3 Ақша-несие саясаты: түрлері және тетіктері


3.1 Ақша-несие саясатының түрлері

Ақша-несие саясатын келесі түрлерге ажыратады:

- Ынталандырушы (рестрикциялық) ақша-несие саясаты құлдырау кезінде жүзеге асырылады және жұмыссыздықпен күресу үшін іскерлік белсенділіктің өсуін ынталандыратын экономиканы «қуаттандыруға» бағытталған. Ынталандырушы ақша-несие саясаты орталық банкте ақша ұсынысын ұлғайту бойынша шаралар қабылдауды білдіреді.

- Тежеуші (экспанцондық) ақша-несие саясаты өсу кезеңінде жүзеге асырылады және инфляциямен күресу үшін іскерлік белсенділікті төмендетуге бағытталған. Тежеуші (шектеуші) ақша-несие саясаты – бұл орталық банктің ақша ұсынысын азайту жөніндегі шараларды қолдануы.

Егер ел баяулау немесе құлдырау кезеңінде үлкен жұмыссыздыққа тап болса, монетарлық органдар экономикалық өсуді жеделдетуге және аймақтағы жалпы экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған ынталандырушы (экспансиондық) ақша-несие саясатын таңдай алады. Экспансиондық ақша-несие саясатының бөлігі ретінде орталық банк көбінесе ақшаны жинақтауды тиімсіз ететін, осылайша шығыстарды ынталандыратын түрлі шаралар арқылы пайыздық мөлшерлемелерді төмендетеді. Бұл әртүрлі тауарлар мен қызметтерге тұтынушылық шығындардың артуына және нарықтағы ақша ұсынысының ұлғаюына әкеледі. Енді капитал әлде қайда төмен мөлшерлемелермен қол жетімді болғандықтан, кәсіпорындар да, жеке тұлғалар да тиімді шарттар бойынша қарыз ала алады.

Арзан қаржыландырудың арқасында кәсіпорындар мен корпорациялар өндіріс бөлімдеріне, инвестициялық жобаларға және жұмыспен қамтудың өсуіне ықпал ететін басқа да іс-шараларға қаражаттар салады.

Жеке тұлғалар жұмысқа орналасып ғана қоймайды, бұл жұмыссыздықтың төмендеуіне алып келеді, сонымен бірге сатып алу мен инвестициялардың барлық түрлері үшін пайдаланылатын жоғары табыс алады, осылайша төлем қабілеттілігінің жалпы сұранысы (жылжымайтын мүлікті сатып алу немесе жалдау, тұтынушылық шығындар, түрлі қызметтер және т.б.) артады. Әлде қайда төмен пайыздық мөлшерлемелер тұтынуды ынталандырады, өйткені тауарлар мен қызметтердің құны жинақтауға қарағанда көп пайдалылық әкеледі. Нарыққа көбірек ақша түскен сайын, жалпы экономикалық белсенділік артады да, елдің құлдыраудан немесе рецессиядан шығуына көмектеседі. Мұндай экспансионистік ыңғайдың нақты мысалы 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі әлемнің көптеген жетекші экономикаларында сақталып келе жатқан төмен немесе нөлдік пайыздық мөлшерлемелер боа алады.

Алайда, ақша массасының өсуі және экономикалық өсудің жоғары қарқыны көбінесе инфляцияның көтерілуіне алып келеді. Энергия, тамақ, тұтыну және басқа тауарлар мен қызметтер сияқты негізгі қажеттіліктерге бағаның өсуімен бұл өмірдің жалпы құнына, бизнесті жүргізуге жұмсалатын шығындарға және экономиканың барлық басқа салаларына әсер ете бастайды. Осы кезде экономикалық өсудің қарқынын және инфляцияны ұстап тұру қажеттілігі туындайды, бұған тежеуші (рестрикционистік) ақша-несие саясатының арқасында қол жеткізілді.

Пайыздық мөлшерлемелерді көтеру арқылы орталық банк инфляцияны төмендетуге, нарықтағы ақша ұсынысын азайтуға, қарыз алуды қымбаттауға және шығындарды қолайсыз етуге тырысады, бұл ақшаны үнемдеуге жағдай қалыптастырады. Тежеуші ақша-несие саясаты жұмыссыздықты өсіріп, экономикалық өсуді баяулатуы мүмкін, бірақ көп жағдайда инфляцияны ұстап тұру әлде қайда қажетті шара болып табылады.

Экспансиялық және рестрикциялық стандартты ақша-несие саясатына қосымша, дәстүрлі емес ақша-несие саясаты соңғы онжылдықта үлкен танымалдылыққа ие болды. Төтенше экономикалық дағдарыс кезеңінде дәстүрлі ақша-несие саясатының стандартты құралдары қойылған мақсаттарға жету үшін экономикалық факторларды тиімді бақылай алмай қалады. Сондықтан экономикалық өсуді жеделдету және сұранысты ынталандыру үшін сандық жұмсарту секілді жаңа және ерекше шаралар қолданылды. Сандық жұмсартудың оң әсері бағалы қағаздардың бағасын көтеру болып табылады, нәтижесінде олардың кірістілігі төмендейді, ал жалпы ақша массасы артады.

Ақша-несие саясатының түрлері орталық банктің алдына қандай мақсат қоятынына байланысты өзгереді. Біз білетіндей, негізгі аралық мақсаттар – бұл пайыздық мөлшерлеме және ақша массасы. Мәселе мынада, орталық банк олардың біреуін ғана таңдауы тиіс. Ол бір уақытта екі өздігінен анықталған мақсатқа қатар қол жеткізе алмайды, өйткені ақша нарығының тепе-теңдігі, әр пайыздық мөлшерлемесіне белгілі бір ақша массасы сәйкес келеді немесе керісінше. Сондықтан орталық банк нені – пайыздық мөлшерлемені немесе ақша массасын бақылайтындығын анықтап алуы керек.

Ақша-несие саясатындағы өзгерістердің оның аралық мақсаттарының параметрлеріне және, сайып келгенде, экономиканың нақты секторына кезең-кезеңмен әсер ету үрдісі табыстама тетіктермен сипатталады.

Бұл мәселелер бойынша әртүрлі көзқарастар бар: кейнсиандық және монетаристік (3.1-сурет).

1

3.1-сурет – Ақша-несие саясатының кейнсиандық және монетаристік табыстама тетіктері

 

Ақша-несиелік реттеудің негіздерін жасаған Дж. М. Кейнс ақша-несие саясатының табыстама тетіктерін келесідей белгілеген:

- орталық банк коммерциялық банктердің резервтерін өзгертеді, осылайша ақша ұсынысын дұрыс бағытталуына ықпал етеді;

- ақша ұсынысының өзгеруі пайыздық мөлшерлеменің төмендеуіне немесе жоғарылауына әкеледі;

- пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі жоспарланған инвестициялардың ұлғаюына немесе азаюына әкеледі;

- жоспарланған инвестициялардағы өзгерістер, өз кезегінде атаулы ұлттық табыс деңгейін жоғарылатады немесе төмендетеді.

Осылайша, Кейнс пайыздық мөлшерлемені ақша-несиелік реттеудің негізгі объектісі деп санады.

Монетаристік тұжырымдамаға сәйкес ақшаны ақша-несие саясатының табыстама тетіктері қысқа (тез) болады. Бұл экономикаға келесідей әсер етеді:

- орталық банк ақша ұсынысына оны көбейте немесе азайта отырып ықпал ету үшін коммерциялық банктердің резервтерін өзгертеді;

- ақша ұсынысының өзгеруі жиынтық сұраныстың ұлғаюына немесе қысқаруына әкеледі;

- жиынтық сұраныстың өзгеруі ұлттық табыс деңгейінің жоғарылауына немесе төмендеуіне әкеледі.

Осыларға сәйкес, монетаристер орталық банк ақша ұсынысын реттеуі керек деген пікірді ұсынады.

Сондай-ақ, ақша-несие саясатының тиімділігін көпсатылы табыстама тетіктердің болуы да азайтады. Ақша ұсынысындағы өзгерістердің жиынтық табыс деңгейіне әсер етуінің жалпы нәтижесі табыстама тетіктерінің әрбір бөлігі қаншалықты дәл жұмыс істей алатындыңғына байланысты болады. Бір кезеңдегі «сәтсіздік» алдын-алу мүмкін емес салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе пайыздық мөлшерлемелер мен инвестициялардың арасындағы байланыс сенімсіз болып келеді. Инвестициялар мөлшерін несиенің нақты пайыздық мөлшерлемесінен басқа, ықпалы басым түсуі мүмкін бірқатар басқа факторлар да анықтайды. Мысалы, жаңа технологиялар енгізу қажеттілігі, жоғары пайда күтулер кәсіпкерлерді орталық банктің «қымбат ақша» саясатын жүргізу кезеңінде де инвестицияларды ұлғайтуға итермелеуі мүмкін. Керісінше, өндірістіңтөмендеуі, пайыздық мөлшерлеменің төмендеуіне, яғни «арзан ақша» саясатын жүргізу кезіне де қарамастан, инвестициялық үрдісті тежей алады.

Осылайша, ақша-несие саясатын әзірлеу және оның салдарын бағалау үшін орталық банкке табыстама тетіктердің әр кезеңіне әсер ететін факторлар, олардың өзара байланысы туралы жан-жақты ақпарат қажет. Мұндай ақпаратты толық көлемде алу мүмкін емес, бұл өз кезегінде күтпеген нәтижелерге әкелуі мүмкін.

Енді, түрлі жағдайлардағы, ақша-несиелік реттеудің аралық мақсаттарын таңдау шарасы мен оның салдарын қарастырып көрелік.

Жұмысақ ақша-несие саясаты

Орталық банк пайыз мөлшерлемесін i1 деңгейінде ұстап тұруға шешім қабылдады делік. Сондықтан, ол ақша ұсынысын өзгерте отырып, пайыз мөлшерлемесінің деңгейін ұстап тұруға ұмтылады. Ондай жағдайға 3.2-суретте бейнеленгендей, ақша ұсынысының MS көлденең қисығы сәйкес келеді.

1

3.2-суретЖұмысақ ақша-несие саясаты

 

Бастапқыда ақша нарығы Е1 нүктесінде теңдестік жағдайында болды. Енді, ақша сұраныс МDl-ден МD2-ге артты делік. Сұраныстың артуы еріксіз пайыздық мөлшерлеменің көтерілуіне алып келеді. Оны   i0 деңгейінде ұстап тұру үшін орталық банк ақша ұсынысын M1/P-ден M2/P-ге ұлғайтуға мәжбүр болады

Ол мұны ашық нарықта мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу арқылы, кейбір жағдайларда – міндетті резервтер нормасын төмендету арқылы жасай алады. Алайда, ақшаға деген сұраныс әрі қарай арта берсе, орталық банк ақша ұсынысын қайта-қайта ұлғайтуға мәжбүр болады, бұл сөзсіз инфляцияға әкеледі. Сондықтан, орталық банкке ақша массасына қарағанда пайыздық мөлшерлемені бақылау оңайырақ болғанымен, пайыздық мөлшерлемені бекітіп белгілеу тек қысқа мерзімде ғана өзін ақталай алады. Ұзақ мерзімді кезеңде инфляцияны болдырмаудың жалғыз тәсілі ақша массасын бақылау болып табылады.

Қатаң ақша-несие саясаты

Енді орталық банк реттеу объектісі ретінде ақша массасын таңдады делік. Ол ақша нарығының жай-күйін бағалай отырып, ақша ұсынысын  деңгейінде белгілейді. Мұндай жағдайда ақша ұсынысының қисығы MS тік түзу түрінде болады (3.3-сурет).

Ақша нарығы i1 пайыздық мөлшерлемесі бойынша E1 нүктесінде тепе-теңдік жағдайында болды делік. Ақшаға сұраныстың MD1-ден MD2-ге артуы теңдестіктің бұзылуына және ақша ұсынысы тұрақты болған кезде пайыздық мөлшерлеменің өсуіне алып келеді. Ол өскен сайын артық резервтер азаяды және ақша мультипликаторы көбейеді, бұл ақша ұсынысын арттырады. Осылайша, ақша ұсынысы M1/P-де өзгеріссіз қалуы үшін орталық банкке белгілі бір шараларды қабылдауы керек болады. Есептік (дисконттық) мөлшерлеме деңгейін түзете отырып, ашық нарықта бағалы қағаздарды сату арқылы ақша ұсынысының мүмкін өсуінің орынын толтыра алады.

1

3.3-суретҚатаң ақша-несие саясаты

 

Ақша нарығы i1 пайыздық мөлшерлемесі бойынша E1 нүктесінде тепе-теңдік жағдайында болды делік. Ақшаға сұраныстың MD1-ден MD2-ге артуы теңдестіктің бұзылуына және ақша ұсынысы тұрақты болған кезде пайыздық мөлшерлеменің өсуіне алып келеді. Ол өскен сайын артық резервтер азаяды және ақша мультипликаторы көбейеді, бұл ақша ұсынысын арттырады. Осылайша, ақша ұсынысы M1/P-де өзгеріссіз қалуы үшін орталық банкке белгілі бір шараларды қабылдауы керек болады. Есептік (дисконттық) мөлшерлеме деңгейін түзете отырып, ашық нарықта бағалы қағаздарды сату арқылы ақша ұсынысының мүмкін өсуінің орынын толтыра алады.

Ақшаға сұраныстың азаюы мен пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі кезінде бәрі кері бағытта өтетін болады.

Икемді ақша-несие саясаты

Осылайша, пайыздық мөлшерлемені бекітіп қоюу болашақта инфляцияға әкелуі мүмкін. Орталық банк ақша ұсынысын өзгеріссіз ұстап тұра алмайды, өйткені нақты өмірде ол оны толықтай бақылай алмайды. Сондықтан, орталық банк әдетте икемді ақша-несие саясатын жүргізеді. Бұл орталық банктің ақша массасының өсу қарқынын бақылай отырып, оның белгілі бір шамада ұлғаюын болдырады, сонымен бірге қысқа мерзімді уақыт аралығында пайыздық мөлшерлемені қадағалап отырады және қажет болған жағдайда оны түзетеді (3.4-сурет).

Ақша ұсынысының қисығы МS көлбеу болып келеді. Ақшаға сұраныстың МDl-ден МD2-ге өсуі ақша көлемінің (санының) М1/Р-ден М2/Р-ға көбеюіне және пайыздық мөлшерлеменің i1-ден i2-ге жоғарлауына алып келеді.

1

3.4-суретИкемді ақша-несие саясаты

 

Ақшаға сұраныстың өзгеруінің пайыздық мөлшерлемелер деңгейіне және ақша мөлшеріне әсері MS қисығының түріне байланысты әр түрлі болады. Егер ол өте тік болса, пайыздық мөлшерлеменің өзгеруі ақша мөлшерінің өзгеруімен салыстырғанда едәуір маңызды болады. Яғни, салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясаты жүргізіледі. Егер, МS қисығы салыстырмалы жатыңқы болса, керісінше, ақшаға сұраныстың артуы пайыз мөлшерлемесінің өзгеруімен салыстырғанда ақша мөлшерінің едәуір өзгеруіне әкеледі. Мұндай ақша-несие саясатты салыстырмалы жұмысақ деп айтады.

Ақша-несие саясатын жүзеге асыру кезінде бірқатар мәселелер туындайтындығын айта кету керек. Олардың бірі – іс жүзінде орталық банктің ақша массасын бақылауды жүзеге асырудағы туындайтын қиындықтардың бірнеше себептер бар:

а) ақша мультипликаторының мәнін дәл есептеу мүмкін емес, бұл ақша ұсынысын болжанбаған кері салдарға әкелуі мүмкін;

б) қажет болған жағдайда орталық банк әрдайым коммерциялық банктерге несие беру арқылы ақша базасын ұлғайта алады және сол арқылы ақша ұсынысын өзгерте алады.

Ақша массасын бақылау, инфляция кезінде қиындай түседі. Оның қарқынының артуы, әдетте, ақшаның айналысы жылдамдығының тез және біркелкі емес өсуімен қатар жүреді, бұл оны төмендетуге бағытталған инфляцияға қарсы саясаттың тиімділігін төмендетеді.

Ақша массасын бақылау саясаты пайыздық мөлшерлеменің айтарлықтай ауытқуына әкелуі мүмкін, бұл инвестициялық климатқа теріс әсер етеді және ұзақ мерзімді инвестициялардың қысқаруына да әкелуі мүмкін. Егер ақшаға сұраныс пайыздық мөлшерлемеге қатысты икемсіз болса, мәселе әрі қарай күрделене түседі. Бұл жағдайда, тіпті оның шамалы өзгеруі де пайыздық мөлшерлеменің елеулі ауытқуларына әкеледі.

Белгілі бір мәселелер ашық нарықтағы операциялар жүргізу кезінде де туындауы мүмкін. Оларды кең көлемде қолдану кейде белгілі бір жағымсыз салдармен қатар жүреді. Мысалы, егер қатаң ақша-несие саясатын жүргізу кезінде орталық банк мемлекеттік бағалы қағаздардың үлкен пакетін сатқысы келсе, онда сатып алушыларды табу үшін облигациялар бойынша пайыз мөлшерлемесін күрт арттыруға еріксіз мәжбүр болады. Ықтимал сатып алушылар «қымбат ақша» саясатын жүргізген кезде пайыздық мөлшерлеме деңгейі артатындығын жақсы біледі, сондықтан олардың кірістілігін арттыруды талап етеді. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер мемлекеттік бюджеттің тапшылығының өсуіне, жеке инвестициялардың қысқаруына әкеледі, елге шетелдік капиталды тартады, бұл ұлттық валюта құнының көтерілуіне әкеледі және экспортқа теріс әсер етеді. Қаржы ресурстары шектеулі елдерде мемлекеттік бағалы қағаздардың едәуір пакетін сату капиталды экономиканың нақты секторынан алшақтатуы мүмкін.

 

3.2 Ақша-несие саясатын жүзеге асыру тетіктері

Қаржы-несие жүйесінің және оның инфрақұрылымдық элементтерінің даму дәрежесі ақша-несие саясатының тетіктерімен және оны жүзеге асырудың тиімділігімен анықталады. Ақша-несие саясатының теориясы мен тәжірибесі өзінің стратегиялық мақсатын іске асыру үшін қолданылатын шаралар кешені жүзеге асырылатын құралдардың екі тобын ажыратады. Сонымен бірге олар ақша массасына, оның құрылымы мен белсенділігіне тікелей (директивті) және жанама әсер ету құралдарын ажыратады. Бірінші топтың экономикалық теорияда ең маңызды және танымал құралдарына мыналар жатады:

- ақша эмиссиясының тетіктері;

- үкіметке және банк мекемелеріне берілетін орталық банктік несиелер шекарасын белгілеу;

- жекелеген қаржыландыруларға, тұтынушылық несие берулерді шектеуге арналған макроэкономикалық саясаттың басым бағыттарына сәйкес банктік несие операцияларын тікелей реттеу, маржаны белгілеу, несиелік ресурстардың шекарасы мен құнын анықтау;

- қолданыстағы заңнама мен Орталық банктің жекелеген шешімдері мен бұйрықтары негізінде коммерциялық банктердің жекелеген қызмет түрлерін шектеу.

Ақша айналымын тікелей мемлекеттік реттеу әдістері өтпелі экономикасы бар немесе қаржы-несие жүйесі дамымаған елдерде қолданылады. Өтпелі экономикасы бар елдерде мемлекеттік сектор маңызды рөл атқарады, ал нарықтық институттар мен тетіктер әлі де күшті емес болғандықтан, ақша массасының көлемі мен құрылымын реттеу үшін тікелей және жанама құралдардың жиынтығын араластыра қолданған дұрыс. Ақша-несие саясатының тікелей әсер ету әдістерін қолдану экономикалық дамудың белгілі бір кезеңдерінде ғана тиімді болатындығын атап өткен жөн. Оларды ұзақ мерзімге пайдалану қаржы-несие институттарының олардың ықпалына бейімделуіне және әсердің өзі тиімділігін жоғалтып қана қоймай, сонымен қатар теріс салдарлар мен қайшылықтарды тудырады.

Ақша айналымын жанама реттеу жүйесіне үш негізгі құрал кіреді, олардың көмегімен Орталық банк ақша-несие нарығына әсер етеді. Орталық Банктің жүргізетін ақша-несие саясатының үш негізгі құралдары бар:

1) ашық нарықтағы операциялар жүргізу;

2) банктік резервтердің нормасын реттеу;

3) Орталық банк беретін қарыздарға пайыздардың есептік мөлшерлемесі нормасын реттеу.

Әрбір құралды қолдану оны жүзеге асырудың тиісті сәйкес тетігінің қажеттілігін анықтайды. Ол оны өзгерту ақша ұсынысына әсер ететін белгілі бір негізгі көрсеткіштерге әсер ету құралдарын құрайды.

Жанама реттеудің әр әдісін жеке де, басқалармен бірге де қолдануға болады және белгілі бір экономикалық жағдайға және белгілі бір уақыт кезеңіндегі ақша-несие саясаты белгілейтін мақсатқа байланысты, әдістерді қолданудың кешенді немесе жеке тәсілдерін қолдану ыңғайлары өзгеруі мүмкін. Әдістердің қолданылуы сонымен бірге елде жүзеге асырылатын жалпы әлеуметтік-экономикалық саясаттың әсеріне де байланысты болады. Әдетте, өтпелі экономикасы бар елдерде орталық банктің ақша-несие саясатының әдістерін таңдауын анықтайтын маңызды фактор оның әлеуметтік-саяси процестерге және қарама-қайшылықтарға бағытталуы болып табылады.

Ақша-несие саясатының әлде қайда маңызды әдісі – бұл орталық банк жүргізетін ашық нарықтағы операциялар. Мұндай операцияларды жүргізу, ең алдымен, елде дамыған мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының қажеттілігін анықтайды. Қазіргі уақытта мемлекеттік міндеттемелер нарығы бір уақытта екі функцияны орындайды: ол мемлекеттік қарызға қызмет етеді және ақша-несие саясатының тұтқасы ретінде қолданылады. Бұл екі функция бір-біріне қарсы емес, логикалық тұрғыдан толықтырады және өзара әрекеттеседі. Осылайша, орталық банктің ашық нарықта жүргізетін операциялары оның дамуына ықпал етеді және мемлекеттік бағалы қағаздарға деген сенімді арттырады. Бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелер санының артуы делдалдық құрылымдар жүйесін құрып, инфрақұрылымды дамытуға және келісімдердің орындалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл функциялардың өзара байланысы сонымен бірге мемлекеттік шығыстарды бағалы қағаздар шығару арқылы қаржыландыру жалпы ақша массасының, яғни ақша ұсынысының ұлғаюына әкелетіндігінде көрініс табады. Бұл процесс өз кезегімен ақшаның құнсыздануы мен инфляцияға әсер етеді. Осылайша, Орталық банк ашық нарықта жұмыс істеуімен қатар, қарама-қарсы сипаттағы операцияларды жүргізуі, мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу жағдайында нарықты тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік займдарды орналастыру арқылы мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландырудың маңыздылығы қолма-қол ақша беру арқылы қаржыландырумен салыстырғанда инфляцияның неғұрлым төмен деңгейімен анықталады. Мемлекеттік қарызды орналастыру арқылы бюджет тапшылығына қызмет көрсету - бұл ең тиімді нысаны, ол қаржы-несие жүйесі мен оның институттарының жоғары деңгейде дамуының көрінісі, мемлекеттің несие берудегі қаржылық қабілетін анықтайды және оның халықаралық несиелік рейтингін жоғарылатады.

Қор нарығын дамыту және мемлекеттің белсенді ақша-несие саясатын жүргізу ақша массасының барлық құрылымдық элементтерін және, ең алдымен, халықтың және заңды тұлғалардың уақытша бос қаражаттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл айналымдағы ақшаның тұрақты және оңтайлы мөлшерін сақтауға, банк жүйесі арқылы қосымша ақша тартуға және сонымен бірге мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, бұл өтпелі экономикасы бар елдер үшін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының дамуындағы маңызды кезең, өйткені олар үнемі бюджет тапшылығын бастан кешіреді және мемлекет қайта бөлетін көп ақша өндіріс саласында пайдаланылмайды, бірақ үкіметтің қарызын және басқа өндірістік емес шығындарды төлеуге жұмсалады.

Орталық банктің коммерциялық банктерден және халықтан бағалы қағаздарды сатып алуы бойынша операциялары бір уақытта халықтың сатып алу қабілетінің артуына және коммерциялық банктердің несиелік ресурстарының ұлғаюына қосымша ақша шығаруға мүмкіндік береді.

Орталық банк коммерциялық банктерге және халыққа бағалы қағаздарды сататын кері операцияның керісінше нәтижесі бар, бұл қаржылық активтердің өтімділігінің жалпы тағдырының төмендеуіне әкеледі. Егер коммерциялық банк мемлекеттен бағалы қағаздарды сатып алса, бұл ең алдымен оның артық резервтерінің азаюына әсер етеді және сәйкесінше оның несие беру мүмкіндігі төмендейді. Нәтижесінде айналымдағы ақша массасы, сондай-ақ нарық субъектілерінің өтімділік әлеуеті төмендейді.

Орталық банктің ашық нарықта операцияларды жүргізуі ақша-несие саясатының белгілі тактикалық міндеттерін шешуге мүмкіндік береді, атап айтқанда:

- мемлекеттік шығыстарды тапшылықсыз қаржыландыруды жүзеге асыру және тиісінше осы негізде мемлекеттік қарызды басқару;

- нарықтық экономика субъектілеріне өздерінің меншікті қаржы ресурстарын уақытша орналастыру үшін жоғары өтімділікті және аса сенімді құралдарды ұсынуы;

- орталық банкке ақшаның сұранысы мен ұсынысына ғана емес, сонымен қатар олардың құрылымдық агрегаттарының – M1, M2 және M3 арақатынасына әсер ету үшін экономикалық мүмкіндіктер беру;

- нарықтық тетіктің көмегімен мемлекеттік қарыздың, демек, оған қызмет ететін бағалы қағаздардың нақты құнын анықтау. Нарықта анықталған мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі қаржы және ақша нарығының басқа (корпоративтік және жеке) құралдары бойынша нарықтық пайыздық мөлшерлеме үшін нұсқаулық болып табылады.

Ақша-несие саясатында қолданылатын және ақша массасына әсер ететін тағы бір маңызды фактор міндетті резервтер талабы (нормасы) болып табылады. Міндетті резервтер талабы орталық банктің шешімімен белгіленеді және барлық коммерциялық банктер үшін міндетті болып табылады. Міндетті резервтер – бұл коммерциялық банк жинаған банк салымдары мен басқа пассивтердің бөлігі. Бұл бөлшек белгіленген стандарттарға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір коммерциялық банкпен орталық банктің арнайы шотында сақталады. Коммерциялық банктер үшін белгіленген міндетті резервтер банк салымшыларының мүдделерін қорғаудың өзіндік жүйесін жасайды, олар коммерциялық банктердің сенімділігі мен өтімділігін арттырады. Міндетті резервтер құру арқылы депозиттерді сақтандырудың ерекше маңыздылығы қаржылық дағдарыстар мен инфляциялық үдерістердің жедел өсуі кезеңінде тез көрінеді.

Міндетті резервтер нормасы депозиттерге кепілдік беру және коммерциялық банктің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етумен қатар, ақша-несие саясатының маңызды құралдарының бірі болып табылады. Міндетті резервтер нормасының өзгеруі артық резервтерге және сәйкесінше банктің несиелік қабілеттілігіне әсер етеді.Осылайша, міндетті резервтер нормасының төмендеуі міндетті резервтердің бір бөлігін артық етеді, ал бұлар банктің несиелік ресурстарын көбейтеді және айналыста қосымша ақша массасын қалыптастырады. Егер резервтер нормасы көтерілсе, артық резервтердің бір бөлігі міндетті резервтерді қалыптастыру үшін қолданылады және бұл банктің несиелік қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі.

Резервтер нормасының өзгеруі несие ресурстарын қалыптастыруға екі түрлі әсер етеді:

1) артық резервтердің мөлшеріне әсер етеді;

2) ақша мультипликаторының мөлшерін өзгертеді.

Ақша мультипликаторының мәні m міндетті пайыздық нормаға MR кері тәуелді және оны формуламен көрсетуге болады:

 

1
                                                     (3.1)

 

Несие мультипликаторын ақшалай түрде анықтау келесідей:

 

1
                                      (3.2)

 

Мұндағы, М – нормативтен артық резервтердің сомасы Е-нің негізінде банктер құратын жаңа ақша сомасы.

 

Ақша саясатының маңызды құралы ретінде резервтер нормасының өзгеруі әр елде әр түрлі болады. Резервтер нормасының төмен болуы тұрақты қаржылық-несиелік жүйесі бар елдер үшін тән болса, өтпелі экономикасы бар елдерде резервтер нормасы өте жоғары болады және оның өзгерісі несие жүйесінің жағдайына сәйкес келеді.

Ақша-несие саясатының тағы бір маңызды құралы – орталық банктердің коммерциялық банктерге несие беруі негізінде қалыптасатын пайыздың есептік мөлшерлемесін реттеу. Ол орталық банктердің коммерциялық банктерге несие беру негізінде қалыптасады, осы несиелік ресурстарға төлем ретіндегі пайыздың есептік мөлшерлемесі түрінде пайда болады. Мұндай қарыздар тұрақты қаржылық жағдайы бар, бірақ шұғыл түрде қосымша ақша ресурстарын алу қажеттілігіне тап болған коммерциялық банктерге беріледі. Орталық банк қаржылық сауықтыру режимінде тұрған және қосымша қаражатқа мұқтаж коммерциялық банктерге банкаралық несие бере алады. Несие алу үшін коммерциялық банк орталық банкке өзінің қосымша міндеттемелерімен, әдетте, мемлекеттік бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген борыштық міндеттемелерін береді. Коммерциялық банк алған несие несие беру қабілетін арттыра отырып, артық резервтерге түседі.

Коммерциялық банктердің позицияларынан есептік мөлшерлемесі нақты несие алуға байланысты қосымша шығындарды білдіреді. Тиісінше, есептік мөлшерлеменің төмендеуі коммерциялық банктерді орталық банктен қарыз алу тәсілі ретінде қосымша резервтер алуға итермелейді. Осы несиелер есебінен өсетін коммерциялық банктердің несиелері ақша ұсынысын ұлғайтады және керісінше, есептік мөлшерлеменің жоғарылауы коммерциялық банктердің орталық банктен несие алған жағдайда қосымша резервтер алуға қызығушылығын төмендетеді. Осылайша, есептік мөлшерлеменің жоғарылауы несие нарығында ақша ұсынысының төмендеуіне әкеледі.

Есептік мөлшерлеменің және міндетті резервтер нормасының өзгеруі ашық нарықтағы операцияларға қарағанда ақша-несие саясатының икемді құралы болып табылатындығын атап өткен жөн. Орталық Банк мұндай өзгерістерді қаржылық дағдарыстарды еңсеру қажеттілігіне байланысты немесе экономиканың іскерлік белсенділік фазасы шекарасынан өткен жағдайда ғана жасайды.Есептік мөлшерлемесін және міндетті резервтер нормасын түзету реттеудің танымал түрі емес. Өйткені, ол қаржы-несиелік мекемелер қызметінің тұрақтылығы мен жоспарланған болжамын жоғарылатады және оның үкімет пен орталық банктің әрекеттеріне наразылығын тудырады. Сондай-ақ, ашық нарықтағы операциялар жасырын және біртіндеп жүреді, сондықтан оларды жүзеге асыру коммерциялық банктердің стратегиялық қызметінде түбегейлі өзгерістерге әкелмейді.

Ақша-несие саясатының кез-келген құралдарының әсерінің ауқымы мен көлемін ескере отырып, ашық нарықтағы операциялар ақша ұсынысына едәуір әсер ететіндігін атап өтуге болады, ал есептік мөлшерлеменің және міндетті резервтер нормасының өзгеруі онша маңызды бола алмайды және сонымен бірге жедел және ақша-несие нарығындағы өзгерістерге ықпал етуге бағытталған.

Экономиканың жай-күйіне және экономикалық цикл кезеңіне байланысты орталық банк нақты мақсаттарды анықтайды және соңғысына қол жеткізуге бағытталған ақша-несие саясатының құралдарын қолдану шараларын реттейді. Егер экономика дағдарыс жағдайында болса, онда оның көлемі мен жұмыспен қамтылуын арттыру үшін жалпы шығындардың өсуін ынталандыру, ақша ұсынысын ұлғайтуға ақша-несие саясатын бағыттау қажет.

Мұндай саясаттың негізгі бағыттары:

- коммерциялық банктердің резервтерінің өсуіне және несие беру мүмкіндігінің өсуіне әкелетін Орталық банктің ашық нарықта бағалы қағаздарды сатып алу операциялары;

- резервтік норманың азаюы орталық банктің шешімімен автоматты түрде қажетті резервтерді артық мөлшерге ауыстырады және ақша мультипликаторының мөлшерін көбейтеді;

- есептік мөлшерлеменің төмендеуі коммерциялық банктерді орталық банктен несие алуға және оларды несие беру үшін пайдалануға итермелейді.

Жоғарыда аталған барлық шаралар ақша ұсынысын ұлғайтуға бағытталған ақша-несие саясатының тетіктерін іске асырады, олардың міндеті өндірісті және жұмыспен қамтудың жиынтық шығындарды арттыратын несиені неғұрлым қол жетімді ету болып табылады. Бұл саясат «арзан ақша саясаты» деп аталады.

Басқа жағдайда, егер экономика құлдырап, жиынтық шығындар өсіп, инфляция шиыршығына алып келсе, ақша-несие саясаты коммерциялық банктердің резервтерін азайтып, айналыстағы ақша массасының төмендеуіне қол жеткізу үшін өз құралдарын қолданады:

- мұндай жағдайлар үшін орталық банк мемлекеттік облигацияларды ашық нарықта сата бастайды, осылайша коммерциялық банктердің резервтерін азайтады;

- резервтер нормасының ұлғайту ақша мультипликаторының мөлшерін азайта отырып артық резервтердің бір бөлігі міндетті резервке ауысады;

- орталық банктің есептік мөлшерлемесінің жоғарылауы коммерциялық банктердің орталық банктен алынған несие бойынша резервтерін ұлғайтуға қызығушылығын төмендетеді.

Мұның бәрі несие пайызы мен ақша бағасының өсуіне әкеледі, сәйкесінше ақша ұсынысы төмендейді, бұл шығындарды азайтады және инфляциялық процестерді тежейді. Бұл саясатты «қымбат ақша саясаты» дейді. Ақша-несие саясатының осы құралдарын қолдану тәжірибесі олардың жеке экономикалық көрсеткіштерге әр алуан және әр жақты әсер ететіндігін көрсетеді және қолданылған жағдайда кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, бүгінде ақша-несие саясатының нарық конъюнктурасына ықпал етуді ырықтандырумен үйлесуі ең тиімді болатындығы теориялық және іс жүзінде дәлелденген. Бұл тәсіл нарықтың өзін-өзі реттеу қабілетін де, ақша-несие саясатының тиісті құралдарын да пайдалануға мүмкіндік береді.

 

Тақырыпты қайталауға арналған сұрақтар

 

  1. Ақша-несие саясаты қандай түрлерге ажыратылады және олардың ерекшеліктері қандай?
  2. Дәстүрлі емес ақша-несие саясатының мәні қандай?
  3. Ақша-несие саясатының кейнсиандық табыстама тетіктерін саралаңыз.
  4. Ақша-несие саясатының монетаристік табыстама тетіктерін саралаңыз.
  5. Жұмысақ ақша-несие саясатын жүргізудің негізгі шарттарын атаңыз.
  6. Қатаң ақша-несие саясатын жүргізудің негізгі шарттарын атаңыз.
  7. Икемді ақша-несие саясатын жүргізудің негізгі шарттарын атаңыз.
  8. Ақша-несие саясатын жүзеге асыру кезінде қандай мәселелер туындауы мүмкін?
  9. Ақша-несие саясатын жүзеге асырудың әдістерін саралаңыз.
  10. Ақша-несие саясатын жүзеге асырудың негізгі құралдары қандай?