Көркем шығарманың құпиясын толық тануға деген ұмтылыс ертеден бері жалғасып келеді. Аристотель, Платон, Сенека сияқты ойшылдар негізін салып кеткен ғылыми бағыттар күрделі мәселелерді көтерді. XIX ғасырдың соңында көптеген ғылыми салалар автордың адами болмысына және оқырманның мәтінді оқу, түсіну кезіндегі психологиялық күйлеріне ерекше назар аудара бастады. Еуропа психологиялық мектебі, Юнгтың аналитикалық психологиясы, И.Тэннің «жаңа жолы», Фрейдтің «психоанализі», Э.Эннекеннің «эстопсихологиясы», Харьков психологиялық мектебінің өкілдері сияқты әр түрлі пиғылдағы ғылыми бағыттардың ортақ зерттеу нысаны осы кезде айқындала бастады. Талант құпиясы, дарынның жасырын көздерін табуға деген ынтызарлық В.Гумбольдт, А.Потебня, Л.Выготский, Г.Башлер тәріздес үлкен ғалымдардың теориялық көзқарастарына сүйенді.
Негізгі зерттеулер ауаны «автор-шығарма» және «шығарма -оқырман» сияқты жүйелер арасындағы қатынастар құрамын, байланыстырар деңгейін анықтауға бағытталды.
Неміс ғалым В.Гумбольдт (1767-1835) әрбір сөзді ғасырлар бойы жинақталған, ораулы метафора деп есептеді. Сөз - образ мазмұнды білдірмейді, тек оның бағытын меңзейді. Географиялық және тарихи реалийлер арқылы сөздің ұлттық ішкі пішіні қалыптасады деген оның пікірін орыс ғалымы А.Потебня әрі қарай дамытты, ол тілдің ішкі формасының басымдылығын өзінше дәлелдеп, образ ойды бейнелемейді, тек ойды тудырушы амалдардың бірі дегенді айтты. Көркем ойлаудың психологиясын, шығармашылық үдерістің динамикасын шұқшия зерттеу арқылы А.Потебняның ізбасарлары «лингвистикалық поэтика» атты жаңа ғылыми бағытты қалыптастырды, олар әдебиеттану мен лингвистиканың мәселелерін тұтас қарастыруды мақсат етті. Сөз - бүктеулі метафора - автор мен оқырманның екеуінің де психологиялық өрісін анықтаушы деген тезистің басты жетістігі - образдың көп мағыналылығы және оны талқылаудың мүмкіндігінің молдығы еді. Мұндай көзқарас релятивизмге және зерттеушінің субьективизміне жол берді. Осындай келеңсіздіктен құтылудың жолын Харьков психологиялық мектебінің өкілдері тапқандай болды. Олар автордың психологиясы мен биографиясына, мәтіннің тарихи және ұлттық негіздеріне ерекше мән берді.
Әдеби құбылыстарды белгілі психикалық процестерге (сезім, түйсік, сана) бөліп тексеруге болатындығын негізге алған бұл бағыттың өкілдері қаламгердің «тұлғалық психологиялық формасын» табуға тырысты. Тілді - психологиялық форма деп есептеу де ғылыми тұрғыдан өнімді көзқарас болды.
Жалпы психология мәселелерімен айналысатын ғалымдар көркем әдебиетті зерттеуге басқа қырынан келді. Л.Выготский өзінің «Өнер психологиясы» (1965) кітабында көркем өнердің оқырман мен көрермен психологиясына әсер-ықпалын жан-жақты карастырған. Ғалым «обьективтік психология» мен «жаңа өнертану» бағыттарының түйісетін тұстарына ерекше мән беріп, әлемді билеп тұрған жалпы биологиялық заңдылықтарды табуға бел буды, мұндай ниет оны фрейдизмге алып келді, ол да Фрейд сияқты бейсана психологиялық құбылыстарға әмбебап мазмұн берді. Л.Выготский мен оның жақтастары автордың психикалық дамуын шұқшиып тексеруге кірісті, оның болмысындағы «құпияларды» жаңа жалпы психологиялық теория арқылы зерттеуге ден қойды. Психоанализ, оның пароліне айналған «либидо» ұғымы әдебиеттануға да әсер етті. Адамның іс-әрекетінің түбінде биогенетикалық заңдар жататындығын медициналық тәжерибемен дәлелдеу мүмкін болмағандықтан бұл ғалымдар автордың "либидосы" мен оның кейіпкерлерінің «либидосының» арасындағы байланыс деңгейін зерттеуге ауысты.
Психоаналитикалық бағыттың адамның табиғатын тереңде бұғып жатқан бейсаналық арқылы бағалау ғылымдағы субьективтік топшылауларға кеңінен жол ашты. Күрделі психикалық кұбылыстарды қарапайым ұғымдармен түсіндіруге тырысу көптеген ғалымдарды ойландырды. Сөйтіп фрейдизмге қарсылас ретінде А.Адлердің (1870-1937) «жеке психологиялық мектебі» мен К.Юнгтың (1875-1961) «аналитикалық психологиялық мектебі» сияқты бағыттар пайда болды. А.Адлер фрейдизмнің сана мен бейсана арасына жік салуын қолдамады, еш адам болмысын түсіндіруде әлеуметтік негізге ерекше мән беріп, адамның «билікке ұмтылу» сияқты қасиеттерін басты деп санады, осындай көзқарас арқылы ол неофрейдизмнің негізін салушылардың біріне айналды. Фрейдтің теориясына қарсылардың қатарында К. Юнг өзінің сыни пікірлерімен ерекшеленді. Мамандығы дәрігер болған ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, сексуалдық мотивтердің адам санасында символдық мәнге ие бола алатынын көрсетті, олардың мифтік, фольклорлық образға ұқсас екенін байқаған ғалым басқа тұжырым жасауға көшкен. Ол енді Фрейдтің бейсанаға толы «менінің» негізінде «ұжымдық бейсаналық» жататындығына сенді. Нәтижесінде К.Юнг Фрейдтің «автор – шығарма» деген жүйесінің орнына «автор – дәстүр», автор – реалдылық» деген өз дихотомиялық бірліктерін қойды. Оның ойынша, адамның бейсаналылығының терең қатпарларында қиялға ұқсас архетиптер қалыптасады екен. Юнг әдеби мәтіндерді олардағы архетиптік материалдарға байланысты «психологиялық» және «визионерлік» деп екіге бөліп қарастырды. Тұрмыстық психологияны бейнелейтін шығармаларды «психологиялық» десе мифке негізделген әулиелік деңгейдегі мәтіндерді «визионерлік деп атап, олардағы характерлерде ойлау, сезім, интуиция, түйсік сияқты психологиялық функциялардың басым болатындығына назар аударады. Юнгтің теориясына XX ғасыр жазушыларының көбі ден қойды. Қазақ жазушыларының ішінде әсіресе М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов туындыларын осы тұрғыдан зерттеу керек сияқты.
Юнгтың теориясын оның ізбасарларының бірі Гастон Башлер (1884-1962) әрі қарай дамытты. Ол Оттың әкелік қорғаушы күшін, Судың әйелдік мейірімін, Жердің аналық жылуын, Ауаның еркіндігін сияқты әлемді билеп тұрған психосоматикалық архетиптер қатарында екенін көрсетті. Символикалық архетиптердің ауысуының себептерін психологиялық тұрғыдан негіздеді. Ғылымның синтездеуге ұмтылысы интуиция мен қиялдарға байланысты екендігін Г.Башлер өзінің психологиялық бағыттағы «метапоэтикалық» теориясы арқылы дәйектеді. «Автор - шығарма» арасындағы байланысты ғалым «архетиптік арман» арқылы зерттеуді ұсынып, бұған биографиялық әдісті коспауға кеңес берді.
Қорыта келгенде, көркем мәтінді зерттеуде психологиялық көзқарастар жүйесін әрқалай қолдану қажет. Мұндай еңбектерде әдеби шығарма табиғатына жіті қарау керек. Аталған бағыттардың бәрі әмбебап емес, бірақ олардың мүлдем көмегі жоқ деп айтуға да болмайды. Жас зерттеуші көрсетілген ғылыми жүйелермен жақсы таныс болуды міндетім деп есептесе қателеспейді.