Дәріс 21.2. Веб-сайттардың жіктелуі
Қазіргі уақытта Дүниежүзілік желіде көптеген веб-сайттар орналасқан және олардың саны тұрақты түрде артып келеді.
Веб-сайттарды бірнеше белгі бойынша жіктеуге болады.
Қызметтердің қолжетімділігі бойынша:
Ашық сайттар – барлық қызметтері кез келген пайдаланушыға толық қолжетімді сайттар.
Жартылай ашық сайттар – қызметтерді пайдалану үшін тіркелу қажет болатын сайттар. Тіркелу көбінесе тегін жүргізіледі.
Жабық сайттар – ұйымдардың қызметтік және корпоративтік сайттары немесе жеке тұлғалардың шектеулі пайдаланушыларға арналған сайттары. Мұндай сайттарға жаңа пайдаланушылар арнайы шақыру арқылы қосылады.
Мазмұнының қалыптасу сипаты бойынша:
Статикалық сайттар – барлық мазмұны алдын ала дайындалатын сайттар. Пайдаланушыға файлдар серверде сақталған күйінде беріледі.
Динамикалық сайттар – мазмұны арнайы сценарийлер немесе бағдарламалар арқылы басқа деректер негізінде қалыптастырылатын сайттар.
Физикалық орналасуы бойынша:
- Интернет желісіндегі сыртқы сайттар;
- жергілікті желі шегінде ғана қолжетімді жергілікті сайттар.
Жергілікті сайттарға ұйымдардың корпоративтік ресурстары немесе провайдердің жергілікті желісінде орналасқан жеке сайттар жатады.
Мақсаты мен ұсынылатын ақпараттың көлемі бойынша:
Сайт-визитка – ұйым немесе жеке кәсіпкер туралы негізгі ақпаратты қамтитын сайт. Онда қызмет бағыты, ұйымның тарихы, бағалар, байланыс деректері, деректемелер және мекенжай сызбасы беріледі.
Өнімдер каталогы – тауарлар мен қызметтердің толық сипаттамасы, сертификаттары, техникалық және тұтынушылық сипаттары, сарапшылардың пікірлері орналастырылатын сайт.
Интернет-дүкен – пайдаланушыға тауарларды таңдауға және тапсырыс беруге мүмкіндік беретін веб-сайт.
Промо-сайт – белгілі бір сауда белгісіне немесе өнімге арналған жарнамалық сайт.
Сайт-квест – өзара байланысты логикалық жұмбақтарды шешуге негізделген жарыс ұйымдастырылатын интернет-ресурс.
Тақырыптық сайт – белгілі бір тақырып бойынша толық ақпарат ұсынатын веб-сайт.
Тақырыптық портал – белгілі бір тақырып бойынша ауқымды ақпарат беретін және пайдаланушылардың форумдар мен чаттар арқылы өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін үлкен веб-ресурс.
Веб-сервис – интернетпен байланысты нақты пайдаланушылық міндетті орындайтын ресурс.
Веб-сервистерге мыналар жатады:
- іздеу сервистері;
- электрондық пошта қызметтері;
- веб-форумдар;
- блог жүргізу сервистері;
- фотохостингтер;
- бейне сақтау сервистері;
- хабарландыру тақталары;
- сайттар каталогтері.