Әдеби мәтінді және ұлттық әдебиетті жүйелі зерттеу барысы оларды тарихи даму тұрғысынан, нақты өмірмен байланыстыра оқып-үйренуді қажет ететіні анық. Нақты-тарихи көзқарас әдеби-генетикалық талдаумен сабақтас, өйткені онда нақты көркем шығармада характерлер мен типтік жағдайларды бейнелеудің себеп-салдарлары, яғни әлеуметтік сыры ашылады. Ендеше, жеке туындыдағы кейіпкерлер әлемінің табиғаты тартыстар оятары қандай әлеуметтік мәселелермен байланысты екеніне қарап ажыратылады. Автордың өз кейіпкерін бейнелеудегі ұстанған мақсаты мен көзқарасын сараптауды назардан тыс қалдыруға болмайды, ендеше оларды субьективтік факторлармен қатар обьективтік (қоғамдық орта, қалыптасқан өмір заңдылықтары, персонаждың саяси түсінігі, дүниетанымы) негіздер тұрғысынан зерделеп, нақты тарихи байланыста талдаған жөн.
Нақты тарихылық көзқарас зерттеушіден шығарманың өмірге келу кезеңіндегі тарихи жағдайға барынша жіті қарағанды қалайды. Әйтседе көркем туындыны өмірдің айна-қатесі жоқ көшірмесі деп қабылдаудың да жөні жоқ. Сондықтан тарихи деректер мен дәйектерді автордың творчестволық өмірбаянымен қоса қарастырғанда абай болу керек. Өзінің уақытынан бұрын туған, оқырманын таппаған шығарма бәрі-бір сол кезеңнің, халықтың, елдің туындысы болып қала береді. Авторларының творчестволық бағыт-бағдарының әрқилығына қарамастан бір ортада, шамалас кезде жарық көрген кітаптарда тақырып үндестігі, пішіндік ұқсастық жиі кездеседі, бұл құбылыстың тарихын авторлар тобы немесе әр кезең үшін бөлек зерттеуге болады. XX ғасырдың басында «Қалың мал», «Қамар сұлу», «Әділ мен Мария», «Бақытсыз Жамал», «Шұғаның белгісі» сияқты шығармалардың, ал XX ғасырдың 60-80 жылдары тарихи романдардың шоғырлана шығуы тегін емес екендігі әдебиет тарихынан белгілі.
Тақырып ауқымы, образдар ерекшелігі, белгілі бір жанрлардың күрт дамуы, көркем идеялардың ерекше мазмұны нақты тарихи уақыттағы қоғам өмірімен әрқилы ажырамас бірлікте, бұл пікірлер зерттеушінің үнемі жадында жүретін ойлар болуға тиіс.
Әдеби бағыт, ағым, мектептердің қалыптасып, дамуы әдеби-тарихи үдерістің нақты кезеңдерінің көрінісіне қатысты, сондықтан оларды зерттеу нақты тарихи және әлеуметтік-генетикалық тұрғыдан талдауды қажет етеді.
I. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамында серпіліс тудырғаны белгілі. Демек, көркем мәтін - белгілі бір тарихи кезеңнің жемісі бола отырып, обьективтік тарихи негіз ретінде қазіргі кездегі оқырмандарға қалай әсер ететінін арнайы қарастыруға болады.
Бір есте ұстайтын мәселе - көркем әдебиет нақты бір тарихи орта мен уақыттың жемісі, бірақ оның өзінің де қоғам өміріне нақты көркемдік әсерінің мәні мен сипатын айқындау көптеген қызықты жайттарға жетелейді. Нақты-тарихи зерттеудің әдеби үдерісті, қаламгер шығармашылығын, жеке туындыны жан-жақты әрі терең сараптауға мүмкіндігі мол.