Өркениет, нәсіл, орта, сәт, ұлттық мінез, халық рухы, әдеби дерек сияқты жетекші ұғымдары бар мәдени-тарихи ғылыми бағыттың негізін XIX ғасырда француз ғалымы И. Тэн қалаған, ол адам табиғатын физиологиялық, әлеуметтік, тарихи факторлардың тоғысуы арқылы түсіндіргісі келді, оның іс-әрекетінің жалпы идеясын табуды армандады. Позитивизмнің жақтасы болған Тэн натуралистік эстетикаға жақын болды, Сент-Бевтың теориясына сүйенді.
Көркем әдебиеттің сипатын айқындайтын үш негізді И.Тэн былайша белгілейді: Нәсіл. Орта. Сәт. Нәсіл деген ұғымды ғалым жалпы халыққа тән табиғи темперамент сипаты есебінде түсіндірген, нәсіл әр елде өмір сүріп, түрлі континенттерге таралып кеткенімен бәрібір өзінің ортақ рухани дүниелерін ұмытпайды, яғни нәсіл Тэн үшін тұрақты ұғым, оны ұлттық мінез бен ұлттық ділге барабар мәнде қолдануға болатындығын ғалым қадап айтқан. Нәсілдің рухани құрылымын осылайша анықтап алған соң ғалым нәсіл өмір сүретін «ортаны» зерттеуге ден қояды, нәтижесінде географиялық, әлеуметтік, тарихи орталардың өзгеруі, ауысуы мәдениет пен әдебиетке әсер етеді деген қорытындыға келген. И.Тэн «Сәт» түсінігін мәдениет пен дәстүрдің тарихи деңгейі деп қабылдаған.
Мәдени-тарихи әдіс көркем әдебиетті халық тарихының кезең-кезеңдеріндегі халықтың рухын сақтаушы күш деп бағалайды, яғни әдебиет-кезеңнің мәдени-тарихи құжаты. Аталмыш әдіс өз мүшелеріне қатаң талаптар қойды: жалпы мәдени танымның кеңдігі - зерттеушінің ғылыми интуициясының ғылыми-теориялық мықты негізі.
«Тарихи деректің» әдеби дерекке айналуының астарына үңілуге ерекше назар аударған бұл әдіс ұлттық әдебиет және халықтық әдебиеттің негізгі қозғаушы күштерін саралаудың алуан түрлерін іздеді. Мәдени-тарихи зерттеулер, жалпы алғанда «көркем мәтінді байыпты оқу» әдісі деп есептеледі.