Аталмыш бағыттың негізгі теориялық қағидалары XIX ғасырдың соңғы жылдарында А. Веселовскийдің зерттеулерінен белгілі болды. Көптеген халықтардың фольклоры мен әдебиетіндегі формулалар мен мотивтерді салыстыра қарастырып, әдеби, тұрмыстық, әлеуметтік элементтердің қайталанып отыратынын байқаған ғалым олардың арасындағы қатынастарды генетикалық және типологиялық тұрғыдан зерттеу барысында өзінің «Тарихи поэтика» атты атақты еңбегін жазған, Алғашқы кезде А.Вессловский өзінің мәдени - тарихи мектепте жақын екендігін айта келіп, әдебиет тарихы – образды – поэтикалық категориялардың негізі тарихи категорияларда жататындығын орасан көп материалдың негізінде дәлелдеген ғалым осы құбылыстардың теориялық мәселелерін зерттеуге кіріскен. Алдымен «мәдени қатарларды» діттеп алып, оларды синхрондық тұрғыдан қарастырған, «қайталауларды заңдылық деп шешкен Веселовский «европацентристік» көзқарасқа қарсы шықты. Әр мәдениетің өзінің даму ерекшеліктері бар, сондықтан мәдени өмірде «мешеулік» пен артта қалушылық» деген ұғымдардың ғылыми орынсыз екендігін қадап айткан ғалым «ұқсас фактілердің параллель қатары», «типологиялық түйісу» сияқты түсініктер аркылы типологиялық сәйкестіктер мен ұқсастықтардың түп төркінін өзінше сараптаған. Оның ойынша, көркем әдебиеттердегі ұқсас деректер қатарын салғастыру үшін алдымен қайталау қағидаттарының қай дәрежеде көрінетіндігін анықтап алу керек екен.
Қарапайым поэтикалық формулалардың, теңеулердің, символдардың, мотивтердің пайда болуы мен қалыптасу механизмін жіті зерттеген ғалым олардың төркінінде ұқсас психикалық процестер мен ырғақтар жатқанын айқындаған. Сонымен бірге А.Веселовский поэтикалық ойлаудың генезисі психологиялық параллелизм мен параллель ырғақтарға тәуелді екендігін көрсеткен. Ұқсастықтар мен сәйкестіктердің образдар арасындағы «қарым-қатынас сапасына» да байланысты болатындығы туралы пікірдің әдбиеттанудың дамуына әсері мол болды. «Категориялар», «белгілер», «қозғалыс», «жігерлі қызмет» сияқты ұғымдарды бір-біріне сәйкестендіріп тұратын «коллективтік автор» және «реалдылық» деген терминдер екендігіне тоқталған ғалым туыстас сюжеттер бар екі әдебиетті жай салғастыра салудың қисынсыз екенін де ескерткен.
Жеке шығармашылық пен дәстүрдің арасындағы қатынастарды қарастыра келіп ғалым дәстүрге басымдық бере отырып, «ұжымдық автор» мен «оқырман ұжымы» арасындағы байланыстың ілгерінді-кейінді сипатына назар аударудың өзектілігін атаған. Шығармашылық үдеріс пен қабылдау үдерісі арасындағы байланыстарды сараптағанда академик сөз, образ бен сюжеттің басқа заманның оқырманына «жаңа мағына» дарыта алатын «суггестивтілік» категориясына сүйенген. Қабылдаудың типтік ұқсастықтарына зер салған ғалым әдебиеттегі концептілерді зерттеудің бағдарламасын ұсынған. Осындай теориялық негізі бар тарихи салыстырмалы әдістің шектеулі тұстары да бар. Теориялық модельді қолдану үшін ұзақ уақыт қалыптасқан кезеңді қамту керек болды, сондықтан оларды нақты әдеби үдеріспен, жанрлармен байланыстыру үшін компаративистика өз алдына бөлініп шықты.
Диалог, «өзінікі мен өзгенікі», рецепция, «қарсы ағыс», генезис, типология, интермәтін, палимсест сияқты ұғым-түсініктерге сүйенетін компаративистикалық ілім салыстыру мен салғастыруды «өзінікі» мен «өзгенің» арасындағы «теңдік» пен «ерекшелікті» анықтаудан бастайды. Шығармашылық еңбекте «салыстыру» қағидатын қолдану ауыспалы мағыналарға көп назар аударуға жетелейді. Өнер түрлерінің арасындағы диалогты зерттеудің де берері көп. Компаративистік көзқарастың бір ерекшелігі - ол әдеби коммуникацияның кез-келген бөлігін жеке тексере алады.
Қазіргі заманға компаративистиканың жетекші идеяларының қатарына әсер ету мен қабылдаудың құндылығының теңгермелілігі жатқызылып жүр. «Ықпал ету» теориясын негізге алған зерттеулер ылғи нәтижелі бола бермейді, өйткені ол үнемі жүріп жататын үдеріс болғандықтан адресат пеи рецепиенттің қарым-қатынасын бөліп алып қарастыру өте қиын. «Әсер ету», «ықпал ету» деген түсініктерден гөрі екі жаққа ортақ «әдеби байланыстар» деген терминді қолдануды жақтайтындар көбейіп келе жатыр.
Әсер ету рецепиенттің көркем ойлауын өзгертеді екен, бірақ диалог барысында авторда басқа сипатқа ауысады, сөйтіп көркем мәтіннің бұрын байқалмаған жаңа қырлары ашылады. Әсер етудің сырткы фактордан ішкі факторға өтуі жиі байқалады. Мәтіннің қайта жаңғыруы, жарақталуы аударма барысында көп кездесуде. Қазақ авторларының шығармаларының басқа тілдерге аударылған нұсқаларын салыстыра тексеру арқылы ұлттық әдебиеттің концептілерін нақтылауға мүмкіндік бар.
Компаративистер екі көркем мәтінді салыстыру зерттеу кезінде алдымен олардың жанрлық сипаттарын, баяндау тәсілдерін, тақырыптарын, мотивтерін есепке алуды ұсынады. Әрі қарай стиль мен әдеби тіл мәселесіне көшу қажеттігін айтады. Мәтінаралық байланыстарды анықтау жұмысы аллюзия, пародия, цитация, вариация, коллаж, монтаж, пастиш, филиация, реминсценция сияқты құбылыстарды қарастыру арқылы жүргізіледі. Автордың бұл түсініктерді өзінше қорытуы, ыңғайлауы, бейімдеуіне компаративистика баса назар аударады.