XX ғасырда «структура» ұғымы көптеген ғылым салаларында жиі қолданыла бастады. Мұндай үдеріс гуманитарлық ілімдерде өзінше көрініс тапты. Әдебиеттану, лингвистика, этнография оған түрліше анықтама берді.
Әдеби стуктурализмнің алғашқы ғылыми идеялары Прага лингвистикалық ұйымының бас қосуларында айтыла бастаған. В.Матезиус, Я.Мухаржовский, Р.Якобсон сияқты ғалымдардың еңбектерінде аталмыш ұйымның структуралистік көзқарастарының басты бағыттары айқындалды. Р.Барт, А.Греймас, Ж.Женнет сияқты мүшелері бар Париж семиотикалық мектебі француз структурализмінің негізін қалады. Оларға ілесе шыққан Л.Гольдман бастаған Бельгия социологиялық мектебі де осы бағыттағы ізденістерін бастады. Кейінірек Тарту, Мәскеу, АҚШ структуралистік мектептері жан-жакты зерттеулер жүргізе берді. Еуропа стуктуралистерінің көбі ғасыр соңында постструктурализм мен деконструктивизмге ауысып кетті.
Әдеби структурализм көркем мәтіннің структурасын, яғни оның негізгі қасиеттерін айқындап тұратын тұрақты қатынастарды зерттейтін күрделі ұғымдық аппарат жасатады. Қатынас, элемент, деңгей, оппозиция, жағдай, вариант, инвариант деген терминдер структурализмге қатысты еңбектерде жиі қолданылады. Мұндағы қатынас деген сөз мынадай мәнде қолданылады: элементтердің біреуінің өзгеруі екіншісін де өзгертсе, олардың арасында қатынас бар екен. Элемент дегеніміз - зерттеу обьектісінің әрі қарай бөлуге келмейтін ең кіші құрылымы. Деңгей - араларында қатынас бар біріңғай элементтер құрамы, оларды айыру үшін оппозиция немесе бинарлық деген ұғымдар қолданылады. Инвариант - варианттың модификациясы, яғни элементтердің вертикальды, горизонтальды осьтерде түйісуі, бірінен-бірі кейін орналасуы, синтагматикалық байланысы.
Бұл ғылыми әдістің қағидаларының ішінен екеуін бөліп көрсету қажет. Біреуі - қатынастардың элементтерден үстем тұруы, екіншісі синхронияны диахрониядан жоғары кою.
Структурализмде қолданылатын зерттеу әдістері структуралық талдауға байланысты белгілі бір әрекеттердің мынадай ретті құрамынан тұрады:
1.аксиоматизация - жүйенің әрі қарай элементтерге бөліп талдауға болмайтын бөліктерін анықтап алу;
2.диссоциация - зерттеу обьектісінің элементтерін негіздеріне қарай отырып реттеп алу;
3.ассоциация - элементтердің арасындағы байланыстардың сипатын айқындау;
4.идентификация - элементтердің арасындағы қатынастар арқылы олардың маңызды ортақ белгілерін табуға тырысу;
5.интеграция - элементтерді жиынтық түрде емес, оларды бүтін бөлшегі деп қарастыру.
Әдеби структурализм өзінің зерттеу нысаны ретінде жеке шығармалары адам образының структурасынан бастап әдеби жанр мен әдеби бағыттың структурасына дейінгі ауқымды мәселелерді қарастырады. Дегенмен структуралистердің негізгі зерттеу пәні көркем мәтін мен ПОЭТИКА мәселелері болып отыр.
Көркем мәтіннің структурасының элементтерін айқындауда бірізділік жоқ. Р.Барт көркем мәтінді - табиғи тілдің туынды семантикалық жүйесі десе, Ю.Лотман - туынды модельдеу жүйесі деп санайды. Мұндай көзқарастар структуралық поэтика мен генеративтік поэтика сияқты өз алдына бөлек теориялық пәндердің бөлініп шығуына негіз болды. Олардың мақсаты көркем мәтіндегі сөз, образ символдар арқылы берілген таңбалар мен белгілер жүйесінің түпкі жасырын жатқан структурасын айқындау болды. XX ғасырдың соңғы жылдарында анық байқала бастаған структуралистердің есеп құмарлығы не нәрседен болсын қисындылық табуға ұмтылуы олардың зерттеулерін рационалмзм мен абсолютизмнен тұратын тұжырымдарға айналдырып жіберді. Бұл жағдай структуралистік бағыттың белсенді мүшелерінің арасындағы түсініспеушілік тудырды. Олардың біразы постструктурализмге бет бұрды, қалғандары деконструктивизмге қосылып кетті. Структурализмнің кейбір идеяларын «көркем антропология» пайдаланып жүр.
Қорыта келгенде, структурализм әдісі әдеби коммуникация мәселелеріп тек мәтін элементгерінің, варианттарының арасындағы ішкі қатынастардан іздеді. Автор, мәтін, оқырман арасыдағы байланыстарға назар өте аз аударылды. Көркем мәтіннің мәтіннен тыс тұрған қарым-қатынастары ішінара ғана қарастырылды. Көркем мәтіннің жазылу тарихы, жанр және дәстүр мәселелері сөз арасында айтылып қана отырады. Дегенмен структуралистік әдістің көркем мәтінді талдауда жеткен жетістіктерін әрбір әдебиетші жетік біліп, өз тәжірибесінде қолданғаны артық емес. Фонологиялық структура, мәтіннің белсенді деңгейлері туралы көзқарастарға ойлана қарау қажет.