Қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму


Мақсаты: Студенттердің қоршаған орта қорғау туралы білімдерін қалыптастыру. Адамзаттардың өз туған жерінің, елінің қоршаған орта жайлы түсініктерін кеңейту, ой-өрістерін дамыту, табиғатқа деген қамқорлық сезімін оятып, елін, жерін сүю туралы ақпарат беру.

11.1 Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы сипаттама

Қоршаған ортаны қорғаудың бір формасы ретінде – ерекше қорғалатын территориялар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ – ерекше қорғау режимi белгiленген мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерi бар жер, су объектiлерi және олардың үстiндегi әуе кеңiстiгiнiң учаскелерi. Ерекше қорғалатын аумақ – кеңістігінде бағалы табиғи немесе колдан жасалған (бағалы экожүйе, гейзерлер, бау-саябақ ескерткіштері, инженерлік құрылыстар, т. б.) немесе қоршаған ортаға қолайлы әсер ететін кеңістіктер (орман жолағы, көгерген аймақтар), аумақтар, акваториялар. Мұндай аумақтар тек заңмен ғана емес, арнайы бақылауда болып, адамдармен қорғалады. Қазіргі кезде дүние жүзінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың саны 13 мыңнан асты, бұл Жер бетінің 8,5 %-ына тең. Халықаралық жіктеу бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар 10 топқа бөлінеді: қатаң түрде қорғалатын табиғи-ғылыми резерваттар, ұлттық саябақтар, табиғат ескерткіштері мен табиғаттың ерекше көрікті нысандары, табиғат қорғауға арналған резерваттар, қорғалатын ландшафттар, табиғат ресурстарын сақтауға арналған резерваттар, антропогендік резерваттар (адамның іс-әрекеттерімен жасалған нысандарды қорғау), жергілікті жердің өзіне тән табиғаты қорғалатын және түрлі мақсатта пайдаланатын аумақтар, биосфералық резерваттар, бүкіләлемдік маңызы бар тарихи және табиғи орындар.

Қазақстан Республикасы 2006 ж. 7 шілдесінде қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 4-тарауының 4-бабында республикалық маңызы бар Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы түрлері: мемлекеттік табиғи қорықтар; мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар; мемлекеттік табиғи резерваттар; мемлекеттік зоология саябақтар; мемлекеттік ботаникалық саябақтар; мемлекеттік дендрологиялық саябақтар; мемлекеттік табиғат ескерткіштері; мемлекеттік табиғи қорықшалар; мемлекеттік қорықтық аймақтар. Қазақстан бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға: 10 мемлекеттік қорықтар, 11 мемлекеттік ұлттық саябақтар; 4 табиғи резерваттар; 49 табиғи қорықшалар, 127 геологиялық табиғи-қорықтық қор, 5 қорықтық аймақ, 6 ботаникалық және 3 зоологиялық бақтар, 26 мемлекеттік табиғат ескерткіштері, 2 ірі резерват (Семей, Ертіс орманы) бар. Бұлардың жалпы аумағы 2 млн. га-дан астам. Бұл көрсеткіш республиканың жалпы жер аумағының 8 %-ына тең. Халықаралық стандарт бойынша әрбір мемлекеттің жалпы жер аумағының 10–12 %-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бөлінуі тиіс. Мысалы, мұндай көрсеткіш Германияда 31,5 %, АҚШ-та 15,8 %, Жапонияда 14 %, т. б.

Қорықтар – табиғи қорғауға жататын территориялардың ішіндегі ең жоғарғы категориясына жатады. Қорықтардың басты есептері: өсімдіктер және жануарлар әлемі жайлаған табиғи ландшафттардың эталондарын және табиғи кешендердің жаратылыстық дамуының негізгі заңдылықтарын сақтау. Қорықтың табиғи кейпін қайта қалпына келтіру барысында келесі жұмыстар атқарылады: қорғаныш белдемдерінің салынуы; сол территорияға тән ормандардың түрін өсіріп шығару; қорық территориясындағы өзендердің жағаларына ағаштарды отырғызу; фитомелиорацияның барлық жүйелерінің қорық территориясында жүргізілуі. Сонымен, қорықтардың табиғи кешендерді қалпына келтіруі 2 приоритетті бағыттарға тәуелді:

1) табиғи ресурстарды тиімді пайдалану;

2) қорықтардың табиғи күйін барлық әдістердің көмегімен сақтап қалу.

ҚР-ның “Ерекше қорғалатын табиғи территориялары туралы” заңы 1997 жылы қабылданды. Мемлекеттік табиғи қорықтар – әрбір мемлекеттің өз аумағында ұйымдастырылады. Табиғи қорғау және ғылыми мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның қызметінің мақсаты өзінің аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың жаратылыстық барысын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің объектілерін, бірегей экологиялық жүйелерді сақтау, зерделеу және оларды қалпына келтіру жолдары болып табылады. Қазақстанда қазіргі уақытта 10 қорық ұйымдастырылған. Қазақстан қорықтарының тізімі: Ақсу-Жабағылы (1926 ж.), Алакөл (1998 ж.), Алматы (1931 ж.), Барсакелмес (1939 ж.), Батыс Алтай (1992 ж.), Қаратау (2004 ж.), Қорғалжын (1968 ж.), Марқакөл (1976 ж.), Наурызым (1931 ж.), Үстірт (1984 ж.).

Биосфералық табиғи қорықтар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың халықаралық мәні зор санатының қатарынан орын алады. Биосфералық табиғи қорықтар ЮНЕП-тің “Адам және биосфера” деген бағдарламасының талаптарына сәйкес дүние жүзі бойынша 1973 жылдан бастап ұйымдастырыла бастады. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар табиғи, тарихи, эстетикалық, рекреациялық, экологиялық және ғылыми мәні зор белгілі бір алқаптың табиғи бірлестіктерін немесе экожүйелерін сақтап қалу, қорғау және экологиялық үгіт-насихат, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылады. Ең көне ЕҚТТ қатарына кіреді. Алғашқы ұлттық саябақ АҚШ-та 1872 жылы құрылды – Йеллоустоун ұлттық саябағы. Қазақстанда қазіргі уақытта 11 ұлттық саябақ ұйымдастырылған. Қазақстан ұлттық парктерінің тізімі: Алтынемел (1996 ж.), Баянауыл (1985 ж.), Бурабай (2000 ж.), Бұйратау (2011 ж.), Жоңғар Алатауы (2010ж.), Катон-Қарағай (2001 ж.), Көкшетау (1996 ж.), Көлсай көлдері (2010 ж.), Қарқаралы (1998 ж.), Сайрам-Өгем (2006 ж.), Шарын (2004 ж.), Іле Алатауы (1996 ж.).

Мемлекеттік табиғи қорықшалар – мемлекеттік табиғи қорық қорының бір немесе бірнеше объектілерін сақтауға және молықтыруға арналған шаруашылық қызметтің тапсырыстық режимі немесе реттелмелі режимі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Қазақстанда қазіргі уақытта 64 кешенді, ботаникалық және зоологиялық табиғи қорықшалар ұйымдастырылған.
Мемлекеттік табиғи резерваттар – табиғи резерваттарда қорықтық белдем, шаруашылық жүргізілетін алқаптар ескеріліп бір биологиялық түрді сақтау, молайту, қорғау жұмыстары жүргізіледі. Қазақстанда 5 мемлекеттік табиғи резерваттар ұйымдастырылған. Олар: Ақжайық (2009 ж.), Ертіс орманы (2003 ж.), Ырғыз Торғай (2007 ж.), Семей орманы (2003 ж.), Алтын дала (2012 ж.)

Мемлекеттік табиғат ескерткіштері – табиғат байлықтарының ғылыми, тарихи, мәдени және эстетикалық немесе басқа да құнды қасиеттері бар жекеленген табиғат нысандарын, олардың топтарын сақтап қалу, қорғау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін террритория. Қазақстанда 26 мемлекеттік табиғи ескерткіштер ұйымдастырылған.

11.2 Қызыл кітап, биоалуантүрлілікті сақтаудағы оның маңызы

Қызыл кітап – халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабы» – халықаралық дәрежедегі құжат. Қызыл кітапқа сирек кездесетін, жылдан жылға азайып не жойылып бара жатқан, сондықтан да айрықша қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктердің түрлері тіркеледі. Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабын шығаруға құстарды қорғау жөніндегі халықаралық кеңес, Су құстарын зерттейтін халықаралық бюро, жануарларды қорғау жөніндегі бүкіләлемдік федерация, т.б. ұйымдар қатысады. Қызыл кітап табиғат қорғаудың негізгі іргетасы, экологиялық білім мен тәрбие берудің қайнар көзі болып саналады.

«Қызыл кітапқа» белгілі түрді енгізу үшін ғалымдар өр жануардың не өсімдіктің 5 санатын (категориясын) анықтаған. Осы санатқа сәйкес келген жағдайда ғана ол түр «Қызыл кітапқа» енгізілген. Ол санаттар мынадай болды:

І санат – жойылып бара жаткандар. Бұлар туралы соңғы 50 жылда ешқандай деректер жоқ. Мысалы, кызыл қасқыр, кара күзен, қабылан, қызылққұм арқары, құдыр, т.б.

ІІ санат – саны азайып бара жатқандар (жақын арада жойылып кетуі мүмкін). Мысалы, балқаш алабұғасы, сарықұтан, жұпар, құлан, т.б.

ІІІ санат – сирек түрлер (қазір жойылып кету қаупі жоқ, бірак өте сирек кездесетіндер). Мысалы, кар барысы, сілеусін, жарғанат, бұлдырық, қара түрпан, қара ләйлек, т.б.

ІV санат – белгісіздер (толық зерттелмеген түрлер). Мысалы, шұбар кесіртке, қара шұбар жылан, т.б.

V санат – қалпына келгендер (қорғау жұмыстары нәтижесінде қайта көбейген түрлер). Мысалы, аққу, көкқұс, т. б.

«Қызыл кітапқа» енгізілген жануарларды аулауға, өсімдіктерді жоюға тыйым салынған. «Қызыл кітап» – мемлекеттік құжат. Сондыктан оған енген жан-жануарларды оқып-үйрену, білу баршаның міндеті болып табылады. «Қызыл кітап» әрбір отбасы мен мектептің кітап сөресінде түруға тиісті. Сол аркылы біз оларды қорғауға үлес қосатын боламыз. Көрікті ландшафтыларды, табиғи кешендерді қорғаудың бұл формасы біздің елімізде соңғы жылдары қолға алынып отыр. Мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың қорыктардан біраз айырмашылығы бар. Мұнда табиғатты қорғау мен оның аясында ұйымдасқан түрде тынығу ісі бірдей жүргізіледі. Табиғи саябақ аумағында адам аяғы баспайтын қорықтар аймағы мен тынығу аймағы болады. Онда арнайы маршруттар белгіленіп, турист соқпақтары, аялдамалар мен тынығу пункттері орналасады.

Бақылау сұрақтары:

1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар түрлерін атап сипатта?

2. Қызыл кітап және оның санаттары қандай?

Әдебиеттер [1, 3, 6, 9, 12, 15, 18, 23, 27, 31, 37, 39]