4.1 Қылмыскерліктің себептерінің түсінігі, шарттары және жіктелуі.
Қылмыскерлікті зерделеу кезеңі мен қылмыскерлікпен күресуді ұйымдастыру кезеңі арасында қылмыскерліктің детерминациясы мен себептілігін айқындау кезеңі міндетті түрде болады.
Қылмыскерлікті түр-түрімен, оның нақты жағдайларда пайда болуын жан-жақты түсіндіріп беретін қандай да бір жалпы, «негізгі», «басты» себептер жоқ. «Барлық уақыт пен халықтардың» қылмыскерлігінің ортақ кейпі де жоқ. Қандай да бір «себептердің әмбебап каталогын» жасау да мүмкін емес.
Қылмыскерлiктiң себептерiне баса мән бермеу немесе ол жайында аса қолданбау соңғы уақытқа дейiн кеңестiк криминологияда да орын алды. Кейбiр ғалымдар зорлыққа себеп: «әртүрлi сипаттағы дүниеқорлық», «буржуазиялық меншiкқұмарлық психология» деп санады.[i]
Криминологиялық әдебиетте неғұрлым көп таралған, қылмыскерлікті туындататын әдеттегі мән-жайлар туралы мәліметтер келтіріледі. Бірақ өзінің әр түрлі көрінісінде және үйлесімінде бұл мән-жайлар қылмыскерліктің саналуан түрін туындатуы, оның сапалық және сандық сипаттамаларын әр түрлі анықтауы мүмкін. Сондықтан да әр түрлі аймақтадағы адамдардың нақты өмір тірлігінің жағдайын, сол жағдайлардың өзгеруін, сондай-ақ қылмыскерліктің соған дейінгі күйін әр уақытта талдау керек.
Қандай да бір мән-жайдың қылмыстық іс-қимылмен байланысын жай көрсету ғана емес, сол байланыстың сипатын айқындаудың да маңызы зор, мысалы: өзінің қандай нақты көріністерінде, қандай өзге факторлармен жиынтығында және қандай ситуацияларда қандай мән-жай қылмыстық іс-қимыл тудырады. Міне, осы ғана орын мен уақыттың нақты жағдайларын ескеріп алдын алу шараларын мақсатты даярлауға мүмкіндік береді.
4.2 Қылмыскерліктің детерминанттары ретінде қылмыскерлік себептері және шарттары.
Детерминация – «дерминант», «детерминдеу» сөздерінен туынды ұғым. Латынның determinare сөзі «анықтау» дегенді білдіреді. «Детерминация» - белгілеу, анықтау процесі. Бұл жерде әзірге өзара байланыстың әр қилы түрлері бөлініп алынбайды. Детеримнанттар, немесе «мән-жайлар», «факторлар» туралы себептер мен жағдайлар үшін біріктіруші терминдер ретінде айтады.
Қылмыскерліктің детерминация процесі байланыстардың әр түрлі формаларының күрделі өзара әрекеттесуі болып табылады: ол күйдің және өзгелердің тек себептік қана емес, сонымен қатар функционалдық, статистикалық байланыстары. Олардың саны отыздан асады.
Функционалдық тәуелділік объективтік сәйкестікті, өмір сүрудегі параллелизмді және үшінші факторға тәуелді болуы мүмкін екі фактордың өзгергіштігін көрсетеді. Мысалы, аймақта жұмыссыздықтың көбеюі қажетті мұқтаждықты қанағаттандыру үшін ұрлау санының өсуіне және сатып алушылық сұранымның төмендеуіне алып келеді. Сатып алушылық сұранысының төмендеуі мен ұрлықтың көбеюі өзара себептік емес функционалдық байланыста болады: бұл екі құбылыс та жұмыссыздықтың туындылары.
Статистикалық байланыста бір фактордың таралу сипатының өзгеруі екінші фактордың өзгеруіне тәуелді болады, мысалы, халықтың санының артуына қарай қылмыс санының көбеюі.
Статистикалық байланыстағы жеке жағдай – корреляциялық тәуелділік. Факторлардың, құбылыстардың орташа мәні негізге алынады. Егер бір құбылыстың таралуы екінші құбылыстың таралуына тіке пропорционал болса корреляцияда оң сипат, ал теріс пропорционал болса – теріс сипат болады. Корреляция коэффициентінің мәні 0-ден 1-ге дейін болады, ол 1-ге жақын болған сайын құбылыстар арысындағы байланыс та күшті болады.
Бірқатар аймақтарды зерттегенде жалпы қылмыскерлік пен кәмелетке толмағандар қылмыскерлігінің ( К= 0,838), сондай-ақ жалпы қылмыскерлік пен жұмыс істемеген және оқымаған адам қылмыскерлігінің ( К= 0,665) коэффициенттерінің үлкен екендігі айқындалды. Басқа аймақтарда бұл коэффициенттер едәуір төмен – 0,475. Ол дегеніміз – бұл жердегі қылмыскерліктің жұмыс істемеген және оқымаған адамдардың қылмыскерлігіне тәуелді емес екендігін білдіреді.
Корреляциялық тәуелділік іздеудің нақты саласын анықтайды, ол себептік байланысты растайды. Бірақ бұл байланыстың тетігін арнайы зерттеу керек. Жалпы қылмыскерліктің, кәмелетке толмағандар қылмыскерлігінің және жұмыс істемегендер мен оқымағандар қылмыскерлігінің арасындағы жоғары корреляциялық коэффициент аймақтың кәмелетке жетпеген жастарының бір бөлігінің, оның ішінде қылмыс жасайтындардың белгілі бір тірлікпен айналыспайтындығын көрсетеді. Ал, мұндай жағдай неге болады, ол сол кәмелетке толмағандардың немесе жұмыссыздардың өз позицияларына байланысты ма, мұның бәрі қылмыскерлікпен қалай байланысты – бұлар терең талдауды керек ететін мәселелер.
Күйлер байланысының сипаты сонда – белгілі бір құбылыстың белгілі бір жағдайдағы сол кездегі күйі сол құбылыстың басқа кездегі күйін қалайда анықтайды. Мысалы, кәмелетке толмағандар саны басым қаладағы қылмыскерлік, егер онымен күрестің тиімділігі төмен болса, бара-бара рецидивтік қылмыскерліктің өріс алуына әкелуі мүмкін.
Қылмыскерліктің қандай да бір басқа құбылыспен немесе процеспен өзара байланыстық фактісін айқындауды жеткілікті деп санауға болмайды. Одан кейін өзара байланыстың сипатын анықтап тұру керек.
Диалектикалық детерминизм тұжырымдамасында әмбебап өзара әрекеттестік принципі негізге алынатын принциптердің бірі болып табылады. Өзара әрекеттестікке сілтеме жасай салу еш нәрсе де бермейді. Оның тараптарын, оны жүзеге асыру процесін талдау, сондай-ақ өзара әрекеттесудің тараптары қалай өзгеретіндігіне баға беру керек.
Себептілік - әмбебап өзара әрекеттестік формаларының бірі ретінде, детерминацияның генетикалық байланысын ғана білдіретін түрлерінің бірі ретінде қаралады. Себепке түсініктеме бергенде қандай мән-жайлардың ықпалынан қылмыскерлік болатындығы анықталады, ал ауқымды детерминистикалық көзқараста қылмыскерлік жай ғана болмайды, қандай да бір сипаттама мен белгілі бір формаларда болатындығы анықталады.
Нақты қылмыстың себептерi - ол қылмыс жасауы үшiн субъектiнiң ынтасын қоздыратын пәрмендi күштер.[ii]
Кең детерминдік тұрғыдан алғанда қылмыскерлік қандай да бір факторлардың біржақты ықпалының емес, күрделі, көпқырлы детерминацияның, оның ішінде өзін-өзі детерминдеуінің нәтижесі ретінде саналады.
Қылмыскерлікті қоғамның детерминдеуінің жалпы тетігін, оның өзін өзі детерминдеуін және оны тудырған қоғамға қарсы ықпалды схема жүзінде былай беруге болады:
Ары қарай бұл процесс әр түрлі нұсқаларда жалғасын табады.
Қылмыскерлік детерминациясын зерделегенде әлеуметтік детерминизмнің ерекшелігін есепке алу керек. Оның басты айрықшылығы сонда – қоғамдағы барлық байланыстар адамдар арасындағы қатынастар, яғни мақсатты байланыстар түрінде көрініс табады, сондықтан криминологияда адамға қатысты сыртқы орта мен адамдардың өзара әрекеттестігіне баса назар аудару керек.
4.3 Нақты қылмыстың жасалу себептері және шарттары.
Орыс тілінде «келтіру (причинять)» сөзі бірдемені «өндіру» мағынасында қолданылды. «Себептілік» - бұл заттар мен құбылыстар байланыстарының бір түрі, бұл - өндіруші, немесе басқаша айтқанда «генетикалық» байланыс, яғни қандай да бір құбылыстың, процестің туындау фактісін анықтаушы байланыс. Себептілік туралы айтқанда «себеп және салдар», «себептік-салдарлық байланыстар», «себептік тізбектер», «себептік кешендер» және басқа да санаттар пайдаланылады.
Себептік байланыстардың айрықша ерекшелігі мынада: біріншіден, себеп әрекетке апарады, одан салдар туындайды. Себептен әрекет туындауы үшін қандай да бір жағдайлар болуы тиіс, бірақ бұл жағдайлар өздігінен салдар әкелмейді.
Қылмысты көзімен көргендердің енжарлығы – қылмыс нәтижесінің ойдағыдай болуының жағдайы, бірақ қылмыстың себебі емес.
Себептің әрекет ету аймағы, ол, бәрінен бұрын, сылтаурату және шешім қабылдау кезеңдері. Нақты тәсілді таңдау (қорқытып талап ету немесе алаяқтық), қылмыстық қастандық жасаудың нақты объектісін таңдау және іс-әрекеттің өзге де бірқатар сипаттамалары едәуір шамада жағдайлармен анықталады (әр түрлі объектілердің күзетілу жағдайы, криминалдық дағдының бар-жоғы және т.б.).
Екіншіден, себептер мен салдарда уақыт бойынша кезектілік бар. Себеп уақыт бойынша әрқашанда салдардан бұрын келеді, бірақ ол уақыт аралығы кейде мүлде аз болуы мүмкін. Сондықтан да қылмыскерліктің әлеуметтік салдарларын оның себебі және оның өзгеруінің себебі деп қабылдамау керек.
Үшіншіден, салдар сол себептің себебі бола алмайды. Мысалы, қылмыскерліктің жаңа күйі қоғамның жаңа күйін тудырады, ал қоғамның мұндай жаңа күйі өз кезегінде, бұрынғы қылмыскерлікті емес, жаңа сипаттамасы бар басқа қылмыскерлікті тудырады. Төртіншіден, себеп пен салдардың бірмағыналы қатынасы бар: бірдей себептің бірдей жағдайдағы әрекеті бірдей салдар әкеледі.
Бесіншіден, себепті салдармен біріктіруге болмайды. Салдар себепті қайталамайды. Ол – объектінің қайта құрылуының, өзгеруінің нәтижесі. Егер, мысалы, мекемеде іс-қағаздарын жүргізу нашар болса, кадрлар бетімен кетсе және олардың біліктілігі төмен болса, онда бұл мекемеде парақорлық жаппай сипат алғанға дейінгі жағдай осындай болған деп санау керек. Жағдайдың нашарлауына парақорлар өз үлесін қосқан, олар жоғары білікті және тәртіпті қызметкерлерді жұмысқа алмаған немесе жұмыста ұстап қалмаған.
Криминологтардың жұмыстарына жасалған талдама оларда себептілікті түсінудің төрт тәсілі бар екендігін көрсетеді. Оның әрқайсысы өзіндік рөл атқарады және олар криминологияның дамуының белгілі бір кезеңдеріне тән. Әр түрлі авторлардың әр түрлі кезеңдердегі жұмыстарын оқи отырып осыны ескеру керек.
Бірінші тәсіл «кондиционалистік», немесе «жағдай» деп аталады. Латынның conditio сөзі - жағдай, талап дегенді білдіреді. Сол салдар үшін қажетті және жеткілікті жағдайды немесе салдар орын алған мән-жайлардың жиынтығын себеп деп ұғыну керек. Әңгіме бұл жерде себептер мен жағдайлар жайында емес, мән-жайлар мен факторлар жайында.
Көптеген криминологтардың еңбектерінде қылмыскерлікке ықпал ететін көптеген факторлар көрсетілген. Г.М.Миньковский олардың санын бірнеше жүзеге апарады. Және де, талданып отырған жиынтыққа қарай «толықтай себеп» және «ерекше себеп» болып бөлінеді.
Бұл, іс жүзінде, факторлық немесе конфакторлық деп аталатын тәсіл, бұл ретте сипаты жағынан әр түрлі әлеуметтік құбылыстар жайында сөз болады.
Көпфакторлы тәсілде ежелгі тарих бар. Ол әр түрлі факторлардың қылмыскерлікпен өзара байланыс тетігін талдауды керек етпейді, яғни ол үшін факторлар мен құбылыстардың өзара себептік, функционалдық немесе өзгедей байланыста болғандығының маңыздылығы жоқ.
Осындай тетікті ескерудің қажеттігін ұғынғанның нәтижесінде «дәстүрлі тәсіл» деген пайда болды: қылмыстың, қылмыскерліктің себебі сыртқы күш көрсетілетін ықпал болып табылады. Криминологияда мұндай ықпал тек қара күш жұмсау емес, әр варианттағы психикалық қысым деп те ұғынылады. Нақты қылмыстың немесе қылмыстың жекелеген түрлерінің себептерін талдағанда, көбіне, дәстүрлі тәсілге кезігеміз.
Ол ғылыми түсініктемеге ғана емес, «күнделікті жай» қатынастарға да тән. Мысалы, ата-аналар балалары жайында мынадай сөздерді жиі айтады: «балам жақсы, оны қылмысқа итермелеген жолдастары», немесе «төбелесті бастаған жәбірленушінің өзі». Бұл тәсіл қылмыскерлікті әлеуметтік құбылыс ретінде талдағанда қолданылады. Мысалы, жәбірленушінің виктимдігі қылмыскерліктің себептерінің бірі ретінде қаралады. Бұрын аталып өткендей, виктимология – жәбірленуші туралы ілім. «Неміс ғалымдарының жүргізген зерттеулері бойынша кісі өлтіру оқиғалары бойынша қылмыскер мен жәбірленушінің арасында субъектілік-объектілік қатынастар 80%-нде, ал денсаулыққа зиян келтіру мен зорлау қылмыстары бойынша 70%-нде тән болған. Ал қарақшылық жасау әрекеттері бойынша мұншалықты жоғары көрсеткіш тән емес, әдетте олардың жәбірленушісі бейтаныс адамдар болады»[i].
Дәстүрлік тәсілді криминологияда қолдану таза түрінде байқалған жоқ, себебі ол сыртқы ықпал қайдан болады деген сұраққа жауап берген жоқ. Бұл тәсілдің құндылығын эксперимент жүргізгенде байқауға болады дейді философтар.
Үшінші тәсіл – дәстүрлік-диалектикалық. Бұған сәйкес осы салдарды туындататындардың барлығы себеп болып саналады. Мұндай тәсіл көптеген авторлардың жұмысында кездеседі.
Дәстүрлік-диалектикалық тәсілмен қылмыскерліктің «тікелей» немесе «жақын» себептері ұғымы байланысты.
Бірқатар авторлар оны субъективтік кезбен – қоғамдық психологиямен, адамның жеке басының сипаттамасымен байланыстырды. Осыған байланысты проф. И.С.Ной қылмыс жасаушы адамның генетикалық ерекшеліктерін ескеру керек деп жазды.
Факторлардың себептік ықпалының реттілігі сөз болады, олар адамға қатысты сыртқы және ішкі болып бөлінеді.
Адам сипаттамаларының дербес рөлі атап көрсетіледі: барлық сыртқы ықпалды адам қабылдайды, олар жайындағы ақпартты өзінде қалыптасқан қасиет арқылы «өңдейді». Адамның белсенді мақсатты қызметке ерекше қабілеттігі ескеріледі. Объективтік және субъективтік факторлар бөліп алынады, олардың ықпалы жүйелі және біржақты деп түсіндіріледі: адамдардың материалдық тұрмыстық жағдайы қоғамдық сананы анықтайды, ал ол өз кезегінде қылмыскерлікті анықтайды. Қоғамдық психологияны немесе жеке адамның санасын қылмыскерліктің тікелей, жақын себептері деп санау осыдан барып туындайды.
Басқа сөзбен айтқанда, қылмыскерліктің себептілік схемасын осы қаралған үш тәсілдің шеңберінде былайша көрсетуге болады:
«Кондиционалистік» немесе «жағдайлық» тәсіл схемасы
Соңғы тәсілдің артықшылығы бар, бірақ ол қылмыстық іс-қимыл ситуациясында сыртқы жағдайдың да, адамның жеке сипаттамасының да бір уақытта көрініс табатынын есепке алмайды. Басқа сөзбен айтқанда қылмыстық іс-қимылға адамдардың санасында бұрыннан орын алып, сонда өзінің ізін қалдырған сыртқы орта ғана емес, сол криминалдық іс-қимыл жағдайында, адам үшін тосыннан, дайындық жоқта пайда болып әрекет жасай бастаған жаңа орта да ықпал етеді.
Төртінші тәсіл – «интеракционистік», немесе өзара әрекеттестік тұрғыдан. Қылмыстық іс-қимылдар мен қылмыскерліктің себебі, ол – әлеуметтік орта мен адамның жеке басы арасындағы өзара әркеттестік.
Криминолог адам, қоғам сияқты өзін өзі басқаратын жүйелермен айналысады. Өзін өзі басқару процестерінде, іс жүзінде, сыртқы фактордың ықпалы салдардың материалдық себептерінің ішкі қасиеттері арқылы жай өзгеріп қана қоймайды, жоспарлы және бағытты бақыланады, өзін өзі басқаратын жүйенің ішкі заңдарына сәйкес өзгереді, ішкі туындататын бастаумен үйлеседі.
Ішкі де, сыртқы да себептер бір уақытта туындататын да, әрекет ететін де болып табылады.
4.4 Қылмыс жасалуына итермелейтің нақты бір мән-жағдайдың рөлі.
Жалпы, әмбебап өзара әрекеттестік, ол - әр түрлі жұп заттардың, құбылыстардың жиынтығы. Жұп өзара әрекеттестік себеп деп қаралады, ал осы өзара әрекеттестіктер нәтижесінде заттардың, құбылыстардың өзгеруі – салдар болады.
Өзара әрекеттестік белсенді және енжар тараптардың екібірлігімен, олардың бірін-бірі толықтыра алатындығымен сипатталады. Бұл ретте мыналар жіктеліп алынады: 1) сыртқы және ішкінің өзара әрекеттестігі: әлеуметтік орта мен жеке адамның; 2) ішкі өзара әрекеттестік, яғни сол жағдайда: а) адамдардың экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани өмір жағдайларының өзара әрекеттестігі немесе б) сол адамдардың әр түрлі сипаттамаларының өзара әрекеттестігі (мұқтаждықтарының, мүдделерінің, құндық бағдарларының, мақсаттарының және т.б.). Атап айтқанда дәл осылар генетикалық тұрғыдан қылмыскерді қалыптастырады.
Әлеуметтік орта мен жеке адамның, әсіресе белгілі бір жағдайлардағы (схемадағы рамка) өзара әрекеттестігі ғана жеке немесе жаппай қылмыстық іс-қимылдың себептілік процесін (туындауын) білдіреді. Мұндай өзара әрекеттестік жаңа күйге алып келеді: әлеуметтік орта қылмыскерлікті қамтиды, ал адам қылмыскерге айналады.
Бұл себептік өзара әрекеттестікте мыналар бөлініп алынады:
а) оған қатысатын екі тараптың - әлеуметтік орта мен жеке адамның сипаттамалары;
б) өзара әрекеттестік процесінің өзі, оның қалай жүретіндігі және қандай екендігі (қоғамдық тәртіп нашар қорғалған, қаржы бақылауы жеткіліксіз жағдайда, немесе құқық қорғау және бақылаушы органдардың жұмысы жақсы жағдайларда, немесе криминалдық құрамалар іскерлерінің тарапынан тиімдірек бақылау жағдайында бақылаусыз өзара әрекеттестік).
Кең ұғымда алғанда қоғамдағы, мемлекеттегі әлеуметтік бақылаудың, оның ішінде бақылау және құқық қорғау қызметтерінің күйі криминология тұрғысынан маңызды болып табылады.
Өзара әрекеттесу тараптарын сипаттайтын мәліметтерді бірімен бірі қатар тұрған деп емес, орын мен уақыттың нақты жағдайларында, бір процестің шеңберінде біріне бірі өзара ықпал етушілер деп есепке алу керек. Бұл ретте жетекші тарап - әлеуметтік орта ерекшеленеді.
Өзара әрекеттесу шеңберінде жеке қылмыстық іс-қимылдың, қылмыскерліктің, оның жекелеген түрлерінің себептерін талдау жүреді.
Қылмыскерліктің себептерін зерделегенде жалпы әлеуметтік орта мен халықтың, оның ішінде көп таралған жеке адамдардың әр түрлі типтерінің өзара әрекеттестігі талданады.
Мысалы, криминологтар, аймақтағы қылмыскерліктің етек алғандығын талдағанда адамдардың өмір тұрмысын ғана емес, халықтың сипаттамасын да анықтайды: ондағы маскүнемдікпен айналысатын, есірткі қолданатын, немесе тұрақты табыс көзі жоқ адамдардың үлестік салмағын анықтайды.
Соңында бір-екі мән-жайды айта кету керек.
Біріншісі – криминологиядағы себептілікті ұғынудың «интеракционистік тәсілі» «интеракционистік теория» деп аталатыннан өзгеше, бұл соңғы адамның қылмыстық іс-қимылына оның бұрынғы қылмыстық іс-қимылын айқындау фактісінің, оған қылмыскер деп «жаман ат» тағудың ықпал ету кезін ғана қарайды. Яғни, кейбір шетелдік авторлардың айтуынша, адамға қандай да бір ат тағылса, ол біртіндеп оған сәйкестене бастайды.
Бұл мәселе адамның арғы қарайғы іс-қимылына оның қылмыс жасаған фактісінің ықпал етуі тұрғысынан алғанда маңызды.
Екінші мән-жайдың мазмұны мынадай: қылмыскерліктің әр түрлі мән-жайлардың өзара әрекеттестігімен байланысының ежелгі тарихы бар. Мұндағы жаңалық сол – себептер жалпы өзара әрекеттестік-детерминация шеңберінде жеке қарастырыла бастады. Бұл ретте тәсіл тек теория жүзінде негізделіп қана қойған жоқ, сонымен қатар қылмыскерліктің және оның себептерінің өзгерулерін, қылмыскерліктің және оның себептерінің аумақтық айрықшылықтарын нақты криминологиялық зерттеулер бір ізділікпен қолданылды.
«Интеракционистік» тәсіл схемасы
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Мауленов Г.С. Основные характеристики преступности в Республике Казахстан.- Алматы: Ғылым, 1999.
2 Алауханов Е.О. Криминология. Алматы Жеті жарғы, 2005.- 480 б.
3 Алауханов Е. О. Криминология : учебник / Алауханов Е. О. – Алматы : Жетi жарғы, 2008. – 660 б.
4 Кудрявцев В.Н. Криминология : учебник для студ. вузов, обучающихся по спец. «Юриспруденция» / Кудрявцев В. Н.; под ред. Эминова, В. Е. – М. : Юристъ, 2007. – 734 б.
5 Кузнецова Н. Ф. Криминология : учеб. пособие / Н. Ф. Кузнецова. – М. : Проспект, 2007. – 327 б.
6 Козаченко И. Я Криминология : учебник для вузов по спец. «Юриспруденция» / И. Я. Козаченко, К. В. Корсаков. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 303 б.
7 Криминология : учебник для вузов / под ред. : В. Н. Кудрявцва, В. Е. Эминова. – 4-е изд., перераб. и доп. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 799 б.