Кешенді зерттеу әдісі әдебиеттануда XX ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған, соңғы кезде оны кластерлік талдау деп те атап жүргендер бар.
Кешенді көзқарастың жүйелі талдаудан айырмашылықтары бар. Жүйелі көзқарас әдебиеттегі жалпы жүйелілік туралы теорияларға сүйенеді, оларда өнер мен әдебиет өте күрделі иерархиялық жүйелерден тұратындығы анықталған. Осындай макрожүйені әдебиеттану, өнертану, эстетика әрі вертикальді, әрі горизонтальді бағыттарда зерттейді, бірақ бұл ғылыми пәндер өздерінің мүмкіншілігі шектелген кезде басқа ғылым салаларын қолдануға мәжбүр болады.
Кешенді талдауды «ғылымдардың пәнаралық одағы», «әртүрлі ғылымдардың бірін-бірі толықтыруы» деп атау да қалыптаса бастады. Ілімдердің одағы сәйкестік пен ынтымақтастық жағдайында бірлесіп қызмет атқарғанымен әдебиеттанудың жетекші рөлі көрініп тұрады, нәтижесінде көркем шығармашылықтың қыр-сыры жан-жақты ашылады, оған қоса мұндай ізденістер қазіргі заманға сай ғылыми ойлауға жетелейтіні сөзсіз.
Көркем шығармашылықтың зерттеу нысаны ретіндегі қасиеті, сипаты мен қырлары өте көп, солардың ішінен XXI ғасырда аса зәру мәселелерін былайша белгілеуге болатын сыңайлы:
а)көркем ойлау мен ғылыми ойлаудың қарым-қатынасы;
ә)шығармашылық тұлғалардың (жазушы, сазгер, суретші т.б.) жасампаздық қызметінің лабораториясын қарастыру;
б)көркем шығармашылықтың ғылым мен техника ерекше дамыған кездегі жағдайы;
в)өнерді түсіну, тану мен бағалау мәселелері;
г)көркем дарындарды анықтаудың диагностикасы және оны дамыту жолдары.
Көркем мәтінді танып-талдаудың әдіс-амалдары, құралдары, жолдары болғанымен, олар мақсаты, қолданылу аясына қарай жіктеледі. Жеке алғанда олардың көбінің мүмкіндігі шектелгендіктен, зерттеу нәтижелері орнықты және дәйекті болуы үшін әдіс-амалдарды үйлестіре қолдану керектігін есте ұстау керек.