13.1 Кәмелетке толмағандар қылмыстылығының түсінігі
Криминологияда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар ішінде қасақана адам өлтіру, қасақана дене жарақатын салу, әйел зорлау, тонау, қарақшылық, ұрлық, бұзақылық сияқты қылмыстарға баса назар аударылады. Кәмелетке толмай қылмыс жасағандар саны соңғы онжылдықта еш азаятын емес, оларда қоғам талабына қайшы іс-әрекет жасау, басқалардың мүддеқұқықтарымен санаспау әдеті терең қалыптасқан. Қылмыс жасаудағы мақсаттары ересектерге ұқсап барады. Қазіргі кезде кәмелетке толмағандар өз қылмыстық әрекеттерін жекелеген адамдардың мүдделері үшін ғана емес, ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүдделері үшін де жасайды, нәтижесінде бұл жас қылмыскерлер өздерінің ересек әріптестерімен қоян-қолтық әрекеттерге барады, солардың ізін басады.
13.2 Әлеуметтік себептері мен жағдайлары
Кәмелетке толмағандардың жеке тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқаратын, белгілі бір жағдайларда қылмыс жасауға апаратын криминогендік жағдайларды атап өткен жөн:
- Отбасындағы келеңсіз әсерлер: отбасылық тәрбиедегі кемшіліктер көптеген жағдайда жеке тұлғаның кері қалыптасып, кейін нақты жасөспірімдердің қылмыстық жолға түсуіне әсер етеді. Кәмелетке толмағандар қылмыстылығының 30-40% жағдайында ата-аналардың және отбасындағы үлкендердің келеңсіз әсері болатындығы анықталған;
- Ата-аналардың дағдарыс жағдайында (уақытша және созылмалы) балаларының қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкіндігінің болмауы: бұндай отбасында үмітсіздік, әлеуметтік көре алмаушылық, ауыр материалдық жағдайға ызалану туындайды. Әлеуметтік көмектің болмауына байланысты бұл жағдайлар қылмыстың ниетін – пайдақорлық қылмыстарын, ұрлық, бұзақылық және т.б. туындатады;
- Айналасындағы теріс әсерлер – тұрмыстық, оқу процесі және т.б. үлкендер мен құрдастарының әсері. Жасөспірімнің мінез-құлқына кері әсер ету қылмыстық әрекеттердің жол берілетіндігі және жазаланбайтындығы туралы дұрыс емес көзқарас қалыптасуынан болады;
- Ересек қылмыскерлердің жағынан айдап салу: бұл алдын ала ішімдікке, құмар ойындарына, қылмысқа дейінгі қоғамға жат мінез-құлықтың өзге де түрлеріне тартумен байланысты;
- Оқуды тастап кеткен кәмелетке толмағандардың ұзақ уақыт бойы белгілі бір шұғылданатын істерінің болмауы: кездейсоқ қылмыстарға баруына не қылмыстық топқа еніп кетуге ықпал ететін қоғамға жат көзқарастар мен әдеттердің пайда болуына жағдай туғызады;
- Біздің қоғамда құндылықтарға жатпайтын іс-әрекеттердің жастардың ортасында үйреншікті нәрсеге айналуы (күшке табынушылық, қаталдық, есіркі заттарына салыну және т.б.).
Жоғарыда айтылған себептермен қатар кәмелетке толмағандардың криминогендік ниеті мен оның қылмыстылықта көрініс табуына әсер ететін әлеуметтік факторлар бар:
- Отбасы және оқу орындарының тарапынан кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын, байланысын, уақыт өткізуін бақылаудың болмауы;
- Қылмыс жасауға жағдайлар туғызатын және себеп болатын кәмелетке толмаған-жәбірленушілердің қадағаланбауы;
- Білім беру мекемелерінің (формалдылық, төмен кәсібилік) жұмыс, тәрбие деңгейінің төмендігі;
- Жасөспірімдерді жұмысқа орналастыру жүйесінің нашарлығы;
- Балалар мен жасөспірімдердің интеллектуалдық және еріктілік дамуының қалыс қалуы;
13.3 Кәмелетке толмағандар қылмыстылығының алдын алу
Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығының алдын алу субьектілерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады:
- Мемлекеттік және жергілікті биліктің осы қызметті бағдарлауды, жоспарлауды, құқықтық реттеуді және ресурстық, жүзеге асырылуы мен нәтижесін бақылауды қамтамасыз ететін органдары;
- Әлеуметтік тәрбиелеу институттары – балалар мен жасөспірімдердің бұрмаланған көзқарасының қалыптасуын, егер тәрбие беру және өзге де педагогикалық құралдармен қалыпқа келетін болса, туындаған криминогендік жағдайларды алдын алуды бірлесе және өзінің құзыреті шегінде жүзеге асыратын отбасы, мектеп, еңбек ұжымы, мәдени және демалыс орталықтары;
- Қолайсыз тұрмыстық жағдайдағы балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік, психико-педагогикалық, медициналық және құқықтық көмек көрсететін органдар;
- Құқық қорғау органдары түгелімен және олардың мамандандырлған құрылымдары мен қызметтері.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығын алдын алудың жүйесі: ерте алдын алудан, тікелей алдын алудан, қылмыстық әрекетке дейінгі алдын алу және рецидивтің алдын алудан тұрады.
Ерте алдын алу шараларының мазмұны:
- Кәмелетке толмағандардың тәрбиесі мен қалыпты өмір жағдайларының бұзылуын да құқықтық нормаларды сақтауды бақылау және қадағалау арқылы алдын алу және жою, әлеуметтік көмек, қолдау, қалпына келтіруге бағытталған әртүрлі формадағы қорғау іс-әрекеттері;
- Кәмелетке толмағандардың тәрбиесі мен қалыпты өмір жағдайларына жағымсыз әсер ететін қайнар көздерді жою;
- Жеке тұлғаның теріс дамуын бастапқы кезеңінде түзету, сондай-ақ нақты жасөспірімдер мен олардың белгілі бір топтарының тәрбиесі мен өмір сүру ортасының жағдайларын қалыпқа келтіру;
- Тікелей алдын алудың шаралары егер алдыңғы кезеңде кәмелетке толмағанның құқық бұзушылыққа бейімділігі тоқтатылмай, оларды жасай бастаған жағдайда қажет. Бұл сатыда тәрбие мен өмір сүру жағдайланын қалыпқа келтіру, ортаны сауықтандыру жүзеге асырылады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағанның тікелей өзіне бағытталған, қажет болған жағдайда құқықтық сипаттағы әсер ету шаралары қолданылады.
Әлеуметтік көмек көрсету және қорғау қызметі, ішкі істер органдарының мамандандырылған қызметтері және қоғаммынң мамандандырылған құрылымдары қоғамдық тәртіпті бұзған (ұрлық, ішімдік ішу, құмар ойындарын ойнау және т.б.) 80 кәмелеткеке толмағандарға әсер еткен жағдайларды анықтайды, жояды сондай-ақ осы тұлғалардың түзелуі үшін жұмыс жасайды.
Қылмыстық емес сипаттағы құқық бұзушылықтарды жасаған кәмелетке толмағандарға қатысты шаралар:
- Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығының алдын алу, тәрбие жұмысы мен бақылау жасайтын органдарда оларды есепке қою;
- Қоғамдық әсер ету;
- Спорттық-еңбек лагерлеріне, жасақтарына, сауықтарға орналастыру;
- Азаматтық-құқықтық шаралар (залалдың орнын толтыру);
- Келесі кезеңнің шаралары кәмелетке толмағандарда криминогендік ниеттің дамуы мен қылмыс жасаудың шегінде болғанда қолданылады. Бұнда кәмелетке толмағанның мінезқұлқын, байланысын, бос уақытын өткізуін күнделікті, қарқынды және ашық бақылайтын шаралар пайдаланылады. Бұл шаралар қылмыстық жолға түсуден сақтап қалу мақсатын алға қояды.
Рецидивтің алдын алу шаралары:
- Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі арнайы құрылымдардың, тергеушілердің, прокурорлардың, соттардың қылмыс жасауға әсер ететін себептер мен жағдайларды анықтау мен алдын алуға бағытталған қызметі;
- Тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары: ескерту, ата-ана қадағалауына беру, келтірілген зиянды қалпына келтіру, ерекше режимде ұстайтын білім беру мекемелеріне орналастыру, бос уақытын шектеу, жәбірленушіден кешірім сұрау міндетін жүктеу;
- Бұрын сотталған жасөспірімдерден қылмыс қаруы немесе құралын уақтылы алып қою;
- Босытылатын сотталғандарды бостандықтағы өмір жағдайларына әлеуметтік, моралдық және құқықтық дайындау;
- Кәмелетке толмағандарды, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылғандарды не бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға тартылғандарды тұрмыстық және еңбекке орналастыру, олардың мінез-құлқын бақылау және т.б.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Мауленов Г.С. Основные характеристики преступности в Республике Казахстан.- Алматы: Ғылым, 1999.
2 Алауханов Е.О. Криминология. Алматы Жеті жарғы, 2005.- 480 б.
3 Алауханов Е. О. Криминология : учебник / Алауханов Е. О. – Алматы : Жетi жарғы, 2008. – 660 б.
4 Кудрявцев В.Н. Криминология : учебник для студ. вузов, обучающихся по спец. «Юриспруденция» / Кудрявцев В. Н.; под ред. Эминова, В. Е. – М. : Юристъ, 2007. – 734 б.
5 Кузнецова Н. Ф. Криминология : учеб. пособие / Н. Ф. Кузнецова. – М. : Проспект, 2007. – 327 б.
6 Козаченко И. Я Криминология : учебник для вузов по спец. «Юриспруденция» / И. Я. Козаченко, К. В. Корсаков. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 303 б.
7 Криминология : учебник для вузов / под ред. : В. Н. Кудрявцева, В. Е. Эминова. – 4-е изд., перераб. и доп. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 799 б.