Көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын сараптағаннан кейін оның сыртқы байланыстарын қарастыруға көшуге болады, мұндай еңбек салыстырмалы талдауды қажет ететіндігі аян. Көркем мәтінді салыстырудың мақсаты, әдістері сан алуан болуы мүмкін. Біріншіден, салыстыру – кез келген әдеби зерттеудің міндетті сәті, сондықтан ол - методикалык тәсіл. Басқа жағынан алғанда, салыстыру тарихи-салыстырмалы әдістің негізінде жатқандықтан, әдеби құбылыстарды жүйелеп зерттеудің бір кезеңі деп есептеледі.
Әдебиеттануда бір жазушының шығармаларын салыстыра тексеруге де болады, бір кезеңнің, болмаса бір әдеби ағымның мүшелерінің шығармашылығын, әр ұлттың сөз өнерінің өкілдерінің туындыларын да салыстыра талдау үлгілері бар. Мұндай зерттеулер барысында әсерету, еліктеу, ұқсастык, айырым мәселелері көтеріледі. Жеке тақырып пен идеяның көрінуі, ортак мотивтердің көркемдік қызметі, образдар әлеміндегі ұқсастықтар мен ерекшеліктер, жеке стильдер арасындағы байланыстар, бір шығарманың бірнеше нұсқасы арасындағы өзгерістер табиғаты - міне, осы мәселелердің қақайсысы болмасын салыстыру арқылы көрсетіледі. Әр түрлі әдеби тектер мен түрлерді де салыстыра зерттеуге болады. Мысалы, О. Бөкеевтің «Сайтан көпір» повесі мен осы такырыптағы пьесасын, ол бойынша түсірілген кинофильмді салыстыра қарастыру арқылы да көп ой түюге болады.
Салыстыру арқылы сюжет құрудағы, композиция түзудегі, образ жасаудағы, троптың түрлерін қолданудағы автордың өзіндік ерекшеліктеріне де талдау жасауға болады.
Әдеби құбылыстарды салыстыруда олардың тек ұқсастықтарын іздемей, айырмашылықтарын да керуді мақсат еткен жөн, осының арқасында әдебиеттегі жеке мен жалпы, дәстүр мен жаңашылдық сияқты күрделі құбылыстардың табиғатына үңілуге болады, олардың барлығы қосылып әдеби заңдылықтардың тууы мен қалыптасуын көрсетеді.