2 Тақырып Қылмыскерлік және оның негізгі мінездемесі


2.1 Қылмыскерлік түсінігі. Қылмыскерлік пен қылмыс арасындағы арақатынас

 

Бұл - қылмыскерлік анықтамасын ең қарапайым да түсінікті ыңғайда беру. Қылмыскерліктің қылмыстың жекелеген түрлерімен салыстырғандағы ерекшелігі – оның жаппайлығында. Жаппай болған жағдайда қандай да бір құбылыстың саны статистикалық талдауға келеді, нәтижесінде белгілі бір статистикалық заңдылық анықталады.

Қандай да бір объектінің жүйелік-құрылымдық сипаты туралы мәселе сол объектінің өзі бөлігі болып табылатын неғұрлым жалпы бүтіннің өзгеруімен өзара байланыста қалай өзгеретіндігін және бүтіннің бір бөлігінің басқа бөліктің өзгеруімен қалай байланысты екендігін анықтау қажет болған жағдайда туындайды.

Бұл міндет күрделі құбылыс ретінде қылмыстың қоғаммен органикалық бірлігін зерттейтін, оның әртүрлі формаларының өзара байланысын зерттейтін криминологтар алдында да қалайда туындайды.

Қылмыскерлік дегеніміз өзара байланысты элементтердің белгілі бір жүйесі, онда едәуір дербестік, оның жекелеген элементтеріне тән емес сапалы сипаттама бар. Сондықтан да қылмыскерліктің өз тарихы, даму логикасы бар.

Қылмыскерлік бүтіндік сипаты және басқа құбылыстардан бөлектігі мүлде айқын емес жүйелер типіне жатады. Қылмыскерлік бірімен бірі байланысты емес әртүрлі қылмыстардың конгломераты деген де пікірлер бар.

Қылмыскерліктің жүйелік сипатының негіздемесі мыналарға сүйенген:

а) қылмыскерлікті едәуір жалпы жүйенің – бүтіндей қоғамның элементі ретінде, сол қоғамның ерекше шағын жүйесі деп тану;

б) қылмыстылықтың белгілі бір бүтіндігін негіздеу;

в) қылмыскерліктің бірімен бірі өзара байланыстағы, барлық қылмыскерлікке бүтіндей жаңа сапалы сипаттама беретін, оның жекелеген элементтерінен өзгеше нақты элементтерін бөліп алу.

Жүйеге қойылатын талаптардың бірі – «осы жүйені қамтитындай кемінде бір үлкен жүйенің болуы».

Қылмыскерлікке қатысты алсақ үлкен жүйе деп қоғамды санауға болады. Қылмыскерлік – қоғамда болатын және онымен тығыз байланыстағы құбылыс. Оның түрлері мен элементтері тым болмаса қылмыстың тұтас, ортақ детерминанты ретіндегі қоғам арқылы өзара байланысты.

Нақты зерттеулер ұрлық, зорлау, адам өлтіру, сапасыз өнім шығару, есепті бұрмалау сияқты әр түрлі қылмыстардың аймақтық әлеуметтік ортамен детерминациясының ортақ бағытын көрсетіп отыр. Бір үлкен қалада ірі өнеркәсіптік кәсіпорын негізгі «жұмыс беруші» деп саналған. 70-жылдардың аяғында қысқа мерзімде өндіріс көлемін үштен бірге ұлғайту жөнінде тапсырма берілген. Ал, әлеуметтік проблемаларды шешуге қажетті қаражат кәсіпорынға бөлінбеген.

Көрсетілген өндірістік тапсырманы орындау үшін басқа аймақтардан қызметкерлер алып келу керек еді. Бірақ білікті мамандарды шақыруға ешқандай мүмкіндік болмады: оларға беретін пәтер жоқ, қажетті тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз ету бұл жерде жолға қойылмаған, сауықтыру орындары жоқ, бар болғаны жатақханадан орын беру ғана еді. Сол себепті кәсіпорын кәсіби-техникалық және басқа оқу орындарының түлектерін шақыра бастады; үйінен қашқан, жұмыста берекесіз, маскүнем, жалқау адамдар, қысқасы одан қашқан, бұдан қашқандар келе бастады. Олар жұмысты алып кете алмады, жоғары айлық та талап етпеді. Нәтижесінде қосып жазуға тура келді, ал шығарылған өнім сапасыз болды. Қосып жазу нәтижесінде артық болып шыққан материалдық құралдар ұрланды, талан-таражға түсті. Сонымен қатар жатақханаларда маскүнемдік, төбелес, бейбастақтық кең етек алды.

Бұрын сотталғандар, «көпті көргендер» билік тізгінін қолдарына алды. Олар жастарды өзінше «тәрбиелей» бастады. Ал, айтқанына көнбеген, айдауына жүрмегендерге зорлық-зомбылық жасалды. Қалада ұрлық, әйел зорлау және басқа қылмыстар көбейді.

Кәмелетке толмағандар мен ересек адамдардың қылмыстылығын, пайдақорлық және зорлық-зомбылық қылмысты зерттеушілер қылмыстылықтың бұл түрлерін тудыратын әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық факторлардың ұқсас екендігін байқады. Бұл аталған факторлар қылмыстық іс-қимылдың бір-бірімен әртүрлі байланыстарындағы өзіндік формаларын, ықпал ету тетіктерінің бөлек екендігін анықтайды.

Қылмыскерлікті ол үшін неғұрлым жалпы жүйенің (бірақ, бүтіндей қоғамнан кішілеу) бөлігі ретінде, келеңсіз әлеуметтік ауытқулар ретінде қарау керек. Бұл ауытқулар әрқилы: көлеңкелі немесе қосарланған экономика, маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, өзіне-өзі қол жұмсау және т.б. Қылмыскерліктің келеңсіз әлеуметтік ауытқулардан айырмашылығы оның қоғам үшін аса қауіптілігінде. Мұндай бағаны мемлекет қылмыстық заңда берген.

Бұл – формальды критерий емес, қандай да бір іс-әрекетті қылмыс ретінде бағалау ойдан алынбайды, онда әлеуметтік рең бар, ол орын мен уақыттың белгілі бір жағдайларымен «байланыстырылады». Қылмыстар тізбесі әртүрлі мемлекеттерде және тарихи әртүрлі кезеңдерде аса көп түрлі емес. Адамдардың өмірі мен денсаулығына, абыройы мен ар-ожданына, мемлекетте орныққан конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, қызметтік міндетті, экономикалық қызметті жүзеге асыру тәртібіне қастандық, ұрлық және меншік иесінің еркінен тыс бөтеннің мүлкін иеленудің өзге формалары, міне осы іс-әрекеттер қылмыстық заңдардың мазмұнын толықтай қамтиды. Осы қастандықтардың әрбір түрі ҚК баптарында нақтыланған. Криминологиялық зерттеулерде «салыстырмалы қылмыстар» массиві деп аталатындар бөлек қаралады, олар жайындағы заң нормалары өзгермеген, ал оларға қатысты статистикалық мәліметтерді салыстыруға болады. Бұл массив бар болғаны 16 бапты қамтиды, бірақ оларға 1980 жылы тіркелген барлық қылмыстардың 56%-ы, 1999 жылы - 70%-ы келіп отыр.

Қылмыскерліктің ерекшелігі туралы айтқанда оның қылмыстық жаза көзделген ең қатаң тыйымды көптеген азаматтардың айыпты бұзғандығының нәтижесі екендігін ескеру керек. Нормаларды қылмыстық заңмен қорғау оларға жаңа сапа береді. Тиісінше, бұл нормаларды бұзу да жаңа сапаға ие болады.

Қылмыстық жазалаушылықта әңгіме қылмыстық тыйымды іс-қимылдың басқа нұсқалары жол берген жағдайларда айыпты бұзу жайында ғана болады. Қылмыстық іс-қимылды түсіндіргенде мұны ұмытпау керек.

Барлық қылмыстық көріністер үшін неғұрлым ортақ сапа критерийі мынау бола алады: әлеуметтік негізі бар, сонымен қатар, қылмыстық-құқықтық тыйымды өзге келеңсіз әлеуметтік ауытқулармен салыстырғанда қоғамға қауіптіліктің ең жоғарғы сатысы болып табылатын айыпты бұзу.

Қылмыскерлік теріс әлеуметтік ауытқулардың  ең шыңында тұр. Криминологиялық зерттеулер көрсетіп отырғандай, қасақана ауыр қылмыс жасаған жағдайлардың 90%-нан астамында айыптының мінез-құлқында бұрындары теріс ауытқулар байқалған. Нормалардан немесе оң ауытқулардан қылмысқа бірден секіріп өту де болады, бірақ ол айрықша жағдайларда не айыпты адамның көңіл күйінің ерекше толқуы кезінде (аффект) орын алады.

Қылмыскерліктің айрықша әлеуметтік құбылыс ретінде қандай да бір бүтіндігі, жүйелілігі оларды майда құрылымдарға бөлгенде, олардың арасындағы өзара байланысты талдағанда байқалады.

Қылмыскерлік белгілі бір орта типтері мен жеке адам типтерінің өзара әрекеттесуінің нәтижесі ретінде қаралатындықтан, қылмыкерліктің екі ірі құрылымшасы бөлініп алынады:

  1. «тұрақты», оның туындауында адамның жеке басының сипаттамасы жетекші рөл атқарады: адам кедергілерді жеңеді, қылмыс жасауға қолайлы жағдай тудырады, оларды ұтымды пайдаланады;
  2. «ситуациялық», оның генезисін жеке бастың сипаттамаларына қарағанда ортаның күштірек ықпалы, қылмыстық іс-қимылдың күрделі ситуациясы анықтайды.

Мұндай бөлектеу әлеуметтік ықпалдың жеке бастың сипаттамасында із қалдыратынына және ұзақ уақыт бойы адамның іс-қимыл сипатын анықтайтындығына негізделген. «Ситуациялық» қылмыскерлік әлеуметтік жағдайлардың, ситуацияның өзгерісін тез әрі тікелей сезеді. Қылмыскердің жеке басындағы өзгерістің оның генезисіндегі рөлі шамалы, ол өзгерістер де шамалы.

Қылмыскерліктің осы түрлерінің әрқайсысында да екі құрылымша бөлініп алынады:

  1. «тұрақты» қылмыскерлікте – «алдын ала қасақана» (оның ішінде ұйымдасқан, кәсібилерді қоса) және «өзекті-мақсатты» (адамның сәті келген кезде іс-қимылдың вариантын табан асты таңдауын сипаттайтын);
  2. «ситуациялық» қылмыскерлікте – «виктимдік-ситуациялық» (қылмыс жасауға көрінеу қолайсыз ситуацияны және қылмыскердің сондай ситуацияны жасауға және оған түсуге кінәсін сипаттайтын) және «кездейсоқ-ситуациялық» (қылмыс жасаудың күрделі ситуациясы қылмыс жасаған адамның кінәсінен тыс болады, ондай жағдай ол үшін тосын, үйреншікті емес).

«Алдын ала қасақана» қылмыскерлікте әлеуметтік жағдайларды ойластырып пайдалану, қылмыстық әрекетті жоспарлау, қажет болса – қылмыстық-құқықтық тыйымды бұзу үшін қолайлы жағдай жасау, болған өзгерістерді, оның ішінде әлеуметтік бақылаудағы, қылмыспен күрестегі өзгерістерді ұдайы ескеру байқалады.

Іс-қимылдың қылмыстық вариантын таңдауды субъект тиісті жағдайдағы өзі үшін ең тиімді қадам деп санайды. Бұл ретте келешекте түсетін пайда мен болатын шығындар мұқият есептеледі. Осы жерде жеке бастың рөлі айрықша зор.

«Өзекті-мақсатты» қылмыскерлік өзекті мақсаттың күшті ықпалынан туындайды, мұнда мұқтаждығы, мүдделері теріс бағдар алған немесе оларды қамтамасыз ету амалдары туралы ұғымы заңға сәйкес келмейтін адамдардың белгілі бір әлеуметтік типі сол мұқтаждықтар мен мүдделерді қанағаттандыру мүмкін болатындай ситуацияға тап болады.

Жалпы, ситуациялық қылмыстың көрініс табуы негізінде сол ситуацияның өзі жатады, сол жағдайда адам белгілі бір іс-қимыл вариантын, қылмыстық вариантты таңдайды.

Егер жәбірленуші тарап іс жүзінде сол кезде қылмыс жасаушы адамның өзі болса, ал әңгіме қылмысқа қылмыспен жауап қату жайында болса, онда бұл ситуация тікелей қылмыстық болуы мүмкін. Мысалы, «қылмыстық талқылау» («криминальная разборка») ситуациясы осындай. Ситуацияда, сонымен қатар, жанама немесе шалғай қылмыстық сипат болуы мүмкін, онда ол қылмыскерліктің жанама салдарларын көрсетеді (қылмыскерлік жайлап, жаппай үрей басқан кезде жол көрсетуді өтініп кешкісін саяжайға келген адамды қылмыскерге балап қателесіп өлтіріп қою).

Ситуацияда жалпы қолайсыз сипат та болады: маскүнемдіктің, нашақорлықтың етек алуы, жұмыссыздық, үйсіздік, жаппай өзара сыбайластық және т.б.

«Виктимдік-ситуациялық» қылмыскерлікте ситуацияның рөлі анықтаушы болып табылады, дегенмен қылмыскерлердің кейбір жеке басы сипаттамаларының өзгеруі де бой көтеріп қалады, нәтижесінде олар проблемалық жағдайға тап болады. Мысалы, ішімдікке үйір компанияда дау-жанжал жиі болып тұрады. Ал төбелес бола қалған жағдайда кімнің жәбірленуші, кімнің айыпты болатындығы белгісіз.

«Кездейсоқ-ситуациялық» қылмыскерлікте табан асты туындаған ситуация анықтаушы (толықтай дерлік) болып табылады, адам өзінің бұрынғы кейпімен оған дайын болмағандықтан, дауды шешудің заңды вариантын тез таба алмайды. Мысалы, рульде келе жатқан жүргізуші басқа біреулердің кінәсінен табан асты қиын жағдайға тап болады, бірден дұрыс шешім қабылдай алмағандықтан адам қағып кетеді, ол қаза болады. Әрине, адам қаққан жүргізушінің кәсіби деңгейі төмен болуы, тез пайымдауға қабілеті болмауы мүмкін. Бірақ, жеке бастың қасиеті мұндай күрделі жағдайда қалып көрмеген, адам қақпаған басқа жүргізушілердікіндей болуы мүмкін.

Бұл құрылымшаларды, былайша алғанда, қасақана деп те, «абайсызда» жасалған қылмыс деп те санауға болады. Шынында, соңғыда «қасақаналық» жоқ, бірақ, субъектінің, бұзылуы қоғамға қауіпті салдарға алып келген нормаға қатынасын ескерсек, мұнда «өзекті-мақсатты» қылмыскерлік бар.

Жүргізілген есептерге сүйенсек, әртүрлі аймақтарда ішінара зерттелген қасақана қылмыскерлікте «тұрақты» және «ситуациялықтың» қатынасы 6:1 екен. Жалпы тіркелген қылмыстар ішіндегі алдын ала қасақана қылмыскерліктің үлесі – 50-70%, кездейсоқ-ситуациялық қылмыскерліктің үлесі 0,6-дан 2%-ке дейінгі аралықта. Бұл мәліметтер тек айқындалған және тіркелген қылмыскерлікке ғана қатысты алынған. Қылмыскерліктің латенттік (жасырын) бөлігінде «тұрақтының», әсіресе «алдын ала қасақаналықтың» үлесі бұдан жоғары деп ойлауға негіз бар.

Қылмыскерліктің жүйелік-құрылымдық сипатын негіздеу үшін жекелеген құрылымшаларды (элементтерді) бөліп алумен қатар, олардың араларындағы объективтік байланыстарды да ашу керек. «Объективті байланыс» дегеніміз заттар мен олардың қасиеттері арасындағы қатынас, олардың біреуінің өзгеруі екіншісінің өзгеруіне алып келеді (өзара әрекеттестікте болғандықтан).

Қылмыскерліктің бөлініп алынған құрылымшаларының өзара байланысының негізі оның дамуындағы қылмыстық әрекеттің өзі болып табылады. Белгілі бір жағдайларда қылмыскерліктің бір түрі басқа түрін (түрлерін) туындатады немесе оларға ықпал етеді. Мысалы, қылмыскерлікпен күресте қателік кетсе халықтың бір бөлігі оны өз бетінше түзеуге әрекеттенеді, қылмыстық формада оған қарсылық жасайды немесе оған «бейімделеді». Қарсылық әрекет жасағанда кейбір қылмыскерлерді күш жұмсап жазалайды (қылмыс орнында ұсталса және т.б. жағдайларда). Бейімділік көрсеткенде парақорлармен, ұрлаушылармен қылмыстық мәмілеге келеді.

Алдын ала қасақана қылмыстық әрекет қылмыстық әрекет үшін «қолайлы», өзекті-мақсатты қылмыстарды жасағанда пайдаланылатын ситуация тудырады. Бұл құрылымшалардың өзара байланысы әдебиетте жан-жақты талданған. Қоғаммен жанама байланыста болатындардан басқа, өзара тікелей байланыста болатын әр түрлі құрылымшалар да бар.

Әр түрлі құрылымшалардың, қылмыскерлік элементтерінің тікелей өзара байланыстылығы, өзара әрекеттестігі ғана қылмыскерліктің біршама дербес, айрықша әлеуметтік құбылыс ретінде болатындығының, қылмыскерліктің жүйелік сапасының себепкері болады. Сондықтан да қылмыскерліктің жекелеген түрлеріне оқшау ықпал етуге талпыныс қалайда сәтсіз аяқталады.

Қылмыскерлікпен күресте қылмыскерліктің сипатына сай келетін жүйелік сипат болуға тиіс. Қоғамдық тәртіпті нығайту мәселесін қолға алған кездер болды (көшелерде, алаңдарда, парктерде), бірақ көп ұзамай бұзақылық көріністер, жатақханалардағы, үй-пәтерлердегі төбелестер саны көбейіп кетті.

Қылмыскерлік әлеуметтік жүйе болғандықтан, оған дәл сондай жүйенің сипаттамасы тән: мақсаттылық, ашықтық, қылмыскерлікпен күресте олқылық болса өзін өзі детерминациялау және дамыту.

Қылмыскерліктегі өзгеше мақсаттылық не қоғамға қауіпті, заңға қайшы мақсаттарға қол жеткізуде (есірткі өндіру және оны тарату және т.с.с.), не, жалпы құқық тыйым салмаған мақсаттарға қоғамға қауіпті, заңға қайшы құралдармен қол жеткізуде (қорқытып талап ету жолымен баю, абройын өзін қорлаған адамды қасақана өлтіру арқылы қорғап қалу) көрініс табады.

Әлеуметтік өзара әрекеттестікте қылмыскерлік «қатаң» жүйе ретінде емес, «ашық» жүйе ретінде көрінеді. Ол орта жағдайына бейімделеді, белгілі бір шекте тез өзгереді. Жалпы қылмыскерлік өзін өзі басқарушы жүйе ретінде дамиды және өзі детерминделеді.

Криминологтар сақталу, өзгерген мән-жайға бейімделу; халықтың бір бөлігіне тікелей «қылмысты жұқтыру» жолымен қоғамға шабуыл жасау, қылмыскерлердің тікелей нандыру, еліктіру, нұсқау беру тетіктерін пайдалану есебінен қылмыскерліктің өзін өзі қайта қалпына келтіру эффектісін атап өтеді. Қылмыскерлік, өзінің қоғамға қарсы тұруын қамтамасыз ететіндей ерекше қорғану жүйесін құрып алады. Мұндай жүйені ескеру, білу қылмыскерлікке қарсы тиімді күрес үшін қажет.

Мынадай сұрақ туындайды: қылмыскерлікте жаңа ақпараттарды қабылдауды және өзгерістерге сай бағдар алуды не қамтамасыз етеді? Зерттеулер көрсеткендей, алдын ала қасақаналық, оның ішінде кәсіби және ұйымдасқан қылмыскерлік бұл жерде маңызды рөл атқарады.

Қылмыскерлердің әлеуметтік жағдайларды қылмыстық тұрғыдан мұқият зерттеуі, жай пайдалана салмай, оларға ықпал етуі дәп осылармен байланысты.

Алдын ала қасақаналық қылмыскерліктің барлық жүйесінің дамуындағы қозғаушы күш қана емес, ол өзге құрылымшаларды әр түрлі «жаулап алады». Қылмыскерлік үрдісін, оның өзгеруінің және қоғамға кең ауқымды ықпалының бағыттылығын, ең алдымен, алдын ала қасақана қылмыскерліктің, оның ішінде ұйымдасқан және кәсіби қылмыскерліктің сипаттамасын талдай отырып зерттеу керек.

2.2 Қылмыскерліктің негізгі көрсеткіштері: жайы, құрылымы, деңгейі, динамикасы

 

Қылмыскерліктің жағдайы – белігілі бір территорияда белгілі бір кезеңде жасалған қылмыстардың саны. Қылмыстылықтың жағдайы – сандық стпаттама (қылмыс саны) болып табылады. Басқаша айтқанда, қылмыстың  жай фотосуреті. Жоғарғы соттың сайтында соттылық туралы мәлімет болса, ал ІІМ сайтында қылмыстар туралы мәлімет болады. ҚР қылмыстарды қалай сипаттауға болады? Қазақстанда 4 айдың ішінде бұзақылық, зорлық, ұрлық, адам өлтіру секілді 90 мыңнан астам қылмыс жасалғаны тіркелген. Өткен жылы 200 мың деп тіркелсе, алдыңғы жылы 250 мың тіркелген. Нақты аймақтарда жасалған қылмыстар туралы ақпараттар жайлы айта беруге болады. Немесе қылмыстың  бір түрі бойынша жасалған қылмыс туралы саралау жүргізуге болады. Мысалы қауіпті өңірдің көшін 18 мың қылмыспен Алматы бастап тұр. Кейін тізімді 10 мыңмен оңтүстік Қазақстан облысы жалғап тұр.  Ал, салыстырмады түрде  ең тентектері  аз облыс Атырау болып шықты. Оның ішінде ұрлық қылмысы 40 пайызды құрайды.

Сондықтан сипаттама үшін абсолюттік көрсеткішті емес, салыстырмалы көрсеткішті қолданады – бұл қылмыстылықтың деңгейі.

Қылмыскерлікті зерделеген кезде абсолюттік мәліметтермен қатар салыстырмалы мәліметтер: коэффициенттер, үлестік салмақ немесе үлестер де пайдаланылады.

Қылмыскерліктің таралу себебіне талдама жасағанда:

а) қылмыскерлік деңгейі (тіркелген қылмыстар мен айқындалған қылмыскерлердің абсолюттік саны); б) оның қылмыстылық коэффициентімен көрсетілген қарқындылығы анықталады.

Коэффициенттер қылмыскерлік туралы мәліметтерді халық жайындағы мәліметтермен салыстыру жолымен шығарылады.

Егер тіркелген қылмыстар саны туралы мәліметтер салыстырылса коэффициент Кф деп (факторлар бойынша коэффициент), айқындалған қылмыскерлер санына қатысты коэффициент Ка деп ( адамдар бойынша коэффициент), сотталғандар саны бойынша көрсеткіште Кс деп (сотталғандар бойынша коэффициент) белгіленеді.

Әр түрлі мемлекеттерде, мемлекеттің әр түрлі аймақтарында, сондай-ақ әр түрлі уақыттық кезеңдерде, әр түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерінде қылмыстылық осы коэффициенттер бойынша салыстырылады.

Қылмыскерлік коэффициентін есептеу формуласы:

 

Кф = Қылмыстар фактісінің саны × 100 000 

                     халықтың саны

Бұл жерде есеп 100 000 адамға жасалынған, бірақ 10 000 адамға да, қажет болған жағдайда 1000 адамға да жасауға болады.

Қылмыскерлік коэффициенті не барлық халыққа, не қылмыстық жауаптылық жасындағы халыққа есептелуі мүмкін. Егер есеп барлық халыққа жасалса, онда коэффициент халықтың қылмыскерліктен шеккен іс жүзіндегі жәбірін ғана көрсетеді (100 мың адамға қанша тіркелген қылмыстан келеді).

Ал, жас сәбилер де жәбірленуші болуы мүмкін. 14 жастағы және одан үлкен адамдарға жасалған коэффициент қылмыстық жауаптылық жасындағы халықтың криминалдық белсенділігін – оның қылмыстық іс-қимылға қаншалықты ықпал ететіндігін көрсетеді. Барлық халыққа есептелген коэффициент дәл емес деп саналады.

Қылмыскерліктің жекелеген түрлерін немесе жекелеген қылмыстарды зерделегенде олардың жалпы қылмыскерліктегі үлестік салмағы немесе үлесі есептен шығарылады. Жекелеген қылмыстар санының үлестік салмағы тиісті түрдегі қылмыстардың жалпы санынан да шығарылуы мүмкін. Мысалы, қасақана адам өлтірудің адамның өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстардың да жалпы санындағы үлестік салмағы.

Үлестік салмақты жалпы сомаға не барлық тіркелген қылмыстарға, не белгілі бір түрдегі қылмыстарға қатысты пайыз арқылы көрсетеді.

Қылмыскерліктің құрылымы жайында сөз болғанда қылмыскерліктің әр түрлі көріністерінің үлестік салмақтарының ара қатынастары алынады. Қылмыскерліктің бүл түрлері зерттеушінің бастапқы позициясына және талдаудың міндеттеріне байланысты әр түрлі негіздер бойынша ( айыптың формалары, қылмыс субъектілерінің сипаттамалары және т.б.) бөлініп алынады. Қылмыскерліктің құрылымы кестеде немесе диаграммада көрініс табады.

 

2.3 Қылмыскерліктің латенттігі оның әдістері және бағасы.

 

Латенттік қылмыстылық – қылмыстық статистикадан көрініс таппаған фактілі қылмыстылықтың бөлігі.

Қылмыскерлікте өте жоғары латенттік бар. Тіптен, адам өлтіру болған кейбір жағдайларда ол адам өзін-өзі өлтірді деп көрсетіліп, қылмыстың ізі жойылып, мұқият бүркемеленеді. Егер қылмысты ұйымдасқан және кәсіби топ жасаса, онда латенттік деңгейі жоғары болады.

Криминологтар мынадай тұжырымға келіп отыр: қанша латентті болғанымен «жалпықылмыстық» қылмыстар статистикада толығырақ көрсетіледі. Ал, экономикалық қылмыскерлік 1-5% шамасында ғана көрсетіледі, одан оның қандай үрдісте екендігін анықтау мүмкін емес. Бірақ егер, мысалы, айрықша ірі мөлшерде ұрлаудың тіркелген саны, аса қауіпті контробанда фактілерінің саны артса – бұл мұндай фактілердің көп екендігін көрсетеді. Алтын түйіршігін қанша іздегенмен табылмайды, егер ол сол іздеген жерде жоқ болса.

Басқа қылмыстарға қарағанда ауыр қылмыс қалайда байқалады, себебі оның ізін жасыру қиын. Мысалы, жай дене жарақатын салумен салыстырғанда адам өлтіруде латенттік аз. Аса құнды заттың ұрланғаны ұсақ ұрлыққа қарағанда тез байқалады.

Қылмыскерліктің латенттік бөлігі жасырын және жасырылған қылмыстарды қамтиды.

Қылмыскерліктің жасырын бөлігі, жасалған бірақ ол жайында құқық қорғау органдары мен сот білмейтін қылмыстар мен олардың әр түрлі жиынтығынан құралады. Бұл әр түрлі себептерден болады: жәбірленуші қалтасынан ақшасын ұрлап кеткенін хабарламайды, бақылаушы органдар өздері ашқан заң бұзушылыққа қатысты материалдарды полиция, прокуратура органдарына бермейді.

Қылмыскерліктің жасырылған бөлігі құқық қорғау органдарына белгілі болған, бірақ қандай да бір себептермен қылмыскерлік туралы статистикаға кірмей қалған қылмыстар мен олардың жиынтығын қамтиды. Оған мұндай қылмыстар туралы арыздарды іс жүзінде қарамау да, іс-әрекетке қылмыс емес деп дұрыс баға бермеу де, іс жүргізу шешімін дұрыс жасамау, оның ішінде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің бабына қате сілтеме жасау да, қылмыскерлікті алғашқы есепке алу карточкаларын ресімдеу де, статистика құрастырудағы қателіктер де, тіптен ЭЕМ-ның қателесуі де кіреді. Кейбір қылмыстарды есепке алу принциптеріндегі қателіктер де әсер етеді.

Тиісті қылмыскерліктің латенттігі ескеріліп оның қаншалықты кең таралғандығын білуге мүмкіндік беретіндей бірқатар әдістемелер бар.

Біріншіден, бұл бірқатар статистикалық мәліметтердің салыстырмалы талдамасы. Мысалы, адам өлтіру мен әр түрлі ауырлықтағы дене жарақатының санын салыстыру. Сот-медицина сараптамасы бюросының мәліметтеріне қарағанда, әр түрлі аймақтарда онжылдықтар бойы әрбір ауыр дене жарақатына екі немесе одан көп ауырлығы аздау дене жарақаты және 13-тен 22-дейін жеңіл дене жарақаты келеді екен. Ал, ауыр дене жарақатын алған адамдар саны зорлық-зомбылықпен өлтіргендік белгісі бар немесе басқадай өлтірген адамдар санынан әрқашанда асып түседі.

Сонымен қатар, алғашқы есепке алу карточкаларын, қылмыстық істерді, қылмыстар туралы арыздарды талдағанда қызғаныштан, дау-жанжалдан және т.б. болған адам өлтірудің санын дәл сондай себептермен болған дене жарақаты санымен өзара байланыстырып талдаған жөн.

Тиісінше, ұрып-соғу, дене жарақатын алу туралы арыздар мен хабарларға шара қолданыстың уақтылы және заңды болғандығына баға беру керек.

Жоғарыда аталған талдама меншікке қарсы қылмыстарды, атап айтқанда бірқатар ірі және басқа да ұрлықтарды зерделегенде де қолданылады.

Сонымен қатар, статистикалық мәліметтерді талдағанда прокурорлық және ведомстволық тексерулердің материалдары ескеріледі. Тиісті тексерулерден кейін есепке алынған былтырғы жылғы қылмыстар биылғы тіркелген қылмыстардың қанша пайызын құрағаны анықталады.

Екіншіден, латентті айқындау мақсатында қылмыстық статистиканың, азаматтық-құқықтық деликттер, әкімшілік және тәртіптік құқық бұзушылық статистикасының мәліметтері салыстырылады. Бұған құқық қорғау, сот, бақылаушы және басқадай органдардың материалдары да қамтылып талданады.

Үшіншіден, қылмыстық статистиканың мәліметтері қылмыстар туралы арыздармен, шағымдармен, хабарлармен, оның ішінде тек құқық органдарына ғана емес, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына, басқа ұйымдарға жіберілгендерімен салыстырылады.

Төртіншіден, арнайы анкета бойынша халықтан алынған жауаппен де салыстыру жүргізіледі.

Сауалнаманың мәліметтерін қылмыстық статистика мәліметтерімен тікелей салыстыруға болмайды, себебі халықпен жүргізілген сұрақ-жауапта жәбірленушілер саны ашылады, ал қылмыстық статистиканың негізгі мәліметтері жасалған қылмыстар мен қылмыскерлерге ғана қатысты болады. Бір қылмыстан жәбір шеккендер бірнеше адам болуы тиіс. Сонымен қатар, азаматтар, өздеріне қатысты жасалған іс-әрекетті құқықтық тұрғыдан дұрыс бағаламауы мүмкін.

Шет елдерде эксперимент сияқты әдіс те қолданылады.

Сондай-ақ, қамтылған бақылауды жүзеге асырған да пайдалы. Зерттеу кезінде криминологтар қалаларда ұдайы дүкендерге, кафелерге, ресторандарға барып, клиенттерді алдау фактісінің қаншалықты кең таралғандығын зерделеген. Алданғандардың іс-қимылын байқаған, олардың шағымдарына және клиент құқығын бұзудың басқадай факторларына сол ұйым басшылығының қандай шара қолданғандығын зерттеген.

Соттылық, ашылмаған қылмыскерлік, айқындалған латенттік қылмыстар туралы мәліметтерді жай жинақтап қоса салуға болмайды.

Біріншіден, фактілер мен адамдарды бірге қосуға болмайды. Ашылмаған қылмыстар фактілер бойынша тіркеледі, ал сот статистикасы адамдарды есептейді. Кейде былай айтылады: екі миллионнан аса қылмыс тіркелді, ал сотталғандар саны бір миллиондай ғана адам. Яғни, бір миллионнан аса қылмыс ашылмаған ба? Бірақ, бір адам бірнеше қылмыс жасауы мүмкін ғой.

Екіншіден, қылмыстық статистика қылмыстар мен қылмыскерлерді іс-әрекетті заңдық саралау тұрғысында есепке алады. Қандай да бір іс-әрекеттің латенттік фактісін анықтау - ол туралы мәліметтерді қосымша өңдеуді және заңда көзделген тәртіпте оны саралауды талап етеді.

Қылмыскерліктің латенттігіне жасалған талдаудан кейін заңдылықтың нақты бұзылу фактілерін анықтау жөнінде үлкен мақсатты жұмыс жүргізіледі.

 

2.4 Қылмыскерліктің әлеуметтік салдары.

 

Қылмыскерлікті көп қилы әлеуметтік құбылыстардың ішінен тек белгілі бір шекте, криминологиялық зерттеудің әдістемелік амалдарының бірі ретінде бөліп алуға болады. Ол маңызды, бірақ шектеулі білім береді.

Қылмыскерлікті зерделеудің басқа аспектісі – аймақтың экононмикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени сипаттамалары координаттарындағы талдамасы, оның ішінде қылмыстық емес сипаттағы құқық бұзушылықпен және өзге келеңсіз әлеуметтік ауытқулармен байланысты.

          Тиісінше, қылмыстық, сот статистикасының мәліметтері көптеген басқадай статистикалық және өзге деректермен, оның ішінде әлеуметтік бақылаудың, құқық қорғау органдары қызметінің жайы туралы мәліметтермен салыстырылады.

Криминалдық зерттеулерде аймақтың әлеуметтік сипаттамасы халық және қоныстардың типі туралы мәліметтерді талдау арқылы анықталады.

Халықты мынадай топтарға бөлуге болады:

а) жынысы бойынша, себебі адамдардың әр түрлі әлеуметтік функциялары және тиісінше олардың әлеуметтік жағдайлары мен іс-қимылдарының ерекшеліктері жынысқа байланысты (мысалы, әйелдер еркектерге қарағанда зорлық-зомбылық қылмыстарына сирек барады,  сондықтан да тұрғындары, негізінен, әйелдерден тұратын мекендерде зорлық көрсету қылмыстары аз болады);

б) жасы бойынша (14-15 жас, 16-17 жас, 18-24 жас, 30-49 жас, 50 жас және одан жоғары), себебі әр жасқа қылмыстық іс-қимылдың өз формалары тән (кәмелетке толмағандар, көбіне, ұрлық, тонау, қарақшылық, әйел зорлау, бұзақылық, яғни жалпы қылмыстық іс-әрекеттерді, ал 50 жастан асқандар, негізінен, экономикалық, лауазымдық қылмыстар жасайды);

в) ұлты бойынша. Орыс жазушысы Тендряковтың бейнелеп айтқанындай, «ұлт дегеніміз – іс-қимылдың стереотипі».

Шындығында, әрбір ұлтта және ұлыста өз салт-дәстүрлері болады. Тиісті ұлттың адамдары қылмыс жасағанда, егер олар сол салт-дәстүрлер шеңберінде қалыптасқан болса, олардың қылықтарын жақындары аса қатты кінәламайды, орталарынан қуып шықпайды. Жастайынан қалыптасқан дағды, мақсат байқалып тұрады. Қылмыстық іс-қимылдың формалары, сонымен қатар, қандай да бір ұлттық ортада кең таралған, бірақ қылмыстық емес сипаттағы теріс құбылыстармен де байланысты. Маскүнемдік кең таралған жерде зорлық-зомбылық қылмыстары, ішімдік сатып алуға қажетті қаражатты табан асты табу үшін ситуациялық пайдакүнемдік қылмыстар жиі жасалады.

г) діни нанымы бойынша. Мұсылмандардың спирттік ішімдіктерді пайдаланбауында криминалдық тұрғыдан оң салдар бар. Ал, мұндай аймақтарда ішімдіктің кесірінен жасалған қылмыстар аз болады. Бірақ оларда қылмыстық зардабы айтарлықтай ауыр болып табылатын есірткі қолдану көп тараған. Соңғы кездері құқық қорғау органдарының назарын тоталитарлық секталар өзіне аударып жүр, оларда адамдардың құқықтары мен бостандығын бұзу фактілері жиі кездеседі.

д) отбасының жағдайы бойынша (некеде тұратын адамдар саны, отбасы саны, ажырасқандар және т.б.). Негізінен жастар тұратын қоныстарда кәмелетке толмағандарға, жастарға тән қылмыстар жиі жасалынады. Бұл баяндалғандармен кәмелетке толмағандардың саны да, оның ішінде толық емес отбасыларында тұратындар да, тек ата-анасының отбасында немесе үш буын ұрпақ – ата-әже, ата-ана және балалар бар отбасында тұратындар саны да байланысты. Соңғыларында балалардың жүріс-тұрысына бақылау бар.

Қоныстар типтерін талдағанда мыналарды бөліп алуға болады: а) қала және ауылдық мекендер; б) халықтың санына қарай қалалар былайынша бөлінеді: қалалық типтегі елді-мекен (10 мыңға дейін), шағын (10-50 мың), орта (50-100 мың), ірі ( 100-500 мың), өте ірі (500 мың-1 млн), айрықша ірі ( 1 млн-нан аса) қалалар. Ауылдық елді-мекен, тиісінше – шағын, орта және үлкен болып бөлінеді; в) әкімшіліктік критерий бойынша (астана, облыс, аудан орталықтары және т.б.); г) уақыт және даму қарқыны бойынша (жаңа қала, тез дамушы ескі қала, біртіндеп дамушы қала), себебі онда, мысалы, көші-қон процестері, отбасыларының және басқаларының қалыптасуы әр түрлі қарқынмен дамиды; д) функционалдық нышандары бойынша  (көпфункционалдық астана қалалар, Федерация субъектілерінің көпфункционалды орталықтары, өнеркәсіп, көлік орталықтары, сауықтыру, ғылыми-эксперименттік орталықтар, порт-қалалар, сондай-ақ кәсіпорындарының, ұйымдарының моно-, поли- құрылымдарымен сипатталатын және аралас типтегі қалалар). Кәсіпорындары мен ұйымдары моноқұрылымды мекендерде (шахтерлер, мұнайшылар т.б.) халықтың құрамы мен олардың тұрмыс жағдайы біртекті болады. Сондықтан ондағы қылмыс та біртекті. Ал, аралас типті мекендерде немесе ұйымдарының, кәсіпорындарының құрылымы көп тармақты қоныстарда қылмыстар өз формалары жағынан әр түрлі болады.

Ауылды жерлердегі елді мекендер де функциялық нышандары бойынша бөлінеді.

Ірі және айрықша ірі қалаларда білікті педагог-кадрлар, мәдени қызметкерлер және басқа мамандық адамдары шоғырланған, онымен қатар, ол жерлерде қоғамға жат, қылмыстық өмір салтын құрып жүрген адамдарды айқындау қиынға түседі, ақшаны көп керек ететін «әзәзіл» орындар да жеткілікті.

Аумақтың көлемінің де, халықтың тығыздығының да, оның қалай орналасқандығының да маңызы зор. Мысалы, егер халық негізінен шағын аумақта тұрып, ал кейбір елді мекендер шалғайда орналасса, оларға әлеуметтік бақылау жасау, қылмыстық факторларға уақтылы шара қолдану қиындық тудырады. Мұндай жерлерде бұзақылық әрекеттер, адам денсаулығына қарсы қылмыстар, көбіне, жасырын қалады. Сонымен қатар, тұрғындары бірін-бірі танитын елді мекендерде тонау, қарақшылық деген болмайды, біреудің мүлкін ұрлау сирек кездеседі.

Әлеуметтік-экономикалық сипаттама. Қылмыскерлікті зерделегенде мынадай кезеңдерді алуға болады: а) меншік формалары мен ұйымдық-құқықтық формалары әр түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың ара-қатынасы; б) әр түрлі мамандандырылған кәсіпорындар мен ұйымдардың ара-қатынастары (өндіретін, өңдейтін және т.б. өнеркәсіптер, негізінен, тиісті мәліметтерді салыстыру үшін қылмыстық статистикада көрініс тапқан салалар бөлініп алынады); в) халықтың әлеуметтік-кәсіби құрамы (өнеркәсіптің, көліктің, мәдениеттің, ғылымның және т.б. қызметкерлері); г) халықтың мөлшері мен көздері ескерілген табысы бойынша және мөлшері мен сипаты ескерілген шығыны бойынша құрылымы (бала тәрбиесіне, мүгедектерге, кәсіпкерлікті инвестициялау, маскүнемдік және т.б.); баспанасыз адамдардың және тұрақты табысы жоқ адамдардың, оның ішінде жұмыссыз адамдардың болуы; д) аймақтың еңбек ресурстарын қалыптастырудағы және оларды пайдаланудағы ерекшеліктер: өздерінің адамдары, маусымдық мердігер бригадалар, «ары-бері теңселген» көші-қон, бұл жағдайларда қаланың кәсіпорындарында қала маңында немесе қалаға жақындау елді мекендерде тұратын адамдар істейді; өзге де көші-қон ағымдары (кімнің есебінен?); ашық және жасырын жұмыссыздық; е) адамдардың өздерінің өмір сүруі және өсіп-өнуі үшін ең қажет мұқтаждықтарын қамтамасыз ету; ж) халықтың табысына, жұмыс түріне, басқа сипаттамаларына сәйкес келетін өзге мұқтаждықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету.

Аймақта орналасқан кәсіпорындардың сипаты қылмыскерліктің сипатына әсер етеді.

Егер халықтың арасында баспанасыздардың, жұмыссыздардың және басқадай тұрақты табыс көзі жоқ адамдардың үлесі жоғары болса, онда меншікке қарсы қылмыстың да, оның өсуінің де мүмкіндігі жоғары.

Әлеуметтік-саяси сипаттама:

а) халықтың әр түрлі топтарының саяси мүдделерінде қатты айырмашылық бар ма, ол қалай шешімін табады ( аса байлар мен кедей топтар арасындағы қайшылық жаппай тәртіпсіздік, мүлікті қорқытып тартып алу, үй жайларын өртеу формасында болуы мүмкін);

б) аймақта қандай саяси партиялар мен қозғалыстар жұмыс істейді, олар бірімен-бірі қалай әрекеттеседі;

в) билікті құрылымдар әр түрлі саяси мүдделерді қанағаттандыруды қалай қамтамасыз етеді;

г) билікті құрылымдар қалай қалыптасады (азаматтардың сайлау құқығын қылмыстық бұзу бола ма және т.б.);

д) Федералдық органдардың, Федерация субъектілері органдарының және өзін-өзі басқару органдарының және т.б. қатынастары қалай тұрғызылған. Бұл мән-жайлар тек мемлекеттік қылмыстардың ғана емес, лаңкестік актілердің, басқалардың да жасалуын анықтайды. Қарулы қақтығыс болып ұлтаралық қатынас шиеленіскенде көптеген адам қаза табады, жарақаттанады, әйелдер қорланады, үйлер тоналады, басқа да қоғамға қауіпті көріністер орын алады. Мұндай жағдайларда қылмыскерліктің жасырындық сипаты жоғары болады, басқа дағдылы жағдайларға қарағанда, яғни қылмыс мұндай жаппай сипат алмаған кездегімен салыстырғанда қылмыстардың ең ауырлары ғана тіркеледі.

Егемендену процесінің, оның салдарларының да маңызы зор. Кейбір субъектілер егемендік алғаннан кейін қылмыскерлік туралы мәліметтер беруді тоқтатқан, ол жалпы жағдайды бағалауда едәуір қиындық тудырады.

Әлеуметтік-мәдени сипаттама бәрінен бұрын мынадай мәліметтерді қамтиды:

а) мәдениет және спорт мекемелерінің саны, құрылымы, олардың қызметінің сипаты және халықты қамыту дәрежесі туралы;

б) жалпы білім беруді және кәсіби дайындықты қамтамасыз ететін мекемелер туралы;

в) халықтың мұқтаждықтары мен мүдделерінің ерекшеліктері туралы;

г) салттары, дәстүрлері, мінез-құлықтың стереотиптері проблемалық және даулы жағдайларды шешудің қалыптасқан тәсілдері туралы («қанға қан» және т.б.).

Мәдениет, спорт мекемелерінің қызметі, мысалы, бос уақытты өткізудің сипатына әсер етеді, мұның көбіне жастар үшін маңызы зор, ол жастардың дем алу кезіндегі қылмыстық іс-қимылына едәуір әсерін тигізеді (мысалы, казино, ойын-автоматтарына ақша табу мақсатында ұрлыққа бару, т.б.).

Қылмыстардың білім деңгейі қылмыстың сипатынан гөрі, оның формасын анықтайды. Жоғары білімді қылмыскерлер ашық формадағы қылмыстарға (ұрлау, тонау) сирек барады, олар көбіне экономикалық немесе лауазымдық қылмыстар жасауға немесе басқаларды бәсекелеске және т.б. қарсы жалпықылмыстық әрекетке арандатуға бейім болады.

Әлеуметтік-құқықтық сиппаттама жоғарыда көрсетілген сипаттамалармен өзара тығыз байланыста, тіптен айқасып жатыр, бірақ криминолог үшін айрықша маңыздылығы ескеріліп оны өзінше бөлек қарағанды жөн көрдік.

Әңгіме мыналар жайында:

а) қылмыскерлікпен күресуге тиісті мемлекеттік органдардың, қоғамдық және басқа мемлекеттік емес органдардың саны мен құрылымы туралы (оның ішінде, жеке күзет және детективтік қызметтер, ведомстволық қауіпсіздік қызметі).

Мұндай құқық қорғау органдарының «өткізу кабілетінің» маңызы бар, олар заңда белгіленген тәртіпте қылмыскерлік туралы ақпараттың қандай көлемін «өңдей» алады. Мысалы, қылмыстық іздестірудің оперативтік қызметкерлерінің, тергеушілердің саны едәуір көбейсе тіркелген жалпы қылмыстардың саны да өседі. Қылмыстық статистика дегеніміз қылмыстар туралы арыздар мен хабарлардың статистикасы емес, оларды тексерудің және қылмыс фактісін растаудың нәтижесі, қылмыстық іс қозғау туралы қаулыда, не қылмыстық істі ақтамайтын негізде қозғау туралы қаулыда, не қылмыстық істі сол негіздерде қысқарту туралы қаулыда  қылмыстық құрамның бар екендігін көрсететін статистика. Кейде, белгілі бір түрдегі тіркелген қылмыстардың бірдей цифрлары құқық қорғау органдарының тиісті қылмыстарды айқындаудағы, оларды ашудағы және алдын ала тергеу жүргізудегі бірдей мүмкіндіктерімен (жылдан жылға) байланысты;

б) қылмыскерлікпен күресті құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы, құқықтың тиісті нормаларын қолдану практикасы туралы.

Қылмыскерліктің статистикалық көрінісіне қылмыстық заңнаманың өзгеруі едәуір әсер етеді және тіркелген қылмыстар санының өсуі кейбір іс-әрекеттерді қылмысқа жатқызудың, ал азаюы – қылмыс қатарынан шығарудың нәтижесі болуы мүмкін, бұл жағдайды анықтау керек.

Сонымен қатар, заң нормаларын қолдану саясатына да назар аудару керек. Мысалы, Қылмыстық кодекс толық көлемде қолданылып, бірақ, бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар экономикалық қылмыскерлерді, ірі алып-сатарларды қылмыстық жауапқа тарту төңірегінде айқай-шу болған кездер есімізде. Бірқатар жорналшылар, публицистер, саясаткерлер оларды «алтын бастылар», елді «сақтап қалатын» талантты адамдар деп санады. Дегенмен, бұрын аталып өткендей, қылмыскерліктің әлеуметтік сипаттамаларының бір ерекшелігі – оның аса менмендік сипатта көрініс табуында. Бұл тұрғыдан алғанда жоғарыдағы пікірлерді не білместік, не белгілі бір мүддені қорғаушылық деп айтуға болады. Практика көрсеткендей, сол қылмыскерлердің ішінен «Отанды құтқарушылар» табылмады;

в) қылмыстық сипаты жоқ құқық бұзушылықтар туралы, сондай-ақ өзге де теріс әлеуметтік ауытқулар туралы. Мысалы, маскүнемдіктің етек алуы, ішімдік саудасы туралы заңнаманы бұзу - алкогольдік криминалдық бизнеспен байланысты болуы мүмкін, мұндай жағдай есірткіге де қатысты;

г) халықтың құқықтық мәдениетінің жайы мен қылмыскерлікке және онымен күреске қатысты қоғамдық пікір туралы, оның ішінде халықтың қылмыскерлікпен күреске көңіл аудару практикасы туралы.

Егер халықтың құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта болғысы келмесе, онда ол болып жатқан қылмыстық фактілер жайында, айрықша жағдайларда болмаса, айтпайды, қылмыстың жасырын қалу деңгейі жоғары болады. Қылмыстың сипатына жекелеген қылмыстар жайындағы қоғамдық пікірдің өзгеруі де, олармен күрестің нәтижелілігі де, қылмыскерлердің өш алуынан жәбірленушілер мен куәлердің қорғалу жағдайы да, басқа мән-жайлар да әсерін тигізеді.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Каиржанов Е. И. Криминология. – Алматы, 2000. – 318 б.

2 Долгова А. И. Криминология : учебник для вузов, обучающися по спец. «Юриспруденция» / А. И. Долгова. – 3-е изд., перераб. и доп. – М. : Норма, 2007. – 899 б.

3 Кудрявцев В.Н. Криминология : учебник для студ. вузов, обучающихся по спец. «Юриспруденция» / Кудрявцев В. Н.; под ред. Эминова, В. Е. – М. : Юристъ, 2007. – 734 б.

4 Кузнецова Н. Ф. Криминология : учеб. пособие / Н. Ф. Кузнецова. – М. : Проспект, 2007. – 327 б.

5 Козаченко И. Я Криминология : учебник для вузов по спец. «Юриспруденция» / И. Я. Козаченко, К. В. Корсаков. – М. : НОРМА : ИНФРА-М, 2012. – 303 б.

6 Криминология : учебник для вузов / под ред. : В. Н. Кудрявцва, В. Е. Эминова. – 4-е изд., перераб. и доп. – М. : НОРМА :  ИНФРА-М, 2012. – 799 б.

7 Марлухина Е. О. Криминология : учеб. пособие / Е. О. Марлухина. – М. : Дашков и К, 2007. – 372 б.