардың) өтуімен инфляциялық кері ахуалдың төмендеуіне әсер етеді.

Орталық банктің мақсаты – ұлттық валютаның сатып алу қабілетінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны минимизациялау, сонымен қатар тұтастай алғанда экономика мүдделері үшін бүкіл банк жүйесінің тиімділігі мен тұрақтылығы.

Орталық банк – экономиканы мемлекеттік реттеу органы, яғни оған банкноттарды эмиссиялау, ақша айналымын, несие мен валюта бағамын реттеуге монополиялық құқық берілген банк.

Қазіргі жағдайда орталық банк келесі негізгі функцияларды орындайды:

  • Елдің эмиссия орталығы болу, яғни банкноттарды шығаруда монополиялық құқығын жүзеге асырады;
  • «Банктер банкі» ретінде қызмет ету, яғни сауда-өнеркәсіптік клиентурамен емес, негізінен аталмыш елдің банктерімен операциялар жүргізу: олардың мөлшері заңмен белгіленген кассалық резервтерін сақтау, оларға несие беру (ақырғы инстанциялық несие беруші), коммерциялық банктерді қадағалауды жүзеге асыру, олардың қызметтерін реттеу;
  • Үкіметтің банкирі болып табылады. Орталық банк мемлекеттік бюджеттің кірістер мен шығыстар бойынша орындалуын жүзеге асырады, сонымен қатар мемлекеттік қарызды орналастыру бойынша мемлекеттің агенті болып табылады. Сонымен бірге, орталық банк қазынадан алынған пайызсыз-еркін ақша қаражаттарын пайдаланып, ол үшін бюджетті орындау операцияларын тегін жүзеге асырады.

Осылайша, орталық банк мемлекеттік қазынашылықтың атынан оның ағымдағы шотына аударылатын салық төлемдерін қабылдайды. Мемлекеттік қарызды орналастырудың мемлекеттік агенті ретінде орталық банк үкіметтік қарыздардың шығарылымын жүзеге асырады, коммерциялық банктер, сақтандыру компаниялары және ақша нарығының басқа қатысушылары арасында несиелер мен облигацияларға жазылымды және оларды орналастыруды ұйымдастырады.

Алайда, осылармен орталық банктің үкіметтің банкирі ретіндегі қызметтері шектеліп қалмайды, өйткені кейбір жағдайларда орталық банк мемлекетке өзінің қаржылық ресурстары есебінен тікелей несиелер береді. Елдің негізгі есеп айырысу орталығы ретінде қызмет етеді, өзара талаптар мен міндеттемелерді есепке алу негізінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде елдің басқа банктері арасында делдал ретінде әрекет етеді.

Орталық банк – ақша-несиелік әдістердің көмегімен экономиканы реттеуші орган болып табылады. Елдің мемлекеттік ақша-несие саясатын анықтайтын және жүзеге асыратын жалғыз орган. Ақша-несие саясаты елдің Орталық банкімен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады.

Орталық банкке жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындауға жағдай жасау үшін оған өз қызметі саласындағы жоғары мемлекеттік органның өкілеттіктері берілген. Орталық банкі ел экономикасын басқарумен айналысатын заңды тұлғалар арасында ерекше орын алады. Өз қызметінде пайда табу мақсатын көздемейді. Ол коммерциялық банктермен және қаржы нарықтарындағы басқа несиелік ұйымдармен бәсекеге түспейді.

Оның басты мақсаты – шаруашылық субъектлерін төлем құралдарымен үздіксіз қамтамасыз ету немесе өтімділіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ету, есеп айырысу жүйесін құру және қарапайым банктердің жұмысын бақылау.

Осылайша, орталық банктің экономикалық мәні оның орталық банк ретінде тағайындалуынан тұрады, оның құқықтық мәртебесі несие және қаржы институттарының қызметін үйлестіруге, реттеуге мүмкіндік береді. Елдегі бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін орталық банк заңмен бекітілген құралдар мен операцияларды қолдана отырып, ақша-несиелік реттеудің қажетті шараларын қолданады.

 

5.3 Орталық банктің атқаратын негізгі функциялары

Дәстүрлі түрде орталық банк экономикада үш негізгі функцияны атқарады.

1) Ақша құралдарының монополиялық эмиссиясы (монеталар және банкноттар)

Бір кездері орталық банк әлде қайда тұрақты, сенімді және жалпы ортада беделді коммерциялық эмитент-банктерден сұрыпталып шықты. Кейде мейілінше алуан түрлі қамтамасыз етілген жекелеген банкноттар (алтын және күміс, көмір, ағаш және т.б.) бәсекелестігінің нәтижесінде мемлекет өз қолына ақшаның «өндірісін» алды, өйткені тек ғана мемлекеттің тарапынан мәжбүрлеу күші мен өктемдігі (билік етуі) кез-келген елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Мемлекеттік мекеме және елдің бірден-бір эмиссия орталығы ретіндегі орталық банктің маңызды рөлі оның атауында көрінеді. Әдетте, Орталық банк бас әріппен жазылады, ол ерекше құрметтің және оның экономикалық өмірдегі еңбегін мойындаудың көрсеткіші болады.

2) Банктердің банкі

Орталық банк не фирмалармен, не халықпен тікелей байланысқа түспейді. Бір жағынан фирмалар мен халық, екінші жағынан орталық банк арасындағы делдалдық қызметті коммерциялық банктер атқарады. Орталық банктің эмиссиялық монополиясы оны коммерциялық банктердің міндетті және артық резервтерін, сондай-ақ белгіленген пайызбен қосымша депозиттерді сақтайтын коммерциялық банктер кассасына айналдырды. Кассалық резервтер қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді төлем қабілеттілігін қамтамасыз ететін сақтандыру қоры ретінде қызмет етеді.

Орталық банк корреспонденттік шоттарды қолдана отырып, коммерциялық банктер арасында есеп айырысуларды жүзеге асырады, оларға несие береді және олардың қызметін бақылайды, банк жүйесінің есеп айырысу орталығы және қажет болған жағдайда несие берушісі болып табылады.

3) Үкіметтің банкирі

Үкімет пен мемлекеттік органдар өз қызметтерін жүзеге асыру, салық жинау және мемлекеттік қарызды қаржыландыру үшін орталық банкте шоттар ашады. Орталық банк үкіметтік ұйымдар арасында есеп айырысуды жүзеге асырады, үкіметке қарыз береді, мемлекеттік бюджеттің кассалық орындалуын қамтамасыз етеді. Үкіметтің атынан орталық банк валюта саясатын жүргізеді, ұлттық валютаны реттейді, халықаралық алтын-валюта резервтерімен операциялар жүргізеді, халықаралық қаржы нарықтарындағы операцияларға қатысады және халықаралық қаржы ұйымдарында елді білдіреді.

Орталық банктің функциялары пассивті және активті операциялар арқылы жүзеге асырылады. Алғашқысы көмегімен орталық банк ресурстарын қалыптастырады, активті операциялардың көмегімен – бұл ресурстарды банк секторына орналастырады.

Пассивті операциялар арқылы банктер уақытша бос ақшаны жұмылдырады. Бұл банктерге банктік қызмет көрсетуге қажетті ресурстарды алуға мүмкіндік береді. Өз қаражаттары үшін салымшылар сыйақы түрінде немесе банк көрсеткен қызметтер түрінде сыйақы алады, ал депозиттерге шоғырландырылған қаражат банктер активті операциялар үшін пайдаланатын несиелік капиталға айналдырылады. Орталық банктің пассивті операцияларына мыналар жатады: эмиссиялық қызмет (ақша компоненттерін шығару), коммерциялық банктерден меншікті депозиттік шоттарға қаражат алу, үкіметтен және қазынадан қаражат алу, меншікті капиталды қалыптастыру.

Орталық банктердің негізгі активті операцияларына мыналар жатады: есептік-несиелік операциялар; мемлекеттік бағалы қағаздарға салымдар; алтынмен және шетел валютасымен операциялар. Есептік-несиелік операциялар екі түрде ұсынылады: есептік операциялар мен мемлекетке және банктерге қысқа мерзімді несиелер. Есептік операциялар – кірістер мен шығыстар арасындағы ағымдағы айырмашылықты жабу үшін қысқа мерзімді несиелеу шарасы ретінде коммерциялық банктерден вексельдерді сатып алу және есепке алу. Коммерциялық банктерден вексельдерді сатып алу қайта есепке алу деп аталады, нәтижесінде екінші деңгейлі есепке алу, коммерциялық банктер өз клиенттерінен сатып алған вексельдерді екінші рет сатып алу жүзеге асырылады.

 

Тақырыпты қайталауға арналған сұрақтар

 

  1. Экономиканы ақша-несиелік реттеуді қалай түсіндіресіз?
  2. Орталық банк қаржы жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қолданатын әдістері қандай?
  3. Орталық банктің экономиканы мемлекеттік реттеудегі мақсаттары қандай?
  4. Экономиканы мемлекеттік реттеудегі жүзеге асыру үшін Орталық банк қандай негізгі функцияларды орындайды?