Адамның табиғи және сан алуан жасанды орта мен дүниедегі өмір кешуінің іргелі мәселелерін зерттейтін антропология ілімі XX ғасырда жедел дами бастап, басқа ғылым салаларымен шекарасын айқындап алуға көп уақыт жұмсады. Пәлсапалық, діни, медициналық, психологиялық, әлеуметтік, т.б. антропологиялар ғылыми пән ретінде қалыптасып, жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Әлеуметтік-гуманитарлық пәндермен обьектісі бір болғандықтан антропологиялық таддау теориялық, әлеуметтік-мәдени, қолданбалы сияқты деңгейлерге бөлінген.
Антропологиялық теориялардың негізінде пәлсапа жататыны түсінікті жайт. Пәлсапалық антропология адам болмысының негіздерін, инварианттарымен универсалияларының түп-төркінін қарастырады, оның бастауында тұрған М.Шелер, А.Гелен, Г.Плеснер сияқты оқымыстылар адамды бір субстанция (негізінен сана) арқылы білуге болады дейтін классикалық антропологиядан іргелерін бөліп алған. XX ғасырдағы білім мен ғылымның дамуына сүйеніп адамның танып біле алмайтын құпиялары мен түсіндіруге қиын парадокстың болмысын шұқшия зерттеуге кіріскен бұл ағымның өкілдері маргиналдық сана мен қасиеттерге көп көңіл бөле бастады. Бейсаналық көріністер, санасыздық сәттері, елестік әлем, тән тәжірибесі сияқты мәселелерге қазір баса назар аударылып отыр. Персонализм мен экзистенциализм, психоанализ бен неофрейдизм феноминология және структурализм кейбір теориялық антропологиялық идеялармен тығыз байланысқан, сондықтан олардың қым-қуыт даму мен ілгерілеу үдерістеріне бір-біріне қарсы екі көзқарас қалыптасты. Біреуі адамды биологиялық тұрғыдан бағалап мән берді. А.Гелен адамды толыспаған тірлік иесі десе, Ницше толық қалыптасып бітпеген жануар немесе тағылығы тылсым хайуан деп атаған. Ал Г.Хенстенберг, И.Лотц сияқты ойшылдар адамды рух иесі, жаратқанның жағымды жаны деп қабылдауға діттеген.
Көркем антропология «қаламгердің көркемдік әлемі» деген ұғыммен тікелей байланысты болғандықтан көркемдік әлемді тануды өзінің басты мақсаты ретінде белгілеп алған. Базбір зерттеушілер көркем антропологияны әдебиет теориясының құрамына кіретін бір бөлік деп жүр, олардың өз уәжі бар. Көркем антропологияның негізгі қарастыру нысаны - қаламгер ойы мен қиялы тудырған адам образының көркем мәтінде бейнеленуі және оларды оқырманның, рецепиенттің, интерпретатордың қабылдауы, түсінуі және бағалауының үдерісі, көрінісі, деңгейі, сипаты.
Көркем әлем - идеал тәртіпке сәйкес құрылған жасанды әлем. Оқырман оны өзінше өңдейді, басқаларға таратады, өзгертіп айтады, жаңа нұсқасын жасайды. Жазушы және оқырман санасындағы қиял әлемдерінің арасында байланыстың неше түрі жүріп жатады, көркем антропология осындай қарым-қатынасты арнайы қарастырады. Осы бағыттың өкілдерінің ойы бойынша әдеби мәтін көркем әлем тудырады, ал ол әлем бізді қайта-қайта мәтінге үңілуге мәжбүр етеді екен. Баламалы әлемді эстетикалық таңбалар арқылы мәтінге айналдыру арқылы автор әлемді өзіне бөліп тастайды, сөйтіп Әлем енді Мәтін ретінде өз алына өмір сүре береді деген пікірді антропологтар жан-жақты қаузап жүр, яғни олар үшін көркем мәтіндегі әрбір сөз, сөйлем, деталь мен концептке ерекше мән бере қараудың қажеттілігін дәйектеу басты мақсат екен.
Антропологиялық көркем әлемнің түрлеріне қатысты да аз пікірлері бар. Фольклорлық, мифологиялық модельдердегі әлемдердегі ұжымдық сана мен бейсаналық көріністеріне талдау жасау да бұл әдіс үшін маңызды. Сонымен қатар әр кезең әдебиетінің әлемін анықтауға деген ынтызарлық бар. Дана қаламгерлердің өз көркем әлемін жасаудағы тәжірибесін сараптау да - күн тәртібіндегі зәру мәселе.
Шығармашылық тұлға Мәтін мен Әлемді өзіне ұқсас етіп жасайды деген тезиске сүйенетін ғалымдар әрбір автор өз көркем антропологиясын тудырады деп есептейді. Сонымен бірге әрбір автор АллаҺ жаратқан Адамға деген өз ойы мен сезімін оқырманға білдіру үшін шығармашылықпен айналысады деген пікірлері де назар аударарлық. Оған қоса автордың өзі жасаған көркем әлем мен мәтіндегі тірлік кешуінің сипатын анықтау да осы әдістің жетекші идеяларының қатарында. Адам, сыртқы адам, ішкі адам, персонаж, образ, тұлға, субъект, герой, тип, характер, индивид, адам образы сияқты ұғымдардың мән-мағынасын нақтылау, әр-қайсысының көркемдік-эстетикалык, поэтикалық қызметтерін анықтау да аса маңызды міндеттер деп саналады. Мифологиялық образ, фольклорлық бейне, образ-архетип, инварианттық образ деп жіктей отырып олардың мәтіндегі образдармен байланыс түрлерін сараптау да көп мәселенің астарына үңілуге мүмкіндік береді екен.
Автор, автор – жаратушы, автор – адам, автор – персонаж, автор образы, бейтарап баяндаушы, автор ойыны, автордың шығармашылық әлемі сияқты терминдер негізінде автордың өзін-өзі бақылауы, өзгелерге зер салуы, қиял әлеміне қатынасы, басқа мәтіндердің әсері, кездейсоқтық пен қажеттіліктің сана мен қиялға ықпалы, сыртқы және субъективтік факторлардың шығармашылыққа қысым жасауының себеп-салдарлары, авторлық сананың еркіндігі мен өзін-өзі сынауы тәріздес мәселелерді жеке-жеке немесе бірлікте қарастыру көп нәрсені айқындайтынын ғылыми негіздер аркылы дәлелдеу де аталмыш бағыт үшін өте маңызды.
Психопоэтика, психоанализ, цензура, автоцензура, невротикалық дискурс, автордың, мәтіннің, әдеби кезеңнің, персонаждың психоаналитикалық диагностикасы, шығармашылық невроз бен психоз, әлем тудырушылық, мәтінжасаушылық сияқты мәселелердің антропологиялық астарына үңілу де қазіргі кезде жиі кездесіп отыр.
Көркем мәтіндегі автордың «өзінікі» мен «өзгенікін» анықтау үшін ассоциативтік образ, елес образ, жасанды персонаж, ремейк, өңдеу, плагиат, графомандық, мазақтау, тігісін жатқызу, алдау деген ұғым-түсініктерді қолдану да ұсынылады.
Портрет поэтикасына қатысты мәселелер (портрет түрлері, мимика, іс-әрекет, фон, киім-кешек) арқылы автор оқырманына жаңа ақпарат, белгі, сыр айтатынына да жіті назар аударудың маңыздылығы қуатталады. Сонымен қатар тән поэтикасы, ішкі және сыртқы дене, көркем анатомия, адам тәнінің, мүшелерінің образға айналуы, түрлі адами экспрессия көріністерінің себеп-салдарлары арқылы автор ойы мен идеясын бағалауға болады деген антропологиялық көзқарасқа да ойлана қараған орынды. Бет, бейне, маска, бет пердесінің көркемдік шартты образға айналуы, сезім, эмоция, құштарлық, құлшыныс, елігу, адамның бес сезім мүшесінің қызметі де антропологиялық зерттеу нысаны.
Көркем антропология әдебиеттанудың көптеген терминдеріне синоним ретінде өз ұғымдарын қолдануға әуес, бірақ оларға басқа мағына дарытатыны байқалып отыр. Метафора, аналогия, ырғақ, темпорология, хронотоп автор санасындағы парадигма түрлерінен хабар беріп тұратын негіздер деген пікір назар аударарлық. Адамның есалаң күйі, магиялық, мистикалық тәжірибесі сияқты адам санасының терең қатпарларын бейнелеуге ұмтылатын қазіргі модернистік әдебиетті зерттеуге осы әдіс оңтайлы болып отыр. Адами болмыстың қыр-сырын тексеруде көркем антропология экзистенциализм мен герменевтиканың кейбір идеяларын өз мүдделеріне сәйкес пайдалануда. Кісі бойындағы ақылға бағына бермейтін тылсым күштерді түгендейтін бұл ғылым Бөтен, Абсурд, Бостың, Трансценденция деген ұғымдарға сүйенуде. Заттық тұрмыс пен шынайы тірлік бір-бірне қарсы қойылып, адам табиғатының шекараларын айқындауда сана мен түпсанаға, бейсаналық символдарға баса назар аудару да экзистенциализмнен келген. Герменевтикадағы «түсіну антропологиясы» деген бағытта дамыту арқасында герменевтикалық антропология атты пән қалыптастырылды, оның басты идеясы «түсіну – әлемді танудың әмбебап амалы» дегенге жақын. Мұның негізінде Х.Гадамердің түсіну – адамның барлық іс-әрекетінің негізі деген ой жатқандай.
Тараушаны пысықтауға арналған сұрақтар:
1.Филологияның негізгі зерттеу нысаны?
2.Филологияның құрамына енетін пәндер?
3.Жалпы филология нені зерттейді?
4.Жеке филология неден тұрады?
5.Филологияның мәтінтанудағы бағыттары?
6.Мәтін мен дискурстың айырмашылығы?
7.Герменевтикалық талқылау дегеніміз не?
8.Салыстырмалы талдаудың қажеттілігі және маңызы?
9.Кешенді зерттеудің жүйелі талдаудан айырмашылығы?
10.Әдеби герменевтикалық әдіс дегеніміз не?
11.Әдеби структурализмнің қарастыратын мәселелері?
12.Мәдени-тарихи әдістің негізі?
13.Антропологиялық әдістің анықтайтын мәселелері?