8 Tақырып. Зорлық көрсетілетін қылмыстарға және бұзақылыққа криминалистикалық сипаттама


8.1 Тұлғаға қарсы қылмыстың әлеуметтік-құқықтық сипаттамасы.

 

Криминологияда 70-жылдардың аяғынан бастап Ерекше бөлім бой көтере бастады. Бұл қылмыстық құқық жөніндегі мамандар үшін үйреншікті тәсілдерді өзінше қалпына келтіру еді, себебі қазақстандық криминологтер қылмыстық құқықтан шыққан болатын. Ал, Жалпы және Ерекше бөлімдер бөлектенді, мұнда өзінше мән бар еді. Ерекше бөлімде криминологияның барлық жалпы теориялық мәселелері қылмыстылықтың жекелеген түрлеріне байланысты қаралады, әдетте, нақты қылмыстылық белгілі бір мемлекетке және тарихи кезеңге байланысты. Бұл қылмыстылықтың арнайы алдын алу шараларын қабылдауға негіз болады.

Адам өлтіру, әйел зорлау, ұрлық көптеген криминологиялық параметрлер бойынша парақорлықтан, алаяқтықтан, абайсызда жасалған қылмыстардан және басқалардан өзгеше. Қылмыстылықтың жекелеген түрлерінің криминологиялық маңыздылыққа ие ерекшеліктерін ескермеу – онымен күресте мақсатты және нақты тәсілдерді қамтамасыз етпеу деген сөз. Сонымен қатар адам өлтірудің немесе алаяқтықтың өзі де біртекті болмайды. Тиісінше, мұндай әртүрлі қылмыстармен күрес шаралары да біртекті болуға тиіс емес.

Қылмыстылықтың жекелеген түрлері әртүрлі негіздер бойынша бөлектенеді. Белгілер – көріністер деп аталатындардан шығатын ісқимылдардың мына топтамалары кең таралған:

  1. Қылмыстық-құқықтық сипаттамаларға негізделгендер: адам өлтіру (оның ішінде қасақана немесе абайсызда), мүлікті жою және бүлдіру және т.б.
  2. Қылмыс субьектісін сипаттайтын белгілерге негізделген. Олар: жыныс (ерлер мен әйелдер қылмыстылығы), жас (кәмелетке толмағандар, жастар, ересек адамдар қылмыстылығы), әлеуметтік жағдай (кәсіпкерлердің, қызметкерлердің, оқушылардың және т.б. қылмыстылығы), өзіндік әлеуметтік позиция (рецидивистер, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқандар қылмыстылығы – пенитенциарлық) және т.б.
  3. Қылмыс жасағанда қол сұғылатын сала (саяси, экономикалық, әскери) немесе қызметтің неғұрлым нықты саласының ерекшелігін сипаттатйын белгілерге негізделген.
  4. Қылмыстық іс-қимыл сылтауларын талдаудан шығатын: пайдакүнемідік,зорлық және т.б. Қайта-қайта жаңа критерийлер таба отырып қылмыстылықтың түрлерін шексіз бөлшектеуге болады. Ал, мынадай сұрақ туындайды: жаңа түрлерді бөліп алу не береді, қылмыстылық заңдылығын айқындауға, онымен күреске көмектесе ме? Бұл жерде зерттеуші бөлініп алынған түрлерді салыстыруы, сондай-ақ олардың қылмыстылықтың жалпы құрылымындағы орнын түсінуі керек. Басқа жағынан, олардың барлығы біртұтас өте күрлелі құбылыстың көріністері екенін түсінбей, олардың өзара байланысы мен әрекеттестігін анықтамай, негізінен детерминацияның бір жүйесінің, бір себептілік кешенінің барлық қоғам деңгейінде туындау фактісін елемейтін болсақ , қылмыстылықтың әртүрлі көріністерін (адам өлтіру, парақорлық т.б.) методологиялық және теориялық сауатты талдау мүмкін емес.

Қылмыстылықтың жекелеген түрлерін өзінше бөлек-бөлек қарағанда қылмыстылықтың күрделі, жүйелік-құрылымдық әлеуметтік құбылыс ретіндегі бүтіндігін, оның әрбір түрлерінің диалектикалық өзара байланыстары мен әрекеттестігін есте сақтау керек.

Криминология бойынша оқулықтарда қылмыстылықтың түрлерінің криминологиялық сипаттамасы қаралады. Олардың кейбіреулері жиі кездеседі және олар жалпы қылмыстылыққа елеулі ықпал етеді. Ал, кейбіреулері аса көп таралмаса да, не қоғамға аса қауіпті, не едәуір ерекшеліктерге ие. Қылмыстылықтың жекелеген түрлерінің детерминациясы мен себептілігі, айта келегенде, мемлекет, қоғам деңгейінде олар үшін ортақ құбылыстармен және процестермен анықталатынын ескеру керек.

 

8.2 Зорлық көрсетілетін қылмыстардың криминологиялық көрсеткіштері.

 

Зорлық-зомбылық қылмыстарының көпшілік бөлігін қасақана адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, азаптау, зорлау, қарақшылық құрайды. Олардың жағдайы, динамикасы зорлық-зомбылық қылмыстылығын толығымен сипаттайды. Аталған қылмыстық әрекеттерді криминологиялық топқа біріктірудің негізі мыналар болып табылады: Қылмыскер әрекетінің тәсілі – жеке тұлғаны физикалық күштеу, оны қолданамын деп қорқыту; Кінә түрі – қасақана; Қол сұғушылықтың обьектісі – жеке тұлғаның өмірі мен денсаулығы. Зорлық-зомбылық қылмыстары қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зардаптың ауырлығына қарай басқа да криминалдық құбылыстардан асып түседі. Олар қоғамға зор зардап келтіреді. Жыл сайын қылмыстан зардап шегушілердің саны көбейіп келеді. Осындай қылмыс жасайтын қылмыскерлер күнделікті және тұрмыстық микроортада зорлық-зомбылық мінез-құлықты таратады. Зорлық-зомбылық қылмыстылығының себептері мен жағдайлары ретінде мыналарды қарастырады: Агрессивті әрекеттерді тудыратын жағымсыз материалдық және өмір сүру жағдайлары; Халықтың жекелеген топтарының арасында дау-жанжал кезінде зорлық-зомбылық әрекеттеріне жол берушіліктің көп таралуы; Қылмыстық ортаның әсер етуі; Қылмыс жасауға негіз болған жәбірленушінің виктимдік (жеңіл оймен, құқыққа не адамгершілікке қайшы) мінез-құлқы; Отбасындағы, көрші-көлеммен, әріптестерімен өзара қарым-қатынасы; Құқық қорғау органдарының отбасылық-тұрмыстық жағдайларды уақтылы анықтамауы; Зорлық-зомбылық қылмыстарға алғышарт болатын жәбірленуші мен өзге де адамдарға қауіп төндіру, ұрып-соғу, денеге зақым келтіру, азаптау, бұзақылық әрекеттерге құқық қорғау органдарының араласпауы; Криминалдық рецидивпен күрес барысында құқық қорғау органдары қызметінде кемшіліктер; Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, ішкі істер органдарының алдын алу қызметіндегі кемшіліктер; Жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың көпшілігінің латенттігі, және жазаланбауы; Психикалық ауруға шалдыққан адамдарды анықтаудың толық еместігі; Жастардың қоғамға жат топтарының құрылуына әсер ететін жағдайлар; Қаруды ұқыпты сақтамау, қарудың, жарылғыш заттардың, улардың заңсыз айналымын тоқтату шараларын тиісінше қабылдамау; Күштеу, бұзақылық, өзге моральға не құқыққа жат әрекеттердің орын алу фактісіне адамдардың араласпауы; Тұрғылықты жері не жұмыс орны бойынша тәрбиелік шаралардың, күн тәртібін ұйымдастырудағы, халыққа мәдени қызмет көрсетудегі кемшіліктер және т.б.

Зорлық-зомбылық қылмыстылығының алдын алу мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге, әлеуметтік әділеттік қағидаларының жүзеге асырылуымен байланысты. Осы жалпы әлеуметтік мәселелерді шешу зорлық-зомбылық қылмыстылығымен нәтижелі күрес жүргізуге алғышарт болып табылады. Зорлық-зомбылық қылмыстылық саласындағы әлеуметтік криминологиялық алдын алудың негізгі бағыттарына: Маскүнемдік пен есірткіқұмарлықпен үнемі күрес жүргізу; Тұрмыстық дау-жанжал негізінде жасалатын құқық бұзушылықтарға уақтылы әсер ету; Қоғамдық орындардағы қоғамдық тәртіпті тиімді қорғауды қамтамасыз ету; Ұлтаралық және нәсілдік алауыздықты тудырумен күресті күшейту; Рецидивистер мен кәсіби қылмыскерлердің кәмелетке толмағандар мен жастарға криминогендік әсер етуін болдырмау; Жастардың қоғамға жат топтарының құрылуын анықтау қызметін жетілдіру; Жоғары дәрежеде виктимділікке ие тұлғаларға уақтылы алдын алу жұмыстарын жүргізу; Зорлық-зомбылық қылмыстары үшін әділетті жауаптылықтың болуын қамтамасыз ету; Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаталдық пен күш көрсетуді насихаттауға қарсы тұру. Зорлық-зомбылық қылмыстылығымен күрес шаралары жүйесінде жалпы, топтық және жеке алдын алу шараларына бөледі: Ұйымдастырушылық – алдын алу қызметін ұйымдастырумен байланысты; Функционалдық – оны жүзеге асырумен байланысты. Ұйымдастырушылық шараларының қатарына жатады: Зорлық-зомбылық қылмыстылығының деңгейі, құрылымы, динамикасы туралы мәліметтерді зерттеу және талдау; Криминологиялық бағдарлама; Жекелеген аумақтар мен обьектілерді алдын ала тексеру. Функционалдыққа тиісінше микроортада бақылау мен әсер ету шараларын жүзеге асырумен байланысты шаралар жатады: Жеке тұлғаға және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар жиі жасалатын орындарды жүйелі тексеру; Көптеген қылмыстардың орны мен уақытын ескере отырып, сол жерлерде полиция қызметкерлерін орналастыруды қамтамасыз ету; Арнайы рейдтер мен тексерістерді жүргізу; Азаматтарды құқықтық тәрбиелеу және т.б. Алдын алуды жүзеге асыру кезінде нақты жағдайға сәйкестендіріп, әсер етудің нысанын (формасын) таңдау керек: Ауық-ауық әрекет ету; Созылмалы әрекет ету; Кейінге қалдырылмайтын әрекет ету; Шұғыл әрекет ет

 

8.3 Пайдақорлық қылмыстылығының алдын алу

 

Пайдақорлық қылмыстылық – бұл жалпы қылмыстық пайдақорлық қылмыстардың, яғни пайдақорлық ниетпен және осы мүліктің есебінде негізсіз баю мақсатында біреудің мүлкін заңсыз тікелей иеленумен көрінетін әрекеттердің жиынтығы. Бұлар әр түрлі нысандағы ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық, қорқытып алушылық.

Жалпы қылмыстық пайдақорлық қылмыстардың негізгі белгілеріне:

Біріншіден, бұл өзгенің мүлкіне қол сұғу. Пайдақорлық қылмыстар негізінен заттарға, соның ішінде ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүліктерге қол сұғады;

Екіншіден, пайдақорлық мақсат – біреудің мүлкін құқыққа қайшы қайтарымсыз алып қою;

Үшіншіден, пайдақорлық қол сұғушылық шаруашылық қызметтен тыс не кінәлінің материалдық құндылықтармен жұмыс, өндіріс, бөлу салаларындағы өзінің жағдайын пайдаланбай-ақ жасалады.

Пайдақорлық қылмыстылықтың негізгі себептеріне мыналар жатады:

- Әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктің криминогендік рөлі;

- Материалдық жоқшылық;

- Экономикалық қызметті мемлекеттік және әлеуметтікэкономикалық бақылаудың әлсіреуі;

- Пайдақорлық қылмыстылықпен күрестің заңды қамтамасыз етілуінің артта қалуы;

- Құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктер.

Пайдақорлық қылмыстылығын алдын алудың стратегиясы жалпы қылмыстық пайдақорлық қылмыстылықтың себептілік кешенін құрайтын құбылыстарды тұмшалаудан (локализация) тұрады.

Осы мақсатта профилактикалық сипаттағы шараларды мыналарға:

- Ұйымдастырушылық;

- Арнаулы;

- Әлеуметтікке бөледі.

Ұйымдастырушылық шараларының қатарына жатады:

  • Пайдақорлық қылмыстылығының деңгейі, құрылымы, динамикасы туралы мәліметтерді зерттеу және талдау;
  • Криминологиялық бағдарлама; Жекелеген аумақтар мен обьектілерді алдын ала тексеру.

Арнаулы шараларға төмендегілер жатады:

- Қоғам мен барлық шаруашылық және қаржылық қызмет салаларының криминализациялануын жоятын экономикалық және құқықтық жағдайларды жасау;

- Экономикалық қауіпсіздік жағынан қарағанда қаржылық және шаруашылық мәселелер бойынша қабылданатын шешімдерді саралау;

- Шығармашылық, тарихи және өзге де мәдени құндылықтарды ұрлаудың барлық түрлерін алдын алу бойынша жеделіздестіру шараларының кешенін жүргізу;

- «Заңдағы ұрылардың» қызметін, қылмыстық топтардың көшбасшылары мен белсенді қатысушыларын анықтау мен жолын кесу бойынша операциялар өткізу арқылы ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы тұру;

- Жалған төлем құжаттарын қолдану арқылы ақшалай қаражаттарды ұрлау туралы қылмыстық істер мен материалдар бойынша өтетін жеке және заңды тұлғалар туралы мәліметтердің ақпараттық банкін құру;

- Ұйымдасқан қылмыстық топтардың және мұнай, газ, сирек кездесетін не түсті металдарды өндіру мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардағы сыбайлас лауазымды тұлғалардың криминогендік қызметтеріне қарсы тұратын шараларды дайындау;

- Зияткерлік меншік құқығының обьектілерін заңсыз пайдаланумен күресті ұйымдастыру бойынша шаралар жүйесін әзірлеу;

- Жалған ақшаларды, қаржы құжаттарын бағалы қағаздарды анықтап және оларды дайындауға жол бермеу бойынша шаралар қабылдау;

- Қазақстандағы банктер мен кредиттік мекемелерге қылмыстық капиталдардың кіруінен қорғау бойынша ұйымдастырушылық жүйені құру.

Пайдақорлық қылмыстылығын алдын алуға қатысы бар әлеуметтік шаралар:

- Құқық қорғау органдарының қызметі, халықтың өзін-өзі қорғауы туралы құқықтық насихат жүргізу;

- Жетімдер үйі мен әлеуметтік-оңалту мекемелерінің материалдық базасын, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй және тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша шараларды жасау;

- Жасөспірімдер мен жастардың, үйсіздер мен жұмыссыздардың, қашқындар мен амалсыз орын тепкендер, бұрын сотталған және тұрақты табысы жоқ өзге де тұлғалардың әлеуметтік қорғалуы мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу мен жүзеге асыру;

- Қаңғыбастықтар мен қайыршылықпен айналысатындарды оңалтатын орталықтарды құру;

- Белгілі бір тұрғылықты жері мен жұмыссыз қалған тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсететін мекемелер жүйесін дамыту шараларын жүзеге асыру және т.б.

 

  Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Мауленов Г.С. Основные характеристики преступности в Республике Казахстан.- Алматы: Ғылым, 1999.

2 Алауханов Е.О. Криминология. Алматы Жеті жарғы, 2005.- 480 б.

3 Алауханов  Е. О. Криминология : учебник / Алауханов Е. О. – Алматы : Жетi жарғы, 2008. – 660 б.

4 Кудрявцев В.Н. Криминология : учебник для студ. вузов, обучающихся по спец. «Юриспруденция» / Кудрявцев В. Н.; под ред.  Эминова, В. Е. – М. : Юристъ, 2007. – 734 б.

5 Кузнецова Н. Ф. Криминология : учеб. пособие / Н. Ф. Кузнецова. – М. : Проспект, 2007. – 327 б.

6 Козаченко И. Я Криминология : учебник для вузов по спец. «Юриспруденция» / И. Я. Козаченко, К. В. Корсаков. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 303 б.

7 Криминология : учебник для вузов / под ред. : В. Н. Кудрявцва, В. Е. Эминова. – 4-е изд., перераб. и доп. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 799 б.

8 Алауханов Е. О. Криминологические проблемы    корыстно-насильственных преступлений : монография. – СПб., 2005. – 152 б.