1 тақырып. Қылмыснама түсінігі, пәні және жүйесі


1.1 Әлеуметтік-құқықтық ғылым ретіндегі қылмыснама түсінігі.

 

Егер сөзбе-сөз ұғынсақ, криминология дегеніміз қылмыскерлік жайындағы ілім: Сrimen - қылмыс, logos - ілім. Бірақ қылмыснама ғылымының нақты мазмұны едәуір күрделі әрі көп аспектілі. Ол жекелеген қылмыстардың ғана емес, жаппай қылмыстық әрекет ретіндегі қылмыскерліктің де заңдылығын зерттейді, адам неге қылмыс жасайды? Өз проблемаларын шешу үшін көптеген адамдар неге қылмыс жолына түседі? Ондайға жол бермеу үшін не істеу керек? – деген сұрақтарға жауап береді.

Кез келген басқа ғылым сияқты қылмыснама да заңдылықты зерттейді. Қылмыснаманың айрықша пәні – заңдылықтар: а) қылмыскерліктің барлық көріністері; б)қылмыскерліктің детерминациялары мен себептілігі; в) қылмыскерліктің әр түрлі ықпалға ұшырайтындығы.

Қылмыскерліктің әр түрлі көрініс табуы мыналарды қамтиды: қылмыс немесе жеке қылмыстық әрекет; қылмыскерліктің әр түрлі негіздер бойынша бөлініп алынатын жекелеген түрлері (экономикалық, мемлекеттік, кәмелетке толмағандардың, әйелдердің және т.б.); мемлекеттің белгілі бір аймағындағы, мемлекеттегі адамзат қоғамының әр түрлі кезеңіндегі қылмыскерлік. Қылмыснама қылмыскерлікті орын мен уақыттың нақты жағдайында зерттейді. Криминолог қоғамға, адамға, бір жағынан, «қылмыскерлік арқылы», қылмыстық әрекет арқылы қарайды. Тек қылмыскерлік, оның себептері және онымен күрес – криминологияға негізгі керектілер осылар. Қылмыскерліктен бастау алып ол оның себептерінің, онымен күресті ұйымдастырудың, оның алдын алудың талдамасына тереңдеген сайын қоғам мен табиғатта бар басқа да кең әрі күрделі проблемаларға шығады. Философ, керісінше, қылмыскерлікті көптеген құбылыстардың бірі ретінде, барлық басқалардың өзара байланысы, өзара әрекеттестігі контексінде қарайды. Философтар қылмыскерлікке табиғат пен қоғамның жалпы заңдылықтарын зерттеуге байланысты талдама жасайды.

Нақты өмірде қылмыскерлік пен басқа келеңсіз әлеуметтік ауытқулар (алкоголизм, маскүнемдік, наркомания, көлеңкелі экономия және т.б.) арасындағы шекараны дәл анықтау қиын. Оларды оқшаулап қарау салыстырмалы, жасанды болып шығады.

Қолданыстағы заң қылмыскерліктің шекарасын көрсетеді, бірақ қылмыснамалық зерттеулердің шекарасы одан біршама кең. Қоғам мен заң өзгергенде қылмыс және қылмыс емес деген ұғымдар да өзгереді.            Криминолог белгілі бір іс-әрекеттерді криминалға жатқызу (оларды заң бойынша қылмыс деп тану) және криминалға жатқызбау (тиісті іс-әрекеттерді заң бойынша қылмыстар қатарынан, яғни қылмыстық жазаланатындар қатарынан алып тастау) туралы мәселеге өз үлесін қосады. Қылмыс жасайтын адамдарды зерттей келе криминологтар мынаны байқады: ұдайы құбылып отыратын жағдайда олардың қоғамға қауіпті әрекеттері өз формасын өзгертеді екен, ал бұл форманың өзгеруінен сол әрекет өзінің қоғамға қауіптілік сипатын жоғалтудың орнына, кейде бұрынғыдан да бетер қауіпті болады екен. Мұндай жағдайда қылмыстық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек. Заңның қылмыснамалық келісімділігін, оның қоғамға аса қауіптілік келтіретін жаңа шындыққа сәйкестігін осы криминологтар қамтамасыз етеді. Қылмыстық құқық саласындағы мамандарда құбылмалы кезде қоғамға қауіпті әрекет формасының өзгеретіндігі жайында толықтай деректер болмайды.

Сонымен криминолог қылмыскерлік пен келеңсіз әлеуметтік ауытқулардың өзге формаларының өзара байланысындағы, олардың қоғамға қауіпті әрекетке айналуындағы заңдылықты зерттейді.

Профессор Г.М.Минковский бейнелеп айтқандай, криминологтардың назар аударатын объектілері қалайда «фондық құбылыстар» болуға тиіс. Бірақ криминологтар оларды толық көлемде емес, тек олардың қылмыскерлікпен байланысын ғана зерттейді.

Қылмыскерлік детерминациясы және себептілігі – бұл, жалпы алғанда, қылмыскерліктің қоғамда туындау процесі (әлеуметтік детерминация) және сол процесті тудыратындарды, себептік байланыстарды бөліп алу (себептілік).

Қылмыскерлік детерминациясы мен себептілігі, жалпы, қоғамдағы, мемлекеттегі, аймақтағы қылмыскерліктің, белгілі бір әлеуметтік топ өкілдерінің қылмыскерлігінің, қылмыскерліктің кейбір түрлерінің, жеке қылмыстық әрекеттің қандай да бір кезеңде дамуын зерттейді.

Бұл ретте тек қоғамның қылмыскерлікке ғана емес, сонымен қатар қылмыскерліктің қоғам өмірінің әртүрлі жақтарына ықпал ету процесі де талданады.

Қылмыскерліктің әртүрлі ықпалға ұшырау заңдылығын талдағанда алдыда қылмыскерлікпен күрестің неғұрлым тиімді жолдарын іздестіру мақсаты тұрады.

«Қылмыскерлікпен күрес» - күрделі, көп аспектілі қызмет, ол қылмыскерліктің өзіне және оның себептеріне, жағдайға ықпал етуді қамтиды. Бұл қызмет қылмыскерлікпен күресті жалпы ұйымдастыруды да, қылмыскерліктің алдын алуды да, құқық қорғау қызметін де қамтиды. Егер алғашқы екі мәселе, негізінен, криминологтардың назарын аударатын басты объектілер болып келсе, ал құқық қорғау қызметі – оның жүйелілігін қамтамасыз ету және криминологиялық келісім тұрғысынан алынады. Құқық қорғау қызметінің кейбір бағыттарын қылмыстық процесс, жедел-іздестіру қызметі бойынша мамандар және басқалар анықтайды.

Сонымен қылмыснама – қылмыстылық, оның себептері мен жағдайлары, қылмысты жасайтын тұлға, сондай-ақ қылмыстылықты қадағалау, оның алдын алу және онымен күресу шаралары туралы жалпы теориялық әлеуметтік құқықтық ғылым.

Қылмыснамалық тұжырымдар әлеуметтік қайта өзгеру процесінде қолданысқа алынады, солай болуға тиіс те, бірақ криминолог пен революционерді, криминолог пен билік басындағылардың жауын ажырата білу керек.

Криминолог іс жүзінде әрқашан қоғамға оның денесіндегі сыздауықты, әлеуметтік басқарудағы қателіктерді көрсететін сыншы рөлін атқарады, себебі қылмыскерлік оң жетістіктерден, жақсы өмірден туындамайды. Ал, оның ұсынысы болмаса қылмыскерліктің тасасында тұрған, кейде қоғамға «қылмыскерлік арқылы» қарағанда ғана көрінетін теріс құбылыстардан арылу мүмкін емес.

Криминологиялық құбылыстарды ескеру – қоғамдық қатынастарды құрбансыз және астан-кестен төңкеріссіз, ғылымға сүйеніп қайта құру жолындағы маңызды қадам.

Әлеуметтік жетістіктерді емес, қателіктерді ғана көрсеткені үшін криминологты айыптау пациенттің келісті түр-түсін, инабаттылығын, жақсы қасиеттерін сөз етпей, оның ауруы жайында, оны емдеудің жолын айтқан дәрігерді айыптағанмен бірдей. 

Мұны айтып отырған себебіміз, КСРО кезінде криминологиялық зерттеулерге отыз жылдан аса уақыт тыйым салынған еді. Ол тыйым Қылмыскерлік пен қылмыскерді зерттеу жөніндегі мемлекеттік институт қайта ұйымдастырылып, Орталық статистика басқармасының моральдық статистика бөлімі таратылған 30 жылдардың басынан Қылмыскерліктің себептерін зерттеу және оның алдын алу шараларын қарастыру жөніндегі Бүкілодақтық институт құрылған 1963 жылға дейін созылды. Бұл кезеңде қылмыскерлік проблемалары бойынша, бірақ қылмыстық құқық, криминалистика және басқа пәндер шеңберінде жекелеген ғылыми зерттеулер жүргізілді. Іс жүзінде әңгіме күрделі де бүтіндей ерекше құбылыс болып табылатын қылмыскерлік жайында емес, жекелеген қылмыстармен күрес жайында ғана еді.

КСРО құрамында болған мемлекеттердегі социализмнің ыдырауы қылмыскерліктің себептеріне, әсіресе, наркобизнес, жезөкшелік, валюталық операциялармен жасалатын қылмыстардың себептеріне жаңаша көзқарасты талап етті.

ТМД елдердінде алғашқы Криминологиялық Ассоциация 1991 жылы құрылды. Қазақстан Республикасында да Криминологиялық Ассоциация 2000 жылы құрылып, аталған ұйымның “Қылмыстылықтың алдын алу” (Предупреждение преступности) журналы 2001 жылдан бастап жылына екі рет  жарық көре бастады. Алғашқы Қазақстанның  Криминологиялық Ассоциациясының төрағасы болып заң ғылымдарының докторы, профессор И.И.Рогов сайланды.

1.2 Қылмыснама ғылымының пәні.

 

Қылмыснаманың ғылым ретіндегі мазмұны – бұл дегеніміз: қылмыскерлікті, оның өзгерістерін, аймақтық және әлеуметтік-топтық ерекшеліктерін зерттеу және бағалау; тиісті қылмыскерліктің детерминация және себептілік процестерін, оның өзгерістері мен айырмашылықтарын зерттеу және бағалау; қылмыскерлікпен күрес жөнінде, сондай-ақ қылмыснамалық зерттеулердің методологиясы мен әдістемесіне қатысты ұсыныстар дайындау.

Қылмыснама пәнінің анықтамасымен салыстырып қарасақ, мұнда, біріншіден, қылмыскерлікті, оның детерминация және себептілік процестерін, екіншіден, қылмыскерлікпен күрес жөнінде криминологиялық зерттеулердің методологиясы мен әдістемесі бойынша ұсыныс дайындауды көрсету өзінше жаңалық болып табылады.

Қылмыснама бойынша 60-жылдары шыққан алғашқы оқулықтарда оның пәні мен мазмұнын қарастырғанда қылмыскердің жеке басы сөз болмайды. “Қылмыскердiң тұлғасын жалпы анықтаудан теория жүзiнде бас тарту дегенiмiз жеке дараны әлеуметтiк айналдырудан бас тарту деген сөз, ол, ойлап қарасаңыз криминологиялық теорияны әдiстемелiк негiзден айырады”-деп У.С. Жекебаев дұрыс айтқан болатын[i]. Кейін қылмыскерлікпен, оның себептерімен, қылмыскерліктің алдын алу шараларымен қатар ол жайында сөз қозғала бастады. Ондағы мақсат – криминологтардың оған өзінше бөлек назар аударуы керек екендігін, қоғамдық қатынастарды зерттеу қылмыскердің жеке басын зерттеуді алмастыра алмайтындығын, ал қылмыскерлікке және оның себептеріне ықпал ету – адамның өмір салтын сауықтыру және белгілі бір жеке мінез-құлықты түзету екендігін көрсету еді. Қылмыснама пәнін, оның мазмұнын анықтаудағы мұндай көзқарас өзін ақтады, себебі ол, мысалы, қылмыскердің жеке басын криминологиялық зерттеудің дамуына септігін тигізді. Осы күні зерттеулер нәтижелерінің маңыздылығы даусыз, енді криминологияның пәні мен мазмұнын анықтауда қылмыскердің жеке басын қылмыскерліктен бөлек, оның себептері мен алдын алу шараларынан бөлек сөз етуге болмайды. Қылмыскердің жеке басын криминология пәнінде бөліп алудың жасандылық сипаты бар, ол жайында алда сөз болады.

Қылмыснама пәні қылмыстылық, қылмыстылықтың себептері мен шарттары, қылмыстылықтың алдын алу секілді үлкен элементтер кешенінен тұрады. Тәлімгерлер ғылымдар жүйесіндегі қылмыснаманың орны жайында мәселе әлі күнге дейін даулы екенін ескеруі қажет. Оны қылмыстылық социологиясы, социологиялық құқықтық ғылым, пәнаралық ғылым саласы, кешенді ғылым деп атайды. Біздің елімізде қылмыснама құқықтану шеңберінде пайда болып, қылмыстық құқықтық саладағы жалпы теориялық ғылым ретінде дамыған. Қылмыснаманың орны қылмыстық құқық емес саладағы құқықтық ғылымдар жүйесінде, сол сияқты криминология социология, психология, статистика, демография және басқа да қоғамдық, нақты жаратылыстану ғылымдарымен арақатынаста игерілуі керек.

Қылмыснама жүйесін оның пәнін құрайтын өзара байланысқан белгілі бір тәртіптегі элементтер жиынтығы ретінде қарастыру керек.

 

1.3 Қылмыснама ғылымының әдістемелік негізі.

 

Methodos грекше сөзбе сөз алғанда «бірдемеге жол», зерттеу дегенді білдіреді. Ғылыми айналымда «методология», «әдістеме», «әдіс», және бірқатар сөздер пайдаланылады. «Әдіс» дегеніміз амал, зерттеу тәсілі. «Әдістеме» - зерттеу әдістерінің жиынтығы. «Методология» - бірдемені ғылыми зерттеудің жолдары, әдістері туралы ілім.

Кез келген басқа зерттеулер сияқты қылмыснамалық зерттеулердің методологиясы зерттеу заты мен объектісіне, зерттеуші алдыға қойған мақсатқа байланысты. Адамды зерттеу әдістемесі өлі табиғатты зерттеу әдістемесімен бірдей бола алмайды, қоғам мен адамды зерттеу әдістемелері де басқа.

Қылмыснамалық зерттеулер қылмыскерлікті тудыратын күрделі қоғамдық процестерді де, қылмысты жасайтын адамдардың мінез-құлқын да қозғайды. Қылмыснаманың қылмыстық-антропологиялық бағытының өкілдері антропологиялық медициналық зерттеулер жүргізді. Сонымен қатар, «қиын жағдай криминологиясы» («критическая криминология») деп аталатынды жақтаушылар қоғамдық қатынастарға социологиялық, политологиялық, экономикалық және басқадай талдау жасап, қылмыскерді тудыратын қоғам сипаттамасын ғана талдаса, сол жеткілікті дегенді айтады. Бұл ретте олар қылмыскерліктің өзіне, қылмыскерлерді зерттеуге назар аудару керек деп санамайды. Бұл қылмыскерлікті және оның себептерін толық зерттеуге кедергі келтіретін өзара алшақ пікірлер.

Жалпы қылмыснамалық таным диалектикалық –материалистік ілімді пайдалануға негізделеді.

Біріншіден, қылмыскерлік әлеуметтік құбылыс ретінде қаралады, және тиісінше, оны зерттегенде әлеуметтік ғылымдардың, оның ішінде социологияның, әлеуметтік психологияның әдістері пайдаланылады. Әртүрлі әлеуметтік құбылыстармен, процестермен, институттармен қатар адам да зерттеледі, бірақ ол биологиялық тұрғыдан емес қоғам мүшесі, қоғамдық дамудың жемісі ретінде зерттеледі. Криминологтардың қылмыскердің жеке басы туралы айтып жүргені кездейсоқтық емес.

Екіншіден, қылмыскерлік басқа құбылыстармен және процестермен өзара әрекеттестікте, өзара байланыста талданады. Ол әрқашанда қоғамдық қатынастар тұрғысынан қаралады. Қылмыскерлік – қоғаммен қатар тұрған бірдеме емес, ол сол қоғамда бар, оның дәстүрлі жақтарын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани салаларын түйреп өтетін құбылыс.

Қылмыснамалық зерттеуде танымның мынадай жалпы ғылыми әдістері пайдаланылады:

  • абстрактыдан нақтыға көтерілу;
  • жорамал;
  • жүйелік-құрылымдық талдама (жүйелік амал);
  • тарихи әдіс;
  • салыстыру;
  • динамикалық және статистикалық әдістер.
  1. Абстрактыдан нақтыға көтерілу. Танымның бұл әдісі зерттеушінің теориялық даярлығының белгілі бір деңгейде болуын, жорамал жасауды, теориялық ұғымдар мен түсініктерді пайдалануды, абстрактылы ойлауды керек етеді.

Бұл ретте екі маңызды кезеңді ескеру керек:

  • бұрындары жасалғандармен танысу керек. Қылмыскерлік туралы үйреншікті түсініктерге ғана сүйенген, бірақ криминология теориясын игермеген, бұрынғылар алған ғылыми мәліметтермен таныспаған зерттеушілер ғылыми негізделген ережелер бере алмайды;
  • «қылмыскерлік» құбылысының және оны туындататын процестердің жете танылмағандығы туралы, ол құбылыстың ұдайы өзгеріп тұратындығы туралы ой естен шықпау керек. Сондықтан да зерттеу процесінде криминолог «ашық жүйе» болуы тиіс, және ол жаңа мәліметтерді бұрыннан бар теориялық ұғымдар мен схемаларға «сыйдыруға» барлық күшін салып тырыспауы керек.
  1. Жорамал. Ол іздестіру бағытын көрсетеді, зерттеуші назарын шындықтың қандай да бір кездеріне аударады, зерттеуді бір мақсатқа бағыттауға мүмкіндік береді.

Жорамал, біріншіден, криминологияда белгіленген ғылыми негізделген ережелермен үйлесімде болуы тиіс, екіншіден, тиісті болжамның дәлелді болу мүмкіндігімен сипатталуы керек.

Болжамның бәрі бірдей жорамал бола бермейді. Өзін тексеруге тұрарлықтай болжамды жорамал деп айтуға болады. Жорамалды ұсыну, оны қалыптастыру бұрыннан бар теориялық және эмпириялық мәліметтерге баға беруді, оларды зерттеу пәнімен, объектісімен және мақсатымен салыстыруды қажет етеді. Бұл жұмыс зерттеу бағдарламасын даярлау процесінде жүргізіледі.

3) Жүйелік амал. Бұл әдіс саны белгілі өзара байланысты элементтерді қамтитын белгілі бір құрылымы бар белгілі бір күрделі ұйымдасқан жүйе ретінде зерттелетін объектіні (біздің жағдайда қылмыскерлік пен қоғам) қарауды көздейді. Қылмыскерлік дегеніміз көптеген жай қылмыстар ғана емес, олардың жүйесі, ол жайында келесі тарауда толығырақ айтылады. Өте жалпы түрде жүйені қандай да бір тұтастық құрайтын өзара байланысты элементтердің кешені деп ұғыну қалыптасқан.

Криминологияда жүйелік-құрылымдық әдісті қолданудың екі аспектісінің өзара байланысында маңыздылық бар. Біріншіден, қылмыскерлікті көптеген өзара байланысты қылмыстар мен оларды жасаған адамдардың жиынтығы және олардың арасындағы өзара әрекеттестікті табу деп қарастыру. Бұл ретте қылмыскерліктің құрылымы, әр түрлі элементтердің сипаттамасы, олардың өзара әрекеттестігі талданады. Екіншіден, қылмыскерлік неғұрлым ортақ жүйенің – қоғамның шеңберінде зерттеледі. Қылмыскерліктің қоғамның әр түрлі сипаттамаларымен сыртқы байланыстары ашылады, оның ішіндегі бастылары, яғни қылмыскерлікті тудыратын себептік байланыстар бөлініп алынады.

Жүйелік-құрылымдық талдау процесінде, әдетте, математикалық әдістер кең пайдаланылады. Криминологияда оларды пайдалану онша дамыған жоқ. Математикалық модельдеу әдістері шектеулі қолданылады. Сонымен қатар, корреляциялық, кластерлік талдаулар жүргізу және электрондық-есептегіш машиналар пайдаланып басқа да математикалық әдістерді қолдану практикасы кең таралған.

4) Тарихи әдіс. Ол қылмыскерлікті тарихи тұрғыдан, қозғалыста зерттеуді қамтамасыз етеді. Қылмыскерлікке талдау жасағанда, әдетте, қылмыскерліктің сипаттамасы мен үрдісін, сондай-ақ оның өзге құбылыстармен байланысын ашуға мүмкіндік беретіндей ұзақ кезең алынады.

Қылмыскерліктің аймақтық ерекшеліктерін зерттегенде тарихи әдістің бір түрі ретінде салыстырмалы-тарихи әдіс алынады. Бұл ретте мыналар жүзеге асырылады: а) әртүрлі аймақтарда бір кезең аралығында болған бір типті оқиғаларды (кәмелетке толмағандардың, жастардың жасаған қылмыстарын т.б.) салыстыру; б) әр аймақтардағы бірдей сипаттамаларды әртүрлі кезең бойынша салыстыру.

5) Салыстырмалы әдіс. Әр түрлі мемлекеттердегі, мемлекеттің әр түрлі аймақтарындағы қылмыскерлік, жынысы, жасы және әлеуметтік жағдайы және т.б. әр түрлі адамдардың қылмыскерлігі салыстырылады.

Ұқсастық әдісі қолданылғанда кеңістік-уақытқа байланысты қылмыскерлік сипаттамасының қылмыскерліктің қайталанып тұратын сипаттамасымен және адамдар өмірінің қайталанып тұратын жағдайымен ұқсастығы анықталады. Тиісті ұқсастықтар бұл жағдайлар мен қылмыскерліктің өзара байланыстарының фактісі мен тетігін ары қарай зерттеуге негіздеме болады. Айырмашылық әдісін пайдаланғанда қылмыскерліктің бір мемлекеттерде, бір аймақтарда кездесетін, ал басқаларда кездеспейтін сипаттамалары анықталады. Мұндай материалдар қылмыскерліктің ортаның нақты жағдайларымен себептік байланыста екендігі туралы болжам жасауға да және оны тексеруге де негіз болады.

     6) Динамикалық және статистикалық әдістер криминологиялық зерттеулерде кеңінен қолданылады. Әсіресе, қылмыскерлік те жататын осы жаппай құбылыстарды зерттеуде бұл статистикалық әдіс кеңінен пайдаланылады. Динамикалық және статистикалық әдістер әр түрлі білім береді. Динамикалық заңдылықтар дегеніміз даму заңдылығы. Оларды қолдану себептік байланыстарды анықтауға алып келеді. Мысалы, 20 жыл бойы кәмелетке толмай қылмыс жасаған 140-тан аса адамның жеке басының сипаттамалары мен тағдырларына кешенді зерттеу жүргізілді. Зерттеудің бірінші кезеңі – 14-17 жастағыларды қылмыс жасағаннан кейін бірден зерттеу, екінші кезең – 10 жылдан соң, үшінші – тағы 10 жыл өткеннен кейін. Бұл біреулердің қылмысты қайталағандығы, біреулердің дұрыс жолға түскендігі, ал біреулердің азғындап кеткендігі қандай мән-жағдайлармен байланысты екендігін анықтауға мүмкіндік берді.

Қолданыстағы заңнамада қылмыстылықтың шектері көрсетілген, бірақ криминологиялық зерттеу шектері одан ауқымды болып келеді. Қоғам мен заңнама өзгергенде қылмыс және қылмыс емес әрекеттер мазмұны мен шектері де өзгереді. Криминологтар да басқа ғалымдар секілді қоғамдық қауіпті әрекетті қылмыстандыру (криминализациялау) және бұрын қылмысты әрекет саналған іс-әрекеттерді ондайлардың қатарынан алып тастауға (декриминализациялауға) себін тигізеді.

 

1.4 Ғылым жүйесіндегі қылмыснаманың алатын орны.

Бірқатар авторлар криминологияны пәндераралық ғылым деп санайды, криминалист заңгер де, қоғамтанушы да болуы тиіс дейді. Бұл криминалист үшін мақтанарлық жай. Бұндай көзқарас бірқатар тактикалық мәселелерді шешерде қиындық тудырады. Мысалы, криминологтарды қай мамандық шеңберінде дайындау керек? «Пәнаралық» ғылым деген не? Ол қай пәндер арасында?

Сонымен қатар, пәнаралық зерттеулер мен пәнаралық ғылымды айыра білу керек. Мұндай зерттеулерге әр түрлі мамандар қатысады, ал маман-криминолог деген кім, оған не үйрету керек, оны базалық даярлау қандай болуы тиіс?

Бұл мәселелер әр түрлі шешілді және шешіліп келеді. Бұған негізі төрт көзқарас бар:

  1. Криминология – қылмыскерлік социологиясы және зерттеушіні социологиялық даярлау базалық болуы тиіс. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттерде криминологияны заңгерлер емес, болашақ социологтар өтеді (АҚШ, Ұлыбритания және т.б.).
  2. Криминология – заң ғылымы және мамандарды заңдық даярлау базалық болуы тиіс. Оған мынадай аргументтер келтірілген: қылмыстың шекарасын заң белгілейді, қылмыскерлікпен оның барлық аспектісінде күресуді заң құқық бұзушылықтың басқа түрлерімен және өзге де келеңсіз әлеуметтік ауытқулармен салыстырғанда өте мұқият реттейді.

Ресейде, Батыс Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде криминологияны заң факультеттерінде өтеді. Тиісінше, криминология, заң мамандықтарының бірі ретінде қаралады. Бұл ретте, криминолог, басқа маман-заңгерлерге қарағанда социологияны, әлеуметтік психологияны жақсы білуге тиіс деген ұғым бар. Басқа сөзбен айтқанда, криминология әлеуметтік-құқықтық ғылым деп саналады. Шындығына келгенде, юриспруденцияға, әлемге социологиялық кең көзқараста болу тән. Сондықтан да болар, болашақ заңгерлер философияны да, психологияны да, экономиканы да, статистиканы да, сот психиатриясын да, сот медицинасын да өтуге тиіс. Юриспруденция жалаң заңдық-догматикалық көзқарастан әлдеқашан өтіп кетті. Әрине, заңгерлерді мамандандыру бар. Ол заңгерлердің философия негізін, психологияны, статистиканы және т.б. білуімен шектелмейді. Олар «криминалдық цикл» деп аталатын пәндерді жақсы игеруі тиіс (қылмыстық құқық, қылмыстық процесс, сот статистикасы және т.б.).

  1. Криминологиялық зерттеулер – бұл, бәрінен бұрын, адамның мінез-құлқын зерттеу, сондықтан оны маман-психологтар, психиатрлар жүргізуі тиіс. Бұл «клиникалық» криминология деп аталатынның өкілдеріне тән. Бірақ соңғы онжылдықтар практикасында мұндай көзқарас социологиялық, экономикалық, заңдық және басқа танымдар ескеріліп жүзеге асырылатын, яғни кешенді немесе пәнаралық деп саналатын криминологиялық зерттеудің объектісіне айналды.
  2. Криминологиялық зерттеу, бұл – пәнаралық зерттеу. «Криминология – айрықша тұтастық құрайтын әр түрлі білімдер мен әдістердің жүйесі, сондай-ақ қылмыскерлікті зерттеуге бағытталған пәнаралық ғылыми-зерттеу қызметінің айрықша жүйесі» - деп санайды В.Б.Першин мен А.Н.Подрядов[i]. Мұндай көзқараспен криминологияны «кешенді ғылым» деп те атауға болады.

Мынадай сұрақтар туындайды: құқықпен қоса социология туралы неге сөз болады? Неге экономика, саясаттану және басқа ғылымдар жайында емес? Ал, социология дегеніміз – қоғам өмірінің әлеуметтік саласының заңдылығын зерттейтін қоғамдық ғылымдардың бірі ғана.

Қылмыснама мен бұл ғылымдардың арақатынасын мемлекет және құқық теориясы мен басқа заң пәндерінің арақатынасымен салыстыруға болады.

Қылмыснама жөніндегі оқулықтар мен оқу орындарында криминологияның прокурорлық қадағалаумен, азаматтық құқық және процеспен, басқа да құқық мамандықтарымен, сондай-ақ өзге де қоғамдық ғылымдармен: философиямен, политологиямен, социологиямен, экономикамен, демографиямен, әлеуметтік және жалпы психологиямен, статистикамен тығыз байланыста екендігі жайында айтылған[ii].

Қылмыснамада сөзсіз практикалық сипат бар екендігін көрсетуге болады: оның ұсыныстары негізінде қылмыскерлікпен күрестің бағдарламасы жасалады, заңнамалар өзгереді, қоғамдық қатынастар жетілдіріледі, қылмыстардың себептері, қылмыскердің жеке басы туралы мәліметтер көрініс табатын қылмыстық-іс жүргізу құжаттары, прокурорлық қадағалау актілері жасалады және т.б. Тергеуші, прокурор, судья, жедел-іздестіру, контрбарлау, барлау қызметін жүзеге асырушы адамдар, адвокат қылмыстың себептері мен жағдайларын дұрыс талдай алуға, қылмыскердің жеке басын дұрыс бағалай білуге, ол себептер мен жағдайларға шара қолдануға міндетті. Заң консультанттары мен нотариустар криминалдық мәмілеге жол бермеуі керек.

Сонымен қатар, белгілі бір әлеуметтік құбылыстың заңдылықтарын зерттейтін қылмыснама адам және қоғам туралы ғылыми ұсыныстар жасауға өз үлесін қосады.

Қазақстанда қылмыснамалық зерттеулермен ғылыми мекемелер мен жоғары заң оқу орындарының қызметкерлері айналысады.

1991 жылы криминологтар Криминологиялық қауымдастық құрды, бұл заңды тұлға болып табылатын ерікті, өзін-өзі басқаратын қоғамдық бірлестік. Оның жұмысының негізгі формалары: семинарлар мен конференциялар өткізу, арнайы әдебиет шығару[iii], криминологиялық сараптама жүргізу, заң жобаларын жасауға қатысу, зерттеулер ұйымдастыру, тиісті мамандармен халықаралық байланыстар орнату.

Қазақстан криминалистеріне тән қасиет – қылмыскерлікті шетелдік және халықаралық зерттеуге қатты ықылас қою. Криминология жөніндегі көптеген еңбектер орыс тіліне аударылды, ал отандық ғалымдардың еңбектері шет елдерде басылып шығуда.

Қылмыснама ғылым және оқу пәні ретінде мыналардан тұрады:

  1. Жалпы бөлім – қылмыснамалық құбылыстарды қылмыстың нақты түрлеріне қарамай, ерекшеліктерді көрсетпей,толық қорытылған түрде талқылайды
  2. Ерекше бөлім – қылмыстық қызметтің нақты түрлеріне қатысты қылмыснамалық сипаттама береді

Қылмыснаманың бірқатар заңи және басқа да заңи емес ғылымдармен байланысы бар: Қылмыстық құқық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару құқығы, Криминалистика, Әкімшілік құқық, Азаматтық құқық, Отбасы құқығы, Еңбек құқығы, Сот статистикасы, Құқықтық психология, Сот психологиясы, Жедел іздестіру қызметі және т.б.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Алауханов Е.О. Криминология. Алматы Жеті жарғы, 2005.- 480 б.

2 Алауханов  Е. О. Криминология : учебник / Алауханов Е. О. – Алматы : Жетi жарғы, 2008. – 660 б.

3 Кудрявцев В.Н. Криминология : учебник для студ. вузов, обучающихся по спец. «Юриспруденция» / Кудрявцев В. Н.; под ред.  Эминова, В. Е. – М. : Юристъ, 2007. – 734 б.

4 Кузнецова Н. Ф. Криминология : учеб. пособие / Н. Ф. Кузнецова. – М. : Проспект, 2007. – 327 б.

5 Козаченко И. Я Криминология : учебник для вузов по спец. «Юриспруденция» / И. Я. Козаченко, К. В. Корсаков. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 303 б.

6 Криминология : учебник для вузов / под ред. : В. Н. Кудрявцва, В. Е. Эминова. – 4-е изд., перераб. и доп. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 799 б.

.