Жалпы экология негіздері


1 Жалпы экология негіздері

Мақсаты: Экология ғылымының калыптасуы тарихын, сонымен қатар, сол кезеңдердегі экология ғылымының дамуына үлес қосқан ғалымдарды, экология ғылымының қазіргі жаңа бағыттарын қарастыру.

1.1 Экология пәні және міндеттері

Экология пәні ғаламшарымызда әрбір тірі ағза белгілі аумақта өмір сүріп, үнемі коршаған ортаның сан алуан факторларының әсерін бастан кешіреді. Мұнымен бірге ағза туыстас және туыстас емес тіршілік иесі ретінде және тіршілік ортасына әсер етеді. Сан алуан ағзалардың орасан көп мөлшері өмір сүретін болғандықтан, тірі табиғат күрделі де тірі ағзалардың өзара және олардың қоршаған ортамен байланысты үйлесімді жүйесі болып саналады. Тірі ағзалардың өзара әсерінің және қоршаған тіршілік ортасымен өзара әсерінің заңдылықтарын биологиялық ерекше бөлімі экология зерттейді. Экология сөзі гректің «оіkоs» – үй және «lоgos» – ілім деген сөзінен шыққан. Бұдан басқа мұнда белгілі аумақта тіршілік ететін ағзалар жиынтығы зерттеледі. Экология терминін алғаш Э. Геккельдің «Ағзалардың жалпыға бірдей морфологиясы» (1866 ж.) және «Әлем жаратылысының табиғи тарихы» (1868 ж.) еңбектерінен ғылымға енді.

Экологияның міндеттері. Экология жеке ағзалардың және олардың бірлестіктерінің арасындағы өзара әсерді, оларға тіршілік орта факторларының ықпалын оқытып үйретеді. Ағзаның құрылысы мен тіршілік әрекетіне, оның мінез-құлығына қоршаған ортаның әсерін зерттейді. Белгілі аумақта әр алуан ағзалар бірлестіктері арасындағы заңдылықтарды анықтайды.

1.2 Экология ғылымының даму тарихы

Экология ғылымының калыптасуы дәуірлердегі коғамның және ондағы өндіргіш күштердің даму деңгейлерімен тығыз байланысты. Экология ғылымының тарихи дамуын, негізінен үш кезеңге бөледі:

Бірінші кезеңде – экология ғылымы туралы деректер жеке ағзаларға сипаттама беру арқылы жинақтала бастады. Бұл кезең адамның пайда болған күнінен бастап XIX ғасырдың 60–жылдарына дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Алғашқы экологиялық түсініктер, ұғымдар мен тұжырымдар кез келген халықтың аңыз-әңгімелерінде, мақал-мәтелдерінде және басқа да ауыз әдебиет үлгілерінде жиі кездеседі. Мысалы, халқымыздың "құндыз – суда, – қырда" деген мәтелі әрбір жануардың тіршілік ортасын нақты аңғартып тұр, ал "жылқының жауы – бөгелек, жыланның жауы – егелек" деген мақал жануарлар арасындағы қоректік тізбекке нақты дәлел бола алады. Экология ғылымы туралы кейбір ұғымдар мен түсініктер өте ерте кездерден басталды. Бастапқы экологиялық көзқарастар, негізінен, ботаника және зоология ғылымдарының жетістіктерінің нәтижесінде калыптасты. Ағзалардың тіршілік етуі өздері тіршілік ететін табиғи орта жағдайларымен тығыз байланыстылығы ертедегі ойшыл ғалымдар Эмпедоклдің (б. з. д. 490–430 ж. ж.), Теофрасттың (б. з. д. 372–287 ж. ж.), Аристотельдің (б. з. д. 384–322 ж. ж.) еңбектерінде аталған. Орта ғасырлардағы өндіріс деңгейінің нашар дамуы және діни көзқарастардың кеңінен таралуы биология ғылымдарының дамуына едәуір кедергі болды, дегенмен де (870–950 ж. ж.), Әбу Әли ибн Сина (Авиценна, 980–1037 ж. ж.) және т. б. ғалымдардың еңбектерінде табиғат жайлы нақты ғылыми деректер кездеседі. Осындай ғылыми еңбектердің арқасында алғаш рет тірі ағзалар мен орта жағдайларының өзара қарым-қатынасы туралы нақты деректер жинақталып, ғылыми қорытындылар жасала бастады. Ботаника және зоология, т.б. ғылым салаларында нақты ғылыми мәліметтер жинақталып, басқа да жаңа ғылым салалары қалыптаса бастады. Көптеген саяхатшылардың жаңа жерлерді ашуына сәйкес сол аумақтардың өсімдіктері мен жануарлары туралы ғылыми еңбектер жарық көрді. Голланд ғалымы А. Левенгуктің (1632–1723 ж. ж.) микроскопты жасап шығаруы арқылы бұрын белгісіз болып келген ұсақ ағзалар жайлы жаңалықтар жарияланды. Ағылшын ғалымы Д. Рей (1628–1705 ж.  ж.) "Өсімдіктер тарихы" деген еңбегінде 18 мыңнан астам өсімдік түрлеріне сипаттама жазды. Сонымен қатар, ол биология ғылымына алғаш рет "түр" деген ұғымды енгізді. Көрнекті швед ғалымы К. Линней (1707–1778 ж. ж.) өз еңбектерінде тірі ағзалардың тіршілігінде климаттық жағдайлардың басты маңызын атқаратындығын атап көрсетті. Француз ғалымы      Ж. Бюффон (1707–1788 ж. ж.). Ағзалар мен қоршаған орта жағдайларының арасында өзара тығыз байланыс болатынын ерекше атап жазды. Швейцариялық ғалым Абраам Трамбле (1710–1784 ж. ж.) су жануарларының тіршілігі үшін температураның әсері, қоректік заттардың болуы және олардың өзара қарым-қатынасы туралы пікірлер айтты. Француз ғалымы Ж. Б.  Ламарк (1744–1829 ж. ж.) орта жағдайларының өсімдіктер мен жануарлардың тарихи дамуындағы маңызына ерекше назар аударды. Экологиялық көзқарастардың дамуына бірнеше орыс ғалымдары  П. С. Паллас  (1741–1811 ж.  ж.), И. И.  Лепехин (1740–1802 ж.  ж.), И. Г.  Гмелин (1709–1755 ж.  ж.),  С. П. Крашенников (1711–1755 ж. ж.) және т.б. үлкен үлес қосты. Көрнекті неміс ғалымы А. Гумбольдт (1769–1859 ж. ж.) дүниежүзінің көптеген аймақтарына жасаған саяхаттарында жинаған материалдарының негізінде "Өсімдіктер географиясы туралы идеялар" деген еңбек жазды. Ғалым бұл еңбегінде табиғаттағы барлық ағзалардың біртұтастығын және олардың орта жағдайлармен тығыз байланыстылығын ғылыми тұрғыда нақты аталған. XVII–XVIII ғ. ғ. жарық көрген биологиялық еңбектерде нақты ғылыми экологиялық мәліметтердің үлесі мол болды. Көптеген саяхатшылардың еңбектерінде экологиялық бағыттағы зерттеулерге ерекше көңіл бөлінді. Тіпті кейбір ғалымдар (Ж. Ламарк, Т. Мальтус және т. б.) алғаш рет адамның табиғатқа әсер етуінен болатын жағымсыз жағдайлардан сақтану кажеттігін де ерекше ескертті.

Екінші кезеңде – экология ғылымы өз алдына жеке ғылым саласы болып қалыптасты. Бұл кезең XIX ғасырдың 60–жылдары мен XX ғасырдың 50–жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде орыс ғалымдары К. Ф. Рулье (1814–1858 ж. ж.), Н. А. Северцов (1827–1885 ж. ж.) және В. В. Докучаев (1846–1903 ж. ж.) еңбектерінде алғаш рет көптеген экологиялық ұғымдар мен қағидаларға ғылыми тұрғыдан дәлелді қорытындылар жасалды. К. Ф. Рулье органикалық дүниенің дамуы үнемі өзгеріп тұратын орта жағдайларының әсерлеріне тікелей байланысты деп қорытынды жасады. Сонымен қатар, ол жануарлар экологиясы ғылымының негізін салды. Н. А. Северцов 1855 ж. "Воронеж губерниясындағы аңдардың, құстардың, қосмекенділер мен жорғалаушылардың тіршілігіндегі маусымдық құбылыстар" деген еңбегін жариялады. Бұл еңбек сол кездегі зоология ғылымындағы жан-жақты жүргізілген теңдесі жоқ экологиялық зерттеу деп бағаланды. Топырақтану ғылымының негізін салған В. В. Докучаевтың табиғат белдемдері жайлы ілімі экология ғылымының дамуына зор ықпал етті. Ғалым өз еңбектерінде өсімдіктер мен топырақ арасында болатын өзара қарым-қатынастарға жан-жақты талдау жасады. Экология ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан ағылшын ғалымы Ч. Дарвин (1809–1882 ж. ж.) болды. Оның "тіршілік үшін күрес" және "табиғи сұрыпталу" туралы түйінді тұжырымдары тікелей тірі ағзалардің өзара және олардың орта жағдайларымен байланыстарына негізделді. Неміс ғалымы Э. Геккель алғаш рет экологияны өз алдына жеке ғылым саласы деп, оған ғылыми анықтама берді. Сондықтан да Э. Геккель экология ғылымының негізін салған ғалым деп өте орынды айтылады. XX ғасырдың 30–40 жылдарында табиғат жүйелерінде болатын өзара байланыстарды зерттеу жоғары сатыға көтерілді. Ағылшын ғалымы Артур Тенсли (1871–1955 ж. ж.) 1935 жылы "экожүйе", ал орыс ғалымы В. Н. Сукачев (1880–1967 ж. ж.) 1940 жылы "биогеоценоз" туралы ұғымдарға ғылыми нақты түсініктемелер берді. Атақты орыс ғалымы В. И. Вернадскийдің (1864–1945 ж. ж.) дүниежүзі ғалымдары мойындаған биосфера туралы ілімі қазіргі экология ғылымының ғылыми теориялық негізі болып есептелінеді.
Үшінші кезең – XX ғасырдың 50–жылдарынан басталып қазіргі уакытқа дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде экология ғылымы өз алдына көптеген жаңа салалар мен бағыттарға бөлінді. Сонымен бірге, экология жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарының басын қосып отырған кешенді ғылымға айналды.

1.3 Экология ғылымының қазіргі жаңа бағыттары

Қазіргі жалпы экология ғылымы ағзаларды тіршілік деңгейлеріне сәйкес жеке салаларға бөліп зерттеуге ерекше мән береді. Мысалы, жеке дараларды – аутэкология, популяцияларды – демэкология, табиғи бірлестіктерді – синэкология, ал биосфераны – ғаламдық экология ғылымдары зерттейді. Бұл салалар мен негізгі бағыттары бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Қазіргі жалпы экология ғылымының зерттеу бағыттары, негізінен, биоэкологияның іргелі заңдылықтарына сүйенеді:

1) биоэкология ғылымы тірі ағзалардың жекеленген ірі жүйелік топтары – микроағзаларды, саңырауқұлақтарды, өсімдіктерді және жануарларды зерттеуге басты назар аударады;

2) биоэкология жеке табиғи белдемдер экожүйелеріндегі ағзалар мен орта жағдайларының өзара байланыстарын зерттеуге байланысты арктика және тундра экологиясы, орман экологиясы, дала экологиясы, шөл экологиясы, тay экологиясы және т.б. да көптеген салаларға бөлінеді;

3) «Адам және табиғат» жүйесі бойынша табиғат пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастарға байланысты экологиялық зерттеулер көптеген бағыттар мен салаларға бөлінеді. Мысалы, тарихи экология, адам экологиясы, қала экологиясы, инженерлік экология, ауыл шаруашылық экологиясы және т.б.

Қорыта айтқанда, казіргі экология ғылымы жаратылыстану және қоғамдық ғылымдардың барлық салаларымен тығыз байланысқан кешенді ғылым. Сонымен бірге, қазіргі кезде бүкіл дүниежүзі ғалымдары экологиялық зерттеулерге ерекше мән беруде.

Бақылау сұрақтары:

1. Экология ғылымының пайда болу тарихы мен даму кезеңдері?

2. Экология ғылымының дамуына үлес қосқан ғалымдарды ата?

3. Экологияның ғылымының бағыттарын ата?

Әдебиеттер [1–6, 9, 11, 18, 25, 29, 34, 41]